84
қатысқан аудармашылардың үлкен тобын айтпағанның өзінде,
студенттік бағдарламасында ғана бір мезгілде 80 ілеспе
аудармашы қызмет көрсетеді. Бұл фестивальда ілеспе аударманың
ізбе-із аудармамен араласқан оңайлатылған түрі де қолданылды:
мінберде айтылған сөз күшейткіш микрофонмен орыс тіліне ізбе-
із аударылып, ал одан әрі барлық жұмыс тілдеріне ілеспе аударма
жасалады. Кеңестік кеңістіктегі бірқатар ілеспе аудармашылар
өз естеліктерінде кәсіби ілеспе аудармашы ретінде тұсауы осы
фестивальда кесілгенін атап көрсетеді.
СОКП XIX съезінен бастап, осындай ауқымды жиындарда
шетелдік қонақтар үшін шет тілдеріне ілеспе аударма жасала
бастады. Ал шетелдік қонақтардың мінберден сөйленген сөздері
ізбе-із аударылып тұрды. XX съезде ілеспе аударма орыс тілінен
шет тіліне де, керісінше де жасалды. Бұл съезде 7 жұмыс тілі болса,
келесі съезде 18 жұмыс тіліне аударма жасалған. Қазіргі кезде
Кремльдің Съездер сарайы конгресс жұмысын замана талабына
сай жүргізіп, 30 жұмыс тіліне ілеспе аударма жасау мүмкіндігін
беретін құрал-жабдықпен жабдықталған.
1961 жылдан бастап кеңестік ілеспе аудармашылар біріккен
Ұлттар Ұйымында әуелі Нью-Йоркте, содан қейін Женевада – БҰҰ
Еуропадағы бөлімшесінде де орыс тіліне ілеспе аударма жасауды
жүзеге асыра бастады.
Қазақстанда ілеспе аударманың пайда болуы туралы
айтқанда ойға ең алдымен театрлардағы (ұлттық театрлардағы)
қойылымдарда орыс тіліне жасалатын аударма оралады. Әрине,
қазіргі өлшеммен алғанда ол аудармалардың сапалық деңгейі
туралы пікір әртүрлі болғанымен, қайткен күнде де бұл – біздің
еліміздегі ілеспе жасаудың алғашқы мысалы ретінде тарихта
қалады. Сондай-ақ өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы,
тоқсаныншы жылдарының басындағы жиналыстарда сөйленген
кейбір сөздерді ілеспе аудармамен қамтамасыз етудің бірді-
екілі талпыныстары республиканың жоғары билік органдарында
(Президент әкімшілігінде, Жоғарғы Кеңесте, Үкіметте) жасалған.
Ал жиналысты тұтастай (оның өзінде де орыс тілінен қазақ
тіліне ғана) ілеспе аударма жасау талпынысы, Парламент
ардагерлерінің еске алуы бойынша, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің
85
XI сайланымынан басталған көрінеді. Алғашқы кезде барлық
баяндамалар, сөйленетін сөздер алдын ала орыс тілінен қазақ тіліне
аударылып қойып, сессия барысында оларды микрофон алдында
оқып шығу жекелеген адамдарға ғана сеніп тапсырылыпты. Аға
буындағы әріптестеріміз олардың қатарында еліміздегі үлкен
лауазымды қызметкерлер, журналистер болғанын, кей кездері
сол мәтіндерді жазбаша аударған аудармашылардың өздері
шақырылып тұрғанын айтады. Бұлардың ішінде бұл күнде марқұм
болып кеткен М.Жантикин, К.Қазыбаев, С.Байжанов, Ж.Әбішұлы
сияқты белгілі журналистердің есімдері аталады.
XI сайланымның соңына қарай, ел ішіне демократия лебі тарай
бастаған кезде, Жоғарғы Кеңестің сессиясы өтетін залда бірнеше
жерден микрофондар орнатылып (олар «свободный микрофон –
еркін микрофон» деп аталатын), пікірін білдіргісі келген адамдар
сол микрофондарға шығып сөйлейтін болған. Бірақ ол кезде де
(ілуде бір кездесетін жағдай екендігін есептемегенде) сөздің бәрі
орысша сөйленіп, соған сәйкес ілеспе аударма да орысшадан
қазақшаға жасалатын.
XII сайланымда (1990 жылы) Жоғарғы Кеңестің депутаттары
екі тілде сөйлей бастады. Олардың қазақша сөйлеген сөздерін
орыс тіліне аудару үшін сессиялардың өткізілуін техникалық,
аударма жағынан қамтамасыз ету міндетіне кіретін Жоғарғы
Кеңестің Инженерлік орталығы сырттан ақылы негізде тәжірибелі
аудармашыларды тартады. Олардың ішінде Ақас Тәжуітов,
Кеңес Юсупов, Ғалымжан Мұқанов сияқты бүгінде аты танымал
аудармашылар болып, сәл кейінірек арнайы штат бөлініп, қазақ
тілінен орыс тіліне аударма жасайтын қызметкер алынды. Міне,
осы кезден бастап, ілеспе аударма қазақ тілінің саясат тіліне, үлкен
жиындар тіліне айналуына қызмет ете бастады деп тұжырым
жасауға болады. Содан бергі уақытта жиындар ілеспе аудармамен
қамтамасыз етілетін болғандықтан, Парламент сессияларда, үлкен
халықаралық жиындарда көрнекті саяси қайраткерлер де, ғұлама
ғалымдар да, қарапайым еңбеккерлер де қазақша сөйлеп, өз
пікірлерін ана тілімізде айта алатын дәрежеге жетті.
86
1.3.2 Ілеспе аударманың ерекшеліктері
Біздің елімізде ілеспе аударманың енді-енді тәй-тәй басып келе
жатқаны баршамызға мәлім. Оған себеп – өмірдің қазіргі күнгі
қажеттіліктері, соның ішінде ең маңыздысы – еліміздің тәуелсіз
мемлекет болып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне ие болуы.
Кеңес дәуірінде жақсы дамыған қазақша-орысша қостілділіктен
гөрі орысша-қазақша қостілділіктің әлеуметтік қажеттілігі артуда.
Осыған сай қазіргі таңда елімізде ілеспе аударма көкейкесті
мәселелерге айналып отырғаны анық. Біріншіден, қоғамымыз
жаппай мемлекеттік, яғни қазақ тіліне, көшпейінше ресми кездесу,
жиналыс, конференция, сайыс т.б. іс-шаралар қазақ тілінде жүргізіліп,
ілеспе аудармамен қамтамасыздандырылады. Екіншіден, жаһандану
процестері нығайып, ішкі істер мәселелеріне шетелдіктер белсенді
қатысқан сайын ілеспе аударманың да қажеттілігі арта береді.
Бірінші жағдай орысша-қазақша, қазақша-орысша қостілділіктің
дамуына әсер етсе, екінші жағдай қазақша-ағылшынша, ағылшынша-
қазақша, орысша-ағылшынша, ағылшынша-орысша қостілділікке
әкеледі. Сонымен қатар ілеспе аударма техниканың жоғары
деңгейде дамуына байланысты пайда болып, оны іске асыру үшін
техникамен қамтамасыз етілуі шартты түрде екенін ескерген жөн.
Бірақ ілеспе аударма тек қана техникалық қамтамасыз етілуімен
шектелмейді. Техникалық жабдықтар – маңызды бір шарты болса,
ілеспе аударманы орындайтын адам – соны іске асыратын негізі.
Сондықтан ілеспе аударма аудармашының арнайы дайындығын,
тәжірибелік дағдыларын талап етеді. Ілеспе аударманың соңғы
жылдары ғана қоғамымызда орын алып келе жатқанын ескерсек,
ілеспе аудармашылар елімізде жоқтың қасы деуге болады. Соның
ішінде қазақша-орысша, орысша-қазақша ілеспе аудармашылар
бүгінгі таңда тапшылық екені белгілі, оларды дайындау әсіресе қажет
болуы сөзсіз.
Алдымен ілеспе аударманың жазбаша – мәліметті, реферативті
аудармалар, оның ішінде техникалық және көркем аудармалардан
айырмашылығы неде екенін анықтап алайық.
Ең бастысы: ілеспе аударманың ерекшеліктері жазбаша тіл
мен ауызекі сөйлеу тілінің ұқсастығы мен айырмашылығынан
туындайды. Олар:
Достарыңызбен бөлісу: |