UML диаграммалары және пайдалану прецеденттерінің моделі
Әмбебап модельдеу тілі UML ақпараттық жүйе мен программалық жабдық құрастырудың жалпыға бірдей қабылданған стандарты. UML – ды құрастыру және пайдалану өткен ғасырдың 90 - жылдары басталды. Ол тіл OMG консоциумына енген барлық программалық жабдық құрастырушы компаниялар қабылдаған стандарт. Алдымен ол тіл ақпараттық жүйелерді құрастыруды объектіге бағдарланған технология негізінде жеңілдету мақсатымен пайдаланылған болса, ал кейінгі кезде ол программалық жабдықты сипаттау үшін де қолданыла бастады.
UML – дың пайда болуының негізгі себебі: ақпараттық жүйелердің барған сайын күрделенуі, олардың шешетін есептерінің қиындауы. Қарапайым есептерді шешу үшін әрине UML –дың қажеті жоқ. Оны бір ғана адам арнайы құралдарды пайдаланбай-ақ шешеді. Ал егер жобада мыңдаған объектілер болса, онда жоба құрастыру үшін көптеген адамдардың немесе ұжымның еңбегі қажет болады. Ұжым бірнеше топқа бөлінеді: талдаушы сарапшылар, программа құрастырушылар, тест өткізушілер, басшылар және т.б. Мұндай жағдайда олардың арасында түсінушілік болуы үшін арнайы қарым-қатынас жасайтын инструмент болуы тиіс.
Егер әрбір жобаға қатысушы маман өз ойы мен идеясын осы UML тілінде бейнелейтін болса, онда ол бейне сол жобаға қатысушылардың барлығына түсінікті болады. Бұл тілді пайдаланудың негізгі себебі – қазіргі кезде құрастырылатын ақпараттық жүйелердің күрделенуі, оларды құрастыруға және жүзеге асыруға қатысатын мамандардың немесе ұжымдардың көп болуы, ұжымдар мен мамандар арасындағы түсінбеушіліктердің болуы және т.б. Осындай себептерге байланысты құрастырылатын күрделі информациялық жүйелерді талдау мен жобалау үшін оларды формальді түрде сипаттау немесе олардың моделін дайындау қажеттілігі туды.
Ақпараттық жүйелерді және олардың программалық жабдықтарын дайындаумен айналысатын компаниялардың көпшілігі осындай проблемаларды шешудің ең арзан әрі тиімді әдісі ретінде модельдеуді немесе модельдеу тілін (UML) пайдаланудың дұрыстығына көздері жетіп отыр. Мысалы, Билл Гейтс өзінің «Think Week» атты 2004 жылы жарық көрген кітабында формальді талдау мен жобалауды пайдаланудың болашағының зор екендігін атап өткен болатын.
UML тілінің негізгі белгілеулері ретінде келесі диаграммалар қолданылады:
- прецеденттер (үлгілер) немесе пайдалану нұсқалары (use case diagram);
- кластар (class diagram);
- жағдайлар (statechart diagram);
- белсенділік немесе жігерлілік (activity diagram);
- әрекеттестік (integration diagram);
- жүйелілік (sequence diagram);
- кооперация немесе ынтымақтастық (collaboration diagram);
- компоненттер (component diagram);
- дамыту (deployment diagram).
Ақпараттық жүйені жобалау кезінде бір түрге жататын диаграммалардың жиыны болуы мүмкін. Мысалы, прецеденттер диаграммаларының жиыны, бірнеше кластардың диаграммалары, белсенділік диаграммаларының жиыны.
Прецеденттер диаграммалары жүйеге қойылатын басты талаптарды құжаттауға арналған. Прецеденттер диаграммаларын жүйе беретін функционалдық мүмкіншіліктерінің тізімі ретінде қарастыруға болады. Прецеденттің негізгі таңбасы қарапайым адам бейнесі мен эллипс тәріздес сопақша.
Қызметтер диаграммалары процестерді талдау үшін, қажет болса, оларды жаңарту үшін пайдаланылады.
Кластар диаграммалары кластарды және олардың арасындағы байланыстарды бейнелеу үшін қолданылады.
Әрекеттестіктер диаграммаларының екі түрі болады: бір ізділік және кооперация диаграммалары. Бұлар бірдей информацияны әртүрлі көзқараспен көрсетеді. Бір ізділік диаграммасы хабарламаларды жоғары сол жақтан төменгі оң жаққа қарай уақыт бойынша бір ізбен орналастыруды көрсетеді. Бір ізділік диаграммасы көбінесе жеңіл оқылатын әрі кең қолданылатын деп есептелінеді. Кооперация диаграммасы хабарлама алмасуды уақыт бойынша көз алдына көрсете алмайды, сондықтан ол хабарламаларды номерлеу қажет болады.
Жағдай диаграммасы жүйенің өмірлік циклының процесіне байланысты жеке объектінің өзгеру жағдайын көрсетеді.
Компоненттер диаграммасы соңында алынатын программалық өнімнің құрамына кіретін компоненттерді, бағынышты жүйелерді көрсетеді.
Дамыту диаграммасы орнатылған жүйенің қандай түрде болатындығын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |