А.Маслоудың пирамидасы
(адамның басты қажеттіліктерінің классификациясы)
«Нағыз тұлға қандай болу керек?» деген сұраққа жауап беру үшін американдық философ Абрахам Маслоудың идеяларына жүгінейік. А.Маслоу адам қажеттіліктерін жүйелеу арқылы тұлғалардың да қандай дәрежеде болатындығын көрсеткен.
1-деңгей. Физиологиялық қажеттіліктер (тамақ, ұйқы, жылу, секс, қанағаттанарлық жалақы, т.б.) – мотивацияның бұл деңгейі адамның басты қажеттіліктерін меңзейді, бұл – «өлместің амалы».
Мысалы, жұмыс орнында қызметкер бірінші мезетте өзін қанағаттандыратын жалақы мәселесін көтереді; студентті оқу ақысы мен осы жоғарғы оқу орнына түсудің төменгі балдары қызықтырады: университеттің абырой-даңқы, имиджі оны әзірше мазаламайды; мекеме (кәсіпорын, фирма, университет, т.б.) үшін бұл деңгейдегі басты мәселе – жабылып қалмау; жабылмау үшін бұл мекеме қандай да болмасын қулықтарға баруға дайын болады.
2-деңгей. Қауіпсіздік пен тұрақтылық қажеттілігі (ауру-сырқаудың, табиғи және техногенді апаттар мен катастрофалардың, соғыстың болмауы, тұрақты табыс, үй-жайдың бар болуы, т.б.) – бірінші деңгейдегі қажеттіліктер қанағаттандырылған соң туындайтын мотивация.
Қызметкер қанағаттандыратын жалақыны тұрақты түрде алғысы және жұмыс орнын сақтап қалғысы келеді. Студент жоғарғы оқу орнында қанағаттанарлық білім алып, оқу мерзімі аяқталған соң диплом алғысы келеді. Мекеме (кәсіпорын, фирма, университет, т.б.) міндетті түрде тұрақты пайда тапқысы келеді.
3-деңгей. Қандай да бір әлеуметтік топтың құрамына жату қажеттілігі (жанұя, дос-жолдастар, жұмыс ұжымы мен командасы, партия, ұлт, мемлекеттің азаматтылығы, діни конфессия, т.б.) – «Адам - қоғам мүшесі, ол қоғамнан тыс қала алмайды» қағидасынан туындайтын мотивация.
Адам қандай да болмасын бір қоғамның толыққанды және құқылы мүшесі болғысы келеді. Ол мұндай қоғамның мүдделерін өзің де мүддесі деп есептейді және соларды жүзеге асыру үшін күш жұмсайды. Ұйымдар мен мекемелердегі «команда» ұғымы (яғни, бір мүдде мен мақсаттарды, идеялар мен әдіс-тәсілдерді ұстанған пікірлес қызметкерлер жиынтығы) міне осы мотивация негізінде қалыптасады.
«Команданы» тек жалақы немесе тұрақтылық үшін жұмыс істеп жүрген адамдар қанағаттандырмайды. «Командаға» ортақ мақсатты жеке мүддеден жоғары қоятын және сол үшін аянбай жұмыс жасауға дайын қызметкерлер қажет.
Студент өзін осындай «команда» құрамында көріп, ұжым (топ, курс, мамандық, факультет, университет) игілігі мен дамуына өз үлесін қосқысы келеді. Мұнда мәселе париотизмге келіп ойысады.
Мекеме (кәсіпорын, фирма, университет, т.б.) бұл деңгейде өзін ауқымды бір істің, қозғалыс немесе бизнестің құрамдас бөлігі ретінде сезінгісі келеді.
4-деңгей. Басқалардың мойындауы, тануы мен сыйлауына ұмтылу қажеттілігі – өзін қоғамның бір бөлігі деп есептейтін адамның басқалардың біркелкі деңгейінен жоғары шығып, өзінің ерекшеліктері мен артықшылықтарын көрсетуге ұмтылуы, басқалардың өзін нағыз тұлға ретінде мойындауын қажет етуі.
Бұл мотивация кәсіби шеберлікті шыңдауға, көшбасшылыққа, махаббатқа, марапатқа, мадақ алуға, абырой-даңқ пен билікке ұмтылудан көрінеді. Қызметкер, студент, мекеме өз қатарының алды, ең үздігі болуға, бірінші болуға ұмтылады.
5- деңгей. Өзін-өзі жүзеге асыру қажеттілігі - рухани даму мен кемелдену, оның жаңа жолдарын іздеу, ізгілікке ұмтылу, басқаларға жақсылық жасау, өзін-өзі және әлемді жақсартудың күнделікті қажеттілігі. Адам өзінің бүгінгі ахуалынан асып кеткісі келіп, үнемі кемелденудің жолдарын іздейді.
Психологтар 1-ші және 2-ші деңгейлерді негіз құрайтын қажеттіліктер деп есептейді. Оларды қанағаттандырмайынша, адамда жоғарғы қажеттіліктер пайда болмайды. Мәселен, жалақысы төмен кәсіпорын немесе фирмада қызметкерлер мен жұмысшылар өздерін ұжым мүшесі ретінде сезінбейді, олар өз жұмысын ұдайы түрде жақсартуға тіпті де ұмтылмайды.
Алайда көп жағдайларда негіз құрайтын қажеттіліктер қанағаттандырылса да, адамда жоғарғы қажеттіліктердің пайда болмауы да мүмкін. Адамның алға ұмтылысына оның шыққан тегі, тәрбиесі, өмір сүру ортасы және басқа да әлеуметтік факторлар ықпал жасайды.
Сонымен, нағыз тұлға дегеніміз өз қажеттіліктері мен құндылықтарын А.Маслоудың баспалдағындағы соңғы үш деңгей аумағында құрастыратын адамды айтамыз, яғни ондай адам өзінің өмірлік мақсатын құр тіршілік пен күнделікті күйбең төңірегінде қарастырмай («ішіп-жеу», «қызық көру» деген секілді), оны жоғары да асқақ идеялармен ұштастырады. Ондай тұлға өзін қоғамның бір бөлігі ретінде түсініп, қоғам игілігін өз жеке басының мұқтаждарынан анағұрлым биік қояды. Ондай адам әрдайым басқаларға қажет болуға ұмтылып, қатарының алды болуға тырысады. Ондай адам кемелденуге, жақсаруға және жақсартуға үнемі ұмтылыста болады.
(Интернет материалдары бойынша)
Лирикалық шегініс
Мұндай жағдайда тұлға қалайша қалыптасады?
(әзіл-шыны аралас эссе)
Мектепте мұғалім оқушыдан ең бірінші кезекте нені талап етеді? Бұл сұраққа: «Әрине, тәртіп пен бағыныштылықты», деп жауап беруге болады.
Ата-анасының үйінде мүмкін ерке-шолжаң болып өскен баланың мектеп табалдырығынан аттаған соң еркіндікті ұмытуына тура келеді, өйткені мұнда ыңғайлы әдеттердің орнына балалардың қатысуынсыз қабылданып, бекітілген ережелер күшіне енеді. Кім екі қолды партаға қойып, 45 минут бойы тапжылмай отыруды оңай, жан мен тәнге жайлы амалдар деп айта алады? Сіз ересек адамсыз: тура солай отырып көріңізші бір сабақ уақытын... Қиын болар... Мұндай тәртіптің қажеті бар ма екен өмірде? Әй, қайдам...
Қазіргі жұмыс жасап жүрген қызметіңізде осы сынды ережелер орын алса қалай болар еді? Мәселен, бір кабинетте отырып, бір жаққа (көрші кабинетке, далаға, әжетханаға, т.б.) шығу үшін немесе қарсы бұрыштағы әріптесіңізбен тілдесу үшін бастығыңыздан рұқсат сұрайтыныңызды көз алдыңызға елестетіңізші... Күлкілі жәйт емес пе!
Мұндай тәртіптің орнығуын тек түрмеден көруге болатын шығар. Есіме «Оскар» сыйлығының иегері голливудтық «Шоушенк түрмесінен қашу» атты фильм түседі: оның басты кейіпкері түрмеде қырық жылдай отырып, бостандыққа шыққаннан кейін, дәрет алу үшін жұмыста бастығынан рұқсат сұрайды, өйтпеген жағдайда оның несебі жүрмейді: қырық жылда сұранып үйренген әдет қанға сіңіп кетеді екен...
Ал мектепте неліктен ондай тәртіп бұлжытпай орындалуын талап ететін заң дәрежесіне көтерілген? Мектеп абақты емес қой!
Мектепке барғанша бала асық болады да, екі-үш ай оқыған соң оның мектепке деген зауқы мен ынтасы бәсеңси беретіндігі неліктен деп ойлайсыз? Байқадыңыз ба: не себепті ата-анасын, атасы мен әжесін «Бұл не? Не үшін? Неліктен? Қалай? Қашан?» деген сұрақтармен әбден жалықтырған бүлдіршін мектепке барғаннан кейін, біраз уақыттан соң мұндай сұрақтарды қоюды кілт доғарады? Бәрін біліп алып, сұрақтары сарқылып қала ма? Жоқ, әлде оның сұрақ қою әдетін мектепте тежеп тастай ма? Немесе сабақтардың дені оның қалауы мен мұқтаждарын ескермегендіктен, білім алу процесі ол үшін қызықты емес шығар?
Ойлай білуге үйрену/үйрету
Ақылды адам деп жадында көп мағлұмат сақтаған адамды атамай, өмір алдымызға тосқан (кәсіби, әлеуметтік, экономикалық, т.б. тұрғыдан) кез келген мәселе мен проблеманы шеше алатын адамды айтамыз. Шындығында да өмір осындай проблемалардан тұрады емес пе? Ал ақылды адам олардың шешімін тауып, сол шешімдерді практикада қолдана біледі. Бүгінгі күні технологияларға сүйенген заманда қоғам үшін осындай тұлғалар қажет.
Проблемаларды шешу үшін адам бірінші кезекте ойлай білуі керек, демек қазіргі кезде ойлау мен ойлай білетін адамдардың маңызы ерекше. Тіпті терең ойлай білу - адамның (тұлғаның, маманның) басты қасиеті де болар: ойлау арқылы ғана адам бұл өмірден өз орнын табады.
Ғұлама ғалым Альберт Эйнштейннің «Дыбыс жылдамдығы қандай шама?» деп сұраған бір әйелге: «Мадам, мен сөздіктер мен анықтамалардан алуға болатын деректерді ешқашан да есімде сақтамаймын!» деп жауап бергені мүмкін сол себепті де болар? Сол себепті де компьютер шығаратын алпауыт компаниялардың бірі ІВМ-ның бас офисіне кіре берісте келесідей ұран жазылған: «Бас адамға есте сақтау үшін берілмей, ойлау үшін берілген! Ал есте сақтау үшін компьютерлер шығарылған!»
Қазіргі күні ғалымдар ойлаудың үш түрін ажыратады:
1. Сыни ойлау.
2. Проблема шешуде қолданатын ойлау.
3. Шығармашылық ойлау (Некоторые вопросы образования-2, 33-36).
Кесте №1
Сыни ойлау
|
Проблема шешуде қолданатын ойлау
|
Шығармашылық ойлау
|
- Белгіленген критерийлер бойынша бағалау
- Рефлексия түріндегі күмәндану
- Дербес түрде пайымдау, қорытындылау
- Логикалық талдауды қолданады
- Жүйелі түрде ойлау
|
- Аналитикалық ойлау
- Эмпирикалық ойлау
- Жүйелі түрде ойлау
- Эвристиканы қолданады
- Алгоритмдерді қолданады
- Конвергенттік ойлау
- Сызықтық ойлау (проблемалар бірінен соң бірі шешіледі)
|
- Интуитивтік ойлау
- Жорамалдылық
- Күмәндану
- Әртүрлі тәжірибе-лерді жинақтайды, біріктіреді
|
Достарыңызбен бөлісу: |