56
сөздік статьясы ішінде бытырап жүреді де, енді біразы оған енбей, тіл
байлығы ретінде көрінбей қалады.
Міне, тіл байлығын айқара ашып көрсете алмай жүрген дертіміздің
бір сыры осы бір тар тұсау лексикографиялық дәстүрге байланысты
болса керек. Бұл шеңберден шығудың жолы да бар сияқты. Мәселен,
Шынжаң ұйғырларының шығарып жатқан (I томы жарық көрді) ұйғыр
тілінің үш томдық түсіндірме сөздігінде реестр (сөз тізбегі) ретінде жеке
сөздермен қатар жүздеген-мыңдаған сөз тіркестері де беріліпті. Дәл осы
тәсіл барлық түрік тілдерінде қолдау табуы керек. Өйткені тілдің негізгі
байлығы жеке сөздерде ғана емес, одан он есе артық сөз тіркестерінде
шоғырланған. Оларды өз мағына-мәнімен даралап, саралап көрсетпесек,
тіл байлығын толық қамтыдық деп айтуға болмайды.
Демек, тіл байлығының тағы бір кайнар көзі неше алуан сөз
тіркестері болып саналады. Олар да сөз сияқты дамылсыз өзгеріп,
мағына жағынан жаңғырып, сан жағынан өсіп, көбейіп, толығып
отырады. «Сөз тіркесі» деген түркітанудағы көзқараста қалыптасып
қалған қасаңдық байқалады. Оған көбінесе қолданысы тұрақты,
мағынасы ауыс фразеологиялық тіркестерді жатқызады. Ал, шынында,
екі, үш, төрт, бес, тіпті одан да көп элементтен тұратын, бір-бірімен
үйлесіп, біртұртас мағынаны немесе күрделі ұғымды, тіпті бір пара
ой-тұжырымды, немесе оның бір көрінісін білдіретін тіркелімдердің
бәрі, сайып келгенде, мағыналық едини ца болып саналады. Олардың
біреулері қолданыста еркін болса, енді біреулері қолданыс барысында
тұрақтанады, біреулері ажырамас біртұтас бірлікке айналса, тағы
біреулері бейне, образ төңірегінде қалыптасқан клише, штамп түрінде
кездеседі. Ал түптеп келгенде олардың барлығының да табиғаты бір,
белгілі бір ұғым, түсінік, мән-мағына төңірегінде шоғырлану арқасында
қалыптасқан мағыналық единицалар. Олардың кейбіреулерін «мынау
тұрақты», «мынау тұрақсыз» деп ажырату да оңай емес. Өйткені мұнда
да жанды процесс, даму, қалыптасу, өзгеру байкалады: о баста пайда
болған еркін сөз тіркесі (айталық аузы күю) мағыналық жағынан дами
келе тұрақты сөз тіркесіне (аузы күю – бір нәрседен опық жеу) айналса,
ол өз ретінде мақал не мәтелге айналуы мүмкін (аузы күйген үріп ішеді).
Дамудың бұл бір көрінісі.
Бұдан шығатын қорытынды: а) сөз тіркестерін де дербес мағыналы
лексикалық бірлік (единица) деп тану қажет және ә) оларды сөз байлығын
сөздіктерде реестр (тізбе қатар) ретінде беріп, тіліміздің мазмұндық,
сапалық потенциалын көрсете білуіміз керек.
57
Осыған орай фразеологизмдер мен паремиологияны бұрынғыдай
арнайы жинақтарда емес, түсіндірме, екі тілді сөздіктерде берудің
тәсілдерін ойластырған жөн. Оларды бірінші сөз алфавитімен де немесе
өзекті сөз (стержневое слово) бойынша ұя-ұяға бөліп орналастыруға
болатын сияқты. Қайткен күнде де, тіліміздегі 40 мыңдай фра зеологизм
мен 50 мыңнан артық мақал-мәтелдеріміз сөздіктерде топталатын тіл
байлығымыздың сыртында қалмауы керек.
Тағы бір ескерте кететін жағдай, лексикалық единицалардың саннан
сапаға көшу процесін терең түсініп, сөздіктерде дұрыс көрсете білуге
байланысты. Бұл процесс көбінесе тілдің ішкі даму заңдылығына, атап
айтқанда, мағынаның сөз төңірегіне шоғырлануы мен өзара жіктелеуіне,
ыдырауына байланысты. Мәселен, тіліміздегі синоним (мағыналас)
сөздер категориясын алайық. Бір білгіштер бір мағынаны қайталап тұрған
басы артық сөздердің қажеті жоқ деп даурығады. Ал біле білсек, тілде,
бірде-бір басы артық сөз жоқ. Кейде абсолютті синоним кездесуі мүмкін,
бірақ бірде-бір си ноним бірін-бірі абсолютті түрде қайталамайды.
Синоним қатарындағы екіден он-он беске дейін кездесетін мағыналас
сөздер қайткен күнде де бір-бірінен аз да болса да бір мағыналық реңкімен
ерекшеленіп тұрады, олардың бірін-бірі ауыстыратын реттері болады,
бірақ барлық уакытта, түрлі сөз қолданыстарда өзара дәл мағыналас бола
бермейді.
Мұндай мағыналас сөздерді сөздіктерде беру керек те, мағынасын
дұрыс аша білуіміз керек. Бұл мәселе біздің ауылда біршама дұрыс
шешілген сияқты. Осы күнге дейін дұрыс шешімін таба алмай келе
жатқан мәселе басқа – көп мағыналы сөздер мен омонимдердің ара-
жігін айыра білуге байланысты. Бұл лексикография тәсілін ғана емес,
терең лингвистикалық білім мен білгірлікті де талап ететін күрделі
мәселе. Мағына дамуы, әдетте, көп мағыналыққа апарады. Бірақ сол
мағыналарды тұйықтайтын шеңбер бар да, одан шығып кететін өріс тағы
бар. Сөздік жасаушылардың осы заңдылықты тап басып, көп мағыналы
сөздерден омонимдерді ажырата білуінде көп мән бар. Мәселен, айтыс,
жарыс, сайлау – үстеме мағынаға ие болған сөздер ретінде сөздіктерде
бір реестр ішінде қаралады. Ал дәл осы сияқты тағы бір сөздер, мәселен
ай (аспан денесі), ай (календарлық ұғым); күн (аспан денесі), күн
(календарлық ұғым) екі сөз, яғни омоним ретінде қаралады. Мұны қалай
түсінуге бо лады? Шынында да, кез келген тілде осындай мағыналық
даму нәтижесінде бір сөздің жарылып, мағыналары бір-бірінен
мүлдем алшақтап, омонимге айналып кететіндері болады. Оны орысша
58
«разошедшие омонимы» деп атайды. Оған мәселен, қазақ тіліндегі жақ
(адамның жағы, кимешектің жағы), ауыздық (жүгеннің ауыздығы),
ауыздық (екі езуге шығатын жара), жабағы (тай), жабағы (жүн), бауыр
(дене мүшесі), бауыр (туыс адам), тіл (дене мүшесі), тіл (қатынас
құралы), т. б. сөздерді жатқызуға болатын сияқ ты. Бірақ оған қандай
теориялық негіз бар? Осындай қажетті зерттеудің жоқтығынан біздің
лексикографиялық еңбектерімізде көптеген кемшіліктер кездесіп жүр.
Мәселен, дұрыс шешілмеуі тек сөз мағыналарын анықтауда ғана емес,
сонымен бірге сөз қорымыздың мазмұнын, мағыналық единицалардың
санын, сапасын, даму жолының дұрыс айқындалмауына да байланысты.
Арасы алшақ кеткен сөздер фонетикалық варианттардан да табылады:
өкімет – үкімет, ғылым – ілім, кәде – қағида, т. б.
Егер біз тіл байлығымызды тек сөз санымен ғана бағамдайтын
болсақ, сонда гомогенді, гетрогенді омонимдер мен синонимдерге
лексикалық дублеттер мен фонетикалық варианттарға қатысты сөз
қорының мазмұны түгел ашылмай қалуы ықтимал.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: а) «қазақ тілі түркі тілдердің
ішіндегі ең бай тілдердің бірі» деп қалыптасқан пікірді нақтылы тілдік
деректермен дәлелдеу керек; ә) ол үшін қазақ тілінің байлығын күн санап
туындап, сәтті де сәтсіз жасалып жатқан терминологиялық лексикадан
емес, әлі күнге дейін қазына сандығын айқара ашып, өз мүмкіншілігін
толық пайдалана алмай келген байырғы сөздік қорымыздан іздегеніміз
жөн; б) сөз байлығымыздың нәр алып, сусындап отыратын жоғарыда
аталған қайнар бұлақтарының көзін ашып, то лық пайдалану керек; в) сөз
байлығын тек сөз санымен ғана өлшемей, сөздер мен сөз тіркестерінің
мағына санымен, рухани қазына болып ғасырлар бойы қалыптасқан
мазмұн, сапасымен өлшеген абзал; г) сөз қорының қайнар көздерін ашып
қана қою аз, ондағы барымызды берекелі етіп көрсете білуіміз де ке-
рек; осыған орай лексикологиялық, лексикографиялық жұмыстардың
көпжылдық тәжірибесін ескере оты рып, тіл байлығын толық та жан-
жақты қамтитын жаңа да тиімді тәсілдерді қарастыру керек, тез аурус,
идеографиялық, этнолингвистикалық сөздіктер жасауға кірісетін уақыт
жеткен сияқты.
Тіл байлығы – халықтың рухани қазынасы, тарихтың куәсі, өмірдің
айнасы.
«Қазақ тілі мен әдебиеті», 1991. № 97 3-10 б.
Достарыңызбен бөлісу: |