Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті
Азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасы
А.Х. Тажибаева
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫ
Оқу - әдістемелік құрал
Қостанай, 2013
ББК 67.405.1 (5 Қаз)
Т 13
Рецензенттер:
Каймульдинов Ерлан Ертаевич, ҚР ІІМ Заң академиясының заң ғылымының кандидаты, профессор;
Хакимова Гульнара Еркеновна, А. Байтурсынов атындағы ҚМУ азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының кандидаты;
Турлубеков Батырхан Салимович, қылмыстық құқық және іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының кандидаты, профессор.
Автор:
Тажибаева Айжан Халилуллақызы, азаматтық құқық және іс жүргізу кафедрасының аға оқытушысы
Т 13 Тажибаева А.Х.
Қазақстан Республикасының еңбек құқығы. 5В030100 – Құқықтану мамандығы бойынша оқу - әдістемелік құралы. – Қостанай, 2013. – 128 б.
Бұл оқу - әдістемелік құралында Қазақстан Республикасының еңбек құқығының өзекті мәселелері қарастырылған, яғни жалпы теориялық сұрақтар, нақты тәжірибелік тапсырмалар және сол тапсырмаларды шешу жөнінде әдістемелік нұсқамалар, сонымен қатар өзін-өзі тексеру үшін тесттік тапсырамалар берілген. Аталған құрал еңбек қызметі шеңберіндегі қатынастарды реттейтін құқық нормаларын тиянақты меңгеру үшін қосалқы материал ретінде қолданыла алады.
Оқу- әдістемелік құрал А.Байтурсынов атындағы ҚМУ «Юриспруденция» мамандығы бойынша күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінде білім алатын студенттеріне арналған.
ББК 67.405.1 (5 Қаз)
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Оқу-әдістемелік кеңесімен «___»________2013 жылы № ___ хаттамасымен бекітілген.
© Тажибаева А.Х., 2013
Мазмұны
Кіріспе………………………………………………………….....……...………..….5
1 Еңбек құқығының түсінігі және пәні, әдісі..………………………......................6
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама..……………............…6
1.1 Еңбекті қоғамдық ұйымдастыру ұғымы………………..………......…...6
1.2 Еңбек құқығының пәні………...………………………………….....…....7
1.3 Еңбек құқығының әдісі…………………………………..……………...10
1.4 Еңбек құқығының жүйесі……………………………………………….12
1.5 Еңбек құқығының қайнар көздері...................................……………….13
Бақылау сұрақтары…………………………………………......……………16
2 Қазақстан Республикасының еңбек құқығының қағидалары............................18
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама …………………...…18
2.1 Еңбек құқығының принциптерінің ұғымы мен рөлі..............................18
2.2 Еңбек құқығы қағидаларының саралануы: салааралық және салалық.19
Бақылау сұрақтары ………………………………………………...………..21
3 Еңбек құқығының субъектілері………………………………………….............22
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама …………………..….22
3.1 Еңбек құқығы субъектілерінің ұғымы…………………………….........22
3.2 Еңбек құқығы субъектілерінің түрлері…...……………………………23
Бақылау сұрақтары …………………………………………....…………….38
4 Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шарт………………………….................…..39
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама ……………………...39
4.1 Әлеуметтік әріптестік ұғымы, жүйесі, міндеттері мен принциптері...39
4.2 Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және келісім жасау тәртібі.….42
4.3 Ұжымдық шарт ұғымы және оның еңбек қатынастарын реттеуде рөлі.............................................................................................................................42
4.4 Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрамы…………………….............43
4.5 Ұжымдық шарттың орындалуы мен тараптардың жауапкершілігі….44
Бақылау сұрақтары …………………………………………....……………45
5 Еңбек шарты…………………………………………………………….......…...46
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама ………………....….46
5.1 Еңбек шартының ұғымы, тараптары......................................................46
5.2 Еңбек шартының мерзімі, мазмұны.......................................................47
5.3 Еңбек шартын жасасу тәртібі..................................................................48
5.4 Еңбек кітапшасы.......................................................................................48
5.5 Сынақ мерзімі...........................................................................................51
5.6 Еңбек шартын тоқтату және бұзу тәртібі……………….......................52
Бақылау сұрақтары ………………………………………………………....68
6 Жұмыс уақыты мен тынығу уақыты ……………………………………….…..69
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама ………………….….69
6.1 Жұмыс уақытының түсінігі мен түрлері………………………….…....61
6.2 Жұмыс уақытының режимі……………………………………………..70
6.3 Тынығу уақытының түсінігі мен түрлері……………………………....72
Бақылау сұрақтары …………………………………………………….…....73
7 Жалақы. Қызметкерлерге кепілдіктер беру мен өтемақылар төлеу……….....74
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама……………………....74
7.1 Жалақы түсінігі мен түрлері……………………………………………74
7.2 Жалақы төлеу жүйесі…………………………………………………....75
7.3 Қалыпты еңбек жағдайдан ауытқыған жағдайда еңбекке ақы төлеу...76
7.4 Кепілдіктер беру мен өтемақылар түсінігі мен түрлері.........................76
Бақылау сұрақтары ……………………………………………………….....77
8 Еңбек тәртбі. Материалдық жауаптылық……………………............................78
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама …………………..…78
8.1 Еңбек тәртібінің түсінігі. Ішкі еңбек тәртібі..........................................78
8.2 Еңбектегі табыстар үшін көтермелеу.……………….............................79
8.3 Қызметкерлердің тәртіптік жауаптылықтары..………………………..79
8.4 Материалдық жауаптылық ұғымы және оған тартудың шарттары.....80
Бақылау сұрақтары ……………….………………………………………....85
9 Еңбекті қорғау…………………………………………...…………………..…....86
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама.....…….………….….86
9.1 Еңбекті қорғауды ұйымдастыру түсінігі мен принциптері…………...86
9.2 Еңбекті қорғауды мемлекеттік басқару.........…………………………..90
9.3 Еңбекті қорғауды қамтамасыз ету…………………………………...…96
9.4 Қызметкердің еңбекті қорғау құқықтарының кепілдіктері………...…98
9.5 Еңбекті қорғау туралы заң талаптарын бұзғаны үшін көзделетін жауаптылық………………………………………………………………………..102
9.6 Жазатайым оқиғаларды тексеру мен есебі............................................104
Бақылау сұрақтары …………………………………………………….......107
10 Еңбек даулары…………………………………………………………….…....108
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама ………………….....108
10.1 Еңбек дауларының түсінігі мен түрлері………………………..........108
10.2 Жеке еңбек даулары және оны шешу жолдары......….................…...110
10.3 Ұжымдық еңбек дауларын шешу мәселелері………….....................112
Бақылау сұрақтары ………………………………………….……….....….114
11 Халықаралық еңбек құқығы...............................................…………………..115
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама..................................115
11.1 Халықаралық еңбек құқығының тарихы……………………....…….115
11.2 Халықаралық еңбек құқығының қайнар көзі…………………….….115
Бақылау сұрақтары ………………………………….………....………..…115
Тәжірибелік тапсырмалар……………………………………………...………....116
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі…………………………………….....……….128
Кіріспе
Қазақстан Республикасының еңбек құқығы – мемлекеттік жалпыға міндетті стандартта қарастырылған «Юриспруденция» мамандықтары бойынша жоғары заң білімін алатын оқу орындары мен факультеттердің студенттеріне арналған ең негізгі құқық салаларының бірі.
«Қазақстан Республикасының еңбек құқығы» курсын меңгерудің негізгі мақсаты - ол қоғамда еңбектік құқықтық қатынастарды реттейтін құқық нормаларының маңызын, еңбек құқығы теориясын, ҚР еңбек кодексі мен еңбек құқығы нормаларын қолдану тәжірибесін студенттермен игеру болып табылады.
Осы курсты меңгеру міндеті — ол студенттерді, осы саланың концептуалды мәселелерімен және қажетті құқық бастамаларымен таныстыру, сондай-ақ, халықаралық еңбек стандартына негізделген заң актілерін, халықаралық шарттарын және конвенцияларды игеру болып табылады.
«Қазақстан Республикасының еңбек құқығы» курсын оқу барысында студент Қазақстан Республикасының еңбек кодексінің нормалар жүйесін, оның қағидаларын, міндеттері мен құрылымы жөнінде хабардар болуы; Қазақстандағы құқықтық қатынастардың тарихи және диалектикалық даму үрдісін, сондай-ақ оларды болашақта жетілдіру жағдайларын білуі; еңбек шартын жекелеген санаттардағы қызметкерлермен жасау ерекшеліктерін білуі; жұмыс уақыты мен тынығу уақытының, жалақының түрлері мен жүйесін белгілеу тәртіптерін білу; еңбек заңдарын бұзған лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге заңды жауапкершіліктердің түрлерін қолдана білуі; болашақ қызмет аясында еңбек құқығы теориясынан алған білімді және еңбек заңдарының нормаларын қолдана білуі; еңбек құқығын еңбекті қолдану аясында тараптардың әлеуметтік әріптестік келісіміне жетуіне ықпал ететін заң құралы ретінде жариялау іс-әрекеттерін жүргізу, еңбекке орналастыру, қабылдау және еңбек шартын бұзу, сондай-ақ еңбектік құқықтық қатынасты жүзеге асыру барысында еңбек құқығын қолдану аясында сауатты кеңес беруі тиіс.
Бұл оқу - әдістемелік құралында Қазақстан Республикасының еңбек құқығының өзекті мәселелері қарастырылған, яғни жалпы теориялық сұрақтар, нақты тәжірибелік тапсырмалар және сол тапсырмаларды шешу жөнінде әдістемелік нұсқамалар, сонымен қатар өзін-өзі тексеру үшін тесттік тапсырамалар, практикалық есептер берілген. Аталған құрал еңбек қызметі шеңберіндегі қатынастарды реттейтін құқық нормаларын тиянақты меңгеру үшін қосалқы материал ретінде қолданыла алады.
Тәжірибелік сабақтарға арқау болатын әрбір тақырып бойынша мақсатты түрде ұсынуды қажет ететін шамамен алынған оның жоспары берілген. Практикумдағы есептер мазмұнында берілген даулы мәселенің дұрыс жауабын табу үшін қажетті барлық деректер осы есептердің шартына енгізілген.
Тақырып 1. Еңбек құқығының түсінігі және пәні, әдісі
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама
Қазақстан Республикасының еңбек құқығы пәнін оқу үшін ең алдымен бұл пәннің атауын және еңбекпен байланысты құқық салаларының атауларын меңгеріп алуымыз қажет. Соныдықтан да, ең алдымен «еңбек» дегеніміз не және оның қоғамдағы рөлін анықтап алуымыз қажет. ҚР Еңбек кодексінің 1 бабында еңбек ұғымына мынадай анықтама берілген: «Еңбек – материалдық және рухани игіліктерді жасауға бағытталған адамның мақсатты қызметі».
Еңбек құқығының пәні болып еңбекті қоғамдық ұйымдастырудағы қызметкерлердің еңбектерін ұйымдастыру бойынша қоағмдық қатынастарының жалпы кешені танылады. Пәнді меңгеру барысында еңбек қатыастарының ұғымын, қоғамдағы өндірістік қатынастармен байланысын, оның аралас азаматтық қатынастардың пәнінен еңбек қатынастарының пәнінің айырмашылығын білу қажет.
Еңбек құқығының әдісін еңбекті құқықтық реттеудегі тәсілдер кешені ретінде игеру барысында, оның құқық нормасы арқылы көрінетінін және өзінің ерекшеліктері бар екенін түсіну қажет. Осыдан келе, әдістің қандай тәсілдерден тұратынын анықтау қажет.
Еңбек құқығының пәнін, әдісін меңгере келе, енді оның жүйесіне көңіл бөлуіміз керек. Еңбек құқығының жүйесі дегеніміз құқықтың сол саласының құрылымы мен мазмұнының бүтіндігін, ажырамас бірлігін құрайтын құқықтық нормалар жиынтығы.
Тақырыпты толық меңгеру үшін Қазақстан Республикасының конституциясын және ҚР еңбек кодексін қараңыз.
1.1 Еңбекті қоғамдық ұйымдастыру ұғымы
Еңбек адамдардың өмір сүруінің маңызды шарты, олардың материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру. Аса айтулы жаңалықтар ашулардан бастап күнделікті өмірдегі ең қарапайым заттарға дейін адам жасаған игіліктердің бәрі оның мақсат-мүдделі, саналы еңбек қызметінің нәтижесі болып табылады. Кең мағынада алғанда адамдардың еңбек қызметі қоғам өмірінің табиғи қажеттілігі, оның материалдық негізін қалыптастыру ретінде көрінеді.
Еңбек – материалдық және рухани игіліктерді жасауға бағытталған адамның мақсатты қызметі.
Адамдардың бірлескен еңбек процесіндегі олардың еңбегін пайдалану жөніндегі адамдар арасында қалыптасқан барлық қатынастардың жиынтығы еңбекті қоғамдық ұйымдастыру (қоғамның немесе жеке ұйымның ауқымында) ұғымы туралы түсінік береді.
Еңбекті қоғамдық ұйымдастыру элементтері қатарына мыналар жатады: қоғамның еңбек ресурстарының болуы мен олардың жай-күйі, еңбекті бөлу мен кооперациялау, еңбек тәртібін қамтамасыз ету және бірлескен еңбек процесін басқару, еңбек шараларын және өндірістің басқа да жағдайларын белгілеу, өндірілген өнімді бөлу тәртібі мен осы процеске өндірушілердің өздерінің қатысу деңгейі, жұмыс күшін ұдайы ұлғайту (кәсіби даярлық).
Нарықтық экономиканың Қазақстан Республикасында қалыптасуының қазіргі кезеңінде еңбекті қоғамдық ұйымдастыруды реттеу мәселесінде еңбек құқығының ролі артуда. Құқықтық реттеу өндірісті ұйымдастыруға, еңбек өнімдерін таратып бөлуге және айырбастауға, бірлескен еңбек процесінде қызметкерлердің келісімді жұмысын қамтамасыз етуге, жекелеген адамдардың іс-әрекетін өндірістің жалпы тәртібіне бағындыруға байланысты көптеген мәселелерді қамтиды. Сонымен, еңбек құқығы өндіріс процесінде адамдар арасында қалыптасатын қатынасты сол қатынасқа қатысушылардың құқықтары мен заңдық міндеттерін белгілеу арқылы реттейді, оған тиянақты нысан, тұрақты сипат береді.
1.2 Еңбек құқығының пәні
Еңбек құқығының пәнін ашу үшін ең алдымен құқықтың осы саласының нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар шеңберін анықтау қажет. Еңбек, адамдардың материалдық және рухани игіліктерді өндірудегі мақсатты қызметі ретінде тектік түсінікті білдіреді. Адамның кез-келген қызметінің негізінде еңбек бар. Кең мағынада алғанда ол - адамның өзінің еңбек ету қабілетін жүзеге асыруы. Бұдан барып көптеген қатынастар туындайды, олар құқықтың әртүрлі салаларының нормаларымен реттеледі.
Еңбек құқығының пәніне қоғамдық қатынастардың еңбектің қолданылуымен, өзінің мәндік белгілерімен және құқықтық реттеудің жалпы шегімен өзгешеленіп келетін қатаң белгілі бір тобы жатады. Жалпы қоғамдық қатынастардың бұл тобы еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың элементтеріне негізделген. Нарықтық экономика жағдайында еңбек қатынастары қандай меншікте (мемлекеттік немесе жеке) және шаруашылық жүргізудің қандай ұйымдық-құқықтық нысанында туындағанына байланысты өзіне тән ерекшелік алады.
Еңбек ұйымдастырудың қоғамдық нысаны еңбек құқығы пәнінің мәндік сипаттамасы болып табылады. Әңгіме бұл жерде адамдардың еңбегін біріктіріп қолдану кезінде олардың арасында туындайтын қоғамдық байланыстарды құқықтық реттеу жайында болып отыр. Бұл жағдайда еңбектің технологиялық процесі еңбек құқығының нормалары тарапынан регламентацияны қажет етпейді. Бұған мысал келтірейік. Жазушының немесе суретшінің еңбекті ұйымдастырудың қоғамдық нысанынан тысқары жасалған шығармашылық жұмысы құқықтық реттеуге алынбайды және еңбек құқығының пәніне жатпайды (мұндай еңбекті пайдаланудың нәтижелеріне байланысты құқық нормаларымен реттелетін қатынастар туындап қалуы мүмкін болса ол). Ал, жазушының немесе суретшінің еңбекті ұйымдастырудың қоғамдық нысаны шеңберінде және қызметтік тапсырма тәртібінде жасаған сондай шығармашылық жұмысы басқа сипатқа ие болады. Мұндай еңбекті ұйымдастыруға байланысты ұжымда қалыптасатын қатынастар енді еңбек құқығының пәніне айналады.
Еңбек қатынастарын еңбек құқығының пәні ретінде сипаттау үшін еңбек процесінің өзін және оны қолдану жағдайын регламентациялау қажет. Еңбек міндеттемені орындаудың (мысалы, кейбір тапсырмаларды, мердігерлік жұмыстарды, қызметтерді, т.б. орындау) тәсілі ғана болып қалады. Мұндай тапсырмаларды, жұмыстарды, қызметтерді орындағаннан кейін қатынастар тоқталады. Бұл жағдайларда еңбекті және оның ақтық нәтижелерін қолдануға байланысты туындаған қатынастар еңбек кұқығы пәнінің аясынан тысқары жатады.
Еңбек құқығының пәніне еңбек процесінің өзінің қоғамдық нысанында міндеттеме пәніне айналатын қоғамдық қатынастар жатады. Бұл жерде еңбекті қолдану, оның жағдайы және ұйымдастырылуы құқықтық реттеудің негізгі мазмұны болады.
Еңбек қатынастарын және еңбекті қолдануға байланысты басқа да аралас қатынастарды ажыратып шектеу мынадай негізгі белгілер бойынша жүргізіледі:
а) қызметкерді ұйымның еңбек ұжымына кіргізу. Еңбектік құқық қатынасында қызметкерді жұмысқа алу ұйымның штатына (тізімдік құрамына) енгізіп, оны тұрақты, уақытша және маусымдық жұмысқа бұйрықпен (немесе атқарушы органның басқа шешімімен) ресімдеу арқылы жүзеге асырылады. Еңбекті қолданумен байланысты басқа қатынастарда жұмыс атқарушы штатқа алынбайды. Бұл жағдайда жұмыс беруші еңбек процесіне емес, тек еңбек нәтижесіне (зат дайындау, қызмет көрсету, т.б.) ғана мүдделі;
б) қызметкердің ұйымның ұжымы (құрылымдық бөлімшесі) ішіндегі өзіне бекітіліп берілген еңбек функциясын орындауы; Бұл функция оған тұрақты жүктелген, ол ақтық нәтижемен аяқталмайды. Басқаша айтқанда, еңбек қатынастары - ұзақ уақыттық қатынастар. Еңбекті қолданумен байланысты басқа қатынастарды алатын болсақ, бұл жағдайда еңбекті атқарушыда жеке нақты тапсырма болады, оны орындаған соң міндеттеме жойылады;
в) қызметкердің өз еңбегімен ұйым ұжымының өндірістік қызметіне қатысуы. Еңбек қатынасы қызметкердің өз еңбегімен еңбек ұжымының бірлескен қызметіне қатысуын көздейді;
г) жұмыстың (жұмыс режимінің) белгілі бір ішкі тәртібі жағдайында жұмыс орындау. Ішкі еңбек тәртібінің ережелері ұйым ұжымы мүшелерінің бірлескен қызметінің жағдайымен тәртібін белгілейді. Ішкі тәртіпке тән элементтердің біреуі - қызметкердің өз еңбек функциясын атқару кезінде жұмыс берушінің өкіміне бағыну. Бұл элемент еңбекті қолданумен байланысты басқа қоғамдық қатынастарда, мысалы, азаматтық-құқықтық типтегі (мердігерлік жұмысты орындау, қызмет көрсету, т.б.) қатынастарда жоқ. Бұл жерде атқарушы жұмыс берушінің ішкі еңбек режиміне бағынбайды, олар бірімен бірі тек ақырғы өнімді уақытылы және сапалы өндіру міндеттемесі арқылы ғана байланысты.
Бұл келтірілген мәндік белгілер еңбек қатынастарының сапалық ерекшеліктерін сипаттайды, сондықтан да мұндай қатынастар еңбек құқығының пәніне айналады. Әсіресе, бұл мәселенің практикалық маңыздылығын ерекше атап өткен жөн. Еңбекті қолдануға, оның жағдайы мен ұйымдастырылуына қатысты дау туындаған ретте, алдымен еңбек қатынасының мәндік белгілерінің талдамасы қажет, себебі сол арқылы ғана бұл дау еңбек құқығының пәніне жатама, әлде ол құқықтың басқа салаларының нормалары бойынша қаралуға тиіс пе деген сұраққа жауап аламыз. Осыған байланысты тиісті құқықтық салдар туындайды.
Құқықтық қатынастар азаматтық-құқықтық типтегі белгілі бір жұмысты орындаумен немесе қызмет көрсетумен (мысалы тапсырма, мердігерлік, т.б.) байланысты кейбір қатынастарға жақынырақ келеді. Бұл жағдайда тараптар арасындағы қатынас шартқа негізделген. Міндеттеме орындалған жағдайдағы қайтарымдылық элементі де олар үшін ортақ болып табылады. Сонымен қатар, құқықтық қатынастардың азаматтық-құқықтық типтегі қатынастардан айырмашылығы елеулі.
Азаматтық құқықтың пәніне тауар айналымы саласындағы мүліктік қатынас жатады, ол құндық нысанда беріледі. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес (1-бап) азаматтық заңнама тауар-ақша қатынастарын және қатысушылардың теңдігіне негізделген басқа да мүліктік, сондай-ақ мүліктікпен байланысты жеке мүліктік емес қатынастарды реттейді. Ал, еңбек қатынастарын алатын болсақ, бұл жерде құқықтық регламентацияның объектісі ретінде мүліктік міндеттемелер емес, адамның еңбекке қабілеті алынады. Аталып өткендей, еңбек қатынастарының ерекшелігі - еңбекке қабілеттілікті адамның жеке басынан бөлек қарастыруға болмайтындығында және ол әр адамның өзіне ғана тән. Еңбек қатынастарының мазмұны дегеніміз адамның еңбекке қабілетін белгілі бір ұжым (ұйым) ішінде өндіріс құралдарымен тікелей біріктіре отырып оны ішкі еңбек тәртібіне бағындыру. Мұның бәрі еңбек құқығы пәнінің өзіндік ерекшелігін сипаттайды және тиісінше азаматтық құқықта жоқ бір қатар құқықтық институттар мен нормаларды тудырады (жұмыс уақыты мен демалыс уақытын, еңбек тәртібін, еңбекті қорғауды, т.б. құқықтық реттеу). Сондықтан да, еңбек құқықтары мен еңбекті қолданумен байланысты азаматтық-құкықтық типтегі қатынастарды жіктеу олардың мазмұнына қарай жүргізіледі. Егер еңбек процесінің (тікелей еңбектің) өзі еңбек құқығының пәні болса, онда азаматтық құқықта мүліктік қатынастардың объектісі затқа айналған еңбек болады. Ал, еңбек қатынастары мен азаматтық-құқықтық типтегі қатынастарды ажырату жөнінде дау туындаса заңнама еңбек құқығының нормаларына артықшылық береді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес (1-бап) азаматтық-құқықтық қатынастарға ұқсас еңбек қатынастарына азаматтық заңнама қолданылады, егер бұл қатынастарды еңбек заңнамасы реттей алмаса.
Басқару қызметкерлерінің еңбегін ұйымдастыру, мемлекеттік қызметкерлер мен ұйым әкімшілігінің құқық субъектісі болуы жағын қарастырғанда еңбек құқығы, сонымен қатар, әкімшілік құқығымен де ұқсастық және бөлекше сипат алады. Мемлекеттік қызмет дегеніміз - өзінің әлеуметтік мақсаты және мазмұны бойынша алғанда күрделі болып келетін кәсіби қызмет түрі, онда еңбек және әкімшілік құқықтарының нормаларын бір уақытта қолдануға болады.
Ұйым деңгейінде алсақ, басқаруды өндірісті ұйымдастырудың қажетті факторы деп қарастыру керек. Басқару адамдардың ұжымдасқан, бірлескен қызметі бар жерде ғана болады. Ұйымның әкімшілігі мен қызметкерлер арасындағы өзара қатынас басқару элементтеріне негізделеді. Өндірістік мақсатты орындау үшін барлық ұжымның күшін үйлестіріп біріктіруде әкімшілік ішкі басқару органының рөлін атқарады, сондықта да оның қызметкерлер алдында билікке өкілеттігі бар, ол өндірісті және қызметкерлердің еңбегін ұйымдастырады, қызметкерлердің өз еңбектік міндетін орындамағаны немесе дұрыс орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдануына құқығы бар. Басқаша айтқанда, басқару дегеніміз өндірістің ажырамас элементі.
Еңбек құқығы мен әкімшілік құқығын өзара ажырату жағына келсек, ол қоғамдық қатынастардың тиісті топтарын құқықтық реттеудің пәні мен әдісін талдау негізінде жүргізіледі. Егер еңбек құқығы қызметкердің өндіріс процесіне қатысушы ретінде еңбек қатынастарын реттесе, әкімшілік құқық тиісті лауазымды адамдардың өз пәні, яғни құзыры тұрғысынан (қызметкерді қабылдауға және жұмыстан шығаруға, тәртіптік жаза беруге, т.б.) өндіріс және еңбек процесін ұйымдастыру мәселесімен байланысады. Әкімшілік құқық мемлекеттік органдардың атқарушы-билікшіл кызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды, басқарушылық қатынастарды реттеумен байланысады.
1.3 Еңбек құқығының әдісі
Құқықтық реттеудің пәнінен басқа құқықтың әрбір саласы өзінің әдісімен де сипатталады. Егер пән құқықтың қандай саласының, қоғамдық қатынастың қай тобын реттейтіндігі туралы түсінік берсе, әдіс осы реттеу қандай заң тәсілімен қамтамасыз етілетіндігін анықтайды.
Еңбек құқығының әдісі, сонымен қатар, реттеу пәнінің ерекшеліктеріне, еңбек қатынастары субъектілерінің құқықтық жағдайына, тараптардың міндеттемелерін қамтамасыз ету тетігіне байланысты. Әдіс еңбек қатынастарына ықпал етудің заңдық тәсілдерінің жиынтығы ретінде қозғалысты, өзгермелі категория болып табылады, ол көптеген факторларға, бәрінен бұрын қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық және нақты-тарихи жағдайларына байланысты. Мысалы, Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек жағдайын құқықтық реттеудің қатаң әдісін қолдану қажет болды (атап айтқанда жалпыға бірдей еңбекке жұмылдыру шарасын енгізу, жұмыстан өз бетімен кетіп қалғандық үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу, т.б.). Керісінше, қазіргі нарықтық қатынастарға көшу жағдайында еңбек қатынастарын реттеудің басқа тәсілдерін қолдану қажет (кәсіпкерлік қызметке бостандық, шаруашылық жүргізудің жаңа ұйымдық-құқықтық нысандары, әлеуметтік серіктестік жүйесі, еңбектің шарттық жағдайын белгілеу, т.б.).
Еңбек құқығы әдісінің салалық ерекшеліктерін оған тән мына белгілердің талдамасы ашады: а) еңбектегі құқықтық қатынастардың туындау, өзгеру және тоқтау тәртібі; б) еңбек құқығы субъектілерінің құқықтық жағдайы; в) еңбектегі құқықтық қатынастар тараптарының құқықтары мен міндеттерін белгілеудің сипаты; г) тараптардың міндеттерін қамтамасыз етудің заңдық құралдары.
Еңбек құқығы әдісінің бірінші ерекшелігінің негізіне еңбектегі құқықтық қатынастарды жасаудың, өзгертудің және тоқтатудың шарттық тәртібі алынған. Бұл ерекше заңдық нысандар, олардың көмегімен, біріншіден, жеке ұйымның да және жалпы қоғамның да шеңберінде жұмысшы күшін іріктеу, бөлу және қайта бөлу, экономика салаларының жұмыс күшіне мұқтаждығын қанағаттандыру мәселесін шешуді, екіншіден - азаматтардың еңбек ету бостандығы, қызмет түрі мен кәсіпті еркін тандау жөніндегі конституциялық құқықтарын жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.
Еңбек құқығының әдісін сипаттайтын екінші элемент - еңбектегі құқықтық қатынас субъектілерінің жалпы құқықтық мәртебесі. Әңгіме - еңбектегі құқықтық қатынас тараптарының өндіріс процесіндегі бір-біріне тәуелділік сипаты мен деңгейі, сондай-ақ еңбек құқығының басқа субъектілерінің (мысалы, кәсіподақ ұйымының) еңбектегі құқықтық қатынас тараптарының құқықтық жағдайын белгілеуге қатысуы жайында.
Еңбек құқығының әдісі үшін заңдық конструкцияның болуы шарт, еңбектегі құқықтық қатынас орнағанда тараптардың теңдігі үйлесім табалы, бірақ кейін, өндірістік қызмет процесінде бір жағы (қызметкер) екінші жаққа (жалдаушыға) бағынады. Бұл дегеніміз еңбектегі құқықтық қатынас орнаған кезде тараптар тең құқылы, біріне бірі тәуелсіз субъектілер болады.
Еңбек құқығы әдісінің үшінші элементі - еңбектегі құқықтық қатынастардағы тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтау сипаты. Әңгіме бұл жерде меншік түрін және шаруашылық жасаудың ұйымдық-құқықтық нысандарын, сондай-ақ еңбек ұжымы мен кәсіподақ ұйымының еңбек жағдайын ұйымдастыруға қатысуын ескере отырып еңбек туралы құқықтық нормаларды қабылдау және еңбектегі құқықтық қатынастардың мазмұнын анықтау тәртібі жайында болып отыр.
Еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, нормалау, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі жағдайлары, кәсіптерді (лауазымдарды) қоса атқару, қызмет көрсету аймағын ұлғайту, уақытша жұмыста болмаған қызметкердің міндеттерін атқару, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тәртібі, техникалық, өндірістік-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ тараптардың келісуі бойынша өзге де еңбек жағдайлары (ҚР ЕК 1 бабы);
Еңбек құқығы әдісінің салалық ерекшеліктерінің сипаттамасын төртінші - еңбектегі құқықтық қатынастардың тараптарының тиісті іс-әрекетін қамтамасыз етудің заңдық құралдары аяқтайды. Бәрінен бұрын бүл - еңбектің өнімділігі мен сапасын арттыруға, қызметкердің өз еңбек міндетін дұрыс атқаруына материалдық ынта тудыру. Еңбекті басқарудың экономикалық әдістерінің ролі артады. Еңбектің нәтижесіне қызметкердің мүдделі болуын тудыру үшін әртүрлі тәсілдер қолданылады (ұйымның табысын бөлуге қатыстыру, жеңілдіктер белгілеу, еңбек ақы мөлшерін қызметкердің жеке қосқан үлесіне қарай анықтау, т.б.).
Сонымен, еңбек құқығының әдісі дегеніміз еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің амалдары мен тәсілдерінің жиынтығы, оған мыналар кіреді: еңбектегі құқықтық қатынастар орнатудың шарттық тәртібі; өндіріс процесінде қызметкердің жұмыс берушіге бағыныштылығын тараптар теңдігімен үйлестіру; еңбекті ұйымдастырудың ерекше режимі; еңбекті ұйымдастыруды және оны қолдану жағдайын орталықтан нормалауды жергілікті реттеумен үйлестіру; еңбек жағдайын белгілеуге еңбек ұжымдары мен кәсіподақтардың қатысуы; еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің біртұтастығы және жіктелуі; еңбек құқықтарының бұйрықтық, ерік берілген және ұсыныс ретіндегі нормаларының күшінде болуының ерекше тетіктері; еңбектегі құқықтық қатынастар тараптарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың, сондай-ақ санкция қолданудың арнайы іс жүргізу нысандары.
Достарыңызбен бөлісу: |