9 Билет
1.
Қазақстандағы жаңа экономикалық саясат (НЭП) (1921 наурыз-1928 гг.): негізгі ұстанымдары мен оларды жүзеге асыру.
Шетелдік интервенция мен азамат соғысы аяқталғаннан кейін Қазақстанда экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдай елдің орталық аудандарымен салыстырғанда ауыр болды. Қазақстанның 307 кәсіпорынның 250-і жұмыс істемеді. Қазақстанда мұнай өндіру 4 есе, Қарағанды көмірін өндіру 5 есе қысқарды, ал мыс кенін өндіру мүлде тоқтап қалды. Риддер кеніштері, Екібастұз көмір орындары және Спасск байыту фабрикасы толық істен шықты. Өлке халық шаруашылығының жалпы өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы небары 6,3 % болды. Республиканың ауыл шаруашылығы құлдырап кетті. Егіс көлемі Орал губерниясында 2 еседен астам, Жетісуда 3 еседей қысқарды. Мал саны да едәуір азайып, 29,9 млн. – нан 16,3 млн. – ға дейін кеміді.
Кеңес үкіметі еңбекшілердің жағдайын жеңілдетуге ұмтылып, 1921 жылдың бас кезінде Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі халыққа азық – түлікті, отынды тегін босату туралы, коммуналдық қызметтерді тегін көрсету туралы, ақысыз асханалар ашу туралы декреттер қабылдады.
Алайда, зорлық – зомбылыққа негізделген азық – түлік саясаты сәтсіздікке ұшырады. Күйзелген шаруалар наразылық білдіре бастады. Қостанай, Ақмола, Орал, Семей облыстарында көтеріліс ошақтары пайда болды. 1921 жылы ақпан айында патша армиясының полковнигі Николаев пен Есаул Токарев бастаған 25 мың адамнан тұратын отряды Петропавл қаласында Кеңес үкіметі органдарының үйін қиратты. 1921 жылдың наурызында Орал губерниясының территориясында Сапожников отрядының қаруланған 10 мыңнан астам бүлікшілері әрекет етті. Қарқаралы уезінде 70 – тен астам партия және Кеңес қызметкерлері көтерілісшілер қолынан қаза тапты.
XX ғасырдың 20 жылдың басында ауылдар мен селоларда халық наразылығының ұлғаюының себептері:
Мемлекеттің еңбекші халыққа қолдану саясаты (азық – түлік салғырты);
1921 – 1922 жылдардағы жаппай ашаршылық;
Мал шаруашылығының ауыр жағдайы;
Егін алқаптарының күрт азаюы.
Осы жағдайлардан азық – түлік салғыртының орнына азық – түлік салығын енгізудің қажеттілігі айқындала түсті.
1921 жылдың 8 – 16 наурызда өткен партияның X съезі салғырттан азық – түлік салығына көшудің, жаңа экономикалық саясатқа (НЭП – ке) көшудің қажеттігін негіздеп берді.
Жаңа экономикалық саясаттың белгілері:
Азық – түлік салығының енгізілуі.
Сауда еркіндігі.
Жерді және ұсақ кәсіпорындарды жалға беру.
Ауылшаруашылық және несие, тұтыну кооперациясын дамыту.
Кәсіпорындарды шаруашылық есепке көшіру.
Еңбек міндеткерлігін жойып, жалдамалы еңбекті қолдану.
Жаңа экономикалық саясаттың мәні – салғыртты салықпен ауыстыру болды.
Салықтың мөлшері салғыртқа қарағанда (2,5 есе) аз болды. Шаруалардан алынатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің мөлшерін салықпен шектеу ауыл – селолардың қалалармен байланысты нығайтуға жол ашты. Шаруалар басы артық өнімдерін қалаларға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкіндік алды.
Орынборда 1921 жылы маусымда өткен облыстық бірінші құрылтай партия конференциясы жаңа экономикалық саясатқа көшуді мақұлдады.
Жаңа экономикалық саясатпен бірге тоталитарлық, авторитарлық басшылыққа көшу басталды.
1921 жылғы қараша – 1млн.508 мың адам,
1922 жылғы науырыз – 2 млн.303200 адам аштыққа ұшырады.
Орал, Ақтөбе , Орынбор, Бөкей губернияларын аштық жайлады. 1922 ж маусымда Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар 82%-ға жетті.
Жаңа экономикалық саясаттың нәтижелері:
Күйзелген ауыл шаруашылығын тез арада қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп қалпына келтірілді.
Өркениетті кооператорлар құрылысы (қозғалысы) ел шаруашылығының барлық саласын көтерді.
Шаруа шаруашылығын еркін дамытуға кепілдік берді.
Сонымен, жаңа экономикалық саясат шаруашылықты өркендетуге мүмкіндік берген «керемет ғажайып» саясат болды (1921 1929 жж.).
700 мыңнан астам адамдар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.
2.
Қоғамдық-саяси өмірдегі Хрущев «жылымығы». КОКП ХХ съезі және сталинизм зардаптарын жою (1956-1963 жж.).
“Хрущев жылымығы”. Бұл кезеңді “жылымық” деп атау КСРО-ның қоғамдық-саяси өміріндегі демократияландыру, кешірім, ақтаулармен (реабилитация) байланысты. Жылымық ішкі саясатта қуғынсүргінді біршама тежеуден, әміршіл-әкімшіл қатаң басқару әдістерінің аздап жұмсаруынан байқалады. Билік басына келген жаңа кеңес басшылары сыртқы саясатты да жұмсартуға ынта білдірді. Шетелдерге іссапармен барып, қарым-қатынасты жақсарту, келіссөздер жүргізуге қадам жасалды. Халықаралық қатынастар да “жылыды”.
Депортацияланған шешен, қалмақ, балқар, т.б. халықтардың құқықтары қалпына келтіріліп, олардың туған жерлеріне көшуіне рұқсат етілді. Бірақ қырым татарлары, месхет түріктері, Еділ бойындағы немістердің автономиялары қалпына келтірілмеді. Ұлттық саясатта да Н.Хрущев саясатының шалағайлығы көрінді.
Н.С.Хрущев әміршіл-әкімшіл жүйе адамы болғандықтан қоғамды реформалауды аяғына жеткізбей шалағайлық танытты. Хрущев кезеңінде көптеген ғалымдар республикаға оралып, қоғамдық-саяси өмір жанданды. Бірақ рухани өмір қатаң бақылауда қала берді. Тұтқындардың бір бөлігі босатылғанмен, көп ұзамай “саяси басқаша ойлау” қайтадан қатал басып-жаныштала бастады. Қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық айтып көрсеткен адамдар қуғынға түсті. Еркін ойлайтын, демократиялық тәртіпті жақтағандар әдеттегідей түрмелерге жабылды. Сондықтан саяси айыптаулар неғұрлым “бүркемеленген” сипатта жүргізілді. Ойын еркін білдіру, сөз бостандығына қысым жасалынды, осы тұрғыда, тіпті бірқатар қаулы қабылданды. КСРО Денсаулық министрлігінің деректері бойынша сол жылдары 90 мыңнан аса кеңес азаматтары “басқаша ойлағандығы” үшін психиатриялық емдеуге мәжбүрленген.
Қазақстанда еркін пікір айтуға қарсы қолданылған шаралардың бірі Қазақстан КП ОК-нің “Қазақ әдебиеті” газетінің қателіктері туралы” Қаулысы болды. Қазақ зиялыларының ұлттық мәдениеттің, қазақ тілінің келешегі туралы толғаныстары билікке қарсы “шу көтеру” деп бағаланды.
КСРО-ның идеология саласындағы жаңалық – 1961 жылы ХХІІ съезд қабылдаған бағдарламада ғылыми тұрғыда негізделмеген “коммунизмге өтудің жолы” жария етілді. Оның 20 жылға созылатындығы, 19611971 жж. коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасау, 1971-1981 жж. коммунизмге көшуді бастау кезеңдері атап көрсетілді. Баспасөз құралдары арқылы коммунистік партия үгіт-насихат жұмыстарын шеберлікпен жүргізе білді. Бірақ нақты өмір хрущевтік уәделер мен қиялдардан алшақ еді.
Ішкі саясатта тізгінді аздап босату халықтың әл-ауқатының көтерілуімен сипатталады. Н.Хрущев басшылық жүргізген жылдары мемлекеттің тұрғын үй мәселесіне алғаш бет бұрып, көпшілікке арналған тұрғын үй құрылысы салыстырмалы түрде арзан типтік жоба бойынша жүзеге асырылды. Бүгінгі күндері ол ықшамаудандар мен “хрущев” үйлері ескірген тар үйлер болып есептеледі. Алайда ол кезде, жаппай тез бой көтерген осы тұрғын үй құрылысы арқасында әрбір отбасы сыз жертөлелер мен коммуналкалардан құтылып, жеке пәтерге ие болу бақытына қол жеткізді.
Осы кезеңде тоқыраудың ондаған жылдарынан кейін, халықтың тұтынатын бұйымдарды өндіруі біршама кеңінен қолға алынды, жиһаз түрлері, тұрмыстық электротехника түрлері (кіржуғыш машина, тоңазытқыш, теледидар, магнитофон, т.б.) шыға бастады.
Дегенмен мәдени-тұрмыстық мәселелер мен халықтың әл-ауқатына қарағанда әскери-өндірістік комплекс ғылыми-техника жаңалықтарымен алға озып кетті. Әрі оған көп қаражат жұмсалды.
Кеңес елінде 20-жылдардың ортасында орныққан әкімшіл-әміршіл жүйе 30-40 және 50-жылдардың бас кезінде өзінің шырқау шыңына шықты. Соғыстан кейінгі жылдары қоғамда өзгеріс жасау қажеттігі туралы пікір пісіп-жетіліп келе жатқан еді. Әкімшілік жүйе партия бағытынан басқадай ойлаушылармен үнемі кұрес жүргізіп келгендеітен, «Қоғамда өзгеріс жасау» қажеттігі жөніндегі ой-пікірде әр түрлі шаралар арқылы тұншықтырылды. Сталиннің орнына 1953 жылығы қыркүйек пленумында СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Н.С.Хрущев сайланды.
1956 жылы 14 ақпандағы КОКП-ның ХХ съезіне (Мәскеу) 55 «бауырлас партиялардан» 1436 делегат қатысты. Съезде Хрущевтің атақты «құпия баяндамасы» тыңдалды. Баяндама жабық есік жағдайында тек кеестік делегаттар алдында жасалып, И.Сталиннің жеке басына табынушылықты жою туралы өзекті мәселені қарауға ұласты. КОКП Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы И.В.Сталиннің жеке басына табынушылықтың шығу себептеріне, мәні мен көріністеріне және оның салдарына талдау жасауға тырысты.
1956 жылдың 30 маусымында СОКП Орталық Комитетінің «Жеке адамға табынушылықты және оның зардаптарын жою туралы» қаулы қабылдады. Хрущевтің билік құрған 1953-1964 жылдары Қазақстан тарихына да өзіндік өзгерістер әкелді. Н.С.Хрущев билік басына келісімен Қазқастандық партия белсенділерін шақырып ауыл шаруашылығы мәселелері төңірегінде кеңесті. Ол ең алдымен республикада тың және тыңайған жерлерді игеру, ауыл шаруашылығын онан әрі өрістету жөнінде шаралар белгілеуді және КОКП ОРталық Комитетіне тапсыруда ұсынды. Қазақстан Компартиясы ОРталық Комитеті мен Қазақ КСР Минситрлер Н.С.Хрущев ұсынған бағдарламаны талқылады. СОКП ОК-нің 1954 жылғы ақпан – наурыз пленумының «Елде астық өндіруді онан әрі арттыру мен тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулысы шықты. Тың жерлерді игеру қарсаңында кадрлар өзгертілді. Қазақстан Компаритиясының ҮІІ съезінде Ж.Шаяхметовтың орнына Қазақстан Компаритясының бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко, хатшысы болып Л.Н.Брежнев сайланды. Қазақстан тыңын игеруге бүкіл кеңес халқы жұмылдырылды. 19541956 жылдары 600 мыңнан аса механизатор т.б. ауыл шаруашылығы мамандары, партия-кеңес қызметкерлері келді. Тың және тыңайған жерлерді игерудегі табысы үшін Қазақстан 1956 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1958 жылы астық өндірудегі табыстары үшін осы жоғары белгімен Батыс Қазақстан, Целиноград , Павлодар, Көкшетау және Қарағанды облыстары марапатталды. КОКП ХХІ съезі (1959 ж.) Кеңстер Одағында социализм толық та түпкілікті жеңгенін жариялады.
Н.Хрущев 1961 жылы наурыз айында Қазақстанда екі апта болды. Осы сапарда ол Ақмола қаласының тарихи атауын «Целиноград» деп өзгертті. Ол Қазақстанды Ресейдің бір бөлшегі деп санап, өзі билік құрып тұрған жылдары алты басшыны ауыстырды. Олар: П.К.Пономаренко (1954-1955 жж.), Л.Брежнев (1955-1956 жж.), И.Д.Яковлев (1956-1957 жж.) Н.И.Беляев (1957-1960 жж.), Д.Қонаев (1960-1962 жж.), И.Юсупов (1962-1964 жж.). Шын мәнінде Н.Хрущев Кеңестер Одағында орнаған тоталитарлық жүйеден түпкілікті бас тартуды мақсат еткен емес.
Қазақ ауылдарының құлдырауы, қазақ мектептерінің жабылуы, жердің эрозияға ұшырауы, Семей жерінің ядролық жарылыстар жасайтын сынақ аймағына айналуы және оның халық денсаулығына кері әсері, ұлтаралық қатынастардағы шиеленіс осы жылдары орын алды.
3.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандары (елтаңба, ту, әнұран).
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.
Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күшқуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды..
Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.
Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.
Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.
Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.
Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық.
Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.
Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.
Достарыңызбен бөлісу: |