1 фантастика жанрыныњ типологиясы



жүктеу 5,08 Mb.
бет8/19
Дата20.05.2018
өлшемі5,08 Mb.
#14987
түріОқулық
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19
ҒФ: ҒЫЛЫМИ ФАНТАСТИКАСЫ
Қазақ әдебиетіндегі ҒФ басқа салалармен салыстырғанда, бірден “көзге ұратын” ерен ерекшелікке ие. Ол – “жеке басыбайлы меншік қасиеті” – өз функциясына жүктелуге тиісті тек қана болашақ адам бейнесін жасаумен шектеліп қалмайтындығы. Оған қоса, сала даралығы – келешек ғылым келбетін де жасай алатын қабілеті. Яғни айтқанда, бұл фантастикалық әдебиеттің “жансыз кейіпкері” – ғылымының да образын сомдауға дәрмені жететіндігі.

Демек, бұл саланың басқа әдеби түрлерден дараланып тұратын оқшау үстеме қасиеті де бар. Ол – фантастика, әлгі айтқандай, ғылымның ұлы құпия құбылыстарын өз оқырмандары ортасына тартумен қатар, өзі де сол ғылымның арқасында түлеп өмірге келуі. Яғни фантастика ғылымды туғызса, ғылым өз кезегінде фантастиканы туғызады. Былайша қарағанда “фантастика-ғылым” және “ғылым-фантастика” қостаған-тандемі болып келеді. Осылардың жиынтық ұғымы біздің әдебиет зерттеу аясында “ғылыми-фантастикалық әдебиет” деген атауды қалыптастырды деп білеміз.

Аталмыш ҒФ-да қазірде екі үлкен тақырып, бағыт не сала дараланып келеді. Олардың өзіндік “қимыл алаңы” айқын аңғарылады: планета беті, жер-су асты және космос кеңістігінде хикаяланатын жағдайлар жөніндегі туындылар. Сонда проблеманы “Планета проблемалары – ҒФ-да” және “Космос тақырыбы – ҒФ-да” дегендей тараушаларға бөліп қарастыру қолайлылық тудырады.
Планета проблемалары – ҒФ-да. Бұл саланың басты ерекшелігі – келешек планета ғылымының келбетін де жасай алатын қабылеті. Кейде оның осы “қасиеті” өзіне “қолбайлау” болып, жалпы көркем әдебиеттің басты міндеті – саналы адамды әдіптеп шығаруды ескерусіз қалдырады. Соның салдарынан бір ұдай фантастикалық шығармада планетадағы басқа проблемалар бел алып кететіні сонша, адам оның көлеңкесін сағалап, көрінбей қалып қоятын да кездері ұшырасады.

Сонда не болғаны? “Адамтану” деген терминді ұдайы қолданып жүрген әдебиетімізде адам бейнесі төрден ысырылып тасталса не болғаны? Сонда мұндай дүниелерді әдебиет туындысы деп ауыз барып қалай айта аламыз?

ҒФ-ның уникумдығы тап осы жерде жатса керек. Мұндай ерекшелік тек ғылыми фантастикалық әдебиетке ғана тән. Ол, қиял әдебиеті, өзінің басты кейіпкері ретінде бір не бірнеше ғылыми-фантастикалық идеяны алып, соның төңірегінде уақиға құрып, соның арқасында ғылымның характерін жасауға күш салады екен. Ал, келешек ғылымының образын жасауды қазіргі біздің қоғамдық мұқтажымыз талап етіп отыр. Себебі: озық ойлы осы заман ғылымы Жердегі де, Космостағы да тұрмысымыздың бөлінбес, тұтасқан компоненті болып кетті.

Ғылымның тап осы күнгідей өте жоғары, құрметті орында тұратынын халық қиялы баяғыдан сезіп-білген сияқты. Қазақтың кез келген көзі ашық оқырманына жақсы аян “Ақыл, ғылым, бақыт” деген притчасы оған дәлел бола алады. Бір күні ақыл, ғылым, бақыт үшеуі бір-бірімен таласып, бірінен екіншісінің артықшылығын салыстырады. Сонда сарапшылар ғылымға: “Дүниеде сенен күшті нәрсе жоқ, қара тасты қайнатасың, дүние жүзін жайнатасың, сақауды сайратасың, жоқтан бар, бардан жоқ жасайсың, бірақ та бар ғаламды өзіңе бағындырғың келеді, бағынбағанды демде әлек қыласың. Түзету де, бұзу да сенен шығады”,– деген тоқтамын айтады.

Сол ғылым феномені қазірде шынында да өзінің күштілігін танытып отыр. Ұлы Абай философиялық эсселерінің оныншы сөзінде: “…Малды сарып қылып, ғылым табу керек. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж, ешбір ғибадат орнына бармайды”,– деген қорытындыға келеді дағы: “Жастықтың оты, қайдасың,// Жүректі түртіп қозғамай?// Ғылымның біліп пайдасын,// Дүниенің көркін болжамай?” – деп, жалынды жас қауымды ғылымға шақырғаны бәрімізге мәлім. Үлкен философ-ақын ғылым-білімнің ақыры дүниенің сырын ашып беретінін айтады. Ол үшін “желкілдеп өскен көк шөптей” жастарды болжалдауға итермелейді.

Халқымыздың тағы бір ойшылы – Сұлтанмахмұт Торайғыров та “Социализм” атты аяқталмай қалған философиялық эссесінде ғылымға өте-мөте көбірек иек артады. Профессор Б. Кенжебаев айтпақшы: “Сұлтанмахмұт ғылыми техниканы екі түрлі жолмен пайдалануға болатынын аңғарды. Алдыңғы жолды даттады, кейінгі жолды дәріптеді, арман етті”. Ғылымның арқасында тіпті уақыттан озып, халықтың даму дәрежесін, тұрмыс жағдайын тез арада зор қарқынмен өсіреміз деп қиялдайды.

“...Тегіс жұмыла іске кіріссек, 20-30 жылда Европаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал бола алса керек. Мұнан 58 жыл бұрын, 1860 жылдағы япондар жағдайының осы күнгі біздің қазақтың жағдайынан неменесі артық еді? Қайта ол кездегі япондардың есуасы болса да атадан баласына мирас болып көшіп отыратын лайос (губернатор) шогундеріндей (наместник) кесел біздің қазақта аз. Япондар осындай халінен 35-40 жылда ер жетіп, Европа халіне кірді. 1895 жылында Қытайды шалқасынан түсірді. 1904 жылында “бөрікпен ұрып жығамын” деген Руссияны шалқасынан түсірді. Әрине, япондар осы халінде Европаның пісулі астай даяр өнерін алумен жылдам жетті. Біздің де солай жылдам жетуіміз үшін тегіс үйренуге көшуіміз керек. Солай болған соң мектеп, медресе, газет, журнал, кітаптарымыз көбейіп, Европадағы адам баласының ауыр күн көрісінен құтылып, бақытты болуына себеп болатын ғылымдарды үйрете беруі керек” /Екі томдық шығармалар жинағы. 2т. – Алматы: Ғылым, 1993. – 158 б./.

Торайғыров көршілес басқа мемлекеттердің мұндай даму тарихын барлай отырып, “егерде сондай жолды ұстаса, біздің халық қандай болмақ?” деген сұрақ төңірегінде өз болжамын жасайды. Өз арманындағыдай дәрежеге жету үшін басты жол – ғылым деп біледі. Сондықтан да ғылымды үйрене беру керектігіне айналып соға береді. Келешек ғылым мен келешек заманды егіз қозыдай, бір қоржынның екі басындай санайды.

“Міне, осындай пікір қорытқан С. Торайғыровтың “Социализм” деп аталатын философиялық еңбегі мен М. Әуезовтың “Япония” атты мақаласы бір мезгілде жазылып, жарыса жарияланды. Екі мақалаға айтар пікір де, қорытар тұжырым да – біреу. Ол – өркениетті елден үлгі алса деген арманды тілек” /Шығармаларының елу томдық толық жинағы.1т. – Алматы: Ғылым, 1997. – 323 б./, – дейді әдебиет зерттеушісі Т.Әкімов. Екі творчество тарландарының “эссе” деп санауға келетін осы қос дүниелері шынында да сарындас. Енді-енді озық мемлекеттердің алдына түсіп бара жатқан Күншығыс Елінің осыншама табысқа қол жеткізуін екі автор бәрінен бұрын жапондардың ғылым, білімге “қамшы басқандарынан” деп біледі.

Енді “Япония” эссесі “айтқан” кейбір тұстарды қарастырып көрейік.. “...Бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар... Японияның дәлді бетін түзеп алып, ілгерілеуге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай басталады. Бұл – Японияның ғылымға нағыз жұмылған уақыты... Япония Европа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздерінше қолайлы, жақсы дегендерін ғана алатын болды... Япония оқымыстыларының Европа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар...” /Сонда. –82 б./.

Міне, сондықтан да бұдан кейін ғылым күллі қоғамның тұрмыс-тірлігінің катализаторына айналатынын, ол адамзат атына лайық болуға тиісті Болашақтың тездеткіші реакторы міндетін атқаратынын көре білген тағы бір алыбымыз – Мұхтар Әуезовтың шығуы да – табиғи заңдылық. Осы тақырып төңірегінде оның мынадай дәйектемелері ғылымға (демек, келешекке) талпынушылар үшін рухани өсиет боп қалуы керек. “Ой ойлау үшін оқу керек және оқу әр тараптан мағлұмат беріп, школдарға әр түрлі ғылымдар кіргізді... Бұл ғылымды жалғыз жаттай қоймай, алған білімін іске асыра білсін деп, мәселен, Америкада басталған іспен араластыра оқытады. Ғылымның артына еріп, көрсеткен жолмен жүрген жұрт бұл күнде өмірдің төрінде” /Сонда. – 55 б./, – деп, үстемелей түседі.

“Япония” эссесінен бір тоқсандай ғана бұрын “Абай” журналы жариялаған “Ғылым” атты публицистік пәрменді дүниесінде: “Ғылымның қазіргі халіне қарасақ, аспанда ұшып, су астымен сүңгіп, тау тесіп жол қылғанды місе қылмай, күннен күнге жасырынды анық қылып, бұлдыр нанымды қалдырып келеді. Бұрынғы мұқтаждық шығарған бірен-саран ғылымның бұл күнде ұрығы әлденеше тарауға бөлініп кетті. Және ғылымның һеш уақытта кәмелетке жетіп тоқтауы жоқ. Адам құрымаса, ғылым өрлей бермек, адамның түсіне кірмейтін неше түрлі ғажайып шығармақ” /Сонда. – 55 б./, – деуімен бұдан бір ғасырға толар-толмас ертеде-ақ ғылымның сиқырлы феноменін аңғарған деуге хақылымыз.

Болашақ классиктің творчестволық өмірінің елең-алаңында-ақ бүйрегі көбінесе ғылымға бұратынын тырнақалды публицистикалық шағын дүниелерімен аңғартып отырғанына қазірде көз жеткізгендейміз. Атап айтсақ, “Қайсысын қолданамыз?”, деген публицистикасында: “Жұрт оянып, көзін ашып, жұрттыққа бетін түзесе, күннен күнге мұхтажы табылып көбеймек. Осы күнгі біздің көп мұхтажымыздың ішінде ең ірісі – ғылым… Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда тілі кемшілік қылып, қашанғы ескісін алып құрастырып бөтен жұрттың тілін жамау қылып, неше түрлі болып аламыштанады”, – десе, арасына жыл салмай жазған “Ғылым тілі (научный термин)” мақаласынан: “Ғылым тілі – бұл уақытқа шейін қазақ оқығанының бір қалыпқа қойып, бір негізге құра алмай келе жатқан мәселесінің бірі… Ғылым тілі – аса қарауды көтермейтін шетін мәселе… Бірбеткей ғылым жолы “туысқан едім” деп бұрауға тіпті көтермейді. Біреу – оңға, біреу – солға тартып, илей беруге көне беретін ғылым жолы – терінің пұшпағы емес… Біз ғылым тілі туралы сөйлесек, қазақтың оқуының жолын бір түзу жөнге салу турасын ғана еске алу керек”, – деп, өз еліндегі осы бағыттағы нақтылы жәйттерді байыптаған. Одан басқа да қысқа көлемді дүниелерінде, ыңғайы келеді-ау деген тұстарда ғылымға қатысты ойларын кіріктіріп жіберіп отырған. Мысалы, былай қарағанда, “үш қайнаса, сорпасы қосылмайтындай” көрінетін “Жалпы театр өнері мен қазақ театры” тақырыпты баяндама ма, шолу ма – бір жарияланымында: “Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат”, – деген баға береді. Қазақ Ғылым академиясының негізін салушы ұлы оқымысты Қ. Сәтбаевтың төрт мүшелдік мерей тойында: “Қай халық болса да өз ортасынан ғалым өсірген дәрежеге жеткенде, жалпы мәдениет тарихына өзінің елдігі мен өсуі туралы тың жаңалық мәлім еткен халық болады”, – деген, қағидаға бергісіз өйлеген сөзі бар. Пікір алысу ретінде жазған “Тіл және әдебиет мәселесі. Қазақтың әдеби тілі туралы” мақаласында: “Абай заманындағы ғылым, техника, философия, социология, саясат – баршасынан қазақ тілінің сөздігі мүлде құралақан еді… Қазақ тілінің соңғы отыз жыл ішінде (мақала “Әдебиет және искусство” журналының 1951 жылғы беташар номерінде жарық көрген – А.-Х.М.) қаншалық дамығанын сырттай ғана мөлшерлеу үшін тек ғылымдық атаулардың өзінен ғана құрылып жатқан сөздіктердің ұшан-теңіз сандарын ғана еске алуға болады”, – дегенінде тізбеге алған “ғылым”, “техника” атауларынан бастағанынан-ақ, ол объектілерге үлкен маңыз бергенін байқаймыз. Кейінірек фантастикалық дилогия-драмасының шартты түрде “Елу жылдан соң” аталатын екінші пьесасының “План №1” тезистеріндегі ғылыми да техникалық қиял идеяларына жоғарыдағыдай көзқарастары творчестволық шабыт берген болар деп есептегіміз келеді.

Демек, сонау атам заманғы ертегі-аңыздардан басталып, қазіргі күнге дейінгі міні құрымай жеткен – ғылымға қиял араластыру – дәстүрге айналған іс. “Болжал – ғылымның бөлінбес функциясы, – дейді бір сұхбатында тарих ғылымының докторы И.В. Бестужев-Лада. – Бірақ, ол, менің ойымша, әдебиеттің де етжақыны болуы тиіс. Жазушының ұлылығы алысты болжай білуінде болар деп ойлаймын кейде. Достоевский, Толстой, Шекспир... Олар өз тұсында бізге жақын проблемалар турасында толғанған жоқ па? Осы көркем болжалдың түрі емес пе екен?”

Осындай “көркем болжал” бүгінде шаңырақ көтеріп, жеке бір әлеуметтік те ғылыми-фантастикалық әдебиетке айналды. Бұл әдебиеттің ішінде тек қана ғылыми-фантастикалық идеяларды басты тақырып етіп алып, әдеби шығармаға ең қажетті деген атрибуттарды соның төңірегіне топтастырып, шығарма жазатын өз авторлары да табылады. Олар дүниежүзілік масштабпен өлшегенде Айзек Азимов, Артур Кларк, Иван Ефремов, Анатолий Днепров, ағайынды Стругацкийлер бастаған үлкен бір жасақ құрайды.

Оның мысалдарын қазақ әдебиетінен де сөзсіз табамыз. Атап айтсақ, қазақи ғылыми фантастиканың шымылдығын “Келесі соғыс туралы” новелласымен әмбебап дарын иесі С. Ерубаев ашты. Филология ғылымының докторы, әдебиет тарихының шынайы жоқшысы, профессор Т. Кәкішев осы творчестволық керемет құбылыс – С. Ерубаевтың жалпы шығармашылығын зерделеп: “Орыс тілінде 1935 жылы жазылған “Мәңгілік өмір” деген новелласында жас талант өлімді – өмірге, қайғыны – қуанышқа жеңдіріп, мәңгілік өмірдің, өлмеушіліктің сырын ашады, – дей келе біздің тақырыбымызға қатысты тиянақты пайымдауын былай келтіреді: “Саттардың болашақты дарындылықпен байқап, ой түйе алатындығын көреміз. Сонымен бірге осы шығарманың қазақ әдебиетінде ғылыми фантастиканың алғашқы туындысы болғандығы да Саттар творчествосына зор абырой болмақ. Шұрайлы да қою уақиғаны қызықты да ойлы суреттеп беру жағынан келгенде, келесі соғыс туралы новелла қазақтың ғылыми қиялының шырқау биігі ретінде әрқашан да жарқырай бермек” /Менің құрдастарым. – 14 б./. Осындағы біз ерекшелеп бөлген сөйлем үзінділеріне қосылатынымызды білдіреміз.

Аталмыш қазақ ғылыми фантастикасының шедеврімен таныс болсын-болмасын, бірақ, осы саладағы бірсыпыра қаламгерлеріміз соны рухани тәлімгер қылған секілді. А. Машанов, М. Сәрсекеев, Т. Сұлтанбеков, Р. Баймаханов тағы бірқатар қиялгерлердің туындылары сол ойымызды растап шықса керек.

Қиял әдебиетінің бұл саласының маңызы қарапайым оқырманмен қатар, ғылыми дәрежелері бар байсалды оқымыстылар үшін де зор. Білімі орта дәреженің төңірегіндегі фантастиканы сүйетін оқырман бір шығармалардағы ғылыми фантастиканы ұғыну үшін ғылым жаңалықтарынан хабардар болуы тиіс. Содан келіп ғылымға құштарлық туады. Күні кеше-ақ ғылыми-фантастикалық ойды толық түсінуге мектеп физикасы мен химиясы жетіп жататын. Бүгінде Гейзенбергтің белгісіздік принциптерінен, Эйнштейннің салыстырмалылық теориясының негізгі идеяларынан, кварк, тахион және де осы тәріздес көптеген нәрселерден, атүсті болса да, мағлұмат алуы керек. Фантастиканың бұл жағы – оның үйретушілік, ұмтылдырушылық, ғылыми мәліметтер беру қабылетін айқындағыштық қасиеті.

“Таза” оқымыстылардың өзін де баурап тартып алатын қасиет фантастикалық шығармалардағы ғылым болса керек. Себебі, белгісіз статистиктердің есептеуінше, Жюль Верннің 108 ғылыми-фантастикалық идеясының 61-і жүзеге асқан, 34-і принцип бойынша жүзеге асуы мүмкін, тек қана 10-ы қате болып шыққан. Сондай-ақ, Герберт Уэллстің 86 идеясының 9-ы ғана, ал Александр Беляевтің 50 идеясының 3-і-ақ қате екен, Алексей Толстойдың “Инженер Гариннің гиперболоиды” романының алғашқы басылымдарына редакция ғылыми тұрғыдан: “Гиперболоид идеясы теория жүзінде іске аспайды”,– деп түсініктеме берген. Соңғы қырық-елу жылдың ішінде физикада ашылған сүбелі жаңалықтардың бірі саналатын лазерлер – бұдан анағұрлым ертедегі граф Толстойдың қиялынан туған гиперболидтың ізбасары екені даусыз. Мұндай жағдайларға жиі ұшырасқанымызды ғылыми фантастиканың тарихы көптеп санап бере алар еді. Мысалы, өткен ғасыр басында баспасөзде жиі көрініп жүрген қиялгер В. Никольский 1930 жылдың өзінде-ақ “Мың жылдан кейін” романында атом бомбасы тұңғыш рет 1945 жылы қолданылады деп дәл басып айтқан-ды. 1933 жылы “Жоқ жерге секіру” романында А. Беляев гитлершіл басқыншылардың радио арқылы басқарылатын ракеталармен тек Лондон емес, Нью-Йоркті де бомбаламақ ойы бар деп жазған еді. Тура он жыл өткен соң Нью-Йоркті ракетамен бомбалаудың өте құпия жоспарын В. фон Браунның сейфінен табуға болатын еді.

Фантастикамен айшықталған ғылымның көркем әдебиетте қызықты уақиғаларға душар қылған жерлері көп. Бірде америка қиялгері Роберт Хайнлайнды өкімет орындары тұтқынға алады. Оның себебі артынан анықталады. Бақса, жазушы өзінің бір фантастикалық романында тұңғыш уран атом бомбасының жасалуы мен сыналуын 1941 жылдың өзінде-ақ өте дәл басып, тура баяндап жазыпты.

Заманымыздың маңдайалды қиялгерлерінің бірі – Иван Антонович Ефремовтің “Ғылым мен ғылыми фантастика” деген мақаласында: “...Ғылыми фантастика ғылымның көзі көрмеген жолын өзінің ұшқыр қиялымен жарықтандырып, оған бағыт сілтеп отыруы тиіс” /В мире фантастики. – 9 б./, – дегені бар-ды. Осы пікір бірден-бір тура айтылған аталы сөз болса керек. Ол кісінің ғылымға да жақтасатындай иіні бар еді. Себебі: өзі ғылым докторы, биология ғылымының топонимия деп аталатын тұтас бір жаңа саласының негізін қалаушы. Соған қарағанда, ғылымды маңдай алдына қойып, ғылыми фантастиканы кейінге ысыруына да әбден болатын. Бірақ, қара қылды қақ жарып, шындықты айтып отыр.

Америкалық классик қиялгер Айзек Азимовтен де осы тәріздес лебізді естігенбіз. Жазушы әрі көптеген қисынды қиял рисалат-трактаттардың иесі, сол жанрдың ерекшелігін бес саусақтай білетін Джодит Мерилге жазған хаттарының бірінде былай дейді: “Тіпті нағыз ессіз делінген немесе бұдан бірнеше жыл бұрынырақта мүлде ғылыми негізсіз болып келген идеяларды қазір оқымыстылар байсалды зерттеу үстінде. Және, кереметтің де кереметі – сол: баспасөзде еш мысқылсыз, әзілсіз әңгімеленуде. Ғылым прогресі қаншама шалт алға жылжығанымен, ол ғылыми фантастикаға жете алмайды, жетуі мүмкін де емес” /Сонда. – 7 б./. Ал осыны айтып отырған А. Азимов – бір жағынан жазушы болғанымен, екінші жағынан бионика ғылымының профессоры. Оның бір бұрса, бүйрегі ғылымға бұрар еді. Алайда ғылымды фантастиканың алдына салғысы келмейді.

Фантастикалық шығарма жазу түсіне де кіріп-шықпаған тарих ғылымының докторы И. Бестужев-Ладаның сөзін тыңдаңыз: “Ғылыми-фантастикалық шығармалар ең әуелі ғылыми және техникалық сипатты жаңа, ерекше идеяларымен, сол идеяларды іске асыру жолындағы фантастикалық әрекеттеріне байланысты туатын жаңаша ситуациялармен бағаланады. Осы тәріздес ерекшелік бұдан былай да қиялгердің маңызды қасиеті болып саналады”. Ғылым мен фантастика достығына арналған академик-экономист Николай Федоренконың да сөзі бар. “Ғылыми-фантастикалық шығармаларда ұзақ уақытқа болжал жасау мен үйлесімді жоспарлау кезінде ретті жерінде кәдеге жаратуға болатындай әлеуметтік және ғылыми-техникалық прогресті көре білмеушілік те жиі ұшырасады. Фантастика қоғамдық-шаруашылық дамуының мүмкін жолын көрсетіп немесе, керісінше, мұндай жолдардың жалған екенін, күлкілі екенін суреттейді”, – деп біледі. Академик П. Ребиндердің ойы да осыған саяды. “Ғылыми фантастика ғылымға нағыз үгітші және насихатшылық қызмет атқара алады деп есептеймін. Шақпақ тастай бір соққанда, оқырман жүрегіне ұшқын түсіре алатын – тек сол”, – дейді академик.

Осы іспетті мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бұлардың бәрін айтқандағы біздің мақсат – ғылыми дәлдікпен жазылған фантастиканың мүмкіндігі мол екеніне, оның ғылым дамуына кәдімгідей едәуір мұрындық бола алатынына назар аудару. Бұл – факт. Ғарышқа алғаш адам ұшса да, Айға астронавтың табаны тисе де, бір адамның жүрегін екінші біреуге алып-салса да, принципі тіпті ерекше механизм жасалса да, бұдан миллиондаған жыл бұрын өмір сүрген бронтозаврдың қаңқасы табылса да... қысқасы, ғылымда әдеттегі көзге үйреншікті нәрседен бөлек, оқшау бірдеңе жасалса, оған қатысты оқымыстылар түсініктемелерінде көбіне-көп қисынды қиялды араластыра жүреді. Бұл – олардың фантастикамен санасқаны, құрметтегені. Фантастиканың қол ұшын бергенін растағаны. Тіпті мойындағаны.

Оның бір дәлелін академик А.П. Виноградовтың пікірінен табар едік. Аты әлемге әйгілі үлкен ғалым бірде былай деген: “Таяуда мен Айдың арғы бетіндегі әртүрлі жерлерге ат қоюға ұсыныс енгізетін КСРО Ғылым академиясы комиссиясының жұмысына қатыстым. Негізінде түрлі елдердің ғалымдары мен ғарышкерлерінен тұратын 500-ге жақын жаңа есімдердің арасында бірнеше жазушы-қиялгерлердің, оның ішінде Жюль Верн мен Г. Уэллстың аттары бар. Комиссия Айдағы құрылымдарға олардың есімін беріп, мәңгіге есте қалдыруды жөн көрді. Біз адамзаттың ұлы арманын сүйтіп кәдір тұттық” /Правда. – 1969. – 22 шілде/.

Адамзаттың ұлы арманының алтын бесігі саналатын қиялға қазақ әдебиеті де өзінің сүйікті нәрестесіндей қарайды. Біздің қазақ фантастикалық әдебиеті, әсіресе, “әр басқанда қадамы айшылық жерді аттаған” ғылымның болашағын болжауға көбірек назар аударады. Ғылыми қиял, болжал саласында қазақ жазушылары қазірде сан алуан идеяларды қозғап жүр. Солардың ең жиі жазылатыны – планета проблемалары. Осы салада қиялгерлеріміз Жердегі шешуін күтіп тұрған қандай мәселелерге көбірек назар аударғанын айқындау. Планета проблемаларын болжалдауда авторлардың тенденциялары қандай екенін зерделеу ойдамыз.

Фантастиканың басты міндеттерінің бірі ғылымды насихаттау екен. Демек, бұл жанрдың басқа әдеби түрлерден ерекшеленіп тұратын оқшау қасиеті де болуы тиіс. Ол, фантастика, әлгі айтқандай, ғылым, табиғаттану, жаратылыстың құпия құбылыстарын (сұрақ белгісімен) ел арасына, өз оқырмандары ортасына таратумен қатар, өзі де сол ғылымның арқасында өмірге келеді. Яғни, фантастика ғылымды туғызса, ғылым өз кезегінде фантастиканы қамшылайды. Осындай "әдеби симбиоз", яғни "ғылыми-фантастикалық әдебиет" саласының басын біріктіруге ниеттенген дәйектемеміз бірталай оқырман, оқымыстыларды елеңдетіп, солар тарапынан күдік тудыруы да әбден мүмкін. Сондықтан да нақтылы талдауға жүгінгенді мақұл көрдік…Аталмыш “әдеби симбиоз” дүниеге жаңа-жаңа келген, “бесікте құндақтаулы жатқанда-ақ”, яғни өз “өмірінің елең-алаңынан” бастап, туған планетасының қамын жей бастағаны байқалады. Былайша айқанда, фантастика қазіргідей толыққанды дәрежесіне жетер ұлы жолдың бастауында-ақ өзін қоршаған ортаның әлі де мүлде беймәлім құпияларын аңғарып, ашуға “бел шешеді”. Қазақ ғылыми-фантастика жанры осы сәттен басталған.

Қазақ ғылыми фантастикасы, басқа да әдеби жанрлар тәріздес, әуелі жұртшылықты ғылым негіздерімен етене танысуға шақыруға түрткі болуы тиіс. Ол үшін жаңашыл үн керек еді. Қазақ ғылыми фантастикасы ондай ғылым насихаткерін де тапты. Ол Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. Өзінің нақтылы тақырыбы жоқ, алғашқы жолы: "Мен адамның таппаймын өнерлісін…" деген өлеңінде "…Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып, //Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін. //Аэроплан, телефон, громофон, //Электр, радий мен магнит ісін…” – дейді. Бір қараған көзге осы жерде ақын Шәкәрім ғылым мен техниканың өткен ғасырымыздың елең-алаңындағы су жаңа жетістіктерінің, өзіне салса, – танымгері. Оқырманға салса – өлең тілімен жырлаған тәлімгер міндетін атқарып тұрған секілді. Иә, "секілді" емес, шынында да солай. Бірақ, екінші жағынан, жоғарыдағы төрт жолда ғылыми фантастика элементтері ұшырасады. Мысалы: ол жылдары медицинаның ортопедия саласында "ішек жалғау", "ерін, мұрын жамау" секілді пластикалық операциялар жасала қоймаған-ды. Оны автордың қайдан ойлап тауып жүргені? Демек, бұл өлең жолдары – ғылыми-фантастиканың еншісіндегі атрибуттар. Бұл – бір.

Екіншіден. "Осыншама өнер тауып, асқан адам, //Әлемнің қиын сырын ашқан адам". //"Ол үшін өмірге де айла табар, //Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам!.." Бұл дегеніңіз – кәдімгі кісі ағзасының белсенділігін мейлінше ұзарта түсу амалын қарастыратын медицина саласы – геронтология ғой. Ұлы дәрігер И.И. Мечников: “Табиғат әдетте адамның өмір сүру мерзімін шамамен жүз елу жылдай жасауға жаратқан. Ал, оған дейін адамның қаза табуы – сыртқы қоршаған ортаның кеселді ықпалынан болады”, – деп білген.

Шәкәрім болса, “кісі мәңгілік жасауы тиіс” демейді. Тек қана “өлмей, жетер бірталай жасқа да” дейді. Мұның өзінде де автордың өз заманынан едәуір озушылығы бар. Өйткені: Шәкәрім осы туындысын жазған тұстары қазақ ауылындағы, санақ көрсеткіштеріне жүгінсек, өмір ұзақтығы алпысты ғана алқымдаса керек. Демек, мына екі жол – ақынның ертедегі бір замандардағы, осы жұмысымыздың алдыңғы жағында қарастырылған Қорқыт атаның аңсауының рухани жалғасы тәрізді, арман, қиялы десе болар…

Бұдан былай қарай автор таза табиғат заңдарына негізделген философияға бой ұрады. Оның қабылдауынша,"бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді", "жан жоғалмас деп ойла, соны біл де", "жан тән жасар, тән жанды жарата алмас", "жан – қожа, тән дегенің –жанның құлы", "тән – терезе, қарайтын жан – иесі", "жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны"… Өз жырында автор осы тәріздес дәйектемелерді келтіре келе, "дәлелсіз сөз – соққан жел, ұшқан тозаң" екенін айтады. Сонысымен, Шәкәрім ішінде қисынды қиял элементтері ұшырасатын ғылыми-фантастикалық дүние берді дегіміз келеді…

Шәкәрімнің прозадағы, біздің бағалауымызша, эссе мәнерінде жазылған "Әділ-Мария" атты дүниесінде бізді өте-мөте қызықтырған тұстары бар. Оқу орындарынан негізгі алған әтібірлі, жүйелі, ресми білімі болмаса да, өзіне дейін өмірден өткен оқымыстылардың ойларымен танысқан үлкен зерделі Шәкәрімнің ғылыми фантастикаға жүрдім-бардым қарамағанын айқын аңғарамыз. Пікіріміздің дұрыстығына жұрттың көзін жеткізбек ниетпен, ақынның өз сөзін куәға тартып қарайықшы.


жүктеу 5,08 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау