Ќан жїйесі физиологиясы


Минералды заттардың алмасуы



жүктеу 6,9 Mb.
бет4/14
Дата14.11.2018
өлшемі6,9 Mb.
#19686
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Минералды заттардың алмасуы. Дене органдары мен ұлпалары күлінің құрамында 60-тан астам минералды элементтер анықталған, солардың 45-і тұрақты түрде кездеседі.

Организмдегі минералды заттардың жалпы мөлшері онша көп емес, дене массасының 3,5-4 пайызы шамасында. Минералды заттар организмдегі химиялық реакциялар катализаторлары ретінде маңызды рөл атқарады.

Денедегі мөлшеріне қарай минералды заттар макро-, микро- және ультрамикроэлементтер болып бөлінеді. Макроэлементтер едәуір көп мөлшерде кездеседі, оларға натрий, калий, хлор, кальций, фосфор, магний, күкірт элементтері жатады.

Микроэлементтер денеде өте аз мөлшерде (10-3-10-5 %) кездеседі. Оларға темір, мыс, кобальт, марганец, мырыш, йод, бром, фтор, никель жатады. Ультрамикроэлементтердің (алтын, күміс, селен, радиоактивті элементтер) денеде ізі ғана болады (10-6 және одан төмен). Аталған элементтер организмге әр түрлі әсер етеді.

Организмде минералды заттар әр түрлі күйде болады. Олардың кейбіреуі оргникалық заттар құрамына енеді. Күкірт метионин мен цистеиннің құрамына кіреді, темір-гемоглобиннің, йод-тироксин гормонының, фосфор-АТФ, фосфотид құрамына кіреді. Көптеген минералды заттар қатты ұлпаларда - сүйектерде, мүйіз тәрізділерде, қанаттарда кездеседі, оларға көмірқышықылы және кальций мен магнийдің фосфорқышқылды тұзы жатады. Минералды заттардың бір бөлігі организмде сұйық күйде кездеседі.

Организмде макро- және микроэлементтердің жетіспеуі немесе шамадан тыс көп болуы құстың өсуін бәсеңдетеді, сүйектің қалпын бұзады, құстың өнімділігін төмендетеді, тіпті өлімге ұшыратуы да мүмкін. Сондықтан да құстың минералды заттарды қабылдауын жіті қадағалау қажет.

Минералды заттар әртүрлі ұлпалар мен органдарда жинақталады. Мысалы, кальций, фосфор, магний – сүйектерде, йод-қалқанша безде, хлорлы натрий - теріде жақсы жинақталады. Минералды заттар организмнен ас қорыту жолы арқылы және зәрмен бөлінеді.

Организмде минералды заттардың қатысуымен көптеген тіршіліктік маңызды процестер жүзеге асады: газдар тасымалданады; осмостық қысым қалыпта деңгейде сақталады; қышқыл-сілтілік тепе-теңдік реттелінеді, ферменттер, гормондар, дәрмендәрілер синтезделеді; ұлпалар қозғыштығының қалыпты деңгейі сақталады; зат алмасудың уытты өнімдері залалсыздандырылады; қан түзіледі, судың, белоктың, көмірсудың майдың алмасу процестері, көбею және өсу процестері дұрыс атқарылады. Дегенмен әр элементтің телімді маңызы болады. Құс организміндегі минералды заттардың алмасу ерекшеліктерін Ресей физиологы В.И.Георгиевский терең зерттеген.

Натрий негізінен биологиялық сұйықтықтар құрамында кездеседі де, қан мен лимфаның осмостық қысымын реттеуде маңызды рөл атқарады. Ол қанның буферлік жүйесінің құрамына ене отырып, оның әрекетшіл ортасын қалыпты жағдайда сақтауға көмектеседі. Натрийдің біраз мөлшері органикалық қышқылдармен және белоктармен байланысады. Ол ұлпалардағы қозу процесінің туындап, таралуында маңызды рөл атқарады, торша мембранасының өтімділігін жақсартады; дене ұлпаларындағы суды ұстай отырып белоктың коллоидтардың ісінуіне үлкен ықпал етеді.

Құс организмінде шамамен 0,2 % натрий болады. Оның жалпы мөлшерінің 28-45 % -ы сүйекте жиналады. Сүйек күлінде бұл элементтің үлесі 0,7-0,9 % құрайды.

Натрий тұздары оңай ериді, сондықтан натрий ас қорыту жолынан тез сіңіріледі. Гипертониялы ерітіндіге қарағанда натрийдің изотониялы және гипотонииялы ерітіндісі тез сорылады. Сірке қышқылды натрий қымыздық қышқылды натриймен салыстырғанда тез сіңіріледі.

Натрийдің организмнен бүйрек арқылы бөлінеді, оның аз ғана мөлшері ішек арқылы шығарылады.

Натрийдің ішекте сіңірілуі және зәрмен бөлініп шығуын бүйрек үсті безі гормондары (дезоксикортикостерон, альдостерон) реттейді. Олар натрийдің кері сорылуын күшейтіп, оның организмде жинақталуына ықпал етеді.

Натрий жануар текті азықтарға қарағанда өсімдік текті азықтарда аз. Сондықтан тек өсімдік текті азықпен қоректенген құс организмінде натрий жеткіліксіз болады. Оның рационына аз мөлшерде ас тұзын қосқан жөн. Натрий жетіспегенде құста каннибализм, аяқ параличі, бүйрек үсті бездің үлкеюі байқалып, жұмыртқалағыштық төмендеп, жұмыртқа салмағы азаяды, азық шығыны артады, балапанның дамуы және өсуі тежеледі.

Рациондағы тұздың артық мөлшеріне құс өте сезімтал келеді. Тұздың шамадан артық мөлшері оларда тұз қызбасын (лихорадка) тудырады. Ас тұзмен уланғанда құс қатты шөлдейді, оның іші өтеді, құсады, айдары сұрланып, тыныс алуы бұзылады. 6-48 сағаттан кейін құс өлімге ұшырайды.

Калий барлық ұлпалар торшаларының, буферлік жүйе құрамына енеді; осмостық қысымның қалыпты деңгейде сақталуына ықпал етеді; жүректің қалыпты қызмет атқаруы үшін қажет. Ол жүйке жүйесі мен бұлшық еттің қозғыштығын бәсеңсітіп, кейбір ферменттерді белсендіруге қатысады; биоток туындау үшін қажет; ас қорыту процестеріне ықпал етеді; гликоген және белок синтездеу процесіне қатысады; Калий иондары қозу толқынын таратуда, ацетилхолин медиаторын түзуде маңызды рөл атқарады.

Калий негізінен торша ішінде болады. Құс организміндегі калийдің жалпы мөлшерінің 98,3 % ұлпа торшаларының ішінде, ал тек 1,7 % ұлпааралық сұйықтықтарда болады. Тауықтың 1 кг майсыздандырылған дене затында 4,2 г калий болады. Әтештерде бұл көрсеткіш 5,57 г., мұның 14-16 % -ы сүйекте жиналады.

Калий ішектен оңай сіңіріледі. Бауырда ол белоктармен және органикалық қышқылдармен қосылып, қан арқылы ұлпаларға таралады. Организмнен калий зәр арқылы бөлінеді.

Өсімдік құрамында калий жеткілікті мөлшерде болады, сондықтан шөп қоректілерде оған деген мұқтаждық байқалмайды. Дегенмен, калий жетіспегенде балапандарда өсу процесі тежеліп, бұлшық ет әлсіздігі, ішек атониясы байқалады, жүрек жұмысы бұзылады. Калий көбейгенде шөл пайда болады.

Бүйрек үсті бездің қыртысты қабатының гормондары - дезоксикортикостерон, альдостерон және аз мөлшерде кортизон- калийдің зәрмен бөлінуін тежейді. Калийдің организмнен бөлінуін симпатикалық нерв жүйесі күшейтеді, ал парасимпатикалық жүйке - тежейді.

Хлор денеде натрий және калиймен байланыста болады. Ол қарын сөлі құрамындағы тұз қышқылын түзу үшін қажет. Хлор эритроцит қабығынан оңай өтеді де, газ алмасу процесіне қатысады. Ол қозу процесінің туындауында да маңызды рөл атқарады.

Құс организміндегі хлордың көп мөлшері (83-85%) ұлпааралық сұйықтықта болады. Хлор концентрациясының деңгейіне қарай құс организмінің мүшелері мына ретпен орналасады: бүйрек, көкбауыр, тері, өкпе, қан, бұлшық ет, сүйек, бауыр.

Организмнің хлорға деген қажеттілігі онша жоғары емес – 0,02-0,03 г. шамасында. Сондықтан азықпен қабылданған хлор организм мұқтаждығын толығымен қанағаттандырады. Хлор организмде көп сақталмайды, зәрмен шығарылады. Организмде хлордың негізгі депосы терінің дәнекер ұлпасы болып табылады.

Хлордың алмасуы вегетативтік жүйке жүйесімен және гормондармен реттеледі. Инсулин хлордың сіңірілуіне оң ықпал етеді, ал адреналин бұл процесті тежейді. Минералды кортикоидтар хлордың бүйректе кері сорылуын күшейтіп, оның зәрмен шығарылуын бөгейді. Парасимпатикалық нерв қан мен зәр құрамындағы хлоридтердің мөлшерін арттырады, ал симпатикалық нерв - төмендетеді.

Құс организмінде хлордың жетіспеуі балапандардың өсіп-жетілуін тежейді, параличке соқтырады.

Кальций ұлпалық сұйық, қан құрамында болады, оның иондары көптеген ферменттік процестердің жүруін қамтамасыз етеді, бұлшық ет жиырылуының механизміне қатысады, бұлшық ет пен жүйке жүйесінің қозғыштығын төмендетіп, торша қабығының өткізгіштігін азайтады, жүрек қызметін реттеуге қатысып, қанның ұюында ерекше рөл атқарады, темірдің алмасуына оң ықпал етеді, калий, натрий, магнийдің залалды әсерін жояды, организмнің инфекцияға қарсы тұру қабылетін жоғарылатады, токсиндер әсерін әлсіретеді, кейбір ферменттер (актомиозин-аденозинүшфосфатаза, энтерокиназа) әрекетін жандандырады, ал дипептидаза әрекетін тежейді. Қаңқа дұрыс өсіп, дамуы үшін кальцийді жас организм көп қажет етеді.

Тауық денесінің 1 кг майсыздандырылғын құрғақ затында 13,5-26,9 г кальций болады. Кальцийдің шамамен 99 пайызы сүйекте жиналады. Жасы ұлғайған сайын құстарда кальций мөлшері көбейе береді.

Құстың жеке мүшелері мен ұлпасындағы кальций мөлшері (100 г балауса ұлпаға мг шаққанда, В.И.Георгиевский деректері бойынша, 1970):

Қаңқа еттері 4-5 жүрек 8-20

Ми 2-12 көкбауыр 9-15

Бүйрек 6-20 өкпе 10-19

Тері 7-25 ішек 13-15

Бауыр 13-30 шеміршек 40-96


Құс кальцийді азықпен және минералды қоспалармен қабылдайды. Ал кальцийдің сіңуіне бірнеше факторлар әсер етеді. Қарын сөлінің құрамындағы тұз қышқылының әсерінен кальцийлі қосылыстар иондарға тез диссоцацияланатын хлоридтерге айналады. Иондалған кальций ішекте оңай сіңіріледі. Кальцийдің өт және май қышқылдарымен байланыс түзуі де оның сіңірілуіне оң ықпал етеді. Кальцийдің сіңімділігі фосфор мен Д витаминінің болуына да байланысты. Кальций организмнен ішек арқылы (85 %) және зәрмен (15 %) шығарылады.

Жұмырқалайтын құстар кальцийді жұмыртқа түзу барысында жоғалтады. Тауық жұмыртқасының қауызы (қатты қабығы) құрамында 1.6-2.4 г кальций болады. Қауыз түзілуге ас қорыту жолынан сіңірілген кальцийдің 60-75 % және сүйектен алған кальцийдің 40-25 % жұмсалады. Егер тауық жылына 200 жұмыртқа жұмыртқалайтын болса, онда ол қауыз түзу үшін шамамен 400-420 г кальций шығындайды, бұл кальцийдің организмдегі мөлшерінен 20 есе көп.

Организмде кальцийдің алмасуын қалқанша серік без гормоны - паратгормон реттейді. Ол кальцийдің сүйектен шайылып шығуын тездетеді, сондықтан кальцийдің қандағы концентрациясын көбейтеді. Қалқанша без гормоны (тиреокальцитонин) кереғар әсер етеді.

Организмде кальций жетіспесе құс рахит дертіне шалдығады, оның тәбеті төмендейді, өсуі тежеледі, жұмыртқа қауызы жұқарады, каннибализм байқалады.

Кальцийдің мөлшері шамадан артып кетсе, құстың тәбеті нашарлайды, өсуі тежеледі, нерв жүйесінің әрекеті бұзылады, натрий мен магний организмнен көп мөлшерде бөлінеді.

Фосфор аралық зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады. Ол көмірсулар алмасуындағы фосфорлану процесіне, ет жиырылуын қамтамасыз ететін биохимиялық әрекеттерге қатысады. Организмде фосфор әмбебап қуат көзі болып табылатын аденозинүшфосфор қышқылының (АТФ), креатинфосфаттың, фосфатидтер мен фосфопротеидтердің құрамында кездеседі. Фосфор қанның қышқыл-сілтілік тепе-теңдігін реттеуге қатысады. Фосфор ішекте глюкоза мен май қышқылдарының сіңірілуіне ықпал етеді; қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті ұстап тұратын қан буферінің бір бөлігі болып табылады; ол ұлпалық тыныс алуда маңызды рөл атқаратын кодегидраза құрамына енеді; бүйректе экскреция процесін жүру үшін қажет; май, белок, көмірсулардың алмасуы мен тасымалдануында маңызды рөл атқарады; кальцийдің қалыпты сіңірілуі, жұмыртқа сарыуызы түзілуі үшін қажет;

Фосфор организмнің барлық ұлпаларының құрамына енеді. Ересек құстардың майсызданған ұлпаларында оның үлесі 0,7-0,85 % құрайды. Құс организмінде фосфордың шамамен 82-85 % қаңқада фосфорқышқылды кальций түрінде болады. Балапан организмінде ересек құстармен салыстырғанда фосфор аз болады.

Ас қорыту жолына фосфор бір, қос және үш негізді бейорганикалық фосфаттар және органикалық қосылыстар -фосфатидтер, нуклеопротеидтер, фосфопротеидтер түрінде түседі. Фосфаттардың сіңімділігіне олардың ерігіштік қасиеті көп әсер етеді. Фосфордың калийлі, натрийлі, аммонийлі тұздары суда жақсы еритіндіктен оңай сіңіріледі, ал фосфорқышқылды кальций суда ерімейді десе де болады, сондықтан ол нашар сіңіріледі.

Азық құрамындағы фосфорлы қосылыстардың бір бөлігі қарында тұз қышқылы әсерінен ериді. Дегенмен, органикалық фосфордың басым бөлігі күрделі қосылыстар құрамынан ішек сөлінің эстеразасы мен фосфатазсының әсерімен ажырайды.

Фосфордың сіңімділік көрсеткіші құстың жасына байланысты өзгеріп отырады. 7-10 күндік балапанда қабылданған фосфордың 80 % -ы, ал жас тауықтарда 40-50 % сіңіріледі. Ішекте кальций тұздарының мөлшері көбейсе, фосфордың сіңімділігі нашарлайды. Фосфор тұздарының организмде жинақталуы және пайдаланылуы осы процестерді реттейтін Д дәрмендәрісіне байланысты. Фосфор организмнен бүйрек және ас қорыту жолы арқылы бөлінеді.

Фосфордың алмасуын паратгормон реттейді. Ол бейорганикалық фосфордың зәрмен шығарылуын арттырып, оның қандағы деңгейін төмендетеді. Ұйқы безі гормоны инсулин бейорганикалық фосфордың шығынын көбейтеді.

Фосфордың жетіспеуінен балапандар тәбеті төмендейді; өсу процесі бәсеңдейді; сүйек массасы азаяды; шеміршек ұлпасында кальций жиналады; күрке тауық балапандарының сүйектері майыса, тұмсығы жұмсара бастайды; құстың жұмыртқалағыштығы төмендейді; жұмыртқа қауызы жұқарады және балапандау көрсеткіші нашарлайды.

Магний торша ішінде жинақталатын катион. Ол митохондрияларда жинақталады да, тотықтырғыш фосфорлану процесінің маңызды белсендіргіші болып табылады. Бұлшық еттерде магний актин мен миозин белоктарын байланыстыратын магнийлі белок кешені құрамына еніп, еттің жиырылуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Магний гликолиз процесін реттейтін көптеген ферменттік жүйелердің құрамына кіреді, кальцийдің антогонисі болып табылады. Қан құрамында магний мөлшері өссе, жүйке жүйесінің қозғыштығы төмендейді. Магний жұмыртқа түзу үшін қажет.

Құс организмінде магний фосфор, көмір, тұз қышқылды тұздар және белокпен қосылыс түрінде кездеседі. Құс организмінде магний негізінен қаңқа және бұлшық етте жинақталады. Денедегі магнийдің 70 пайызы сүйектерде, ал 20 пайызы бұлшық еттерде болады.

Құс эритроциттерінде сүт қоректілермен салыстырғанда магний 5.7-5.8 мг % құрайды, демек әлдеқайда көп. Қан плазмасы құрамында магний мөлшері тауықтарда 2.75 мг %, қаздарда - 2.4 мг %. Плазма құрамындағы магнийінің 35 пайызы белоктармен байланысқан күйде болады, бұл көрсеткіш репродукция кезінде тауықтарда 55-70 пайызға жетеді. Жасы ұлғайған құстарда магний мөлшері қан плазмасында, бұлшық еттерде, бауырда көбейеді, ал сүйекте азаяды. Әр түрлі органдарда магнийдің мөлшері шамалас (30 мэкв/л деңгейінде).

Магний ішекте сіңіріледі. Қышқылдар мен майлардың әсерінен магнийдің қиын еритін тұздары түзілуі мүмкін. Магнийдің сіңірілуі майдың, фитин және қымыздық қышқылдарының, фосфор мен күкірттің шамадан тыс көбеюінен қиындайды. Магний ішек арқылы және аздап зәрмен бөлінеді. Кальцийдің әсерінен магний бөлінуі күшейеді.

Жұмыртқалау кезеңінің алдында магний көбейеді, ал жұмыртқалау кезеңінде организмде оның теріс балансы байқалады.

Организмдегі магний алмасуын қалқанша серік бездің паратгормоны және бүйрек үсті бездің қыртысты қабатының альдостероны реттейді. Паратгормон қан плазмасындағы магний мөлшерін көтереді. Альдостерон әсерінен торша ішіндегі магний азаяды. Оның деңгейін реттеуге қалқанша без бен гипофиз гормондары қатысады.

Организмде магний жетіспесе тауықтар мен үйректерде тәбет төмендейді, қауырсындану, өсу процестері тежеледі, жүрек аритмиясы байқалады, бұлшық ет тонусы төмендейді, тремор (діріл), атаксия байқалады, бүйрек пен жүрекке магний тұздары жиналады, құс өлімге ұшырайды.

Магний шамадан артып кеткен жағдайда перозис, рахит белгілері байқалады, жұмыртқа қауызы жұқарады, іш өтіп, организм кальцийді жоғалтады. Магнийдің артық дозасы наркоз тудырады.



Күкірт организмге белок құрамында енеді. Ол организмде азоттыты заттар - креатин, муцин, мукоидтар, метионин, цистин, цистеин амин қышқылдары, көптеген биологиялық белсенді заттар (глютатион, инсулин, питиутрин, кофермент-А мен белок тектес гормондар), таурин мен оның туындылары және басқа органикалық заттар құрамында кездеседі. Күкірт организмде күкірт қышқылын түзіп, тоқ ішекте жиналатын уытты заттарды залалсыздандыру процесіне қатысады. Ол тиамин (В1) және биотин дәрмендәрілерінің, құс қауырсыны мен мамығының құрамына енеді. Қалыпты жағдайда күкірт тапшылығы байқалмайды. Денеден күкірт күкірт қышқылының тұздары түрінде несеппен, аз мөлшерде нәжіс құрамында бөлінеді.

Күкірт құс қауырсындардағы метионин, цистин, цистеин амин қышқылдарының құрамына енеді; тотығу-тотықсыздану процестерінде маңызды рөл атқарады; ми ұлпасын түзу үшін қажет; дәнекер ұлпалардың мукополисахаридтері, шеміршек (хондроитинкүкіртті қышқыл), шырыш (мукоитинкүкіртті қышқыл), биотин және тиамин дәрмендәрілері құрамына енеді; инсулин гормонын синтездеуге қатысады; күкірт қышқылы құрамына енетіндіктен, тоқ ішекте түзілетін улы заттарды (индол, скатол, крезол, фенол) залалсыздандыруға қатысады.

Күкірт креатині бар құрылымдарда: тұмсық, қанат (2-3 пайызға дейін) көп болады. Оның мөлшері жас ұлғайған сайын көбейеді. Күкірт шеміршекте, етті қарын кутикуласында да көп болады.

Күкіртке деген қажеттілік азық арқылы толығымен қанағаттандырылады. Күкірт жоңышқа мен қалақай құрамында көп болады (2 пайызға дейін). Бейорганикалық күкірт организмге сульфат күйінде түседі. Күкірт көзі ретінде азыққа ет, балық, ет-сүйек және қауырсын ұнтағын қосуға болады. Құс түлеген кезде күкіртке деген қажеттілік бірден артады.

Күкірт ішекте сіңіріледі. Бұл элемент организмнен зәр құрамында шығарылады (80 % бейорганикалық сульфаттар күйінде және шамамен 10% индол, скатол, фенолмен байланыс күйінде).

Күкірт жетіспеушілігі аптериоз тудыруы мүмкін.



Темір организмге азық құрамында бейорганикалық қосылыс түрінде енеді. Ол гемоглобиннің, миоглобиннің, тотығу-тотықсыздану ферменттері - пероксидаза, оксидазалар, каталаза мен биологиялық тотығу процесін жүргізетін цитохромдық ферменттер құрамында кездеседі. Денеде темір бауырда, көк бауырда, ішектің кілегейлі қабығында ферритин (темірдің гидрат тотығы) мен белоктардың қосылысы түрінде жинақталады. Ферритинмен қатар организмде гемосидерин кездеседі. Оның құрамында 35 пайызға дейін темір болады. Темірдің қан плазмасындағы белоктармен қосылыс түзген түрін сидерофилин деп атайды. Бұл қосылыс темірді дененің бір құрамасынан екіншісіне тасымалдауға мүмкіндік береді.

Тауық денесіндегі темірдің жалпы мөлшері 162 мг шамасында; соның 64-66 % қан құрамында, 20 % бұлшық етте, 5 % бауырда, 6 % қаңқада, 2 % көк бауырда, 2-4 % басқа ұлпаларда жиналады. Эритроцит құрамындағы темір мөлшері 98-105 мг %, қан плазмасында - 0.15-045 мг %. Тауықтың бір жұмыртқасында 1 мг темір болады. Темір құстың қызыл қауырсынында көп (38-40 мг/кг) болады.

Организмде темір геминді және геминсіз түрде болады. Гемоглобин, миоглобин, цитохромдар, цитохромоксидаза, каталаза, пероксидаза құрамындағы темір геминді темір. Геминсіз темір сидорофилин (трансферин), ферритин, гемоксидерин және темір протеинаты құрамына енеді.

Темірдің негізгі бөлігі жіңішке ішекте сіңіріледі. Темірдің сіңімділігін антиоксиданттар: аскорбин қышқылы, токоферол, глютатион және күкірт құрамды амин қышықылдардың сульфгидрильді тобы, жақсартады. Темірдің сіңірілуін темірдің ерімейтін тұздарын құрайтын органикалық қышқылдар (лактат, цитрат, оксалат), сонымен қатар фосфат, күкіртті сутегі және қант бөгейді. Темір ферритин және гемосидерин түрінде бауырда, көк бауырда, ішек қабырғасында қорға жиналады. Темір организмнен нәжіспен шығарылады. Құс зәрінде темір болмайды.

Темірдің алмасуын гипофиз, қалқанша без, бүйрек үсті без және жыныс бездерінің гормондары реттейді. Гипофизді және бүйрек үсті безін алып тастаса, қан құрамындағы темір концентрациясы азаяды. Қалқанша безді сылып тастаса, темірдің сүйекке жиналуы нашарлайды. Жыныс гормондары организмде темірдің жинақталуын жақсартады. АКТГ мен кортизон темірдің ішектен сіңірілуін жандандырады және бауырдағы ферритин мөлшерін азайтады.

Темір жетіспегенде эритроциттердің түзілуі бұзылады, анемия байқалады, қауырсынның реңі өзгереді. Алайда темір жетіспеуі сирек байқалады, құсты азық құрамындағы темір толық қанағаттандырады. Үлкен дозада темір уыттылық танытады.



Мыс – барлық органдар құрамында кездеседі, бірақ оның ең көп мөлшері бауырда жинақталады. Мыс гемокупреин түрінде эритроциттердің құрамында болады, кейбір тотығу-тотықсыздандыру ферменттерінің құрамына кіретіндіктен ол ұлпалық тыныс процестерінде маңызды рөл атқарады. Мыс меланин атты бояғышты түзу үшін қажет. Ол цитохромоксидазаның белсенділігін күшейтіп, қан түзу процесін жақсартады. Гипофиздің алдыңғы бөлігінің гормондары мен А, В, С, Е, РР дәрмендәрілерінің белсенділігін арттыра отырып, мыс құстың өсіп-өнуіне жағымды ықпал етеді.

Мыс темірдің гемоглобинмен құрамына қосылуын синтездейді; ретикулоциттердің жетілген эритроциттерге айналуын қамтамасыз етеді; сүйектің қалыпты дамуына әсер етеді; пепсин, уреаза ферменттерінің әсерін тежейді; организмнің инфекцияға төзімділігін арттырады, бактериостатистикалық әсер көрсетеді; В12 дәрмендәрісі мен аскорбин қышқылының бауырдағы мөлшерін арттырады.

Мыс аш ішекте сіңіріледі. Оның сіңірілуін кальций, мырыш карбонаттары мен күкіртқышқылды темір мөлшерінің көбеюі бәсеңдетеді. Мыс организмнен негізінен ас қорыту жолы арқылы бөлінеді, ол зәрмен мардымсыз мөлшерде экскрецияланады.

Мыстың алмасуына бүйрек үсті, жыныс, қалқанша бездердің гормогдары әсер етеді. Қалқанша бездің гиперфункциясы қан плазмасындағы мыс мөлшерін жоғарылатады, ал гипофункциясы - төмендетеді. Адреналин мен жыныс гормондары қандағы мыстың мөлшерін арттырады.

Тауықтың мысқа қажеттілігі 1 кг азыққа шаққанда бар болғаны 2 мг, сондықтан мыс тапшылығы байқалмайды. Мыс жетіспеген жағдайда анемия туындап, қауырсынның пигментациясы бұзылады, буындар деформацияланады, өсу процесі тежеледі, ішкі мүшелерге қан құйылады.

Мырыш – барлық ұлпаларда кездеседі, карбоангидраза мен алкогольдегидразаның, инсулиннің құрамына енеді, белоктар мен көмірсулар алмасуын жандандырады. Мырыш тұздары гипофиз, ұйқы және жыныс бездері гормондарының белсенділігін арттырып, зат алмасу процесіне әсер етеді. Мырыш жетіспесе организмнің өсуі тоқтап, жыныс бездерінің қызметі бұзылады.

Мырыш сүйек түзу процесі үшін қажет; ол аминопептидаза және қышқылды фосфатаза ферменттерінің белсендіргіші болып табылады, инсулинді тұрақтандырады; қан түзу процесін, жыныс ағзаларының функцияларын жандандырады. Құс организміндегі мырыштың көп мөлшері (80-85 %) бұлшық етте, сүйекте, теріде, бауырда, ал қалған 15-20 % басқа ұлпаларда жинақталады. Сүйектің майсыздандырылған құрғақ затында бұл элемент мөлшері 10-15 мг %, тауық қанының құрамында 0,6-0,8 мг %, эритроциттерде 1-1,2 мг %, плазмада 0,15-0,25 мг %.

Мырыш ішектің барлық бөлімдерінде сіңіріледі. оның сіңірілуіне фитинді қышқыл, кальций мен фосфаттардың көп болуы кедергі жасайды. Цинктің көп мөлшері организмнен аш ішек арқылы, аз мөлшері зәрмен бөлінеді. Оның қабылданған мөлшерінің 15-20%-ы нәжіспен, ал 0,2-0,3%-ы зәрмен шығарылады. Цинктің сүйекте жиналуын Д3 дәрмендәрісі реттейді.

Мырыш жетіспесе өсу процесі тежеледі, қауырсын түседі және оның реңденуі бұзылады, қауырсын опырылғыш болады, аяқтардан әл кетеді, гиперкератозды дерматит байқалады, жұмыртқалағыштық төмендейді, жұмыртқа қабығының түзілуі нашарлайды.

Суда мырыш көп болса құстар оны аз ішеді, соның салдарынан жұмыртқалағыштық нашарлайды.

Құстардың мырышқа қажеттілігі (1 кг азыққа шаққанда, мг): жұмыртқалайтын ересек тауықтарда 50-70, балапандарда 20-80, күрке тауықтарда 50-70, бөденелерде 90 болады.



Кобальт – В12 дәрмендәрісінің құрамына енетіндіктен қан түзу процесінде маңызды рөл атқарады: эритропоэзді реттейді, гемоглобин синтезіне темірдің қатысуын жақсартады. Кобальт организмдегі ферменттік процестерге, зат алмасу қарқынына, өсу, даму процестеріне жағымды әсер етеді, каталаза, аргиназа, фосфатаза ферменттерінің белсенділігін арттырады, жүректің, ас қорыту ағзаларының, жүйке жүйесінің, ішкі секреция бездерінің, сүйек кемігінің қызметін жақсартады. Ол құстың салмақ қосуын арттырады, бұлшық ет белоктарының синтезін жақсартады. Кобальт В12 дәрмендәрісінің түзілуі, А, Е, С дәрмендәрілерінің сіңімділігін арттыру үшін қажет. Ол аталық құстардың жыныстық белсенділігін жоғарылатады.

Кобальттың организмнің тірі массасының әр кг шаққандағы мөлшері 50-80 мкг құрайды. Кобальттың концентрациясына байланысты құстың әр түрлі ұлпалары келесі ретпен орналасады: бауыр, бүйрек, бүйрек үсті бездер, ұйқы безі, қалқанша без, көк бауыр, айырша без, қан, бұлшық ет, ми. Организмдегі кобальттың негізгі депосы - бауыр. Тауық бауырында 100 г құрғақ затқа шаққанда 40-252 мкг кобальт болуы мүмкін.

Құстың кобальтке деген сұранысы табиғи азықпен толық қамтамасыз етіледі.

Марганец – дененің барлық органдары мен ұлпаларының құрамында кездеседі, бірақ сүйекте, бауырда, бүйректе, ұйқы безінде, гипофизде ол көбірек жинақталады. Бұл элемент белоктарды ыдырататын ферменттердің құрамына енеді, кейбір тотығу-тотықсыздану ферменттерінің (карбоксилаза, тиоэстераза, карбозиназа, пролидаза, сілтілі фосфатаза) белсенділігіне ықпал етеді, белоктың, көмірсудың, майдың алмасуын жандандырады. Ол организмнің өсіп-дамуына, қанның түзілуіне, сүйектің жетілуіне жағымды ықпал жасайды. Марганец бұлшық еттің қалыпты қызметі үшін қажет. Ол жыныстық жетілуге, көбею процесіне жағымды әсер етеді, В, Е, С дәрмендәрілірінің және минералды заттардың (темір, кальций, фосфор) әсерін күшейтеді.

Құс организмінде сүт қоректілермен салыстырғанда марганец көбірек. Оның құс организміндегі жалпы мөлшері 0,4-0,5 мг/кг. Марганец концентрациясы деңгейіне байланысты құс органдары мына ретпен орналасады: бауыр, сүйек, гипофиз, ұйқы безі, бүйрек, қауырсын, аталық без, тері, ми, бұлшық ет.

Марганец ішекте нашар сіңіріледі. Ол ас қорыту жолы арқылы шығарылады. Зәрде ол жоқ десе болады.

Марганец жетіспегеннен өсіп келе жатқан құстарда перозис дерті немесе сіңір ойнақылығы байқалады да, балапандар жүре алмай қалады. Буындар ісініп, тілерсек сіңірі (ахилловы сухожилие) қалыпты орнынан сырғып кете береді, тілерсек сүйектер сыртқа қарай майыса шығады. Ауру зат алмасу мен қан түзілу процестерінің бұзылуымен асқынады. Ересек тауықтардың жұмыртқалағыштығы нашарлап, балапан шығаруы төмендейді.



Йод - зат алмасу мен өсу процестерін, жылудың түзілуін күшейтетін, орталық нерв жүйесінің, көбею мүшелерінің қызметіне, түлеу процесіне әсері бар қалқанша без гормондарының құрамында болады.

Құс организмінде дене массасының әр кг шаққанда 0,3-0,7 мг йод болады. Оның негізгі бөлігі қалқанша безде жиналады. Оның концентрациясының деңгейіне байланысты органдар мен ұлпалар мына ретпен орналасады: қалқанша без (50-200 мг %), аналық без фолликуласы (0,7 мг %), көк бауыр және лимфа түйіндері (0,5 мг %), тері (0,4 мг %), өкпе (0,3 мг %), бауыр (0,06 мг %), бүйрек (0,05 мг %), бұлшық ет (0,03 мг %), сүйек (0,025 мг %), қан (0,007 мг %) (В.И. Георгиевский деректері бойынша, 1970).

Ас қорыту жолына йод азықпен, сумен, минералды қоспалармен енеді. Ол қарында және ішектің барлық бөлімінде сіңіріледі. Йод организмнен зәрмен және аздап нәжіспен шығарылады. Йодтың жетіспеуінен эмбриондық даму процесі тежеледі. Йод мөлшерінің организмде көбеюі кезектен тыс түлеу процесін тудырып, фолликулалардың жетілуін тежейді.

Селен бұлшық еттің қалыпты қоректенуіне әсер етеді; тиолды ферменттердің белсенділігін реттейді; биологиялық тотығу және фосфорлану поцестерін күшейтеді; Е дәрмендәрісі сияқты әсер етеді; бауырда сутегінің асқын тотығының түзілуін төмендетеді, көздің көргіштігін жақсартады; балапандарды экссудатты диатезге шалдығудан сақтайды. Құс организмінде селеннің ең көп мөлшері бүйректе, аталық және аналық бездерде, бауырда байқалған. Бұл элементтің жетіспеуінен көп жағдайда экссудатты диатез, тері домбығуы туындап, аяқ буындары ісінеді.

Ересек тауықтарда селен жетіспегенде жұмыртқалау және балапан шығару нашарлайды. Организмде селен мөлшерінің көбеюі улануға әкеп соғады.

Құс организмінде кездесетін басқа микроэлементтердің рөлі әлі толығымен зерттелмеген. Олардың кейбіреулерінің жануар организмінде маңызды рөл атқаратыны анықталған. Мысалы: бром нерв жүйесі әрекетін тежейді, фтор құстың тірек аппараты үшін аса қажет, хром кейбір ферменттер (трипсин) белсенділігін арттырады, молибден органдардың ксантиоксидазалық белсенділігін сақтау және қалыпты зәр бөліну үшін қажет.

Құс өсірушілердің тәжірибесі, азыққа макро- және микроэлементтерді қосу арқылы құстың өсімталдылығын, жұмыртқалағыштығын және жалпы күйін жақсартуға болатындығын дәлелдеді. Алайда бұл қоспаларды белгілі бір мөлшермен қосу керек, олардың көп мөлшері қатты улануға әкеп соғады.



Судың алмасуы. Денеде химиялық таза су болмайды. Ол не минералды заттармен аралас жағдайда, немесе коллоидтармен байланыста болады. Түрлі органдар мен ұлпаларда судың мөлшері әр түрлі. Мидың сұр затында, бүйректе, өкпеде, бауырда және дәнекер ұлпада оның мөлшері 80-85 пайызға жетсе, бұлшық еттерде ол - 75, май ұлпасында - 30, сүйек құрамында – 22 пайыз. Қанның құрамының 82 пайызы, тердің, сілекейдің, несептің, қарын сөлінің 92-95 пайызы судан тұрады.

Денедегі судың негізгі қоймасы – бұлшық еттер, онда бүкіл организмдегі су мөлшерінің 49 пайызға жуығы сақталады. Одан кейінгі орынды тері шелі алады. Денеде су не торша құрамында, не одан тыс орналасады. Қан плазмасы, ұлпалық сұйық және лимфа құрамындағы су торшадан тыс орналасқан су фракциясын түзеді. Денедегі судың жалпы мөлшерінің (сақа организмде) шамамен 70 пайызы торша ішінде, 30 пайызы одан тыс орналасады.

Организмде судың үш түрі кездеседі: 1) еркін, байланыспаған су. Ол торша мен торшааралық қуыстағы органикалық және бейорганикалық заттарды ерітеді; 2) байланысқан су, ол коллоидтар құрамына еніп, олардың көпсуіне көмектеседі; 3) гидратациялық немесе молекулалардың ішіндегі су, ол органикалық заттар құрамына еніп, солар тотыққанда бөлінеді.

Организмде су бірде көбейіп, бірде азайып отырады. Соған қарамастан қанның осмостық қысымы әр уақытта тұрақты деңгейде сақталады, себебі торша мен торшааралық сұйық құрамындағы су үздіксіз алмасып, оның мөлшері үнемі реттеліп отырады. Организм суды көп қабылдаса, ол қанға өтіп, қанның қысымын арттыруға тиісті. Бірақ қалыпты жағдайда мұндай ауытқулар байқалмайды. Өйткені судың артық мөлшері қаннан су мен тұздардың қоймасы болып табылатын тері шеліне, оның дәнекер ұлпаларына өтіп кетіп, ал шектен артық мөлшері дем ауасының буымен не несеп құрамында сыртқа бөлінеді. Су тапшы болған жағдайда су қоймаларындағы судың есебінен оның қандағы деңгейі қалыпты жағдайда сақталады. Денедегі судың жалпы мөлшерін қанға «таңбаланған су» (дейтерий тотығын) егу арқылы анықтайды.

Организмге су ауыз сумен және азықпен енеді. Қабылданған су мөлшері ауа райының жағдайына, азық сипатына, құстың жасына, күтіміне байланысты өзгеріп отырады. Құрғақ азық балғын азықпен салыстырғанда суды көбірек ішкізеді. Денедегі судың біраз мөлшері қоректік заттардың - белок, май, көмірсулардың тотығуы кезінде бөлінеді. Денеде 100 г белок тотыққанда - 41 г, ал дәл осындай мөлшерде көмірсулар мен майлар тотыққанда тиісінше- 55 және 107 г су бөлінеді.

Организм қабылдаған су қанға оңай сіңеді де, бауырдан өтіп, бүкіл денеге тарап, алдымен торшааралық қуысқа, одан кейін торшаларға өтеді. Торшалардан бөлінген су ұлпалық сұйық, лимфа арқылы қанға өтіп, бөлу ағзалары әрекетімен сыртқа шығарылады. Организмде су онкостық және осмостық қысым деңгейіне байланысты алмасып отырады.

Құс аштықтан гөрі шөлден тез өледі. Ауыл шаруашылығы құстарының азықсыз 12 күн шыдайтыны мәлім. Су қабылдамаса тауықтар 3-4 тәуліктен, 2 апталық балапандар 5-7 тәуліктен, 4 апталықтар 10-13 тәуліктен, көгершіндер 3-5 тәуліктен кейін өлімге ұшырайды.

Су организм құрамында әртүрлі мөлшерде болады (3-кесте).

3 кесте - Тауықтың органдары мен ұлпаларындағы судың мөлшері ( % ) (В.М.Селянский және Т.И.Аршинова, 1975)


Органдар және ұлпалар


Балапан

Ересек тауықтар

Қан

91

90

Лимфа

96

95

Бұлшық ет

76

75

Қаңқа сүйектері

18

17

Ішкі ағзалар

72

70

Тері

20

20

Қауырсын

20

20

Май ұлпасы

30

30

Химус

95-96

95

Құс неғұрлым жас болған сайын оның организміндегі су соғұрлым көп болады. Жаспен байланысты судың дене массасына қатынасы мынандай: бір күндік инкубациядағы эмбриондарда 94.5 %, инкубацияның соңында - 82.7 %; жас тауық балапанында 70-75 %, ересек тауықта 70.9 %-72.9 % (М.В.Орлов). Су белок, май, көмірсудың ас қорыту жолында ыдырауы үшін аса қажет. Мысалы, дисахаридтің бір молекуласы ыдырағанда бір молекула су жұмсалады. Су организмнің минералды заттарды, дәрмендәрілерді, көмірсуларды сіңіруіне аса қажет.

Организмнен су ішек және бүйрек арқылы, сонымен қатар өкпе және ауа қапшықтар арқылы шығарылатын ауамен, жұмыртқамен бөлінеді. Құс организмінен шыққан судың 50-70 пайызы нәжіспен және 50-30 пайызы басқа жолдармен бөлінеді.

Организмге енген және одан бөлінген судың айырмасы су балансын құрайды. Ол теріс және оң болуы мүмкін. Құс қалыпты жағдайда болса, су балансы оң. Тауықтарда ол жасына, тұқымына, азықтануына байланысты +36 мл-ге дейін жетуі мүмкін.

Судың теріс балансы оның организмге аз мөлшерде түсуінен, нәжіспен көп мөлшерде бөлінунен, организмде электролиттердің төмендеуінен болуы мүмкін.

Су мен минералды заттар алмасуының реттелуі. Су мен минералды заттардың алмасуын нерв жүйесі және гормондар реттейді. Макро- және микроэлементтер деңгейін реттейтін орталық гипталамуста орналасақан. Бұл жерде денедегі электролиттер концентрациясының өзгерістерін сезінетін ерекше осморецепциялық торшалар болады. Осы торшалар қозуының салдарынан бөлу органдарының қызметі жүйкелі-рефлексті немесе гуморальдық жолмен өзгеріп, ауытқыған осмостық қысым қалпына келтіріледі.

Аталған орталыққа денедегі су мөлшерінің ауытқуларын төрт түрлі рецепторлар хабарлап отырады. Олар ауыз қуысының кілегейлі қабығындағы рецепторлар (кебірсінуден қозып, сусау түйсігін тудырады), қарынның кілегей қабығындағы барорецепторлар (қарын қабырғасының семуін сезініп, шөлдеу түйсігін тудырады); ұлпалардағы осмостық қысымының өзгерістерін хабарлайтын осморецепторлар; тамырлар арнасындағы қан мөлшерінің өзгерістерін сезінетін волюм- рецепторлар.

Денедегі су мен минералды тұздардың алмасуын реттеуде вазопрессин құрамына енетін антидиурездік гормон (АДГ) маңызды рөл атқарады. Қазіргі деректерге сәйкес бұл гормон гипоталамустың паравентрикулярлық және супраоптикалық ядроларында синтезделеді де, одан әрі гипофиздің артқы бөлігіне келіп жиналады. АДГ бүйрек түтікшелерінің қабырғаларындағы гиалуронидазаны белсендіреді. Осының салдарынан бүйрек түтікшелерінің эпителий торшаларын бекітуші гиалурон қышқылы үйексізденеді де, бүйрек түтікшелерінің суды өткізгіштік қабілеті жоғарылап, реабсорбция (кері сору) процесі күшейеді, организмнен су бөлу азаяды.

Су мен минералды заттардың алмасуын реттеуде бүйрек үсті безінің қыртысты қабатында түзілетін альдосторон гормонының да маңызы зор. Ол бүйрек түтікшелерінің эпителийіндегі янтарь қышқылының дегидрогеназасын белсендіріп, натрийдің кері сорылуын күшейтеді. Ұлпаларда натрий концентрациясының жоғарылауынан ондағы осморецепторлар тітіркенеді де, вазопрессиннің синтезделуін күшейтіп, судың денеде сақталуын жақсартады. Ал альдостеронның бөлінуін реттейтін бірнеше механизм бар. Оның бөлінуін гипофиздің адренокортикотропты гормоны (АКТГ), гипоталамуста түзілетін адреногломерулотропин, бүйректе синтезделетін ренин күшейтеді. Вазопрессиннің әсерінен несеп түзілу баяуласа, минералды кортикоидтар организмдегі ұлпалық сұйықтықты көбейтіп, сыртқа натрийдің бөлінуін азайтады, калийдің бөлінуін арттырады.



Дәрмендәрілердің (Витаминдердің) зат алмасудағы маңызы. Дәрмендәрілер төмен молекулалы органикалық қосылыстар, ол өсімдікте синтезделетін, адам мен жануарлар тіршілігі үшін аса қажетті зат. Маңызды қоректік заттар - белоктар, көмірсулар, липидтермен салыстырғанда дәрмендәрілер организмге өте аз мөлшерде ғана қажет, бірақ олар зат алмасуда катализаторлық қызмет атқарады. Азық құрамында дәрмендәрілердің болмауы, (авитаминоз) немесе тапшылығы (гиповитаминоз) зат алмасу процесін бұзып, түрлі ауруларға (рахит, полиневрит, ақшам соқыр т.б.) шалдықтырады. Авитаминозға балапандар сезімтал келеді. Авитаминоз организмге витаминнің түспеуінен 1 аптадан кейін немесе 1 айдан кейін де байқалуы мүмкін.

Дәрмендәрілер тек жануарлар мен адамдардың қалыпты қызметіне ғана емес, жоғары сатыдағы өсімдіктер мен микроорганизмдерге де аса қажет. Өсімдіктердің қалыпты дамуы, микроорганизмдердің өсіп-жетілуі де дәрмендәрілерге байланысты. Дәрмендәрілер мен ферменттер арасында да тығыз байланыс қалыптасқан. Көптеген дәрмендәрілер белокпен қосылып ферменттер түзеді. Демек, организмде дәрмендәрілер жетіспесе, құрамында осы дәрмендәрі болатын ферменттің белсенділігі төмендейді, белгілі бір биохимиялық процесс бөгеледі, не бұзылады. Құстың өсуі, өнімділігі, ауруларға төзімділігі витаминдерге байланысты. Түрлі авитаминоздар бірдей белгі көрсетуі мүмкін. Мысалы, құстың тәбетінің жойылуы, нерв жүйесі әрекетінің тежелуі, өсу процесінің баяулауы не тоқтауы, жұмыртқалау қабылетінің нашарлауы, жұмыртқаның инкубациялық сапасының төмендеуі, организмнің ауруға төзімділігінің кемуі, зат алмасу процесінің бұзылуы. Дегенмен, әр авитаминоздың өзіне тән ерекше белгілері де болады.

Дәрмендәрілер ерігіштік қасиетіне қарай майда еритін және суда еритін топтарға бөлінеді. Алғашқы топқа ретинол (А дәрмендәрісі), кальциферол (Д дәрмендәрісі), токоферол (Е дәрмендәрісі), филлофинон (К дәрмендәрісі), алмастырылмайтын май қышқылдары (Ғ дәрмендәрісі), екінші топқа – тиамин (В1 дәрмендәрісі), рибофлавин (В2 дәрмендәрісі), пантотенді қышқыл (В3 дәрмендәрісі), пиридоксин немесе адермин (В6 дәрмендәрісі), пангам қышқылы (В15 дәрмендәрісі), фоли қышқылы (Вс дәрмендәрісі), биотин (Н дәрмендәрісі), холин, инозит, парааминбензой қышқылы (ПАБК дәрмендәрісі), никотин қышқылы (РР дәрмендәрісі), цитрин (Р дәрмендәрісі), аскорбин қышқылы (С дәрмендәрісі), цианкобаламин (В12 дәрмендәрісі) жатады.

А дәрмендәрісі (ретинол) - каротин туындысы, липоид, көмірсу, белок алмасуды реттейді. Рационда А тобындағы дәрмендәрілер жетіспесе организмнің өсіп-жетілуі бұзылады, ауруға төзімділігі төмендейді, көру қабілеті әлсіреп, ақшам соқыр деп аталатын ауруға шалдығады.

А тобындағы дәрмендәрілер ұзақ уақыт жетіспеген жағдайда тері мен кілегейлі қабықтық қызметі бұзылып, өкпе, бронхылар, бүйрек ауруға шалдығады, ксерофтальмия (көздің құрғақтығы), кератомаляций (қасаң қабықтың зақымдануы) байқалады, құстың көру қабылеті нашарлайды, нерв жүйесінің әрекеті бұзылады, жұмыртқалағыштық төмендеп, балапан шығару көрсеткіші нашарлайды.

А тобындағы дәрмендәрілер өсімдік құрамында кездесетін каротиноидтардан жануарлар ұлпаларында ғана түзіледі. Жануарлар организмінде ерекше ферменттердің (каротиназа) әсерінен каротин А дәрмендәрісіне айналады. Каротиназа бауыр мен ішек қабырғасында кездеседі.

А дәрмендәрісінің негізгі көзі - каротинге бай балауса шөп болып табылады. Азықтың әр килограмына шаққанда жоңышқа мен сары жоңышқада 40-90 мг, қызылша жапырағында 30-50, жүгері сүрлемінде - 20-30, сапалы пішенде - 20-40, пішен ұнтағында - 5-20, шөп ұнтағында - 100-300, сәбізде - 50-100 мг каротин болады.



Д - тобындағы дәрмендәрілер, немесе кальциферолдар, тек жануарлар организмінде кездеседі. Олар өсімдіктер құрамындағы стеролдардан ультракүлгін сәуленің әсерінен түзіледі. Стеролдардың ең маңызды өкілі - эргостерол. Ол ашытқылар мен зең саңрауқұлақтарда көптеп кездеседі. Д - тобындағы дәрмендәрілердің ішінде жануарлар үшін ең маңыздылары Д2эргокальциферол және Д3холекальциферол.

Кальциферолдар организмде минералды заттар мен қуат алмасуын реттеуге қатысады, азоттың, көмірсулардың, кальцийдің, фосфордың сіңуін жақсартады.

Организмде Д – дәрмендәрілері жетіспесе балапан рахит ауруына шалдығады, ал ересек құста - остеомаляция байқалады, сүйек майысқақ, опырылғыш келеді.

Д тобындағы дәрмендәрілер балық майында, сүт қоректілер мен құс бауырында көп болады. Ол жұмыртқаның сары уызында кездеседі. Әртүрлі азықтың 1 кг-да халықаралық бірлікпен (ХБ) есептегенде Д дәрмендәрісі мына мөлшерде кездеседі: пішен мен жоңышқада, сары жоңышқа пішенінің ұнында - 200-1000, жүгері сүрлемінде - 30-70, құрғақ ашытқыда - 1-5 млн, азықтық ашытқыда - 3-7 млн, балық ұнында 50-100, майын айырған сүтте - 5-20.



Е дәрмендәрісі (токоферол) төрт изомерден тұрады, оларды , , , - және , токоферолдар деп атайды. Бұлар бір-бірінен бензол сақинасындағы метил топтарының санымен және орналасу тәртібімен ерекшеленеді. Е дәрмендәрісінің құс үшін айрықша маңызы бар. Ол қанықпаған май қышқылдарынан уытты асқын тотықтардың түзілуін бөгейді, көмірсулардың, белоктардың, фосфордың алмасуын жанжандырады, гипофиздің алдыңғы бөлімінде тропты гормондардың түзілуін жандандырады, бұлшық етте креатиннің тотыға фосфорлануы, қан тамырлары қабырғасының қалыпты күйін сақтау үшін қажет. Құс организмінде токоферол синтезделмейді. Оның жетіспеуі жануарлардың жыныстық қызметінің әлсіреуіне себепші болады, ұрықтың дамуы бөгеліп, сперматогенез бұзылады. Е дәрмендәрісінің жетіспеуінен эритроциттердің гемолизге төзімділігі төмендеп, ет дистрофиясы басталады да, жүрек еттерінің қызметі бұзылады. Бұл дәрмендәріні азыққа қосу құс балапанын энцефаломиелит ауруынан сақтауға мүмкіндік береді. Токоферолға мұқтаждық құстың жасына, жыныстық қызметіне байланысты өзгеріп отырады. Оған азық құрамындағы селеннің де мөлшері әсер етеді.

Е дәрмендәрісі өсімдік тектес те (өсімдік майлары, өнген бидай, көкөніс), жануар тектес те (ет, сүт, жұмыртқа) азықтың құрамында кездеседі.



К тобындағы дәрмендәрілер1 - филлохинон, К2 - фаркохинон, К3 - викасол) химиялық табиғаты жағынан нафтохинон туындысы болып саналады. Бұл топтың дәрмендәрілері қанның ұю процесінде маңызды рөл атқарады, сондықтан оларды антигеморрагиялық факторлар деп те атайды. К тобындағы дәрмендәрілер жетіспегенде қандағы протромбин мөлшері азайып, қанның ұю жылдамдығы баяулайды, ағзалар қанталап кетеді (геморрагия). К дәрмендәрілерін ексе бауырда протромбиннің түзілуі күшейіп, қанның ұйығыштық қасиеті қалпына келеді.

К дәрмендәрілері көптеген азық құрамында кездеседі және организмнің өзінде ас қорыту жолындағы микроорганизмдердің әрекетімен синтезделеді. Бірақ бұл дәрмендәрілердің дұрыс сіңуі үшін өт қышқылдары қажет, оның бөлінуі бұзылса К дәрмендәрісінің тапшылығы сезіледі. Бір килограмм жас жоңышқада 80 мг, көк сұлыда - 90, тамыртүйнек өсімдіктер сүрлемінде - 30, шөп сүрлемінде - 45, сәбізде - 20 мг филлохинон болады.



Алмастырылмайтын май қышқылдары (Ғ дәрмендәрісі) – қанықпаған линол, линолен, арахидон май қышқылдары кешені болып табылады. Ғ дәрмендәрісі майды сіңіруге әсер етеді; көбею процесінің қалыпты атқарылуына ықпал етеді; торшалық алмасу процесіне қатысады; В тобындағы дәрмендәрілер мен аскорбин қышқылының қалыпты алмасуына әсер етеді; холестериннің түзілуіне және оның қан тамырлары қабырғасына жиналуына әсер етеді. Ғ дәрмендәрісінің негізгі көзі өсімдік майы болып табылады.

В1 дәрмендәрісі (тиамин, аневрин) жетіспесе бери-бери (полиневрит) ауруы қозады. Бұл аурудың алғашқы сатысында жүйке жүйесінің қызметі бұзылады, жүрек жұмысы, ас қорыту ағзаларының қызметі нашарлайды, салмақ азаяды, қан мен несеп құрамында пирожүзім қышқылының мөлшері артады. Ауру асқынса шеткі жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, сал ауруына, демікпеге соқтырады.


4 - сурет. Полиневритпен ауырған тауық

В1 дәрмендәрісі бидай мен күріш кебегінде, дәнді дақылдар тұқымында, жұмыртқада, етте, бұршақ дақылдарында, ашытқыда өте көп кездеседі.

В1 дәрмендәрісі майды, өсімдік пен микроорганизмдерде көмірсуларды түрлендіру процесінде маңызды рөл атқарады. Оның себебі, ол көмірсулар диссимиляциясы кезінде пайда болатын пирожүзім қышқылының ыдырауын жандандыратын пируватдекарбоксилазаның құрамына енеді. Пирожүзім қышқылының карбоксилсізденуі кезінде анаэробтық жағдайда тірі жүйе үшін энергия көзі болып табылатын лимон қышқылы түзіледі. Осы себепті тиамин тапшылығы кезінде торшалардың тіршілік әрекеті бұзылады. Тиамин ацетилхолиннің синтезіне қатысады, ацетилхолинді ыдырататын холинэстраза ферментінің әсерін бөгейді. Авитаминоз кезінде организмде пирожүзім қышқылы жиналады, ол нерв жүйесі әрекетін бұзады, полиневритке немесе бұлшық ет параличіне әкеп соқтырады.

Тиаминді өсімдіктер синтездей алады, ал құстарда ондай қабілет жоқ. Сондықтан олар азық құрамында бұл дәрмендәріні қабылдап отыруы керек. Шикі балықта тиаминді бұзатын тиаминаза ферменті бар. Сондықтан, құстарды қайнатылған балықтармен қоректендірген жөн.



В2 дәрмендәрісі (рибофлавин) кейбір сары түсті ферменттердің құрамына кіретін флавин тектес заттарға жатады. Ол өсімдік құрамында, жануарлар мен микроорганизмдер денесінде кең тараған. Рибофлавин балғын азықтар мен капуста құрамында, ашытқыларда, бауырда, жұмыртқада, бүйректе, сүтте көп болады. Ол зат алмасу процесінде маңызды рөл атқарады, түрлі ферменттер, әсіресе тыныс ферменттерін синтездеу үшін қажет.

Организмде рибофлавин жетіспесе көмірсулар алмасуы бұзылып, бауырда гликогеннің түзілуі баяулайды, сүт және пирожүзім қышқылдарының тотығуы нашарлайды. Бұл дәрмендәрі белоктың алмасу процесін дұрыс жүргізу үшін де қажет. Ол жетіспесе белок пен амин қышқылдарының пайдаланылу деңгейі төмендейді, көптеген амин қышқылдары еш өзгеріссіз несеп арқылы бөлінеді. Рибофлавин көру органдарының, жыныс бездерінің, жүйке жүйесінің қалыпты қызметі үшін қажет. Ол гемоглобинді синтездеу процесін реттеуге де қатысады. Рибофлавиннің жетіспеуінен организм гипохромдық анемияға, жүйке жүйесінің ауруларына шалдығады, әсіресе жүйкенің нәрлендіру қызметі бұзылады.



Рибофлавин тапшылығына құстар өте сезімтал. Ол жетіспеген жағдайда балапандардың өсуі баяулап (5-сурет), іші өтеді де, олар сал ауруға шалдығып, өле бастайды, ал сақа құстардың жұмыртқалау қабілеті төмендейді, балапандарда дерматит, конъюнктивит, кератит пайда болады. Ересек құстарда жұмыртқалау мен балапан басу төмендейді.


5-сурет. В2 дәрмендәрісінің балапандардың өсуіне әсері (оң жақта дәрмендәрі жетіспеген балапан)

Организмнің қалыпты тіршілігі үшін азықтың құрғақ затының әр кг-на тауық пен үйрек балапандары - 3 мг, күрке тауық пен үйрек - 4 мг рибофлавин қабылдау керек.

В3 дәрмендәрісі (пантотен қышқылы) А коферментінің құрамына енеді, оның қатысуымен организмде зат алмасу кезінде пайда болатын сірке қышқылы мен басқа да қышқылдар қалдықтары белсендіріліп, лимон қышқылы, стеролдар, глицеридтер және басқа көптеген қосылыстар синтезделеді. Жануарлар ұлпалары мен бактериялар денесінде пантотен қышқылы А коферменті түрінде кездеседі. Ол бауырда, бүйрек үсті бездерінде, жүректе, жұмыртқаның сары уызында, бүйректе көп жинақталады.

Пантотен қышқылы жеткіліксіз болған жағдайда құстың өсіп-жетілуі баяулайды, терісі ауруға шалдығып, жүйке жүйесінің, ас қорыту ағзаларының қызметі бұзылады. Бізде пантотен қышқылының қабылдау нормасы азықтың құрғақ затының әр килограмына тауық үшін 10 мг деңгейінде қабылданған.



В4 дәрмендәрісі (холин) лецитиндер құрамында болады. Ол көп мөлшерде жас жапырақтарда, ашытқыларда, дәнді дақылдарда, күнжарада, бауырда, балық және ет ұнтағында кездеседі.

Холин бауырды май басудан сақтауда, майдың сіңімділігін күшейтуде маңызды рөл атқарады, ацетилхолин медиаторын синтездеуге қатысады. Бұл дәрмендәрі жетіспеген жағдайда бүйректің құрылысы бұзылып (дегенерация), организмнің өсуі баяулайды, жүйке жүйесінің қызметі нашарлайды, май мен көмірсудің алмасуы бұзылады, перозис байқалады. Жұмыртқалау және балапан шығару көрсеткіштері төмендейді.

Құстың холинге деген мұқтаждығы рацион құрамындағы метионин деңгейіне, организмнің фоли қышқылымен, цианкобаламинмен қамтамасыз етілуіне байланысты өзгеріп отырады. Оның нормасы әлі толық анықталмаған. Ескертер жайт, организмде түзілген холин құс мұқтаждығын қамтамасыз етуге жеткіліксіз, сондықтан оны азыққа қосу керек. Холин тапшылығын азыққа метионин қосу арқылы толықтыруға болады.

В5 дәрмендәрісі (никотин қышқылы, РР дәрмендәрісі) тотығу-тотықсыздану дегидрогеназасының құрамына еніп, тотығатын органикалық заттардан сутегінің бөлінуін жандандырады. Ол қарын сөлі мен ұйқы безі сөлінің бөлінуін күшейтіп, жүрек жұмысын жиілетеді, шеткі тамырлар арнасын кеңейтеді, эритроциттердің түзілуін жақсартып, бауырдың қызметін реттейді, көмірсулар мен майлардың алмасу процесіне әсер етеді.

Никотин қышқылы ашытқыларда, кебекте, бидай ұрығында және жануарлардың ішкі ағзаларында (бүйректе, бауырда) көп жинақталады. Кейбір жануарлар ұлпаларында ол триптофан амин қышқылынан синтезделеді.

Никотин қышқылына көбінесе тауықтар зәру болады. Оның тапшылығы рацион құрамында жүгерінің үлесі көбейген, белоктар мен триптофан жетіспеген жағдайда байқалады. Бұл дәрмендері тапшылығының салдарынан пеллагра деп аталатын ауру байқалады. Бұл ауруға шалдыққанда тері зақымданады, іш өтеді, үлкен ми жарты шарларының қызметі бұзылады, шартты рефлекстік әрекеттер өзгереді.

Никотин қышқылының нормасы азықтың құрғақ затының әр кг-на шаққанда: тауық балапандарына 20 мг, күрке тауық пен үйрек балапандарына - 30, тауық, күрке тауық, үйректерге 10 мг.



В6 дәрмендәрісі (пиридоксин) өсімдік құрамында да, жануарлар организмдерінде де кеңінен тараған. Ол амин қышқылдарын карбоксилсіздендіретін, көмір қышқыл газын ажырата отырып ыдырататын, амин алмастыру реакцияларын өршітетін ферменттер құрамына енеді. Сондықтан пиридоксин жетіспегенде белок синтезі бұзылып, құстың өсуі баяулайды, қан плазмасы құрамындағы кейбір белоктар мен гемоглобиннің түзілуі нашарлайды. Ол метионин мен цистеиннің түзілуі, триптофанның дұрыс алмасуы, белок пен майдың синтезі, тұз қышқылың түзілуі үшін аса қажет.

Пиридоксинге ашытқылар, күріш кебегі, бидай дәндері, бауыр өте бай. Ол ішек микроорганизмдерінің әрекетімен синтезделеді. Құстардың пиридоксинге деген тәуліктік сұранысы - 1-2 мг шамасында.



В12 дәрмендәрісі (цианкобаламин) молекулалық құрамында металл бар жалғыз дәрмендәрі. Оның құрамында 4,5 % кобальт болады. Цианкобаламин қанның түзілуін реттейді, организмде өсімдік белоктарының пайдаланылу деңгейін арттырады. Ол жетіспеген жағдайда сүйек кемігінде дамып жетілмеген қан түйіршіктерінің саны көбейеді, олар қан айналымына қосылмайды, организмде қан азаяды (организм қатерлі анемияға шалдығады). Бұл дәрмендәріні қанға еккенде қан түйіршіктері тез жетіліп, қанға өте бастайды. В12 дәрмендәрісі құстың тоқ ішегінде жақсы синтезделеді, бірақ нашар сіңіріледі, сондықтан оның азықпен түсуі қажет.

Рационда кобальт болмаған жағдайда цианкобаламиннің синтезі тоқталады. Осының салдарынан гемоглобиннің, эритроциттердің түзілуі бұзылып, азотты заттар толық сіңбей, қан плазмасы мен бұлшық еттегі белоктардың синтезі нашарлайды, зат алмасу қарқыны төмендеп, кальций мен фосфор алмасуы бұзылады, организмнің түрлі ауруға төзімділігі нашарлайды.



С дәрмендәрісі (аскорбин қышқылы) аргиназа, амилаза, торша протеоазасы әрекетін жандандырып, бүйрек үсті безінің стероидты гормондарын, ДНК-ны түзуге қатысады, дәнекер ұлпаларда коллагеннің, бауырда гликогеннің түзілуін жақсартып, қарын сөлінің бөлінуін күшейтеді, тирозиннің тотығуын шапшаңдатады.

Аскорбин қышқылының көзі көк шөп, түйнек тамырлар болып табылады. Әрбір кг-ға шаққанда жас жоңышқада 360 мг, картопта - 115, сәбізде - 380, қызылшада - 80, сүтте - 7-26 мг аскорбин қышқылы болады. Құстар аскорбин қышқылын синтездей алады, сондықтан олар бұл дәрмендәріге мұқтаж болмайды.



Н дәрмендәрісі (биотин) орталық жүйке жүйесінің қызметін реттеуге, белок, көмірсу және май алмасуларына қатысады. Ол ферменттердің белсенді тобының құрамына еніп, аспарагин қышқылы, серин, треонин өзгерісіне, май қышқылдарын карбоксилдеу процесіне қатысады. Биотин жетіспеген жағдайда тері ауруға шалдығып (дерматит), қауырсын түсіп қалады (дәрмендәрі немістің Науt - тері деген сөзінен алынып, Н әрпімен белгіленген). Бұл дәрмендәріні ас қорыту жолының микроорганизмдері жақсы синтездейді, сондықтан қалыпты жағдайда оған мұқтаждық байқалмайды.

Вс дәрмендәрісі (фоли қышқылы) антианемиялық және өсу факторы болып табылады. Ол жапырақтан бөлініп алынған (латынша - folіum- жапырақ), сондықтан оны осылай атаған.

Фоли қышқылы тиамин мен метионин, қан түйіршіктері мен метил топтарын түзуге қатысады, бауырды шырланудан сақтайды. Сонымен қатар ол тимин мен тимидин, пуриндер түзу, глициннің серинге айналу процестеріне, гистидиннің ыдырауына қатысады. Ол жанама жолмен ас қорыту ағзаларының кілегейлі қабығының қалыпты қызметі үшін қажет пантотен және никотин қышқылдары ферменттерінің түзілуін жандандырады.

Рационда фоли қышқылы жетіспегенде жас балапандардың өсіп-дамуы тежеледі, қаны азаяды, қауырсыны жақсы жетілмейді.

Бұл дәрмендәрінің негізгі көзі жас жапырақтар, жануарлар бауыры, ашытқылар болып табылады. Сонымен қатар ол ас қорыту жолының микроорганизмдерінің әрекетімен синтезделеді.



Инозит көп атомды спирт тобына жатады. Ол май тасымалдауға және жүйкенің нәрлендіру процестерін жүзеге асыруға қатысады, зат алмасу процестерін жақсартады, жүрек қызметінің дұрыс атқарылуы үшін қажет. Инозиттің негізгі көзі өсімдік текті азықтар. Ол организмде ішек бактерияларының әрекетімен синтезделеді. Инозиттің жетіспеуі құстардың өсуіне және қауырсындануына кері әсер етеді.

Парааминобензойлы қышқыл (ПАБҚ) В тобындағы дәрмендәрілердің синтезіне қатысады, каротиннің алмасуын жандандырады, меланин пигментінің түзілуіне әсер етеді.

ПАБҚ жетіспегенде балапандардың өсуі тежеледі, гемоглобин мөлшері азаяды, тауық қауырсыны мен терісінің пигменттелуі бұзылады.

Аталған қосылыстармен қатар, дәрмендәрілік қасиет танытатын тағы басқа заттар да анықталған (В10, В11, В13, В15-пангам қышқылы), бірақ олардың құс организміндегі рөлі әлі толық белгісіз. Әзірше олардың өсу процесін жандандыратыны және зат алмасудың қалыпты деңгейде жүру үшін қажеттігі анықталған.

Энергия алмасу. Денедегі зат алмасу процесі энергия өзгерістерімен тығыз байланысты. Зат алмасу кезінде қоректік заттардағы потенциалдық энергия босанып, ол механикалық, жылу, электр, сәуле энергияларына айналады да, ең соңында организмнен жылу түрінде бөлінеді. Сондықтан организмде түзілген жылу мөлшеріне қарай оның энергиялық шығынын анықтауға болады.

Организмге энергия қоректік заттардың құрамында көмірсулар, белоктар, майлар түрінде түседі де, олардың диссимиляциясы нәтижесінде энергия босанып, ол тіршілік әрекеттерін сақтауға, түрлі өнімдерді (ет, жұмыртқа, қауырсын, мамық) синтездеуге, бұлшық ет жұмысына, ауаны, суды, азықты жылытуға жұмсалады. Энергияның игерілмеген мөлшерін организм сыртқы ортаға дененің беткейі арқылы, зәрмен және нәжіспен, өніммен (жұмыртқамен), тыныс алғанда бөледі.

Тірі организмде энергия алмасуының үш түрлі ерекшелігі болады:

1). Қоректік заттардың химиялық энергиясы жылу энергиясына айналмай-ақ бірден түрлі жұмыстар атқаруға пайдаланыла береді және энергияның басқа түріне ауыса алады. Демек, организм хемодинамикалық двигатель принципімен жұмыс істеп, энергия көзін өте тиімді пайдаланады.

2). Энергия саты-сатымен мысқалданып бөлінеді. Бұл организмді «энергиялық дүмпуден» сақтап, қуатты үнемдеп пайдалануға мүмкіндік береді.

3). Көмірсулар, белоктар, майлар ыдыраған кезде бөлінетін энергия мол қуатты заттар (макроэргиялық заттар-энергияның биологиялық аккумуляторлары) құрамына ену арқылы қорға жинақталып, сақталады.

Торшаларда энергия үшкарбон қышқылы айналымына қатысатын маңызды метаболиттердің түзіліп, тотығуы кезінде босанып, жинақталады. Бұл процесс үстінде сутегі молекуласы босанып, көмір қышқыл газы түзіледі. Босанған сутегі молекуласының негізгі бөлігі арнаулы тасымалдағыштар – дегидрогеназалар коферменттерінің (НАД, НАДТ, ФАД) көмегімен биологиялық тотығу тізбегіне, немесе тыныстық тізбекке қосылады. Бұл тізбекте сутегі электрондары біртіндеп жоғары энергетикалық тізбектен төменгі энергетикалық тізбекке өтеді де, ең соңғы акцепторға – оттегіге беріледі, демек ол тотығады. Бұл процесс барысында біртіндеп босанған энергияның аздау бөлігі (30-40 пайызы) жылу түрінде бөлінеді де, ал қалған бөлігі (60-70 пайызы) АТФ-тің макроэргиялық байланыстарында жинақталады. Тыныстық тізбектегі сутегінің тотығу энергиясының есебінен АТФ-тің осындай түзілу жолын тотықпалы фосфорилдену деп атайды. Сонымен, қоректік заттардан электрондардың бөлінуі нәтижесінде олардың құрамындағы қуат организмдегі химиялық реакцияларды қамтамасыз етіп, энергия түрленеді.

АТФ аз мөлшерде анаэробты гликолиз нәтижесінде де түзіледі (глюкоза пируватқа дейін тотыққанда бар болғаны АТФ-тің екі молекуласы түзілсе, ол көмір қышқыл газын бөле толық тотыққанда АТФ-тің 36 молекуласы түзіледі). АТФ-тің 1 молін көмірсулардан түзу үшін 74 кДж энергия жұмсалса, майлардан түзу үшін 75-84 кДж, белоктардан түзу үшін 92 кДж энергия қажет. Демек, АТФ-ті өндіру үшін белоктармен салыстырғанда көмірсулар тиімдірек пайдаланылады.

Энергия алмасу кезінде белок, көмірсу, майлар бірін-бірі алмастырып отырады. Бұл олардың энергиялық құндылығына байланысты изодинамия заңдылығына сәйкес жүретін процесс. Изодинамия заңдылығы бойынша 1 г майды 2,3 г көмірсу немесе белок алмастыра алады. Ал 1 г көмірсуды 1 г белокпен алмастыруға болады. Ескертер жайт, бұл заң қоректік заттардың тек энергиялық құндылығына ғана негізделген, олардың құрылымдық, биологиялық маңызын ескермейді. Мысалы, белокты ешбір органикалық зат шын мәнісінде алмастыра алмайды, себебі оның құрамына өзіндік ерекшеліктер тән.

Денедегі энергия алмасуын энергия балансын анықтау арқылы зерттейді. Ол үшін организм қабылдаған және бөлген энергия мөлшерін салыстырады. Организмнің азық құрамында қабылдаған энергиясын брутто (жалпы) энергия деп атайды. Организмге түскен жалпы энергия мен зәр, нәжіс, ас қорыту процесі барысында бөлінген газдар, қабылданған азық пен ішкен суды жылытуға жұмсалған энергия айырмасын нетто-энергия дейді. Демек, нетто- энергия организм тіршілігі үшін жұмсалатын энергия. Брутто-энергия мен нәжіс энергиясының айырмасын қорыту энергиясы дейді. Қорыту энергиясы мен зәр энергиясының айырмасын алмасу энергиясы деп атайды. Алмасу энергиясы организмнің тіршілік әрекетін атқару және өнімдер түзу үшін жұмсалатын рацион энергиясының бір бөлігі.



Организм қабылдаған жалпы энергияны қоректік заттардың қуаттық құндылығына сүйене отырып анықтайды. Рационның құрамындағы қоректік заттардың қуаттық құндылығын арнаулы аспап – колориметриялық құты (бомба) көмегімен табады. Бұл аспап суда батып тұратын тұйық құты түрінде жасалған (6-сурет). Құтының ішіне 1 г зерттелетін қоректік зат қойылып, оған таза оттегі жіберіледі де, электр тогының жәрдемімен жағылады. Бөлінген жылу мөлшері джоуль бірлігімен өлшенеді. Колориметриялық құтыда жанғанда 1 г көмірсу 17,6 кДж (4,1 ккал), 1 г белок - 24,3 кДж (5,7 ккал), 1 г май - 38,9 кДж (9,3 ккал) энергия бөледі. Организмде белок толық тотықпайды: белок құрамынан бөлінген амин тобынан түзілген несепнәр өзімен бірге біршама энергияны ұстап қалады. Осы себепті белоктар организмде 17,6 кДж (4,1 ккал) ғана энергия бөледі.


Калориметриялық құты көмегімен саңғырықтың, зәрдің, құс өнімдерінің калориялық құндылығын анықтауға болады. Саңғырықта энергия қорытылмаған азық қалдығында, эндогенді қосылыстарда сақталады. Несеп құрамындағы энергия азотты заттар (несепнәр, гиппур қышқылы, креатин, аллонтоин) мен азотсыз қосылыстар (глюкурон қышқылының тұздары, лимон қышқылы) құрамында болады.

6-сурет. Калориметр (А) мен колориметриялық құты (Б)


Энергия алмасуын зерттеу әдістері. Жоғарыда қабылданған азық құрамын анықтау арқылы организмге түсетін энергияны оңай табуға болатынын атап өттік. Ал организм шығындайтын энергия мөлшерін табу қиынырақ. Егер организм қабылдаған органикалық заттар толығымен ақырғы өнімдерге дейін ыдырап кетсе, онда энергия шығынын энергия кірісімен бірдей мөлшерде деп алуға болар еді. Бірақ белоктың ыдырауы барысында шала тотыққан алмасу өнімдері көп мөлшерде түзіледі. Осы себепті организмдегі энергия шығынын басқаша зерттеп табу керек.

Зат алмасу процесі кезінде босанған энергия организмнен жылу түрінде бөлінеді, сондықтан организмдегі жылу алмасуына қарап энергия алмасуын анықтауға болады. Бұл үшін негізінен екі түрлі әдіс қолданылады: тікелей колориметрия және жанама колориметрия.



Тікелей колориметрия - организмнен сыртқа бөлінетін жылуды өз бойына сіңіріп алуға арналған күрделі аппарат - колориметриялық камера қолдануға негізделген әдіс (7-сурет). Зерттелетін организм камераның ішіне орналастырылады. Камераның қабырғасы жылу өткізбейтін материалдармен қапталады да, оның төбесінде су жүретін калориферлік құбырлар өтеді. Осы су жылу сіңіргіш рөлін атқарады. Тәжірибе кезінде камераға келген және одан ағып шыққан судың температурасы мен жалпы массасы өлшенеді. Арнаулы термометр арқылы камераның ішкі бетінің температурасын анықтап, оның сыртқы бетінің жылуын сол деңгейде ұстайды. Калориферлік түтікшелерден өткен судың массасын, бастапқы және соңғы температурасын, камера ішіндегі ортаның бастапқы және тәжірибе соңындағы температурасын білу арқылы организмнен бөлінген жылу мөлшерін есептеп табуға болады.


жүктеу 6,9 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау