Тіл – ұлттық намыс
Билік басындағылардың ана тілінде сөйлеуі төңірегіндегі психологиялық ахуал бөлек мәселе. «Мүмкін, жұрт «Біздің Президентіміз неге қазақша сайрамайды, ылғи да біраз сөйлеп келіп, орысшаға ауысып кетеді» деп ойлайтын шығар. Мен мұның бәрін білемін» – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытаудағы жүздесуде. «Халық – қазы, пікір – таразы» дегендей, Елбасының қазақ тілінде сөйлеген сөзін, пікірін халық сүйсініп тыңдайды, ойға түйеді, сөйлей берсе екен, басқа қазақ шенеуніктері үлгі алсын дейді, себебі тіл – ұлттық намыс.
Бірқатар қазақ депутаттары, министрлер мен әкімдерге де халықтың айтатын сыны баршылық. Сарапшылар арнаулы баяндамалар неше минут қазақ тілінде сөз сөйленді, ол барлық уақыттың қанша пайызын құрайды, баяндамаларда неше сөз айтылды, оның қаншасы қазақ сөздері деп талдау жасайды. Сонда олар қазақ тілінде сөйлеген сөздің уақытымен, қазақ тілінде айтылған сөздердің үлесімен қазақ тіліне деген құрметтің өлшемін айқындауға тырысады. Сарапшылармен келісуге де, келіспеуге де болар, бірақ қазақ халқының аса ынтамен назар аударатыны, кейде қызу талқылап жататыны белгілі. Ал мемлекеттік тілдің үлкен мінберлерден қолданылуы әртүрлі этностық топтар арасында әрқилы ой да туғызады. Баяндамалардың орыс тілінде оқылатындығын, қазақ тілін меңгермеген қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің депутаттары келелі мәселелерді талдауға қазақ тілінің мүмкіндігінің шектеулі, сөздік қорының тапшылығынан деп ойлайтындар көп. Сондай-ақ мемлекеттік тілде қазақ азаматтарының басым көпшілігінің тілді меңгермеуі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола алмай отыр.
Кадр таңдау
Дегенмен жұмысқа қабылданғанда, лауазымды қызметке тағайындалғанда, ең алдымен қазақтарға міндетті болмағандығы бірқатар ата-аналар мен жастар арасында қазақ тілін білудің қажеттігі туралы әртүрлі ой туғызып отыр. Баласының ертеңгісін ойлайтын қазақ отбасылары бүгін үлкен ойлау, таңдау үстінде: қазақ ұлты өкілі ретінде баласының ана тілін меңгергенін қалайды, ал мемлекеттік тілге сұраныстың төмендігін ойласа, орыс мектебінде оқығанын, ағылшын тілін білгенін қалайды. Сондықтан, қазақ балалары орыс мектебінде оқып жатыр. Қызметке тағайындағанда тілдік фактордан гөрі іскерлікке артықшылық беру жөн деген уәж алға тартылады. Осылай мемлекеттік тілді меңгеру тұлғаның іскерлік қабілетіне қарсы қойылатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қалалық ортада көп байқалады. Шындығында, бүгін мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, денсаулық сақтау, басқа да салаларда қазақпен қазақша, орыспен орысша сөйлесетін, екі тілде жаза алатын мамандарға сұраныс басым. Кадрларды іріктеу барысында ол сұраныс ескеріле бермейді. Қазақ тілі бірте-бірте өзінен-өзі қоғамдық сұраныссыз мемлекеттік мәртебеге ие болады деу де қате пікір. Ал ол сұранысты ұлттық намыс қамшыласа қазақ тілі өз тұғырына мінеді.
Демографиялық жағдай еліміздегі славян текті диаспоралардың, соның ішінде орыстардың қартайып бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, 40-49 жастағылар қазақтар арасында 13,4% құраса, орыстар арасында –13,7%, ал 50-59 жастар арасында сәйкесінше 5,4% пен 8,0%, 60-69 жастағылар елімізде 3,7% пен 8,2%, 70-тен асқандар арасында 2,6% пен 9,1%. Сондықтан да, елімізде орыстар 1989 жылы 37,6%, 1999 жылы – 29,9%, 2009 жылы – 23,7% құрады. Жылына 40 мынға жуық жастар тарихи отанына көшеді, сондықтан, солтүстік облыстарда туғандардан гөрі өлгендердің саны басым. Бұл табиғи үрдіс. Күні ертең қазақ өз елінде 70-80% құрап, бірақ қазақ тіліне сұраныс болмаса, жағдай шиеленісіп кетпесіне кепілдік беру қиын. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер етеді. Ең қатерлі жағдай шыдамды, көнбіс халықтың көтеріліс екенін тарих дәлелдеді.
Достарыңызбен бөлісу: |