міндетті, ал жұмыс беруші – тұрақты түрде жалақыны төлеп
отыруға жəне еңбек заңдары мен еңбек шартын сақтауға міндетті.
Еңбек құқығы саласының жүйесі екі бөлімнен тұрады: жалпы
жəне ерекше бөлімдер.
Жалпы бөлімге еңбекті қоғамдық ұйымдастыру элементтеріне
жататын, қызметкерлердің жұмыс істейтін ұйымдарының аудандық
жəне салалық тиістілігіне қарамастан, олардың (қызметкерлердің)
еңбегін пайдалану жəне ұйымдастырудың жалпы мəселелерін
реттейтін нормалар жатады.
Еңбек құқығы саласының ерекше бөлімі институттарға, яғни,
еңбек құқығы қатынастарының туындау жəне жүзеге асырылу
деңгейіне қарай кезектілікпен орналасатын бірыңғай нормалардың
топтарына сəйкес құрылады. Ерекше бөлім халықты жұмыспен
қамтумен жəне жұмысқа орналастырумен басталады, одан кейін
орталық институт – жеке еңбек шарты, оның туындауы, өзгеруі
жəне тоқтатылуы, содан соң – жұмыс уақыты жəне демалыс
уақыты институты, жалақы институты, кепілдік жəне өтемақылық
төлемдер институты, еңбек тəртібі институты жəне еңбекті қорғау
институты орналасқан. Ал бұлардан кейін еңбек қатынастары
тараптарының
келтірген
зияндары
үшін
материалдық
жауапкершілік институты, еңбек даулары институты, еңбектегі
қадағалау жəне т.б. институттары орын алған.
Сала ретіндегі еңбек құқығының жүйесінен еңбек заңдарының
жүйесін ажырата білген жөн. Олар мазмұн жəне нысан ретінде
өзара байланыста болады. Еңбек заңдарының жүйесі нормативтік
құқықтық актілерден, олардың преамбулаларынан, баптарынан,
қорытынды ережелерінен жəне т.б. тұрады. Сол себепті, еңбек
құқығының жүйесі еңбек заңдарынан көрініс табады, ал еңбек
заңдары еңбек құқығының қайнар көзі болып табылады деген
тұжырымға келуге болады.
Тақырып бойынша сұрақтар:
1. Еңбек дегенеміз не? Еңбектің қандай түрлерін білесіз?
2. Құқық, соның ішінде, еңбек құқығы жөнінде не білесіз?
Құқық нені реттейді?
3. Еңбек құқығы қандай қатынастарды реттейді?
4. Қандай қатынастар еңбек қатынастары деп аталады?
5. Еңбек қатынастары меншіктің қандай түрлеріне негізделуі
мүмкін?
6. Еңбек құқығының пəнін атаңыз (яғни, еңбек құқығы қандай
қатынастарды реттейді, оларды атаңыз)?
7. Еңбек құқығының пəнінде қай қатынастар басты, жетекші
рөлге ие, қайсылары алдымен туындайды, қандай қатынастар
əрқашан орын алады, қандай қатынастар қызметкердің жұмысы
барысында туындамауы да мүмкін?
8. Еңбек қатынастарының ерекше белгілері қандай?
9. Құқықтың қай салалары еңбек құқығымен сабақтас болып
табылады? Олардың ұқсастығын жəне айырмашылықтарын атаңыз.
10. Еңбек құқығының міндеттері мен функцияларын атаңыз.
11. Еңбек құқығының жүйесі неше бөліктен тұрады? Олардың
əрқайсысы туралы айтыңыз.
2 Т А Р А У
ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
Еңбек құқығының негізгі қағидаларының түсінігі жəне
мəні. «Қағида» сөзінің өзі латын тіліндегі «principium» cөзінен
туындаған жəне оның аудармасы «негіз, бастама» дегенді білдіреді.
Осылай, «қағида» түсінігі басшылыққа алынатын идеяны, негізгі
ережені, бастаманы білдіреді. Құқықтық түсініктер жүйесінде
қағида басты түсінік болып табылады, себебі, ол бүкіл құқықтық
жүйенің негізін құрайды жəне осы құқықтық жүйенің барлық
қасиеттерін өзіне сіңіреді. Басқаша айтар болсақ, еңбек құқығының
қағидалары – бұл еңбек құқығы нормаларының негізгі бастамасы.
Еңбекті құқықтық реттеудің негізгі қағидалары – бұл
қолданыстағы еңбек заңнамасының мəнін қысқаша көрсететін
басты ережелер. Олар осы құқық саласының даму негізін құрайды
жəне дамуды бағыттайды.
Еңбек құқығының қағидалары ретінде еңбек құқығы
нормаларының мəнін жəне мемлекеттің еңбек қатынастарын
құқықтық реттеу саласындағы саясатының басты бағыттарын
көрсететін, қолданыстағы заңнамада бекітілген негіздемелік
бастамаларын (идеяларды) түсінуге болады.
Еңбек құқығының қазіргі кездегі қағидалары еңбекті
ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастардың қалыптасқан
жүйесінен көрініс береді. Олар объективтік экономикалық
заңдардың күшіне тығыз байланысты.
Еңбек құқығының қағидалары заңнамадан көрініс табады жəне
заңнамалық тұрғыда бекітілген, себебі, осы қасиет бұл
қағидалардың құқықтық қағида деп аталуына негіз болады. Еңбек
құқығының негізгі қағидалары ҚР Конституциясында жəне осы
құқық саласының маңызды заң шығарушы актілерінде бекітілген.
Мысалы, ҚР «ҚР еңбек туралы» заңының 2-бабының 1-тармағында
республика қызметінің негіздемелік қағидалары, ал 2-бөлімде
еңбек бостандығы қағидасы бекітілген.
Қолданыстағы заңнамаға талдау жасайтын болсақ, еңбек
құқығының қазіргі кездегі қағидаларына келесі белгілер тəн:
· олар экономикалық жəне саяси жағдайлармен байланысты,
себебі, қағидалардың өзі мемлекеттік саясаттың негізінде
анықталады;