Асқазан құрылысы, бөлімдері, атқаратын қызметі.
Асқазан (желудок). Асқазан немесе қарын – ас қорыту жолының ең кеңейіп келген бөлімі болып саналады. Сырт пішіні иіліп келген қапшыққа ұқсас. Ол диафрагма күмбезінің астында, құрсақтың сол жағында жатады. Асқазанның оңға қарай бұрылып жіңішкеріп келген бөлігін пилорикалық, дөңес келген сол жағын үлкен иін, ал оң жағындағы ойыс келген жерін кіші иін деп атайды. Осы үлкен және кіші иін тұстары қан тамырлары мен жүйке талшықтарына өте бай болады. Асқазан жоғарғы жағынан (ХІ-ХІІ кеуде омыртқа тұсынан) өңешке жалғасады. Асқазанның төменгі жағында онекі елі ішек, артында көкбауыр, қарынасты безі және сол бүйрек жанасып жатады.
Асқазан кіреберіс (кардиальды) бөлігінен, түбінен (фундальды), денесінен және шығаберіс (привратник) бөліктерінен тұрады. Асқазанның кіреберіс бөлімі өңештің жалғасқан жерін қамтиды. Түбі деп өңешпен қосылар жерінен сәл жоғары жатқан, дөңестеу келген бөлігін айтады. Ал асқазанның шығаберіс төменгі жақ бөлігі, ол оңға қарай иіліп, бел омыртқаның тұсында онекі елі ішекке жалғасып кетеді. Асқазан байламдары арқылы жоғары жағынан диафрагмаға, шығаберіс бөлігімен құрсақ қабырғасына бекиді де, қалған бөлімдері бос жатады. Асқазанның сыйымдылығы орта есеппен 3 литр, ұзындығы 25-30 см, ені 14 см-ге, ал толған кезде созылып, кейде кіндікке дейін жетеді.
Асқазанның сырт пішіні тұрақсыз, себебі тек толу нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге жалпы адамның дене құрылысына және жас ерекшеліктеріне де байланысты. Әйел адамдарда асқазан қиғаштау орналасқан. Жаңа туған нәрестеде асқазан ұршық тәрізді ұзынша келеді, сиымдылығы тек қана 10 мл, жылдам дамып бір аптадан кейін 80-мл-ге дейін барады. Жеті жасқа келгенде алмұрт тәрізденіп өз пішініне қалыптасады.
Асқазан үш қабаттан тұрады: кілегейлі қабатықатпарланып жатады, ал толған кезде жазыла бастайды. Беті бір қабатты сөл шығаратын эпителийден түзілген. Онда көптеген түтікше бездер орналасқан. Түтікше бездер екі түрлі торшадан түзілген. Оның ішкі – негізгі без торшалары пепсин ферментін, сыртқы қоршаушы без торшалары осының белсенділігін арттыратын тұз қышқылын шығарады. Қарынның шыға беріс бөлімінде қоршаушы без торшалары байқалмайды, сондықтан да бұл бөлімі әлсіз сілтілі таза пепсин сөлін шығарып отырады.
Асқазанның ет қабатының ет талшықтары үш бағытта жатады. Сыртқы талшықтары ұзына бой, ортаңғысы көлденең, ішкісі қиғаш талшықтардан түзілген. Көлденең (сақиналы) жатқан талшықтары шығаберіс бөлімінде жақсы жетіліп қысқыш (жом) немесе шығаберіс сфинктерін түзеді. Қысқыш әлсін-әлсін ашылып, қорытылып келген тағамды онекі елі ішекке өткізіп тұрады.
Асқазанның сірі (серозды) қабаты барлық іш қуысындағы мүшелерді, сонымен асқазанды да сырт жағынан қаптап жатады. Осы қабаты қарынның кіші иінінен кіші шажырқай, үлкен иінінен үлкен шажырқай (шарбы май) түзеді де, төмен қарай түсіп ішектер жамылғышына айналып кетеді.
Асқазанда асқазан сөлі мен тұз қышқылының әсерінен ақуыздар мен майлар, көмірсулар жартылай қорытылады. Осымен бірге қарынға түскен микробтар да тұз қышқылының әсерінен жойылып, өлтіріліп отырылады. Белгілі дәрежеге дейін қорытылған тағамдар ас қорыту жүйесінің келесі бөлігі – аш ішекке қарай өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |