Гормондар, олардың қасиеттері мен ұлпаларға әсерінің механизмі. Гормон деген терминді 1902 жылы ағылшын ғалымдары В.Бейлис пен Э.Старлинг ұсынған. Табиғатына қарай гормондарды төрт топқа бөледі: стероидтық гормондар, полипептидтік гормондар, амин қышқылдарының туындылары, белок тектес гормондар.
Стероидтық гормондар холестериннің туындылары болып табылады. Оларға бүйрек үсті безінің қыртысты бөлігінің және жыныс бездерінің гормондары жатады. Полипептидтік гормондарға окситоцин, вазопрессин, амин қышқылдары туындыларына – тироксин, бүйрек үсті бездерінің боз затының гормондары (катехоламиндер), ал белок тектес гормондарға гипофиздің алдыңғы және ортаңғы бөліктері мен аралшық без (ұйқы безі) гормондары жатады.
Организмдегі әсер сипатына қарай гормондар метаболиттік, морфогенездік және үйлесімдік гормондар болып үш топқа бөлінеді.
Метаболиттік гормондар организмдегі зат алмасу процесінің қарқынын реттейді. Мысалы, инсулин, глюкагон, адреналин гормондары көмірсулар алмасуын реттейді; гипофиздің соматотропты гормоны белоктардың түзілуін жандандырып, көмірсулар мен майлардың алмасу қарқынын күшейтеді; қалқанша бездің гормондары организмдегі қуат алмасуын жандандырып, белоктардың, көмірсулардың, майлардың тотығуын жақсартады.
Морфогенездік гормондар торшалардың генетикалық аппаратына әсер ету арқылы синтездеу процестерін жандандырып, торшалардың өсуін, көбеюін, жіктелуін, өзіне тән әрекеттерін реттеп отырады. Олар организм құрылымдарының, мүшелерінің, белгілерінің дамуындағы реттілікті қамтамасыз етеді.
Үйлесімдік гормондар жеке мүшелердің қызмет-әрекеттерін өзгертіп, оларды организм жағдайына сәйкестендіреді. Мысалы, адреналин жүрекке әсер етіп, оның жиырылу күшін арттырады, жүрек жұмысының жиілігін шапшаңдатып, ішек-қарын қимылын баяулатады. Гормондардың бұл тобының әрекеті организмде жүретін процестерді оның физиологиялық күйіне үйлестіруге бағытталады.
Әсер бағытына қарай гормондарды үш топқа бөледі:
Нысана мүшелерге әсер ететін эффекторлық гормондар;
Эффекторлық гормондардың түзілуі мен бөлінуін жандандыратын троптық гормондар;
Гипофиздің троптық гормондарының бөлінуін реттейтін релизинг гормондар. Өз ретінде соңғылар либериндер және статиндер болып жіктеледі.
Гормондар құрылымдық материал да, қуат көзі де болып табылмайды. Олар ерекше реттегіш заттар.
Гормондардарға көптеген қасиеттер тән.
1. Алшақ (дистанциялық) әсер - гормондар өздері түзілген бездерден алшақ орналасқан органдардың қызметіне әсер етеді. Мысалы, гипофиздің алдыңғы бөлімінде түзілген гормондар дененің әртүрлі бөлігіндегі қалқанша без, бүйрек үсті бездер, жыныс бездері т.с.с. органдардың қызметін өзгертеді.
2. Телімді (Өзіндік) әсер - әрбір гормон организмдегі нақтылы процеске ғана ықпал етеді. Мысалы, антидиурездік гормон бүйрек түтікшелерінен судың кері сорылуын реттейді, инсулин қан құрмындағы глюкозаның деңгейін төмендетеді.
3. Зор биологиялық белсенділік. Гормондар өте аз мөлшерде бөлінсе де, күшті биологиялық эффект тудырады. Мысалы, 1 г адреналин 10 млн бақаның оқшауланған жүрегінің жиырылу күшін арттырып, соғуын жиілетеді. 1 г инсулин 125 мың қоянда гипогликемия тудырады. Жүрекке адреналиннің 1:10-7 дәрежедегі дозасы әсер ете алады.
4. Шағын молекулалық мөлшер. Гормондар молекулаларының мөлшері ықшам келеді. Осымен байланысты олар капиллярлар қабырғасынан, торшалар қабығынан (мембранадан) оңай өтеді.
5. Көптеген гормондарға түліктік ерекшелік тән болмайды. Олардың бұл қасиеті практикада әртүрлі малдан алынған препараттарды қолдана беруге мүмкіндік береді. Бірақ әр түлік малдың белоктық және полипептидтік гормондары амин қышқылдық құрамы мен олардың орналасу тәртібі жағынан ерекшеленеді.
6. Гормондар ұлпаларда ұзақ сақталмай, тез бұзылады, сондықтан ішкі секреция бездері оларды толассыз бөліп отырады.
7. Гормондар тек тірі организмде ғана әрекет етеді. Олардың әсері тірі торшалар мен олардың құрылымдарына бағытталған.
Органдарға әсерінің механизміне байланысты барлық гормондар екі топқа бөлінеді: 1) мембрана әсерлі белок тектес ірі молекулалы гормондар, 2) торша әсерлі кіші молекулалы стероидты гормондар мен құрамында азоты бар полипептидтер.
Белок тектес гормондар (тиреотроптық, адренокортикотроптық, гонадотроптық т.б.) торшаның ішіне өтпей, мембрана беткейіндегі рецепциялық аппаттарға (ерекше белоктарға) бекиді де, торша ішіндегі биосинтездік процестерге мембрананың ферменттік жүйелері, простагландиндер, кальций иондары т.б. арқылы әсер етеді.
Стероидты гормондар (эстрогендер, прогестерон, глюкокортикоидтар, альдостерон, тестостерон) және пептидтер (либериндер мен статиндер) торша қабығының беткейіндегі құрылымдармен әрекеттесіп, мембрананың липидтік қабатындағы фосфолипидтермен, натрий тұздарымен, сульфаттармен және глюкоранидтермен байланысады. Осының нәтижесінде суды тартатын қосылыстар мембрананың липидтік қабатынан ажырап, торша ішіне өтеді де, ондағы рецепциялық белоктармен байланысқан соң, гормондар ядро ішіне еніп, ДНК-мен қайтарымды әрекеттестікке түседі де, торшада жүретін әртүрлі процестерге әсер етеді. Стероидты гормондар торша ішіндегі РНК-полимеразаны жандандырып, белоктың (ферменттің) түзілуін реттейді, қуаттық және биосинтездік процестерді күшейтеді, торша қабығының амин қышқылдары мен басқа да заттарға өтімділігін жақсартады.
Организмде гормондар бауыр мен басқа да органдар торшаларында жойылады. Алдымен олар күкірт және глюкурон қышқылдарымен байланысады да, соңынан қосылыс түрінде әр түрлі экскреттер құрамында бөлінеді. Кейбір гормондар сыртқа ешқандай өзгеріссіз де шығарылады. Гормондар әрекеті антигормондар мен кереғар гормондар әсерімен шектеледі.
Ішкі секреция бездері қызметі мен жүйке жүйесі әрекеттерінің байланысы. Гипоталамус – гипофиздік жүйе. Гормондар дербес жеке реттеуші жүйе құрмайды. Олар нысана органдар торшаларына не тікелей, не жүйке жүйесі арқылы әсер етеді. Гормондардың әсері ферменттік жүйе арқылы жүреді. Гормон ферменттердің концентрациясы мен белсенділігін өзгерте отырып, торша қабығының оларға өтімділігін күшейтеді, не әлсіретеді, сол арқылы ферменттердің субстратқа ықпалын арттырып, не тежеп отырады. Организмде орталық жүйке жүйесі мен ішкі секреция бездері тығыз байланыста әрекет етіп, әртүрлі функциялардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді.
Ішкі секреция бездері рефлекс доғасының эффекторлық (орындаушы) бөлігі болып табылады. Әрбір без вегетативтік жүйке жүйесінің рецепциялық және эффекторлық талшықтарымен жабдықталады. Жүйке талшықтарымен таралған тітіркеніс гормондардың түзілуі мен олардың белсенділігін өзгертеді де, ішкі секреция бездеріне тікелей әсер етеді.
Гормондар қан арқылы орталық жүйке жүйесінің қызметіне әсер етеді. Өз кезегінде ішкі секреция бездерінің қызметін реттеуде орталық жүйке жүйесі, оның аралық мида орналасқан аймағы (гипоталамус) маңызды рөл атқарады. Гипоталамус гипофиздің қызметін, ал гипофиз барлық ішкі секреция бездерінің әрекетін реттейді. Осымен байланысты бұл екі құрылымды күрделі нейроэндокриндік кешен – гипоталамус-гипофиздік жүйеге біріктіреді.
Гормондар жүйке жүйесімен салыстырғанда нысана мүшелерге бапты әсер етіп, олардың әрекетінен туындайтын өзгерістер баяу дамиды. Сондықтан гормондар ұлпалардың жіктелу процесін, мүшелердің қалыптасуын реттеуде маңызды қызмет атқарады.
Гипоталамус ядроларының нейросекрециялық торшаларында нейросекреттер түзіледі. Олар гипофиздің артқы бөлігіне жүйке талшықтары бойымен, ал алдыңғы бөлігіне - гипофиздің қақпалық жүйесі деп аталатын арнаулы қан тамырлары арқылы тасымалданады.
Гипоталамустың супраоптикалық және паравентрикулярлық ядроларының ірі торшаларында вазопрессин (антидиурездік гормон) және окситоцин түзіледі. Олар гипоталамус-гипофиздік жолды құрайтын, капиллярлармен тығыз жанасатын нейросекрециялық торшалар аксоны бойымен ірі полипептид - нейрофизиннің құрамында түйіршіктер түрінде нейрогипофиз капиллярларына тасымалданады. Нейросекрециялық торшалар қозған кезде осы түйіршіктер бұзылып, гормондар босанып шығады.
Гипоталамустың ұсақ торшалардан құралған аймағында релизинг гормондар деп аталатын нейрогормондар түзіледі. Олар гипофиздің алдыңғы бөлігінің гормондарының түзілуін не күшейтіп, не әлсіретіп, отырады. Гормондардың түзілуін күшейтетін нейросекреттерді либериндер, ал әлсірететіндерін - статиндер деп атайды.
Гипофиз, оның құрылысы мен қызметі. Гипофиз барлық омыртқалы жануарларда кездеседі. Құрылысы жағынан ол алдыңғы, аралық (ортаңғы) және жүйкелі, немесе артқы бөліктерге бөледі.
Ішкі секрециялық бездер жүйесінде гипофиз ерекше орын алады. Оған әртүрлі функциялар тән. Гипофиз басқа эндокриндік бездердің қызметін реттеуге қатысады, сондықтан оны орталық без деп есептейді. Гипофиз гормондары организмнің негізгі биологиялық процестерін, денедегі зат алмасуды - судың, минералды тұзардың, көмірсулардың, белоктың, майдың алмасуын реттейді.
Гипофиздің алдыңғы бөлігі бірнеше гормон бөлінеді. Олар фолликуланы жандандырғыш, лютеиндеуші, тиреотроптық, адренокортикотроптық, соматотроптық гормондар.
Соматотроптық немесе өсу гормоны (СТГ) құстарда нашар зерттелген, кейбір зертеушілер ондай гормон жоқ деп санайды. Дегенмен құстың өсіп-дамуына бұл гормонның рөлі болары анық, өйткені гипофизді алып тастаса, құстың өсуі тежеледі, қаңқаңың, ішкі ағзалардың көлемі кішірейеді.
Адренокортикотроптық гормон (АКТГ) молекулалық массасы 4500–5400 ге тең жалғыз тізбекті полипептидке жатады, құрамында 39 амин қышқылдық қалдық болады. Бұл гормон бүйрек үсті бездің шоғырлы және торлы аймақтарына әсер етіп, глюкокортикоидтардың түзілуін күшейтеді. Гипофизді сылып тастағаннан кейін бүйрек үсті бездің қыртысты бөлігі семеді, бірақ одан гормондардың бөлінуі тоқталмайды.
АКТГ бүйрек түтікшелерінде натрий, хлор элементтерінің және судың кері сорылуына ықпал етеді, май мен амин қышқылдарынан глюкозаның түзілуін күшейтіп, қандағы қанттың деңгейін жоғарылатады. Бұл катаболизмдік әсері бар гормон, организмнен азоттың бөлінуін күшейтеді, капилляр қабырғасының өтімділігін төмендетіп, қабынуға тосқауыл жасайды, организмнің әртүрлі қолайсыз әсерлерге бейімделуінде маңызды рөл атқарады.
Тиреотроптық гормон (ТТГ) молекулалық массасы 23–32 мыңға тең гликопротеид тобына жатады. Ол қалқанша бездің қызметін жандандырады, тиреоглобулиннің ыдырауын үдетіп, қанға тироксин мен үшйодты тирониннің бөлінуін күшейтеді, йодтың қалқанша безде жиналуын жақсартады. Оның әсерімен қалқанша без фолликулаларының ішіндегі коллоидтар сұйылып, азаяды.
Гонадотроптық гормондар (ГТГ) жыныс бездерінің өсіп, дамуына әсер етіп, олардың қызметін реттейді, жыныс гормондарының секрециясын күшейтеді, организмнің физиологиялық күйін өзгертеді.
Гонадотроптық гормондар үш топқа бөлінеді: фолликуланы жандандырғыш (ФЖГ) лютеиндеуші (ЛГ), лютеотроптық (ЛТГ). Гонадотроптық гормондар аталық та, аналық та дарақтарда кездеседі, бірақ мекиендерде лютеиндеуші гормонды көбірек бөледі.
Фолликуланы жандандырғыш гормон (ФЖГ) аналық бездің дамуын және қызметін реттейді. Оның әсерімен фолликулалар дамып, фолликулалық сұйықтық жиналады, түйіршікті (гранулезді) торшалар көбейіп (пролиферация), оларда аналық гормондар (эстрогендер) түзіледі. Аталық дарақтарда ФЖГ аталық бездің аралық (интерстициальдық) ұлпасына, оның аталық жыныс гормонын түзетін Лейдиг торшаларына әсерін тигізбей, тек аталық жыныс торшаларының түзілуін (сперматогенезді) реттейді.
Лютеиндеуші гормон (ЛГ) овуляцияны - жетілген фолликулалардың жарылуын, жыныс торшасының аналық безден бөлінуін реттейді. Бұл гормонның әсерімен овуляция жүрген фолликулаларда сары дене түзіледі. Аталық құстарда ЛГ аталық жыныс гормонының түзілуін күшейтеді.
Лютеотроптық гормон (ЛТГ) или пролактин сары денеден прогестерон гормонының бөлінуін күшейтіп, құстың балапан басу инстинктін жандандырады, кептерлерде жемсау бездерінің әрекетін күшейтеді, ФЖГ мен эстрон синтезін тежейді. Жемсау бездері құрамында 14% белок, 7,75% май, 1,03% минералды заттар болатын ерекше сұйық – «кептер сүтін» бөледі. «Кептер сүтінің» құрамында лактоза мен казеиноген болмайды.
Аденогипофиздің секрециялау қызметі қайтарымды байланыс негізінде гипоталамус ядролары нейросекреттерімен реттелінеді. Гипофиз бен басқа ішкі секрециялық бездер арасында да қайтарымды байланыс принципіне негізделген екі жақты қатынас орын тепкен. Осының нәтижесінде аденогипофиздің троптық гормондары шеткей эндокриндік бездердің кызметін жандандырса, олардан бөлінген гормондар өз кезегінде гипофиздің троптық гормондарының түзілуі мен бөлінуін тежеп отырады.
Гипофиздің аралық (ортаңғы) бөлігі глюкопротеид сипатты колоидты секрет бөледі. Гипофиздің бұл бөлігінің гормоны интермедин, немесе меланофорлық гормон деп аталады. Интермедин пигмент алмасуын реттейді. Бұл гормонның жылы қанды жануарлар үшін физиологиялық маңызы әлі анықталмаған, себебі оларда бояғыштар (пигменттер) басқа факторлардың әсерімен түзіледі.
Гипофиздің артқы бөлігі, немесе нейрогипофиз, түрленген нейроглиялық торшалардан - питуициттерден құралған. Бұл торшалар гормондар түзу процесінде белгілі рөл атқарады. Қазіргі кезде қалыптасқан көзқарастарға сәйкес нейрогипофиз гормондары гипоталамустың супраоптикалық және паравентрикулярлық ядроларында түзіледі де, липопротеидтік секрет түйіршіктері түрінде гипоталамус-гипофиз жолы аксондары бойымен гипофиз сабағы арқылы гипофиздің артқы бөлігіне өтеді. Гипофиздің артқы бөлігі тек нейросекреттер қоймасы ғана емес, сонымен қатар олардың белсенді күйге айналуын қамтамасыз ететін маңызды орган. Нейрогипофизде нейросекреттер окситоцин және вазопрессин гормондары түрінде жиналады. Вазопрессин гипоталамустың супраотпикалық, ал окситоцин - паравентикулярлық ядроларында түзіледі.
Вазопрессин антидиурездік әсер етеді. Ол бүйрек түтікшелерінен алғашқы зәр құрамындағы судың кері сорылуын жандандырады. Бұл гормон бүйрек түтікшелері эпителийінің гиалуронидаза ферментін бөлуін күшейтеді. Аталмыш фермент торшааралық заттардағы гиалурон қышқылын полимерсіздеп, түтікшелер қабырғасының өтімділігін жоғарылатады, реабсорбция процесін күшейтеді. Осымен байланысты вазопрессинді антидиуретин (АДГ) деп те атайды. Бұл гормон алғашқы зәрден калий, натрий және хлоридтердің кері сорылуын тежеп, минералдық заттар алмасуын реттейді. Сонымен қатар вазопрессин артериолалар мен капиллярлар арнасын тарылтып, қан қысымын жоғарылатады.
Окситоцин - холинэстеразаны бейтараптап, ацетилхолиннің белсенділігін арттырады, жатырдың бірыңғай салалы еттерінің, жиырылуын күшейтеді. Қораздарда окситоцин шағылысу кезінде шәуеттік жолдың бірыңғай салалы еттерінің жиырылуын күшейтіп, эякуляция тудырады.
Эпифиздің қызметі. Эпифиз омыртқалы жануарлардың барлық кластарында кездеседі. Эпифиз жыныстық жетілуді реттеуде маңызды рөл атқарады. Балауса (ювенальдық) кезеңде эпифиз мезгілсіз жыныстық жетілуден сақтайды, организмнің жалпы толысуы мен жыныстық жетілуінің арасындағы үйлесімдікті қалыптастырады. Ұрпақтану (репродуктивтік) кезеңінде эпифиздің физиологиялық мәні өзгереді де, ол көбею жүйесінің жарық режиміне бейімделіп, өніп-өсу процесінің жануарларға тән фотопериодикалық сипатын қамтамасыз етеді.
1959 жылы Лернер ірі қара эпифизі сығындысынан терінің пигменттік торшаларына әсер ететін мелатонин деп аталған биологиялық белсенді зат бөлген. Мелатонин трифтофан қышқылынан түзіледі. Ол карбоксилсіздену реакциясының нәтижесінде серотонинге айналады. Эпифизде күндіз серотониннің, ал түнде - мелатониннің мөлшері артады.
Қазіргі кезде эпифиздің жыныс бездерінің қызметін төмендететін қабілеті анықталды. Оның жыныс бездеріне әсері күннің ұзақтығына байланысты өзгереді. Күннің ұзаруы гипоталамус-гипофиз-жыныс бездері жүйесінің қызметін жақсартып, эпифиз жұмысын бәсеңдетеді. Ал жарықтың азаюымен байланысты эпифиздің қызметі күшейіп, жыныс бездерінің әрекеті тежеледі. Бұл ерекшелікті өндірістік құс шаруашылығында тауықтың жұмыртқалағыш қабілетін өсіру үшін пайдаланады.
Күннің ұзақтығын жасанды түрде ұзарту күз-қыс маусымдарында жабайы құстардың жыныстық қызметін күшейтеді.
Қалқанша без. Қалқанша без кеңірдектің алдыңғы екі-үш сақинасының вентральдық беткейінде, көмекейдің қалқанша шеміршегінің артында орналасқан жұп без. Оның массасы тауықта 40–100 мг. Филогенездік тұрғыда без ас қорыту ағзаларымен байланысты, жұтқыншақ қабырғасынан дамиды. Без сыртынан дәнекер ұлпалы қапшықпен қапталған. Одан бездің ішкі ұлпаларына перделер тарап, без жеке-жеке көпіршіктерден (фолликулалардан) тұратын бөліктерге бөлінеді. Көпіршіктер қабырғасы бір қабат эпителий торшаларынан құралып, сырт жағынан қан капиллярларына бай дәнекер ұлпалы қабықпен қапталған. Көпіршіктер қуысы құрамында тиреоглобулині бар біртекті коллоидпен толған. Көпіршіктегі коллоидтың мөлшері бездің функционалдық күйіне байланысты өзгеріп отырады: жұмыс үстіндегі безде коллоид азаяды.
Қалқанша без тироксин және үшйодты тиронин деп аталатын екі гормон түзеді. Олар тирозин амин қышқылының туындысы болып табылады. Тироксиннің құрамында йодтың төрт атомы, ал үш йодты тирониннің құрамында - үш атомы болады. Үш йодты тиронин тироксинмен салыстырғанда 5–10 есе белсендірек, бірақ ол аз мөлшерде түзіледі.
Триоксин без торшаларында белокпен қосылып, тиреоглобулин түзеді де, көпіршіктер қуысына бөлінеді. Ол көпіршік қуысында бұйығы түрде бірнеше айға дейін сақталады. Гипофиздің тиреотроптық гормонының әсерімен тиреоглобулин ыдырап, оның құрамынан тироксин және үш йодты тиронин бөлінеді. Бұл гормондар эпителий торшалары арқылы қанға сіңеді де, тироксин альбуминмен байланысып, тиреоальбумин түзіледі. Гормонның тек аз ғана мөлшері еркін күйде кездеседі.
Қалқанша без гормондары организмдегі зат алмасу процесінің қарқынын, құстың өсіп-жетілуін реттейді, жоғары дәрежелі жүйкелік қызметке әсер етеді. Бұл гормондар торша митохондрияларындағы тотығу процесінің қарқынын жоғарылатып, торшадағы қуат және белок алмасуын күшейтеді. Тироксин белоктардың, көмірсулардың, майдың тотығуын жандандырып, ұлпалардың глюкозаны сіңіру қабілетін жоғарылатады, бауыр мен бұлшық еттерде гликогеннің ыдырауын шапшаңдатады. Тироксин әсерімен тек қуаттық алмасу ғана емес, құрылымдық өзгерістер жақсарып, организмнің өсіп-жетілуі шапшаңдайды. Қалқанша без гормондары денедегі су мен минералды тұздардың алмасуын да реттейді, ас қорыту ағзаларының қызметіне ықпал етеді: кілегейлі қабық эпителийінің қызметін жандандырып, белоктың, кальций мен фосфор тұздарының, т.б. қосылыстардың сіңуін жақсартады. Олардың әсерімен бұлшық еттегі алмасу процестері күшейеді.
Құсқа қосымша тироксин ексе (жасанды гиперфункция) негізгі зат алмасу күшейіп, жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғарылайды, жүректің соғуы жиілеп, жиырылу күші артады, дене қызуы көтеріледі, организмдегі көмірсулар қоры кеміп, құс тез қажиды, әлжуаздық байқалып, салмақ жоғалады.
Қалқанша безді сылып тастау (гипофункция) негізгі зат алмасу процесін күрт төмендетіп (50-60%-ға), құсты әлсіретіп жібереді. Мұндай операциядан кейін ет тонусы нашарлап, дене температурасы төмендейді, жыныстық қызмет бұзылып, жүйке жүйесінің қозғыштығы әлсірейді, жоғары дәрежелі жүйкелік қызмет бұзылып, шартты рефлекстердің қалыптасуы қиындайды. Безі жас кезінде сылынып тасталған балапанның сүйегі қатайып-жетілмей, жыныстық ағзалардың, жүйке жүйесінің дамуы тоқтап қалады, құс өспейді. Мысалы, 17 күндік жасында қалқанша безі сылынып тасталған балапанның салмағы 5 айдан кейін бар болғаны 270 г болған, ал сау балапан 2 кг тартқан.
Қалқанша без қалыпты қызмет атқару үшін йод қажет. Құстардың қалқанша безіндегі йодтың мөлшері сүт қоректілерге қарағанда көп болады, ересек құстарда ол 0,5-0,6 % құрайды. Организмде йод жетіспеген жағдайда без шырышты секретті көп бөліп, көпіршіктер қабырғасы керіліп кетеді де, бездің көлемі өседі, бірақ секрециялық торшалар қызметі нашарлайды, гормондардың түзілуі азаяады. Бұл ауруды зоб деп атайды. Зобқа шалдыққан құстардың жұмыртқалағыштық қабілеті төмендейді.
Қалқанша без көпіршігінің сыртында орналасқан ерекше торшалар (парафолликулярлық торшалар) тиреокальцитонин гормонын түзеді. Бұл гормон қан құрамындағы кальцийді сүйек ұлпаларына жинақтап, оны үнемдеуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар тиреокальцитонин бүйрек арқылы фосфордың бөлінуін қамтамасыз етіп, қандағы кальций мен фосфор элементтерінің ара қатынасын реттеп отырады. Аталмыш гормон қалқанша серік безінің паратгормонына кері әсер етеді.
Бұл бездің қызметі әртүрлі жағдайларға – құстың физиологиялық күйіне, жасына, тұқым ерекшелігіне, жыл маусымына байланысты ауытқып отырады. Қыста бездің белсенділігі жоғарылап, жазда төмендейді. Тироксин мөлшері балапанның алғашқы түлеуі кезінде қанда күрт көбейеді. Мысалы, ақ леггорн тұқымды әтеш балапандарда өсудің 4-12 аптасында тироксин өте көп бөлінеді. Жұмыртқалағыш тауықтар қанында тироксин көбірек болады. Ал пекин үйректерінде бездің белсенділігі желтоқсан мен ақпан аралығында және маусым - шілде айларында күшейсе, күрке тауықтарда - күзде күшейеді. Жастың ұлғаюына байланысты бездің белсенділігі нашарлайды. Тауықтарда бұл 3 жаста байқалады.
Қалқанша без бен жыныс бездерінің арасында тығыз функционалдық байланыс болады. Қалқанша безді сылып тастаса, қораздар мен кежектердің (аталық үйрек) ені кішірейіп, шәует түзу қабылеті төмендейді. Тироксинді аз мөлшерде ексе тауықтардың аналық безінде фолликулалардың жетілуі шапшаңдайды. Жасанды жолмен гормонның организмдегі мөлшерін көбейтсе, құс мезгілсіз түлейді.
Қалқанша бездің қызметі рефлекстік және гуморальдық жолдармен реттеледі. Қалқанша бездің қызметін торлы құрылым симпатикалық жүйке арқылы күшейтеді. Қалқанша без гормондарының түзілуі мен бөлінуін реттеуде тиреотроптық гормон бөлетін гипофиздің де маңызы зор. Өз кезегінде қалқанша без басқа бездермен тығыз байланысты. Ол ұйқы безі гормондарының бөлінуін тежеп, бүйрек үсті безі мен жыныс бездерінің қызметін жандандырады.
Қалқанша серік бездер. Қалқанша серік бездер қалқанша бездің арт жағын ала, оған жабыса орналасқан кішкентай құрылымдар. Олар 3 және 4- желбезек қапшықтарынан дамиды да, балықтан басқа омыртқалы жануарлардың барлығында кездеседі.
1926 жылы Коллип қалқанша серік бездерінің сығындысынан қан құрамындағы кальций деңгейін жоғарылататын зат бөліп, оны паратгормон деп атаған. 1962 жылы Копп без сығындысынан екінші гормон - кальцитонинді бөлген.
Паратгормон молекулалық массасы 9500-ге тең полипептид. Оның құрамында 84 аминқышқылдық қалдық болады. Паратгормон сүйекте кальцийдің жиналуын реттейді, кальцийдің белоктармен, фосфаттармен қосылыстар түзуін шапшаңдатады, кальций мен фосфордың сүйектен шайылуын жеңілдетеді, қан құрамындағы кальций мөлшерін жоғарылатады. Сонымен қатар паратгормон бүйректе кальцийдің кері сорылуын, ішек энтероциттерінің кальцийді тасымалдауын жеңілдетеді.
Кальцитонин табиғаты жағынан жалғыз тізбекті полипептидке жатады. Оның құрамында 32 амин қышқылдық қалдық болады. Бұл гормонның молекулалық массасы 3600.
Кальцитонин қан құрамындағы кальций деңгейін төмендетеді. Ол сүйек торшаларынан қанға кальцийдің шайылуын бәсеңдетеді, демек оның әсері паратгормонға қарсы бағытталған.
Қалқанша серік безінің гипофункциясы жағдайында, немесе оларды сылып тастағанда жүйке жүйесінің қозғыштығы жоғарылайды, ет тонусы күшейіп, денеде діріл байқалады. Бездерді сылып тастағаннан соң құстың тәбеті жойылып, шөл пайда болады, жүрек қағысы мен тыныс жиілеп, ішек қимылы нашарлайды. Қалқанша серік бездерін сылып тастағаннан соң организмде аминсіздеу процесі бұзылып, бауырдың аммиакты несепнәрге айналдыру қабілеті нашарлайды.
Паратгормон егу арқылы жасанды түрде бездердің гиперфункциясын тудырса, қандағы кальций деңгейі жоғарылап, фосфор деңгейі төмендейді, бұл элементтер организмнен көп мөлшерде шығарыла бастайды. Осының салдарынан сүйек борып, онда кеуектер пайда болады да, майыса бастайды, тәбет жойылып, жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді, ет болбырап, ішекке қан құйылады, бүйрек түтікшелеріне кальций шөгеді.
Қалқанша серік бездер қызметінің реттелу тетіктері әлі толық зерттелмеген. Безді жүйкесіздендіргеннен кейін оның қызметі айтарлықтай бұзылмайды. Без қызметінің гуморальды жолмен реттелуі жайлы деректер әлдеқайда молырақ. Паратгормон мен кальцитониннің бөлінуі қайтарымды байланыс принципімен қандағы кальций мөлшерінің ауытқуларына қарай өзгеріп отырады. Қан құрамында кальций мөлшері төмендесе, паратгормонның бөлінуі күшейеді, жоғарыласа – керісінше, гормонның бөлінуі баяулайды. Қанда кальций деңгейі жоғарыласа, кальцитониннің бөлінуі күшейеді.
Қалқанша серік бездердің қызметіне гипофиз де әсер етеді. Гипофизді алып тастаса, қалқанша серік бездер семіп қалады.
Айырша без (тимус). Айырша без желбезек қапшығының 3– және 4-ші жұптарынан дамиды. Без бір-бірімен дәнекер ұлпамен жабысқан екі бөліктен тұрады да, мойынды бойлай, кеңірдектің екі жағын алып жатады.. Безде көп мөлшерде лимфа тамырларының торы болады.
Без ұлпасы бозғылт заттан және қыртысты бөліктен тұрады. Әр бөлік секрециялық торшалардан және қан түзетін органдарға тән торлы эндотелийлік ұлпа торшаларынан құралған. Айырша без тек жыныстық жетілу кезеңінде ғана өсіп дамиды да, одан кейін өз қызметін тоқтатып, инволюция (кері даму) процесіне ұшырайды.
Айырша без әр түрлі қызмет атқаратын күрделі орган. Оның ретикулярлы торшалары тимозин гормонын түзеді. Безге лимфоциттер түзу қабілеті де тән, сондықтан әлі күнге дейін оның ішкі секреция безіне жататыны, немесе лифоидтық ағза екені толық анықталған жоқ. Айырша без бүкіл лимфалық жүйенің дамуына әсер етеді, сүйектің қатаюын, организмнің өсіп-жетілуін реттейді. Оның сығындысы лимфопоэзді жандандырып, сүйек кемігінде қанның діңгектік торшаларының дамуын жеделдетеді, лимфоцитоз тудырады. Бұл безде лимфоциттер жіктеледі, қанның діңгектік торшаларының беткейлік құрылымы өзгеріп, олар ұлпалық қорғаныс реакцияларында маңызды рөл атқаратын Т-лимфоциттерге айналады.
Айырша безді сылып тастағаннан кейін жас малдың өсіп-дамуы баяулап, минеральды тұздар мен белоктардың алмасуы бұзылады, сүйек жұмсарып, майысады, бұлшық ет дегенерация процесіне ұшырап, оның тонусы төмендейді, ет болбырап, жоғары дәрежелі жүйкелік қызметі бұзылады.
Айырша без басқа ішкі секреция бездерімен күрделі қатынаста болады. Айырша без қалқанша без бен бүйрек үсті бездерге ықпал етеді, тироксиннің әсерін бәсеңдетеді. Оны сылып тастағаннан соң аталған бездердің көлемі үлкейіп кетеді. Өз кезегінде айырша без басқа гормондар әсеріне сезімтал. Бүйрек үсті безі гормондары бұл бездің кері дамуын шапшаңдатады, ал қалқанша без гормондары айырша бездің үлкеюіне, өсуіне ықпал етеді. Жыныс гормондары, гипофиздің гонадотроптық гормондары айырша безді семдіреді.
Бүйрек үсті бездер. Бүйрек үсті бездер құстарда бүйректің алдыңғы жағында орналасқан жұп орган. Олардың жалпы массасы тауықта 200-400 мг.
Әр без сырт жағынан дәнекер ұлпалы фиброздық қабықпен қапталған және сыртқы - қыртысты қабат, ішкі - бозғылт затқа бөлінген. Құстарда без қабаттарға бөлінбейді, хромаффиндік торшалар бүкіл без ұлпасында бытырап жатады.
Бездің қыртысты қабатында түзілген гормондар үш топқа бөлінеді.
1)минералокортикоидтар - альдостерон, дезоксикортикостерон,
2)глюкокортикоидтар - гидрокортизон, кортизон, кортикостерон,
3)андрокортикоидтар - андрогендер (андростендион, андростерон), эстрогендер (эстрон) және прогестерон.
Минералкортикоидтар организмде минералды заттардың алмасуын, ең алдымен қан құрамындағы натрий мен калий деңгейін реттейді. Альдостерон организмде натрийдің, хлоридтердің, судың жиналуына ықпал етіп, денеден зәр арқылы калий мен фосфордың бөлінуін күшейтеді. Минералкортикоидтар тапшылығы салдарынан организм натрийді, суды, хлоридтерді көп бөледі де, ішкі ортаның қасиеттері өзгеріп, тіршілік жағдайлары бұзылады, құс өліп қалады.
Минералкортикоидтардың бөліну қарқыны денедегі натрий мен калий мөлшеріне байланысты өзгеріп отырады. Қан құрамында натрий мөлшері жоғарыласа, минералокортикоидтардың бөлінуі баяулап, ал төмендесе - үдеп, күшейеді. Калий керісінше әсер етеді. Ұлпалық сұйық пен қан плазмасының мөлшері көбейсе, минералкортикоидтардың бөлінуі баяулайды.
Глюкокортикоидтар көмірсулар, белоктар және майлар алмасуын жандандырады. Олар ұлпада белоктардың ыдырауын күшейтіп, синтезін бәсеңдетеді. Осының нәтижесінде қан құрамындағы амин қышқылдарының мөлшері жоғарылап, олар бауырда глюкоза мен гликогенге айналады. Глюкокортикоидтар әсерімен май қорларының шығыны артып, қуаттық алмасу күшейеді, қандағы глюкоза деңгейі көтеріледі. Сонымен қатар олар антиденелердің түзілуін баяулатып, қабыну процесін өршітпеуде маңызды рөл атқарады.
Глюкокортикоидтардың тапшылығы организмнің әр түрлі қолайсыз әсерлерге төзімділігін төмендетеді.
Андростероидтар жыныс органдарының дамып-жетілуіне ықпал етіп, белок синтезін күшейтеді, организмнің өсіп-дамуын реттейді. Бұл гормондар аз мөлшерде бөлінеді.
Бүйрек үсті бездің қыртысты қабатының гормондары булығу тудыратын әртүрлі қолайсыз факторлардың әсерлеріне бейімделуде маңызды рөл атқарады. Тым күшті ауырсыну түйсігінің, әр түрлі ауыр жарақаттың, қансыраудың, жұқпалы аурудың, ыстықтықтың, суықтықтың әсерінен глюкокортикоидтардың бөлінуі күшейеді. Осының нәтижесінде ұлпалардың қызметі жақсарып, қолайсыз әсерлердің салдарынан туындаған ауытқулар жойылады, организм функциялары қалпына келеді. Демек, бұл гормондар АКТГ-мен бірлесе отырып организмнің әртүрлі қолайсыз әсерлерге төзімділігін арттырады. Бұл процесте жүйке жүйесінің маңызды рөл атқаратынын айта кеткен жөн. Организм қолайсыз жағдайларға кездескенде орталық жүйке жүйесі (ОЖЖ) онымен күресу үшін барлық қорғаныс күшін, соның ішінде эндокриндік бездерді де жұмылдырады. Ал, бұл бездер қатарында гипофиз бен бүйрек үсті бездері ерекше орын алады.
Бездің боз затында екі түрлі гормон - адреналин және норадреналин, түзіледі. Адреналин тираминнің туындысы. Бұл гормондарды катехол туындысы болғандықтан катехоламиндер деп атайды. Аталған гормондардың әсері симпатикалық жүйке әсеріне ұқсас болғандықтан оларды симпатикалық аминдер деп те атайды.
Катехоламиндер гликогенолиз және липолиз процестерін шапшаңдатып, көмірсулар мен майлардың алмасуын жандандырады, жылу реттеу процесіне, қан айналым жүйесінің, бұлшық еттердің, орталық жүйке жүйесінің, тыныс алу және қан түзу органдарының қызметіне ықпал жасайды. Жалпы алғанда симпатоадреналдық жүйе гипофиз - бүйрек үсті бездерінің жүйесі сияқты тіршіліктік маңызы зор процестердің деңгейін қалыптастыруда, организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар адреналин мен норадреналиннің әсерлерінде ерекшеліктер де болады.
Адреналин жүрек етінің қозғыштығын күшейтіп, жиырылу күшін арттырады, жүрек соғуын жиілетіп, оның минуттық сиымдылығын көбейтеді, қан қысымын жоғарылатады (систолалық қысым көтеріліп, диастолалық қысым өзгермейді).
Норадреналин систолалық қысымды да, диастолалық қысымды да көтереді, жүрек соғуын баяулатады, минуттық көлемді шамалы азайтады, миокардтың қозғыштығын өзгертпейді.
Бұл екі гормон да жүрек тамырларының арнасын кеңейтіп, терідегі тамырларды тарылтады, бауыр мен бұлшық еттерде гликогеннің ыдырауын күшейтіп, қандағы глюкозаның деңгейін жоғарылатады. Катехоламиндердің әсерімен организм белсенді әрекеттерге (қорғанысқа, қимыл-әрекетке) дайындалады.
Бүйрек үсті безінің бозғылт затының қызметі жүйке жүйесі арқылы және гуморальдық жолмен реттеледі. Оның қызметін реттейтін жүйке орталығы гипоталамуста орналасқан. Бездің секрециялық жүйкесі - құрсақтық жүйке. Дене жұмысы кезінде, тері рецепторларын тітіркендіргенде, ауырсыну түйсігін тудыратын әсерлерден рефлекстік түрде адреналиннің бөлінуі күшейеді. Бездің бозғылт затының қызметіне ми қыртысы да әсер етеді. Мысалы, әртүрлі эмоциялар (үрей) адреналиннің бөлінуін күшейтеді.
Бұл гормондардың бөлінуін реттейтін негізгі гуморальдық фактор - қандағы глюкоза мөлшері. Гипогликемия адреналиннің бөлінуін күшейтеді, ал гипергликемия - бәсеңдетеді.
Бүйрек үсті бездер мен басқа эндокриндік бездер арасында тығыз байланыс бар. Катехоламиндер гипоталамус арқылы АКТГ-ның бөлінуін күшейтеді, аралшық бездің қызметін үдетеді. Нейрогипофиз гормондары бүйрек үсті бездің бозғылт затының қызметін күшейтеді. Қалқанша без бүйрек үсті бездің бозғылт затының, ал аденогипофиз - қыртысты қабатының дамуын жандандырады.
Ұйқы безінің қызметі. Ұйқы безі әрі экзокриндік, әрі эндокриндік қызмет атқарады. Ішкі секрециялық қызметті 1869 жылы Лангерганс ашқан аралшықтар атқарады. Құстарда без негізінен альфа- торшалар жинақталған «күңгірт» және бета- торшалар жинақталған «ашық» аралшықтардан құралады. Альфа-торшалар глюкагон, бета-торшалар - инсулин гормондарын түзеді. Сонымен қатар аралшықта дельта-торшалар да кездеседі, олардың қызметі құстарда толық анықталмаған.
Инсулин 1921 жылы Канада ғалымдары Бантинг және Бест бөлген гормон. Ол амин қышқылдарының екі тізбегінен құралған полипептид. А-тізбек 21, а В-тізбек 30 амин қышқылдық қалдықтан тұрады. Оған түліктік ерекшелік тән. Инсулин организмнен тыс жасанды жолмен алынған бірінші белок.
Инсулин торша мембранасының глюкозаға өтімділігін жоғарылатып, глюкозаның торшааралық қуыстан торша ішіне енуін жылдамдатады, гликогеннің түзілуін жандандырып, оның бауырда ыдырауын бәсеңдетеді. Глюкозаның пайдалануын арттыра отырып, инсулин организмде май қышқылдарының тотығуын, кетонды денелердің түзілуін тежейді, майдың қорға жиналуын жақсартады. Ол ұлпалардағы глюконеогенез процесінің қарқынын төмендетіп, белоктың биосинтезін арттырады.
Бета-торшалардың қызметі күшейсе, инсулиннің бөлінуінің артуымен байланысты қан құрамында глюкоза деңгейі төмендейді. Гипогликемия жағдайында тыныс жиілеп, ми мен жұлынға глюкоза жетіспейді де, олардың қозғыштығы жоғарылап, дене дірілдейді, соңынан бұлшық ет тонусы нашарлап, температура төмендейді, инсулиндік немесе гипогликемиялық есеңгіреу (шок) байқалады.
Инсулин жетіспеген жағдайда гипергликемия, глюкозурия байқалып, қан құрамында кетонды заттар артады. Инсулиннің бөліну қарқыны қандағы глюкоза деңгейіне байланысты: ол жоғарыласа гормонның бөлінуі күшейе түседі. Инсулиннің бөлінуіне плазма құрамындағы амин қышқылдарының, адреналиннің, глюкагонның, секретиннің деңгейі де әсер етеді. Инсулиннің бөлінуін СТГ, АКТГ, ТТГ, глюкокортикоидтар, тироксин, глюкагон, кальций иондары үдетеді, ал адреналин мен норадреналин - баяулатады. Кезеген жүйке инсулиннің бөлінуін үдетеді, симпатикалық жүйке - тежейді.
Без бөлетін екінші гормон - глюкагон, полипептидке жатады. Оның молекулалық массасы 3500, құрамында 29 амин қышқылдық қалдық болады.
Глюкагон инсулин кереғары. Ол гликогеннің глюкозаға айналуын шапшаңдататын фосфорилаза ферментін белсендіріп, қандағы глюкоза деңгейін жоғарылатады. Глюкагон липидтер алмасуына да әсер етеді. Ол май қышқылдарының тотығуын шапшандатып, кетонды заттардың түзілуін күштейді, май ұлпаларынан глицерин мен май қышқылдарының босауын жандандырады.
Глюкагонның бөліну қарқыны да қандағы глюкоза деңгейімен реттеледі. Глюкоза деңгейі төмендесе, глюкагонның бөлінуі күшейеді. Бұл процесс троптық гормонның рөлін атқаратын СТГ-ның бөлінуі нәтижесінде орындалады деген болжам бар. Глюкагонның бөлінуіне аргинин амин қышқылы, соматостатин және ас қорыту жолының гормоны - холецистокинин де ықпал етеді.
Құс ұлпаларының инсулинге сезімталдығы сүт қоректілермен салыстырғанда төменірек, ал глюкагонға сезімталдығы – жоғарырақ. Аралшық безді сылып тастаса, үйректерде 2-3 күннен кейін гипогликемия байқалып, қандағы қант деңгейі 50-80 мг% дейін төмендейді (қалып -130-160 мг%), құс қатты арықтап, көбею мүшелерінің қызметі бұзылады.
Жыныс бездерінің ішкі секрециялық қызметі. Жыныс бездері әрі экзокриндік, әрі эндокриндік қызмет атқарады: олар жыныс торшаларын - сперматозойд пен жұмыртқа торшаларын, аталық және аналық жыныс гормондарын бөледі. Жыныс гормондары көбею мүшелерін физиологиялық тонус жағдайында ұстап, негізгі (бастапқы) және қосалқы (сыртқы) жыныс белгілерін дамытады, аталық және аналық дарақтарға тән мінездерді, жыныстық инстинктерді, жыныстық актыларға қабілеттілікті қалыптастырып, өніп-көбеюмен байланысты процестерді, организмнің пісіп-жетілуін реттеуге қатысады.
Жыныс гормондары аталық және аналық болып екі топқа бөлінеді. Олар холестериннің туындылары болып табылады. Химиялық көзінің ортақтығына қарамай аталық және аналық бездерде биосинтез процесін қамтамасыз ететін ферменттердің ерекшеліктеріне байланысты гормон түзілу процесі екі бағытта өрбиді. Бұл гормондар аталық та, аналық та бездерде қатар түзіледі, бірақ олардың мөлшері, ара қатынасы бірдей болмайды.
Аталық гормондар - андрогендер еннің аралық ұлпаларындағы Лейдиг торшаларында түзіледі. Бұл ұлпалар жиынтығын жыныстық жетілу безі немесе пубертаттық без деп атайды. Бездің Сертоли торшаларында эстрогендер түзіледі. Бұл гормондар гипофизде ФЖГ-ның түзілуін реттеуде маңызды рөл атқарады. Андрогендерге тестостерон, альдостерон, изоандростерон, дегидро-изоандростерон т.б. жатады. Олардың арасындағы ең белсендісі – тестостерон.
Андрогендер анаболизмдік гормондарға жатады. Олар белок алмасуын жандандырып, бұлшық еттерде белоктың түзілуін және жиналуын күшейтеді, оң азоттық баланс қалыптастырады, денеге салмақ қостырады. Сонымен қатар, андрогендер бейорганикалық фосфордың, сульфаттың, натрий мен калий хлоридтерінің қорға жиналуын күшейтеді. Андрогендер бауыр мен ұлпаларда гликогеннің түзілуін бөгеп, көмірсулар алмасуын жандандырады, денеде майдың жиналуын тежеп, өсу процесін үдетеді, сыртқы жыныс белгілерінің (айдар, сырға) қалыптасуын реттейді.
Еннің қызметін аденогипофиз реттейді, оның лютеиндеуші гормоны тестостеронның түзілуін жандандырады.
Аналық гормондар - эстрогендер аналық жыныс мүшелерін физиологиялық тонуста ұстап, жүмыртқалық жолдың кілегейлі қабығының күйін реттейді. Эстрогендер (эстрадиол, эстрон, эстриол) аналық организмге тән белок пен майдың, су мен минералды тұздардың алмасу деңгейін қалыптастырады, капиллярлар қабырғасының өтімділігін жоғарылатады, орталық жүйке жүйесінің қызметін өзгертеді. Аналық безде сары дененің пайда болмайтынына қарамай прогестерон гормоны мен андрогендер де түзіледі. Андрогендер аналық бездің аралық торшаларында түзіледі, ал прогестеронның түзілу сыры әлі анықталмаған. Құстарда прогестерон овуляция және жұмыртқалау процестерін реттейді, ал прогестеронның түзілуін гипофиздің лютеотропты гормоны жандандырады. Қанда прогестеронның мөлшері көбейсе, жатырда жұмыртқаның болуына қарамастан қосымша овуляция процесі жүреді. Қандағы прогестерон деңгейінің төмендеуімен байланысты жұмыртқалар алдында гипофиздің артқы бөлігінен окситоцин бөлінеді.
Жыныс гормондарының алмасуында бауыр маңызды рөл атқарады. Бауырда гормондар белсенділігінен айырылады және олардың бір бөлігі өтпен ішекке бөлінеді. Эстрогендердің бір бөлігі бүйректе жойылады да, зәрмен шығарылады.
Құстардың жыныс бездерінің гормон бөлу қызметі қоршаған орта факторларына байланысты өзгеріп отырады. Сыртқы факторлардың арасында жарық маңызды рөл атқарады. Жарық ұзақтығы гипоталамус-гипофиздік механизм арқылы жыныс бездерінің қызметін күшейтеді, сондықтан күн сәулесінің ұзақтығын өзгерте отырып, құстардың жыныстық жетілу мерзімін өзгертуге, жұмыртқалағыштығын жоғарылатуға болады.
Бақылау сұрақтары.1. Ішкі секреция бездерінің жалпы сипаттамасы және олардың жіктелуі жайлы не білесіз? 2. Гормондар дегеніміз не, олар қалай жіктеледі? Гормондардың жалпы қасиеттерін атаңыз. 3. Экзокринді және эндокринді бездердің айырмашылығы неде? 4. Гормондардың организмдегі маңызы мен әсерінің механизмі қандай? 5. Аденогипофиз гормондарын атап, олардың маңызын баяндаңыз. 6. Нейрогипофиз гормондары, олардың маңызы. 7. Гипоталамус-гипофиздік жүйе, оның маңызы неде? 8. Қалқанша без қандай гормондар бөледі, олардың маңызы қандай? 9. Қалқанша серік без қандай гормондар бөледі, олардың маңызы қандай? 10. Бүйрек үсті бездің қыртысты бөлігінің маңызы. 11. Жыныс гормондары, олардың маңызы.
9– т а р а у. Көбею физиологиясы
Көбею – жануарлардың өніп-өсуін, белгілі түрдің сақталуын қамтамасыз ететін күрделі биологиялық процесс. Жоғары сатыда дамыған жануарлар жыныстық жолмен көбейеді. Жаңа дарақ (индивидум) аталық және аналық жыныс торшаларының қосылуынан пайда болған ұрықтан дамиды. Сүт қоректілер сияқты құстарда да бұл процесті арнаулы көбею ағзалары қамтамасыз етеді. Көбею ағзалары эволюция процесінде дамып-жетіле келе, құстарда өзіне тән ерекшеліктерге ие болады. Құстардың өнімталдық, көбейгіштік қабілеті олардың шаруашылыққа тиімді көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Құстардың көбею процесі бауырымен жорғалаушыларға ұқсас болып келеді. Бауырымен жорғалаушылар тәрізді құстар да ішкі ұрықтану тәсілімен және жұмыртқа салу арқылы көбейеді. Эволюция процесі барысында жұмыртқа мөлшерінің үлкеюіне байланысты құстарда тек сол жақтағы аналық без бен жұмыртқалық жол дамиды. Аталық құстарда ен құрсақ қуысында орналасады, сыртқы жыныс мүшесі жоқ деуге болады. Ұрық организмнен тыс бірнеше қорғаушы қабатпен қапталған жұмыртқа ішінде дамиды. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандардың дене бітімі айтарлықтай ауқымды болады. Құстар тез пісіп-жетілгіштігімен және өсімталдығымен ерекшеленеді. Олардың көбею мүшелерінің морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін білудің селекциялық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, құстың өнімділігін арттыруда маңызы зор.
Құстардың жыныс мүшелерінің дамуы. Жыныс бездерінің нышаны эмбриондық дамудың алғашқы кезеңінде – тауық эмбрионында дамудың 3, ал қаз бен үйрек эмбриондарында - 4-5 күнінде пайда болады. Алғашқыда бездер жыныстық тұрғыдан бейтарап (индиферментті) болады, оларда жыныстық белгілер болмайды және бездердің әрқайсысы екі сомалық және бір жыныстық бөліктен тұрады. Гонаданың сомалық бөлігі спланхоплевраның жыныстық буылтығынан (валик) дамиды. Олардың біреуі - бозғылт бөлігі (медулла), жыныстық байламдар мен төсеміктен (стромадан) тұрады да, екінші – қыртыстық бөлігі ұрық эптелийінен құралады. Гонаданың жыныстық бөлігін олардың қалыптасар алдында қан тамырлары арқылы инкубацияның бірінші не екінші күнінің ортасында жыныстық буылтық аймағына таралған бірінші реттік жыныс торшалары - гоноциттер құрайды. Гонаданың бейтарап жағдайы тауықтың эмбриондық дамуының 6-8 күніне дейін созылады. Осы кезеңде гонаданың ұрықтық эпителийі желі (тяж) құрып, гонаданың боз затының ұрықтық дәнекер ұлпасына бата орналасады. Егер гонада аталық бағытта дамитын болса, эпителий желісінен шәуеттік өзектер түзіледі, ал аналық бағытта дамитын болса – желі дәнекер ұлпамен бөлшектеніп, олардың торшалары екі түрге – овогония мен фолликулаларға жіктеледі. Инкубацияның 9–күні аналық бездің дамуында асимметрия байқалып, оң без дамымай қалады да, жойылады. Сол жақтағы аналық безде қыртыстық және бозғылт қабаттар біліне бастайды. Қыртыстық бөлікте бастапқы жыныс торшалары – овоциттер дами бастайды. Эмбрион дамуының 9–күні олардың саны 28 мың, 17–күні – 680 мың, ал инкубация соңында ол 480 мыңға дейін кемиді. Инкубацияның 12–күнінде жұмыртқалық жолда шанақ, безді бөлік және жатыр айқындалады.
Тауық эмбрионында ен (аталық без) бейтарап гонадалардан дамиды. Эмбриондық дамудың жетінші күнінде пайда болған жыныс торшаларының желісі біртіндеп түтікшеге айналады. Оларда қуыс пайда болады да, қабырға торшалары бірінші реттік жыныс торшасы - сперматогонийге және фолликулалық торшаға – Сертоли торшаларына жіктеледі. Одан әрі даму барысында түтікшелерден сперматогонийлар жыныс торшаларына айналатын шәует өзектері пайда болады. Ал Сертоли торшалары тірек- нәрлендіргіш қызмет атқарады. Ен нышаны алғашқы бүйрекпен байланысып, оның өзегінен (вольф өзегі) балапан жұмыртқадан шыққаннан соң шәует жолы қалыптасады. Ал алғашқы бүйрек қызметін тоқтатып, редукцияға ұшырайды және оның алдыңғы бөлігінің қалдығынан ен қосалқысы пайда болады.
Аналық құстардың көбею мүшесінің физиологиясы. Аналық без қызметі. Аналық без (жұмыртқалық) құрсақ қуысында сол бүйректің алдыңғы жағында, одан төменірек орналасады. Оның пішіні мен көлемі құстың функционалдық күйіне және жасына байланысты өзгереді. Жұмыртқалау кезеңінде аналық без жүзім шоғыры (гроздь) пішінді болып, массасы 55 г жетеді, ал түлеу кезеңінді оның салмағы 5 г дейін төмендейді.
Аналық без құрсақ қуысының жоғарғы беткейіне және ірі қан тамырларына шажырқай арқылы байланысып, ілініп тұрады. Ол екі қабаттан – қыртыстық және бозғылт, тұрады. Қыртыстық қабат беткейі бір қабат текше не аласа призмалық эпителиймен көмкерілген. Оның астарында жұқа дәнекерұлпалы ақшыл қабық пен оған жанасқан қос қабатты, ішінде аналық торшалар бар фолликулалар орналасады. Қыртысты қабаттың беткейіне жақын диаметрі 400 микрон шамасындағы майда фолликулалар, ал тереңірек - диаметрі 800 микроннан асатын ірі фолликулалар жатады.
Бозғылт қабат аналық бездің ортаңғы бөлігін ала орналасады да, көптеген қан тамырлары мен нервтерді біріктіретін дәнекер ұлпадан құралады. Бозғылт затта бір қабат жалпақ эпителиймен көмкерілген қуыстар (лакуны) және қабырғалық (интерстициалды) торшалар болады.
Онтогенез барысында аналық торшалардың өсіп-жетілуімен байланысты аналық бездің мөлшері мен гистологиялық құрылысы өзгеріп отырады. Тауықтарда аналық бездің дамып, қалыптасуында төрт кезең байқалады. Бірінші кезеңде, ұрықтық дамудың 15– күнінен бастап балапанның жұмыртқаны жарып шыққанынан 2-3 күн өткенге дейін, қыртыстық және бозғылт қабаттар біркелкі дамиды да, бір-бірінен айқын шектелмейді. Қыртыстық қабатта орналасқан майда фолликулалар мөлшері жағынан бір-бірінен ерекшеленбейді. Балапан өмірінің 5–күнінен 14–күні аралығын қамтитын екінші кезеңде фолликулар жіктеліп, олардың көлемі ұлғаяды. Қыртыстық және бозғылт қабаттар бір-біріне кіріге бастайды. Үшінші кезеңде, 15-күннен бастап 4-5 айлық жасқа дейін қыртыстық және бозғылт қабаттар бір-бірінен айқын жіктеледі. Фолликулалардың өсуімен байланысты қыртыстық қабат ұлғаяды. Төртінші кезең құстың жұмыртқалай бастайтын уақытымен сәйкес келеді. Бұл кезеңде қыртыстық және бозғылт заттар бір- бірімен кірігіп кетеді, фолликулалар қарқынды өсе бастайды. Аналық торшада сарыуыздың жиналуына, фолликулық эпителийдің өсуіне және овоциттің айналасында торшалық қабықшаның пайда болуына байланысты олардың массасы ұлғаяды. Оны сыртынан қан тамырлары мен жүйке талшықтары орналасқан дәнекер ұлпа қаптайды. Жетілген фолликуланың аналық без төсемігімен (стромасымен) байланысқан жерінде сабақша (стебелок) деп аталатын құрылым пайда болады да, ол арқылы фолликула қабырғасына артериялар мен жүйке талшықтары келеді, вена және лимфа тамырлары шығады. Фолликула қабырғасының сабақшаға қарсы беткейінде қан тамырлары болмайды. Осы тұста овуляция кезінде фолликула эпителийі жұмсарып, аналық торша оны жарып шығады. Фолликула қабырғасының осы тұсын лептік (стигма) деп атайды. Овуяциядан кейін аналық бездің қыртысты затында тыртықтар пайда болады.
Жұмыртқалау кезеңі аяқталғаннан соң аналық бездің көлемі кішірейеді, онда жетілген фолликулалар қалмайды, тек диаметрі 5-6 мм аспайтын кіші овоциттер ғана кездеседі.
Овогенез – аналық жыныс торшаларының дамып, жетілу процесі. Овогенез ретімен жүретін көбею, өсу және жетілу атты үш сатыдан тұрады. Аналық жыныс торшасының (гамета) даму кезеңінде оның құрылысы мен көлемі ғана өзгеріп қоймай, оның ядросындағы хромосомалық аппарат та қайта құрылады.
Көбею кезеңі. Овогенездің көбею кезеңі аналық бездің эмбриондық даму сатысында басталып, балапан жұмыртқаны жарып шыққан шақта аяқталады. Жоғарыда аталып өткендей, бастапқы жыныс торшасының (овогония) митоздық жолмен бөлінуі нәтижесінде жұмыртқалықтағы овоциттер саны көбейіп, 480 мыңға жетеді де, соңынан олар бұзылып, овоциттер саны күрт кемиді.
Жұмыртқалау кезеңінің алдында тауық жұмыртқалығында 3500-4000, ал суда жүзетін құстарда 1250-1500 овоциттер болады. Овоциттердің сомалық торшадан айырмашылығы, олардың аумақты ядросында ірі ядрошығы және хромосомалары болады. Бұл олардың ядролық заттарының белсенді күйде болатынының дәлелі. Овоцитте центросома болмайды. Көбею кезеңі аяқталған соң пайда болған бастапқа овоциттер өсу кезеңіне көшеді.
Өсу кезеңі екі сатыда - кіші және үлкен өсу кезеңдерінде, өтеді. Кіші өсу кезеңі балапанның жұмыртқаны жарып шыққан сәтінен бастап, жыныстық жетілуіне дейін жүреді. Алғашқыда овоцит баяу өседі. Бір тәуліктік балапанда овоциттің диаметрі 0,01-0,02 мм болса, 45–күнде ол 1 мм жетеді. Осы кезеңде ядро аналық торшаның шеткей бөлігіне ығысып, ұрықтық диск (бластодиск) түзіледі. Екі айлық балапанда овоцит цитоплазмасында сарыуыз жинала бастайды. Саруыз ақшыл және қоңырқай түстерге боялып, дөңгеленген қабаттар түзеді де, оның ортасында пішіні колбаға ұқсаған ақшыл–сары саруыз жиналады. Осы бөліктен аналық торшаның шеткей бөліктеріне жіңішке жолақтар – латебра, тарайды. Оның жоғарғы жағында ұрықтық диск орналасады. Саруыздың түзілуінде овоцитті қоршап жатқан фолликулалы торшалар маңызды рөл атқарады.
Үлкен өсу кезеңі 4-13 күнге созылады да, ол аналық торшада сарыуыздың қарқынды жинақталуымен сипатталады. Осы кезеңде құрамына белоктар, фосфолипидтер, бейтарап майлар, минаралды заттар мен дәрмендірлер енетін сарыуыздың жалпы алғанда 90-95% жинақталады. Айта кетер жайт, сарыуыз қабаттарын түзуде тәуліктік реттілік байқалады: ақшыл–сары саруыз қабаты түнгі мезгілде, ал қошқыл саруыз қабаты күндіз түзіледі. Сонымен қатар аналық торша беткейінде фолликулалық қабықты астарлай жұқа, серпімді сарыуыздық қабықша (мембрана) пайда болады да, ол арқылы торша ішіне қоректік заттар өте бастайды. Жыныстық жетілумен байланысты фолликулиннің бөлінуі күшейіп, аналық торшаның өсуі қарқындайды. Өсу кезеңінің соңында саруыз қабығы мен фолликула қабырғасының арасында қуыс (сарыуыз кеңістігі) пайда болады. Онда жиналған лимфада өрістері белгілі ретпен бағытталған (бластодискасы бар анимальдық өрісі жоғары, вегетативтік өрісі – төмен қараған) овоцит еркін жүзіп жүреді. Тауықтың толық қалыптасқан овоцитінде сарыуыз диаметрі 35-40 мм жетеді. Саруыздың түсі қандағы каротинин және ксентофил пигменттерінің деңгейіне байланысты. Демек сарыуыздың түсіне қарап құстың дәрмендәрімен қамтамасыз етілу деңгейін бағалауға болады.
Жетілу кезеңінде (овогенездің соңғы сатысы) – жыныс торшасы ретімен екі мәрте бөлінеді. Нәтижесінде аналық торшадағы хромосома саны екі есе кемиді, сондықтан оны редукциялық (азая, кеми) немесе мейоздық бөліну деп атайды. Алғашқы бөлінер алдында бірінші реттік овоцит ядросында хромосомалар жарыла бөлініп, олардың саны екі есе артады. Одан әрі ядро овоцит беткейіне жақындайды. Гомологиялы хромосомалар бір-біріне тартылып, жұп түзеді де, ядро қабығы жойылады. Овоциттің бастапқы бөлінуі нәтижесінде екі торша пайда болады: екінші реттік овоцит және ядросына хромосомалардың жартысы енетін бірінші өрісті немесе бағыттаушы денешік. Бұл процестер аналық безде овуляцияға дейін жүреді. Жұмыртқалық жол шанағында іле-шала екінші мейоздық бөліну басталады. Нәтижесінде екінші реттік овоциттен жетілген аналық торша және екінші реттік өрісті денешік пайда болады. Соңғы құрылым құрамына хромосомалардың жартысы еніп, олардың екінші жартысы аналық торша ядросында қалады. Сонымен, мейоздық бөліну нәтижесінде жетілген аналық торшада хромосомалардың жарты (гаплоидты) саны қалады. Бірінші және екінші реттік өрісті денешіктер әрі қарай дамымай, жойылып кетеді.
Овуляция – пісіп жетілген жұмыртқа торшасының аналық безден (жұмыртқалықтан) фолликуланы жарып шығуы. Жетілген фолликулада жиналған сұйықтың қысымынан оның қабығы лептік (стигма) тұсында жарылады да, аналық торша аналық безді қоршап тұрған сарыуыз қалтасына, одан жұмыртқалық жол шанағына (воронка) түседі. Бұл процесте фолликула қабығын жұқартатын гормондардың да маңызы зор болады. Шанақта спермийлер болған жағдайда ұрықтану процесі жүреді.
Тауықтарда овуляция тәулігіне бір рет, жұмыртқалағаннан шамамен 30 минут өткен соң, жүреді. Жұмыртқалық жолда жұмыртқаның бөгелуі кезекті овуляцияны тежейді. Тауықта овуляция әдетте түнгі 2 және күндізгі 14 сағат аралығында жүреді.
Овуляция жиілігіне көптеген факторлар әсер етеді: азықтандыру және күтіп-бағу жағдайы, құстың жасы мен физиологиялық күйі. Құс нашар азықтандырылса, ауа температурасы тым жоғары болса, овуляция бөгеліп, құстың жұмыртқалағыштығы нашарлайды. Овуляцияға күннің ұзақтығы да әсер етеді.
Овуляция процесі гормондар әсерімен реттеледі. Гипофиздің гонодотропты гормондары (ФЖГ, ЛГ) жұмыртқалықта жыныс торшаларының өсуіп, жетілуін жандандырады. Өз кезегінде фолликула торшалары овуляция алдында эстрон гормонын бөледі. Бұл гормон жұмыртқалық жол белсенділігін арттырады. Эстрон гормоны гипофизге де әсер етіп, ФЖГ бөлінуін тежейді де, ол жұмыртқалықта жұмыртқа торшасының дамып, жетілуін бөгейді. Овуляция процесін гипофиздің лютеиндеуші гормоны реттейді. ЛГ тек түнде бөлінеді, сондықтан жарықта оның бөлінуі тежеледі, демек овуляция бөгеледі. Құстарда овуляция ЛГ бөлінгеннен кейін 6-8 сағат өткен соң байқалады. Сондықтан кешке қарай және түнде жарық беру, ЛГ секрециясын, жұмыртқалау уақытын және овуляцияны 3-4 сағатқа кешіктіреді.
Овуляция процесін реттеуге орталық жүйке жүйесі, оның жоғары бөлімі - үлкен ми жарты шарлары қыртысы да қатысады. Құстарда овуляция және жұмыртқалау процесін жандандыратын не тежейтін сыртқы орта жағдайларына оң не теріс шартты рефлекстерді оңай қалыптастыруға болады.
Жұмыртқа жолының қызметі. Жұмыртқа жолы аналық торша ұрықтанып, жұмыртқа пайда болатын түтікше мүше. Ол жұмыртқалықтан бастау алып, саңғуырда (клоакада) аяқталады. Жұмыртқалық жолдың өлшемі құстың жасына және оның жыныс аппаратының функционалдық күйіне байланысты өзгеріп отырады. Жыныстық жетілуге дейін жұмыртқалық жол ішкі беткейі жазық, ұзына бойына диаметр бірдей тік түтікше болады. Алғашқы жұмыртқаны жұмыртқалағаннан кейін тауықта оның ұзындығы 68 см, ал массасы 77 г құрайды. Қарқынды жұмыртқалау кезеңінде оның ұзындығы 86 см, диаметрі 10 см жетеді. Ал жұмыртқаламайтын құстарда бұл құрылымның ұзындығы 11-18 см дейін кішірейіп, диаметрі бар болғаны 0,4-0,7 см құрайды. Түлеу кезінде де оның ұзындығы 17 см-ге дейін қысқарады.
Жыныстық тұрғыдан жетілген құстарда жұмыртқа жолы шанақ (воронка), белоктық бөлім, мойнақ, жатыр және қынап деп аталатын бөліктерге бөлінеді (10-сурет).
Шанақ – жұмыртқа жолының ұзындығы 4-7 см, даметрі 8-9 см шамасындағы алдыңғы кең бөлігі. Ол жұмыртқалықтың астында орналасады да, қысқа мойыншық арқылы жұмыртқа жолының кейінгі бөлімдерімен ұштасады. Шанақтың ішкі кілегейлі қабығы қыртыстанып жатады, онда без болмайды. Ал шанақ мойыншығының кілегейлі қабығында жұмыртқа қабаттарын түзуге қатысатын секрет бөлетін түтікше бездер кездеседі. Шанақ қабырғасындағы етті қабаттың әрекетіне байлаысты өте жақсы қимылдайды. Оның толқынды қимылдары овуляциядан кейін аналық торшаны қарбып алуға мүмкіндік береді. Шанақта аналық торша 20-30 минуттай бөгеледі.
10 - сурет. Жұмыртқалық жолдың құрылымы мен жұмыртқаның түзілу схемасы:
А-жұмыртқаның түзілуі;
Б- жұмыртқалық жол;
В- жұмыртқалық жолдың көлденең қиындысы;
1- аналық без; 2- шанақ; 3-мойыншық бездері; 4- белоктық бөлім; 5- белоктық бөлім бездері; 6- безсіз жолақ; 7- мойнақ; 8- мойнақ бездері; 9- аралық бөлім бездері; 10- жатыр; 11- жатыр бездері.
Мойыншықта бөлінген қою, түйіршікті муцин тәрізді белок сарыуызды орап жатады. Жұмыртқа жолының бастапқы бөліктерінен өткенде сарыуыз баяу айналып отырады да, оны орап жатқан муцин жіпшелері бұралып, сарыуызды жұмыртқаның ортасында ұстап тұруға қажет ызба (халаз) түзіледі. Осы өзгерістер кезінде сығылып шыққан белок сарыуыз маңында сұйық белокты қабат түзеді.
Белоктық бөлім – жұмыртқа жолының ең ұзын бөлігі. Жұмыртқалайтын тауықтарда оның ұзындығы 30-50 см құрайды. Оның бойлама қатпарлы кілегейлі қабығында мойыншық бездеріне ұқсас түтікше бездер болады. Олар бөлген секреттер сарыуыз сыртында тығыз және сұйық белокты қабаттар қалыптастырады әрі ызба түзуге қажет материалдар бөледі. Түтікше бездердің секрециялау қызметін эстрон және прогестерон гормондары реттеп отырады. Жұмыртқа жолының белоктық бөлімінен жұмыртқа 3 сағат шамасында өтеді.
Мойнақ - ұзындығы 7-8 см шамасындағы жұмыртқа жолының тарылған бөлігі. Оның кілегейлі қабығында майда қыртыстар болады. Бұл құрылымда сұйық белокты қабаттың сыртқы қабаттары толықтырылады, қауыздың астарлық қабығы түзіледі. Мойнақ бездері бөлген түйіршікті кератин тәрізді материалдың ұйысқан тығыз талшықтарынан берік үлбір (пленка) түзіледі. Қауыздың осы астарлық кеуекті қабығынан тұзды ерітінділер оңай өтеді де, олар белокты көпсітіп, оның массасын көбейтеді. Бұл процесс жатырда да жалғасады. Жалпы мойнақта жұмыртқа бір сағатқа жуық бөгеледі.
Жатыр жұмыртқа жолының қапшық тәрізді кеңейген бөлімі, оның ұзындығы 10-12 см шамасында. Жатыр қабырғасының құрылым принципі алдыңғы бөлімдерге ұқсас. Оның кілегейлі қабығында көлденең және диагональды бағытта жақсы байқалатын қатпарлар болады. Жатырдың қалың етті қабығы бір-бірінен жақсы шектелген ішкі сақиналы және сыртқы бойлама қабаттардан тұрады. Жатыр бездері қауыздың астарлық қабығынан оңай өтетін сұйық секрет бөледі. Ол жұмыртқа белогымен әрекеттесіп, оны көпсітеді де, жатырдағы жұмыртқаның көлемін екі есеге жуық үлкейтеді. Осыдан қауыздың астарлық қабаты керіліп, ол жатырдың кілегейлі қабығымен тығыз жанасады да, жатыр бездерінің секрециясы күшейе түседі.
Жатыр бездерінің секреті жұмыртқа қауызын түзуге де қатысады. Алдымен қауыздың сыртқы астарлық қабығында бүртікті қабат пайда болады. Оны құрайтын конус тәрізді бүртіктердің ұшы қауыздың астарлық қабығының сыртқы беткейіне бағытталып, ал табаны жатыр қабырғасымен жанасады. Бүртіктер белокпен біріккен кальций карбонатының кристалдарынан құралады. Бүртікті қабаттың сыртында қауыздың қалың кеуекті қабаты пайда болады. Оның негізін жатыр секретінен түзілген коллаген талшықтары құрайды. Талшықтар аралығы кальций тұздарымен тығыздалады, да қауызға беріктік береді. Ал бүртіктер табанының аралығында тұздар жиналмайды да, ауа өтетін майда арналар пайда болады. Олар бүкіл кеуекті заттарды бойлай өтіп, қауыз беткейіне майда жасуша (леп тесік) түрінде ашылады. Қауыз беткейінде жасушалар біркелкі орналаспайды: олар жұмыртқаның ауа камерасы орналасқан доғал ұшында көп, ал үшкір ұшында – аз болады. Кейбір деректерге қарағанда тауық жұмыртқасының қауызында 8 мыңға дейін жасуша болады. Жатыр бездері жұмыртқа қауызына рең беретін пигменттер де бөледі. Қауыздың сыртқы беткейі жатырдың эпителийлі торшаларынан түзілген жылтыр үлбірмнен қапталады.
Қауыз органикалық негізден (каркас) және аралық заттардан құралады. Қауыз негізі коллаген тектес протеиннің жіңішке талшықтарының ұйысуынан пайда болады. Аралық заттар ерімейтін кальций тұздарынан - кальций карбонатынан (99%), кальций фосфатынан (1 %) тұрады. Қауызды түзуде карбоангидраза және сілтілі фосфатаза ферменттері маңызды рөл атқарады. Карбоангидраза көмір қышқыл газ бен судан карбонаттар анионының түзілуін жандандырады. Сілтілі фосфатаза ионданған кальцийдің қауыз құрамындағы бейорганикалық заттардың түзілу процесінде пайдаланылуын жандандырады. Жұмыртқаның жатырда болған 18-20 сағат бойына қауызда тұздардың жинақталу процесі жалғасады. Карбоангидразаның басытқысы болып саналатын заттар, мысалы, сульфаниламидтер, қауыздың түзілуін бүлдіреді. Олар тым көп болса, тауықтар қауызсыз жұмыртқа салады.
Қынап – жұмыртқа жолының соңғы бөлімі. Ол жатырдан қысқыш етпен (сфинктер) – жатыр мойынымен бөлінеді. Қынаптың ұзындығы 7-12 см шамасында, оның кілегейлі қабығы қатпарлы келеді де, онда түтікше бездер болмайды. Етті қабығы, әсіресе оның ішкі сақиналы қабаты күшті жетілген. Құс қынабы саңғуырдың ортаңғы бөлімінде, сол жақтағы зәрағар тесігіне жақын ашылады. Құс қынабында жұмыртқа жарты сағаттай бөгеледі.
Сонымен, қалыпты жағдайда мекиендерде тек сол жақ аналық без бен сол жақ жұмыртқалық жол дамиды. Эмбриондық даму кезеңінде оң жақтағы без бен жұмыртқалық жол да қалыптасады, бірақ олар жетілмей қалады.
Аналық без әр түрлі даму сатысындағы фолликулалар жиынтығы болып табылады да, сырт жағынан жүзім шоғырына ұқсайды. Мысалы, тауықтың аналық безінде 500-ден 3500-ге фолликулалар кездеседі.
Аналық без екі қабат қабықпен (эпителийлік және дәнекер ұлпалық) қапталады. Фолликулалар дәнекер ұлпалық тұлғада орналасады да, эпителийлік торшалармен қоршалған ооциттерден тұрады. Жыныстық жетілу кезінде және жұмыртқалар алдында аналық безде сарыуыз пайда болады. Фолликулалық эпителий әр түрлі химиялық құрамды липопротеид массасын түзеді, осымен байланысты жұмыртқаның сарыуызында ақшыл және сары қабаттар пайда болады. Жетілген сарыуыз пішіні жағынан шарға ұқсас. Оның сәл қысыңқы беткейінде диаметрі 1–2 мм шамасында ақ дақ - ұрық табақшасы (шын мәнісіндегі аналық торша) орналасады.
Аналық безде жетілу үстіндегі сарыуыз екі қабықпен қапталады. Оның ішкісі - сарыуыздық қабық. Ол сарыуызды толық қоршай орналасқан, өте жұқа, бір қабат торшалардан тұратын құрылым. Екінші сыртқы қабық - көп қабатты, тығызырақ құрылым. Ол ерекше байлам арқылы аналық без ұлпасын сарыуызбен байланыстырады. Қабықтың сырт жағында жетілген сарыуыз үзіліп түскенде пайда болатын сопақша бозғылт түсті жолақ түрінде тыртық - стигма болады. Сарыуыз жетілгеннен соң фолликула қабығы стигма тұсында үзіледі де, сарыуыз жұмыртқалық жолдың шанағына түседі. Сарыуыз толығымен 14 күн ішінде пайда болады. Аналық бездің фолликулалық қабығы сарыуыз бөлінгеннен соң солады да, соңынан толығымен сорылып кетеді. Құстарға тән ерекшеліктің бірі - жарылған фолликулалар орнында сары дененің пайда болмауы.
Достарыңызбен бөлісу: |