Биологиясындағы ерекшеліктер. Күздік бидай биологиясы бойынша жаздық бидайдан ерекшеленеді. Жаздық бидайдан айырмашылығы – оның вегетациялық кезеңі күзде басталады да, келесі жылы жазда аяқталады. Тіршілік үрдісінде күздік бидай өну, көктеу, түптену, түтікке шығу, масақтану, гүлдену және пісу (сүттене пісу, балауыздана және толық пісу) кезеңдерінен өтеді. Алғашқы үш кезеңдері күзде, қалғандары – келесі жылы көтемде және жазда өтеді. Осы кезеңдері бойынша оның биологиялық ерекшеліктерін қарастырайық.
Егін көгі (көктеу) кезеңі. Топырақ бетіне әуелі колеоптиле шығады, ол жарылады да бірінші нағыз жапырақ пайда болады, осы сәтті егін көктеді деп есептейді. Себуден өсімдіктердің көктеу кезеңінің ұзақтығы температураға, ылғалға ж.б. байланысты. Қостанай облысы жағдайында жақсы дайындалған ықтырмалы сүрі танабында 12-17оС жылылықта күздік бидай 6-9 – тәулікте, ал қуаңшылықты жылдары және сүрі танабы нашар өңделгенде – 10-16 – тәулікте көктеген. Ақмола облысының бұрынғы «Красный флаг» кеңшарында ылғалы бойынша қолайлы 1990 жылы орташа тәуліктік ауа температурасы 18,6оС болғанда күздік бидай 5-тәулікте көктеді, ал температура 15,9оС және 12,8оС болғанда (себу мерзіміне байланысты) тиісінше күздік бидай 6 және 8 – тәулікте егін көгін берді (Аринов К.К., Мусынов К.М., 1996).
Ассимиляция мүшелерінің қалыптасуы 4-тен 30оС-ға дейінгі аралықта жүреді, алайда оңтайлы мөлшері – 12-15оС. көктеу кезеңі жапырақтың пайда болуынан алғашқы үш жапырақтың өсу аралығын қамтиды және органогенездің екінші кезеңіне сәйкес келеді – ұрықтық түйіндер, сабақтар мен олардың буынаралықтары, негізгі гүл шоғырының бас бөлігі оқшауланады, масақ негізі түзіледі. Күздік бидайдың көктеу кезеңінің ұзақтығы өнімді ылғал қоры жеткілікті болғанда және температура ережесі қолайлы қалыптасқанда, әрі қалыпты себу мерзімінде 15 тәулікке дейін өзгереді.
Түптену кезеңі. Түптену кезеңінің басын әдетте төменгі жапырақ қолтығына бірінші бүйір өркенінің пайда болуымен анықтайды. Бірінші бүйір өркенінің жапырағының өсуіне қарай негізгі өркеннің екінші жапырақ негізінде орналасқан бүршіктен екінші бүйір өркен қалыптасады ж.б. Орта есеппен 5-7 өркен түзіледі, егістік сирек болғанда олардың саны жоғары болуы мүмкін. Осы кезеңде негізгі өркендердің түзілуі және өсуімен қатар түптену түйінінен екіншілік немесе түйін тамырлары (әрбір өркенге 2-ден) қалыптаса бастайды. Күздік бидайда күзгі және көктемгі түптену кезеңдері ажыратылады. Күздік бидайға түйін тамыр жүйесі жаздық бидайға қарағанда қуатты дамиды.
Күздік бидайдың түптенуі 2-4оС-да жүре алады, алайда оңтайлы түптену температурасы 12-14оС. Солтүстік Қазақстан аймағы жағдайында оңтайлы себу мерзімінде себілген күздік бидай негізгі сабаққа қосымша 2-3 бүйір өркендерін (сабақтарын) қалыптастырады және түптену кезеңі 30-35 тәулікке дейін созылады. Жекелеген жағдайларда, топырақта ылғал жеткіліксіз болғанда, өсімдіктер түптеніп үлгермей қыстап шығуға кетеді.
Көктемде, топырақ температурасы 2-3оС жетісімен, өсу үрдісі басталады. Өркендерде күзде қалыптасқан күздік бидайды жапырақтарымен қатар, қыстап шыққан өркендердің төмен жапырақтарының қолтығында орналасқан бүршіктерден жаңа бүйір өркендер түзіледі. Күздік бидайдың көктемгі түптену кезеңінің ұзақтығы мен пәрменділігі топырақтың температурасы, ылғал және қоректік заттар қорына, оттегінің сіңірілуіне, қыстап шыққан өсімдіктер күйіне байланысты өзгереді және орта есеппен 30-35 тәулікті құрайды.
Түптенудің күзгі кезеңін (20-40 тәулік) және көктемгі бұл кезеңнің бір бөлігін (15-20 тәулік) органогенездің екінші кезеңі қамтиды. Органогенездің екінші кезеңінің соңында өсу конусы ұзарады да 0,5-0,8 мм жетеді. Көктемгі түптену кезеңі органогенездің үшінші кезеңіне сәйкес келеді – өсу конусы ұзарады, оның төменгі бөлігі оқшауланады, масақ білігінің тұғырлары түзіледі және дамиды. Түптену кезеңінің соңы деп алғашқы буынаралығының өсу кезеңін атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |