158-бап. Мазмұны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы
1. Мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады.
3. Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдiк уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.
4. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемені орындаудан немесе үшiншi тұлға не мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетiмен жасасқан жағдайда, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi тұлға (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
Ескерту. 158-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi
1. Қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған мәмiле маңызсыз болады.
2. Жосықсыз бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiлені сот жарамсыз деп тануы мүмкін.
3. Осы Кодекстің 23-бабында көзделген мәмілелерден басқа, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасасқан мәміле маңызсыз болады.
4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімінсіз жасаған мәмілесін, заң бойынша оның өзі дербес жасауға құқығы бар мәмілелерді қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылатын (осы Кодекстің 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмілелеріне қолданылмайды.
5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле маңызсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiлігi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикасының бұзылуы жағдайында болғаны дәлелденсе, дауланатын мәміле болып табылады және оның қорғаншысының талап қоюы бойынша сот мәмiленi маңызсыз деп тануы мүмкiн.
6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртiбiмен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасасқан мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай бұзушылықтар туралы бiлгенi немесе бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.
Ескерту. 159-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 2007.01.12 N 225, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер
1. Оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
Ескерту. 160-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.
162-бап. Жарамсыз мәмiлелер бойынша талап қою мерзiмдерi
1. Алып тасталды- ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
2. Осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негiздер бойынша мәмiленiң жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзiмi қорлық немесе қорқыту ықпалымен мәмiле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмiленi жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын өзге де мән-жайларды бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап бiр жыл болады.
Ескерту. 162-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.03.02 N 211 Заңымен.
5-тарау. Өкілдік және сенімхат
163-бап. Өкiлдiк
1. Басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi күшiмен жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушiнiң азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн тiкелей туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлеттiк өкiлдiң (бөлшек сауда жүйесiндегi сатушы, кассир және т.б.) әрекет жасаған жағдайынан да көрiнуi мүмкiн.
2. Өкiл жасаған мәмiле бойынша тiкелей өкiлдiк берушiде құқықтар мен мiндеттер пайда болады.
3. Өкіл жеке өзіне қатысты да, сонымен бірге өзі өкілі болып табылатын басқа адамға қатысты да өкілдік берушінің атынан мәмілелер жасай алмайды.
Бұл қағида коммерциялық өкілдікке қолданылмайды.
4. Басқалардың мүдделерi үшiн болса да өз атынан әрекет ететiн адамдар (коммерциялық делдалдар, мұрагерлiк кезiнде өсиеттi орындау тапсырылған адамдар және т.б.), сондай-ақ болашақта жасалуы мүмкiн мәмiлелерге қатысты келiссөз жүргiзуге уәкiлдiк берiлген адамдар өкiлдер болмайды.
5. Сипаты жөнiнен тек жеке өзi ғана жасауға болатын мәмiленi, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегi басқа да мәмiлелердi өкiл арқылы жасауға жол берiлмейдi.
Ескерту. 163-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
164-бап. Әрекет қабiлеттiгi жоқ адамдар үшiн өкiлдiк
Әрекет қабiлеттiгi жоқ азаматтардың атынан мәмiлелердi олардың заңды өкiлдерi жасайды.
Ескерту. 164-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
165-бап. Өкiлеттiгi жоқ өкiлдiк
Мәмiле жасауға уәкiлдiк берiлмеген адамның басқа адам атынан немесе өкiлеттiгiн асыра пайдаланып жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушi осы мәмiленi кейiннен мақұлдаған ретте ғана ол үшiн азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады, өзгертедi және тоқтатады.
Өкiлдiк берушiнiң кейiннен мақұлдауы мәмiленi оның жасалған кезiнен бастап жарамды етедi.
166-бап. Коммерциялық өкiлдiк
1. Кәсiпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемi және дербес өкiлдiк етушi адам (коммерциялық өкiл) өкiлдiң өкiлеттiгi көрсетiлетiн жазбаша шарт негiзiнде, ал ол көрсетiлмеген жағдайда - сенiмхат негiзiнде де әрекет жасайды.
2. Коммерциялық өкiл сонымен бiр мезгiлде өзiнiң қатысуымен жасалатын шарттың түрлi тараптарының мүдделерiн бiлдiре алады. Бұл орайда ол өзiне берiлген тапсырмаларды кәдiмгi кәсiпкердiң ыждағаттылығымен орындауға мiндеттi.
3. Коммерциялық өкiл келiсiлген сыйақыны және өзi тапсырмаларды орындаған кезде жұмсаған шығындарын, егер өздерiнiң арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, шарт тараптарынан тең мөлшерде төлеудi талап етуге құқылы.
4. Коммерциялық өкiл өзiне белгiлi болған сауда мәмiлелерi туралы мәлiметтердi өзiне берiлген тапсырманы орындағаннан кейiн де құпия сақтауға мiндеттi.
5. Кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларындағы коммерциялық өкiлдiктiң ерекшелiктерi заңмен белгiленедi.
167-бап. Сенiмхат
1. Бiр адамның (сенiм бiлдiрушiнiң) өз атынан өкiлдiк ету үшiн екiншi адамға (сенiм бiлдiрген) берген жазбаша уәкiлдiгi сенiмхат деп танылады.
2. Мүлiкке билiк жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiлелер жасауға берiлетiн сенiмхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, нотариат куәландыруға тиiс.
3. Нотариат куәландырған сенiмхаттарға:
1) госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлердiң және өзге де адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған сенiмхаттар;
2) мемлекеттiк нотариалдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлiмдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегi осы бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған әскери қызметшiлердiң сенiмхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерi мен әскери қызметшiлер отбасы мүшелерiнiң сенiмхаттары;
3) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған сенiмхаттары;
4) халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiндегi кәмелетке толған әрекет қабiлеттiгi бар азаматтардың осы мекеменiң немесе тиiстi халықты әлеуметтiк қорғау органдарының басшысы куәландырған сенiмхаттары;
5) тергеу изоляторларында отырған адамдардың тергеу изоляторларының бастықтары куәландырған сенімхаттары теңестіріледі.
4. Хат-хабар, соның iшiнде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенiмхатты сенiм бiлдiрушi тұратын республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл әкімдері, ол жұмыс iстейтiн немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделiп жатқан тұрақты емдеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi, сондай-ақ әскери қызметшiлерге сенiмхат берiлгенде тиiстi әскери бөлiмдердiң командованиесi куәландыруы мүмкiн. Құжат жiберудi байланыс қызметкерi жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлерi арқылы жiберiлетiн сенiмхатты байланыс органдары куәландырады.
5. Үшiншi жақтар сенiм бiлдiрiлген адамға сенiм бiлдiрушi факсимилелiк және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздерiне қатысты әрекеттер жасау үшiн берiлген сенiмхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
6. Заңды тұлға атынан сенiмхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкiлеттiк берiлген өзге де адамның қолы қойылып берiледi және егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аталған тұлғаның мөрі болуға тиіс болса, осы ұйымның мөрiмен бекемделедi.
7. Ақша және басқа бағалы мүлiктi алуға немесе беруге мемлекеттiк органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берiлетiн сенiмхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтерi де қол қоюға тиiс.
8. Банкiде операциялар жасауға берiлетiн сенiмхатты және сауда саласында мәмiле жасауға берiлетiн сенiмхатты беру тәртiбi мен нысаны арнайы ережелермен белгiленуi мүмкiн.
Ескерту. 167-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық Заңымен; 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
168-бап. Сенiмхат мерзiмi
1. Сенiмхат үш жылдан аспайтын мерзiмге берiлуi мүмкiн. Егер сенiмхатта неғұрлым ұзақ мерзiм көрсетiлсе, ол үш жыл бойы, ал егер қолдану мерзiмi көрсетiлмесе, берiлген күннен бастап бiр жыл бойы жарамды болады.
2. Берілген күні көрсетілмеген сенімхат маңызсыз болып табылады.
Ескерту. 168-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
169-бап. Сенiм ауысуы
1. Сенiм бiлдiрiлген адам өзiне уәкiлдiк берiлген әрекеттi өзi жасауға тиiс. Алған сенiмхат бойынша сенiм ауыстыруға уәкiлдiк берiлген не сенiм бiлдiрушiнiң мүдделерiн қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттердi жасау сенiмiн басқа адамға аудара алады.
2. Сенім білдірілген адамның өз өкілеттігін басқа адамға беруі жөніндегі сенімхатты, осы Кодекстің 167-бабының 4 және 6-тармақтарында көзделгеннен басқа жағдайларда, нотариат куәландыруға тиіс.
Сенім білдірген адам өз өкілеттігін басқа адамға толық көлемде сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхат қоса берілуге тиіс. Сенім білдірілген адам бастапқы сенімхатта көрсетілген жекелеген өкілеттіктерді басқа адамға не бірнеше адамға сеніп беретін сенімхатқа бастапқы сенімхаттың нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Сенiм ауыстыру жөнiнде берiлген сенiмхаттың қолданылу мерзiмi ол негiзге алынып берiлген алғашқы сенiмхаттың қолданылу мерзiмiнен аспауы керек.
4. Өз өкiлеттiгiн басқа бiреуге берген сенiм бiлдiрiлген адам бұл жөнiнде сенiм бiлдiрушiнi дереу хабардар етуге және оған әлгi адам туралы, оның тұрғылықты жерi туралы қажеттi мәлiметтердi хабарлауға тиiс. Бұл мiндеттiң орындалмауынан, сенiм бiлдiрiлген адамға нақ өз әрекеттерi үшiн жауапкершiлiк жүктелетiнi сияқты, өз өкiлеттiгiн берген адамның әрекеттерi үшiн де жауапкершiлiк жүктеледi.
Ескерту. 169-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
170-бап. Сенiмхаттың тоқтатылуы
1. Сенiмхаттың қолданылуы:
1) сенiмхат мерзiмiнiң өтуi;
2) сенiмхатта көзделген әрекеттердiң жүзеге асуы;
3) сенiмхатты берушi адамның оның күшiн жоюы;
4) сенiмхат берiлген адамның одан бас тартуы;
5) өз атынан сенiмхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
6) атына сенiмхат берiлген заңды тұлғаның таратылуы;
7) сенiмхат берген адамның қайтыс болуы (оның ішінде қайтыс болған деп жариялануы), оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы;
8) сенiмхат берiлген азаматтың қайтыс болуы (оның ішінде қайтыс болған деп жариялануы), оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы салдарынан тоқтатылады.
2. Сенiмхатты берген адам сенiмхаттың немесе сенiмхатты ауыстырудың күшiн кез келген уақытта жоя алады, ал сенiмхат берiлген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келiсiм маңызсыз болады.
Ескерту. 170-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
171-бап. Сенiмхаттың тоқтатылу салдары
1. Сенiмхат берушi сенiмхаттың күшiн жойғандығы туралы (осы Кодекстiң 170-бабы) сенiмхат берiлген адамға, сондай-ақ сенiмхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi. Сенiмхат осы Кодекстiң 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетiлген негiздерге сүйенiп тоқтатылған реттерде дәл сондай мiндет сенiмхат берушi адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледi.
2. Сенiмхат берiлген адамға сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенiмхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.
3. Сенiмхат берiлген адам немесе оның құқықты мирасқоры сенiмхат тоқтатылысымен оны дереу қайтаруға тиiс.
4. Сенiмхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенiмхат бойынша басқа адамға өкiлеттiк беру де (сенiм ауысуы) күшiн жояды.
6-тарау. Мерзімдерді есептеу
172-бап. Мерзiм белгiлеу
1. Заңдармен, мәмiлемен белгiленген не сот тағайындайтын мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе сөзсiз болуға тиiстi оқиға көрсетiлiп белгiленедi.
2. Мерзiм жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
173-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң басталуы
Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң өтуi күнтiзбелiк күннен немесе мерзiмнiң басталуы белгiленген оқиға болғаннан кейiнгi келесi күннен басталады.
174-бап. Уақыт кезеңiмен белгiленетiн мерзiмнiң аяқталуы
1. Жылдармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде бiтедi.
Жарты жылмен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады.
2. Жыл тоқсандарымен есептелетiн мерзiмге айлармен есептелетiн мерзiмнiң ережелерi қолданылады. Бұл орайда бiр тоқсан үш айға тең деп есептеледi, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргiзiледi.
3. Айлармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде бiтедi.
Жарты аймен белгiленетiн мерзiм күндермен есептелетiн мерзiм ретiнде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледi.
Егер айлармен есептелетiн мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, мерзiм сол айдың соңғы күнiнде бiтедi.
4. Апталармен есептелетiн мерзiм - мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде бiтедi.
175-бап. Мерзiмнiң жұмыс iстемейтiн күнде аяқталуы
Егер мерзiмнiң соңғы күнi жұмыс iстемейтiн күнге тура келсе, содан кейiнгi ең таяу жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып саналады.
176-бап. Мерзiмнiң соңғы күнiнде әрекет жасау тәртiбi
1. Егер мерзiм қандай да бiр әрекет жасауға белгiленген болса, ол әрекет мерзiмнiң соңғы күнiндегi сағат жиырма төртке дейiн орындалуы мүмкiн.
Алайда, егер бұл әрекет ұйымда жасалуға тиiс болса, онда мерзiм осы ұйымда белгiленген ережелер бойынша тиiстi операциялар тоқтатылған сағатта бiтедi.
2. Мерзiмнiң соңғы күнiндегi сағат жиырма төртке дейiн почтаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесiне тапсырылған жазбаша мәлiмдемелер мен хабарламалар мерзiмiнде жасалған болып саналады.
7-тарау. Талап мерзімі
177-бап. Талап қою ұғымы
1. Талаптың ескiруi - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңi.
2. Талап қою мерзiмдерi және оларды есептеу тәртiбi заңмен көзделедi және оларды тараптардың келiсуiмен өзгертуге болмайды.
178-бап. Талап қою мерзiмдерi
1. Талап қоюдың жалпы мерзiмi үш жыл болып белгiленедi.
2. Талаптардың жекелеген түрлерi үшiн заң құжаттарымен талап қоюдың жалпы мерзiммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.
3. Осы Кодекстiң 177, 179-186-баптарының ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, талап қоюдың арнаулы мерзiмдерiне де қолданылады.
179-бап. Талап қоюдың қолданылуы
1. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiне қарамастан бұзылған құқықты қорғау туралы талапты сот өз қарауына алады.
2. Талап мерзiмiн сот шешiм шығарғанға дейiн дауда тарап жасаған мәлiмдеме бойынша ғана сот қолданады.
3. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.
Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар (айыптарды өндiрiп алу, кепiлдiк берушiнiң жауапкершiлiгi және т.б. туралы) бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi.
180-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Оларды бұл ережеден айыру осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Белгiленген орындау мерзiмiне байланысты мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi орындалу мерзiмi аяқталғаннан кейiн басталады.
3. Орындалу мерзiмi белгiленбеген не талап ету кезiмен белгiленген мiндеттемелер бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi мiндеттеменi орындау туралы талап қойылған кезден басталады, ал егер борышқорға сондай талаптарды орындау үшiн жеңiлдiк мерзiмi берiлсе, талап мерзiмiн есептеу аталған мерзiм аяқталғаннан кейiн басталады (осы Кодекстiң 277-бабының 2-тармағы).
4. Регрестiк мiндеттемелер бойынша талап мерзiмiнiң өтуi негiзгi мiндеттеменi орындау кезiнен басталады.
181-бап. Мiндеттемедегi адамдар өзгерген кездегi талап қою мерзiмi
Мiндеттемедегi адамдардың өзгеруi талап қою мерзiмi мен оны есептеу тәртiбiн өзгертуге әкелiп соқтырмайды.
182-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiн тоқтата тұру
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi:
1) егер талап қоюға төтенше және бұл жағдайда болмай қоймайтын оқиға (бой бермейтiн күш) кедергi жасаса;
2) мiндеттемелердiң бұл түрiн орындау Қазақстан Республикасы Президентiнiң жариялауымен кейiнге қалдырылуына байланысты (мораторий):
3) егер талапкер немесе жауапкер соғыс жағдайына көшiрiлген әскери бөлiмшелер құрамында болса;
4) егер әрекет қабiлеттiгi жоқ адамның заңды өкiлi болмаса;
5) тиiстi қатынасты реттейтiн заңдардың қолданылуын тоқтатуға байланысты тоқтатыла тұрады.
Азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзiмiнiң өтуi азаматтың зейнетақы төлемдерiн тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиiстi ұйымдарға жолдануына байланысты зейнетақы төлемдерi тағайындалғанға және/немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
2. Талап қою мерзiмiнiң өтуi, егер осы бапта көрсетiлген мән-жайлар талап мерзiмiнiң соңғы алты айы iшiнде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзiм алты айдан аспаса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде тоқтатыла тұрады.
3. Тоқтата тұруға әкелiп соқтырған мән-жайлар тоқтатылған күннен бастап талап қою мерзiмiнiң өтуi одан әрi жалғасады. Бұл орайда мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айға дейiн, ал егер талап қою мерзiмi алты айдан аспаса - талап мерзiмiне дейiн ұзартылады.
Ескерту. 182-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.06.19. N 134-I Заңымен.
183-бап. Талап қою мерзiмiнiң өтуiндегi үзiлiс
1. Талап қою мерзiмiнiң өтуi белгiленген тәртiппен талап қою, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы, сондай-ақ мiндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттердi мойындағандығын дәлелдейтiн әрекеттер жасауы арқылы үзiледi.
2. Үзiлiстен кейiн талап қою мерзiмiнiң өтуi қайтадан басталады; үзiлiске дейiн өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi.
Ескерту. 183-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
184-бап. Талапты қараусыз қалдырған ретте талап қою мерзiмiнiң өтуi
1. Егер талапты сот қараусыз қалдырса, талап қойылғанға дейiн басталған талап қою мерзiмi жалпы тәртiппен одан әрi жалғаса бередi.
2. Егер сот қылмыстық iсте қойылған талапты қараусыз қалдырса, талап қоюға дейiн басталған талап қою мерзiмiнiң өтуi талапты қараусыз қалдырған үкiм заңды күшiне енгiзiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады. Мерзiмi тоқтатыла тұрған кездегi уақыт талап қою мерзiмiне есептелмейдi. Бұл орайда, егер мерзiмнiң қалған бөлiгi алты айдан аз болса, ол алты айға дейiн ұзартылады.
185-бап. Талап қою мерзiмiн қалпына келтiру
1. Ерекше жағдайларда, талапкердiң жеке басына байланысты мән-жайлар (ауыр науқас, дәрменсiз халде болу, сауатсыздық және т.б.) бойынша талап қою мерзiмi өтiп кетуiнiң себебiн сот орынды деп таныған кезде, азаматтың бұзылған құқығы қорғалуға тиiс. Талап қою мерзiмiнiң өтiп кету себептерi орынды болып, егер ол талап мерзiмiнiң соңғы алты ай iшiнде орын алған болса, ал егер бұл мерзiм алты айға тең немесе алты айдан аз болса - талап мерзiмiнiң өтуi кезiнде танылады.
2. Белгiлi бiр iс бойынша сот шешiмiн орындаудан бас тартылуына байланысты заң құжаттарына сәйкес талапкердiң тап сол iс бойынша жаңа талап қою құқығы пайда болған ретте талап қою мерзiмi қалпына келтiрiледi және қайтадан өте бастайды.
186-бап. Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндеттердi атқару
Талап қою мерзiмi бiткеннен кейiн мiндетiн атқарған борышқордың немесе өзге мiндеттi адамның тiптi сол мiндеттi атқарған кезiнде талап мерзiмiнiң өтiп кеткенiн бiлмесе де, аталған адамның өзi атқарған нәрсесiн қайтаруды талап етуге құқығы жоқ.
187-бап. Талап қою қолданылмайтын талаптар
Талап қою:
1) заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игiлiктер мен мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау туралы талаптарға;
2) салымшылардың банкiге банктiк салымдарды беру туралы талаптарына;
3) азаматтың өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға қолданылмайды. Алайда, талап қою мерзiмi өтiп кеткеннен кейiн қойылған талаптар талап қойыла бастаған соң үш жылдан асырмай қанағаттандырылады;
4) егер меншiк иесiнiң немесе өзге заң иеленушiнiң өз құқығының кез келген бұзылуы иелiктен айыруға байланысты болмаса (осы Кодекстiң 264, 265-баптары), олардың осы құқық бұзушылықты жою туралы талабына;
5) заң құжаттарында белгiленген реттерде басқа талаптарға да қолданылмайды.
Ескерту. 187-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
II бөлiм. Меншік құқығы және
өзге де заттық құқықтар
8-тарау. Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы жалпы ережелер
Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
188-бап. Меншiк құқығы ұғымы және оның мазмұны
1. Меншiк құқығы дегенiмiз субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы.
Меншiк құқығы мәмiле жасалған кезде болған барлық жүктемелерiмен басқа адамға берiледi.
2. Меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болады.
Иелену құқығы дегенiмiз мүлiктi iс жүзiнде иеленудi жүзеге асыруды заң жүзiнде қамтамасыз ету.
Пайдалану құқығы дегенiмiз мүлiктен оның пайдалы табиғи қасиеттерiн алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзiнде қамтамасыз етiлуi. Пайда кiрiс, өсiм, жемiс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкiн.
Билiк ету құқығы дегенiмiз мүлiктiң заң жүзiндегi тағдырын белгiлеудiң заңмен қамтамасыз етiлуi.
3. Меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, өзi меншiк иесi болып қала отырып, оларға мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету жөнiндегi өз өкiлеттiгiн тапсыруға, мүлiктi кепiлге беруге және оған басқа да әдiстермен ауыртпалық түсiруге, оларға өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
4. Меншiк иесiнiң өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруы басқа тұлғалар мен мемлекеттiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға тиiс. Құқықтар мен заңды мүдделердi бұзушылық басқа нысандарымен қатар, меншiк иесiнiң өзiнiң монополиялық және өзге де басымдық жағдайын пайдаланып қиянат жасауынан көрiнуi мүмкiн.
Меншiк иесi өз құқықтарын жүзеге асырған кезде азаматтардың денсаулығы мен айналадағы ортаға келтiрiлуi мүмкiн зардаптарға жол бермеу шараларын қолдануға мiндеттi.
5. Меншiк құқығының мерзiмi шексiз. Мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн.
6. Заң құжаттарында көзделген реттерде, жағдайлар мен шектерде меншiк иесi өз мүлкiн басқа адамдардың шектеулi түрде пайдалануына жол беруге мiндеттi.
Ескерту. 188-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
189-бап. Мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығы
1. Меншiк иесi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстау ауыртпалығын көтередi және бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайды.
2. Егер мүлiк заңды түрде үшiншi жақтарда болса, олардың бөтен адамның мүлкiн күтiп ұстауға жұмсаған шығындарын, егер шартта өзгеше көзделмесе, меншiк иесi өтеуге тиiс.
Затты күтiмсiз және заңсыз ұстаған адамға мүлiктi күтiп ұстауға жұмсаған шығындары өтелмейдi (осы Кодекстiң 263-бабы).
190-бап. Мүлiктiң кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi
1. Иелiктен айырылған заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгiленбесе, сатып алушыда меншiк құқығы пайда болумен бiр мезгiлде соған көшедi.
2. Егер иелiктен айырушы адам заттарды беру мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса немесе сатып алушы оларды қабылдау мерзiмiнiң өткiзiлiп жiберiлуiне кiнәлi болса, кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүлiну қаупi мерзiмiн өткiзiп жiберген тарап көтередi.
191-бап. Жеке меншiк ұғымы және оның түрлерi
1. Жеке меншiк азаматтардың және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi ретiнде көрiнедi.
2. Заң құжаттарына сәйкес азаматтарға немесе заңды тұлғаларға тиесiлi бола алмайтын жекелеген мүлiк түрлерiнен басқа кез келген мүлiк жеке меншiкте болуы мүмкiн.
Жеке меншiкте болатын мүлiктiң саны мен құны шектелмейдi.
Ескерту. 191-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
192-бап. Мемлекеттiк меншiк құқығы
1. Мемлекеттiк меншiк республикалық және коммуналдық меншiк түрiнде көрiнедi.
2. Республикалық меншiк мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттiк республикалық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Республикалық бюджеттiң қаражаты, мемлекеттiк меншiктiң осы Кодекстiң 193-бабында аталған объектiлерi және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де мемлекеттiк мүлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қазынасын құрайды.
3. Коммуналдық меншiк жергiлiктi қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлген мүлiктен тұрады.
Жергiлiктi бюджет қаражаты және мемлекеттiк заңды тұлғаларға бекiтiлiп берiлмеген өзге де коммуналдық мүлiк жергiлiктi қазынаны құрайды.
РҚАО-ның ескертпесі!
3-1-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
3-1. Коммуналдық меншiк жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару деңгейлерi бойынша:
облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың;
аудандық (облыстық маңызы бар қала);
аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігі) болып бөлінеді.
4. Мемлекеттiк меншiктегi мүлiк мемлекеттiк заңды тұлғаларға шаруашылық жүргiзу немесе оралымды басқару құқығымен бекiтiлiп берiлуi мүмкiн.
5. Жекелеген мемлекеттік мекемелердің иелігіндегі мемлекеттік мүліктің құқықтық режимінің ерекшеліктері заң актілерімен белгіленеді.
6. Мемлекеттiк мүлiктi мемлекеттiк меншiктiң бір түрiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.
Мүлікті жеке меншіктен мемлекеттік меншікке ерікті және өтеусіз беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
6-тармақтың үшінші бөлігінің осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
Коммуналдық меншiктегi мүлiктi жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың және өзін-өзі басқарудың бiр деңгейiнен екiншiсiне беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Осы баптың ережелері, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде өзгеше көзделмесе немесе азаматтық құқықтардың мәніне қайшы келмесе, меншік құқығынан басқа, тиісінше мемлекеттік мүлікке өзге де азаматтық құқықтарға қолданылады.
Ескерту. 192-бапқа өзгерістер енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211, 1999.11.04 № 472, 2001.03.02 № 162, 2002.05.21 № 323, 2005.05.18 № 50, 2007.01.12 № 225, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.
193-бап. Жерге және басқа да табиғи ресурстарға меншiк
Жер, оның қойнауы, су, өсiмдiк және жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекеттiк меншiкте болады. Жер заң актiлерiнде белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы да мүмкiн.
Ескерту. 193-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.03.02. N 211 Заңымен.
193-1-бап. Стратегиялық объектілер
1. Қазақстан қоғамының орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оны иелену және (немесе), пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін мүлік стратегиялық объект болып табылады.
2. Стратегиялық объектілерге: магистральдық темір жол желілері; магистральдық құбырлары; ұлттық электр тораптары; магистральдық байланыс желілері; телерадио хабарларын тарату объектілері (телевизия және радио хабарларын таратудың жерүсті және жерсеріктік жүйелерінің өндірістік-технологиялық кешені); мұнайды қайта өңдеу өндірістері; қуаты кемінде 50 мегаватт энергия өндіруші объектілер; ұлттық почта тораптары; халықаралық әуежайлар; халықаралық маңызды мәртебесі бар теңіз порттары; әуе қозғалысын басқару жүйесінің аэронавигациялық құрылғылары; кемелердің қауіпсіз жүзуін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер; атом энергиясын пайдаланатын объектілер; ғарыш саласының объектілері; су шаруашылығы құрылыстары; ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары; сондай-ақ меншігінде стратегиялық объектілер бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары), меншігінде стратегиялық объектілер бар жеке және заңды тұлғалардың шешімдерін тікелей немесе жанама айқындауға немесе қабылдайтын шешімдеріне ықпал етуге мүмкіндігі бар заңды тұлғалар акцияларының пакеттері (қатысу үлестері, пайлары) жатқызылуы мүмкін.
Стратегиялық объектілер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік және жеке меншікте болуы мүмкін.
3. Стратегиялық объектілерге үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оларды иеліктен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсат беру туралы шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалатын тәртіппен мүмкін болады.
4. Азамат немесе мемлекеттік емес заңды тұлға стратегиялық объектіні иеліктен шығару бойынша мәміле жасасуға ниет білдірген, сондай-ақ стратегиялық объектіге өндіріп алу қолданылған не стратегиялық объектіні оңалтуды не банкроттықты басқарушы иеліктен шығарған не кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті (стратегиялық объектіні) соттан тыс тәртіппен өткізген не стратегиялық объектіге сот актісінің негізінде өндіріп алу қолданылған жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалған шарттар бойынша Қазақстан Республикасы стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығына ие болады.
Стратегиялық объектінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісіне сәйкес айқындалады.
Стратегиялық объектіні сатып алудың басым құқығын пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
5. Егер стратегиялық объектiге үшiншi тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салу не оны иелiктен шығару кезiнде осы баптың 3 және 4-тармақтарындағы талаптар бұзылса, мұндай мәмiлелер маңызсыз болады.
Ескерту. 193-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.08.07 N 321Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.13 N 135-IV(қолданысқа енгізілу тәртібін 3-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.22 N 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.03.2014 N 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
194-бап. Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтар
Тұрғын үйге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқықтарды жүзеге асыру ерекшелiктерi тұрғын үй заңдарымен реттеледi.
195-бап. Меншiк иесi болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары
1. Меншiк құқығымен қатар заттық құқықтарға:
1) жердi пайдалану құқығы;
2) шаруашылық жүргiзу құқығы;
3) оралымды басқару құқығы;
3-1) бөтеннің жылжымайтын мүлкін шектеулі түрде нысаналы пайдалану құқығы (сервитут);
4) осы Кодексте немесе өзге заң актiлерiнде көзделген басқа да заттық құқықтар.
2. Заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншiк құқығы туралы нормалар қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, мүлiкке меншiк құқығының басқа тұлғаға ауысуы осы мүлiкке басқа да заттық құқықты тоқтату үшiн негiз болып табылмайды.
Ескерту. 195-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211, 2007.01.12 № 225, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
9-тарау. Шаруашылық жүргізу құқығы
196-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның шаруашылық жүргiзу құқығы
1. Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және бұл мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
2. Мемлекеттік кәсіпорындардың шаруашылық жүргізу құқықтарын жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде айқындалады.
Ескерту. 196-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
197-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi
Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк бола алады.
Ескерту. 197-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
198-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату
1. Мүлiктi құрылып үлгiрген мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiткен кезде пайда болады.
2. Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiстерi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығын алуға арналған заңдарда белгiленген тәртiп бойынша кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
3. Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған реттерде тоқтатылады.
199-бап. Меншiк иесiнiң шаруашылық жүргiзудегi мүлiкке қатысты құқығы
Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктiң меншiк иесi заң құжаттарына сәйкес кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу, оны қайта құру мен тарату мәселелерiн шешедi, кәсiпорынға тиесiлi мүлiктiң өз мақсатында пайдаланылуы мен сақталуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
Меншiк иесi өзi құрған кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiндегi мүлiктi пайдаланудан келтiрiлген таза табыстың бiр бөлiгiн алуға құқылы.
Ескерту. 199-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен.
200-бап. Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру ережелерi
1. Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығында жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе меншiк иесiнiң немесе ол уәкiлдiк берген мемлекеттiк органның жазбаша келiсiмiнсiз:
1) өзiне тиесiлi үйлердi, құрылыстарды, жабдықты және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иеліктен айыруға немесе өзгеше әдiспен билiк етуге (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкілдіктер құруға, жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, олардың өзiнiң өндiрiстiк және ақша капиталын сатуға;
2-1) оған тиесiлi акцияларға (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда), сондай-ақ дебиторлық берешекке билiк етуге;
3) заемдар беруге;
4) үшiншi тұлғалардың мiндеттемелерi бойынша кепiлдеме немесе кепiлдiк беру.
2. Мемлекеттiк кәсiпорын, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, негiзгi құралдарға жатпайтын, өзiне шаруашылық жүргiзу құқығымен бекiтiлiп берiлген мүлiкке дербес билiк етедi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсіпорынның мемлекеттiк кәсіпорынның негізгі құралдарына жататын мүлiкке қатысты, сондай-ақ оған тиесілi акцияларды сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
Ескерту. 200-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.03.02 N 211, 2002.05.21 N 323, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
201-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын қатынастарға меншiк құқығы туралы ережелердiң қолданылуы
Мемлекеттiк кәсiпорындар қатысатын мүлiктiк қатынастарға егер осы Кодекстен және өзге заң құжаттарынан өзгеше туындамаса, осы Кодекстiң меншiк құқығы туралы ережелерi қолданылады.
10-тарау. Оралымды басқару құқығы
202-бап. Оралымды басқару құқығы ұғымы мен оның мазмұны
1. Оралымды басқару құқығы меншiк иесiнiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын мекеменiң, меншiк иесiнен мүлiк алушы және өз қызметiнiң мақсатына, меншiк иесiнiң тапсырмаларына және мүлiктiң мақсатына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген шекте сол мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсiпорындардың заттық құқығы болып табылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақтың осы редакциясы ҚР 11.07.2017 № 90-VI Заңына сәйкес (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін – 01.01.2018 бастап қолданысқа енгізілді (халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 01.01.2020 дейін ҚР 27.12.1994 Азаматтық кодексінің 25.12.2017 датадағы архивтік нұсқасын қараңыз).
2. Қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерді жедел басқару құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері "Мемлекеттік мүлік туралы" және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
Ескерту. 202-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 N 211, 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 90-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптың 1-т. 1) тармақшасынан қараңыз) Заңдарымен.
203-бап. Оралымды басқару құқығына ие болу және тоқтату
Оралымды басқару құқығына ие болу мен тоқтату, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстiң 13 және 14-тарауларында көзделген ережелер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 203-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
204-бап. Оралымды басқаруға берiлген мүлiктi меншiктенушiнiң құқығы
1. Оралымды басқарудағы мүлiктi меншiктенушi Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мекеме, қазыналық кәсiпорын құру, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаттарын белгiлеу мәселелерiн шешедi, мемлекеттiк мекеменiң немесе қазыналық кәсiпорынның заң жүзiндегi тағдырын, оның қызметiнiң мазмұнын белгiлеуге құқығы бар.
2. Меншiк иесi мекеменiң, қазыналық кәсiпорынның меншiк иесi берген мүлiктi тиiмдi пайдалануы мен сақтауына бақылау жасауды жүзеге асырады.
3. Мекеменi бiрнеше меншiк иесi құрған жағдайда, олардың арасындағы қатынастар мен меншiк иелерiнiң өз мүлкiне билiк жүргiзу құқықтары құрылтай шартымен немесе сол сияқты келiсiммен белгiленедi.
Ескерту. 204-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
205-бап. Меншiк иесiнiң оралымды басқаруға берiлген мүлiктi қайтарып алу және қайта бөлу құқығы
Мекемеге немесе қазыналық кәсiпорынға бекiтiлiп берiлген мүлiктi меншiктенушi, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгiленбесе, ол мүлiктi қайтарып алуға, не өзi құрған басқа заңды тұлғалар арасында өз қалауы бойынша қайта бөлуге құқылы.
Ескерту. 205-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.12.16 N 320, 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
206-бап. Мекеменің мүлкіне билік ету
Мекеме өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi иелiктен өз бетінше шығаруға немесе оған өзгеше әдiспен билiк етуге құқылы емес.
Мемлекеттік мекемелердің табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
Ескерту. 206-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
207-бап. Қазыналық кәсiпорынның және мекеменің борыштары бойынша құрылтайшының жауаптылығы
1. Қазыналық кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өз билiгiндегi ақшамен жауап бередi.
Қазыналық кәсiпорынның ақшалай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда, оның мiндеттемелерi бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауаптылықта болады.
2. Мекеменiң жауапкершiлiгi осы Кодекстiң 44-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен туындайды.
Ескерту. 207-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.12.16 N 320 Заңымен; өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
208-бап. Мекеменi меншiктену құқығының ауысуы
Мекеменi меншiктену құқығы басқа адамға ауысқан кезде бұл мекеме өзiне тиесiлi мүлiкке оралымды билiк жүргiзу құқығын сақтап қалады.
11-тарау. Ортақ меншік
209-бап. Ортақ меншiк ұғымы мен оның пайда болу негiздерi
1. Екi немесе бiрнеше адамның меншiгiндегi мүлiк оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
2. Мүлiк меншiк иелерiнiң әрқайсысының меншiк құқығындағы үлестерi белгiлене отырып (үлестiк меншiк) немесе ондай үлестер белгiленбей (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
3. Мүлiкке ортақ меншiк үлестiк меншiк болып табылады, бұған мүлiкке ортақ меншiк құру заңда көзделген реттер қосылмайды.
4. Ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сәйкес бөлiнуге жатпайды.
Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады.
5. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың келiсiмi бойынша, ал келiсiмге қол жетпеген жағдайда - сот шешiмi бойынша ортақ меншiкке осы адамдардың үлестi меншiгi белгiленуi мүмкiн.
6. Жылжымайтын мүлiкке меншiк кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкiн, бұл жағдайда жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi азаматтардың және (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншiгiнде болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкте емес бөлiктерi ортақ үлестiк меншiк құқығымен жылжымайтын мүлiк бөлiктерiнiң иелерiне тиесiлi болады.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесi оның жылжымайтын мүлiктiң өзiне тиесiлi бөлiгiне бөлек меншiгiнен ажырағысыз.
Әрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дәрежесi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлiктiң дара (бөлек) меншiктегi бөлiктерiнiң мөлшерiне байланысты болады.
Кондоминиумның әр алуан түрлерiнiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалуы мүмкiн.
7. Инвестициялық пай қорының активтерiне ортақ үлестiк меншiктiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң актiсiмен айқындалады.
Ескерту. 209-бапқа өзгерту енгiзiлдi – ҚР 1998.03.02. N 211, 2004.07.07. N 577; 04.07.2018 № 174-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
210-бап. Үлестiк меншiк құқығындағы үлестi анықтау
1. Егер үлестi меншiкке қатысушылар үлестерiнiң мөлшерi заң құжаттары негiзiнде анықталуы және оған барлық қатысушылардың келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн болмаса, үлестер тең деп саналады.
2. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келiсiмiмен олардың әрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
211-бап. Үлестi меншiкке қатысушының оны жақсартуға байланысты құқықтары
1. Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тәртiбiн сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.
2. Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
212-бап. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету
1. Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiкке әрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не осы Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
213-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану
1. Үлестi меншiктегi мүлiктi иелену және пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келiсiмге келмеген жағдайда - сот белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне және пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда - өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн және пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы.
214-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар
Үлестi меншiктегi мүлiктi пайдаланудан алынатын жемiстер, өнiмдер мен табыстар ортақ мүлiктiң құрамына келiп түседi. Жемiстiң, өнiм мен табыстың одан кейiнгi бөлiнуi, үлестi меншiктiң қатысушылары арасында, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерiне сәйкес жүргiзiледi.
215-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктi күтiп ұстауға байланысты шығындар
Үлестi меншiктiң әрбiр қатысушысы ортақ мүлiк бойынша өз үлесiне сәйкес салықтар, алымдар және өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтiп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға мiндеттi.
216-бап. Сатып алудың басым құқығы
1. Үлестi меншiк құқығындағы үлестi бөгде адамдарға сату кезiнде сатылатын үлестi оның сатылатын бағасы бойынша және жария саудаға салып сату реттерiнен басқа тең жағдайларда үлестi меншiктiң қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады.
Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келiсiмi болмаған жағдайда үлестi меншiк құқығындағы үлестi сату үшiн жария саудаға салу осы Кодекстiң 222-бабының 2-тармағында көзделген реттерде және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Үлесiн сатушы оның сату бағасын және оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлестi меншiктiң басқа қатысушыларына өз үлесiн бөтен адамға сату ниетi туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. Егер үлестi меншiктiң басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығындағы сатылатын үлестi бiр ай iшiнде, ал басқа мүлiк жөнiнен - хабар алған күннен бастап он күн iшiнде сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген адамға сатуға құқылы.
3. Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлестi меншiктiң кез келген басқа қатысушысы үш айдың iшiнде сотта өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды талап етуге құқылы.
4. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқа бiреуге беруге рұқсат етiлмейдi.
5. Осы баптың ережелерi айырбас шарты бойынша үлестi иелiктен айыру кезiнде де қолданылады.
6. Осы баптың ережелері стратегиялық объектілерді иеліктен шығару жағдайларына қолданылмайды.
Ескерту. 216-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.08.07. N 321(ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
217-бап. Үлестi меншiк құқығындағы үлестiң шарт бойынша сатып алушыға ауысатын кезi
Үлестi меншiк құқығындағы үлес, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, шарт жасасқан кезден бастап шарт бойынша сатып алушыға ауысады.
Мемлекеттiк тiркеуге немесе нотариат куәландыруға тиiстi шарт бойынша үлестi меншiк құқығындағы үлестiң ауысатын кезi осы Кодекстiң 238-бабының 2-тармағына сәйкес белгiленедi.
218-бап. Үлестi меншiктегi мүлiктiң бөлiнуi және одан үлестi бөлiп шығару
1. Үлестi меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасындағы келiсiм бойынша өздерiнiң арасында бөлiнуi мүмкiн.
2. Үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп шығаруды талап етуге құқылы.
3. Үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың әдiстерi мен шарттары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы.
Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы.
4. Осы бап негiзiнде үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сәйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.
Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай және ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келiсiмi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес өтем алғаннан кейiн меншiк иесi ортақ мүлiктегi үлеске құқығын жоғалтады.
6. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында жазылған қағидалар бойынша ортақ мүлiктi бөлу немесе одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған кезде сот мүлiктi жария сауда-саттықта сату, одан түскен соманы кейін ортақ меншiкке қатысушылар арасында олардың үлестерiне мөлшерлес бөлiп беру туралы шешiм қабылдайды.
Ескерту. 218-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
219-бап. Ортақ бiрлескен меншiк
1. Ортақ бiрлескен меншiк:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) шаруа қожалығы мүшелерiнiң ортақ меншiгi;
3) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде болады.
2. Заң құжаттарында ортақ бiрлескен меншiктiң басқа да түрлерi көзделуi мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiк, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады және қолдануда болады.
Ескерту. 219-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
220-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету
1. Бiрлескен меншiкке қатысушылар, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлiктi бiрлесiп иеленедi және пайдаланады.
2. Мүлiкке билiк ету жөнiндегi мәмiленi қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.
3. Егер барлық қатысушылардың келiсiмiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың әрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мәмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мәмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мәмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дәлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куәландыруын немесе мемлекеттiк тiркеудi керек ететiн мәмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мәмiле жасауға келiсiмi нотариалдық тәртiппен расталуға тиiс.
4. Егер осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбесе, осы баптың 1-3-тармақтары қолданылады.
221-бап. Бiрлескен меншiктегi мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару
1. Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың әрқайсысының ортақ мүлiкке құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
2. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актiлерiмен немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.
3. Ортақ мүлiктi бөлу және одан үлестi бөлiп шығару негiздерi мен тәртiбi осы Кодекстiң 218-бабының ережелерiмен белгiленедi, өйткенi ол осы Кодекспен, басқа да заң құжаттарымен бiрлескен меншiктiң жекелеген түрлерi үшiн өзгеше белгiленбеген және бiрлескен меншiкке қатысушылар қатынастарының мәнiнен туындамайды.
Ескерту. 221-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
222-бап. Ортақ мүлiктегi үлестен ақы өндiрiп алу
1. Үлестi немесе бiрлескен меншiкке қатысушыға несие берушi қатысушыда басқа мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда борышқордың ортақ мүлiктегi үлесiн одан ақы өндiрiп алу үшiн бөлiп беру туралы талап қоюға құқылы.
2. Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
3. Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сәйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
223-бап. Ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi
1. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестi меншiгi болатыны, не олардың әрқайсысына тиесiлi немесе меншiк құқығында тиiстi бөлiктерде ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады.
2. Ерлi-зайыптылардың некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезiнде сыйға тартылған немесе мұрагерлiк тәртiппен алған мүлкi олардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.
Қымбат бағалы және басқа әсемдiк заттарын қоспағанда, жеке пайдаланудағы заттар (киiм-кешек, аяқ киiм және т.б.), некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ қаражатына сатып алынғанымен, оларды пайдаланған жұбайдың меншiгi деп танылады.
Егер некеде тұрған кезде ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiнiң есебiнен сол мүлiктiң құнын едәуiр арттырған қаражат жұмсалғаны (күрделi жөндеу, қайта жаңғырту, қайта жабдықтау және т.б.) анықталса, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi олардың бiрлескен меншiгi деп танылуы мүмкiн.
3. Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша жаза өз меншiгiндегi мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкiндегi өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн.
4. Ерлi-зайыптылардың ортақ бiрлескен меншiк құқықтарының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы заңдарымен белгiленедi.
Ескерту. 223-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
224-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының меншiгi
1. Шаруа қожалығының мүлкi, егер оның мүшелерiнiң арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, оларға бiрлескен меншiк құқығында тиесiлi болады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде жай серiктестiк нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкi оның мүшелерiне ортақ үлестiк меншiк құқығында тиесiлi болады.
Өзiндiк кәсiпкерлiкке негiзделген фермер қожалығының мүлкi оған жеке меншiк құқығында тиесiлi болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң меншiгiнде жер учаскелерi, жер учаскесiндегi екпелер, оның iшiнде жеке орман қорындағы екпелер, ерiксiз және (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлiп, ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған және өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық және басқа да құрылыстар, өнiм беретiн және жегiн мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған және өзге де техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, құрал-саймандар және қожалық мүшелерi берген және (немесе) қожалық үшiн оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлiк болуы мүмкiн.
3. Шаруа немесе фермер қожалығының қызметi нәтижесiнде алынған жемiстер, өнiм мен кiрiстер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң ортақ мүлкi болып табылады және олардың арасында келiсiм бойынша пайдаланылады.
Ескерту. 224-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
225-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiн бөлу
1. Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк осы Кодекстiң 218 және 221-баптарында көзделген ережелер бойынша бөлiнуге тиiс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сәйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде бiрлескен меншiк құқығындағы шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, қожалық мүлкiне үлестерi тең деп танылады.
Ескерту. 225-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 225 Заңымен.
226-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын шаруашылық серiктестiгi немесе кооператив етiп қайта құрған кездегi мүлiктiң құқықтық режимi
1. Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа немесе фермер қожалығының заңды тұлға ретiнде шаруа немесе фермер қожалығының мүшелерi өзiне салымдар және басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нәтижесiнде алынған және заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
2. Шаруа немесе фермер қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi осы Кодекстiң 218-бабында немесе 225-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша белгiленетiн шаруа немесе фермер қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
Ескерту. 226-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. № 225 Заңымен.
227-бап. Жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңнамасына сәйкес жалдаушы сатып алған немесе тегiн алған мемлекеттiк тұрғын үй қорының үйiндегi тұрғын жай, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жалдаушының және онымен бiрге тұрақты тұратын отбасы мүшелерiнiң, соның iшiнде кәмелетке толмаған және уақытша тұрмайтын мүшелерiнiң бiрлескен меншiгiне көшедi.
Жекешелендiрiлген тұрғын үйге бiрлескен меншiк құқығының ерекшелiктерi тұрғын үй қатынастары туралы заң актiлерiнде белгiленедi.
Ескерту. 227-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 1998.03.02 № 211, 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
12-тарау. Бірлескен қызмет туралы шарт
(жай серiктестiк)
228-бап. Жай серiктестiк
1. Жай серiктестiк бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылады.
Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) бойынша тараптар табыс табу немесе заңға қайшы келмейтiн өзге де мақсатқа қол жеткiзу үшiн бiрлесiп әрекет жасауға мiндеттенедi.
Жай серiктестiк заңды тұлға болмайды.
2. Бiрлескен қызмет туралы шарт (жай серiктестiк шарты) азаматтардың, азаматтар мен заңды тұлғалардың арасында, заңды тұлғалар арасында жасалады (консорциум).
3. Жай серiктестiк қатысушыларының бiрлескен қызметi туралы шартқа байланысты мiндеттемелерi, егер бiрлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, үшiншi жақтар алдында ортақ болып табылады.
Ескерту. 228-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |