Зертханалық жұмыстар
Мәтіннен жергілікті сөйленістерді тауып, оларды лексикалық, лексика-семантикалық, грамматикалық, фонетикалық, этнографиялық диалектизмдер түрлеріне қарай топтастырыңыз. Олардың көркем шығарма тіліндегі стильдік қолданысына назар аударыңыз.
Ол шақта Москва бару біздерге ғана емес, бүкіл ауыл-аймаққа қол жетпес арман, мәңгі ұстатпайтын сағым сияқты болатын. Қарасу ұрттасаң, қайта құсатын легеніңді жастап, көрер таңды көзіңмен атқызатынсың. –Барсам ба деп ем ораза күні де келіп қалды, қайдам, әкем.... – деп қасындағы Жабағыға көзінің бір қырын салып қойды (Қ.Сланов). Е, бұ да бір ағайын. Ныспысы - Әурен. Осы елдің ат үстіндегі азаматтарының бірі. Қалада қызмет атқарады. Еліне демалысқа келіп жатыр екен, маған көрісе келіпті. Не болса содан секем алатын кіділігі де бар (Ә.Нұрпейісов). Құсы да, иесі қоразданар (Абай). Клуб пен қоспақ дүкеннің жарлары қорасан шыққан адамның бетіндей қожыр-қожыр, итарқалап жапқан төбесінен төмен сорғалаған жырашықтар тәрізді осылып жатыр (Х.Есенжанов). Күз түсіп, өзенге шәуіш жүре бастағаннан бері бұл үйге біздің құлағымыз үйреніп болған-ды (Ә.Сәрсенбаев). Түніменен «соқыр теке» деп жүргенде, құжантық ілінбес шарқатыңа (Қ.Сланов). Қара кемпір арқасындағы ішіне түйе жүн салып сырыған пүліш жадағайын баласының иығында бір уыс боп бүрісіп жатқан келінінің иығына жапты (Ә.Кекілбаев). Шашым бапайын-сапайын болып кетіпті. Ешнәрсені елемей, далдың-дүлдің жүре береді. Төлеген ыпы-тыпы атқа мінді. Ырысбек домбыраны қолына алып, мұңлы әнге баса жөнелді. Апам сағы сынғандай тұнжырап, қабағы кіртиіп, бет-аузының ажымдары көбейіп мүлде аянышты болып кетті. Әйтпесе біздің жағдай мүлдем басқадай болар еді ғой, кім біледі, мүмкін аштан қатар едік (С.Мұратбеков). Анау ақар-шақар шыңдар да, мынау ирек-ирек жолдар да әлдене деп ымдайтындай.Әлгі аталған елдімекендер атты кісіге бір шалап ішім ғана жерде тұрса да, біз мынау жан-жаққа тармақ-тармақ шашырап жатқан жолдар дүниенің төрт бұрышына түгел тарап кеткендей көретінбіз (Ә.Кекілбаев). Азанда жауған ақша қар мәрмәр ұнтағындай таза, күннің көзі түсіп еді сынапша жылтылдап, жабырқау тартқан өңірдің бойына қан жүгіртті. Аруананың өлімін Жандос қатты азалады (О.Бөкей). Атаман «Нар идірген» күйін ойнар алдында: «Ботасы өлген тұмса нар күні-түні зарланып, иімей қойған екен. Ұнға қолы жетпеген қыр кедейлері құмаршық дәнін диірменге тартады да, нан етіп жейді. Ұнталаған құмаршықты ұртымызға толтырып алып, талмай бастадық (Ә.Сәрсенбаев). –Сен тағын, тағын бастадың ба?! Қанша үрмет қысам да бармай-ақ қойдың ғой, жүдә? (М.Әуезов). Жаман туыстан жақсы қоңсы артық. Ауыз – дарбаза, сөз – самал, Құдай ұрғанға не амал.
Мәтіннен арнаулы сөздерді тауып, олардың терминдік мағынасын жалпыхалықтық қолданыстағы сөздер мен терминдердің семалық құрылысындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерін саралай отырып жазыңыз, кәсіби сөздерді қолданылу түріне (әдеби, диалектілік) қарай саралаңыз.
Үлгі:
Сортаң батпақты жерлердегі зауырларды тазалау, тереңдету, жаңадан зауыр қазу жаңа су арықтарын тазалау жұмыстарын суық түскенге дейін бітетін етіп, ерте бастау керек. Мақта жерлерін дер кезінде зәб айдаумен қамтамасыз ету үшін, мақта теру жұмысы бітісімен-ақ қозапаясын жинап алу керек. Пішендік жоңыршқадан да, тұқымдық жоңыршқадан да мол түсім алу үшін жоңыршқа егуге белгіленген жерлер міндетті түрде шым аударғышы бар соқамен зәб айдалынуы тиіс (Газет материалдары). Бұлардың гарнирлері де әр түрлі болмай, бірыңғай вермишель, қарақұмықтан жасалады. Құмсыз жер болмас, балберкісіз ау болмас (мақал). Қолында бір уыс бидай. Председательдің айтуы бойынша, бір масақтан түскен бидай. Ал соның ішінде бес−алты тал қара бидай жүр. Ұзын қабырғада үш қатар қойманы толтырып тұрған шыны ыдыстары, түрлі түтіктері, ерітінділері мен сілтілері бар кішкене лабораторияға үш қыз келіп кірді. − Болған фактіні құр қағазға түсіргенімен ештеңе де шықпайды. Бұл үшеуі көп күндердің ұзақ сағаттарын лабораторияда өткізумен, талай‐талай тәжірибелер жасаумен шайыр майының құрамында қара май мен балауыздың, бояу, тағы басқа заттардың барын анықтады. Қорытынды жасау керек. Айталық, қара майдан лак пен сүргіш жасауға болады. Ал майлы балауызды сабын мен шырақ майын жасау өндірісіне қолданып жүр. Егер соларын ажыратып алса, бұл шөптің пайдалы шөп екеніне дау жоқ (С.Шаймерденов). Ал жазықтар аралығында платформа қалқандарына сәйкес келетін Гвиана, Бразилия таулы үстірттері орналасқан. Оңтүстік Америка жері пайдалы қазбаларға өте бай. Шығыстағы таулы үстірттердің қойнауларында темір, марганец, уран кендері, никель, алмас пен алтынның, ал ойпаттарда мұнай, табиғи газ, тас көмірдің ірі кен орындары бар. Тірі ағзалардың барлығына тән қасиет − жасушадан құралады. Жасыл өсімдіктердің қалай қоректенетіні естеріңде ме? Ауадан − көмірқышқыл газ, топырақтан − су және минералды заттарды сіңіреді. Теңіз түбінде мекендейтін маржан тапжылмай бекінген орнынан қозғалып жүрмей−ақ өмір сүреді. Жоталардың жан−жағын қоршай, теңдессіз өте үлкен алқапты қамтитын терең ойыстар − қазаншұңқырлар орналасқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасы бойынша, денсаулық дегеніміз ағзада аурудың не болмаса физикалық кемістіктің жоқтығы ғана емес, ол табиғи (физикалық), рухани және әлеуметтік толық аман-есендік (мектеп оқулықтарынан). Сүйекті көп сақтауға тропикалық ыстық мұрсат бермейді. Апыл-ғұпыл дөрекі жонылған табыт оның денесін аралдың қызғылт топырағы астына алып кетті. Жалғыздықтың, жалқылықтың белгісіндей оқшаулана жас мола томпиды. Шар жылтырақ болаттан жасалған. Қабырғасының қалыңдығы 1,0 см − 1,14 см-ге дейін. Салмағы 9,67 килограмм. Диаметрі 20,22 см. Кейбір жерінде жырылған із және кішкене томпайған дөңес бар. Қосылған жері мүлде байқалмайды. Зерттеу барысында шардың ішінде көптеген дөңгелек бірдеңелер бар екені анықталды. Шардың магниттік қасиеті бар. Және ол екеу ғана емес, үш немесе төртеу болуы да мүмкін. Шардан пайда болатын магниттік өріс тоқтаусыз қозғалыста, бірде күшейіп, бірде төмендеп тұрады. Шардың қозғалысы дыбысқа тікелей қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |