ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Меңдігүл Бұрханқызы Шындалиева
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры,
филология ғылымдарының докторы
Қазақ баспасөзіндегі салалық басылымдардың қалыптасуы, дамуы
ХХ ғасырдың басында арнайы салалық басылымдар, оның ішінде білім, ғылым саласына арналған басылымдар көптеп шығып тұрды. Мәселен, «Қазақстан мектебі» - ҚазССР оқу министрлігінің ғылыми-педагогикалық журналы 1925 жылдың тамыз айынан бастап, ай сайын шығып тұрған. 1925-1933 жылдары «Жаңа мектеп», 1933-1938 жылдары «Ауыл мұғалімі», 1939-1941 жылдары. және 1946-1956 жылдары «Халық мұғалімі» деп аталған. 1960 жылдан бастап «Қазақстан мектебі» болып шыға бастайды. Мұғалімдерге, балабақша тәрбиешілеріне, халық ағарту қызметкерлеріне, педагогикалық училище мен институт студенттеріне, ұстаздар мен ғалымдарға және оқырман ата-аналарға арналған журнал республикадағы халық ағарту ісінің сан алуан мәселелерін кеңінен талқылап, мұғалімдерге күнделікті жұмысқа көмекші боларлық әдістемелік нұсқаулар берілетін бірден бір басылым. Бұл басылым туралы: «Халық ағарту жүйесіне кіретін оқу орындары мен мектептің, кәсіптік техникалық училище, пионер сарайларының, жас техниктер мен натуралистер, халық ағарту мекемелері мен мұғалімдер үйлерінің жұмыстары мен педагогикалық іс-тәжірибелерін жинақтап, жасөспірім шәкірттерге сапалы білім, сапалы тәрбие беру жолында күреседі. Журналда педагогика тарихы мен теориясына байланысты зерттеу еңбектері мен практикалық мәндегі материалдар, оқулықтарға, әдістемелік құралдарға рецензиялар жарияланып отырған» [1, 31-б],-дейді.
«Қазақстан мұғалімі» – апталық газет, ҚазССР оқу министрлігінің, ағарту, жоғары мектеп және ғылым мекемелер қызметкерлері кәсіп одағы республикалық комитеттің органы ретінде 1952 жылы қарашадан шығып тұрған. «Бастауыш мектеп» – ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журнал. Алғашқы кезде «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы ретінде шыққан, кейіннен 1994 жылдан дербес басылым ретінде жарық көреді. Басты мақсаты – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беру ісін жетілдіру, мұғалімдерге ғылыми – әдістемелік тұрғыдан көмек беру. Педагог ғалымдарының, тәжірибелі оқытушыларының мақсатын жариялап тұрады [1, 32-б].
«Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Қазақ тілі», «Еңбекші қазақ» және т.б. басылымдар арқылы С. Сәдуақасов, Н. Нұрмақов, Н. Арықова, С. Есова, М. Жолдыбаев, Т. Шонанов және т.б. қазақ зиялылары сауатсыздықты жою, еліміздің алға жылжуына, ғылым, білімнің өсуіне алып келетіндігін, мектептерге ең бірінші қажетті мұғалім, оқитын ғимарат, оқулықтар, оқу құрал-жабдықтары және оқитын шәкірттер керектігін түсіндірген, мектептің оқу жоспары, бағдарламасы жөнінде ұсыныстар айтқан мақалалары жарық көрді [2, 143-б]. Бұл басылымдарда қазақ тарихына, білім-ғылымға қатысты сүбелі дүниелер жазылып тұрды. Мәселен, «Жаңа мектеп» журналында жарияланған «Жанқожа батыр Нұрмағаметбаласы» атты мақала ХІХ ғ. 50-жж. Хиуа хандығының теріс саясатына, орыс отаршылдығына қарсы Сырдария бойы қазақтарының Жанқожа Нұрмағаметұлының қолбасшы-лығымен болған күрес барысы жайына тоқталып, Жанқожаның шыққан тегіне, оның көтеріліс басшысы ретіндегі рөліне талдау жасалынып, оның батыр атының халық арасына тарауы Сыр бойы халықтарының Қоқан хандығының үстемдігіне қарсы алып шығуынан деп қорытындыланады» [3,12-б]. Алайда, бұл журналдағы материалдардың барлығы дерлік ғылым, әдістеме, тәжірибе жағын қамтиды, яғни ұстаз оларды таза әдістемелік тұрғыда, күнделікті жұмысына қосымша материал ретінде пайдаланады. Алаш қайраткерлері қоғамға қызмет етуді мұғалімдіктен бастап, мектепке оқу құралдарын жазып, «Жаңа мектеп» журналын шығаруы жайдан-жай болмаса керек. Жаңа журналдың бас редакторы – ақын, журналист Жолдас Сарманов болады.
«Мұғалім» – тұңғыш педагогикалық журнал. Журнал туралы зерттеуші М.Ысмағұлов: «Бұл журналдың редакциялық коллегиясын Ғұмар Қарашев басқарған. Журналдың 10-нан аса сандары жарық көрген. Солардың қазіргі табылғаны 2 және 7 сандары» [4, 12-б], – деген құнды мәлімет береді. «Қазақ педагогика теориясын (қағидасын) ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғұмар Қарашев», – деген ой түйеді ғалым Қ.Жарықбаев. Ғұлама ғалым Ғұмардың «Педагогика» еңбегіндегі бала мен бала тәрбиесіне қатысты айтылған тұжырымдары бүгінгі күнде де тәрбиелік мәнін жоғалтқан жоқ. Мәселен, ол: «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақсы жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі жұбаныш халдерін ортақтасар, бөлісер еді. Бойға жеткен кісі мен баланың арасында ортақтық, бірлік шын аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның байланысы берік бола алмақ емес. Балалар әр уақыт үлкендерге қызмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін. Бірақ жаны сәйкесіп, шын көңілден сүю, ол бір уақытта да болмайтын жұмыс» [5,18-б], – дейді.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары халық ағарту саласында сауатсыздықпен күресу мәселесі қолға алынып, барлық облыстар мен уездерде, болыстарда жергілікті Кеңестердің жанынан халық ағарту бөлімдері құрылып, бұл бөлімдер сауатыздықты жою және бұқараны мәдени жағынан көтеруге бар күшін салады. 1919 жылғы 26 қаңтарында В.И. Лениннің сауатсыздықты жою туралы декретіне орай 1920 жылы маусымда сауатсыздықты жою жөнінде Бүкілресейлік төтенше комиссия құрылып, Халық ағарту саласына қазақ зиялылары тартылғандығы тарихтан белгілі.
«Қазақ мерзімді баспасөзі сауатсыздықпен күресу науқанын насихаттаушы бірден-бір ақпарат құралы болып табылды. Қазақ мерзімді баспасөзі оқудың маңыздылығын түсіндіретін мақалаларды жариялауды бірінші кезекке қойды. Осы ретте «Мұғалім», «Бастауыш мектеп», «Жаңа мектеп» т.б. басылымдардың қызметі орасан болды. Осы салалық басылымдарда мектептер ашу, оқулықтар жазу барысы, мектептерде жаңа оқу бағдарламасымен оқыту, бастауыш мектептерде оқытылатын оқулықтардың сапасы, «Жойылсын сауатсыздық» ұйымдарының жұмыс барысы, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білімді ұстаздар даярлау ісі жайында мақалалар үзбей жарияланып тұрды»[6,148-б].
ХХ ғасырдың басында әдеби-көркем, тек әйелдерге арналған салалық басылымдар да қанаттарын жая бастады. Өлкелік комитеттің әйелдер бөлімінің органы ретінде 1925 жылдың 5 мамырынан С. Есованың редакторлығымен шыққан «Теңдік» газеті, 1 шілдеден кеңейтілген журнал ретінде «Әйел теңдігі» атымен шығарыла бастады. 1934 жылдың аяғына дейін «Әйел теңдігі» 1935-1941жылдары, 1950-1954 жылдары «Сталин жолы» деп аталды. 1955 жылдың қаңтарында «Қазақстан әйелдері» болып шығарылды. Журнал қазақ әйелдеріне саяси және мәдени-рухани тәрбие берді, оларды партия мен кеңес үкіметі алға қойған міндеттерді орындауға жұмылдырды. Қазір журнал бәрімізге белгілі форматта шығады.
ХХ ғасырдың басында әдеби-мәдени салаларға арналған салалық басылымдардың үлкен бір шоғыры қалыптасты десек артық емес. Мәселен, білім, әдебиет, шаруашылық, саяси журнал ретінде Ташкентте «Шолпан» (1922), «Сана» (1922), Мәскеуде Н. Төреқұловтың бастамасымен «Темірқазық», Семейде М. Әуезовтің басшылығымен «Таң» (1925) журналдары шықты, С.Сейфуллиннің жетекшілігімен «Жаңа әдебиет» (1928), Ж. Аймауытовтың жетекшілігімен «Абай» (1918) журналдары шығып тұрды.
1928 жылы «Жаңа әдебиет» жарыққа шығып, 1930 жылы бұл журнал «Әдебиет майданы» болып өзгертілді. Бұл басылымдардың негізгі шығарушысы, редакторы алаш зиялыларының бірі - Сәкен Сейфулиин. Кейіннен «Әдебиет және искусство» болып өзгертіліп, 1957 жылдан бастап «Жұлдыз» әдеби журналы болып шығып келеді.
«Абай» әдеби журналы алашордашылар қазақ жастарының ұйымдастыруымен 1918 жылы ақпан-қазан айларында Семейде шығып, 11 нөмірі жарық көрген соң жабылып қалған. «Абай» журналын шығаруды қолға алған тұңғыш редакторы болған – Жүсіпбек Аймауытов. Журналдың жұмысына М. Әуезов белсене атсалысты. «Алғаш нөміріне Ж. Аймауытов жазған алғысөзде, «Кемеңгердің атына арнап, журналдың атын «Абай» қойдық. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнадық…»[7, 84-б] – деп журналдың бағдар-мақсатын айқын көрсетті. Абайдың шығармаларын ұдайы насихаттап, қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен тарихы туралы келелі мәселелер көтерген басылым. Қазақ халқын өркениетті елдерден үлгі-өнеге алуға, үйренуге, өнер-білімге шақырған бұл журнал 1992 жылдан қайта шыға бастаған «Абай» журналы бұрынғы дәстүрді жалғастырып, Абайдың әдеби мұрасын, Абайдың ақындық мектебіне, қазақ әдебиетінің тарихындағы «ақтаңдақтарды», аты өшуге айналған қайраткерлерді, ұлттық мәдениетті насихаттауға ден қойған.
Ұлттық мәдениетті насихаттаудағы үрдіс 1950-1960 жылдардан бастап қайта белең ала бастады. Қазақ баспасөзінде де тың өзгерістер айқын аңғарылды. Оған дәлел – қазақ халқының ұлттық мәдениетін, дәстүрін насихаттауды мұрат еткен «Мәдениет және тұрмыс» қоғамдық-саяси және әдеби журналдың шығуы. 1958 жылы шілде айында шыққан журнал қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдебиетінің ұраншысы болды. «Мәдениет және тұрмыстың» алғашқы бас редакторы – М.Дінішев болды. Алғашында «Қызық екен біліп ал», «Иглікті істердің бастамасы», «Ет тағамдары», «Өнер-ғылым жаңалығы», «Естімеген елде көп», «Пайдалы кеңес», «Өнер табысы - өмір ырысы», «Ата-аналарға хат», «Бөбектерге оқып бер» атты айдарлар бойынша танымдық, әдеби-мәдени мақалалар жариялады. Бұл басылым жарты ғасырға жуық осы атаумен шығып, тек 1990 жылдан бастап «Парасат» деген жаңа атпен шыға бастады. Журнал бетінде қазіргі уақытта тарих пен әдебиет, мәдениет пен өнер, руханият мәселелері көтеріледі. Айына бір рет жарық көретін басылымның «Ойтолғақ», «Жаңғырық», «Тарих-тағдыр», «Таным», «Дерек пен дәйек», «Ғұмырдария» «Салауат» т.б. тұрақты айдарлары бар. Бұл басылым туралы Зәкір Асанбаев: «...Ол кезде Қазақстанда қазақ тілінде шығатын басылымдар саусақпен санарлық. Оларға жұмысқа тұру оңай емес. Әсіресе, бұдан алты жылдай бұрын ашылған «Мәдениет және тұрмыс» журналына тұяқ іліктіру арман»[8],-дейді. Бұл сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналының қаншалықты айбынды екендігін көрсетсе керек. Кейіннен қазақ баспасөзінде 1969 жылы «Жалын» атты әдеби-көркем журнал шыға бастады. «Алдыңғы толқын ағалар», «Зерттеу», «Таным» атты айдарларында өлең-жырға, прозаға арналған зерттеу мақалалар жарияланып, алғашында басылым әдеби-көркем альманах ретінде шыққан, уақыт өте келе қоғамдық-саяси, әдеби-көркем журнал болып өзгертілді.
2004 жылы бірінші рет Ресейде мерзімді басылымдарды басу гильдиясы өкілдері нарыққа «БАҚ-тағы мерзімді басылымдарды бірыңғай жіктеу» жүйесін енгізді. Жалпы «гильдия» сөзі ежелгі немістің «gilde» деген сөзінен аударғанда «корпорация», «бірлестік» деген мағынаны береді екен. Бұл өз кезегінде жалпы баспалық жүйені басқа қырынан көрсете отырып, әлемдік стандартқа біртабан болса да жақындатып отыр. Олай дейтін себебіміз, жоғарыда аталған жүйе Дүниежүзілік газеттер ассоциациясы мен Халықаралық мерзімді басылым федерациясы тәжірибесіне сүйене отырып жасалған. Сондықтан да бұл әлем баспасөзі тарихы үшін жаңалық емес.
Жалпы «БАҚ-тағы мерзімді басылымдарды бірыңғай жіктеу» параметрлерін төмендегідей негізгі үш топқа бөлуге болады:
Басылымды негізгі параметрлері бойынша топтау – территориялық таратылым арқылы (аудандық, жергілікті, қалалық т.б.)
Ақпараттық сипаттары мен міндеттеріне қарай топтау – оған «Тұтынушылық басылымдар», «Арнаулы және шағын бейімді басылымдар» және т.б. кіреді.
Жалпы аудиториялық сипатты және тақырыптық басылымдардың функционалдық-тақырыптық топтасуы. Мұнда «Тұтынушылық басылымдар» мен «Арнаулы және шағын бейімді» басылымдардың бөлшектеліп жіктелуі жатады [9].
Қазақ журналистикасының зерттелуіне өзіндік үлес қосқан ғалым Т.Амандосов: «... «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ әдебиеті» газеттері де жалпы ұлттық салалық газеттер болып саналады...» [10,14-б] - деген. «Қазіргі таңда дүниежүзінде және елімізде де тек қана сөзжұмбақтардан, киім-кешек сәндерінен, әйелдердің сән сұлулықтарын насихаттайтын материалдардан немесе әзіл әңгімелерден тұратын салалық басылымдар көп» [11, 110-б],- дейді ғалым Қ.Шамақай.
Мәдениетке қатысты басылымдарды зерттеп жүрген ғалым Елена Дудинова мәдениет, өнер, әдебиет тақырыптарын көтеретін басылымдарды: бұқаралық, оған қоғамдық-саяси басылымдардан бастап ойын-сауықтық басылымдар жатады; мәдениет және өнер салаларындағы әртүрлі проблемаларды қарайтын салалық басылымдар; белгілі бір өнер түріне арналған, кәсіби мамандарға арналған арнаулы басылымдар»[12,154-б],- деп үшке бөледі. Қазіргі кезде қазақ журналистикасында салалық басылымдардың үлкен шоғыры қалыптасып келеді. Ол туралы ғалым Т. Бекниязов былай дейді: «Жалпы Қазақстандағы журналдардың көбі салалық болып жіктеледі. Әлеуметтік топталған және тақырыптық бағыттағы басылымдар бар. Мысалы, әдебиет пен өнерге арналған «Жұлдыз» журналы, қоғамдық-саяси бағыттағы «Ақиқат» журналы, медицина саласына арналған «Денсаулық» журналы, оқу-ағарту саласына арналған «Қазақстан мектебі» журналдары шығарылады. Балаларға арналған «Балдырған» мен әйелдерге арналған «Қазақстан әйелдері» журналы бар» [13, 43-б].
Сонымен салалық басылымдар дегеніміз не? Салалық басылымдар дегеніміз – тек бір ғана салаға арналған газет немесе журнал. Қоғам дамуындағы қарқынды өзгерістер қазақ баспасөзінің ашық ақпараттық кеңістікте өз орнын айшықтаудағы басты қадамдарына жол ашуда. Қабілет-қарымы жеткілікті дәрежеде дамыған оқырман өздерінің мүддесі, талғамы, мәдениеті мен білімділік деңгейіне сай бет-бейнелі басылымды таңдайды. Әр басылымның қоғамда өз орны, тұрақты аудиториясы мен атқаратын миссиясы, көтеретін жүгі бар.
Елiмiзде БАҚ-ты кең тұрғыда тақырыптық саралау орын алып отыр. Бүгінде жалпыұлттық басылымдармен қатар аудиторияның сұранысына ие салалық-тақырыптық бағыттағы (iскер, мәдени, ғылыми, бiлiм беру, спорттық, т.б.) газет-журналдар кеңінен дамуда. Бүгінгі оқырман бұқаралық ақпарат құралдарын өзі басқарады. Сұранысына қарай ұсыныс демекші, осылайша ақпараттың енжар тұтынушысынан белсенді іске қосушыға айналады. Салалық басылымдардың өзге басылымдарға қарағанда таралымы анағұрлым аз болады. Олардың оқырмандары тұрақты болып келеді. Салалық басылымдар аудиториясының жас ерекшелігі, жынысы, білімі, кәсібі, діни ұстанымы т.б. әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері де ескеріледі. Батыс ғалымдары «аудиторияның ерекшелігіне, жарияланым-дардағы проблеманың көтерілу деңгейіне, тиражы мен стиліне, басылымның безендірілуіне қарай баспасөзді топтық және бұқаралық» [14, 86-б],- деп қарастырады. Сапалы баспасөзге мәселені талдап, зерттеу, нақты деректер мен екшеленген көзқарастар тән. Өз кезегінде салалық басылымдардың өзін аудиториясының ерекшелігіне қарай топтық және бұқаралық деп қарастыруға болады. Топтық салалық басылымдарға мәселеге байсалдылық көзқарас, баяндау стилі, тіпті теориялық-ғылыми тұрғыдан қарастыру тән болса («Парасат» республикалық әдеби-көркем безендірілген журналы, «Мәдениет» мәдени-сараптамалық журналы, “Мәдени мұра – Культурное наследие” мәдени-танымдық және ғылыми-көпшілік журналы, «Музыка әлемінде – В мире музыки» журналы т.б.), бұқаралық салалық басылымдар көбінесе рекреативті қызмет атқарумен, яғни ойнақылық пен оқырмандардың көңілін көтеру мақсатымен ерекшеленеді («Той әлемі» республикалық мәдени-танымдық журналы, «Жұлдыздар отбасы», «Өнер әлемі» журналдары т.б.). Бүгінгі салалық басылымдардың ішінде тек бір тұлғаға арналған жекелеген басылымдардың үлкен шоғырының қалыптасуы ерекше назар аудартады. Алайда, бір тұлғаға ғана арналған басылымның тарихы сонау 1918 жылдан бастау алып жатыр. 1918 жылы алғаш рет М.Әуезовтың тікелей басшылығымен ұлы Абай Құнанбаевтың өнегелі өмірі мен артында қалған мұраларын насихаттау мақсатында шығарған «Абай» журналы. Қазіргі уақытта «Абай» журналына қоса, Шәкәрім Құдайбердіұлына арналған «Шәкәрім», Мұқағали Мақатаевтың өміріне арналған «Мұқағали», Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Шәмші» журналдары бар. Бұл басылымдар ұлттың рухани көшбасшысы бола білген қазақ халқының асыл ұлдарының ел үшін жасаған еңбегін насихаттауда орасан қызметтер атқарып отыр деп айта аламыз.
Салалық басылымдардың ерекшеліктері туралы ғалым Намазалы Омашев өте жақсы айтып кетеді. Намазалы Омашев: «... Бізде әдебиет саласы бойынша «Қазақ әдебиеті» газеті шығады. Бұл үлкен жетістігіміз. Өйткені журналистиканың араласпайтын саласы жоқ. Сол тұрғыдан «Қазақ әдебиеті» газеті – қазақ халқының рухани байлығы. Мысалы, шопаны бар, шофері бар, диханы бар, қоғам қайраткерлері бар – бәрі бірдей әдебиетті жақсы біле бермейді. Бұл газетті оқи отырып, қазақ әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің, ұлттық журналистиканың, қазақ тілінің түрлі жетістіктері мен проблемаларын біліп, дәстүр-салтын таразылап отырады...», [12,168-б],- деген еді. Міне, салалық басылымдардың үлкен ерекшелігі, артықшылығы. Біз тек бір басылым арқылы ғана қазақ халқының бүкіл болмыс-бітімімен таныса аламыз.
Елімізде шаруашылық салалары мен министрліктер бойынша ведомствоаралық журналдардың шығарылуы жиі кездесіп жатады. Ғылым академиясында түрлі тақырыптардағы «Хабаршылар» шығып тұрады. БАҚ құрамындағы баспасөздің жарияланымдары қалай да өзінің әсерімен оқырманды тартатындығында сөз жоқ. Сондықтан ондағы әрбір ақпарат, мақалалар мазмұны үлкен күшке ие. Халықтың ұлттық мүддесін көздейтін басылым қоғамдық санаға өзінің ықпалын тигізеді. Салалық басылымдардың едәуір бөлігін мәдени тақырыптағы басылымдар қамтиды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарыққа шығып келе жатқан «Мәдени мұра» ғылыми-танымдық журналы, тек әншілер мен олардың отбасына қатысты материалдарды жариялайтын «Жұлдыздар отбасы» журналы, мәдениеттің негізгі қордаланған проблемаларына арналған «Мәдениет» журналын айтсақ да жетіп артылады.
Қазақ баспасөзі тарихында салалық басылымдардың үлес салмағы жоғары және бүгінгі уақытта да сұранысқа ие. Салалық басылымдар қоғамдық іс-әрекеттерге тікелей болмаса да, жанама түрде араласа отырып, қоғамдық пікір қалыптастыруда, қазақ халқының ұлттық мәдениетін дамытуда өзінің зор үлесін қосып келеді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі – Қазақстан тарихының дерек көзі. –Алматы: 2005.
Қожакеев Т. Жыл құстары. – Алматы: Қазақстан. 1991.
Нұрғалиева Л.Р. 1917-1937 жылдардағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері баспасөзде: тарихнамалық зерттеу. Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған автореферат. – Алматы: 1998.
Ысмағұлов М. Ғұмар Қараштың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлері. // Қазақстан мұғалімі. 21 мамыр, 1959.
Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.К. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Қазақ ұлттық педагогикасы мен ұлттық психологиясының тарихы. Оқу құралы.–Алматы: Санат. 1995.
Нұсқабайұлы Ж. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-1995). – Алматы: Рауан, 1996.
Бекхожин Х. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958). – Алматы: 1981.
Мағауин М. Ұлтсыздану ұраны. // Ана тілі. №35-46. 2004.
Асанбаев З. Бабалықов совет өкіметін құлата алмайды. // Ана тілі. 10 мамыр, 2010.
Амандосов Т. Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы: 1978.
Шамақай Қ. Демократиялық қоғамдағы баспасөз және ақпарат құралдары. – Астана: 2006.
Омашев Н. Жол үстінде – журналист. – Алматы: Атамұра. 1999.
Бекниязов Т. Журналистің шығармашылық шеберлігі.– Алматы: 2008.
Кройчик Л. Е. Основы творческой деятельности журналиста. M.: 1997.
Ибраева Эльмира Ерікқызы,
Журналистика және саясаттану
факультетінің 3-курс PhD докторанты
Ж.Жәнібековтың «Айна» және «Балалар бидауамы» жинақтарының идеялық тұтастығы
«Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіздер. Осы заманымыз – келешек заманның айнасы. Келешек заман үшін нелер керегін осы күннен аңғарып қойыңыздар», – деп елінің ертеңіне алаңдаған Алаш қайраткері – Жанұзақ Жәнібековтің ағартушылық бағыттағы «Айна» атты кітабы 1908 жылы Қазан қаласынан басылып шығады.
1-сурет. «Айна» кітабының мұқабасы мен кіріспе беті
ХХ ғасырдың бірінші ширегінің соңына дейін қазақ кітаптары төте жазу яғни араб графикасымен басылғаны белгілі. Алайда, 24 таңбадан тұратын «Байтұрсынов жазуы» деп аталатын қазақтың ұлттық графикасы түзілгенге дейін яғни 1912 жылға дейін жарық көрген қазақ тілді кітаптарда көне түркі, араб, парсы сөздері көп қолданылды. Бұл үрдіс Жанұзақ Жәнібековтің «Айна» жинағына да тән. Автор араб тілін толық меңгерген азамат болғандықтан өзінің ағартушылық бағыттағы «Айна» кітабында әсіресе араб сөздерін тым көп қолданады. Бұл күнге дейін Ж.Жәнібековтің бізге белгілі мұралары – «Қазақтың» бетінде жарық көрген санаулы ғана мақалалары еді. «Айна» жинағы тұңғыш рет толық аударылып, отандық ғылыми айналымға еніп отыр.
Қазан қаласынан 28 бет болып жарық көрген «Айна» кітабының мұқабасында «Қайта басылуы, хұқы баспаға тиесілі» деген дерек бар. Бұл – «Айна» жинағының бұған дейін де басылғанынан хабар береді. Сондай-ақ, мұқабада: «Құрастырушысы: Жәнібеков, бастырушысы: Ниязмұхамед Сүлейменов» деген мәлімет бар яғни, құрастырушының тегі (фамилиясы) ғана жазылған. Кітап сыртында автор ретінде көрсетілген Жәнібековтің –Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков екенін мынадай деректермен дәлелдейміз. Жинақтың «Сөз басы» деп аталатын кіріспесін оқып көрелік:
«Ай бауырлар!
Бұ заманымызда малы болғандар малыменен, оқуы болғандар сөз қаламыменен өз жұртының кемшіліктерін көріп, жұртына қызмет қылып жатыр.
Ноғай бауырларымыздың оқыған молдалары, өнерлі білгіштері әртүрлі кітаптар, трактаттар, газеттер, журналдар жазып, өздерінің араларына таратып жатыр. Ноғай бауырларымыз мешіт, медресе салуға, бір-біріне уағыз, насихатайтуды адамшылықтан санайды.
Осы соңғы жылдарда біздің сахара қазақ жұртының молдалары, заманаша оқыған шәкірттер де қолдарына қалам ұстап әртүрлі трактаттар жазып жатыр.
Мен де пайғамбардың «Дін насихат» деген хадис шәрифін көріп, алаш азаматы деп аталған бауырларыма білгенімше насихаттар жазайын деп қаламымды қолыма алдым, Алла сәтін берсін.
1907 жыл, 9 ноябрь орта жүз қазағынан Қызылжар
шаһарында тұрушы Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков».
Жинақты аудару барысында осылайша бұл еңбектің авторы – Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков екеніне көз жеткіздік.
Жанұзақ Әлжанұлының бұл кітабы мынадай бірнеше бөлімдерді қамтиды:
Бірінші сөз
Білім-оқу
Құлақ саларлық сөз
Оқу шері
Кітаптың соңғы беттерінде:
«Орыс тілін үйрену шариғат бойынша бола ма?» атты мақала беріледі.
Жанұзақ Жәнібековтің баспа бетінен қайтадан басылып шыққан «Айна» кітабы 1908 жылы жарық көрді десек, ол кезде Ж.Әлжанұлы небәрі 19 жаста екен. Яғни автор бұл жинағын небәрі 17-18 жасында жазған болуы ықтимал. Замана барысын ерте жасынан көрегендікпен аңғарған алаш азаматы «Бірінші сөзін»:
«Бауырлар, оқудың ретін білетін молдалар ұстап балаларыңызды оқытыңыздар. Шаһарлардағы медреселерге жіберіңіздер. Шариғатта надан болуға ешбір жол жоқ», – деп бастайды. – Бауырлар! Кімде-кім Құдай тағаланы бір деп, пайғамбарымыз Мұхамед с.ғ.с анық пайғамбар деп иман келтірген болса, я еркек, я әйел болсын оқу үйрену оған парыз болады, білмеген нәрселерін білгендерден үйрену керек.
Пайғамбарымыз с.ғ.с «оқу үйрену әр мұсылманға парыз»,- депті, тағы да, «оқуды Қытайда болса да іздеңіз» депті. Түсіндіре айтсам – қанша қиыншылықтар көріп, туған-туысқандарыңыздан айырылып, қанша ақшалар ұстасаңыз (жұмсасаңыз да мағынасында) да оқуды үйреніңіздер деген сөз болады. ...«Жас уақытта оқу үйрену – тасқа жазған секілді, өскен соң оқу үйрену– суға жазған секілді»,- деп айтыпты». Автордың «...оқудың ретін білетін молдалар ұстап балаларыңызды оқытыңыздар», – деген сөзі қай заманда да өз маңызын жоймаған. Қазақта: «Дүмше молда – дін бұзар» деген мақал бар. Сол секілді әр дәуірдің оқудың ретін білмейтін өз ұстаз-молдалары бар. Автор оқу-білімнің пайдасын мұсылман қазақ елінің жүрегіне пайғамбардың өсиет сөздері арқылы ұқтыруды мақсат етеді.
«Білім-оқу» бөлімінде Ж.Жәнібеков: «Білімнің мағынасы – дүние мен ахиретте өзіне пайдасы не зарары болатын нәрселерді білу. Оқу – жалғыз адамдарға тән болған сыйпат. Оқу іздеу пенденің үстінде үлкен борыш», – дей келіп білімнің артықшылығы жайында айтылған пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бірнеше хадис шәрифін мысал ретінде келтіреді.
Өркениетті елдердің дамуына жіті бағып, қазақтың болашағына ойша көз тіккен, өз дәуірінің білімді, зиялы азаматы – Жанұзақ Әлжанұлы өз ұлтының өзге елдермен терезесі тең болуы үшін өнер-білім игеру қажеттігін ерте түсінді. Қаламы арқылы халқына білім-ғылымды насихаттаудан шаршамады.
«Айна» кітабының «Құлақ саларлық сөз» бөлімінде: «Заманымыз оқу-өнер заманы. Түбіне жете алмайтын ойлардан үміт үзіп, ақиқатқа қарау керек. Бұл заманға шейін надандықтан көп зарарлар көрдік, дүниеде надандықтай зарарлы нәрсе жоқ. Надан кісі соқыр кісі секілді, адам баласын қор қылатын, біреудің қолына қаратып жем қылған, адамдардың бәрінен кем қылған надандық, әркім бұл надандықтан құтылудың шарасын күні-түні іздеу керек», – дейді.
Надандықтан арылуды көксеген Жанұзақ Жәнібеков жас ұрпақтың оқу оқып, білім алуын қалады. Кітаптың «Оқу шері» бөлімі оқу-ағарту бағытындағы өлеңдерден тұрады. Сондай-ақ, «Қаламға хат», «Қаламның айтқаны» атты мысал өлеңдері де бар. Бұл бөлімде де, Жанұзақ Жәнібеков сөзсіз елін оқуға үндеген. Өз заманында орыс халқына дінсіз, кәпір деп қараған елінің қазақи түсінігі мен шүбәсін сезімтал азамат «Айна» жинағында да ескереді. Автор кітабының соңында Ниязмұхамед Сүлейменовтің «Орыс тілін үйрену шариғат бойынша бола ма?» атты мақаласын аударып басуды жөн көреді. Мақаланың қазаққа орыс тілін үйренудің харам емес екенін дәлелдейтін мынадай жолдары бар:
«...Аз сөзбен мынаны түсіндіреді: қаласаңыз, сириялық, қаласаңыз, ғибрания1, қаласаңыз, үндіше, қаласаңыз түрікше, парсыша болсын, тілдердің ешқайсысын үйрену харам емес. Тіл үйрену – мубахтан2.
...Енді бізге шет тілінен яғни ана тіліміз болмаған тілдерден орыс тілі – мемлекет тілі және үкімет тілі болғандықтан біз үшін орыс тілін үйрену пайдалы және жақсы міндет...», – деген пікірлерді Жанұзақ Жәнібековтің келтірудегі ойы: қазақ халқы орыс тілін тосырқамасын, жатырқамасын деген мақсатынан туған еді. Өз елінің болашағы мен дамуын ойлаған алаш азаматы орыс тілі арқылы өз халқымыздың озық ойын орыс халқына ғана емес, басқа халықтарға да жеткізуге болатынын жете түсінген.
Қай ғасырда болсын, біздің ғұлама-ғалымдарымыз, білімдарларымыз өздерінің айтпақ ойының түп-түйінін немесе толықсыған ойын осы ислам дінінің құдіретімен байланыстыра отырып, болашаққа таусылмас рухани азық етіп қалдырғаны белгілі. Оған көптеген мысал дәлел ретінде Ахмет Иассауидің хикметтері, Абай атамыздың бір томға татитын мағыналы қара сөздері, Шәкәрім атамыздың өлеңдеріндегі ислам құндылығын насихаттауы т.б келтіруге болады.
Ж.Жәнібековтің: «Мен де пайғамбардың «Дін насихат» деген хадис шәрифін көріп, алаш азаматы деп аталған бауырларыма білгенімше насихаттар жазайын деп қаламымды қолыма алдым, Алла сәтін берсін», – деп бастауы – білімнің қайнар көзі, тамыры терең тәрбиенің мәні осы ислам білімі арқылы адамзаттың айнымас заңына айнала білетінін көрсеткісі келген. Біз Ж.Жәнібековтің «Балалар бидауамы» кітабы туралы айтпас бұрын, ең алдымен бұл кітаптың авторы – Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков екеніне дәлел келтірейік. «Балалар бидауамы» – өлең жинағы, Қазан қаласында басылған. Мұқабада:
«Қазақ балалары үшін құрастырылды
Шығарма:
О.Жәнібеков
Қазақ балалары үшін тәртіп етілді», – деген деректер бар. Көріп отырсыздар, кітап авторы ретінде О.Жәнібеков көрсетілген. Бұл жинақтың мұқабасындағы «О.Жәнібеков» Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков екеніне мынадай дәлелдер келтіреуге болады:
Біріншіден, Жанұзақ Жәнібеков 1913 жылы «Қазақтың» №26 санында жарық көрген «Османлы түріктері» атты мақаласының соңына «О.Ж.А.Жәнібеков» деп қол қойған.
Екіншіден, Жанұзақ Жәнібеков өзінің «Айна» кітабының «Оқу шері» бөлімінде өзі жайлы мынадай деректерді жазып өтеді:
«1907, 3 декабрь
Имза:3 қой жылы, 3 қаңтар
Қазақ талебесінен4Омар эфенди Жанұзақ бин Әлжан ибн Жәнібек Қаракесегі».
Үшіншіден, автордың жазу емлесі мен сөз қолдану ерекшелігі.
1909 жылы жарық көрген «Балалар бидауамы» 1908 жылы жарық көрген «Айна» кітабының заңды жалғасы іспетті. Автордың екінші жинағы бірінші жинағының ой жалғасы екені – қос кітаптағы ой тұтастығынан дәлел. Сөздерді қолдануда да ортақ ұқсастықтардың өзіне көптеген мысалдар келтіру болады.
Мәселен:
Әй, шәкірт бала, тағы да біраз сөз айтайын ба?
Сендей жан бар ма бақытты?
Жаратпады жай тақты,
Періштенің қанаты
Басқан жерің, бидауам.
Білімде пайда мол екен,
Ол бір тура жол екен,
Жұмақ жолы жүргенің
Аяңдай бер, бидауам.
немесе:
Періштенің қанаты
Басып тұрған жеріңіз.
Білім дария, балалар,
Ішіп содан қаныңыз.
Кітаптарға көз салып,
Дініңізді таныңыз.
Осы шумақтардағы: «Періштенің қанаты, Басқан жерің, бидауам», немесе «Періштенің қанаты Басып тұрған жеріңіз», – деген сөздерге назар аударайықшы. Басқан жері неліктен періштенің қанаты?! Автордың бұл ойын ұғыну үшін «Айна» кітабына оралайық;
«Айна» кітабының «Оқу-білім» бөлімінде автор – Жанұзақ Әлжанұлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) он екі хадис шәрифін келтіреді. Бұл – білімнің артықшылығы хақында келген хадис шәрифтер. Осы он екі хадис шәрифтің екіншісін оқып көрелік:
Мағынасы: оқу оқушылардан риза болып періште де қанаттарын тосар. Міне, «Балалар бидауамы» жинағындағы автор ойы – «Айнадағы» пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шәрифінен бастау алады.
Тағы бір мысал:
Надан бол деп айтпаған
Расулуллах, бидауам.
Құдайдан ұял, қазақ,
Айтқан тілді ал, қазақ!
Білім жолына ұста!
Малдарыңды, бидауам.
«Балалар бидауамы» кітабының осы шумағының айтар ойы мен «Айна» кітабының мына бір жолдарындағы шығармашылық идеяның ортақ екені даусыз:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «оқу үйрену әр мұсылманға парыз», – депті, тағы да, «оқуды Қытайда болса да іздеңіз», – депті. Түсіндіре айтсам – ... қанша ақшалар ұстасаңыз да оқуды үйреніңіздер деген сөз болады».
Мына бір шумаққа да көз салайық:
Жол басшымыз көп айтқан:
Көп уайым жеп айтқан.
«Надан болма» деп айтқан.
«Балалар бидауамындағы» бұл шумақта автор «Жол басшымыз» деп пайғамбарымызды (с.ғ.с) атап тұрғанына ешкімнің таласы болмаса керек. Сонымен, «Балалар бидауамы» жинағының авторы – «О.Жәнібековтің» Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков екені шүбәсіз. Енді бұл жинақтың құрылымы мен шығармашылық мақсаты жөнінде сөз қозғасақ, мұқабада мынадай деректер бар:
«Балалар бидауамы»
Қазақ балалары үшін құрастырылды
Шығарма:
О.Жәнібеков
Қазақ балалары үшін тәртіп етілді».
«Бидауам» яғни ڊدوام – араб сөзі. Қазақ тіліне аударғанда «әрдайым, әрқашан» деген мағынаны білдіреді. «Бидауам» сөзі жинақтың өн бойында әр екі тармақтың соңында кездесіп отырады. Поэзияның ұйқасына зиян келтірмес үшін бұл сөзді қазақшалауды жөн көрмедік, сол қалпында қалдырдық.
«Балалар бидауамы» 1909 жылы Қазан қаласындағы Бр.Каримовтердің баспаханасынан басылып шықты. Көлемі – 24 бет. «Бисмиллахир рахмани рахим» деп басталатын жинақ толығымен өлеңнен тұрады. Өлеңдер:
1.Мінез
2.Білімге қызықтыру...
3.Білім
4.Өтініш
Осындай тақырыптармен берілген. «Бисмиллахир рахмани рахим» деп бастаған өлең жолдары:
...Надан адам: мас болар,
Өзіне өзі қас болар,
Шайтан оған бас болар.
Алла дегін, бидауам.
Жол басшымыз көп айтқан:
Көп уайым жеп айтқан.
«Надан болма», деп айтқан.
Алла дегін, бидауам,-
деп аяқталады. Автор – Жанұзақ Әлжанұлы бұл жинағының өне бойында қазақ балаларын оқуға үндейді, білім мен ғылымды игеруге шақырады. «Мінез», «Білімге қызықтыру...», «Білім», «Өтініш» деген тақырыптармен жазылған өлең шумақтары «бидауам» сөзімен аяқталып отырады, яғни, – «әрқашан, әрдайым». Әлемдік өркениет жолына бет алған елдерді мысал ретінде келтіріп, әрдайым білім жолында ізденуге шақырады. Елдігіміздің тұғыры – білім мен ғылым, өркениет деп насихат айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |