МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ
Кәрімбек Құрманәлиев ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану
ғылымдары академиясы, Астана, Қазақстан.
Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы уақытта да, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғаса беретіндігі, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруі үшін осы бастан кірісуіміз керектігі, сондай-ақ терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екендігі қадап айтылды.
Көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың 75 жылдығына орайластырып өткізіліп отырған «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері» атты халықаралық конференцияның ғылыми бағытымен қатар, практикалық мәнінің зор екендігін ескере отырып, мемлекеттік маңызы зор жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты өзіміздің көзқарасымызды білдіріп, Елбасы көрсеткен міндеттерді іске асыруда бірінші кезекте қолға алынатын іс-шараларға тоқталғанды жөн көрдік.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу туралы бұған дейін де әңгіме қозғалған болатын. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдардан бері, яғни тәуелсіздік алған кезден бастап, түркі тілдес халықтардың латын қарпіне көшу мәселесі көтеріліп келеді.
Елбасымыз 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында қазақ тілін латын графикасына ауыстыру бойынша зерттеулер жүргізіп, латын қарпіне көшкен түркі тілдес мемлекеттердің тәжірбиесін жинақтап, ұсыныс енгізуді тапсырған болатын. Іле-шала Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Премьер–Министр басқаратын Мемлекеттік комиссия құрылып, нақтыланған іс-шаралар жоспары бекітіліп, Білім және ғылым министрлігі осы мәселе бойынша негізгі жауапты мемлекеттік орган ретінде айқындалған еді. Жоғары білім беру департаменті мен ғылым комитеті бірлесіп, біршама іс атқарған болатын. Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерінен құрылған құзіретті комиссия түркі тілдес мемлекеттерге іс-сапарға шығып, ол елдердегі латын қарпіне көшу тәжірибиесін зерделеген болатын. Жүргізілген кешенді зерттеулер Білім және ғылым министрлігінде талқыланып, талдау қорытындысы Үкіметке жолданған-ды.
Өткенді еске алып, тарихқа көз жүгіртіп отыруымыздың себебі – көтеріліп отырған мәселеге тікелей қатысты екенін еске сала кеткіміз келеді. Ол кезде латын әліпбиіне қашан өту керектігі туралы нақты саяси шешім қабылданбағандықтан, ғалымдар тек ұсыныс деңгейінде ғана шектелген еді. Ал, Елбасы өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшу үшін дайындыққа осы бастан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», - деп өту мерзімін нақтылап берді.
Бұл мәселеде түпкілікті саяси шешім қабылданғандықтан, кейбіреулер айтып жүргендей, латын қарпіне өтеміз бе, өтпейміз бе деген пікірлерді талқыға салмай, латын қарпіне қалай көшеміз деген күн тәртібіндегі мәселеге өзіміздің ұстанымымызды жеткізгіміз келеді.
Соңғы кезде ақпарат құралдарында осы мәселеге байланысты ой – пікірін білдіргендердің ішінде тікелей Елбасына қарайтын немесе Үкімет басшысы жетекшілік ететін Мемлекеттік комиссия құру жөнінде ұсыныстар жариялануда. Осыған байланысты мыныны айтқымыз келеді. ҚР Үкіметі жанындағы Премьер–Министрдің өзі тікелей басшылық ететін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру туралы комиссияның құзіретіне латын қарпіне өту мәселесін үйлестіруді де берген жөн болар. Өйткені, бұл Комиссияның құрамына Білім және ғылым, мәдениет және ақпарат, әділет, қаржы министрлерімен қатар, елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, депутаттар, тілші–ғалымдар және республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген. Міне, осы комиссияның жанынан латын әліпбиіне көшу мәселесімен көптен бері шұғылданып жүрген, бірінші кезекте, тілші–ғалымдардан, әдебиетшілерден, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен жасақталған Жұмысшы тобын құру керек те, оларға нақты тапсырмалар жүктелуі тиіс.
Атқарылатын іс-шаралардың нақтылығына аса зор мән берілуі керек. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, жұмысты жоғарыда айтылған комиссия құрамын жасақтау мен оның құзыреттілігін анықтап алуымыз керек. Өйткені, алға қойған мақсаттарға жету үшін тиянақты жоспарлар түзілу керек.
Міндеттер айқындалып, оларды жүзеге асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздері нақтыланып, жауапты мемлекеттік органдар айқындалу керек. Екіншіден, латын әліпбиі жобасын ұсынатын мерзімді нақтылау керек. Бұл жерде жалпақшешейлікке жол беріп, кез-келген ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауда сақ болу керек. Себебі, соңғы кездері БАҚ – да ұйымдастырылған пікір-таластар, газет-журналдарда жарияланып, теледидардан көретілуде. Осындай іс-шараларда оқырман да, көрермен де латын әліпбиіне «ертең-ақ өтіп кетуге болады», «биыл өтуіміз керек», «үстіміздегі оқу жылы басталысымен» т.с.с. ұсыныстарды қардай боратып жатыр. Мұндай жолды тиімді деп есептей алмаймыз. Біздің ойымызша, латын әліпбиіне көшу – зор жауапкершілікпен, тиянақты дайындықпен іске асырылатын мемлекеттік мәні зор мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, Елбасының Жолдауын іске асыруға байланысты Ұлттық жоспардың жасалғанын, осы жоспарда көтеріліп отырған мәселенің орындалу кезеңдері, жауапты мемлекеттік органдардың белгіленгенін еліміздің республикалық ресми басылым беттерінде жариялау керек. Мәселен, латын әліпбиіне көшу туралы ұйымдастыру мәселесін қарастыру Мәдениет және ақпарат министрлігіне ағымдағы жылдың маусым айына дейін тапсырылған. Ендеше, асығып-аптығып, «ертең көше салайық» дегендерге мемлекеттік бағыт-бағдардан хабардар етсек, олар ондай асығыс ұсыныс жасамаған болар еді. «Ақпаратты меңгерген адам - әлемді билейді» деген әдемі сөз бар. Сондықтан, жұртшылықты дер кезінде мемлекет жоспарымен де хабардар етіп отырсақ, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Ал, енді қазақ жазуын латын қарпіне көшіруде атқарылатын іс-шараларға нақты тоқталайық. Үкімет белгілеген жоғарыда көрсетілген мерзімге осы күнге дейін жиналған латын әліпбиіне қатысты 100-ге тарта жобасын сараптамадан өткізуді тезірек қолға алу керек. Мақаланың басында айтып өткеніміздей, Президенттің 2006-шы жылы латын әліпбиіне көшу жөнінде берген тапсырмасы негізінде Білім және ғылым министрлігінің лингвистикалық, педагогика-методикалық, әлеуметтік-психологиялық, экономикалық және саяси тұрғыда кешенді түрде әзірлеген ғылыми-сараптамалық талдауларды басшылыққа ала отырып, содан бергі 5-6 жыл ішіндегі еліміздегі экономикалық жаңғыртуға байланысты орын алған оң өзгерістерді негізге ала отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігі кешенді жұмыс-жоспарын түзсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің айтып отырғанымыз, орындалған жұмысты одан әрі мазмұндылығымен толықтыра түссек, біз уақытты да ұтар едік, әрі ел күтіп отырған, Елбасы тапсырған міндеттің дер кезінде үдесінен шығар едік.
Мемлекеттік комиссияның құрамы анықталғанға дейін, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жинақталған жобалардың ішінен 10 шақты нұсқасын сұрыптап алып, талқыға салған жөн болар еді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, 100-ге тарта жобаны ұсынып, жұртшылықты дүрліктірудің қажеті шамалы. Өзіміз араласып, ұсынылған жобалардан хабардар болған соң айтып отырмыз. Көпшілікке түсінікті болу үшін, жобалардың негізгі - негізгі тұжырымдарына тоқталсақ, төмендегі ұсыныстарды байқауға болады. Жобалардың ішінде, латын қарпіне ауыстырғанда қазақтың төл дыбыстарына негізделуін талап ететіндер, А.Байтұрсыновтың әліпбиі негізінде жазылса дұрыс болар еді дейтіндер, компьютердің клавиатурасындағы 26 латын әріпіне 42 әріпті сыйдыру жағын жақтайтындар, латын әліпбиінің негізгі нұсқасын алып, үндестік заңына байланысты бірлескен әріптермен жасау қиын емес дейтіндер, кейбір тілдердегі сияқты дыбыстарды 2-3 әріптермен берейік дейтіндер, төл дыбыстарға жаңа символдар дайындауды ұсынатындар, төл дыбыстарды белгілеу үшін төбесіне нүкте, үтір, сызықша сияқты белгі қоюды қалайтындар, сондай-ақ түркі жұртына ортақ 34 таңба үлгісін ұсынған ұсынымдарды іріктеп алдағы уақытта құрылатын Мемлекеттік комиссияға тілші-ғалымдардан жасақталған Сараптамалық жұмыс тобының қорытындысы ұсынылып, ол мақұлданған соң ғана ақпарат құралдарында жарияланғаны дұрыс.
Латын әліпбиіне көшу мәселесіне жауапты мемлекеттік органдар апта сайын болмаса да, айына бір рет қоғамдық пікірлерді жұртшылыққа жариялау мақсатында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп және бұл салада қолға алынып жатқан іс-шаралардан хабардар етіп отырса, халықтық іске көпшілік те өздерінің ой-пікірлерін жеткізіп, насихат жұмыстары өз дәрежесінде жүргізілер еді. Олай дейтініміз, БАҚ-тарда жарияланған мақалалардың көпшілігі – латын әліпбиін ресми бекіткен күні бәріміз қазақ әліпбиімізді бір уақытта латын қарпіне көшіріп жіберетіндей әсер қалдырады. Шын мәнінде олай емес екендігін, қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуіміз керек.
Мемлекеттік маңызы зор бұл мәселе бойынша арнайы Мемлекеттік бағдарлама қабылданып, латын қарпіне көшу кезеңдері нақты көрсетіліп, қаржыландыру жолдары, оның экономикалық негіздері жасалып, әр кезеңдерге арналған нақты міндеттерді іске асыратын мемлекеттік органдардың жауапкершілігі тиянақталып, толық жаңа жазуға көшу мерзімі көрсетілетіндігі жайлы бүгіннен бастап жазылуы да керек, айтыла беруі де керек. Қорыта айтқанда, көпшілікке ақпараттық мәліметті дер кезінде жеткізуді қамтамасыз етуіміз тиіс. Сонда ғана, қолға алынып отырған күрделі мәселеде пікір таласты азайтып, нақты бір бағытта жүргізуге мүмкіндік туар еді.
Елбасымыз Жолдауда: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін бір жола шешу қажет» деп үлкен міндеттер жүктеді. Шынында да, Елбасы айтқандай терминология бойынша бізде әлі даулы мәселелер жетерлік. Бізде пуризм ағымын ұстанып, бұрынғы француздар секілді бірде бір шет тілі сөзін алмаймыз деп, терминнің бәрін аударып алу бағытын ұстанатындар да кездеседі. Осындай мақсатпен кезінде халықаралық терминдердің кейбіреулерінің орынсыз баламамен берілгендерін айтуға болады. Мәселен, телефонды – сымтетік, музейді – мұражай, телеграмма – жетел хат, балконды – қылтима, ресторанды-онда ас беру рәсімін де өткізетіндігімізге қарамастан - мейрамхана деп аударып алдық. Бұл мәселенің орынды шешілу жолдарын қарастыру мақсатында ғылыми отырыстарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық пікір тудыру мақсатында өз ой-пікірімізді кезінде білдірген болатынбыз. Халықаралық терминдерді қазақшаға аударуда басшылыққа алатын ұстанымдарды жариялағанбыз. Біз халықаралық терминдерді аудару ісінде өте мұқият болу керек екендігін ескерткенбіз. Жұртты шатастырмау жағын көп ойластыру керектігін айтқанбыз. Енді бұл мәселеге Елбасының өзі араласып отыр. Мұның өзі терминжасам мәселесінің аса күрделігін аңғартса керек.
Күнде өзгеріп, жылдам дамып жатқан қоғам өміріндегі өзгерістерге сәйкес, тіліміздегі терминдер қолданысы да өзгерістерге ұшырап отыруы заңдылық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ең басты жолдарының бірі- оны ғылым мен техника тілі ретінде одан әрі дамыта түсу және салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды бір жүйеге түсіру, ретке келтіру мен жетілдіру болып табылады.
Жеке ғылым салаларының терминдерінің қамтитын түрлі ғылым салалары бойынша құрастырылған сөздіктер саны кейінге жылдары арта түскенін байқауға болады. Әрине, бұл-қуанарлық жағдай. Бірақ әр кезеңде жарық көрген кез–келген терминологиялық сөздіктер теориялық лексикография талаптарына толық жауап береді деп айтуға әлі ерте.
Жарық көрген терминологиялық сөздіктердің кемшіліктері ретінде, кең қолданысқа ие бола алмаған, сәтсіз жасалған терминдердің сөздіктерге еңгілізіп кетуін, халықаралық терминдерді қазақшалағанда 2-3 нұсқасын қоса беру, терминдердің әр сөздікке әр түрлі нұсқада енгізілуі , сондай-ақ, Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілмеген, мамандардың жеке өзінің бастамашылдығымен басылып кеткен сөздердің көп екендігі байқалады. Айтқан кемшіліктерді жою үшін, келешекте жарық көретін терминлогиялық сөздіктерді жасау тұжырымдамасы, жаңа үлгідігі сөздіктер түзуде қандай ұстанымдарды басшылыққа алу керектігі және халықаралық терминдердің қазақша баламаларын қолданысқа түсіруде қандай ұстанымға иек артуымыз қажеттілігі туралы мәселелерді көпшілікпен ақылдасып шешкеніміз орынды болар еді.
Елбасымыздың терминология мәселесін Үкімет реттегені жөн деп жол көрсетуі – мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысын одан әрі жетілдіре түсу керектігін айқындап берді. Ендеше, біздің ойымызша, алдағы уақытта осы комиссияның құзіретін арттырып, Үкіметтің жанындағы тұрақты комиссия түрінде қайта құру керек деп ойлаймыз.Ол жерде барлық ғылым саласы бойынша маман кадрлар жалақысын алып, тұрақты түрде жұмыс істеу керек те, ал біз секілді ғалымдар өз салалары бойынша сарапшы ретінде қорытындыларын әзірлеуге тартылу керек.
«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иелерінер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналатындығын» көрегендікпен айтқан Елбасымыз, бұл мәселеге бей- жай қарамау керектігін тағы да баршамыздың есімізге салды.
Ендеше, қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуіне, ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселеге әрбір азамат өзінің хал – қадірінше атсалысып, Елбасы айқындап берген мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда өзіндік үлесін қосуға ұмтылуы керек.
Резюме
В статье рассматриваются комплексные мероприятия по дальнейшему развитию государственного языка, как важнейшего фактора укрепления национального единства согласно Стратегией «Казахстан-2050»: новый политический курс состоявшегося государства.
Профессор С.М. Исаев: білім беру жүйесіндегі инновациялық идеялар
Т.Н. Ермекова,
ф.ғ.д., профессор
ҚазМемҚызПУ, Алматы, Қазақстан
Қазақ тіл біліміндегі көрнекті ғалым, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Жаратылыстану ғылым академиясының, сондай-ақ Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың еліміздің ғылымы мен білім беру жүйесінде атқарған ауқымды істері мен ғылымға қосқан үлесі жөнінде әлі де аз айтылмасы хақ. ҚР ҰҒА-ның қазіргі А. Байтұрсынұлы атындағы институтынан бастау алған өмір жолы 1968 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында (қазір университетінде) жалғасын тапты. Бұл оқу орнындағы еңбек жолын қатардағы оқытушылықтан бастаған Сейілбек Мұхамеджарұлы кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін абыроймен атқарып, институт ректоры дәрежесіне дейін көтерілді.
Аса сезімтал сирек лингвистикалық түйсік иесі ретінде қазақ тіл ғылымының дамуына айырықша үлес қосқан С.М. Исаевтың зор ұйымдастырушылық қабілеті, еліміздегі білім беру жүйесіндегі, соның ішінде қазақ қыздарының парасат мектебіне айналған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде болған оң өзгерістерге ықпал еткенін атап өткен ләзім.
Профессор С.М. Исаевтың университетті басқарған жылдары Кеңес үкіметінің ыдырап, еліміз Тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы он жылдығына тұспа-тұс келді. Бұл кезеңнің ауыртпалғы жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде былай суреттеген еді: «Әлемнің бірде-бір елі қалыптасу кезеңінде, ең алдымен мемлекеттің экономикалық негізін қозғайтын дағдарыс құбылыстарынан қашып құтылмаған. Иә, жағдай оңай болмады. Бірақ, ол қандай күрделі болмасын, одан шығу үшін мықты басқарушылық тәртіп пен біздің әрқайсымыздың күшімізді ширықтыру қажет болды.
Жоспарлы-әкімшілдік экономиканың бұзылуы, сондай-ақ одақтық өндірістік тізбектер мен экономикалық байланыстардың үзілуі салдарынан Қазақстан басқа да одақтас республикалар секілді тығырыққа тірелді [1, 9 б.].
Жасыратын несі бар, еліміздегі жылу жүйелері шетелдік компаниялар қолына өткен кезде өзге де жоғары оқу орындары сияқты Қыздар институты да өз жұмысын екі айға тоқтатуға мәжбүр болды. Заманнның осындай қиын кезеңінде, оның үстіне өзге одақтас республикаларындағы қыздарға арналған институттар жабылып, «бұл институт та өз міндетін толығымен өтеді» деген дақпырт үстемдік құрған кезде білім ордасын басқару ісі оңайға түскен жоқ. Институттың имиджін көтеріп, келешек даму бағыттарын айқындап, заман талабына сай ілгерілумен бірге, қоғамдағы алып-қашпа пікірлермен толассыз күресуге тура келді. Ғалым басшы тікелей осы тақырыпқа қатысты жиырмаға жуық мақала жазып, сұхбат берген екен.Сондай сұхбаттарының бірінде: «Басты артықшылығымыз да, бұйырған бақытымыз да институттың тек қана қызғалдақтай қыздарымызға арналғандығы және оның мемлекет қамқорлығына алынғандығында. Бойжеткендердің басым көпшілігі – арман арқалап алыстағы ауылдан келгендер. Солардың үкілі үмітін өшіріп алмасақ, мамандығына деген жүрек қалауын, кәусар көңілін шоққа су сепкендей басып алмасақ деп жанталасып жүрген жайымыз бар. «Әттең тонның келтесі-ай» дегізіп, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан да жайлар кездеседі. Оған себеп – бөлінген қаражаттың уақытында тимеуі», - деп жазады «Қыздарға қамқорлықта шек болмауға тиіс» атты мақаласында [2]. Байқағанымыздай, басты мақсат ретінде «басшылардың үдесінен шығу» емес, «білім қуып келген бойжеткендердің үкілі үмітті өшірмеу» ұстанымының таңдалуы басшының шынайы азаматтық бет-бейнесін айқын көрсетеді.
Немесе «Тіпті қазіргі кезде ең ілгері дамыған ел болып саналатын Жапония мен Америка құрама Штаттарында бірнеше қыздар колледждерінің бар екендіктерін біз де ескеріп жатқан да ешкім жоқ. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республика үкіметінің қаһарлы жаудың еліміздің басына екіталай күн туғызған сонау Ұлы Отан соғысының кезіндегі мейлінше ауыр қиыншылыққа қарамастан ерекше, тарихи, мәдени, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан мән беріп, дүниеге келтірген Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының өткен 46 жыл ішінде, өзінің алдына қойылған мақсаты мен міндетін қандай дәрежеде орындап келгендігіне және алдағы уақытта да ойдағыдай орындай беретініне сеніміміз кәміл». «Қыздар институтының керегі бар ма, жоқ па?» деуге әуестенушілер де адамгершілік тұрғыдан ойланып, бұдан былай мұндай өрескел пікір таратудан аулақ болар деп ойлаймыз», - деген пікірлер қалай дегенмен де қалыптаса бастаған көзқарастарға лайықты тойтарыс бола алды.
С.М. Исаев, ең алдымен, үлкен ғалым ретінде институттың ғылыми, инновациялық, халықаралық, ғылыми-әдістемелік қызметтеріне айырықша серпін берді. Сол кездің өзінде институттың ұстаз ғалымдары 24 тақырыпты қамтитын, ауқымды, түрлі ғылыми көкейкесті мәселелерді шешуге арналған зерттеу жұмыстарын жүргізсе, оның ішінде 13 тақырып Қазақ ССР-нің басқа да ғылыми-зерттеу институттарының бағдарламасына сәйкес жүргізілген. КСРО Ғылым академиясының Қолданбалы физика институты мен Өзбекстан Ғылым академиясы Стародубцев атындағы Физика-техникалық институтының теориялық физика кафедрасымен ынтымақтаса отырып, шаруашылық шарт негізінде де арнаулы тақырыпта бірлесе зерттеу жұмысы жүргізілген, химия, биология кафедрасының оқытушылары ҚазМУ-дың ғалымдарымен бірлесе отырып, Гурьев облысындағы экологиялық ахуалды зерттеуі және мұнай көздері мен оны өндіруге байланысты зерттеу жұмыстарына қатысса, филологтар А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен М. Әуезов атындағы әдебиет институтымен бірлесе іргелі зерттеу жұмыстарын жазуға қатысқан. Осы жылдары институт Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Киев, Минск, Пермь сияқты Одақтағы аса ірі ғылым мен мәдениет ордаларының жоғары оқу орындарымен ғылыми-шығармашылық байланыс орнатқан [3].
Ректорлық қызметке келгенде алғашқы қолға алған маңызды шаралардың бірі – бұрын-соңды институт тарихында болмаған аспирантура ашу ісі. Ол қазіргідей Астана арқылы шешілетін мәселе емес еді, ол үшін 1990 жылы Мәскеуге барып, үлкен еңбекпен ашылды. Алғашқыда бес мамандық бойынша ашылған аспирантура мамандықтарының саны тоқсанынышы жылдардың аяғында жиырмаға жуықтады. Ректор тарапынан аспирантураға түсу үшін институтты үздік бітіріп кеткен түлектерді іздеп табуға арнайы тапсырма берілген, сол бақытқа ие болғандардың алғашқыларының бірі ретінде профессор С.М. Исаев пен сол тұстағы ұстаздарымыздың трайбализмнен ада, ғылымға адал көзқарастары үшін шәкірттік тағзым жасар тәлімгерлерінің көп екендігін айтқым келеді. Ғалым мұнымен тынбай, институт тарихында тағы да алғаш рет 1993 жылдан бастап төрт мамандық бойынша кандидаттық дисертация қорғау кеңесін ашты. Білікті ғылым докторларын жинады. Сол 1990 жылдары Қыздар институтындағы қазақ тілі кафедрасы тіл ғылымы бойынша ғылым докторының саны көп республикадағы бірден бір кафедра болды. Мұндай ғылыми әлеует дәл сол тұста ҚазМУ мен Алматы мемлекеттік педагогикалық институтында да жоқ еді.
Қазіргі кездегі оқытудың кредиттік жүйесінің элементтері бұдан 20 жыл бұрын енген екен. Өйткені академиялық ұтқырлық мәселесі деген сол шығар, білікті ғалымды жер-жердегі облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарына дәріс оқуға шақыратын. Ғалым сол жақтағы білікті жас кадрларды аспирантурға шақырып, ол жердегі ғылыми әлеуеттің өсуіне де айтарлықтай үлес қосты. Олардың қатарында ғылым докторлары Ақтөбеде Ж.Тектіғұлова, Астанада Г. Сыздықова, Өскеменде Г. Құсманова т.т. көптеген шәкірттерін атауға болады. Қазіргі кредиттік технологияға сәйкес студенттің оқытушы таңдау мәселесінің элементтерін де сол кезде көрдік. Профессор С.М. Исаевтың дәрісін тыңдауға Алматыдағы өзге іргелі оқу орындарының студенттері келетін. Ал шетелдерден Канада, Үндістан, Корея мемлекеттеріндегі университеттерімен келісімшарт жасалып, бірнеше студент сол елдерде білім алса, Қытай, Швейцария мемлекеттерінен қазақ, орыс тілдерін үйренуге біздің институтта білім алуға стажер ізденушілер келген [3].
Білім беру орындарының басты миссиясы – сапалы маман даярлау екенін баспасөз беттерінде де, әр түрлі дәрежедегі алқалы жиындарда да баса айтатын: «...бүгінгі жас маман мамандық саласында бірыңғай үш міндетті атқара алатын болуы керек; ол зерттеуші ғалым, яғни мамандық саласының ғылыми негіздерін білетін, қажет болған жағдайда оның жекелеген мәселелері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізе алатын, соның негізінде әр түрлі ақпараттарды талдап, орын орнына пайдаланатын болуы керек. Сөйтіп, ол басқарушы, менеджер, теориялық білімін кез келген жағдайда іс жүзіне асыра алатын маман болуы керек. Міне, осындай талаптарға сай маман ғана бүгінгі құбылмалы өмірде өз орнын лайықты таба алады». Бұл жолдардан ғалым басшының нәтижеге бағдарланған біліммен қатар, бүгінгі уақытқа сай, бәсекеге қабілетті, креативті, зерделі тұлға қалыптастыру жолын ұйымдастыруға деген құлшынысы айқын байқалады.
Білікті басшы сапалы маман даярлаудың кілті – мемлекеттік стандартта екеніне мән беріп, оған сындарлы талдау жасайды: «...мамандыққа байланысты мемлекеттік стандарттың өзінде оның мәні неде деген басты сауал айқындалмай қалған сияқты. Ол сол жасалған, бекітілген мемлекеттік стандарттың мазмұнынан, пән сандары мен бөлінген сағаттарынан байқалады. Мысалы, әрбір оқу жылына орта есеппен 1700-1800 сағат белгіленген. Әрбір оқу жылы қысқы, жазғы демалыстарды, сынақ-емтихан сессияларын есептемегенде 37-38 аптадан тұрады. Сонда әрбір аптаға 45-46 сағат, кейде тіпті 51 сағатқа дейін жоспарланады екен. Осындай өте тығыз және көп сағаттық жүктеме шәкірттерге сапалы теориялық білім алуға, ол білімдерін практикалық тәжірибеде қиналмай қолдана алуға мүмкіндік бере ме? Екіншіден, мемлекеттік стандартқа әлі де болса басы артық пәндердің орын алуы, салмақты да салиқалы талдау, таңдаудың нәтижесі емес деген ой келеді» [4]. Бұдан 20 жылға жуық профессор С.М. Исаев көтерген бұл мәселе күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ.
С.М. Исаев институтта бар мамандықтардың сапалық өсуіне жағдай жасап қана қойған жоқ, бірқатар жаңа мамандықтар ашып, жаңа оқу пәндерін енгізуге қол жеткізді. Олар: еңбек және қазақтың декоративтік өнері, қазақтың ұлттық билері, әлеуметтік-ұлттық психология, шет тілдерін меңгерген аудармашы-референт, биология және фермерлік шаруашылық негіздері, әлеуметтік-мәдени сервис және туризм мен іскерлік байланыс, құжаттану және құжат ісін жүргізші т.б. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, көп қажыр-қайратты талап ететін іргелі істер еді.
Қосымша білім беру туралы 1995 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде берген сұхбатында былай дейді: «Педагогтар дайындаумен қоса мектепке дейінгі мекемелер тәрбешілерін, кітапханашы, қазақтың қол өнері, тігін істерін модельдеу, пішу, тігу, музыка, хореография мамандықтарына үйретеміз. Биология пәніне қосымша фермерлік шаруашылық негіздерін қоса оқытамыз. Мектепке дейінгі бүлдіршіндер психологы, ағылшын, неміс, тілдері мамандығын дайындауға, игеруге жол ашылған. Құжаттану және құжат ісін жүргізуді бір адамдай менгеруге мүмкіндік бар. Аудармашы – референт мамандығын игерем деушілерді де қолдаймыз» - десе [5], университетімізге биылғы жылы еніп жатқан дуальды білім беруге байланысты «Егемен Қазақстан» газеті арқылы мынадай ой айтады: «Сонымен бірге, пәнаралық байланыс пән түрлеріндегі ортақ жалғастылық жағдайлар, сол арқылы тұтас бір өмірлік құбылыстың бір-бірімен байланысты әр түрлі қырлары, олардың белгілі дәрежеде бірлікте қаралуы әлі де жетімсіз сияқты. Мәселен, мамандық пәндерінің диалектикасы (философиясы), ондағы этнопедагогикалық сипаттар, рухани байлықтың әркез көрінісі мен дамуы бірлікте қаралуы тиіс. Сондықтан да жалаң тарихшы, жалаң тіл маманы, жалаң экономист түрінде қалудың күні өтті. Міне, осы құбылыстар да мемлекеттік стандарттың оқу жоспарларынан өзіндік орнын алып, болашақ маманның қоғамдық көзқарасын, мамандық парасатын қарастыруда үлкен орын алуы тиіс» [6].
Ғалымның оқулық сапасына қатысты пікірлері де бір төбе. Жоғарыдағы мақалада оқулық сапасына қатысты төмендегідей пікр білдіреді: «Білімнің сапалылығы, ең алдымен, оқулыққа байланысты, жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі ескірген, бүгінгі күн талабына сай емес. Сырты өзгергенмен ішкі мәні, мазмұны үлкен өзгеріске түспеген, қазақстандық сипатқа әлі толық ие бола алмай отыр. Сондықтан да ұстаздардың өзінің білімін жай ғана жетілдіріп қоймай, жаңа жағдайларға байланысты өтпелі кезеңдегі қайшылықтар мен күрделілігі сарапқа салынып, соны талдап, шәкірттердің теориялық білімін тереңдете, практикалық дағдыларын ұштай білетін білімдарлық деңгейін өрістете түсу қажет болып отыр». Аталған мәселе министрлік тарапынан қолдау тауып, кейіннен «Оқулық» орталығының ашылғанын жақсы білеміз. Өзі де оқулық жазу ісімен айналысып, республикалық конкурста ғалым ұсынған оқулық жеңімпаз болып танылған.
Білім беру жүйесіндегі ақпараттық технологияның қаншалықты маңызды екеніне мән берген С.М. Исаев: Оқу процесін қазіргі информациялық технологиясыз, компьютерлік білімсіз жүргізу мүмкін емес екені белгілі. Қоғам дамуының бүгінгі кезеңінде жоғары оқу орындарында оқу-тәрбие жұмысына информатикаландыру проблемалары білім беру мазмұнын жаңартып, жаңғыртудың белсенді бір құрамды бөлігі болып отыр. Бүгінгі таңда бұл проблема өзіндік бар мүмкіндігімен жемісті нәтиже бере алмай келеді. Өйткені бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне Қазақстан өзінің жоғары білім жүйесі мен мазмұнының белгілі дәрежеде тұйықталып, тұмшаланып қалуы нәтижесінде ене алмай отыр. Сондай-ақ, жоғары оқу орындары даярлайтын мамандардың ғылыми біліктілігінің мәні мен мағынасының бояуы кетіп, белгілі дәрежеде орны өміріне бастауы салдарыған да дүниежүзілік өркениеттік даму кезеңінің өзінде студенттердің информациялық мәдениетінің толық қалыптасып жетілмеуінен ілгері басқан аяқ кері кете береді. Компьютерлік техника арқасында адамның өз жұмысының жаңа құрылымдары қалыптасады. Ой еңбегін ұйымдастыруда оң өзгерістер пайда болады. Сол арқылы жеке басында да, жеке тұлға ретінде де информациялық сипаттардың мәнін түсініп, сол деңгейде жетілу арқылы пайдалану мүмкіндігі туады. Сол арқылы студенттердің дистанциялық оқу, үйрету мүмкіндігі мен қажеттілігі туатындығы ақиқат»[4], - деген арманының қазіргі таңда жүзеге асып, Қыздар университеті толық компьютерлендіріліп, бірнеше мамандық бойынша дистанциядан оқытуға қол жеткізгенін атап өткен жөн.
С.М. Исаев ірі ғалым, іскер басшы болумен бірге табиғаты нәзік, өнерге құштар жан еді. Сондықтан да болар институттың музыка факультеті осы жылдары жаңа биіктерге қол жеткізді: «Ұлар» этнографиялық ансамблі дүниеге келіп, «Өнер - жастан» атты музыкалық клуб пен «Қыз Жібек» эстетикалық клубы жұмыс істеді. Олар сол уақыттарда «Абай», «Біржан - Сара», «Қыз Жібек» опералармен қоса басқа ұлттардың классикалық інжу-маржандарын да сахнаға шығарды. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар, университеттің қазіргі басшысы Д.Ж. Нөкетаеваның басшылығымен қыздарды ұлттық дәстүр мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды кіріктіру арқылы ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін «Қыз Жібек» клубының жақында ашылғаны және мұндай клубтарды басқа оқу орындарында ашуға инициатор болғаны баршаға мәлім.
Білім беру ісінде ұлттық құндылықтардың маңызы жөнінде: «Біз кейде математиканы өзгертудің не қажеті бар, оны ұлттандырам деу күлкіге қалдырады, математика қазаққа да, орысқа да, кәріске де бірдей деп жатамыз. Әрине, жоғары математика заңдылықтары бірдей шығар, бірақ бәрібір дүниеге көзқарас ұлттық тұрғыда өрбуі керек. Себебі, өз халқын сүйе алмаған ұрпақ, өзге елді құрметтей алмайды», - деген ғалым қазақстандық білім беру жүйесінде қазақы тәрбиенің қоса берілу қажеттігін үнемі насихаттап жүрді.
«Халқымыздың тамаша дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын ана білмесе, оны сәбиіне үйретіп, қанына сіңірмесе, халқымыздың тірлігі де, бірлігі де болып келген өрелі дәстүрлерін жас ұрпақ қалай ұстанбақшы?» деген оймен барлық мамандыққа «Халықтық педагогика», «Қазақ халқының салт-саналары мен әдет-ғұрыптары» деген пәндер енгізіп, әр жатақханада ұлттық ою-өрнектермен өрнектеліп, жабдықталған «Ақ босаға», «Ақ отау» атты арнайы бөлмелер жабдықтау ұлтын сүйген үлкен жүректің ауыл қыздарына жасаған жақсылығының бір парасы ғана. Ал ғалымның ана тіліне сіңірген еңбегі – бірнеше кітапқа татырлық құнды мұра.
«Мен болашақта мемлекеттік жоғары оқу орындарының жұмысы кай жағынан да пысықтала түсіп, ал, жекеменшік жоғары оқу орындарының қатары білім сапасына байланысты екшеле береді деп білемін. Бұндай бақылау жасауға - мемлекет те мүдделі. Қазақстан 2030 жылға дейін экономикалық, әлеуметтік-мәдени жағынан ғана емес, жоғары білімді мамандар даярлауда да ең жоғары жетістіктерге жетіп, болашақтың барыстарына қажетті таным-білікті қазірден-ақ елеп-екшей түсуге тиіс. Әлемге әйгілі Кэмбридж, Оксфорд, МГУ-дің де аты білім сапасының күштілігімен шыққан. Оларда мықты ғылыми орталық, лаборатория, ғылыми ортамен бірге, әр саланың «аузымен құс тістеген» мықтылары да шоғырланған. Болашақта неге біз де осындай жоғары оқу орындары болмасқа? Меніңше, бүгінде Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы бойынша, шет елдердің алдыңғы қатарлы университеттеріне ақша төлеп, жастарымызды оқыттырып жүргені уақытша ғана шара болса керек. Әйтпесе, осылай жалғаса берсе, қаншама қаржы далаға кетпек? Болашақта сондай іргелі оқу орындарын Қазақстанның өз ішінде жасақтаудың да қамын ойластыруымыз керек. Біз сонда ғана Елбасымыз көрсеткен 2030 жылға дейінгі Тура Жолға түсіп, біз сонда ғана елімізді Болашақтың Барыстарымыз дей алар едік», - деген мазмұндағы 1998 жылғы мақаласының шындығы бүгінде дәлелденіп отыр. Дәл осы мақсатта 2010 жылы ашылған инновациялық зерттеу қызметін жүргізуге бағытталған қазіргі заманға сай, күшті ғылыми инфрақұрылымы бар Назарбаев университеті, әлемдік білім кеңістігіне енуге ұмтылған, қарқынды даму үстіндегі динамикалық университет ҚБТУ және т.б.
С.М. Исаев 1996 жылы «Жас алаш» газетінің тілшісі Ж. Дуанабайға берген сұхбатында: «Шет мемлекеттердің көпшілігінде жоғары оқу орындары университет деп аталады. Бәлкім алдағы уақытта Қыздар педагогтік университеті деп те аталып қаралармыз. Егер осы ойым іске асса, бұл қыздарға деген қамқорлықтың бір көрінісі деп түсініңіздер. Әрі өтеуі өлшеуге келмейтін ұстаз деген мамандарға көрсетілген құрмет пен сенім деп ұғыңыздар», - деген екен. Әрине, осындай игі жақсылықтардың бәрі профессор С.М. Исаев айтқаннан кейін жүзеге асты деуден аулақпыз. Десе де қоғамда прогресшіл идеялар ғана өміршең болатыны хақ. Олай болса, тумысынан талантты ғалым, іскер басшы профессор С.М. Исаевтың уақытынан оза айтқан осы идеялары дәл қазіргі таңда жүзеге аса бастағанының куәгері сіз бен біз екеніміз анық.
Достарыңызбен бөлісу: |