Автоматты (пулеметті) майлауды былайша жүргізеді:
ұңғы арнасын, оқшантайды, ұңғылық тежеуіш компенсаторды және жалын сөндіргішті тазалағыштың ұшына май сіңірілген шүберек салып майлайды;
автоматтың қалған металл бөліктерінің бәріне май сіңірілген шүберекпен жұқа қабат май жағады. Бұл ретте шамадан артық майлау бөліктерді ластап, атыс кезінде кідіріс туғызуы мүмкін;
майлап болғаннан кейін автомат (пулемет) жиналады, оның бөліктері мен механизмдерінің жұмысы тексеріледі, оқжатарлар мен керек-жарақтар майланады, содан соң оны бөлімше командиріне көрсетеді.
Жылдың суық мезгілінде автоматты (пулеметті) тек сұйық қару майымен майлау қажет. Келесі майлаудың алдында бұрынғы майды тазалап тастау керек.
Майды кептіру үшін автоматты (пулеметті) толық бөлшектеу керек, сұйық қару майымен барлық металл бөлшектерін жуып, оларды таза шүберекпен сүрту керек.
Ескерту. Ауа райы +5С-тан төмен болған кезде қару майын қолдануға тыйым салынады.
Ұзақ уақыт бойы сақтауға тапсырылатын автоматты (пулеметті) сұйық қару майымен майлап, ингибиттелген, ал сосын парафинделген бір қабат қағазға орау қажет.
Автоматтар (пулеметтер) мен оқсауыттарды сақтау және күтіп ұстау.
Қарудың сақталуы мен күтіп ұсталуына бөлімше командирі жауапты.
Автомат (пулемет) оқтаусыз сақталады, бұл ретте оқжатар ажыратылады, сүңгі-пышақ алынады, шүріппе босатылады, автоматта көздеуіштің қамытшасы «П» бөлігіне, пулеметте «1» бөлінісіне қойылады, пулемет сирақтары жиналып, серіппелі ілгекпен бекітіледі. Автомат (пулемет) оқтау және атыс жүргізу алдында ғана сақтандырғыштан түсіріледі.
Автомат (пулемет) казарма немесе далалық жағдайларда пирамидаларда сақталынады; сол пирамиданың ерекше бір бөлімінде оқжатарлар, оқжатарларға арналған сөмкелер, қынаптағы сүңгі-пышақтар, майлауыштар мен қапшықтар, сондай-ақ жиналмалы дүмді автоматқа арналған пенал сақталынады.
Ғимаратта орналасу жағдайында автоматты (пулеметті) есіктен, пештен және жылытқыш аспаптардан қашық, құрғақ жерде, ал соғыс уақытында - қолда ұстау керек.
Автомат (пулемет) автомобиль мен сауытты транспортерлерде жылжу кезінде тізе арасында тік тұрады, ал танкте қолда болуы керек.
Автоматтарды (пулеметтерді) темір жол немесе су арқылы тасымалдау кезінде арнай пирамидаларда ұстау керек. Пирамидалар жоқ кезінде қолда немесе сөрелерде ұстау керек.
Автоматтың (пулеметтің) ұңғы арнасына су тимеуінен сақтану керек. Егер су тиген болса, онда атыс алдында автоматтың (пулеметтің) жылжымалы бөлшектерін артқа қарай тартып, ұңғы жағын төмен қаратып, бірнеше рет сілку керек; бұл кезде су ұңғы арнасынан ағып кетеді.
Оқсауыттар құрғақ, мүмкіндігінше күн сәулесі түспейтін жерде сақталынуы керек
Достарыңызбен бөлісу: |