Силлабикалық өлең жүйесі. Грек тілінде «буын» деген мағына беретін «sillabe» сөзінен бастау алатын силлабикалық өлең жүйесі де тармақтар құрамындағы буынға байланысты дараланады. Аталмыш екі жүйеге тəн айырмашылықтың мəні
мынада: метрикалық жүйедегі буын ерекшелігі дауыстылардың айтылуына қатысты болса, силлабикалық жүйеде өлең құрылысын буын саны (изосиллабизм) белгілейді. Соған сəйкес силлабикалық өлеңдер төрт буынды, бес буынды, т.с.с. болып ажыратылады. Сегіз буыннан асқан тармақтарда тармақты қысқа бөліктерге бөлетін цезура пайда болады. Латын тілінде «кесінді» деген мағынаны білдіретін цезура – қазақ өлеңіндегі бунақ ұғымына жақын. Силлабикалық өлең жүйесі, негізінен, сөзге түсірілетін екпіні тұрақты тілдерге тəн болып келеді. Өлең құрылысы силлабикалық жүйеге негізделетін тілдер қатарына ведий, авеста, балтық жағалауы халықтарының тілдері жəне славян (əсіресе, серб, хорват, чех, болгар) тілдерін қамтитын үнді-европалық тілдердің шығыс тобын жатқызуға болады. Роман тілдерінде силлабикалық өлең жүйесінің пайда болуы латын тіліндегі қысқа жəне созылыңқы буындар арасындағы айырмашылық жоғалған тұстан басталады.
Қазақ өлеңі де силлабикалық өлең жүйесіне жатады. Осы тұста айта кеткен жөн, біздің көздеген мақсатымыз əдебиеттануға байланысты негізгі ұғымдар жайында жалпы түсінік беру ғана болғандықтан , қазақ өлеңінің ерекшелігі жайында арнайы сөз етпейміз. Қазақ өлеңі жайында кеңінен мағлұмат алуға құштар талапкерлерге осы мəселе кең ауқымда, арнайы қарастрылатын еңбектерді, яғни З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, т.б. да белглі ғалым-əдебиетшілердің өлең теориясына арналған зерттеулерін оқуға кеңес береміз.
Тоникалық өлең жүйесіндегі тармақ өлшемі екпін түсетін буын санымен есептеледі, ал тармақ құрамындағы екпін түспейтін буындар саны есепке алынбайды. Яғни тоникалық жүйедегі өлшем - екпін саны (изотонизм) болып табылады. Тоникалық өлең тармақтарындағы жалпы буын саны əр түрлі болғанымен, екпінді буын саны бірдей болуы шарт. Силлабикалық өлеңге қарағанда, аталмыш жүйедегі өлеңді прозадан ажырату едəуір қиындық келтіреді. Сол себепті де тоникалық өлеңдегі тармақтарды ажыратуда аллитерация мен ұйқас үлгісіндегі дыбыстар үйлесімі жиі пайдаланылады. Ал ұйқассыз тоникалық өлеңде тармақтардағы екпінді буын саны (изотонизм) қатаң сақталады да, ұйқасқа негізделген тоникалық өлеңде изотонизм заңдылығынан ауытқушылық кездесе береді. Егер екпінді буындар арасындағы екпінсіз буындар саны ала-құла болып келсе, онда тоникалық жəне силлабо-тоникалық өлең жүйелерінің ортасындағы өтпелі өлең түрлері пайда болады да, екпін түскен буындар иктілер сияқты, ал екпінсіз буындар икт аралық интервалдар сияқты əсер етіп, өлеңде ырғаққа негізделген метр өлшемі көрініс береді.
Тоникалық жəне силлабо-тоникалық өлең жүйесіне қатысты «икт», «икт аралық интервал», «арсис», «тезис» деген де терминдер ұшырасып тұрады. Тура мағынасында алар болсақ, латын тілінде «ictus» - «соққы, екпін», грек тілінде «arsis» - «көтерілу», «thesis» - «аяқтың төмен түсуі» деп аударылар еді. Өлең құрылысына қатысты алсақ, икт немесе арсис - өлеңде ырғақ екпіні түсетін күшті буынды; тезис өлең ырғағындағы əлсіз буынды білдіретін терминдер. «Икт аралық интервал» дегеніміз де тезиспен мəндес термин.
Екпін мен буынға байланысты тоникалық өлең жүйесінің өз ішінен тағы бір түр бөлініп шығады, яғни екпінді жəне екпінсіз буындардың белгілі бір тəртіппен кезектесе келуіне негізделетін силлабо-тоникалық жүйе пайда болады. Бұл өлең жүйесінде арсис пен тезис арасы анық көрініп, басыңқы мəнді екпін тсетін буын, бағыныңқы мəнді екпінсіз буын атқарады. Əлсіз буынға екпіннің түсуі өте сирек кезедсетін жағдай болса, күшті буынға екпін түсуіне қатысты ешбір шектеу болмайды. Аталмыш жүйеге тəн белгілі өлең түрлері бар да, əр өлең түрлерінің өзіндік өлшемі жəне бар. Осыған байланысты бірер сөз. Иктілер мен икт аралық интервалдардың біркелкі қайталанып келуі бунақ деп аталады. Осы бунақ тұрғысынан силлабо-
тоникалық өлеңдер қос буынды жəне үш буынды өлшемдегі топтарға бөлінеді. Қос буынды өлшемдік өлеңдерге хорей, ямб; үш буындыларға дактиль, амфибрахий, анапест жатады. Ал буын саны бірдей аталмышөлең түрлері бір-бірінен екпін түскен буын арқлы ажыратылады. Мысалы, қос буынды ямб мен хореді алайық. Ямб үлгісінде екпін екінші буынға, хорейде бірінші буынға түсіп отырады. Ал үш буынды өлең түрлеріне тоқталсақ, дактильдегі екпін – бірінші, амфибрахийда – екінші, анапесте үшінші буынға түсіп отырады. Силлабо-тоникалық өлең құрлысы көптеген тілдерде тоникалық жəне силлабикалық жүйелер аралығында тұрғандай қабылданатын өтпелі өлең түрлерінң жасалуына да жол ашты. Бұл орайда логаэд, дольник, тактовик, ерікті өлең, т.с.с. түрлерді атауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |