Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде ғылым, білім, қоғамдық өмір,
экономика саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Ғажайып цифрлық әлемнің беретін орасан мүмкіндіктерімен бірге, алдымыздан тосатын күтпеген қатерлері мен тұзақтары да аз емес.
Қазіргі ұлттық қасиеттерімізді сақтап, тіліміз бен ұлттық рухымызды болашақ ұрпақтарға аманат етіп тапсыру – мәңгілік ел боламын деген халықтың басты мұраты екенін жиі айтамыз. Бұл туралы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев тарқатып түсіндіріп берді.
Бүгінде жиі айтылатын өнеркәсіптік революцияның әрбір кезеңінде өндіруші күштер ғана емес, өндіріс пен ғылымның тығыз ықпалдасуы туындап, дамуға жаңа серпін беріп отыр. Қазіргі тілмен айтқанда өнеркәсіпке енгізілген инновациялық технологиялар тауардың өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық тиімділікті еселеп өсірді.
Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Клаус Швабтың «Төртінші өнеркәсіптік революция» кітабында экономика мен технология салаларында аттары танылған сарапшылардың, трансұлттық корпорация басшыларының тәжірибесі мен көзқарастарын қорытып, «инновациялық қызмет әлемдегі мемлекеттер мен мыңдаған компаниялардың бәсекелесу алаңына айналды» деген тұжырым жасайды.
Адамның өміріндегі ең алғашқы ілгерілеу терімшіліктен егіншілікке көшіп, жабайы жануарларды қолға үйретуден басталғаны белгілі. Тұрмыстағы бұл өзгеріс 10 мың жыл бұрын басталып, аграрлық революцияға жол ашты.
Ал, бірінші ӨР (өнеркәсіптік революция) кезеңі 1760-1840 жылдардың аралығында индустриаландыру, темір жол салу, бу двигателін ойлап табумен, жіп иіру машиналарының пайда болуымен сипатталды.
Осы кезеңде Ұлыбританияда механикалық өндіріс дамып, аграрлық қоғамдар индустриалдық қоғамға трансформацияланды. Бұл үрдіс АҚШ пен Еуропаның басқа мемлекеттеріне тез тарады. Өндірісте машиналар қолданылды, жұмыс күші дамыды, урбанизация жылдам жүрді, еңбек өнімділігі артты, экономикалық өсім жоғарылады.
Екінші ӨР XIX-ғасырдың екінші жартысы мен XX-ғасырдың басын қамтыды. Электр энергиясын қолдану, конвейердің пайда болуы, темір жолдың таралуы, химия өндірісіндегі инновациялар нағыз технологиялық революцияға негізделіп жасалынды. Бұл кезеңдегі экономикалық дамуға ғылымның жетістіктері ерекше серпін берді.
1960-жылдан бастап компьютер мен дербес компьютерлер, өнеркәсіптік роботтар, цифрлық технологиялар мен Интернет өмірге ене бастады.
Үшінші ӨР-дің дәуірі осылайша басталып, өндірістегі басты процестер түпкі тауар өндіретін зауыт пен фабрикалардың цехтарынан бағдарлама жазатын IT-мамандар, инженерлер мне дизайнерлер отырған офистерге көшіп жатыр.
Ал, адамы жоқ цехтарда үнсіз өнеркәсіптік роботтар арнайы алгоритм бойынша тауар жасаумен айналысады. Соңғы екі ғасырда негізгі пайда тауарды өндіру мен сату кезеңінде жиналса, жаңа дәуірдің ерекшелігі – басты пайда өнімді зерттеу мен жобалау кезеңінде жинақталады. Яғни, бүгін ресурстың басым бөлігі түпкі өнімді шығаруға емес, оны ойлап табуға, өндіріске дайындауға жұмсалады.
Энергетикалық революция мен коммуникациялық серпіліс сәйкес келгенде ғана керемет технологиялық жаңалықтар ашылып, жаңа экономикалық модельдер жасауға мүмкіндік туады. Үшінші ӨР бұрынғы өнеркәсіптік революциялармен салыстырғанда ауқымы мен табиғаты мүлдем өзгеше болып дамып келеді. Интернет-коммуникация адамның өмір сүру ортасын ғана емес адамның дағдылары мен мәдениетін, таным-түйсігін өзгертіп жіберді.
Адамды өзгерткен Интернеттің саясатқа да, экономикалық парадигмаларға да ықпалы үлкен. Әсіресе, әлемдегі барлық жастардың бойында ешқандай саяси партияларға қосылмайтын, капитализм немесе социализмге қызықпайтын, ешбір идеологияны ұнатпайтын көңіл-күй үдеп барады. Каир мен Мәскеуде, Париж алаңдары мен Уолл-стритке шыққан жастар: «Біз бүгінгі экономикалық жүйеден үміт күтпейміз. Жұмыс жоқ, энергия қымбат, экологиялық, табиғи апаттар мен қатерлер көп. Өзіміз үшін ешқандай экономикалық мүмкіндіктер көріп тұрған жоқпыз» дейді. Интернет кеңістігіндегі қағидалар мен құбылыстар, мінездер де қазақ жастарына әсер етпей қоймайды.
Ұлт алдындағы борышын түсінбейтін, мәдениеті мен рухани сұранысы жұтаң, тек экономикалық табыс қызықтыратын ұрпақтың қолына саяси билік тисе елдің тәуелсіздігі мен мемлекет тағдыры қандай болатыны да ойландыратын мәселе. Бүгінгі 15-20-дағы жастарымыз өздерін ертеңгі цифрлық дәуірдің байырғы тұрғыны санатына қосып, жауапсыздық пен толық еркіндікке бой алдырып ала ма деген үрейдің арты қалыңдап барады.
Осы айтылған төрт ӨР-дің даму кезеңдерінде ұлтымыздың қалай өзгергенін, қандай жетістіктерге жылдам қол жеткізгенін кескіндеп (экстраполяция), қазақ жеріне ӨР-лер қай кезеңдерде, қандай ауқымда таралғанын сараптап көрелік.
Бірінші ӨР біздің даламызға 1,5 ғасыр кеш келді. Қазақ жеріне алғашқы теміржол 1894-1895 жылдары төселді. 1906-жылы 1668 шақырым болатын Орынбор-Ташкент теміржолы іске қосылды. Бу қазандықтары қолданылған алғашқы фабрикалар да тек 1900 жылдары жұмыс істей бастады.
Екінші ӨР де қазақ экономикасына 70 жылдан 100 жылға дейін кешігіп жетті. Алғашқы мұнай 1899 жылы алынса, электр жүйелері, темір жолдың дамуы XX-ғасырдың басында көрініс таба бастады.
Үшінші ӨР-ге тән өндіріс пен технологиялар, компьютерлер де Қазақ еліне жаппай қолданысқа 30-50 жыл кешігіп енгізіле бастады.
Дербес компьютерлер 1980-жылдардың соңында, Интернет 1994 жылы, өнеркәсіпте роботтарды қолдану, цифрлық технологиялар соңғы 10-15 жылда ғана пайда бола бастады.
Осылайша барлық ӨР-ге біз ұдайы кешігіп ілесіп келдік. Бұның бәрі ұлттың өркениет көшінің басынан көрінуіне де кері әсерін тигізді.
Міне, енді жаңа тарихи кезеңде біздер, қазақтар, төртінші ӨР-ге ғана тиянақты дайындықпен келіп отырмыз. Бірнеше дәлел мәліметтер келтірейік.
Елдегі сауаттылық көрсеткіші 99,8%, еліміздің 127 жоғары оқу орындарында 463 мың студент оқиды, 10 мың қазақстандық дүниежүзінің беделді университеттерінде білім алып, елге қызмет етуде. Республиканың 73% тұрғыны Интернетті күнделікті қолданады, олар кемінде 2 құралмен ғаламдық желіге орташа алғанда секундына 19,3 мегабит жылдамдықпен қосылған. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 28 500 шақырым оптикалық-талшықтық кабельдер жүргізіліп, 3,5 млн. ауыл тұрғыны кең жолақты Интернет желісіне қосылатын болады.
|
Достарыңызбен бөлісу: |