Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



жүктеу 1,84 Mb.
бет19/21
Дата01.01.2020
өлшемі1,84 Mb.
#25678
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21

Диспутты өткізу

1. Кіріспе

- Жүргізуші пікірталасты ашып, оның тақырыбы мен мақсаттарын хабарлап, оларға түсініктеме береді.

- Пікірталаста сарапшылар (немесе төрешілер) алқасын да сайлауға болады. Олардың қатарына оқытушылар, мамандар, пікірталасқа қатынаспайтын студенттер кіреді. Сарапшылар пікірталастың жеңімпазын анықтаумен айналыспай, пікірсайыста туындауы мүмкін мәселелерді шешіп, ережелердің қадағалануын бақылайды.

- Жүргізуші пікірталасқа қатысушы жақтарды көрермендерге таныстырып, пікірталас ережелері мен регламентін жариялайды. Осыдан кейін ол сөз сөйлеу ретін анықтайды (жеребе тастап, немесе алдымен сөзді қандай да болмасын көзқарасты жақтаушыларға береді: мұндайда қарсы шығушылар сөз кезегін екінші болып алады).



2. Бірінші позицияны жақтаушылардың сөзі

- Алдымен бірінші позицияны жақтаушы (шешен, спикер) сөйлеп, топ пікірін белгіленген уақыт аумағында (мәселен, 3 минут) келтіреді, оны түсіндіреді, дәлелдейді.

- Оның сөзінен кейін екінші пікірді жақтаушылар сұрақтар қояды да, спикер берілген сұрақтарға жауап береді.

- Келесі кезек қарсы көзқарас ұстанған жаққа беріліп, оның өкілі бірінші жақтың позициясының кемшіліктері мен олқылықтарына тоқталып, олардың көтерген проблемасы бойынша басқа шешім ұсынып, қарсыластарына тағы да сұрақтар қояды (бұл әрекетке уақыт азырақ беріледі, мәселен, 2 минут).

- Бірінші көзқарасты ұстанушылар өз позициясын нақтылай түсіп, сұрақтарға жауап береді (2 минут).

3. Екінші позицияны жақтаушылардың сөзі

- Енді тура сол ретпен екінші позицияны жақтаушы (шешен, спикер) сөйлеп, өз пікірін белгіленген уақыт аумағында (3 минут) түсіндіреді және дәлелдейді.

- Оның сөзінен кейін бірінші пікірді жақтаушылар спикерге сұрақтар қояды да, спикер берілген сұрақтарға жауап береді.

- Кезек бірінші көзқарас ұстанған жаққа беріліп, оның өкілі қарсы жақтың позициясына тоқталып, солардың көтерген проблемсы бойынша басқа шешім ұсынып, қарсыластарына тағы да сұрақтар қояды (2 минут).

- Екінші көзқарасты ұстанушылар өз позициясын нақтылай түсіп, сұрақтарға жауап береді (2 минут).

4. Екі позицияны айқындайтын сұрақтар

- Пікірталасқа қатысушы екі жақ бір-біріне ұстанымдарын нақтылайтын сұрақтар қойып, оларға жауап береді.

- Бұл әрекетке 3-5 минут берген орынды. Әр команда сұрақтарға дайындалуға мұрсат алғандығы да дұрыс болады. Олар бірлесе отырып, өз жауаптарын талқылап, өз араларынан кімнің сөйлейтіндігін белгілейді.

5. Позицияларды қорытындылау

- Қарсы жақтарға соңғы сөз беріледі. Берілген уақыт ішінде (мәселен, 3 минут) әрбір жақ кезекпен өз позициясы бойынша соңғы дәлелдер мен уәждерін келтіреді.

- Пікірталас барысында топтардың ұстанымдары қарсы жақтың ықпалымен өзгерістерге ұшырауы ықтимал (мүмкін мұндай өзгерістерді міндетті түрде талап ету керек те болар, өйткені бейімделу мен өзгеру - пікірталастың басты мақсаттарының бірі).

6. Пікірталасты қорытындылау

- Жүргізуші сарапшылар алқасына сөз береді. Сарапшылар даудың қалай өткендігі жайлы өз пікірлерін келтіріп, әр жақтың позициясына тоқтап, оларға баға береді.

- Жүргізуші пікірталастың қалай өткендігін қорытындылайды. Ол жеңімпазды анықтау ісімен айналыспай, пікірталастың өз мақсатына жеткен-жетпегендігі туралы сөз қозғайды.

7. Пікірталасты бағалау

- Студенттер ауызша пікірталастың қалай өткендігі туралы өз ойларымен бөлісіп, пікірталасқа және өз әрекеттеріне баға береді. Осыдан кейін олар өз пікірлерінің дискуссия барысында қаншалықты өзгергендігі туралы жазады. Диспутты бағалау бойынша студенттерге келесідей тапсырмалар беруге болады:

- Пікірталас қалай өтті? Ол Сізге ұнады ма?

- Пікірталаста не нәрсеге үйрендіңіз?

- Өз әрекеттеріңізді қалайша бағалайсыз?

- Пікірталаста қай көзқарас ұстанғандар жеңіске жетті деп ойлайсыз?

- Пікірталастың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз немесе ұсыныстарыңыз бар?

- Келесі пікірталаста қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?

Интернет материалдары бойынша
«Бұрыштар» пікірталасы
1. Оқытушы тақырып бойынша екі немесе одан да көп баламалы шешімдері бар проблеманы анықтап, оларды жариялағаннан кейін студенттерді шағын топ құрамында осы мәселені «Ой қозғау» тәсілін қолдана отырып талқылауды ұсынады.

2. Оқытушы студенттерге көзқарастардың бірін таңдап, үш минут ішінде ұстанған позицияларды дәлелдейтін аргументтерді жазуды тапсырады.

3. Бірінші көзқарасты ұстанған студенттер аудиторияның бір бұрышына, басқа пікірді жақтағандар екінші бұрышына, ал енді үшінші немесе төртінші позицияны таңдағандар бөлменің басқа бұрыштарына барып тұрады.

4. Оқытушы талқыланып жатқан проблема бойынша алдын-ала дайындаған мәтінді (мақала, лекция, ғылыми монография, т.б.) студенттерге таратып береді. Студенттер шағын топ ішінде мәтінді өзара бөліп, өздерінің позициясын қуаттайтын дәлелдер іздейді. Әр топтан 1-2 студент осыдан кейінгі пікірталаста топ пікірін білдіретін спикер (шешен, сөйлеуші) болып таңдалады.

5. Топтарға кезекпен сөз беріледі. Спикерлер 1-2 минут аралықта өз топтарының позицияларын айқындайды.

6. Енді сөз топтардың басқа да мүшелеріне беріліп, олар да пікірталасқа араласады. Топтарды пікірталасқа ынталандыру үшін оқытушы тарапынан студенттерге келесідей сұрақтар қойған орынды: «Неліктен бірінші топтың мүшелері үшінші топтың көзқарасын қабылдамады?», «Сіздер екінші топтың қандай пікірімен келіспейсіздер?», «Неліктен бірінші топтың студенттері сіздерді өз көзқарасына иландыра алмады?», «Неліктен сіздер өз позицияларыңызға өзгеріс енгізбедіңіздер (енгіздіңіздер)?».

7. Пікірталас кезінде студенттерге олардың өз көзқарастарын өзгертіп, басқа топтарға ауыса алатындығын ескерту керек. Оқытушы тіпті студенттерді өз пікірлерін өзгертуге ынталандыру керек. Бұл жәйт олардың ойлану жұмысына қызу түрде қатысқандығын және ойлау икемділігінің жоғары деңгейін көрсетіп, топтың басқа мүшелерінің жауапкершілігін көтереді: олар жақтастарынан айрылып қалмау үшін пікірталаста дәлелді болуға тырысады.

8. Пікірталас соңында әрбір топқа өз позициясын қысқа түрде (1 минут) басқалардың алдында ауызша тұжырымдау мүмкіндігі беріледі (спикерлер сөйлеп болғаннан соң оларға сұрақтар қойылмайды).

9. Пікірталас аяқталғаннан кейін оқытушы студенттерге өз ұстанымдарын эссе түрінде жазбаша келтіруді тапсырады.

(Бұл тәсіл «Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген V- құрал. - Алматы, 1998» кітабы бойынша келтірілді).
«Академиялық даудамай» пікірталасы
1. Оқытушы сабақта қарастырылып жатқан тақырып бойынша кемінде екі шешімі бар проблеманы студенттерге жария қылады.

2. Студенттер төрт адамнан тұратын шағын топтарға бөлінеді.

3. Топ ішінде студенттер қарама-қарсы көзқарастар бойынша екі-екіден бөлініп, жұптаса отырып, өз позициясын қорғауға дайындалады (бұл жерде студенттер жұптарға өз қалауы бойынша немесе тіпті оқытушы нұсқауымен бөлінуіне болады).

4. Жұптар уақытша бұзылып, студенттер аудитория ішінде өз жақтастарын тауып, басқа жұптар құрып, өз дәлелдерімен бөліседі, оларды толықтырады.

5. Студенттер алғашқы жұптарына қайта оралып, басқа студенттерден естіген дәлелдерін ортаға салып талқылайды, алдағы пікірталасқа дайындалады.

6. Жұптар топ ішінде кезекпен екінші жұпқа өз позициясын жеткізеді. Қарсы жақ мұқият тыңдап, туындаған ойларын қағазға түртіп отырады.

7. Екі жұп бір-біріне сұрақтар қойып, жауап беріп, өз ұстанымдарын жақтап, пікірталасқа кіріседі.

8. Пікірталас тоқтатылып, екі жақ келісім мен мәмілеге келетіндей ортақ шешімді іздестіреді. Мұнда әр жақтан ұтымды дәлелдер ескеріледі.

9. Бағалау. Студенттер пікірталаста туындаған өз ойлары, позициялары мен ұстанымдарын қағазға түсіріп, әрекеттері бойынша есеп береді.

(Бұл тәсіл «Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген V- құрал. - Алматы, 1998» кітабы бойынша келтірілді).


2. ОЙЫНДАР
Жоғары мектептің оқу процесінде қолдануға тиімді ойындардың ішінен келесідей түрлерін қарастырып кетуді ұйғардық:

1. Рөлдік ойындар

2. Іскерлік ойындар

а) Іскерлік оқу ойындары

- саяхат ойындары

- блиц-ойындар

ә) Өндірістік ойындар

3. Имитациялық ойындар
2.1 Рөлдік ойындар
Рөлдік ойындар - тиімді интербелсенді әдістердің бірі.

Педагогика саласында зерттеу жүргізетін ғалымдардың басым көпшілігі оқу/оқытудың ойын әдістерін кәсіби дамуды қамтамасыздандырудағы ең тиімді әрі болашағы зор тәсілдер деп есептейді. Өйткені іс-әрекет арқылы үйрену/үйрету – танымның ең тиімді тәсілі екендігі баршаға аян: адам жадында бірінші мезетте өзінің жасағаны мен бастан кешкен әсерлері қалады. Ал рөлдік ойындар студенттердің өздерін басқа адамдардың орнына қойып, мәселе немесе проблеманы солардың тұрғысынан қарастырып, шешімді өз «қолдарымен» жасауды меңзейді.

«Ойын» сөзі сабақта инсценировканың орын алып, әрекеттердің спектакль түрінде көрсетілетіндігін меңзейді. Ал «рөлдік» сөзі әр қатысушының белгілі бір рөл орындайтынын және де бұл рөлдің басқа рөлдердің қатарында болып, олармен тығыз қарым-қатынаста болатындығын білдіреді. Бұл қарым-қатынас өмірде орын алған қарым-қатынастарды қайталайды, сол себепті де рөлдік ойындар қоғамда кең етек алған проблемалар мен оларды шешудегі тиімді әрекеттерді меңгеруді мақсат тұтады. Мұнда студенттер пікірталастағыдай өз түсініктері мен көзқарастарынан туындаған позицияларды ұстанбай, өздерін басқалардың орнына қояды.

Бұл әдіс студенттерде жинақталған теориялық білім, практикалық тәжірибе, өмірде ұстанатын құндылықтарды еркін түрде меңгеру және қолдану дағдыларын қалыптастырады.

Рөлдік ойындарда студент өзінің теориялық білімдерін өмірде (практикада) кездесетін ситуациялар мен жағдаяттарда қолданады. Ол мұндай ойындарда проблемалардың мазмұны мен мән-жайын дұрыс түсінетіндігін көрсетеді, олардың шешу жолдарын қарастыру арқылы өзінің шығармашылық (креативтік) деңгейін дамытады.

Рөлдік ойындарды жүргізу алдында оқытушының әдістемелік тұрғыдан жан-жақты дайындалуы шарт, ол әсіресе келесі мәселелерді алдын-ала мұқият талдап алуы керек:



  • ойынды өткізудің әдістемесі (ойын шарттары мен ережелері, мақсаттары, кезеңдері, қатысушылар, т.б.);

  • ойынның мүмкін нәтижелерін болжау;

  • ойынның нәтижелерін қорытындылау.

Рөлдік ойындардың екі түрін ажыратуға болады:

1. Әрбір студент рөл ойнайды.

2. Студенттердің шағын топтары рөл ойнайды.

Рөлдік ойынның бірінші түрі студенттердің қандай да бір берілген тапсырмаларды орындау барысында топ ішінде рөлдерге бөлініп, сол рөлдердің ерекшеліктеріне сәйкес әрекеттер атқаруды меңзейді.

Мұндай ойындарда келесідей рөлдерді қолдануға болады:

Автор - өз көзқарасы мен пікірін келтіруші, ұсынушы.

Түрлендіруші - автордың ұсынысын толық қабылдамай, өз түсінігін құрастыратын, содан туындаған ойларымен басқалармен бөліседі.

Сыншы (немесе Пессимист) - талқылау барысында қабылданған шешімдерге күмән келтіріп, өзгеше ұсыныс жасап, басқа шешімдер мен көзқарастар келтіреді.

Ұйымдастырушы (немесе капитан) - жасалған жұмыстың барлығын да үйлестіріп, қатысушылардың жеке пікірлерін жинақтауға, біріктіруге ұмтылып, оларды автордың көзқарасын дамытуға бағыттайды.

Қуаттаушы (немесе Оптимист) - қандай да болмасын келтірілген ұсыныс пен әрекетті демеп, қолпаштап отырады. Оның жұмысы сыншы рөліне қарама-қарсы. Ол өз жұмысында мақтау мен мадақтауды, арқадан қағу мен қол шапалақтауды қолданады да, солар арқылы топ ішінде көтеріңкі көңіл-күй орнатуға бар күшін салады.

Суретші - топ жұмысының нәтижелерін плакатқа маркермен түсіруші.

Бұлардан басқа да рөлдерді қолдануға тұрарлық, оларды қолдану («ойнау») ойынның мақсаттары мен жоспарланған нәтижелеріне байланысты болады:



  • идея келтіруші («идеялар генераторы») - үнемі өз ойларын келтіріп, топтың әрекеттерін соларды жүзеге асыруға бағыттаушы;

  • ақын - бірлескен жұмысты жандандыру мақсатында топ жұмысына немесе мүшелеріне арнап өлең мен ұйқастар шығарушы;

  • күмәнданушы (немесе скептик) - сыншы секілді әр идея, ой мен әрекетті күмәнданып қабылдаушы, қарсы пікір айтушы;

  • барлаушы - басқа топтарда жұмыстың қалайша жүріп жатқандығын анықтаушы;

  • жылнамашы - топ жұмысының барысы мен қатысушылардың әрекеттерін қағазға түсіруші;

  • бақылаушы – ойын ережелері мен рөлдерді орындау үшін қабылданған тәртіптерді, қатысушылар әрекеттерінің аяққы нәтижеге бағытталуын қадағалаушы.

Мұндай рөлдік ойындарда келесідей ережелер қабылдаған орынды:

  • Рөлдер ерікті түрде таңдалады.

  • Әр қатысушы рөлдерге тиеселі міндеттер мен қызметтерді (функцияларды) барынша орындап, қадағалауы керек.

  • Ойын барысында қатысушылардың рөлдермен алмасуына болады.

  • Ойын барысында қатысушылар басқа да рөлдерді ойлап тауып, оларды орындауларына болады.

  • Ойын аяғында әр қатысушы өзінің әрекеттері мен топ жұмысына жазбаша түрде есеп беруі керек.

Осындай рөлдерді қолданатын ойынның мысалы ретінде халықаралық «Street Law» бағдарламасы ұсынған бір ойынды келтірейік.
«Көшбасшылық» ойыны

(«Ерлер мен әйелдердің теңдігі» тақырыбы бойынша)



Студенттерді жеті адамнан тұратын шағын топтарға бөліп, олардың мүдделерін ескеретін тапсырмалар беріңіз: мәселен, «Студенттік топ екі күнгі демалуға 600 доллар жинады. Бұл ақшаны қалайша ұстауға болады?»

Топтардың әр мүшесіне келесідей карточкаларды үлестіріңіз:

1. Сіз нағыз көшбасшысыз. Сіз әрқашан да дұрыс шешім таба аласыз.

2. Сіз көпті көрген, өте тәжірибелі адамсыз. Өзіңіздің өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып, Сіз әрқашан жақсы шешім ұсынасыз.

3. Сіз ылғи да күмәнданып, бәріне де сенімсіздікпен қарайтын адамсыз.

4. Сіз қандай да болмасын идеяны жоққа шығара білетін сыншысыз.

5. Сіз еш келісімге келе алмай жүргендерді татуластыра білетін бітімгерсіз.

6. Сіз қорытындылауды жақсы білетін аналитиксіз.

7. Сіз өзіңіздің жұмысқа деген жеңілтектігіңізбен қандай да болмасын ұмтылысты жоққа шығарасыз.

Топтар ішінде көшбасшы рөлдері қыздарға тиетін болсын. Барлық қатысушылардың өз рөлдерін тиянақты түрде ойнауын қадағалаңыз.

Әрбір студент өз карточкасын басқаларға көрсетпей оқып, сол бойынша өз рөлін орындайды. Топтардың шешім қабылдауы үшін жеткілікті уақыт беріңіз. Әдетте бұл ойында топтардың біреуі де дұрыс шешім қабылдай алмайды, өйткені әр топта өзін көшбасшы санайтындар аз емес. Топтардағы жұмыс ылғи да қызу және тартысты өтеді.

Ойынды қорытындылағанда студенттерге келесідей сұрақтар қойыңыздар:

- Неліктен сіздер ортақ шешімге келе алмадыңыздар?

- Жұмыстарыңызда қандай қиыншылақтар туындады?

- Бұл қиыншылықтарды қалайша жеңуге болар еді?

- Кім өзін көшбасшы деп санады?

Қорытынды. Бұл ойын нормативтік актілерде әйелдердің басшылыққа қатысу құқығы бекітілсе де, олардың көшбасшылық тәжірибесінің әлі де жетіспеушілігін дәлелдейді. Әйелдердің өздері саяси жігер көрсетуі керек, өйткені қоғамның оларға көмек көрсете алмауы да мүмкін.

Көшбасшылық тәжірибесін қалайша иеленуге болады?

Мұнда көшбасшының туа біткен қасиеттерін, жақсы сөйлей білуін, мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуын, «Пікірталас», «Сыни ойлау», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сияқты бағдарламаларға қатысуын, қарым-қатынас дағдыларын дамыту секілді біліктерді атауға тұрарлық...

(«Методическое пособие для тренера. Программа «Street Law». Сост. Мухтарова А.К., Булуктаев Ю.О., Калинина А.А., Асанбекова Г.С. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2001», 137 с.).

Екінші аталған рөлдік ойында студенттердің тобы бүкіл қоғамның кішірейтілген моделі немесе қоғамдық процестің бір көрінісі ретінде қарастырылып, оларға ойын түрінде қоғамдық қатынастарды (проблемаларды, ситуацияларды, т.б.) қайталау, модельдеу, имитациялау, «ойнап шығу» тапсырмасы беріледі. Сол себепті де мұндай рөлдік ойындардың басты тақырыбы – «қоғамды» ойнау, қоғам проблемаларын қарастыру және талқылау. Рөлдік ойындардың бұл түрі бірінші вариантқа қарағанда жоғары мектеп практикасында көбірек пайдаланатындығын ескертіп өту керек.

Рөлдік ойындардың мұндай түрінде қатысушылардың топтары әртүрлі қоғамдық топтардың рөлдерін орындайды, мәселен: мемлекет, өкімет, парламент, партиялар, бизнес өкілдері немесе субъектілері (компаниялар, фирмалар, кәсіпорындар, банктар, жинақтаушы қорлар), жалдамалы жұмысшылар немесе әлеуметтік топтар (оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, мемлекеттік бюджет тарапынан қызмет жасаушылар).

Мұндай ойындардың тақырыбы ретінде әлеуметтік сипаттағы келесідей ситуацияларды таңдап алуға болады:

- парламентте заң қабылдау немесе заңға өзгертулер енгізу,

- парламентте өкімет әрекеттерін партиялар мен әлеуметтік топтар тұрғысынан талдау және баға беру (мысалы, экономикалық дағдарыстан шығу саясаты),

- парламентте немесе өкімет отырысында әлеуметтік топтардың ахуалын қарастыру (немесе болжау),

- келісім шарт жасау (мемлекетаралық, мемлекет пен жекеменшік компаниялар, компания мен қызметкерлер арасында),

- қызметкерлерді таңдау (кастинг) және жұмысқа қабылдау,

- компанияның бір жылдық (тоқсандық) жұмысын талдау және бағалау,

- компанияның дағдарыстан шығу жолдарын талқылау,

- компанияның рынокқа шығу мақсатында өз өнімдерін презентациялау,

- компанияның даму мәселелерін талқылау және т.б.


Рөлдік ойынды келесідей ұйымдастыруға болады

1. Проблема (тақырып) айқындау.

Оқытушы студенттерге алдан-ала талқылауды, пікір таластыруды қажет ететін тақырып немесе шешімі қажет проблеманы ұсынады. Студенттер жекелей тақырып немесе проблеманы қарастырып, ұсынылған әдебиетпен танысып, сабаққа дайындалып келеді.



2. Рөлдік топтарға бөліну.

Бұл әрекет сабақтан тыс уақытта өтеді: студенттер әртүрлі көзқарастар мен позицияларды ұстанған топтарға бөлінеді (әр топта студенттердің саны 10-нан аспағаны дұрыс). Студенттердің командалары пікірталастағыдай ұстанған көзқарастар бойынша жасақталмай, басқа тұрғыдан жасалуы керек, өйткені ойында студенттер басқа біреудің позициясын ұстанып, проблема шешудің жолдарын қарастырады.

Егерде рөлдік ойында ауқымды мәселелер талқыланатын болса, онда студенттер қоғамның негізгі саяси және әлеуметтік топтары немесе олардың мүдделерін жақтайтын саяси партиялар, кәсіпорындар, компаниялардың рөлдерін «ойнайды». Ал егер ойын қандай да бір әлеуметтік маңызы бар проблеманы көпшілік тұрғысынан шешуге бағытталса, онда студенттер пікірлер мен көзқарастар тұрғысынан бөлінеді: «жақтаушылар» немесе «қарсы шығушылар», «жаңашылдар» немесе «консерваторлар».

Мұндай топтардың кемінде екеу болғаны дұрыс. Алайда қоғамда сан алуан пікірлерді туғызатын мәселелерді қарастырғанда (мәселен, ұлт мәселесі, экономикалық дағдарыс, рухани ахуал), топтар санын ұлғайтып жіберуге де болады. Бірақ олардың жалпы саны 4-5-тен аспағаны дұрыс, өйткені рөлдердің көптігі талқылауды бөлшектеп жіберіп, сабақты ұйымдастыруды қиындатуы ықтимал.

Топ ішінде де студенттер жеке рөлдерге бөлінуі мүмкін. Мұндай бөліну екі тұрғыдан жүзеге асырылады:

1) Лауазымдық тұрғыдан, яғни әлеуметтік топ ішіндегі қызметтеріне сәйкес бөліну.

Мысалы, егер студенттер тобы өкімет рөлін ойнайтын болса, онда студенттер премьер-министр, министрлер рөлдерін өзара бөліп алуы керек.

2) Қызмет (функция) тұрғысынан, яғни топ ішінде ұстанатын позиция мен атқаратын әрекеттерге сәйкес бөліну.

Мәселен, студенттер жоғарыда келтірілген көшбасшы, ынталандырушы, күмәнданушы, сынаушы, т.б. рөлдерді өзара бөліске салуы мүмкін.

3. Рөлдерді талқылау.

Рөлдер таңдалғаннан кейін, студенттер топ ішінде олардың басты ерекшеліктерін айқындап, қандай позиция ұстанып, рөлдерді қалай ойнау керектігін талқылайды.



4. Өз ұстанымын дәйектеу.

Топтар өз ұстанымын құрастыру үшін бірнеше беттік баяндама жасайды. Баяндаманы дайындау кезінде студенттер өз әрекеттерін таңдап алған рөлдері бойынша атқарады.



5. Жариялау.

Әрбір рөлдік топ берілген тақырып (проблема) бойынша өз позициясын жариялауы керек. Бұл үшін топ атынан спикер берілген уақыт ішінде (5-8 минут) басқа қатысушылар алдында сөйлеп, оларға топ ұстанымын жеткізеді.



6. Пікірталас.

Студенттер өз позицияларын негіздейді, дәлелдейді. Олар мұнда басқалардың пікірімен санасу, бітімгершілікке келу, мағыналы сөздерді демагогиядан ажырата білу секілді дағдыларды меңгереді.



7. Қорытындылау.

Оқытушы рөлдік ойынның берілген тақырыпты (проблеманы) қандай деңгейде ашқандығы, бұл жұмыстағы студенттердің кәсіби деңгейі туралы ой қозғап, өзінің де позициясын келтіреді. Студенттер өз ұстанымдары мен рөлдері жайлы, ойынның қандай деңгейде өткендігі туралы пікірлерін алдымен ауызша келтіріп, соңынан жазбаша есеп береді. Егерде олар өзінің қателерін анықтап, оларды түзету үшін қандай білім мен дағды керектігін түсінсе немесе өз әрекеттерінің дұрыстығына көздерін жеткізсе, бұл жәйттер ойынның өз мақсатына жеткендігін меңзейді.

Қорытындылауда басты назарды практика үшін маңызды әрі қолайлы ойын нәтижелерін талдауға аударған дұрыс. Сонымен бірге қорытындылауда бүкіл ойын барысын талдап, оны ой елегінен өткізгенде, келесі әрекеттерді талқылаған орынды:


  • жеке, топтық, топ аралық ойлау әрекеттерінің өзгерістері;

  • тұлға аралық қатынастардың өзгеруі нәтижесінде туындаған ұжымдық пікірлердің қалыптасуы;

  • студенттердің пікірлері мен рөлдерінің өзгеруі, олардың қарым-қатынас динамикасы.

Рөлдік ойындар үйренушілерде келесідей біліктерді қалыптастыруға септігін тигізеді:

  • қарым-қатынастық (коммуникативтік) дағдылар;

  • шағын топтарда жұмыс жасау дағдылары;

  • толеранттылық (басқаның пікірі мен көзқарасын қабылдау, оларды сыйлау, олармен санасу, төзімділік пен шыдамдылық);

  • өзіндік тұрғыдан ойлау, пікір және көзқарас қалыптастыру, позиция (сенім, құндылықтар) таңдау, т.б.

- үйренгенді (білім, білік, дағды, түсініктер, т.б.) практикалық тұрғыдан қолдану;

- өздерінің үйрену деңгейін анықтап, оны әрі қарай дамыту.


2.2 Іскерлік оқу ойындары
Іскерлік оқу ойындарында студенттер қандай да бір сценарий ауқымында рөлдерді өзара бөлісіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу және деректерді талдау арқылы нақты практикалық мәселелерді бірлесе отырып шешеді. Оқу ойындарының сценарийлері тақырып ауқымында болып, күрделі мәселелерді ойын тұрғысынан, «ойнап» шешуге бағытталады.

Оқу ойындарының екі түрін ажыратуға болады:

1. Сабақ тақырыбы бойынша жазылған сценарийлер бойынша (оқытушылар мен студенттердің өздері жазған) қысқа ситуацияларды ойнау.

2. Компьютерді қолданатын ойындар

- мультимедиалық ойындар,

- Интернетте ақпарат табу әрекеттеріне негізделген іздеу ойындары.

Компьютерлік ойындарда студенттер бірнеше топқа (командаларға) бөлініп, бөлек аудиторияларда отырып, бір-бірімен Интернет арқылы байланысуына болады.

Оқу ойындары сценарийлерінің негізінде қандай да болмасын мәлімет (оқулықта немесе басқа да ақпарат көздерінде берілген құжат, оқиға, мәтін, деректер) жатады. Мәлімет сценарийде өзінің деректік формасынан айрылып, студенттердің рөлдерге бөлініп, ойнауына мүмкіншілік туғызатын қызықты оқиғаға айналуы керек.

Оқу ойындарында бірінші кезекте студенттердің қиял мен фантазиясына жол ашу керек. Бұл әсіресе саяхат ойындарында сәтті түрде жүзеге асырылады. Студенттер саяхат ойындарында көркем шығармалар мен кітаптар, тарихи оқиғалар, аңыздар, карталар, құжаттар бойынша тарихи, географиялық, өлкетанушылық, ғылыми «экспедицияларды» ұйымдастырып, өз қиялдарынан туындаған оқиғалар мен ситуацияларды құрастырады. Мәселен, «Отырар, 1219 жыл», «Түркістанға саяхат», «Кенесары әскерінің ізімен», «Майкрософт фирмасына экскурсия», «Нюрнберг процесінде», «Желтоқсан, 1986 жыл», т.б. тақырыптар бойынша «экспедиция» ұйымдастыруға болады.

Студенттер мұндай саяхат кезінде өзара бөліп алған ойын рөлдеріне сәйкес әрекеттер атқарып, шығармашылықтарына кеңінен жол береді. Мұндай рөлдер қатарына тарихи тұлғаларды, ғылыми немесе кәсіби мамандарды (тарихшы, мұражай қызметкері, палеонтолог, археолог, геолог, экономист, ғарышкер, ұшқыш, топограф, т.б.) жатқызуға болады.

Саяхат ойындары барысында студенттер күнделік жазып, оқиға болған жерлерден репортаждар беріп, өз жұмысы немесе ашқан «жаңалықтары» бойынша есеп дайындап, достары мен туыстарына хат жазып, әртүрлі мағлұмат жинау ісімен айналысуы мүмкін. Әрине мұндай «құжаттардың» қиял мен фантазия негізінде жазылатындығы сөзсіз.


жүктеу 1,84 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау