Құрметті жиынға қатысушылар!
Экологиялық апат зардабынан айықтыруға байланысты бірқатар қоршаған ортаны қорғау шаралары іске асырылып келеді. Оған бюджет қаржылары мен қатар Шетелдік гранттар тартылуда. Солардың қатарында Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі де жоспарланған жұмыстарды атқарып келеді. Жыл басынан бері жоспарланған 500 га жерге сексеуіл көшетін отырғызу, 1 га жерге мектеп бөлімін салу және 4 га жерге бұрыңғы орман екпелерін күтіп-баптау, өртке қарсы 20 шақырым минералды жолақ жүргізу және 60 шақырым минералды жолақтарды, аншылагтарды жаңғырту. 700 дана үн-парақтар дайындау, 2600 га жерге орман патологиялық зерттеулер жүргізу жұмыстары жоспарланған. Осы кезеңде Арал шеберлік бөлімшесінің №3 орман шаршысында 20 шақырымды минералды жолақ жүргізіліп, 60 шақырым жолақ, 20 дана аншылаг жаңартылды. Өрт қауіпсіздігін сақтауға байланысты «Толқын», «Үмітті Арал» газеттерінде тиісті мақалалар жарияланды.
Орман патологиялық зерттеулер Қасқақұлан орман шаруашылығы №79, 80 шаршыларында жүргізілсе, №99 орман шаршысында топырақ асты зиянкестерін анықтау мақсатында 20 дана шұқыр қазылды. Қасқақұлан орман шаруашылығына 500 га жерге 104000 дана, Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 2756 га жерге 709,0 мың дана сексеуіл көшеттері отырғызылды. 4 га жеміс бағын күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп, 3 рет механикалық күтім жасалынды. Жыл басынан бері 320 мың дана көшет қазылып, аудандағы елді мекендерді көгалдандыру мақсатында орман тұқымбағынан 17,0 мың дана көшет босатылды. Сондай-ақ республикалық «Жасыл жапырақ» акциясына сәйкес Арал қаласына 1300 дана және мекеме кеңсесіне 500 дана саялы ағаш көшеттері отырғызылған. Сонымен қатар мекеменің материалдық-техникалық базасы да жаңартылуда. Жыл басынан бері 1 өрт сөндіру автомашинасы, 2 мотоцикл, 1 радиостанция алынған.
Аудан көлемінде республикалық «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығында да табиғат қорғау шараларын және өздерінің негізгі міндеттеріне қатысты жоспарланған жұмыс ауқымын кеңейте отырып, жануарлар дүниесінің өсіп-өнуіне, көбеюімен сақталуына бақылау жасап келеді. Мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңарту, кеңсе ғимаратын жаңадан алу жұмыстары ойластырылған.
Қызылорда облысының табиғи ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Арал ауданында қоршаған ортаны қорғау шаралары бойынша 2011 жылға «Кіші Арал» теңізінде арал қаязы балығының қорын қалпына келтіру және гендік қорын сақтау үшін биотехникалық шараларын жүргізуге 7,8 млн теңге, Арал аумағының аймағында қорғанышты жасыл белдеулер жасау жұмыстарын жүргізу шараларына қаралған 9,68 млн теңге бөлінді. «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес 2 жылдан бері жасақтар жасақталып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары көше, елді мекендерді абаттандыруға баса көңіл бөлініп, әр түрлі деңгейдегі бюджеттерден қаржы бөлініп бірқатар шаралар іске асырылды. Биылғы жылы да абаттандыру, көркейту жұмыстарына аудан бюджетінен қаржы бөлініп, тендер өткізіліп, жеңімпаз мердігерлер жұмыстарын бастап кетті. Арал қаласының шағын сәулетік нысандарын жасау арқылы абаттандыруға аудандық бюджеттен 112 967 мың теңге қаржы бөлінді. Солардың қатарында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Арал қаласында атқарылатын негізгі төмендегі жобаларды атап өткім келеді. «Жалаңтөс Баһадүр» алаңын абаттандыру (12,5 млн теңге), «Даңқ» алаңы (32,6 млн теңге), «Ғашықтар» алаңы (27,0 млн теңге), «Рәміздер» алаңы (7,0 млн теңге), Тәуелсіздік алаңы (7,4 млн теңге), Арал ауданының төлқұжаты (11,4 млн теңге).Сонымен қатар Арал қаласын жарықтандыру, түрлі түсті түнгі сәулелер беруге байланысты прожекторлар, қондырғылар орнатуға 20,0 млн теңге қосымша қаржы бөлініп тиісті жұмыстар атқарылды.
Құрметті ағайындар!
Ауданда шешімін тапқан мәселелермен қатар, әлі де шешімін табуды қажет ететін қордаланған мәселелер жеткілікті. Сонымен қатар өскелең заман талабына сәйкес көптеген жаңартуларды қажет ететіні сөзсіз.
Әрине көптеген мәселелерді жоғарғы атқарушы органдарсыз шешу мүмкін емес, сол үшін түйінді мәселелерді жеткізу, дәлелдеу қажет. Аудандағы проблемалық мәселелер жыл сайын нақтыланып, тізбесі жасалып, тиісті орындарға ұсынылып, Министрліктер мен қатар Парламент депутаттарымен да тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Оған қоса ауданда басталған жұмыстарға қолдаулар көрсетіліп, ауызбіршілікпен, нәтижелі келісімді жұмыс жасалуда. Біздер қандай-да бір нәтижеге қол жеткізген болсақ, ол екі биліктің бірге атқарған жұмысының нәтижесі деп қарауымыз керек. Шынында да солай. Ойласып пішкен тон келте болмайды, біріге көтерген жүк жеңіл дегендей аудан әкімдігі көтерген қандай мәселелер болмасын депутаттар тарапынан қолдау табылып, нәтижесін халық көріп отыр.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты дұрыс жүргізу, билік органдары мен халық арасындағы байланысты нығайтып, азаматтық қоғамның қалыптасуына әсер ететін, мемлекеттік билік органдарының оң имиджін қалыптастыруда жергілікті баспасөз құралдарының ролі өте зор. Осыған орай, аудан бюджетінен баспасөз құралдары арқылы мемлекеттік саясат жүргізу жөніндегі қызметтерге 7135 мың теңге қаржы бөлініп, тендер жеңімпаздары анықталып, ай-сайын оларға медиа-жоспар даярланып, тапсырыс беріліп отыр. Сондай-ақ Қазақстан-Қызылорда телеарнасына мемлекеттік ақпараттық тапсырыс беруге 2688 мың теңге, қосымша қаржы бөлінді.
Жастар саясаты мен үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктердің жұмыстары да назардан тыс қалып отырған жоқ. Саяси партиялармен жұмыстарға өз алдына аудан бюджетінен «Жастар саясаты саласына» өңірлік бағдарламаларды іске асыру мақсатында 1 млн 340 мың теңге қаржы қаралды.
Бөлінген қаржыны мемлекеттік сатып алу шеңберінде «Арал жастары» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болып, маңызды іс-шаралар атқаруда.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 20 діни бірлестіктер жұмыс істеуде. Олардың 20-сы исламдық бағыттағы мешіттер. Барлығы да облыстық Әділет департаментінде тіркеуден өткен.
Бейресми діни топтардың, ағымдардың, пайда болуына және дамуына қарсы әрекет ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» және «Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар мен діни сенім бостандығын қамтамасыз ету, діни экстремизмнің алдын алу және қоғамдық саяси ахуалды зерттеу жөніндегі мәселелерді насихаттау мен акциялар ұйымдастыруға байланысты семинар-тренинг, дөңгелек столдар өткізуге қаралған 815,0 мың теңге қаржыны игеруге «Арал жастары» жастар қоғамдық бірлестігі жеңімпаз болып табылды.
Ауданда 36 үкіметтік емес ұйымдар, 28 селолық тұтыну кооперативтері мемлекеттік тіркеуден өткен, үкіметтік емес ұйымдардың басым көпшілігінің мақсаты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу болып табылады. Ауданда қандай бір жаңалықтар, жетістіктер болмасын ол аудандағы тұрақты қоғамдық саяси ахуалдың қалыптасқандығының нәтижесі. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауын аудан тұрғындарына насихаттау барысында барлық кент, ауылдық округтерде және кітапханаларда жеткілікті ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, түрлі мәдени-шаралар ұйымдастырып, өткізілуде. Республикалық, облыстық, аудандық насихат топтары тұрғындармен кездесулер өткізді. Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Бақберген Досмамбетов пен Қожахмет Баймаханов ауданымызда болып, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, ардагерлер ұйымының мүшелері, қоғамдық ұйым басшылары, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық филиалының бюро мүшелері және мекеме, ұжым басшыларымен кездесулер өткізілді. Аудандық «Көңілашар» халықтық мәдени үгіт бригадасы және жылжымалы демалыс кешендері ұжымдары, мәдениет қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жолдауға - Қолдау» атты концерт тобымен Ақеспе, Қосаман елді мекендерінде болып қайтты.
Премьер Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев ауданымызда болып, Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігінің сақтау жобасының тиімділігімен танысты.
2011 жылы тұрғындардан 751 өтініштер түсіп, салыстырмалы уақытта 150-ге өскен. Өтініштердің басым көпшілігі материалдық көмек беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй бөлу жайлы. Осы кезеңде аудан әкімінде 102 адам, орынбасарларында 136 адам, аппарат басшысында 39 адам, барлығы 519 адам қабылдауда болып, өтініштері қанағаттандырылды.
Қабылдауда болған азаматтардың көптеген мәселелері мен түскен арыздары бойынша жауапты орындаушылар арқылы тиісті жұмыстар жүргізіліп, арыз иелеріне Қазақстан Републикасы Президентінің «Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заң күші бар Жарлығына сәйкес толық және сапалы қарау талаптары сақталып, белгіленген мерзімде жазбаша жауаптары беріліп, қатаң бақылауға алынып келеді.
Жыл көлемінде барлық қызмет саласы бойынша тіркелген қылмыстар саны 310 құрап, салыстырмалы уақытта 144 көбейген. Қылмыстың ашылу көрсеткіші 31,4 пайызға азайып, 57,1 пайызға жетіп отыр. Ауыр қылмыстар, ұрлық, топтасып жасалған қылмыстар саны көбейген. Ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жаңа ғимарат салынды. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысын жақсарту, қолжетімділікті көбейту мақсатында Жаңақұрылыс, Қарақұм, Қамыстыбас, Аманөткел елді мекендерінде аудан бюджеті қаржысына орталықтың өкілдіктері ашылды. Сексеуіл кентінде де облыстың қолдауымен өкілдік ашылды.
Қадірлі ағайын!
Өздеріңізге мәлім, 2011 жыл тарихи жыл–Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің туын тіккеніне 20 жыл толғалы отыр. Жыл сондай-ақ ел өмірінде үлкен саяси оқиғалар мен реформаларды тереңдету бағытындағы жұмыстармен ерекшеленеді. Қазақстан халқы өз таңдауларын жасап Елбасы–Қазақстан Республикасының Президент сайлауын өткізіп, онда аудан тұрғындары-сайлаушылар үлкен белсенділік танытты.
Жүйелі өзгерістер Қазақстанда мемлекеттік саяси институттарды реформалау нәтижесінде тиімді басқару жүйесі қалыптасқанын көрсетті. Ол еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде алға адымдауына серпін беріп отырды.
Алдымызда Парламент сайлауы өткелі тұр. Бұл еліміздің халқына, соның ішінде аудан жұртшылығына, депутаттарға үлкен міндеттер, жауапкершіліктер жүктейді.
Сондай-ақ, 2010 жылы өмірге келген Арал ауданының күндерін әрі қарай дамытып өткізу мәселесі де тұр. Өздеріңізге белгілі, әр жылды белгілі тұлғалар, ата-бабаларымызға, тарихи оқиғаларға арнап қорытындылап келеміз. 2012 жыл «Алғашқы Қарақұм құрылтайы» жылы болып белгіленіп, өз дәрежесінде өткізу міндеті тұр.
Аудан халқы осынау үлкен оқиғаларды ескере отырып Елбасы мен Үкімет пен облыс тарапынан жасалып жатқан үлкен қамқорлықты сезіне отырып көтерілген ұсыныстарды зор ықыласпен, ризашылықпен қарсы алып, қолдап келешекке деген зор сеніммен құлшына еңбек етуде.
Біз Сіздермен бірге жыл көлемінде атқарылатын салиқалы оқиғаларды, тарихи күндерді, оларға байланысты атқарылатын шаралардың өз деңгейінде жүзеге асырылатынына кәміл сенімдіміз.
«Арал күндерін» өткізудің тұжырымдамасының басты мақсаты бүкіл әлемнің назарына ілігіп отырған Арал өңірінің қайта жандану кезеңін барша жұртышылыққа паш ету еді. Бұл аймақ тұрғындары үшін ірі өңірлік мереке, рухани және мәдени оқиғаға айналғанды.
Міне, біздің бұны әрі қарай дамыта түсуіміз керек. Әрине әр жылдың жүгі басқа жаңа мәселелер жаңа міндеттер жүктейді.Бұл заңдылық өскелең өмір талабы.
Алда тұрған міндеттердің ең бастысы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы басым бағыттарды, жұмыстарды жүргізу, қабылданған шараларды іске асыру. Экономиканы әрі қарай дамыту Үкімет белгілеген іс-қимыл жоспарын, жаңа бағдарламаларды уақытылы, сапалы іске асыру.
Бұрынғысынша индустриалды-инновациялық даму стратегиясын жүргізе отырып, өнеркәсіп өндірісінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын, білім және денсаулық, мәдениет саласын дамыту, шағын кәсіпкерлікті қолдау үшін қолайлы жағдайлар туғызылады.
Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және өндіріс саласында кластерлік инициативаны жүзеге асыру арқылы аграрлық саланы өндіріс саласына қарай бейімдеу, әсіресе ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешу және ауылмен қала тұрғындарының тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты азайту, алдағы уақыттың көкейтесті міндеттерінің қатарына жатады.
Кейбір қиындықтарға қарамастан өндіріс өнімдерінің көлемін кемітпеу негізгі міндет.
Осыған орай, жоғарыда атап өткендегі негізгі өндіріс орындарының өндірістік қуатын толық пайдалануға барынша жұмыс жасалып, оны іске асыруға қатаң талап қойылады және жаңадан іске қосылғалы тұрған кәсіпорындар базасын тиімді, мақсатты пайдалануға жұмыс жасалады, қолдау көрсетіледі.
Аудан территориясынан өтетін мұнай, газ құбырлары, Батыс-Еуропа-Батыс Қытай автожолы бойынан өндіріс орындарын, шағын және орта бизнес субъектілерін, туризмді дамытуға байлансты объектілер салуға ауданнан қажетті құжаттар, ұсыныстар берілді, әлі де пысықталады. Бұрыннан айтылып келе жатқандай, аудан көлемінде игеруді талап ететін шикізат түрлері жеткілікті.
Осыған орай, шикізат кешенін игеру алдағы уақыттағы басты міндет қатарына жатады. Жер асты байлықтарын игеруде кварц топырағын өз мәнінде игерумен қатар жарамды саз бен құмды пайдаланып кірпіш, жеңіл бетон бұйымдарының түрлерін шығаратын кіші зауыттар салу, барынша кеңейту мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Индустриялық картаға енген жобаларды қаржыландыру мәселесіне қолдау көрсету, іске асыру негізгі мақсат. Бүгінгі күні 5 жылға арналған аймақтық (өңірлік) даму бағдарламасы жасалып, оны іске асырудың іс-шаралары мен тетіктері ойластырылып, бекітуге ұсынылды. Осыған орай әрбір елді мекеннің даму картасы, схемасы, паспорты жасалып облысқа берілді. Алдағы уақытта әрбір елді мекеннің даму жоспары болады, әлеуеті нақтыланады. Елді мекендердің тұрғындары үшін ауыз, аяқ су мәселесін шешуде бірқатар қиыншылықтар жоқ емес. Арал қаласының тұрғындары 100 пайыз таза сумен жабдықталды десек те, жаңа көшелердің пайда болуы қаланың өсуі қосымша жұмыстар жүргізуді, жаңа міндеттер жүктейді.
Арал қаласы сияқты елді мекендерде (Жаңақұрылыс, т.б.) таза су желісі әрбір үйге жеткізіліп отыр. Таза суға байланысты республикалық бюджет есебінен Арал Сарыбұлақ су құбыры және оның тармақтарын мүмкін болатын елді мекендерге қосу жұмыстары жалғастырылады. Дәлірек айтсақ топтық су құбырын жаңарту, топтық су құбырының V кезеңіндегі қаралған су құбырларын жүргізу жұмыстары атқарылады. Бұрыннан келе жатқан 8 елді мекенге су желісі тартылады.
Жаңа «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жұмыстар атқарылады. Бұл бағдарлама бойынша мүмкін болатын жерлерде, яғни су желісі баратын елді мекендердегі әрбір үйге желі тартылып, су есептегіш орнатылатын болады. Осы бағытта ауданның 9 елді мекенінің ішкі су желілерін жаңартуға облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жоба-сметалық құжаттары жасалып, сараптамаға берілді.
2012 жылы 600 орындық Абай мектебінің, Сексеуілдегі №231 мектепті, Арал қаласындағы №64 мектепті, Аманөткелдегі 300 орындық мектепті, Сексеуіл клубының құрылысын аяқтау міндеттері тұр.Сонымен қатар, Жалаңаш елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаның құрылысын, Қарашалаң елді мекеніндегі 100 орындық мектептің құрылысын бастау, Жақсықылышты ауыз сумен қамтамасыз ету, 10/0,4 кВ электр желісін жөндеу, Сексеуілдің автокөлік жолының құрылысын аяқтап, 10 спорт алаңының құрылысын, 8 қызметтік тұрғын үйдің құрылысын жүргізу міндеті тұр.
Сондай-ақ облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын денсаулық сақтау саласы объектілерінде жаңғырту жұмыстарыда жалғасатын болады. Сексеуіл кентінде ауылдық емхана, Аралқұм елді мекенінде, Қамыстыбас елді мекенінде, Қарақұм елді мекенінде дәрігерлік емханалар салуға, Жалаңаш елді мекенінде, медициналық бекеттерінің құрылысына жоба сметалық құжаттардың тезірек жасалып, сараптамадан өтіп, құрылысын бастауға қол жеткізуге тиісті жұмыстар атқарылады. Экологиялық жағдайды жақсартуға бірқатар шаралар іске асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |