47
– Сөз соңында сізді алдағы келе жатқан 60 жасқа толу
тойыңызбен құттықтаймыз. Енді өз еңбектеріңіз, творчестволық
жоспарларыңыз туралы бірер сөз айтсаңыз.
– Сөз мағынасын, бір түбірден өрбитін сөздерді ұялы тәсілмен
анықтау мәселесімен көптен шұғылданып жүрмін. Жуырда «Қазақ
тіліндегі бір буынды түбір мен туынды түбірдің құрылымы» деген
еңбегім жарық көрмекші.
Қазақ тілін негізінен түркі тілдерімен салыстыра зерттейміз ғой.
Жоғары оқу орындарында түркология жүреді. Ташкенттің Низами
атындағы пединститутының оқытушысы М. Оразовпен бірігіп
тұңғыш «Түркологияға кіріспе» атты оқулық жаздық. Оқулық кітап
«Мектеп» баспасынан шығып жатыр.
Мүшел той тек мереке емес, ең алдымен өзіңе өзің есеп беру.
Бүгінде мен жетекшілік еткен бір шәкіртім ғылым докторы, он
бесі ғылым кандидаты. Ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, хакас, монғол,
қабардин, түркі-жапон тілдерінен ғылыми еңбек жазғандары да
бар. Алдағы жоспар едәуір. Оның қаншалықты орындаларын уақыт
көрсетеді.
– Әңгімеңізге рахмет. Творчестволық табыстар тілейміз.
«Қазақ әдебиеті», 1984. 30 қараша.
(Сұхбаттасқан Ә. Бөпежанова).
Тіл байлығы – рухани қазына
Тіл танудың күрделі мәселелері көп-ақ. Солардың ішінде кейде мән
бере бермейтін, бірақ бәріміздің де білуіміз қажет, ал тіл мамандары
үшін міндетті күрделі мәселенің бірі – «тіл байлығы, сөз қазынасы
деп нені айтамыз?» деген сауалға берілер жауап. Бұл мәселені әркім
өзінше түсініп, оған байлам айтатын сияқты. «Толғауы тоқсан қызыл
тіл» деп марапаттағанда біз көбінесе тіліміздегі сөздердің санын,
айтылатын ой-пікірімізді жан-жақты түсіндіруге қажетті сөздердің
одан табылуын ескереміз. Бірақ ана тіліміздің қорында қанша сөз
барлығын және оның қандай бұлақтардың қайнар көзінен нәр алып,
толассыз толығып, байып отыратынын баршамыз біле бермейміз.
Сөз бен тіл әдетте синоним ретінде қолданылады. Бірақ тіл,
әрине, ауқымы жағынан сөзден әлдеқайда кең ұғым. Қоғамдағы
барша жанның қауымдаса өмір сүруіне қажетті қатынас құралы – тіл
десек, сөз соның ең негізгі элементі болып са налады. Дегенмен, тіл
мен сөз «тіл байлығы», «сөз байлығы» деген ұғымдарға байланысты
48
бірінің орнына бірі айтыла береді. Әрине, сөздік қоры жұтаң, белгілі
себептермен дамымай кенжелеп қалған тілдер өмірде кездеседі. Он-
дай кемістік әсіресе бай тілдердің жанында ерекше көзге түседі.
Дегенмен, «сөздің саны тіл байлығының кепілі бола ала ма?» деген
сауал алдымыздан көлденеңдей береді. Егер «бай тіл», «орташа тіл»,
«кедей тіл» деген ұғым әрбір тілдегі сөздердің нақтылы санына байла-
нысты айтылатын болса, онда бұл мәселені оңай шешуге болар еді.
Бiрақ тіл тәжірибесінде тілдің байлығы тек санмен ғана емес, сапамен де
өлшенетіндігі белгілі, санның сапаға көшіп отыруы айқын байқалады. Сөз
болып отырған қазақ тілін ондағы жеке-дара қолданылатын сөз санына
қарай қарастырсақ, төмендегі жағдайды көреміз. Мәселен, 10 томдық
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 66931 атау сөз, 24497 лексикаланған
тұрақты тіркес қамтылыпты. Бұл екеуі 91428 лексикалық бірлік деген
сөз. Ал бұлардың барлығы болып, осы сөздікте 103 мың мағыналық
бірлікті сипаттап тұр. Өйткені бір сөздің бір емес, екі-үш мағынасы
болуы мүмкін ғой. Сөздіктегі фразеологиялық тұрақты тіркестің саны 16
мың екен. Басқа сөздіктер бойынша деректер: I. Кеңесбаевтың «Қазақ
тілінің фра зеологиялық сөздігінде» (1976 ж.) 10 мыңдай фразеологизм
қамтылыпты. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» (1988 ж. соңғы
басылымында) 35656 реестр сөз камтылыпты. «Абай тілінің сөздігінде»
(1968ж.) 6 мыңдай реестр сөз болса, М. Әуезовтің 20 томдық шығармалар
жинағында 20 мыңдай сөз қолданыс тапқан екен.
Әрине, тіл қорындағы жалпы сөз байлығы мен жеке сөз шеберлерінің
өз шығармаларында қолданған сөздерді қатар қойып, теңестіріп, оларға
бірі көп, бірі аз деп баға беруге болмайды. Өйткені сөз шеберінің сөз
қорынан білгені мен көңіліне түйгені, жадында сақтағаны бір төбе де,
сол байлықтан қажетіне қарай жаратқаны, шығармасында қолданғаны
екінші төбе. Алайда бірде-бір көркем сөз шебері ана тілінің байлығын
түгел меңгеріп, сарқа пайдаланған емес. Сондықтан тіл қазынасын
анықтаудың бірден-бір объективті көзі – ол ғасырлар бойы қалыптасқан
қарапайым халықтың жады. Қағазға түсіп хатталғаны бар, көңілде жүріп
жатталғаны бар тіл байлығының ұлан-ғайыр қоры, міне, сонда сақталады.
Ал біздің жоғарыда келтірген деректеріміз соның негізі ғана. Де мек,
аталмыш 10 томдық сөздіктің ол байлықты түгел қамтуы мүмкін емес.
Дегенмен, жер жүзіндегі ең бай тілдердің бірі деп жүрген орыс тілінің 17
томдық түсіндірме сөздігінде 150 мың-ақ реестр сөз бар екенін ескерсек,
қазақ тілінің сөз байлығын айқындау жолындағы алғашқы тәжірибесін
нәтижесіз деп айтуға болмайды. Бұл мәселенің бір жағы.
49
Мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол – сөз байлығын ғылыми
тұрғыдан дұрыс анықтап, оның қайнар бұлақтарын аша білуде, сол
байлықтың қыр-сырын сөздіктерде көрсете білуде.
Біздің елде қалыптасқан лексикографиялық дәстүр бойынша
тіліміздегі сөздердің санын реестр (сөз тізбе) ретінде берілген лексеманың
санымен ғана есептейміз. Бұлардың санатына, әдетте, түбір (есім,
етістік, үстеу, т. б.) сөздермен қатар сол түбірлерден туындаған (екіден
кейде онға дейін көбейетін) түбірлес туын ды тұлғалар да енеді. Реестр
сөздер қатарында мағынасы күңгірттенген (мәселен шаға: бала-шаға
түрінде) сөздер де, лексикалық дублеттер (қораз-әтеш) мен фонетикалық
варианттар (қазір, кәзір) да, диалектизмдер мен қарапайым сөздер
де, ғылыми терминдер де (спринтер, дизайнер) орын алуы мүмкін.
Бірақ бұл лексикалық қате категориялардың бәрін бір сөздікпен қамту
мүмкін емес. Олардың аз-кем қамтылуы түзілген (түсіндірме, екі тілдік,
диалектологиялық, орфографиялық, т. б.) сөздіктердің алдына қойған
мақсатқа байланысты. Егер әдеби тілдің сөздігі болса, әдеби тіл нормасын
қалыптастыру мақсатына байланысты көнерген (архаизмдер мен кітаби)
сөздерді де, диалектизмдерді де толық кіргізе алмайды. Әдетте түсіндірме
сөздіктерде тілдегі байырғы сөздерге көбірек көңіл бөлініп, ғылыми
терминологияға көп орын берілмейді.
Қысқасы, тіл байлығын түгел қамтитын сөздіктің болмағанын
айтқымыз келеді. Демек, қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігі өзінің
алдына қойған мақсаты бо йынша түгел қамтуға кепілдік бере алмайды.
Бұл сөздіктегі 103 мың мағыналық единица қазақ тілі байлығының
бір парағы ғана. Оған енбеген сөздер әлі де көп. Сондықтан да сөздік
жарық көргеннен кейін жиі айтылып жүрген «тіл байлығымыз түгел
қамтылмады» деген әңгіме әбден орынды. Түгел қамтудың жолы бар ма?
Бұл сауалға жауап беруден бұрын екі түрлі лингвистикалық мәселенің
басын аша кеткен жөн. Біріншіден, кез келген тілдің сөз байлығын,
сөздік қорын түгел де толық көрсету алыстағы армандай қиын дүние,
тіпті ол мүмкін емес. Өйткені тіл байлығы шегі жоқ теңіздей мол дүние.
Ол күн санап жаңарып, толығып, жаңаланып отыратын организм іспетті.
Екіншіден, тіл қазынасын түгел қамтуға мүмкіншілік беретін әмбебап
лексикографиялық сөздік түркітануда әлі дүниеге келген жоқ. Бүгінгі
таңда сөз қазынасын түгел болмаса да біршама толық қамтуға мүмкіншілік
беретін жол біреу-ақ: салалық сөздіктер жасау. Мәселен, жалпы халықтық
тіл байлығының бір саласы – жергілікті тіл ерекшеліктері. Олардын көбі
әдеби тілде баламасы жоқ, жарыса қолданылатын, ал күндердің күнінде
Достарыңызбен бөлісу: |