182
терминологиялық жұмыстарды кәсіби деңгейде жүргізе білмеуден
туындайтын жайт» екендігі дәлелденеді [79, 19-б].
Ғалымның көрсетуі бойынша: «Әр саланың ұғымдарының өзара
байланысы, иерархиясы, сатылық, түрлі қарым-қатынасы ұғымдық,
логикалық тұрғыдан қалай жүйелі болса, тілдік тұрғыдан да сол
ұғымдардың жүйесін көрсететіндей етіп таңбалау қажет болады.
Сондықтан да тілдік бірліктер терминдердің ұғымдар жүйесінің
ерекшелігін көрсетіп бере алатындай сөзжасамдық жүйелілікке
негізделіп жасалып, соның негізінде терминологиядағы
жүйелілікке қол жеткізу көзделеді. Терминологиядағы жүйелілік
ұғымдар жүйесінің аралық байланысын тілдік бірліктер атау
сөздер арқылы да жүйелеп беру болып табылады» [79, 15-16-бб].
Академик Ө.Айтбайұлының пікірінше: «Жүйелілік тәртібі
сақталған жерде синонимдік қатарға, көп мағыналыққа орын жоқ.
Әсіресе, әр қилы қызмет атқаратын жалғау, жұрнақтарды белгілі
бір мағынада қайталап қолдануға әуес болмаған жөн. Жалпы,
қалайда терминдер жүйелілігі лексика тұрғысынан да, морфология
тұрғысынан да талап етілген дұрыс. Жай сөздер табиғатына тән
кейбір грамматикалық ауытқулар терминдерде болмауы тиіс» [79,
16-б.].
Дегенмен, көптеген жағдайларда аталуы бірдей термин
сөздер өріс ішінде түрлі байланыстармен сипатталып, екі басқа
терминологиялық өріске қатысуы негізінде омонимдік қатарлар
құрайды. Мысалы:
жарнашы → жарна төлеуші, пайшы; жарнашы
→ жарна жинайтын қызметкер; морфолог → грамматиканың сөз
формаларын зерттейтін тілші ғалым; морфолог → организмнің
құрылысын, түрін зерттейтін ғалым; автоматшы → автомат
аппаратқа күтім жасайтын адам; автоматшы → автоматпен
қаруланған жауынгер және т.б.
Шынында да, қазіргі таңда көптеген ғалымдардың пікірі
бойынша жалпы қолданыстық лексика мен терминдік лексиканың
басты айырмашылығы кейінгісінің жүйелілік тұрғыдан
ұйымдастырылуында болып отырады. Арнаулы ұғымды білдіретін
термин белгілі бір терминологиялық жүйеде нақты орны бар, сол
жүйенің мүшесі болған соң ғана, сол жүйеге сәйкес мағынаға
ие бола алады. Терминнің ақпараттылық қасиеті де осыдан
туындайды. Бұл жөнінде қазақ терминологиясының жүйелілік