Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берудің
психологиялық негіздері
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1 тарау. Білім беру жүйесіндегі кәсіби бағдарлау
жұмысын үйымдастырудың мәні
1.1. Кәсіби бағдарлаудың қалыптасу тарихы
1.2. Оқушыларды алдын-ала кәсіби психологиялық
диагностикадан өткізудің маңызы.
2 тарау. Кәсіби бағдар беру барысында
оқушылардың жекелік қасиеттерін диагностикалау
2.1. Оқушылардың темпераментін зерттеу.
2.2. Оқушылардың интеллектуалдық қабілетін зерттеу.
3 тарау. Кәсіби бағдарлау жұмысында
коррекциялық ойындарды қолдану
Қорытынды
Әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Оқушыларға кәсіби бағдар беру және болашақ мамандығын анықтап алуға ықпал жасау мектеп алдында тұрған міндеттердің бірі. Сондықтан психология мен педагогикада осы мәселеге үлкен көңіл аударылады. Әр мектептің оқушыларды мамандыққа баулу және кәсіби бағдар беру жұмысының жоспары құрылып, оны жүзеге асыруға психологтың қосатын үлесі мол болуға тиіс.
Балаларға мамандық таңдату оңай жұмыс емес. Бұл проблеманы зерттеушілер П.П. Блонский, Г.Н. Стычинский, В.А. Сухомлинский, Ю.П.Сокольников, А.П.Сейтешов Г.А.Уманов, Л.К.Кермов және олардың шәкірттері баланы жас кезінен болашақ мамандығын саналы түрде анықтауға ата-аналар, психологтар мен педагогтар өз үлестерін қосуы керек екенін атап көрсеткен.
Қазіргі кезде көптеген психологиялық зерттеу әдістемелері көмегімен баланың психофизиологиялық ерекшеліктерін зерттеп, қай салада қызмет атқаруға икем екенін болжамдап береуге болады. Атап айтсақ, темпераментті зерттеуге арналған Айзенк, Стреляу тестері, Басса-Дарки, Шмишек, Филипс жасаған мінез-құлық ерекшеліктерін анықтау әдістемелері, таным процестерін зерттеу және қабілеттіліктің түрлерін анықтау әдістемелері көмегімен әр адамның жеке даралық психофизиологиялық ерекшеліктерін нақты анықтауға болады.
Сонымен қатар коммуникативтік және ұйымдастырушылық қабілетті зерттеу және барлық бағаланған қасиеттерді дамыту және қалыптастыру жолдары да анықталған. Дегенмен мектеп тәжірибесінде психологиялық қызметтің енді аяқ алып келе жатқанына байланысты оқушыларға дер кезінде психологиялық көмек көрсету сирек кездеседі. Психолог бар жерде олардың арсеналында қажетті психодиагностикалық әдістемелер тапшы. Ғылыми тұрғыда негізделген кәсіби бағдар беру проблемасын шешу жолдары онша айқындалмаған. Сондықтан осы актуалдық проблеманың бір мәселесіне толығырақ түсініп, оқушылардың жекелік қасиеттерін зерттеу жолдарын анықтап алу үшін диплом жұмысымның тақырыбын «Жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берудің психологиялық негіздері» деп анықтадық.
Зерттеу мақсаты — мектеп психологиялық қызметі тәжірибесінде психодиагностика жүргізу арқылы оқушылардың жеке даралық ерекшеліктерін анықтау және қызмет түрлеріне икемділігін болжамдау.
Зерттеу міндеттері:
-тақырып бойынша ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау;
-кәсіби психологиялық диагностиканы жүргізу ерекшеліктерімен танысу;
-оқушылардың психофизиологиялық ерекшеліктерін зерттеу әдістемелерін қолдану жолдарын үйрену;
-оқушылармен кәсіби қажетті қасиеттерді қалыптастыру тренингін жүргізу.
Дипломдық зерттеу барысында келесі ғылыми зерттеу әдістері қолданылды: ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді талдау, психо-диагностикалық әдістемелерді іріктеп алу, мектеп оқушылары арасында олардың темпераментің, таным процестерін, интеллектуалдық қабілеттілігін анықтау тестерін қолданып жеке даралық қасиеттерін бағалау, тренинг элементтерін қолданып түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу.
Дипломдық жұмыс кіріспе, үш тарау, қорытынды және әдебиеттер тізімінен тұрады.
1. Білім беру жүйесіндегі кәсіби бағдарлау жұмысын ұйымдастырудың мәні
1.1. Кәсіби бағдарлаудың қалыптасу тарихы
Кәсіби бағдарлаудың ғылыми негізде ұйымдастырылған түрі 1908 жылы Бостон қаласында кәсіби кеңес беру бюросы ашылған күннен басталды деп айтуға болады. Ал шын мәнінде кәсіби бағдарлау ежелгі дәуірде де орын алған. Бұл проблема адамзаттың қоғамдық даму қажеттілігінен пайда болды, сондықтан оның қоғам сияқты өзіне тән даму тарихы бар. Әрине кәсіби бағдарлау мамандықтардан бұрын пайда болуы мүмкін емес. Адамзаттың даму барысында топ мүшелері орындайтын функцияларының анықталуы мен байланысты, жануарлар өсіріп, дихандықпен шұғылдана бастағаннан, балаларға арнайы тәлім-тәрбие беру, оны болашақ өмірге даярлау көптеген жаңа проблемаларды тудырды. Адам өміріндегі барлық қажеттілікті қанағаттандыруға қажетті іс-әрекет түрлерін кәсіп деп атаумен байланысты сол кәсіпке тәрбиелеу жолдары да анықтала бастады.
Адамның кәсіби жарамдылығын бағалау элементтері ежелгі дәуірде қалыптаса бастаған. Б.д.д. 3-ші ғасырдың орта шенінде Ежелгі Вавилонда мектеп түлектерінен хатшыларды дайындауға сынақ жүргізіледі. Сол заманның білім көлемділігінің арқасында кәсіби даярлығын хатшы месопотамиялық цивилизацияның орталық ірі тұлғасы болады: ол кеңістікті өлшеуді, меншікті бөлуді, музыкалық аспаптарда ойнай алуды, өсімдіктерді ажыратып, олардың ішінен адамның денсаулығын нығайтуға қолданатындарын анықтауды т.б. іскерліктерді меңгеруді талап еткен.
Ежелгі Мысырда абыз жрецтері өнеріне тек қана нақты сынақтан өткен адамдарды ғана оқытқан. Ең алдымен талапкерлер тексеруден өтіп, барлық қойылған тапсырмаларды толық орындап шығуы шарт болған. Әңгімелесу барсында талапкердің өмірбаяндық мағлұматтарды анық бере алатындығы, білімдарлығының деңгейі анықталып, сыртқы бейнесі, жалпы қарым-қатынас жасауға қабілеті бағаланған. Сонан соң оның еңбеккерлігін, басқаларды тыңдай білуін, сөйлеуі мен үндемей отыратындығын тексерген. Өзінің оқуға қабілеті жоқ, ұзақ мерзім оқудың ауыр-жеңіл жерлеріне шыдамдылық көрсете алатындығына күмәнданғандарды отпен, сумен, аштықпен, өлім қаупімен қорқытып, сынаған.
Осы қатаң сынаудан және білімділігі бойынша таңдаудан әлемге әйгілі Пифагор өте білгенін тарих бізге хабарлайды. Пифагор оқуын аяқтағаннан соң Грецияға оралып, онда өз мектебін орнатты және оқуға қабылдау үшін өзі өткен сынақтарға ұқсас әртүрлі байқауларды ұйымдастырып, талапкерлер солардан өтуі керек болды.
Пифагор, ең біріншіден, адамның интеллектуалдық қабілетін диагностикалауға көп көңіл бөлді. Қазіргі кезге дейін Пифагор жасаған интеллектуалдық қызметке икемділікті анықтау кестесін кейбір психологтар мен палгерлер өз қызметінде қолданады. Сонымен қатар Пифагор адамның күлкісіне, жүріс-тұрысына үлкен назар аударды. Оларды адамның мінез-құлқының ең айқын көрсеткіштері деп анықтады. Пифагор ата-аналардың берген мағлұматтары мен мұғалімдердің ұсыныстарына да үлкен көңіл бөлді.
Осы кездерде Қытайда үкіметтік-төрелік қызмет және көптеген мамандықтар болды. Осы мамандықтарға қызметшілерді іріктеп алу, оларды өз функцияларын атқаруға даярлау барысында кәсіби таңдаудың өз ерекшеліктеріне сәйкес келетін түрлері қалыптаса бастады. Олардың көбісі халықтың салт-дәстүрін білу, өзін және Отанын қорғауға қажетті іскерлік пен дағдыны меңгеруі, басқаларға өте ыңғайлы да жағымды жағдайларды жасау сияқты қабілеттерді тексеруге арналған жарыстар жүргізілді. Сол сияқты Ежелгі Спарта, Рим, Афина тарихында да кәсіби жарамдылықты зерттеуге, білімдарлықты бағалауға арналған көптеген инициациялар түрлері, емгихандар мен семинарлар, философтар мектептері дәстүрлері кеңінен тарады.
Спартада жауынгерлерді тәрбиелеу жүйесі ерекше дамыған болды. Бұл қала-мемлекеттеер балалармен қатар әскери-дене тәрбиесінен барлық қыздарда өтетін болды. Өйткені жауынгерлер соғысқа аттанып кеткен кезде әйелдер көптеген құлдарды игеріп отыруға шамасы келетін жауынгерлік қасиеттер көрсетуі керек болды. Сондықтан адамның дене тәрбиесіне, денсаулығын нығайтуға, қара күші мен қайратын көбейтуге ерекше көңіл бөлінді.
Римде тәлім-тәрбие жұмысында гладиаторлар даярлау ерекше мәртебеге ие болды. Жақсы тәрбиеленген гладиаторлар ақсүйектер мен мемлекет басшыларының көңлін көтеруге, ер азаматтардың айбаттылығын, шыдамдылағын, жауға деген қатыгездігін тәрбиелеуге қосатын үлесі өте үлкен болып келді. Сонымен қатар білімдар адамдарды, өнер салаларындағы мамандарды, көптеген жеңіл кәсіптерді үйрететін мектептер ашыла бастады. Ежелгі Римде сауаттылық кең тараған. Сондықтан плебейлерге арнаған жарлықтар жазба түрде шығарылып, балалардың сауатын ашатын әліппе ретінде осы жарлықтарды үйреткен. Баласының сауатын ашып, оған мамандық білім бермеген ата-анаға балалары қамқорлық көрсетуіне мемлекет тарапынан тыйым салынған.
Афина басқа локонияларға қарағанда адамның интеллектуалдық қасиеттерін жоғары бағалап, оны дамытуға өте үлкен орын берген.
Үндістанда б.д.д. 900-600 жылдардан бастап зергерлік, ұсталық, тоқымашылық, арқаншы, тігінші, бояушы, балташы, ағаш ұсталары, құмырашы, үй қызметкерлерінің әртүрлі категориялары, кәсіби акробаттар, көріпкелділер, сырнайшы, жылан арбаушы, биші, саудагерлер т.б. мамандықтар кеңінен тарады. Әр маман өз кәсібін өзінің балаларына, үрім-бұтағына үйретіп шығарған.
Орта ғасырларда адамзаттың орындайтын іс-әрекетінің түрлері көбеюімен байланысты көптеген кәсіптер пайда болып, шеберханалардағы мамандықтардың түрі, теңізшілер, кеншілер тағы басқа көптеген мамандықтар пайда болады. Осы еңбек түрлеріне даярлықтан өткізетін көптеген кәсіптік мектептер және жұмыс орнында үйрету кең тарайды. Сонымен қатар жоғары квалификациялық мамандар даярлайтын гимназиялар мен университеттер ашылады.
Кәсіби бағдарлау қоғамдық процеске айналып 19 ғасырдан бастап кәсіби диагностика, кәсіпке жарамдылықты анықтау аяқ ала бастайды. Сонымен қатар кәсіби ағарту, кәсіби кеңес беру, әлеуметтік кәсіби адаптация және кәсіби тәрбиелеу ғылыми жағынан байыпталып зерттеліне бастады.
Бұл жұмыс әр адамның жекелік психикалық ерекшеліктерін анықтап, әр адамның тіршілік түрлеріне икемдішігін анықтаумен ұштастыру мәселелері қарастырылады. Ағылшын ғалымы Ф.Гальтон жеке тұлғаның психикалық ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда анықтаудың іргетасын құрушылардың бірі болды. Осы айырмашылықтарды зерттеу мақсатымен Ф.Гальтон Лондонда 1888 жылы халықаралық медициналық және денсаулық сақтау әдістерін қолдану көрмесін ашты. Көрмеге келушілер өздерінің тән қабілетімен қатар психикалық ерекшеліктерін 17 көрсеткіштер бойынша анықтап алуға мүмкіндіктер жасалды.
1908 жылдың қаңтар айында Бостон қаласында жастарды кәсіби бағдарлау жұмысының алғашқы бюросы ашылып, мұнда талапкерлердің өмірлік еңбек жолын анықтауға көмек беретін әдістемелер қолданыла бастады. Бұл бюроның іс-әрекеттерін ғылыми тұрғыда негізделген кәсіби бағдарлаудың бастамасы деп айтуға болады. Көп ұзамай осыған ұқсаған бюролар Нью-Иоркте ашылды. Оның міндетіне әр, түрлі мамандықтардың адамға қоятын талаптарын зерттеп, мектеп оқушыларының қабілетін анықтау болды. Бұл бюроның негізін құрушылардың бірі Ф.Парсонс табысты мамандық таңдаудың үш негізгі факторларын бөліп көрсетті:
- әр адамның өзін-өзі дұрыс бағалауы, өзінің іс-әрекет түрлеріне бейімділігін, қабілетін, қызығушылығын, ұмтылысын, мүмкіндіктерін және шектеуліктерін дұрыс бағалауы;
- әрбір таңдаған мамандық бойынша қызмет атқарғанда табысты жұмыс істеу үшін ненің қажет екенін білуі;
- мамандықтың талабы мен байланысты білімді өзін-өзі бағалаудың нәтижесін үйлестіре алуы.
Осы және көптеген әлеуметтік психологиялық зерттеулердің нәтижесінде 1911 жылы Англияда 17 жастан төмен оқушыларға мамандық таңдауға міндетті түрде көмек көрсету туралы Заң қабылданды.
АҚШ-та мамандарды кәсіби жарамдылығы бойынша таңдаудан өткізуге ерекше көңіл бөлінді. Гарвард университетінің психологиялық зертханасының директоры Г.Мюнстерберг, психотехникалық зерттеулердің негізін құрушылардың бірі, кәсіби таңдау жүргізу технологиясын анықтап, өз зертханасында көптеген әдістемелер жасауға өз үлесін қосты.
Біріші дүниежүзілік соғыс барысында әскери техниканы басқарушылардың кәсіби жарамдылығын анықтап іріктеп алу қажет екені дәлелденді. Осы қызметті жолға қою үшін көптеген арнайы зерттеулер жүргізілді. Германияда 1922 жылы кәсіби бағдарлау және кеңес беру жүйесін құру жайлы Заң қабылданды. Кәсіби кеңес беру бюросының ұстанымдары бойынша еңбек биржасында мынадай ережелер құрылды:
- жеткіншектерді мамандық таңдауға жоспарлы түрде даярлау;
-бюро жұмысын мектептермен тығыз байланыста ұйымдастырып, мектеп бітірушілермен арнайы жұмыстарды келесі бағыттарда жүргізу;
- мамандықтар туралы мағлұматтар беру;
- мектеп бітірушілердің жекелік қасиеттерін анықтау үшін психологиялық зерттеулер жүргізу;
- жұмысқа немесе кәсіби мектептерге ұсыныс хат толтыру.
Кәсіби бағдарлаудың ғылыми педагогикалық негізін қалауға халыққа білім беру жүйесін бұрынғы Кеңес жерінде құруға үлкен үлесін қосқан А.В.Луначарский, П.П.Блонский өз үлестерін қосты. 1927 жылы Санкт-Петербургте кәсіби кеңес беру бюросы ашылды. Бұл жерде мамандыққа баулу тәжірибесімен қатар ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1928 жылы П.П.Блонскийдің "Педалогия негіздері" деп аталатын еңбегі жарық көрді. Тәжірибелік психологиялық білімді ол кезде педалогия деп атады. Осы еңбекте жеке адамның тұлғалық қасиеттерін жан-жақты зерттеу, және ағзаның физиологиялық ерекшеліктерін анықтау әдістемелері жүйеге келтіріліп берілді.
Дегенмен бұл зерттеулерді тәжірибеде қолдану көптеген қиындыққа жолықты. 1936 жылы «О педалогических извращениях в системе наркомпроса" деп аталатын ВКП(б) ОК қаулысы бойынша сол кезде көптеген ірі қалаларда ашылған әлеуметтік психологиялық зертханалар мен бюролар жабылып, педалогиялық зерттеулерге толық тыйым салынды. Содан 20 ғасырдың 60-шы жылдарына дейін тәжірибелік психологиялық зерттеулер біздің елде жүргізілмей қалды.
Шет елдерде бұл тәжірибе өте кең тарап, Еуропалық ғалымдар К.Айзенк, Кеттел, Бине, Симон т.б. көптеген ғалымдар адамдардың жекелік қасиеттерін, интеллектуалдық іс-әрекеттерге икемділігін, жан мен тәннің бір-біріне тәуелділігін т.б. көптеген проблемаларды зерттеу жолдарын анықтап, оларды психологиялық кеңес беруде қолдану жолдарын зерттеді.
1984 жылы қабылданған Кеңес мектептерінде жүргізілген реформаның материалдарында мектептерде психологиялық қызметтерді ұйымдастырып, психологиялық зерттеулерді кеңінен қолдану қажеттілігі көрсетілген. Сонымен қатар психологиялық кеңес беру орталықтарын ашу туралы көптеген ұсыныстар жасалған. Осы кезден бастап көптеген Ресей мектептерінде, Балтық жағалауындағы мемлекеттерде мамандыққа баулу және кәсіби бағдар беру орталықтары ашыла бастады. ССРО ғылым академиясы жанынан мамандық бағдар беру ғылыми зерттеу институты ашылып, онда осы бағытта көптеген зерттеулер жүргізілді.
Қазақстанда кәсіби бағдар беру проблемалары педагогика ғылымдарының докторылары, профессор А.П.Сейтешов, Г.А.Уманов, Л.К.Керимов, және олардың шәкірттері жан-жақты зерттеді. Олардың айтуы бойынша кәсіби бағдар беру-психологиялық, педагогикалық және медициналық іс-шаралар жиынтығы болып келеді. А.П.Сейтешов мамандыққа баулу және кәсіби бағдарлау баланың дүниеге көзқарасының қалыптасуына негіз болады деп дәлелдеген. Бұл жұмыс жастардың тілегі, ықыласы мен олардың мүмкіндіктерін бір-бірімен үйлестіруге бағытталған. Сонымен қатар халықтың тұрмыс шаруашылығы мен жалпы қоғамда мамандарға деген қажеттілікті ескере отырып, еңбекке жарамдылық процесін оңтайландыруға бағытталған.
1.2. Оқушыларды алдын-ала кәсіби психологиялық
диагностикадан өткізудің маңызы
Кәсіп - proaessiо - деген фрацуз мамандығымды тілінде ресми түрде жариялаймын деген мағынаны білдіреді. Кәсіби бағдарлау - әр адамның жекелік қасиеттеріне, қызығушылығына, қабілетіне, қоғамдық қажеттілікке байланысты мамандық таңдап алуына ықпал жасау.
Мамандықты дұрыс таңдаудың әр адамның өз өмірінде табысты болуына және әлеуметтік ортада барлық қабілетін толық ашуға негіз болатындығын көптеген ғалымдар өз еңбектерінде дәлелдеп шыққан. Кәсіби бағдарлаудың негізін құрушылар Ф.Гальтон, А.Кершенштейнер, Г.Мюнстерберг, П.П.Блонский, Ю.П.Сокольников, Т.Н.Мальковская, Г.А.Уманов т.б. ғалымдар әлеуметтік-кәсіби бағдарлау идеяларын қалыптастырды. Осы идеяларға сүйене отырып барлық ізгі ниетті мемлекеттер өз ұрпақтарын тәрбиелеу барысында оларға кәсіби бағдар беру, кәсіп беру мәселелерін өз халқында қалыптасқан дәстүрлерге сүйене отырып ғылыми негізде шешу жолдарын іздестіруде.
Жалпы және кәсіби білім беру мектептерінің тұжырымдамасында оқушыларды қандай да бір іс-әрекет түріне баулу және әр баланың психофизиологиялық ерекшеліктерін, қабілеті мен білімділігін анықтауға мүмкіндік беру қажет екені анықталған. Бұл мәселені шешу әр мектепте әр түрлі жолдармен жүргізіліп жатыр. Психологиялық қызмет ұйымдастырылған мектептерде балалардың жекелік психикалық қасиеттерін анықтаумен шектелуде. Ал шын мәнінде бұл қызмет көпқырлы және көпсырлы болуға тиісті.
Оқушыларды алдын-ала кәсіби диагностикалаудан өткізу проблемасын зерттеу үшін көптеген арнайы және жалпы диагностикалық әдістемелер жасалған.
Оның ішінде Айзенк пен Стреляудың темпераментті өлшеу тестері, Бине-Симон жасаған интеллектуалдық қабілеттілікті анықтау шкаласы, Айзенктің интеллекті зерттеу тестерінің вербалдық, математикалық және техникалық субтестілері, Филипстің баланың мазасыздану деңгейін анықтау тесті, коммикациялық және ұйымдастырушылық қабілетті зерттеу тестері тағы сол сияқты көптеген әдістемелер. Олардың нәтижесін кәсіби бағдарлауда қолдану ережелерін Айзенк, Лемтес т.б. анықтаған.
Бұл жұмыстың мазмұны жеке адамның психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты зерттеп келесі компоненттер бойынша мағлұмат алудан тұрады:
- мінез-құлқының жеке-даралық ерекшеліктерін анықтау;
- жүйке қызметінің жеке-даралық ерекшеліктерін анықтау;
- қызығушылығы, бейімділігі, қабілеті, кәсіби ниеттері туралы мағлұматтар алу;
- құндылық бағдарлануы;
- білімі, іскерлігі және дағдылары.
Кәсіби бағдарлауды жүргізуге негіз болатын идеялар жастарға білім беру тұжырымдамасында анықталады. Біздің мектеп тұжырымдамасында кәсіби бағдарлау идеясы әр адамға мамандықты дұрыс таңдауға қажетті қабілеттері мен қызығушылығын анықтауды ұйымдастыру. Әдіснамалық сипатта бұл проблема оқушылардың өмірлік және кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізудің даралық ұстанымы жатады. Бұл ұстаным бойынша оқушылардың өмірлік және кәсіби жоспарларына байланысты топтау арқылы, сыныптастыру жұмысын жүргізу негізінде оларға бағдар беру программасы анықталады.
Кәсіби бағдарлау жұмысын негізгі екі кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Біріші кезең - әлеуметтік-кәсіби бағдарлау. Бұл кезеңде балаларға жалпы мамандық, мамандық бойынша қызмет атқару, табыс көзі, мамандық шеберлік және сондай жалпы мағлұматтар беріледі. Бұл кезеңнің міндеттері:
- мамандақ туралы жалпы ұғымды меңгерту, мамандықтар әлеміне саяхат жасау арқылы баланың мағлұматтылығын қалыптастыру;
- шебер адамдардың құрметке бөленетінін, олар материалдық және рухани байлыққа өз шеберлігі арқылы жеткендіктерін көрсету;
- мемелкеттің әлеуметтік-экономикалық даму тенденциясына байланысты қандай мамандықтардың болашағы мол деп болжамдауға болатындығын көрсету;
- туыстарының, таныстарының, достарының мамандықтарын, олардың перспективасын көрсету;
- еңбектің шығармашылық сипатымен таныстыру;
- еңбек романтикасы туралы мағлұмат беру;
- еңбектің материалдық және рухани байлықтың көзі екенін көрсету.
Осылайша еңбек, кәсіби әрекеттің өзі құндылық екенін айқындап, әрбір жеке адамның мамандықты дұрыс таңдап өмірдегі өз орнын табуға ұмтылылысы болғанда ғана олардың қызығушылығы одан әрі дамып, мәртебесі өсіп, жоғары мансаптық орынға ие болуына мүмкіндік туады. Мамандыққа қызығушылығы бар адамға оны толық және сапалы меңгеруге жол ашылады.
Кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруда құндылықтардың қалыптасуына үлкен әсерін тигізетін нәрсе -мотивтер екенін ескеру қажет. Мамандықтарды таңдау мотивтерін алты топқа бөлуге болады:
-жалпы мотивировка;
-мамандықтың романтикасы;
-танымдық сипатындағы мотивтер;
-қоғамдық мәні бар мамандық таңдау мотиві;
-беделге, үлгіге сүйену;
-мотивацияланбаған таңдау.
Барлық мотивтерді сипаты бойынша төрт топқа бөлеміз:
- нақты еңбекке бағытталған, мақсаты анықталған, дәлелге негізделген мотивтер;
-нақты емес, жеткіліксіз себептестірілген мотивациялар;
-сенгісіз, негізсіз мотивациялар;
-ешқандай негізі жоқ мотивациялар.
Өзінің қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтыла отырып, адам өз алдына нақты бір мақсат қояды, бірақ бұл мақсат өз бетімен жүрмейді, ол адамның бағыттылығымен тығыз байланысты жүреді де оның барлық іс-әрекеттерінің бағдарламасын болжамдайды. Қажеттіліктерді, қызығушылықтарды қанағаттандыру, мақсатын жүзеге асыру нақты бір мәселелерді шешусіз, сәйкесінеше жұмысты орындаусыз мүмкін емес. Сондықтан әрбір жағдайда адам объект, құбылыс немесе іс-әрекет түрлерін таңдайды. Осылайша таңдау жеке адамның қажеттілігін өтейді.
Мамандық таңдау мотивтерін анықтауға арналған көптеген әдістемелер бар. Оларды қолданып зерттеу жүргізу нәтижесінде балалардың мектеп бітіру шағында мотивациялық сферасы өте нашар көрініс беретіндігі анықталған. Бұл жағдай мектеп түлектерінің қалаулары анықталмастан, болашақ өмір жолын анықтауға өздері үлес қосуға шамасы келмейтіндігін көрсетіп отыр.
Жеке адамның басқа психикалық қасиеттері де өзара тығыз байланыста болады. Осы байланыстылықты былайша көрсетуге болады:
қажеттіліктер - қызығушылықтар - объективті
құндылықтар - мотивтер - мақсат - таңдау.
Психологияда темпераментті деп адамның психикалық процестерінің динамикасын анықтайтын қасиетті айтады. Темпераменттің табиғатын И.П.Павлов зерттеген. Оның ілімі бойынша жүйке жүйесінің негізгі қасиеттері - қозу мен тежелудің жүру күші, олардың алмасуы, динамикасы.
Темперамент олардың тек қана біреуіне тәуелді болмайды, олардың үйлесімділігіне тәуелді. Бұл үйлесімділікті И.П.Павлов жүйке қызметтерінің түрлері деп атаған. Неміс ғалымы И.Кантттын сыныптастыруы бойынша темперамент төрт типке бөлінген. Кант берген типологияны Павловтың сипаттамаларымен толықтырып, қазіргі кездегі психологияда ең кең қолданылыатын сыныптастыру негізінде темперамент типтері холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик деп бөледі.
1 - холерик. Бұл темперамент өкілдерінің жүйке процестері күшті жүреді, барлық іс-әрекеттерге белсенді кіріседі де шалағай орындап тастайды, сапаға терең үңілмейді, қозу процесі күшті және басым болғандықтықтан олар көп жерде ұшқалақтық көрсетеді, жаңалықты қуанышпен қолдайды, тәуекелге барғыш, ұрысқақ, кек сақтамайды, жүріс-тұрысы үйлесімсіз.
2 - сангвиник. Сангвиниктердің жүйке процестері күшті жүреді, қозу мен тежелу процестері тепе-тең, жеңіл алмасады, іскер, сөзшең, адамдармен тіл табысқыш, барлық әрекетке ынтамен бастайды, бірақ қызағушылығы тез басылады, барлық жұмысты қызықты және қызықсыз деп бөледі, икемделгіш.
3 - флегматик. Флегматиктердің жүйке процестері күшті жүреді, байсалды, барлық нәрсені ойланып, асықпай сапалы орындайды, сыйысымды, тіл табысқыш, ашушаң емес, жай қимылдайды.
4 - меланхолик. Меланхоликтердің жүйке процестері баяу жүреді, салмақты, қозу және тежелу процестері жай алмасады, үйреншікті жерде іскерлік, ашық-жарқындық көрсетеді, жаңалықтан қорқады, сасқаншақ, кейде ұстамалы.
Темперамент ерекшеліктерін диагностикалауға Айзенк, Стреляу тестерінен кеңінен қолданады. Осы әдістемелерді қолдану арқылы тек трмперамент типі анықталып қана қоймастан, сонымен қатар балалардың экстраверсия-интроверсияның қайсысына жақын екені анықталып, невротизмнің байқалатындығы да диагностикаланады.
Адамның темпераменті таза бір типте болуы сирек кездеседі. Көбінесе темперамент бірнеше түрінің қосындысы болып келеді. Сондықтан темпераментті зерттеу нәтижесінде доминанта көрсеткіші темпераменттің қай типінен екенін анықтап, қосалқы көрініс берген типтердің де мінездемесіне үлкен көңіл аударған дұрыс болады. Темперамент типін анықтау негізінде балаларға олардың жүйке процестерінің күшті және әлсіз, теріс көрсеткіштерін анықтап беріп, өзін-өзі тәрбиелеу барысында теріс көрсеткіштерінің әсерін төмендету қажет екені түсіндіріледі.
Сондай-ақ жеке адамның даралық ерекшеліктеріне мінез-құлық жатады. Психологияда мінез-құлық ерекшеліктерін келесі төрт көрсеткіштермен бағалайды:
-ұжымға және басқа адамдарға деген қатынасы, сыйласуы, сыйысымдылығы;
-еңбекке деген қатынасы, еңбеккерлігі, шыдамдылығы, табыскерлігі;
-заттарға деген қатынасы, мұқияттылығы, үнемділігі, пысықтығы немесе салақтығы, ықтиярлы немесе ықтиятсыздығы;
-өзіне деген көзқарасы, өзін-өзі жақсы көруі, көкіректігі, мақтаншақтығы, атақ құмарлығы.
Адамның мінезі кез-келген қасиеттердің кездейсоқ жиынтығы емес. Мінездің жеке көрсеткіштері бір-бірімен тығыз байланыста болып бір тұтастық құрады. Мінездің барлық көрсеткіштері және темперамент ерекшеліктері біріне-бірі тәуелді байланыста. Дегенмен, темпераментті өзгертуге болмайды, ал мінез-құлық көріністері тәрбиеленеді, оны адам өзін-өзі тәрбиелеу барсында жетілдіруге болады.
Кәсіби бағдар беру және кәсіби таңдалу барысында осы және тағы басқа жекелік ерекшеліктер талданады. Жекелік психикалық қасиеттерді диагностикалау әдіс-тәсілдері көп мөлшерде қалыптасқан. Олардың көмегімен барлық психикалық қасиеттерді жан-жақты талдап шығуға мүмкіндіктер мол.
Мінез-құлық ерекшеліктерін анықтауға арналған әдістемелер ішінде Филипс жасаған оқушылардың мектептегі мазасыздану деңгейін анықтау тесті, Шмишектің мінез акцентуациясын анықтау әдістемесі, бала агрессиясын зерттеуге арналған Басса-Даркидің тесті тағы сол сияқты бірнеше әдістемелерді қолданып, әр адамның мінез ерекшеліктерін толық, және жан-жақты бағалап шығуға мүмкіндік береді. Бала агрессиясын зерттеушілер оған әр түрлі анықтамалар береді. Біреулері ол адамның қоршаған орта құбылыстарынан өзін қорғауға арналған тұқым қуалаушылыққа негізделген қасиет деп көрсетсе (Лоренд, Анри), екіншілері жетекші роль атқаруға бағытталған әрекет (Моррисон) деп түсіндіреді. Агрессияны фрустрация мен байланыстыратын теориялар да бар (Маллер, Дуб, Доллард).
Агрессия терминімен жеке тұлғаның субъект-субъекттік қатынаста деструктивтік әрекетке жақындығын белгілейді. Деструктивтік әрекет дегеніміз адамның алдында тұрған бөгетке шабуыл жасап, қиындықты жеңуге деген белсенділігі. Сондықтан агрессияның оң және теріс көріністері бар екенін жақсы түсіну қажет. Мысалы, адам өз өмірін, немесе басқа адамдардың өмірін сақтауға, табыс көзіне төнген қауіпті жоюға бағытталған агрессияны ақтауға болады. Сонымен қатар, ешқандай ақтауға болмайтын агрессия байқалуы мүмкін.
Жеткіншек жас кезеңінде себепсіз агрессия, немесе жалған қауіпке бағытталған шабуылшылық орын алуы мүмкін. Бұл құбылыстың түрлерін, себебін, және мөлшерін анықтауға болады. Психолог осы мәселені зерттеп, агрессиясы нормадан тыс дамыған балалармен түзету жұмысын жүргізуі керек.
А.Басс және А.Дарки агрессияны сипаттағанда оны негізгі екі топқа бөледі. Біріншісі -мотивациялық агрессия, осы құбылысты туғызған себеп-сылтаулар. Психолог ең алдымен агрессияның осы түрін анықтап алуға тиіс. Екіншісі -инструменталдық агрессия, немесе өзін қорғау үшін, басқаларды зәбірлеуге қолданатын әрекеттері. Бұл қасиеттің көрініс беруі сегіз формада болуы мүмкін. Оларды кәсіби бағдар беру барысында анықтау арқылы мінезді тәрбиелеу туралы кеңес ұйымдастыруға негіз болады.
Кәсіби бағдар беру барысында балалардың іс-әрекет түрлеріне қабілеттілігін анықтаудың орны ерекше. Осы заңдылықты ескере отырып, біртіндеп бейімділікті тәрбиелеу керек. Бейімділік деген адамның тіршілік объектісіне ықыласымен, жасампаздықпен, шығармашылықпен қарауы және оны меңгеруге белсенділік білдіру. Әдетте оқушының тапсырмаға деген бейімділігі болса, оны орындауға бала уақытын үнемдемейді және өз тілегін сапалы орындалғанын талап етеді. Осы әрекет барысында бала табысты болса, ол қабілетінің бар екенінің кепілі.
Қабілеттіліктің негізгі көрсеткіші ретінде жаңа білімді және іскерлікті тез және сапалы меңгеруі, ептілігін жетілдіруге ынтасы, іс-әрекет нәтижесінің жоғары дәрежеде болуы. Оқушыларда кәсіби бағдарланудың нәтижесі ретінде біз тек мектеп бағдарламасын меңгеруі емес, сонымен қатар қандай-да бір мамандықты меңгеруге бейімділігін қарастырамыз. Қабілет дегеніміз адамның білімді, іскерлікті, дағдыны тез және сапалы меңгеруі, іс- әрекетте табысты болуы, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі.
Білімге, ептілікке және дағдыға деген қатынасында адамның қабілеті, қандай да бір мүмкіндігі ретінде көрінеді. Білім, іскерлік, дағдыларды адамның меңгеруі көптеген жағдайларға байланысты жүреді. Мысалы, қоршаған ортасының әсері адам қалай оқытылғаны, оның іс-әрекеттері қалай ұйымдастырылғаны, қарым-қатынас мәдениетіне үлкендердің қандай үлгілері негіз болды бүлардың бәрі күнделікті өз әсерін тигізіп, сол адамның барлық адамдық қасиеттерді меңгеріп, өзінің қабілеттерін ашуға негіз болады. Адамның қандай да бір мамандыққа қабілетін дамытатын қолайлы жағдайлар туындаған кезде жоғарыда аталған шарттар мен физиологиялық процестер көрініс береді. Соның нәтижесінде адамның қабілетінің нышаны ашыла бастайды. Адамның мамандықта табысты болуын болжамдау оның табиғи қасиеттерінің ерекшеліктерін зерттеуден бастау керек. Сонымен қатар қабілеттен басқа жеке даралық ерекшеліктерге мінез-құлық ерекшеліктері темпераментпен өте тығыз байланысты. Бұл қасиеттер консервативтік, кертартпа әсері бар, тұрақты қасиеттер.
Қабілет ерекшеліктерін жан-жақты зерттеген Б.М.Теплов оны жалпы және арнайы қабілеттерге бөлген. Жалпы қабілет адамның өміріне қажетті барлық іс-әрекет түрлерін тез меңгеруі және оларды сапалы орындауы. Арнайы қабілет адамның іс-әрекет түрлерінің бір саласында ерекше табысқа ие болуын қамтамасыз етеді. Мысал ретінде музыкалық, көркем-өнерлік қабілеттерді атап өтуге болады.
Кәсіби бағдарлау барысында осы қабілеттердің түрлерін нақты анықтап, іс-әрекеттің қандай түрлерінде адам ерекше табысқа тезірек жететінін болжамдауға мүмкіндік туады. Интеллектуалдық қабілетті зерттеуге арналған әдістемелер өте көп. Солардың ішінен Айзенк тестерін атап өтуге болады. Айзенк тестері сегіз субтестен тұрады. Әрқайсысы 50 тапсырмадан құрылған. Олардың ішінен вербалдық, математикалық, техникалық қабілетті анықтау субтестілері деп әр түрін жеке дара қолданып, іс-әрекеттердің қай түрінде адам өзінің қабілеттерін толық ашуға мүмкіндіктері молырақ екені анықталады.
Кәсіби бағдар беру барысында балалардың психикалық ерекшеліктерін жан-жақты диагностикалау арқылы олардың болашақта қай салада табысты болуға мүмкіншіліктері молырақ екенін анықтауға көмек көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша балалармен кеңес жүргізіліп, олардың пәнге деген қызығушылығы, мектептен тыс қызығушылығы, мамандық таңдау мотивациялары, ата-аналарының мамандықтары, мамандықтар туралы мағлұмат алу көздері тағы көптеген мәселелер анықталады.
2 тарау. Кәсіби бағдар беру барысында оқушылардың жекелік қаситтерін диагностикалау.
2.1. Оқушылардың темпераментін зерттеу.
Дипломдық зерттеу барысында кәсіби бағдар беру жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету үшін оқушылардың жекелік ерекшеліктерін зерттедік. Эксперименталдық зерттеу жұмыстары Сарығаш аудынының А.Байтұрсынов атындағы мектеп -гимназиясының жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілді. Бұл параграфта балалардың темпераментін анықтауға Айзенк және Стреляу тестерін қолданып жүргізілген жұмыстың нәтижелері көрсетілген. Зерттеуге қатысқан балалар саны 36. Төменде Айзенк және Стреляу тестері келтіріліп, солардың көмегімен анықтаған балалардың көрсеткіштеріне сипаттама бердік.
Темпераментті Айзенк тестімен зерттеу.
Бұл тесті орта сынып оқушыларынан бастап ересек адамдарға дейін қолдануға болады.
Мақсаты: баланың темпераментін және эмоционалдық тұрақтылығын (невротизмнің көрінісін) анықтау.
Орындау ережесі: «сізге 57 сұрағы бар бланкі мен жауап парақ берілді. Сұрақтардың әрқайсысына «ия» немесе «жоқ» деген жауап беріп оны жауап параққа жазыңыз. Дұрыс жауапты табу үшін көп ойланудың ешқандай қажеті жоқ. Өйткені бұл тапсырмалар арқылы білімді немесе ақыл-ойдың даму деңгейі бағаланбайды, берілген сұрақтарға дұрыс немесе қате жауап жоқ. Әр адамың өз ойы өзіне дұрыс. Сондықтан ең бірінші ойға келген жауапты сұрақ номерінің тұсына жазыңыз».
Сауалнама.
1. Тынығу үшін, немесе ерекше сезімге бөлену үшін жаңалық іздеуге құмарлыққа жиі бөленесіз бе?
2. Сізді түсінетін, жұбататын және көңліңізді көтеретін достарға қажеттілікті жиі сезінесіз бе?
3. Өзіңізді уайымсыз адаммын деп есептейсіз бе?
4. Алдыңызға қойған мақсаттан бас тарту сізге қиын ба?
5. Іс-әрекеттерді бастамай тұрып, алдын-ала, асықпай ойланып аласыз ба?
6. Берген сөзіңізді барлық уақытта орындайсыз ба?
7. Сіздің көңіл- күйіңіз құбылмалы ма?
8. Жылдам сөйлеп, тез қимылдайсыз ба?
9. Ешқандай себепсіз өзіңізді бақытсыз адаммын деп есептеген уақытыңыз болды ма?
10. Дауласу барысында неге де болса бел байлауға даярсыз ба?
11. Сізге ұнайтын адаммен танысуға ұяласыз ба?
12. Қатты ашуланғанда не істегеніңізді білмей қалатын жағадай болады ма?
13. Жағдайға байланысты ойланбай әрекет жасауыңыз жиі болады ма?
14. Өзіңіздің айтқаныңыз немесе істегеніңіз туралы ойлар сізді жиі мазалайды ма?
15. Адамдар мен кездескеннен кітап оқығанды көбірек ұнатасыз ба?
16. Сіздің намысыңызға тиу оңай ма?
17. Компанияда жиі болғанды ұнатасыз ба?
18. Басқаларға айтқыңыз келмейтін ойларыңыз бар ма?
19. Кейде күшіңіз тасып, тауды қопаруға дайын болып, ал енді бірде әлсіреп қалатыныңыз рас па?
20. Өзіңіздің қарым-қатынас жасайтын ортаңызды ең жақын достармен шектеуге тырысасыз ба?
21. Арманға жиі бөленесіз бе?
22. Сізге дауыс көтергендерге солайша жауап бересіз бе?
23. Өз әдеттеріңіздің барлығын жақсы деп есептейсіз бе?
24. Сіз өзіңізді кінәлы деп сезінуіңіз жиі болады ма?
25. Сіз өз сезіміңізді жүгендеместен, көңілді компанияда жақсы тынығуға кабілеттісіз бе?
26. Керенау жағдайында жиі боласыз ба?
27. Басқалар сізді көңілді және еті тірі адам деп есептейді ме?
28. Бір істі бітіргеннен соң, ол тірлікті «одан да жақсы орындауға болар еді» - деген ойға бөленесіз бе?
29. Үлкен жиындарда өзіңізді ыңғайсыз сезінесіз бе?
30. Сіз өсек айтатын кездер болады ма?
31. Әртүрлі ойларға бөленіп, ұйқыңыз қашып кететін кез болады ма?
32. Бір нәрсені білгіңіз келсе сіз оны кітаптан іздейсіз бе?
33. Кейде жүрегіңіз қатты соғады ма?
34. Барлық көңілді шоғырландыруды талап ететін жұмысты ұнатасыз ба?
35. Кейде қалтырап-дірілдеп кетесіз бе?
36. Сіз барлық уақытта шыныңызды айтасыз ба?
37. Бір-бірін әзілдеп отыратын компанияны ұнатпайсыз ба?
38. Сіз ашушаңсыз ба?
39. Тез шешім қабылдауды талап ететін жұмыс сізге ұнайды ма?
40. Сізді, еш уақытта болмаған неше түрлі сұмдықтар және қайғылы оқиғалар болып қалса не болар еді, деген ой жиі мазалайды ма?
41. Сіз асықпай, жай қимылдайтыныңыз рас па?
42. Жұмысқа, біреумен кездесуге жиі кешігесіз бе?
43. Жағымсыз түстерді жиі көресіз бе?
44. Сіз өте сөзшең болғандықтан әр кездескен адаммен әңгімелесіп қалуға тырысатыныңыз рас па?
45. Бір жеріңіз ауырады ма?
46. Достарыңызбен ұзақ уақыт жолыға алмасаңыз мазасызданасыз ба?
47. Сіз шыдамсыз адамсыз ба?
48. Таныстарыңыздың ішінде сізге ұнамайтын адам бар ма?
49. Өзіңізге сеніміңіз күшті ме?
50. Сіздің кемістіктеріңізді немесе жұмысыңызды сынаған сіздің намысыңызға тиеді ме?
51. Көптеген адам қатынасатын іс-шаралардан ләзаттанасыз ба?
52. Сіз өзіңізді басқалардан кем деп санайсыз ба?
53. Қызықсыз ортаны жандандырып жібере аласыз ба?
54. Өзіңіз білмейтін нәрсеңізді білетіндей болып көрсеткіңіз келеді ме?
55. Өзіңіздің ден саулығыңыз туралы қам жейсіз бе?
56. Басқаларды әзілдеуге құмарсыз ба?
57. Сізді ұйқысыздық мазалайды ма?
Нәтижесін бағалау кілті.
Экстраверсияны бағалау үшін келесі сұрақтарға берген жауаптарыңыз кілтке сай келсе бір балл деп есептелінеді: Ия - 1, 3, 8, 10, 13, 17, 22, 25, 27, 39, 44, 46, 49, 53, 56; Жоқ-5, 15,20,29,32,37,41,51. 0-10 балл жинасаңыз сіз интровертсіз; 15-24 балл жинасаңыз сіз экстравертсіз; 11 - 14 балл - амбиверт көрсеткіші болып табылады.
Невротизмді анықтау үшін келесі сұрақтарға берген жауаптарыңыз кілтке сай келсе бір балл деп бағаланады: Ия-2,4,7,9, 11, 14, 16, 19, 21, 23, 26, 28, 31, 33, 38, 40, 43,45,47,50,52,57;
0-10 эмоционалдық жағынан тұрақтылықтың көрсеткіші;
11-16 сезімталдық белгісі;
17-22 жүйке жүйесі күйзелгенінің белгісі бар; 23-24
невротизм патологияға жақындаған.
Өтірікшілік көрсеткішін анықтау:
Келесі сұрақтарға берген жауаптарыңыз кілтке сай келсе бір балл деп бағаланады.
Ия - 6, 24, 36; жоқ - 12, 18, 30, 42, 48, 54.
0-3 балл жинасаңыз сізге барлық уақытта сенуге болады.
4 - 5 - жалғандығыңыз көрініп тұр;
6 - 9 - жауаптарыңыз ақиқатқа сай емес, оларды өңдемей- ақ қойса да болады.
Бағалау шкаласы бойынша анықталған жиналған баллдарды жоғарыда берілген графиктің горизонталдық бағанына экстраверсия түсіріп, ал невротизм көрсеткішін вертикалдық бағанға орналастыру керек. Сол нүктелерден түсірген перпендикулярлардың қиылысқан жері зерттелушінің темпераментіндегі жетекші типті көрсетеді. Осы көрсеткіш бағандардың қилысқан жеріне жақын орналасса ол адамда барлық темпераменттің көрсеткіштері анық байқалатынының белгісі.
Көрсеткіштер бойынша мінездеме.
Сангвиник-экстраверт: тұрақты адам, әлеуметтендірілген, сыртқы дүниеге бағытталған, ашық-жарқын, қарым-қатынасқа құмар, кейде көп сөйлейтін, уайымсыз, көңілді, басшылыққа құмар, жолдас-жоралары көп, өмірсүйгіш.
Холерик-экстраверт: айнымалы адам, ашушаң, қозғыш, ұстамды емес, агрессиясы анық байқалатын, оптимист, белсенді, жұмысқа қабілетті және көңіл- күйі тұрақсыз, стресс жағдайында -психопат.
Флегматик-интроверт: тұрақты адам, байсалды, ашулануы қиын, ойшыл, іскер, ұстамды, сенімді, сыйысымды, қарым-қатынасқа жайлы, интеллектуал, жай қимылдайды, ұзақ уақытқа созылған қолайсыз жағдайда көңіл-күйін, ден- саулығын бір қалыпты сақтайды.
Меланхолик-интроверт: тұрақсыз адам, мазасыздануы күшті, пессимист, сыртқы көрінісі бойынша сабырлы, бірақ эмоциясы терең, оған ұзақ уақыт бөленіп жүреді, ойшыл, интеллектуал, стресс жағдайында ішкі кернеуі күшейеді, депрессияға ұшырап, денсаулығы, жұмысқа қабілеті төмендейді.
Зерттеу нәтижелері.
Зерттелінген 36 оқушының басым көпшілігі холерик-экстраверт көрсеткіштеріне жақын болды. Сондықтан олармен әңгімелесу жүргізгенде холерик температінің ерекшеліктерін жан-жақты түсіндіріп, өзін-өзі тәрбиелеу барысында шалағайлықты, көп жұмысты үстіртін істейтіндігі, ұрысқақтығы оларға табиғи жақын қасиет екенін атап өтіп, олар өздерін тәрбиелеу барысында осы теріс көрсеткіштердің әсерін төмендетіп, холериктің батылдығын, жаңалыққа құмарлығын, кешірімділігін нығайту керек екндігін де көрсеттік.
Айзенк тесті бойынша зерттелінушілердің
Темпераментін бағалау кестесі.
Бағаланатын көрсеткіштер
|
Зерттелінушілер саны
|
1. Экстраверттер
|
21
|
2. Интроверттер
|
8
|
3. Амбиверттер
|
7
|
4. Невротиктер
|
21
|
5. Эмоционалдық тұрақтылар
|
15
|
6. Өтірікшілер
|
31
|
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей зерттелінген 36 баланың 21 невротиктер, 31 өтірікшілер, басым көпшілігі холерик-экстраверттер болып шықты. Олардың мінез-құлық ерекшеліктерін балалардың өздеріне түсіндіру үшін талдауды тереңірек жүргізіп, темпераменттер көрсеткіштері бойынша әр зерттелінушшің мінездемесін жасадық. Сонымен қатар қосымша Я.Стреляу тестін қолданып темперамент ерекшеліктерін тереңірек анықтауға кірістік.
Достарыңызбен бөлісу: |