өмірге алып келді. Орыстан үйренгеннен қазақ поэзиясы, Абай поэзиясы
ұтылған жоқ. Абай арқылы қазақ поэзиясы шырқау шыңына қол жеткізді.
Шығыстың, Батыстың әдеби ықпалынсыз Абай поэзиясы мұндай биікке
көтеріле алар ма еді? Барды бар деп бағалауға үйренетін болсақ, Абай саяси
факторлардан өнерді, поэзияны жоғары қойып, жан-тәнімен шын өнерге бой
ұсынды. Ол өнер Шында болса да, Абай одан сусындар еді. Ғалым
М.С.Сильченконың мына ойлары Абай поэзиясының өзегін дұрыс айқындай
біледі: «Учась искусству изображения внутренней жизни персонажа у русских
классиков или художестенно-конкретному показу внешней обстановки,
увлекаясь тонкой романтикой восточных классиков, философской
направленностью их творений, Абай шел самостоятельным путем
национального поэта-демократа.
Абай отбирал из созданного предшественниками лишь то, чего требовали
исторические условия казахской культуры и сама жизнь казахского народа»
[23. 291-292].
«
Абай Құнанбаев алғашқылардың бірі болып, ұлттық шеңберден де шығып,
әлемдік, адамзаттық деңгейге көтерілген алып тұлға» -
дейді
ғалым
Н.Кенжеғараев.
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-
шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі
бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов
Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге
берген нәрі деп екі салаға жіктейді [30, 19-б.].
Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша.
Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып
өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта,
Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды
әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға
болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған:
«Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындығы да
сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі
туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен
(атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат,
Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың
бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре
отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық,
жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын
үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды.
Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік
биігіне шығуын дәлелдейді» [31].
Профессор М.Мырзахметұлы 1994 жылғы «Абайтану тарихы» атты
еңбегінде абайтануға қатысты деректердің төрт мыңға таяп қалғандығы туралы
мәлімет береді [32].
10
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай атамыздың мұрасы халқымыздың
ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге дейін өз маңызын
жоймайтын зерттеудің көзі болып табылып, үнемі ғалым-педагогтардың да
назарында жүр. Олардың ішінен Т.Тәжібаев, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев,
К.Шәймерденова, Б.Ұзақбаева, С.Ғаббасов, К.Құнантаева, Л.Халитова,
А.Елемесовалардың еңбектерін ерекше атауға болады. Осы аталған
ғалымдардың арасынан Абайдың педагогикалық, психологиялық көзқарасын
тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берген зерттеушілердің бірі -
профессор Т. Тәжібаев. Ол Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі
жайлы тұжырымдарына талдау жасай отырып, ұлы ақынның ағартушылық
тұрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жасап, диссертациялар
қорғады.
Сондай-ақ, ақынның еңбектерін педагогика, философия, психология,
әдебиет, тарих тұрғысынан зерттегендер: С.Қирабаев, Х.Сүйіншәлиев,
Г.Есімов, З.Ахметов, Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Ш.Әлжанұлы, А.Көбесов,
А.Дайрабаева, Т.Төретаева т.б. Бұл ғалымдар Абай шығармалары тәлім-
тәрбиелік ой-пікірлерге бай екенін көрсете отырып, ақынның мұрасында
дидактика мәселелері де орын алғаны туралы айтып отыр.
Абайдың дүниетанымы зерттеушілер назарын аударып қана қоймай, әрбір
оқырманның рухани қазынасына айналды.
Зерттеуші Ж.Қ. Байділлаева: «Абайдың педагогикалық көзқарасы
мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да, М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев,
X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы
біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы
ғылыми- теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен
шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен
оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық
салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады»,- деп көрсетеді
[33].
Абайды бірден түсініп кету оңай емес. Ол туралы абайтанушы-ғалым
Ғарифолла Есім: «Абай шығармаларын бір рет қана оқып қоймақ түгілі, тіптен
оның шығармаларын жаттап алу да аз, мәселе, оны түсінуде. Абай адам санасы
кемелденіп, толысқан сайын түсінікті бола бастайды. Әр ұрпақ Абайдан өз
түсінігін табады...» - деп пайымдайды [34].
Абай ілімі адам баласының ең жоғарғы мақсатын көрсетеді, ол мақсатқа
жету жолын ашады және ол мақсатқа қалай жету керек екенін, яғни болмыс
туралы білім береді. Ойшыл ілімі бүкіл болмыс негіздерін түгел қамтиды,
сондықтан ол толық білім болып табылады.
Абай өзінің өлең-жырларында ел ішіндегі ұрлық, зорлықты, алтыбақан
алауыздықты, күштілікті, жатып ішер жалқаулықты өлтіре сынап, жастарды
адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікке, өнер-білімге шақырады.
Шығыс пен Батыс классиктерінің ағартушылық ой-пікірлерінен мол нәр алған
ұлы ақын бала тәрбиесі мәселелеріне де кеңінен тоқталып, өзінің өлеңдері мен
қара сөздерінде педагогикалық көзқарасын білдіреді. Адам мінезіндегі орынсыз
11