54
көркем аудармада сөздің саны түгелденбейді, көркемдік, сезімдік,
экспрессиялық қуаты алға шығады. Көркемділіктің сақталуы
үшін түпнұсқалық мәтіндегі сөздер түгел қолданылмайды. Бірақ
мағына, ой қуаты түпнұсқадағыдан еш кемімеуі тиіс.
Көркемділігі жоғары аударма – үлгілі аударма. Түпнұсқаның
көркемділігін аударма арқылы жеткізу – маңызы зор мәселе.
Түпнұсқа тұтастай бар көркемділік құндылығымен аудармада
қайталанғанда ғана биігіне жеткен. Түпнұсқаның композициясы,
сюжеттері, бейнелеу элементтері, стилі, интонациясы, әуезділігі,
ырғағы,
эстетикалық-көркемдік
құндылықтары
тұтастай
аударылған жағдайда ол нағыз шығармашылық рухын сақтай
алады. Түпнұсқаның тынық-мазмұндық ағынына бойлай жүзу,
үйірілген ой иіріміне тереңдей ену, әуездік-ырғақтық нәзік
толқындық тербелісін аңғара білу – аудармашылық алғырлық,
көрегендік. Шынайы, сапалы, биік көркем аударма – көркем
әдебиеттің жарқын жетістігі.
Көркем аудармада да туыс тілдер аудармасында да қателіктер
жиі орын алуы, кейде мағыналас сөздердің әр тілде өзіндік дербес
ұғымы барын аңғармаудан туындайды. Кеңестік кезеңде Орта
Азия халықтарының көркем шығармалары қазақшаға көбінесе сол
ұлттың тілінен емес, орыс тілінен аударылды. Мұның өзі де сатылы
аударма жүйесінде болғандықтан да, небір таңдаулы туындыларды
биік көркемдік дәрежесінде жеткізуге мүмкіндік бермеді.
Тіпті соншама дәл аударманың сөзі барлық қырынан
түпнұсқамен үйлесе бермеуі, «шексіз дәл» болып шықпауы
мүмкін. Аударма толығымен түпнұсқаны қайталауы да қажет емес,
қайталау – өнерге кереғар. Аударма түпнұсқадан әлдебір жағынан
кем түскенімен, бәрібір іс-жүзінде түпнұсқаны ауыстыратынын,
керек болса түпнұсқа өміріне ықпал ететіндігін ерекшелейді.
Сондықтан аудармашы автор шығармасын көшіруші емес, оны
қайта жасап шығушы екенін естен шығармауы керек. Аудармашы
өзін автор санатында сезінуі тиіс. Автор талантын бағалап,
қадірлеу, оның шығармасына сүйіспеншілік танытумен ұштасады.
Сонда ғана аударма сәтті, көркем, көрнекті, көңілдегідей шығады.
Шығармалардағы кейіпкерлердің әралуан болмысынан жазу-
шылардың көзқарасындағы, психологиясындағы бейнеленіп
отырған дүниеге ұлттық қатынасын айқындап алу – аудармашының
55
айрықша бір қасиеті. Кейіпкер бойындағы ұлттық мінез-қылықты
жеткізудегі жазушының көркемдік ізденісін, сөз саптауын, стилін,
бейнелеу, сипаттау элементтерін қолдану тәсілін жете білуден
аудармашы ұтылмайды.
Өнер туындысын орындаушы оны шабыттана, жандүниесімен
сезіне орындайды, оған бар болмысын, ақыл-ой, білім, ізденісін
аянбай арнайды. Соның рухына беріледі, бағынады. Аудармашы
да тура сондай. Басқа автор туындысын өз туындысындай сезініп,
түсінгенде ғана аударма сүйіспеншілікпен, шынайылықпен
жасалады. Мұндай аударма басқа тілдің байлығымен, таланттың
қуатымен жасалған көркемдік кереметі!
Аударма шығармасына аудармашы бар өмірін, талантын,
жандүниесін, шығармашылық құштарлық пен қызығушылығын
арнағанда ғана, ол бар табиғатымен, тұтастылығымен, құры-
лымдық элементтерімен тегіс танылады. Автордың ой-сезімін,
дүниетанымын, стильдік дербестігін, көркемдік әлемін терең
түсіну, айқын сезіну – аударма сәттілігінің негізі.
Көркем әдебиет аудармасын жасаудың қажеттілігі әдебиеттің
рөлін, қоғамдағы орнын, мәдени ықпалын сезінуден туындайды.
Сондықтан аудармашы – ақын-жазушы мен өз ұлтының оқырманы
арасындағы шығармашылық қатынасты қалыптастырушы,
мәдениетті жалғастырушы ықпалды тұлға. Кітаптың тағдыры ғана
емес, бүкіл көркемдік-идеялық мазмұны мен стильдік жүйесінің,
тілінің, бейнелеу құралдарының барлық элементін сәтті жеткізу аса
маңызды. Көркем әдебиет шығармаларының оқырман талғамынан
табылып, жақсы оқылуы, тез таралуы, сұранысқа ие болуы да
аударманың жоғары деңгейде жасалу нәтижесі.
Аудармада автордың шығармада нені мазмұндағанын, қандай
мақсат көздегенін, нені басты мәселе етіп көтергенін немесе
неге басым көңіл аударғанын білу – сыншыға, әдебиетшіге,
аудармашыға тікелей қатысты болса, мәтіндегі автор ойын, сөз
астарындағы құпия сырды дәл аңғарып, ұғыну аудармашылық
сезімталдық пен түйсіктілікті талап етеді. Шығармалардағы автор
ұстанымы, мұраты, ой-танымы неге бағытталғанын білу маңызды.
Сондықтан көркем туындыны қайталап, асықпай, жайлап түйсініп
оқу аудармаға пайдасын тигізеді.
Аудармаға да талғам, таңдау қажет. Оқырманның талап-
56
тілегімен санасу, қандай әдеби туындыға қызығатынын білу
өз алдына, аударылатын көркем шығарманың ұлт өміріне,
мәдениетіне тигізер ықпалын, рухани жақындығын, әдебиетке
енгізер жаңалығының маңыздылығын, тигізер пайдасын,
тәрбиелік-тағылымдық сипатын, эстетикалық құндылығын
ажыратып алу қалайда қажет. Осы мәселелерді жете біліп, дәл
таразылап, салмақтап барып аударма жасауға кіріскен дұрыс.
Аудармашы түпнұсқа көлеңкесінде қалып қоймай, оны
шабыт шуағымен, жандүниесінің жылуымен жарқыратуы қажет.
Аудармашы түпнұсқаға бағдарлана отырып, оны соншалықты
дәл жасаудың жолдарын үнемі ізденуі керек. Бірақ сөзбе-сөздікке
соқтықпауы абзал.
Туыстас тілдер туындысын тәржімалау оңай болып
көрінгенімен, кездесер қиындықтар да жеткілікті. Яғни белгілі бір
ұқсас сөздердің әр басқа мағынаны білдіруі аудармашыға опық
жегізуі мүмкін. Көркем аудармадағы екі кедергінің бірі – сөзбе-
сөздік, екіншісі – ойдан қосу, өз бетінше түрлендіру. Түпнұсқадағы
сөздерді санамалап, саудыратып тізіп шыққанмен, аударма өз
деңгейіне жете алмайды. Ондағы сөзді емес, ойлар мен сезімдерді
аудару, мәтін мағынасын шығарма жазылған тілдегі көркемдік
деңгейінде жеткізу қажеттілігі зор. Аударма шығармашылығының
кілті – тілді жетік меңгеруде. Аудармада көркемдік мазмұн мен
түрді, түр болғанда ұлттық түрді сақтап жеткізу – үлкен іс.
Халықтың әдебиеті бай болған сайын, оның әдеби тілі де – бай,
алуан бояулы, бейнелі, әдемі де әрлі, нақышты на нәрлі. Тіл байлығы
шебер жасалған аудармадан айқындалады. Көркем туындыны
аудармада шынайы түрде, ұлттық сөздік қордың бар мүмкіндігімен
және мол байлығымен қайта жасап шығу нәтижесінде ол екінші
бір халықтың әдебиетіне тәржімалық шығарма болып қосылып
қана қоймайды, нағыз түпнұсқаның қызметін атқарады.
Көптеген аудармаларда әдеби тіл нормасы шеңберінен
шығып кетушілік, грамматикалық, лексикалық, стилистикалық,
орфографиялық, орфоэпиялық ережелерге жеткілікті көңіл
бөлмеушілік жиі кездеседі. Аударма тілі түпнұсқаның рухын,
стильдік сипатын толық сақтауы тиіс. Түпнұсқада жоқ көркемдікті,
мәнерлілікті, бейнелілікті аудармада жасау қажет емес. Бірақ
аударма тілі жұтаң, қарабайыр, солғын болмауын ескерген жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |