Тың игерудің зардаптары (экономикалық, әлеуметтік, экологиялық) 1955-1960-жж.
1954 жылы тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі «Астық өндіруді молайту үшін тың және тыңайған жерлерді одан әрі игеру туралы» жаңа қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту ісі қолға алынды. Қазақстан совхоздары сол кезеңде 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды. КСРО Министрлер Кеңесі 1954 жылы қыркүйекте тың игерілген жерлерде темір жолдар мен автомобиль жолдарының құрылысын дамыту туралы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша Қазақстанда 2.600 шақырым автомобиль жолы төселуге тиісті болды. Тың игеру барысында Тобыл–Жетіқара, Есіл– Арқалық темір жолдары іске қосылды.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің үлкен зардаптары да болды. Билік басындағылар ғалымдардың пікірімен санаспады. Экология мен жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескермеуі үлкен зиян әкелді. Қазақстанның тың өлкелерінде жер эрозияға ұшырады. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн га жер жел эрозиясына ұшырады. Тың игерудің рухани және демографиялық зардаптары да зор болды. Қазақстанға 1954-1962 ж. тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық жағдайына түсті. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29 % ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Енді қазақ балалары мектеп–интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, Қазақ елінің елді-мекендері мен жер– су атаулары орысша атала бастады. 1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді. Мұндай орыстандыру саясатынан қазақ халқын еліміздің тәуелсіздігі ғана құтқарды. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады. Халық үшін ең ауыр тигені сол кезеңде Кеңес үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тиым салуы болды. Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Оның негізгі нәтижесі: сол уақыттан осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Сонымен бірге, Қазақстан астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды. Тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен, ол XX ғасырдың аса ірі экономикалық жобаларының бірі болды.
3.
Достарыңызбен бөлісу: |