https://www.youtube.com/watch?v=0i7m1tLrMeE
ҚЫЗДАР ЕРЕСЕК КӨРІНУ ҮШІН БОЯНАДЫ
Ұлан: Мектеп ережесіне сəйкес оқушы қыздарға боянуға болмайды. Алайда жоғары сыныптағы қыздар мұны ескере бермейді. Бұл сізге таныс жағдай ма? Ботагөз Нұрлыбекқызы: Өтпелі кезеңде жасөспірімдер моральдық қиындықтарды көтере алмай, ішкі ағзаға салмақ түсіріп, омыртқасын қисайтып алады. Қыздар қауымы биік өкше киюге, қысқа киінуге құмартып тұрады. Мұның бəрі жастықтың лебімен жасалатын дүниелер. Кейбіреулер мұны ересек болып көріну үшін немесе үлкендерге қыр көрсету үшін əдейі істейді. Жасөспірімдердің көпшілігінде өзінің бет-əлпетіне көңілі толмайтын сəттер жиі кездеседі. Олар өздерінің кемшіліктерін жасыру үшін бояну керек деп ойлайды. Бірақ бұрын боянып көрмеген қыздар қателіктерге бой алдырып, ұятқа қалып жатады. Мұның өзі жасөспірім қыздар үшін үлкен психологиялық соққы. Табиғи сұлу қыздар да бояуға құштар келеді. Олар мұны ересек көріну үшін жасайды. Жасөспірім кезеңде қыздарға көңіл бөлу жетпейтін сəттер болады. Барлығының назарында болсам екен дейді. Əрине, түрлі-түсті бояуға кез келген адамның көзі еріксіз түседі. Бірақ, бұл қыз туралы жақсы пікір қалыптастырмайтынын ескеру керек. Осы тұста ата-ананың, əпкелері мен жеңгелерінің қолдауы қыздар үшін аса маңызды. Ұлан: Қыздардың табиғаты сұлулыққа құштар келеді. Соңғы жылдары табиғи сұлулық сəнге айналғаны мəлім. Мектеп жасындағы қыздарға күтіну үшін қандай кеңес бересіз? Ботагөз Нұрлыбекқызы: Қыз баланың сұлулығы – оның жастығы, балғындығы. Онымен ешқандай Голливуд жұлдызы бəсекелесе алмайды. Сондықтан бояудан гөрі, нəрлендіргіш маскаларды, жасөспірім қыздарға арналған иісмайларды дұрыс қолдана білген жөн. Қыздар ең алғаш бояну процесін еріннен бастайды. Жасөспірім қыздарға еріндерін қанық түсті далаппен емес, құнарландырғыш гигиеналық далаппен бояуға кеңес беремін. Бұл ерінді ылғалдандырып, жарылудан қорғайды жəне еріннің табиғи түсін айшықтай түседі. Гигиеналық далаптың ерін терісіне ешқандай зияны жоқ. Керісінше, дəрумендерге бай. Мектеп жасындағы қыздарға қасын тергізудің, кірпік өсірудің қажеті жоқ. Бірақ мұны көп қыздар түсіне бермейді. Біздің салонға келетін оқушы қыздардың арасында жасанды кірпік жасататындар, қас боятатындар кездеседі. Жасандылыққа ерте бет бұрмағандарын қалаймын, ақыл-кеңесімді айтамын. Мұны тыңдайтындар да, құлақ аспайтын қыздар да кездесіп жатады. Негізі жасанды кірпік табиғи кірпігі жоқ немесе белгілі бір себептермен кірпігінен айырылған адамдарға арналған. Татуаж да сол сияқты. Бірақ бұлар соңғы уақытта қыздар арасында трендке айналған нəрсе болып кетті. Жасөспірім қыздарға қас-кірпігіне күтім жасауға кеңес беремін. Мысалы, қас пен кірпікті өсіру үшін, қалыңдату үшін майсана майын (касторовое масло) пайдалануға болады. Ұлан: Ақыл-кеңестеріңізге рақмет!
Достарыңызбен бөлісу: |