Қарапайым заттар, көмірқышқыл газы, ерітінді, шұбалшын, көртышқан, қарашірік, жаңғақ, жыртқыш аң, өлексе, су ұлуы, жануарлар әлемі, бунақденелілер.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша 5 сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Қандай құс атауларын білесіз? Дәптеріңізге жазып, оларды орыс тіліне аударыңыз.
5. Жануарлардың адам өміріндегі маңызына мысал келтіріңіздер.
6. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Қарақұрым нөпірі,
Егін шөптің жебірі. (Шегіртке);
- Айнымай тартқан реңіне,
Жүрген жерінің түр-өңіне, не? (Кесіртке);
Құрлықта да секеңдеп,
Шыбын-шіркей аңдиды,
Жемге қашан жетем деп. (Бақа);
- Мойны жуан,
Жұқалтаң қабақты.
Тірсегі ұзын,
Қоян тобықты.
Іс тікпейді, бірақ
Тастамайтын бізін,
Білесің бе, мақұлықты? (Шаян);
- Өзі алып кемедей,
Дауылдан ықпайды.
Су шашып, телегей
Мұхиттан шықпайды. (Кит).
5-мәтін. Жануарлар әлемін қорғау
Табиғатқа адам әрекетінің әсері ерекше. Өзінің шаруашылық мақсаты үшін қолында қуатты техникасы бар адам өсімдіктер мен жануарлар әдеміне елеулі өзгерістер жасайды.
Егін салу үшін ормандар мен тоғайларды кесіп, өртейді, ғимараттар салады.
Өсімдіктер мен жануарлар әлемі барған сайын азая түсуде. Мысалы, қазақ жерінде көне заманда жосып жүретін жабайы түйелер, құлан, тарпаң, ну қамыстарда жүретін жолбарыстардан қазір тұқым да жоқ. Даламызда, тауларымызда топ-тобымен, үйірімен жүретін арқар, бұғы, қарақұйрық, орман сусары, ақ тырна, құндыз, дуадақ, т.б. жануарларды оңайлықпен іздеп табу қиын. Елімізде қазір 67-ден астам жануарлардың түрі құрып кету қаупінде тұр.
Табиғат – адамның ежелден бергі тіршілік етіп, өмір сүріп келген ортасы және мәңгілік мекен ете беретін алтын бесігі.
Біздің халқымыз ежелден өз жерінің табиғатын аялай қорғап, обал мен сауапты, адал мен арамды ажырата білген. Аталарымыз бен әжелеріміз жеміс-жидек өсімдіктерін кесіп, сындырмаған, көк шөпті орынсыз таптамаған. Тұмсығы тесік құстардың, буаз аңдардың бәрін табиғат перзенті деп, өніп-өсуіне қиянат жасамаған. Ел шетіне жау тиіп, ауыл үдере көшкенде, шаңырағына қарлығаш ұя салып, балапан шығарып жатқандықтан Төле би бабамыз үйін жыға алмай, жұртта қалыпты деген аңыз бар. Қазақ халқында үйіне кездейсоқ кіріп кеткен жыланды өлтірмей, басына ақ құйып шығаратын дәстүр бар. Өрмекші, аққу, киік, көгершін, қарлығаш, бүркіт, т.б. сияқтыларды халық қасиетті санаған.
Еліміздің көрікті, бай табиғи аймақтарын өз қалпында сақтау, саны азайған өсімдіктер мен жануарларды қамқорлыққа алу, санын молайту, су құстары мамырлайтын және қыстайтын орындар мен балық уылдырық шашатын өзен-көлдерді қорғау мақсатында құрылған Алматы, Ақсу-Жабағылы, Қорғалжын, Наурызым, Марқакөл сияқты мемлекеттік қорықтар бар.
Туған жер табиғаты – халқымыздың ұлттық мақтанышы. Сондықтан оны аялап қорғауға, оның байлығын еселеп арттыруға үлес қосу – біздің азаматтық парызымыз.
Есте сақтаңыздар
Шаруашылық мақсаты, жабайы түйе, тарпан, жолбарыс, арқар, бұғы, қарақұйрық, орман сусары, ақ тырна, құндыз, дуадақ, обал, сауап, мемлекеттік қорық, уылдырық.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. «Жануарлар әлемі» тақырыбы бойынша шағын эссе жазыңыздар.
5. Ұйқасын тап:
- Өзінше шоян,
Қорқақ, кім?.. (қоян);
- Тұмсығымен шымшып,
Құрт тереді ... (шымшық);
- Бата алмас түлкі,
Үсті тікен ... (кірпі);
- Шабақ аңдып жағада,
Шарқ ұрады ... (шағала);
- Айбат шегер алыстан,
Аң патшасы ... (арыстан);
- Бәрі бірдей жұмысқа,
Шығатын кім?.. (құмырсқа);
- Тор тоқып бермекші,
Өзі ескен жібімен
Әлде кімге ... (өрмекші).
6. Жан-жануарға байланысты қандай ырымдарды білесіздер? (Ит ұлыса – жамандық болады, Ат жер тарпыса – жолға шығады деген сөз)
6-мәтін. Өсімдіктер әлемі адамның қамқорлығына мұқтаж
Адам ежелден өсімдіктерді өз қажетіне пайдаланып келеді, пайдалана береді. Бірақ адамның шаруашылық мақсат үшін өлшеусіз, көп пайдалануынан, кей жағдайларда орынсыз, ойланбай немесе білместіктен істегені бар, әйтеуір, жер бетіндегі өсімдіктер әлемі қазір елеулі зардап шегуде.
Еліміздің ормандары сирей бастады. Өсімдіктер әлемінің, соның ішінде орман-тоғайлар азайды. Топырақ тозды.
Әсіресе қалалар төңірегі күшті өзгеріске ұшырады. Қоқыс пен қалдықтар үйіндісі көбейді. Су қоймалардың көпшілігінде су ішуге жарамсыз болып қалды. Судың, ауаның, топырақтың ластануынан табиғи қатынастар бұзылды.
Адам табиғатты зерделеп терең білген сайын, зиянды өзгерістердің әрі қарай бола беруі жердегі тіршілікке қауіпті екенін жақсы түсінді. Сондықтан табиғатты, өсімдіктер әлемін қорғау елімізде үлкен мақсат етіп қойылып, елеулі жұмыстар істелуде. Табиғат қорғау, оның байлығын тиімді пайдалану Қазақстан Республикасы Коституциясында жазылған.
Өсімдіктер әлемін сақтау, шаруашылық мақсат үшін кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызу, көшелерді, үй маңын көгалдандыру, ластанған ауаны, суды тазартып, одан әрі ластануды болдырмау сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ерекше қорғауды қажет ететін өсімдіктер Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелді.
Есте сақтаңыздар
Елеулі зардап шегуде, сирей бастады, топырақтың ластануы, табиғи қатынастар, қалалар төңірегі, қоқыс пен қалдықтар, зерделеу, зиянды өзгерістер, қауіпті, тиімді пайдалану, көгалдандыру, елеулі жұмыстар.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Орманды өрттен қорғайық тақырыбына статистикалық баяндама жасаңыз.
5. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Тіршілік аусар тек,
Ұстасаң қауқар жоқ,
Айналам қоршау көк,
Одан асқан кәусар жоқ. (Ауа);
- Алып кілем –
Гүлге толы
Үсті кілең. (Жер);
- Ағаштарды шайқайды,
Көзге көрінбейді.
Шарлағанда сай-сайды,
Бір сәт ерінбейді. (Жел);
- Зәулімде тұрағы,
Тіреусіз тұрады. (Бұлт);
- Аспаннан домалап,
Көп моншақ төгілді.
Бусанып жон-алап,
Терледі, керілді. (Жаңбыр);
- Шашылды көктен ақ моншақ,
Жоғалды біздер тапқанша-ақ. (Бұршақ);
- Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Бірақ тыныш тұрмайды.
Сақтамасаң – қорын тек,
Барша тірлік қурайды. (Су).
7-мәтін. Өсімдік қанша жыл тіршілік етеді?
Өсімдік – тірі ағза. Ол кез келген тіршілік иесі сияқты белгілі бір уақыт мөлшерінде тіршілік етеді. Мұны түсіну үшін, өзімізге жақсы таныс бидай өсімдігін алайық. Бидай дәнін топыраққа отырғызып күтсе (суарса, топырақ арасы жылы болса, т.б.), біраз күннен соң топырақ бетіне өскіні қылтиып шығады. Міне, бұл – осы бидай өсімдігі тіршілігінің басталуы. Ол үлкейіп өседі, жаңа мүшелері пайда болып, дамиды. Ең ақырында масақ пісіп жетіліп, дәні түседі де, алғашқы, яғни осы дәнді берген бидай өсімдігінің өзі қурап, тіршілігін тоқтатады. Сонда ол тек бір жыл ғана тіршілік етті. Осындай бір жыл ішінде тұқымнан өсіп, жаңа тұқым берген соң өз тіршілігін тоқтататын бидай, күнбағыс, қызанақ, т.б. сияқтыларды біржылдық өсімдіктер дейді. Екіжылдық өсімдіктер де бар.
Мысалы, пияз, орамжапырақ. Бірінші жылы тұқымнан сабақ, жапырақтар және тамыр өсіп шығады. Екінші жылы гүлдеп, жеміс береді.
Көптеген өсімдіктер ұзақ тіршілік етеді. Мысалы, емен 1000 – 1500 жыл, қайың 150 жыл, сарықараған 50 жыл, т.б. Шөптесін өсімдіктер ішінде көпжылдық түрлері көп. Белгілі бір «жасқа» келгенде көпжылдық өсімдіктердің дені жыл сайын гүлдеп, жеміс, тұқым беруді бастайды.
Өсімдіктер жабайы және мәдени болып екіге бөлінеді. Жабайы өсімдіктер өздігінен өссе, мәдени өсімдіктерді адамдар қолдан күтіп, баптайды.
Есте сақтаңыздар
Ағза, бидай, өскін, қылтиып шығады, масақ, дән, күнбағыс, қызанақ, пияз, орамжапырақ, емен, жабайы өсімдіктер, мәдени өсімдіктер.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Кез-келген бір өсімдік туралы мәлімдеме дайындап келіңіз.
5. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Күн нұрымен піседі,
Уылжып қолға түседі. (Жеміс);
- Күнді аңдып шалқалап,
Гүлмен жапқан қалқалап.
Бақшада өскен теректің,
Дәндерінен май тамар,
Шағып жеген нәр табар. (Күнбағыс);
- Кең алқап ақ түске,
Бейне бір малғандай.
Күзде де, тал түсте,
Қар жауып қалғандай. (Мақта алқабы);
- Көрсең өскен желісін,
Жапырағы қазтабан.
Мөлдір қара жемісін,
Қыста емес, жаз табам. (Қарақат);
- Тасты жапқан түк кілем,
Тамыры жоқ, мүк кілең. (Қына);
- Желден қатты сасады,
Томпалаңдап қашады.
Тірелгенше дөңге кеп,
Дедектейді дөңгелеп (Қаңбақ).
8-мәтін. Топырақтың түрлері
Құрамындағы қарашіріктің мөлшеріне байланысты топырақтың
түсі түрліше болады. Неғұрлым қарашірік көбірек болса, соғұрлым топырақтың түсі қоңырқай тарта береді және оның құнарлылығы да арта түседі. Қарашірік бәрінен де қара топырақта көп болады. Содан даланың қара топырағына егілген дәнді дақылдар мол өнім береді. Қара топырақ біздің республикамыздың солтүстік өңірін алып жатыр. Оңтүстікке қарай жүрген сайын жауын-шашын азаяды. Оның да көбі буланып кетеді. Өсімдік қалың болып өсуге ылғал жетіспейді. Селдір өсімдіктен қарашірік те аз қалады. Сондықтан топырақтың түсі оңтүстікке қарай бозғыл тарта түседі. Жақсы өнім алу үшін мұндай топыраққа белгілі мөлшерде тынайтқышты көбірек қосып, суару қажет.
Жауын-шашын аз жауатын оңтүстік аудандарда жазғы ыстықтан топырақ қатты құрғайды. Жер астындағы ылғал топырақтың беткі қабатына көтеріледі де, осы жерде буланады. Ылғалмен бірге түрлі тұздар да жер үстіне шығып қалады. Топырақ бетіне тұрған қар сияқты ақшыл қабыршақтарды сор деп атайды. Сор топырақ Қазақстанның оңтүстігінде өте көп таралған.
Артық тұз өсімдікке зиянын тигізеді. Сондықтан сор топырақта өсімдік өте сирек өседі. Егер тұз өте көп болса, топырақ беті өсімдіксіз, тақыр болады. Топырақ зерттеуші ғалымдар тұзды топырақты егіншілікке пайдалану жолдарын іздестіруде.
Есте сақтаңыздар
Қарашірік, құнарлылық, қара топырақ, солтүстік өңірі, жауын-шашын, ылғал, тыңайтқыш, сор, көп таралған, сирек, тақыр, іздестіруде.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырыпты өз сөздеріңізбен толықтырыңыздар.
5. Әрбір сөздің бірінші әрпі бір дыбыстан болатын мағыналы мәтін жасаңыз.
Үлгі: 1) Алпауыт асыр алапаттан адамзатты аман асыр…
2) Балапаны бағында бапталса, басар баспалдағы берік болар.
6. Берілген әңгіменің мағынасын түсіндіріңіз.
Әз Жәнiбектiң алпыс биi болған екен. Бiр жолы хан билерiне:
“Дүниеде не өлмейдi?” – деп сұрақ қойғанда, Алпыс биi бiр ауыздан жауап берген екен. Ал сіздер бұл сауалға не дер екенсіздер?
Жауабы:
Ағын су өлмейдi,
Асқар тау өлмейдi.
Аспанда ай мен күн өлмейдi,
Әлемде қара жер өлмейдi.
Cонда Жиренше шешен бәрiне қарсы шығып:
Ағын судың өлгенi –
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгенi –
Басын бұлттың жапқаны
Ай мен күннiң өлгенi –
Еңкейiп барып батқаны.
Қара жердiң өлгенi –
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бiр алланың қақпаны.
9-мәтін. Пайдалы қазбалардың түрлері
Пайдалы қазбалардың түрлері өте көп. Олар қолданылуына қарай негізгі үш топқа бөлінеді:
1. Жанғыш пайдалы қазбалар
2. Кен пайдалы қазбалар
3. Кенге жатпайтын пайдалы қазбалар
Жанғыш пайдалы қазбаларға тас көмір, мұнай және газ жатады.
Тас көмір – ең көп өндірілетін пайдалы қазба. Тас көмір тек
отын ретінде ғана пайдаланылмайды, одан басқа да көптеген заттар алынады.
Біздің елімізде тас көмірдің қоры өте мол. Тас көмірдің аса ірі кен орны – Қарағанды. Екібастұзда ашық әдіспен арзан көмір өндіріледі.
Мұнай – өте қызулы отын. Ол күл қалдырмай түгел жанып кетеді. Мұнайды айыру арқылы бензин, керосин, машина майы және басқа көптеген бағалы заттар бөліп алынады.
Каспий маңы ойпаты мен Маңғыстау түбегінде мұнай мен газдың аса бай кен орындары бар.
Кен пайдалы қазбаларына құрамына металл кездесетін тау жыныстары жатады. Оларды өңдеу арқылы темір, мыс, қорғасын, алюминий және басқа металдар алынады. Кен пайдалы қазбалар, әсіресе, Орталық Қазақстанда көп шоғырланған. Ондағы Жезқазған және Қоңырат мыс кен орындары әлемге әйгілі.
Кенге жатпайтын пайдалы қазбалар қышқыл алуға, тыңайтқыштар өндіруге, құрылыс қажетіне пайдаланылады. Бұл топты тұз, фасфорит, әктас, мәрмәр, гранит, құм, саз, т.б. құрайды. Олардың қайсысы болса да біздің жерімізде баршылық. Ал Қаратаудағы фосфорит кен орны қоры жөнінен дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы орынның бірін алады. Фосфоритті ұнтақтап, фосфорит ұны тыңайтқышын өндіреді.
Есте сақтаңыздар
Пайдалы қазбалар, жанғыш, кен, тас көмір, мұнай, ашық әдіспен, көмір қоры, мыс, қорғасын, әктас, мәрмәр, саз.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Павлодар облысының пайдалы қазбалары тақырыбына баяндама дайындаңыздар.
5. Тапқыр болсаң тауып көр.
- Көгілдір түсі бар,
Тас балқытар күші бар. (Газ).
6. Көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жазыңыз:
- Ел іші … бесік;
- ...ді қызған кезінде соқ;
- Үйдің сәні қызбенен,
Астың дәмі … ;
-... қайнауда шынығады,
Батыр майданда шығынады.
10-мәтін. Жәндіктер
Буынаяқтылар типіне жататын көп клеткалы омыртқасыз жәндіктер. Олардың басқа буынаяқтылардан негізгі ерекшелігі денесі бас, көкірек және құрсақ бөлімдеріне айқын бөлінген. Жәндіктердің барлығы алты аяқты, басым бөлігінде қанаттары болады. Дене бөлімдері алуан түрлі қызмет атқарады. Екі мұртша, күрделі және жай құрылысты көздер мен көзшелер баста орналасады. Көкірек бөлігінде қимыл, қозғалыс қызметін атқаратын аяқтар мен қанаттар орнығып, құрсағында көбею мүшелері орналасады, жәндіктер демтүтік арқылы тыныс алады.
Жәндіктердің дамуы үш түрлі жолмен өтеді: тура даму (қанатсыз жәндіктер), шала түрленіп даму (ақпа, инелік, дәуіт шегіртке, бит) және толық түрленіп даму (қоңыздар, көбелектер, бүргелер, шыбындар, масалар, құмырсқалар және т.б.)
Жәндіктердің ауыз мүшелерінің құрылысы да сан алуан: сүзуші (шыбын), шаншып сорушы (маса), кеміруші (тарақан), кеміріп жолаушы (бал арасы), түтік тәрізді ауызбен сорушы (көбелек) ауыздар болады.
Есте сақтаңыздар
Буынаяқтылар, құрсақ, қанатсыз жәндіктер, инелік, дәуіт, шегіртке, бит, қоңыздар, көбелек, бүргелер, құмырсқалар, шыбын, бал арасы.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырыпты өз сөздеріңізбен толықтырыңыздар.
11-мәтін. Өрмекшітектестер
Өрмекшітектестер – құрлықта тіршілік ететін буынаяқтылар. Бұл класқа жататын жәндіктердің денесі екі бөліктен: баскөкірек және құрсақ бөлімінен тұрады. Бұларда мұртша болмайды. Жабыны үш қабатты. Ол жәндіктің денесін судың булануынан қорғайды. Бұлардың дене қуысы аралас қуысты, сондықтан қантарату жүйесі ашық жүйелі. Өрмекшітектестердің баскөкірек бөлігінде алты жұп аяқ орналасады. Ал құрсағында ешбір аяқ орналаспайды және көпшілігінде буылтықсыз, тегіс болып келеді. Өрмекшітектестердің көпшілігі сатанбез және мальпигий тамырлары арқылы қажетсіз заттарды бөледі. Бұлар құрлықта тіршілік етеді. Өкпе қапшығы және демтүтік (трахея) тынысалу мүшелері болып табылады. Демтүтік жәндіктің құрлықта өмір сүруге бейімделуінің нәтижесінде пайда болған жаңа түзіліс.
Тамақтың денеден тысқары қоймалжың күйге ауысып қорытылуы астың ішектен тыс қорытылуы астың ішектен тыс қорытылуы деп аталады. Бұл – бұған дейінгі жәндіктерге байқалмаған құбылыс. Өрмекшітектестер – дара жынысты, іштей ұрықтанады. Аналықтары жұмыртқа салып, жұмыртқадан ұрпақтары тікелей дамиды.
Өрмекшітектестер – жыртқыш, паразит. Кейбіреуі қан сорады (кене). Көпшілігі өсімдік және бунақденелілермен қоректеніп, олардың табиғаттағы санын реттейді. Енді біреулері шағып, адам мен үй хайуанаттарына үлкен қауіп төндіреді.
Есте сақтаңыздар
Баскөкірек, тамыр, дене қуысы, демтүтік, нәруыз, өкпе, желбезек, өмір сүруге, дара жынысты, бүйі, кене, үй хайуанаттары.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырыпты өз сөздеріңізбен толықтырыңыздар.
12-мәтін. Итмұрын
Республиканың (Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы) сай,
Орталық және Оңтүстік-шығыс бөлігінде тауда, жазықта, қорым тастарда, беткейлерде, ормандарда, дымқыл топырақты жерлерде бұталар арасында өседі. Ылғалды жақсы көреді, топырақтың да, ауаның да ылғалдығына сезімтал, биіктігі 2 метрге дейін сұр-қошқыл түсті, қабығы бар, сабағымен бұтақтары ұсақ тікенекті. Өткір тікенектер барлық туыс түрлеріне тән, олар жануарлардың жеп қоюынан сақтайды. Жапырағы күрделі, тақ қауырсынды, әдетте 2 – 3-тен жұптасқан көлемді эллипс тәрізді, жиегі ара тісті, ал астыңғы жағын қою да жұмсақ түк басқан. Гүлі қос жынысты, дұрыс гүл (актиноморфты) тостағаншасы жіңішке жасыл түсті, күлтесі ашық күлгін немесе қызғылт түсті. Тостағаншалар мен күлтелер саны бірдей (5-тен), аталық пен аналықтары көп (саны анықталмаған), гүлі көлемді (диаметрі 6 см-ге дейін), ұзын гүл табанына көбінше жалғыздан, сирек топтасып бекиді. Ашық түсті гүлінің хош иісі жәндіктерді өзіне тартады, ара, үлкен тозаң жейтін қоңыздар, бір гүлден екінші гүлге ұшып-қонып жүріп айқас тозаңдандырады. Кейде жәндіктер гүлді түнеп шығатын орын ретінде пайдаланады, өйткені кешке қарай гүлдердің күлтелері жабылады. Итмұрын шілдеде гүлдейді, тамызда жеміс береді.
Раушан туысының жидегі шындығында да жалған жеміс, құрылысы күрделі, күлте жапырақшаларының құмыра немесе бокал тәрізді болып, қабырғаларының ішкі жағында бекінген көптеген сарғыш жаңғақтар, қою да қаттылау түктермен бөлінген. Біз суреттеп отырған түрдің жемісі пісіп-жетілген қою, ашық-қызыл түсті. Ұшында түспейтін құрғақ тостағанша жапырақшалары барлық раушандар мен жабайы раушандарға тән. Кейбір түрлері ежелден белгілі бауда өсірілетін раушандардың арғы тегі болып табылады. Біздің эрамызға дейінгі 4 мың жылдыққа жататын Алтайдың көмбелерінен табылған металл ақшаларда да бауда өсірілетін раушандар бейнеленген. Қазірде жабайы раушандар сұрыптауда және мәдени раушандардың сапасын жақсартуда қолданады.
Итмұрынның ерекшелігі – бағалы витаминдерге бай, жемісі және одан дайындалған дәрі-дәрмектер медицинада негізінен асқазан және бауыр ауруларын емдеуге қолданылады, гүлдерін шайдың орнына пайдалануға болады, күлтелерден дайындалған эфир майы – парфюмерия өндірісінде пайдаланылады.
Есте сақтаңыздар
Итмұрын, жазықтықта, қорым тастарда, беткейлерде, ылғал, тікенек, түк, гүлдердің күлтелері.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
13-мәтін. Қара қарақат
Шығыс және Орталық Қазақстанның орманды дала және таулы аудандарындағы едәуір танымал бұта. Батыста ол Орал өзенінің бассейніне дейін тараған, ал оңтүстік-шығыста Жоңғар Алатауына дейін тараған. Алдыңғы түр сияқты, ылғалды жерді жақсы көреді, өзен жағалауында, сазды жерлердің жиегінде, ылғалды ормандарда өседі. Бұл түрдің бұтақтары түзу, биіктігі 1,5 метрге дейін, жас бұтақтар алғашқыда бозарып тұрады, жаздың аяғында қоңыр түске ауысады. Жапырағы саусақ салалы, ұзын. Қара қарақатқа тән бір ерекшелік жапырағы мен жас бұтақтарының төменгі жағында болатын сары бездің болуы, өсімдікке хош иіс береді. Гүлдері күлгіндеу немесе жасылдау, сирек шашақты, әр шашағында бестен шоғырланған. Қарақат мамыр, маусым айларында гүлдейді, шыбынның көмегімен тозаңданады. Қолайсыз жағдайларда да өзі тозаңданады, бұл жиі болып тұрады (бір гүлдің ішінде). Жемісі хош иісті, қара немесе қошқыл. Көптеген ұсақ тұқымды жидек шілде тамыз айларында пісіп жетіледі. Тұқымын құстар таратады. Қара қарақат көпшілікке жабайы күйінде де мәдени түрде де белгілі. Жалпы алғанда Қазақстанның барлық аймағында өсіріледі. Бірақ жабайы қарақат жоғары бағаланады. Себебі қантты витаминге бай тағам ретінде және емдік мақсатта, көкөністерді консервілеуде жапырағы хош иіс беруге кеңінен қолданады.
Есте сақтаңыздар
Қара қарақат, өзен жағалауында, сазды жерлердің жиегінде, ылғалды ормандарда, өзі тозаңданады, хош иісті, қошқыл, тағам ретінде, емдік мақсатта.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
14-мәтін. Ақгүл
Ақгүл (жасмин) – көп жылдық бұта түрінде өсетін өсімдік. Гүлдері түкті, хош иісті болады. Өсімдіктің Отаны – тропиктік елдер. Негізінде, әсемдік үшін, сұрыптарынан хош иісті эфир майларын алу үшін және шайды хош иістендіру үшін өсіреді. Аталмыш гүлдің хош иісі көптеген әтірлердің құрамына енген. Сол сияқты өсімдік гүлінен кремдер, массаж майлары және басқа да көптеген косметикалық заттар дайындалады.
Ақгүл ерекше күтімді қажет етпейтіндіктен бөлме жағдайында да жақсы өседі. Гүлдің топырағына шіріген жапырақ араластырып отырғызған пайдалы. Бірнеше күн тұрған қышқылдау сумен суарған дұрыс. Топырағы құрғаған кезде ғана суарады. Айына 2 – 3 рет бүркіп суарған да пайдалы. Гүлдің ыдысын 2 жылда бір рет көктем айында алмастырады.
Ақгүл күтімінде бөлме температурасының қалыпты болуы маңызды. Қыста +8-ден төмен болмауы керек. Жазда таза ауаға шығарып қоюға болады. Басқа бөлме өсімдіктерімен салыстырғанда ақгүл күн көзіне, тура түскен күн сәулесіне шыдамдылығымен ерекшеленеді. Бірақ қатты ыстықта ұзақ уақыт қалдыруға да болмайды.
Есте сақтаңыздар
Ақгүл, көп жылдық, әтірлер, шіріген жапырақ, қышқылдау су
бүркіп суару, бөлме температурасы, күн сәулесі, шыдамдылығымен, қатты ыстықта, ұзақ уақыт.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
15-мәтін. Жасаңшөп
Жасаңшөп (толстянка) фэн-шуй ілімі бойынша қаржы ісінде сәттілік әкелетін өсімдік болып есептеледі. Өсімдіктен бөлінетін тозаңдар адам ағзасына пайдалы. Ол ауаны тазалайды. Өсімдік ағзаның психикалық және физикалық шаршағанын басады. Адам ағзасын жұқпалы ауруларға қарсы белсендіреді.
Күй талғамайтындықтан қараңғылау бөлмеде де жақсы өседі.
Бөлме өсімдіктерінің әрқайсысына тән сенімдер бар. Көбі жасаңшөпті «ақша шақыратын өсімдік» деп жатады. Ағаш биіктеп өссе, жапырағы қалың әрі үлкен болса, қаржылық жағдайдың жақсаратынын білдіреді деп сенеді. Ал өсімдік жақсы өсуі үшін оған күтім жасау керек.
Гүлдің жақсы өсуі оны дұрыс отырғызудан басталады. Оның өскінін ешкімге көрсетпей (ұрлап) немесе сатып алады. Отырғызар алдында өскіннің түбін сәл құрғатады. Гүлсауыттың түбіне «ақша шақырсын» деген ниетпен тиын салып, сонан соң гүлді отырғызады. Өсімдік биіктеу өсуі үшін көктем басталған кезде қырқады. Өте қараңғы бөлмеде ұстауға болмайды. Өсімдік жаздың ыстығына төзімді болғанымен, қыста бөлме температурасын он бес градустан асырмау керек. Ыстыққа төзімді болу үшін өсімдікті көктемнің ыстығынан бастап бейімдеген дұрыс. Оны топырағы құрғаған кезде ғана суарады. Сұйық тыңайтқыштармен тыңайтады. Өсімдік биіктеп, ыдысы тарлық еткенде ғана ыдысқа алмастырады.
Есте сақтаңыздар
Жасаңшөп , тозаңдар, адам ағзасына пайдалы, жұқпалы аурулар, күй талғамайтын, ақша шақыратын өсімдік, гүлсауыт.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
5. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Өзіне шап шақ,
Киген қалпағы аппақ,
Балалар тұр қаптап. (Бақбақ);
- Аумайды бір қылыштан,
Пүліш түсі жап-жасыл.
Соғылғандай мырыштан,
Өтпейтұғын жап-жасыл. (Қияқ);
- Саздауыт жерде өседі.
Қош иісі аңқыған,
Шипа өсімдік деседі. (Жалбыз);
- Қар астында қыстады,
Ақпен бөркін тыстады. (Бәйшешек).
16-мәтін. Алма
Алма – раушангүлдер тұқымдасына жататын, өте кең тараған жеміс ағашы. Жер шарында табиғи алманың 36 түрі белгілі. Қазақстанда Сиверс, Недзвецкий, қырғыз алмасы өседі. Дүниежүзінде 15000-нан астам алма сұрыптары болса, олардың барлығының атасы – Жоңғар және Іле Алатауындағы ормандарда өсіп жатқан табиғи сиверс алмасы екен. Ғалымдардың айтуынша, Қазақстандағы алма ағаштары 10 мың жыл бұрын пайда болған. Ең қызығы, Қазақстанда алма бақтары емес, «алма ормандары» бар. Әлемде жойылып кеткен кейбір алма түрлерін Қазақстандағы ормандарда өсіп тұрған алма ағаштары арқылы қайта қалпына келтіруге болады. Бірақ ол үшін қазақ жеріндегі алма ағаштары бар ормандарды сақтап қалуымыз керек. Құндылығы, мұндағы әрбір алманың гендік құрылымы бір-біріне ұқсамайды, әрі қайталанбайды. Кейбір алма түрлерінің гендері біз үшін өте маңызды. Өйткені олар басқа ешбір жерде кездеспейді. Қазақстанда алманың 40-тан астам сұрыптары жерсіндірілген, оның 20-сын қазақ селекционерлері өсіріп шығарған. Алма ағашының сұрыптарына қарай өмір сүру ұзақтығы 20–100 жыл, биіктігі 3-10 м аралығында, 3–12 жылда жеміс береді. Жаздық, күздік, қыстық сұрыптары болады. Жаздық сұрыптары еккеннен кейін 3–4 жылдан соң жеміс бере бастайды. Толық жеміс беру мезгілі 15–20 жыл. Ал, 30–35 жыл өткен соң мұндай сұрыптардың жеміс беруі нашарлай бастайды. Жаздық, күздік, қыстық сұрыптарды іріктеп алу тәртібін орындамау, қандай да болсын бір түрін көбейтіп жіберу – әсіресе, өнімді жинаған, сақтаған, өңдеген кезде көптеген қиыншылықтар туғызады. Бақшада мейлінше көп сақталатын қыстық сұрыптарға едәуір орын берілгені дұрыс. Алма құрамында су, қант, қышқыл, А, В1, В2, В6, С, РР дәрумендері, көптеген минералды заттар бар. «Күнде кешкісін бір алма жесеңіз, дәрігер қажет емес», – деген мақал алманың қаншалықты пайдалы екендігін білдіреді. Сонымен қатар, алма шырыны адам ағзасын ауыр металдардан тазартуға, қан бұзылу және жүрек ауруларын емдеуге қолданылады. Алма жемісі тасымалдауға, сақтауға жарамды. Алма жемісінен шырын, тосап, компот, джем, қақ жасалады. Сондай-ақ тамақ, кондитер және иіс су өнеркәсібінде қолданады. Алманы күнделікті тағамға, салаттарға қосып пайдаланады.
Есте сақтаңыздар
Табиғи, құндылығы, гендік құрылымы, сұрыптары, дәрумендер, күнделікті, іріктеп алу, шырын, тосап.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
17-мәтін. Жүзім
Жүзім – шырмалып өсетін жүзімділер тұқымдасы, 70-ке жуық түрі бар. Зерттеушілер тұқымын тауып, 60 миллион жыл бұрын, яғни жер бетіне адамдар болмаған кезде жабайы жүзім болғандығын дәлелдеген. Қазіргі кезде 4000-нан аса мәдени түрі тропикалық және субтропикалық аймақтарда өседі. Жүзім өзінің жақсы қалыптасқан тамыр жүйесімен ерекшеленеді. Сабақтарынан өсіп шығатын мұртшалары арқылы жүзім шырмалып өседі. Жапырақтары ірі, 3–5 салалы болады. Гүлі ұсақ, жасыл түсті. Жемісі шырынды, ішінде 1–4-ке дейін сүйекшелері болады. Кейбір мәдени түрлерінде сүйекшелер болмайды. Сұрыпына қарай жемісінің пішіні домалақ, ұзынша-сопақтау болады. Жемісінің түсі жасыл, сары, қызғылт-сары, күлгін т.б. болады. Жемістері шоғырланып өседі. Бір шоқта 100 данаға дейін жүзім болады. Дұрыс күтім жасалса, жүзім 50 жылға дейін жеміс береді. Жүзімді тұқымы, қалемшесі және ұластыру арқылы көбейтеді. Жүзім отырғызылғаннан кейін 2–3 жылда жеміс бере бастайды. Жүзімнің түбін ашу мерзімін дұрыс білгеннің маңызы зор. Егер жүзім түбі ерте ашылса, үсіп кетуі ықтимал, ал кеш ашылса, шіріп кетуі мүмкін. Дұрысы, жүзім түптерін ашуға сөл жүре бастаған кезде кірісіп, бүршік бөрте бастағанға дейін аяқтау қажет.
Жүзім құрамында қант, органикалық қышқылдар, ферменттер, илік, азотты және пектинді заттар, С, В1, В2, В6, В12, Р, РР дәрумендері, өзектер, сонымен қатар минералдар мен микроэлементтер бар. Жүзім ағзаны холестериннен тазартады. Медицинада гемоглобинді көтеру үшін, қан аздыққа, бүйрек, жүрек, жүйке ауруларына қарсы, бронхит кезінде жөтел мен қақырық шығару үшін қолданады. Жүзім шырыны несеп және өт айдау үшін қолданылады. Қазіргі кезде ғалымдар жүзім сүйегінің қатерлі ісіктерге қарсы ем болатынын дәлелдеуде. Жүзімнен шырын, компот, тосап, мармелад жасайды. Жүзім шарап өндіруде кеңінен қолданады. Ал шарап жасаудан кейінгі қалдықтардан сірке қышқылы, этил спирті, эфир майы шығарылады. Сонымен қатар жүзімді кептіріп, мейіз жасайды.
Жүзім құрамындағы дәрумендер миға өте пайдалы. Түстен кейін қос уыс жүзім немесе жүзімнің бір кесе таза сығынды шырынын ішу денеге де, ми жасушаларына да өте пайдалы. Калория тұрғысынан 1 келі жүзім, 1,150 грамм сүт, 390 грамм ет, 300 граммнан және 1,200 грамм картопқа тең деп саналады. Бұған қоса, емдік қасиеті бар амин қышқылы, А және В дәрумені (В1, В2), калий, магний, кальций, силиций, йод, цинк, күкірт және маргенец секілді микроэлементтері де жүзімнің құрамында кездеседі. Жүзім адамның иммунитетін күшейтеді, жүйкені тыныштандырып, терінің түлеуін арттыра түседі. Ол – сондай-ақ аллергия мен буындарда тұз жиналуының алдын алуда таптырмайтын жеміс. Жүзімнің құрамындағы табиғи фруктоза денедегі жұмсалатын қуаттың аз уақытта қайта қалпына келуін қамтамасыз етеді. Шырынындағы биофлавонойдтары арқылы С дәрyменінің белсенділігін арттырады. Жүзім қасиетінің Құранда айтылуы да тегін болмаса керек. Неге десеңіз, қандағы оттегін жүргізетін гемоглабин синтезіне қажетті темір мен бүйректердің жұмыс істеуі және жүрек соғысының реттелуінде жұмсалатын калий онда өте көп кездеседі.
Есте сақтаңыздар
Мұртшалары, сүйекшелері, пішіні домалақ, өзектер, сірке қышқылы, мейіз, табиғи фруктоза, ми жасушалары.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
18-мәтін. Құрма
Құрма ағашы – ыстық шөлді аймақта өсетін пальманың бір түрі. Биіктігі 25 метрге дейін жететін бұл ағаш алғашқы өнімінің 8–10 жылдан кейін береді екен. Жыл өткен сайын құрма жемісінің өнімі молайып, отыз жылдан соң біртіндеп азая бастайды. Негізінде бір пальма ағашының 10–20 бұтасы кей кездері 100 кг футқа дейін
құрма жемісін беретін кездері болады.
Арабтар жабайы құрманы V–VII ғасырларда-ақ кептірілген, қуырылған және шикі күйінде пайдала бастаған. Анығын айтқанда, адамзатқа белгілі жемістердің ең көне түрі. Ертеректе шөлді аймақтың тұрғындары ыстықтан қорғану үшін саясын паналап, жапырағынан жай жасап, ағашын отын ретінде пайдаланып, қала берді күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар әзірлеген. Зерттеушілер құрманың отаны Месопотамия десе, енді бірі Испанияның Канар аралы, Сахараның оазисі, Арабия мен Азияның оңтүстік - шығысы деген болжам айтуда. Біріккен Араб Әмірлігінің Дала аралынан табылған құрма ағашының дәнегін зерттеген ғалымдар құрма 5 мың жыл бұрын пайда болған деген тұжырымға келуде. Ал Израиль аумағында 2 мың жыл бұрынғы тарихи - мәдени орындарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған дәнек осыдан 500 жыл бұрын жойылып кеткен құрманың бір түрі екендігі ақынталған.
Ғалымдар құрманың А Е, С, Р дәрумендері, натрий, калий, магний, калций, темір, фосфат, қант, антиоксиданттар, органикалық қышқылдар, илік заттар, ақуыздар, көмірсулар секілді минералдарға өте бай екендігін әлдеқашан дәлелдеген. Оның құрамындағы бай минералдар түрлі ауруларға ем ретінде ұсынылады. Осы бір қарапайым жемісте алуан түрлі дерттің шипасы жатқандығын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Ал бүгін оның бірнеше ауруға шипалық қасиетін баяндамақпыз. «Алла бір ауруды жаратса, шипасын қоса жаратады» деген Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадисі бар, демек әрбір аурудың да бір шипасы табылары анық. Халқымыз «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген.
|
Есте сақтаңыздар
Ыстық шөлді аймақта, кептірілген, қуырылған, шикі күйінде, болжам, дәнегі, тұжырым, ақуыздар, ем ретінде, хадис, дерттің шипасы.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
5. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Ортасында қазығы,
Бұтағында азығы. (Алма);
- Желілері жайылып,
Жол-жол болып жатады.
Күн нұрына бой ұрып,
Жердің нәрін татады,
Жасыл шатыр астында,
Кететіндей үзіліп,
Тұр көп маржан тасындай,
Мойыл моншақ тізіліп. (Жүзім);
- Қызыл күрең түрі бар,
Тебіндеген бүрі бар.
Піскен кезде қаулайды,
Алтыннан бір аумайды,
Бал татыған нәрі бар,
Онда емнің бәрі бар. (Шабдалы);
- Іші аумаған жүгері,
Түр-түсі алмадай,
Ойымның жоқ бүгері,
Жесең бал деп қалмағай. (Анар).
19-мәтін. Бидай
Бидай – біздің заманымызға дейінгі 6000 – 5000 жылдары Ежелгі Грекияда өсіріле бастаған. Мысыр мен Қытайда біздің заманымыздан 4000 жыл бұрын бидайдан тағамдар жасаған. Адамдар бидайды тек тағам ретінде ғана емес, сонымен қатар емдік қасиеттері үшін де ерте заманнан бағалаған. Бидайдың дәні байлық пен жақсылықтың нышаны ретінде қабылданған, өйткені ол кезде көбіне қолданылған сұлы мен қара бидайға қарағанда, суыққа және құрғақшылыққа төзімсіз бидайдан жақсы өнім алу қиын болған. Ақ ұн тек үлкен мерекелер кезінде ғана пайдаланылған, онда да оған әркімнің мүмкіндігі келе бермейтін.
Зерттеу жұмыстары барысында суда өнген бидайдың құндылығы бірнеше есе көбейетіні анықталған. Мәселен, өнген бидайда В2 дәрумені 10 есе көп болған. Осындай керемет қасиеттерінің арқасында өнген бидайды жеу адам ағзасы үшін аса пайдалы. Бидайдың дәніне қарағанда, қабығы мен ұрығында Е дәрумені, антиоксиданттар, В тобындағы дәрумендер өте көп болады.
Бидайдан ұн, ұнтақ жармасын, «тритикале» және «булгур» жармасын жасайды. Ұнтақ жармасы – өзімізге белгілі «манная крупа». «Тритикале» – будандастырылған бидай мен қарабидайдан жасалған жарма. Ұннан нан, макарон, кондитерлік тағамдар өндіріледі. Кебектің қайнатпасы теріні жұмсартады. Бидайдың масағы флористикада гүл шоғырлары мен композицияларын безендіру үшін қолданылады.
Биіктігі 40–130 см, тамыр жүйесі – шашақты, тарамданған. Сабағы қуыс, жұмыр, жапырағы таспа тәрізді, сағағы сабағын орай орналасқан. Гүл шоғыры – күрделі масақ, оның қынабында 2 масақша қабыршағынан тұратын масақтар орналасқан, ал олардың аралығында 3 - 5 гүлдері болады. Масақтың пішіні ұршық тәрізді, түсі ақ, қызғылт, кейде қара, ішінде қылтанағы болады. Тұқымы – ұзына бойына тартылған сызаты бар, беті жылтыр дән. Масақ қылтығына, түсі мен масақша қабыршағының түк басуына, қылтықтары мен дәндерінің түсіне, т.б. байланысты бидайдың түрлері түршелерге бөлінеді, ал әрбір түрше сорттардан тұрады. Қазақстанда негізінен жұмсақ және қатты бидай өсіріледі.
Есте сақтаңыздар
Бидайдың дәні, сұлы, құрғақшылыққа төзімсіз, қабығы мен ұрығында,ұнтақ жармасы, кебектің қайнатпасы, бидайдың масағы, шашақты, қуыс, жұмыр, жапырағы таспа тәрізді, сағағы, қызғылт, сызаты бар.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.
3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.
4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.
5. Тапқыр болсаң тауып көр:
- Қыр басында әрқилы,
Сары теңіз толқиды. (Егін);
- Жезге ұқсас сабағы,
Дәні – халық тамағы. (Бидай);
- Маржанын түзген,
Сатылып тізген. (Масақ);
- Аласа терек,
Күлтеленген жалына.
Ұнаса керек,
Моншақ таққан малына. (Тары);
- Табаны суды сүйеді,
Қабағы күнге күйеді. (Күріш);
- Түскенде салқын күз,
Жинадық алтын тіс. (Жүгері);
- Сырнайынан төгіп тұр,
Күнге сәлем беріп тұр (Күнбағыс).
2 Жасыл ел
Достарыңызбен бөлісу: |