Оқушылардың сынып жиналысы
Сынып жетекшісінің оқушылармен атқаратын тәрбие жұмысының негізгі бір формасы, түрі –сынып жиналысы. Онда оқушылар демократия, ашық қарым-қатынас, ынтымақтастық, дербестік және жауапкершілік қағидасын меңгереді.
Сынып жиналысы – оқушылар ұжымында өзін-өзі басқарудың жоғары органы болып есептеледі. Оның негізгі міндеті – ұжым өмірін ұйымдастыру барысында оған қатысты негізгі мәселелерді талқылау. Соған орай, оның негізгі қызметі- ұйымдастырушылық және ынталандырушылық. Оның жұмысының нәтижелі болуы – ұжымды оң өзгеріске бағыттайтын нақтылы шешім қабылдау.
Сынып жиналысы ұжым мүшелеріне тапсырма береді, белсенділерді тағайындайды, мектеп оқушылар ұжымының өзін-өзі басқару ұйымына өкілдік сайлайды, сыныптағы оқу, мәдени, спорт, тазалық секторлардың жұмыс жоспарын талқылап, оның барысы жайында есептерін тыңдайды.
Сынып жиналысы - тек бір мәселе жөнінде тақырыптық немесе бірнеше мәселені талқылау жайында сыныптың оқу-тәрбие жоспарын бекіту , сайлау ұйымдастыру, есеп беру жұмыстарын немесе жаңа мағлұматтарды тыңдау, атқарылған жұмыстардың нәтижесін талқылау.
Мақсатқа сәйкес кейбір сұрақтарды, мысалы сынып бөлмесін жөндеу жұмыстары, емтиханға әзірлік, мектепті бітіру кеші, жорыққа шығу, ұжымның болашақта алдында тұрған істерін шешу т.с.с. жұмыстарды ата-аналар және оқушылар немесе мұғалімдердің жиналысында бірігіп шешуді қарастырады.
Сынып жиналысының тақырыптары ұжымда туындаған мәселелерге сәйкес жоспарланады. Маңыздысы, жоспарлау барысында оны талқылауда сынып белсенділері немесе сынып жетекшісінің басшылығымен оқушылардың өздері белсенділік танытқан жағдайда ғана нәтижелі болмақ.Сынып жиналысы айына бір мәрте өткізіледі.Сынып жиналысы – бұл оқушылар ұжымының өзіндік жұмыстарының формасы. Онда оқушылар мен ұстаздардың құқықтары мен теңдіктері сақталып, әрекеттері бірлікте болады. Соған сәйкес сынып жетекшісі, бір жағдайда, оған әкімшілік пен оқу мекемесінің өкілі ретінде қатысса, екінші жағдайда, сынып ұжымының тең құқылы мүшесі ретінде қатыса алады.Сынып жетекшісі оқушылармен қатар белгілі бір мәселеге дауыс бере отырып, оның орындалуына тікелей басшылық ете алады.
Сынып жиналысын педагогикалық тұрғыдан нәтижелі ұйымдастыру, егер де мұғалім оның болашағын алдын ала бірнеше жылға дұрыс ойластырған жағдайда ғана болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |