90. Диурездің сандық және сапалық бұзылуы.
Зәр шығару жүйесі және зәр шығару аурулары
Зәр шығаратын жүйеге бүйрек, несепағар, қуық және үрпі жолының өзегі кіреді.
Бүйрек организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын, зат алмасуының соңғы өнімдері мен экзогендік және эндогендік уыттарды сыртқа шығаруды, қанның осмостық қысымын, тұздарының арақатынасын, сілті-қышқылдық ахуалының бірқалыптығын қамтамасыз етеді.
Бүйректің құрылым-әрекеттік бірлігі – нефрон. Ол капилярлық шумақ пен қабықтан түзілген бүйрек денешіктерінен және нефрон өзекшелерінен құрылған.
Капиллярлық шумақтарда қанның плазмасы (сарысуы) сүзілген өтіп (фильтрация), алғашқы несеп түзіледі, ал өзекшелерде алғашқы несептегі заттар қайта сорылады (реабсорбция).
Алғашқы несептің қрамы қан сарысуының құрамы тәрізді, ал өзекшелердегі реабсорбциядан кейін, оның құрамындағы судың 98%-ы және организмге қажетті шегі қадағалаулызаттар: амин қышқылдары, глюкоза, иондар қанға кері сорылады. Сөйтіп, реабсорбцияның нәтижесінде екінші реттік несеп қалыптасады.
Бүйрек экскреция және секреция қызметтерінде атқарады.
Экскреция – қандағы заттарды (мысалы, дәрі-дәрмектерді) өзекшелерге шығаратын үдеріс.
Секреция бүйрек өзекшелерінің эпителиінде жүзеге асады. Эпителий артериялық қысымды реттейтін ренин гормонын және басқа да секреттерді түзеді.
Бүйректің фильтрациялық үдерісі де, өзекшелерінің реабсорбциялық, экскрециялық және секрециялық әрекеті де бұзылуы мүмкін.
Фильтрациялық әрекеттің бұзылуы
Бүйректе фильтрация бұзылса – оның қарқыны артады немесе төмендейді.
Фильтрацияның қарқыны артериялық қысым сынап бағаны бойынша 80 мм-ге дейін немесе одан да төмен түскенде (қан айналым жеткіліксіздігінен), қанның көлемі азайғанда, артериолалар спазмға ұшырағанда және аурудың әсерінен әрекеттегі шумақтардың саны азайғанда төмендейді. Шумлянский қабығында қысым жоғары болса, өзекшелердің саңылауы өлексемен бітелсе, зәрдің несеп жолдары арқылы шығарылуына кедергі туындайды.
Фильтрация қарқының артуы. Мысалы, дененің қызуы көтерілгенде қанды әкелетін артериолалар рефлекстік негізде кеңісе және шумақтық мембраналардың шұрықтарының диметрі ұлғайса немесе физика-химиялық қасиеттері өзгерсе, өткізгіштік артады, сондықтан нәруыздар сүзгіден диффузиялық жолмен оңай өтетін болады. Сүзгілік әрекет адреналин мен норадреналиннің әсерінен қанды әкететін артериолалардың саңылауы тарылғанда да үдей түседі.
Өзекшелік реабсорбцияның бұзылуы
Өзекшелік реабсорбция тұқымқуалайтын және жүре болатын факторлардың әсерінен бұзылады.
Тұқымқуалайтын себептер – реабсорбцияны қамтамасыз ететін ферменттер жүйесінің тапшылығы.
Жүре болатын себептер.
Нәруыздар реабсорбциялануының бұзылуы. Ол бүйрек шумақтары капиллярларының өткізгіштігі артқанда немесе өзекшелер зақымдалғанда байқалады.
Алғашқы несепте реабсорбциялануға жататын заттардың көбеюі. Мысалы, осмостық қысымды қамтамасыз етіп, судың кері сорылуын тежейтін глюкоза мен несептік зат (мочевина) көп болады.
Реабсорбция уытты заттардың, дәрі-дәрмектердің әсерінен ферменттік жүйенің әрекеті тежелгендіктен бұзылады.
Гормондық реттеудің бұзылуы. Гипофиздің артқы бөлімінің гормоны АДГ (антидиурездік гормон) реабсорбциялануды қамтамасыз етеді, сондықтан ол гормон жеткіліксіз болса, ең алдымен су дұрыс реабсорбцияланбайды.
Бүйрек үсті безінің гормоны альдостерон Na^+иондарының реабсорбциялануын қамтамасыз етеді, сондықтан альдостерон жеткіліксіз болса, натрий несеппен көп шығарылады.
Эпителидегі қабынулық үдерістер, дистрофия мен некроз Na^+ реабсорбциялануын бұзады.
Сөйтіп, бүйрек несепті қанықтыра да алады және суын көбейтіп, сұйылта да алады.
Өзекшелік секрецияның бұзылуы
Қаннан бүйректің өзекшелеріне мына заттар бөлініп шығады (секреция): фосфаттар, калий, антибактериялық препараттар, несеп қышқылы.
Бүйрек аурулары өзекшелердің сүзгілік әрекетін тежейді, сондықтан қанға бірқатар заттар жиналып, организм уыттанады және құян сияқты бірқатар аурулар дамиды (несеп қышқылы көбейіп, оның тұздары буындарға шөгеді.
Бүйректің қызметі бұзылса, зәрдің шығарылатын мөлшері, шығарылу ырғағы немесе құрамы өзгеруі мүмкін.
Шығарылатын зәр мөлшерінің өзгеруі
Дені сау адам тәулігіне 1 – 1,5 л су шығарады. Шығарылатын зәрдің тәуліктік мөлшері көбейсе, полиурия деп аталады. Ол кейде қантсыз диабетпен (АДГ жеткіліксіздігі) сырқаттанғандарға немесе қантты диабетпен сырқаттардың алғашқы зәрінде глюкоза көбейіп, осмостық қысым көтеріліп, өзекшелердегі судың реабсорбциясы тежелгендіктен дамиды.
Олигурия – несептің тәуліктік мөлшерінің азаюы. Ол жүрек қызметінің созылмалы жеткіліксіздігі немесе несеп шығаратын жолдарда кедергі қалыптасқанда (тас, ісік) байқалады.
Бүйректік анурия. Зәрді шығару толық тоқтайды. Ауыр зардапты аурулардың салдары ретінде дамиды.
Дені сау адамның диурезі күндізгі және түнгі деп бөлінеді. Күндізгі диурездің түнгіге қатынасы 4:1. Бұл қатынаста түнгі диурез басым болса, он никтурия деп атайды. Никтурия – бүйрек ауруларының ішінде әсіресе қантсыз диабетке тән симптомдардың бірі.
Зәрді шығару ырғағының бұзылуы
Дені сау адамның тәуліктік зәр шығару ырғағы 3 – 4 ретті құрайды. Зәрді жиі шығару поллакиурия деп аталады. Ол қуық қабынғанда, қуық асты безінде аденома қалыптасқанда, т.б себептерден дамиды.
Зәрдің құрамының өзгеруі
Зәрдің үлестік салмағының (үлестік тығыздығының) өзгерістері. Сау адамның зәрінің тәулік бойғы үлестік салмағы 1,010 – 1,025 құрайды. Таңғы зәрдің концентрациясы жоғарырақ болады. Патологиялық жағдайда зәрге қалыпты жағдайда болмайтын патологиялық компоненттер араласады. Зәрдің үлестік салмағы жоғары болса – гиперстенурия, ал төмен болса – гипостенурия деп аталады.
Бүйректің азоттық «қоқыстарды» [несептік зат (мочевина), несеп қышқылы, т.б]шығару қабілетінің бұзылуы.Дені сау адам тәулігіне 25-35 г несептік зат бөліп шығарады. Несептік зат мөлшері несепте азайғаны немесе оның қандағы мөлшері азоттық қалдықпен есептегенде 3,1 ммоль/л-ден асса, - бүйректің зәр қызметі жеткіліксіз болғаны.
Зәрде нәруыз пайда болса, оны протеинурия деп атайды. Ол бүйрек ауруларының немесе бұлшықет әрекетінің, стрестің немесе зәр шығару жолдарының бүйрек зақымдалмаған жағдайдағы ауруларының салдары болып табылады.
Зәрде глюкозаның пайда болуы – глюкозурия. Глюкозурия қорыққанда, қобалжығында қантты көп қабылдағанда дамып, уақытша, ал қантты диабетпен сырқаттанғандарда тұрақты болуы мүмкін.
Қалыпты зәрдің тұнбасын микроскоппен зерттегенде әр көрінетін ауқымда ( поле зрения) бірен-саран эпителилік жасуша табылады. Зәр шығаратын жолдар қабынғанда, несеп тасты аурумен сырқаттанғанда кілегейлі қабықшадан сыдырылып, несепке араласқан эпителий көбейеді.
Қалыпты зәрде бірен-саран (1 – 2 ) лейкоцит болады. Зәрді зерттегендегі әр көрінетін ауқымда 5– 50 лейкоцит болса – лейкоцитурия деп, аллейкоциттер көп бөлініп, әр көрінетін ауқымда 60-тан 100-ге дейін лейкоцит табылса, - пиурия деп аталады. Пиурия бүйрек пен зәр шығару жолдарының қабынулық үдерістеріне тән.
Зәрде эритроциттер пайда болса – гематурия деп аталады. Ол бүйрек аурулары мен зәр шығаратын жолдар жарақатының симптомы. Бүйректе органикалық аурулар дамығанда өзекшелерге шыққан нәруыздар ұйып, зәрмен бөлінетін цилиндрлерге айналады. Несепте цилиндрлер пайда болуы – цилиндрурия деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |