ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІМІЗДІҢ СЕНІМІ – ЕРЕКШЕ БАҚЫТ, ОНЫ АҚТАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗЫМЫЗ
Егемен Қазақстан, 30 Сәуір 2010 | Замана
Загрузка ...
Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты барша қазақстандықтармен бірге Қызылжар өңірінің тұрғындары да айрықша қадірлеп, мақтан тұтады. Туған Отанымыз – Қазақстанның даңқын асырған Елбасымызға деген халықтың шынайы сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы баршаға мәлім. Президентіміздің ел ішіндегі абырой-беделі де, әлемдегі мәртебе-мерейі де уақыт өткен сайын ұдайы арта түсуде.
Бүгінгі аға ұрпақ және біз – орта буын өкілдері Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен саясат алаңына жұлдызы ерекше жарқырап шыққанын жақсы білеміз. Елбасымыз еліміздің әлі азаттық алмаған, коммунистік жүйеге бағынышты болған кезінің өзінде-ақ Кеңес Одағына кеңінен танымал саяси қайраткер ретінде ерекшеленгені жадымызда. Ал Кеңес Одағы ыдырап, барлық одақтас республикалар өз тәуелсіздігін жариялаған тұста Қазақстанның бірінші басшысы болып Нұрсұлтан Назарбаевтың қалуы еліміздің көпэтносты халқының өзін ежелден ынтымақ-бірлікке шақырып келе жатқан күмәнсіз көшбасшысының төңірегіне мықтап топтасуына ұйытқы болып, ертеңгі күніне ерекше сенім берген аса маңызды фактор болғандығы даусыз. Бұрынғы Одақ тараған соң одан бөлініп шыққан көптеген елдерде бұрқ ете түскен, қантөгісті ұлтаралық жанжалдар мен азаматтық қақтығыстардан біздің Қазақстанымыздың аман болуының бір негізгі себебі де осында екендігі ақиқат. “Береке басы – бірлікте” деген халық даналығын сан мәрте есімізге салып, еліміздегі тыныштықты көздің қарашығындай сақтауға үндеген Елбасымыздың көп ұзамай Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы басты мақсаты да осы еді.
“Әуелі – экономика, сосын – саясат” деген берік ұстанымынан айнымай, ең алдымен, экономикалық реформаларды жүзеге асырып, нарықтық қатынастарға жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға баса мән берген, сонымен қатар қоғамымызды біртіндеп демократияландыру шараларын да дәйектілікпен қолға алған Президентіміздің даналығын арада өткен уақыт, бүгінгі өмір шындығы айғақтап берді. Кең байтақ қазақ даласына ажал уын шашқан Семей полигонын біржола жауып, әлемдік ядролық қауіпсіздікке зор үлес қосып, теңдессіз өнеге көрсеткен, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізуге бастамашылық еткен, ел экономикасын өркендетіп, халықтың өмір сапасын ұдайы жақсартуға қол жеткізіп, демократиялық өзгерістер бағытынан таймай келе жатқан жас мемлекетіміздің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында алғашқы болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайлануы – Елбасымыздың көрегендік саясатының жемісі. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-та биыл өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит мінберінен сөз сөйлеп, “Шығыс-Батыс” институтының Бейбітшілік және алдын алу дипломатиясы сыйлығымен марапатталуы – Елбасымыздың да, еліміздің де мерейін тасытқан тарихи оқиға. Президентіміздің көршілес, туыстас Қырғызстандағы адамдар қаны төгілген мемлекеттік төңкерістің аяғы азамат соғысына ұласып кетпеуі үшін тікелей келіссөздер жүргізіп, туыстас елдің басына төнген қауіптің алдын ала білгендігі де ЕҚЫҰ-ны басқарып отырған Қазақстанымыз үшін үлкен абырой болды. Елбасымызға осы араағайындық көмегі үшін шексіз алғыстарын жолдаған қырғыз халқы өкілдерінің арасында Қызылжарға қоныс аударып, бейбіт те берекелі тірлік кешіп жатқан бауырлас ағайындардың “Манас- Петропавл” қырғыз мәдени орталығының басшылары да бар.
Елбасымыздың келешекті болжай білетін көрегендігіне кейінгі әлемдік қаржы дағдарысы көзімізді тағы бір жеткізгені кәміл. Әлі есімізде, Президентіміз 2001 жылы Ұлттық қорды құрмақ ниетін жариялағанда еліміздегі кейбір оппозициялық партиялардың өкілдері: “Мұнай мен шикізатты сатудан түскен табысты Қазақстандағы әр отбасыға тең мөлшерде бөліп беру керек”, деп ашық қарсылық білдірген-ді. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы жұрт алдында, әсіресе, Президент және Парламент сайлаулары қарсаңында саяси ұпай жинауды мақсат тұтқан сынампаздардың сыңаржақ пікіріне салмақты уәж келтіріп: “Алдымызда әлі талай сын кезеңдер болады. Бұл қаржы сондай қилы заманда еліміздің экономикасын қиындықтардан құтқарып, халқымыздың жағдайын жақсартуға, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға жұмсалатын болады”, деп кесіп айтқан еді. Ұлы Абайдың “Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел?!” деген ғұламалық сөзін ғибрат тұтатын халқымыз болса өзінің Тұңғыш Президентіне деген сеніміне ешқашан селкеу түсірмей, әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны мәлім. Ал ең басты төреші – уақыт десек, ол Елбасы ұстанымының дұрыстығына еш күмән қалдырмай, толық дәлелдеп берді. Ұлттық қордан бөлінген мол қаржының арқасында ғана әлемдік қаржы дағдарысынан зардап шеккен еліміздің банк жүйесіндегі жағдай түзеліп, тоқтап қалған тұрғын үйлердің құрылысына қайтадан жан бітіп, мыңдаған үлескерлердің мұқтаждықтары шешілді, ауыл шаруашылығына қуатты қолдау көрсетілді, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша ауылдар мен қалалардағы көптеген әлеуметтік нысандар жаңартылып, жолдар жөнделді. Президентіміздің биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауына сәйкес еліміз жедел индустриялық-инновациялық даму жолына түсіп, асқаралы да айқын міндеттерді алға қойып отыр.
Елбасымыздың ерен еңбегімен, дана басшылығымен еңселенген елімізбен бірге біздің Қызылжар өңірі де жылдан-жылға көркейіп, өсіп-өрлеу үстінде. Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын облысымыздың барша тұрғындары аса зор ынта-ықыласпен, ертеңгі күнге деген нық сеніммен қабыл алып, жасампаздық істерге жұмыла атсалысып келеді. Президентіміздің дәйекті де дана саясатының, орасан зор мемлекеттік қолдаудың, бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымақ-бірліктің арқасында өңір экономикасын өркендетіп, әлеуметтік-мәдени саланы дамытуда айтарлықтай жетістіктерге ие болдық. Нұрсұлтан Әбішұлы Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс бабындағы сапарлары барысында өңіріміздегі оң өзгерістерге көз жеткізіп, әділ баға берумен қатар, жаңа міндеттер, нақты тапсырмалар жүктеп, жасампаздық істерге жігерлендіре түседі.
Осындай шынайы қамқорлықтың нәтижесінде облысымыз бүгінде қуатты дамыған, ірі аграрлық-индустриялық өңірлердің біріне айналды. Өткен жылы қызылжарлық диқандар бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, дәнді дақылдардан 6,4 миллион тонна өнім жинады. Гектар берекесі 16,6 центнерді құрады. Бұл цифрлардың сыртында маңдайтермен атқарылған ұлан-ғайыр жұмыс тұр: қазір тоқсаныншы жылдардағы экономикалық құлдырау кезінде иесіз, күтімсіз қалып, жусан басып кеткен мыңдаған гектар егістік алқаптар жаңа да жанашыр қожайындарын тауып, қайтадан айналымға енгізіліп, өнім бере бастады. Көктемгі жер өңдеу, тұқым себуден бастап өскіндерге күтім жасау, егін жинау жұмыстары, негізінен, өнімділігі жоғары әрі еш ысырапқа жол бермейтін жаңа техникалардың көмегімен сапалы атқарылады. Баяғыдай емес, орақ науқанына сырттан ешқандай көмек шақыртылмай, егін ору, астық тасу сияқты қауырт шаруалардың бәрі облыстың өз күшімен тындырылады. Диқандарымыз қазір нарық талабын түсініп, майлы дақылдар егістігі көлемін де жылдан-жылға ұлғайтуда.
Өңірімізде егіншілікпен қатар мал шаруашылығын өркендетуге, оның өнімдерін ұқсату ісін дамытуға да баса назар аударылып, айтарлықтай бетбұрыс жасалып отыр. Қызылжар ауданындағы Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Иванович Зенченко басқаратын “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінде қанатқақты жоба жүзеге асырылып, Канададан әкелінген 800 бас сиырға арналған сүт кешені іске қосылды. Өткен жылы мұндағы әр сиырдан 7 мың литрдей сүт сауылды. Бұл кешенді Қызылжарға жұмыс сапары барысында Елбасы аралап көріп, тың бастаманың табысты іске асырылғанына ризашылығын білдірген болатын. Осындай озық сүт кешенінің құрылысын Тайынша ауданындағы “Тайынша-Астық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қолға алып, аяқтап қалды. Осы аудандағы биоотын өндіретін “Биохим” өндірістік кешенін Президентіміз 2006 жылдың күзінде өз қолымен ашып, оны “Дала ғажайыбы” деп атаған еді. Еліміздегі алғашқы кластерлік өндірістердің бірі болып табылатын осы кәсіпорынның келешегінен күтетін үмітіміз зор. Оның жанынан салынып жатқан ет комбинатының құрылысы биылғы жазда аяқталуға тиісті.
Бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс өнеркәсібінің Петропавл қаласында орналасқан ірі зауыттары тоқсаныншы жылдардың басында тапсырыс күрт азайтылғандықтан, жабылуға шақ қалып, мыңдаған еңбеккерлері қысқартуға ілінген еді. “Орнында бар оңалар” демекші, қазір олардың да жағдайлары түзелді. Жас мемлекетіміздің жан-жақты қолдауымен қарудың орнына бейбіт өнімдер шығаруға қайта бейімделген бұл кәсіпорындар да тірелген тығырықтан шығып, өндірістерін жылдан-жылға кеңейтіп, айтарлықтай табыстарға жетуде. Олардың ішінде, әсіресе, “ЗИКСТО” акционерлік қоғамы жаңашылдық танытып, өткен жылы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы үшін алғаш рет 250 вагон жасап шығарды. Бұл тапсырыс көлемі биыл екі еседен артық ұлғайтылып, 600 вагон болып белгіленді. Зауыт үстіміздегі жылы еліміздегі мол сұранысты ескеріп, астық тасымалдайтын жабық вагон-хопперлер шығаруды да қолға алды. Ал “Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамы шетелдік серіктестерімен бірлесіп, сандық теледидар жабдықтарын жасауға кірісті.
Кейінгі жылдары Елбасымыздың тікелей тапсырмасына сәйкес мемлекеттік тапсырыстарды орындауда қазақстандық үлесті көбейтуге бағытталған ұтымды шаралар отандық өндірістерімізді көтеруге оңтайлы мүмкіндік туғызғанын жергілікті кәсіпорындардың басшыларының бәрі де сүйінішпен айтады. Өңіріміздің өнеркәсіп саласының одан әрі өркендеуіне Президентіміз еліміз бойынша жариялаған жедел индустриялық-инновациялық даму бесжылдығы үлкен ықпалын тигізетініне сеніміміз зор. Биылғы жылдың өзінде облысымызда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылмақшы.
Елбасымыздың Қазақстанның солтүстік қақпасы саналатын Қызылжар өңіріндегі саяси тұрақтылықты нығайту, демографиялық жағдайды жақсарту, мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді өркендету мәселелеріне де ұдайы көңіл бөліп, үзбей қамқорлық жасап келе жатқанын қызылжарлықтар жақсы біледі. 1997 жылы Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарының біріктірілуі осы игі мақсаттан туындаған түбегейлі шешім болғандығы бүгінде еш талас тудырмайды. Соның нәтижесінде өңір тұрғындарының ұлттық құрамындағы қазағымыздың үлесі едәуір көбейіп, отыз пайыздан асты, мұның өзі төл мәдениетіміз бен өнеріміздің, ана тіліміздің, ата салт-дәстүрлеріміздің өрісін әлдеқайда кеңейтіп, елдік рухымызды көтеруге қолайлы жағдай туғызды. Әсіресе, Петропавл қаласына Көкшетаудан ұлттық кадрлардың үлкен бір тобы қызмет бабымен көшіп келіп, олардың жауапты лауазымдарға орналастырылуы облыстың барлық салаларына жаңа қан жүгіртіп, тың леп бергені аян.
Президентіміздің туған өңіріміздің тарихында тұңғыш рет облыстың бірінші басшыларын жергілікті ұлттан тағайындай бастағандығы да кеңес билігі кезінде қордаланып қалған, аса көкейкесті мәселелерімізді созбаққа салмай, жеделдете шешуге жәрдемін тигізді. Айталық, Петропавл қаласында еліміз тәуелсіздік алғанға дейін жалғыз-ақ қазақ мектеп-интернаты жұмыс істеген болса, қазір балаларды мемлекеттік тілімізде оқытатын орта білім мекемелерінің саны алтыға жетті. Бұған қоса, бос орындар бар орыс мектептерінің жандарынан қазақ сыныптары мен шағын орталықтарды жаппай ашқыза бастадық. Осындай шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда облыстағы қазақ балаларының 57 пайызы өз ана тілдерінде білім алып жүр. Ал бұдан жиырма жыл бұрын бұл көрсеткіш небары 30 пайызды құраған еді.
Құрылғанына биыл он жыл толған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры да өңіріміздегі ұлттық өнерімізді жаңа биікке көтеріп, тіліміз бен ділімізді, асыл адамгершілік құндылықтарымызды дәріптейтін қасиетті қарашаңырағымызға айналды. Бұл өнер ордасының салтанатты ашылу рәсіміне ұлы жазушының 100 жылдық мерейтойына арнайы келген Президентіміз қатысып, көк лентасын қиғанын театр ұжымы орынды мақтаныш тұтады.
Қызылжардың ескі де тар мешітіне діни мейрамдарда сыймай, қынжылыс білдіріп жүрген жергілікті мұсылман қауымының көптен бергі арманы – жаңа ғибадатхананың ашылуына Нұрсұлтан Әбішұлы тікелей жәрдем беріп, діндар жамағаттың жүрекжарды алғысына бөленгенін де айта кеткен жөн. Осыдан бес жылдай бұрын ашылып, қаламыздың қақ ортасында көк күмбезі күнге шағылысқан кең де сәулетті орталық мешітіміз бүгінде имандылық ордасына айналып, төңірекке ізгі нұрын шашып тұр. Оның маңдайшасында: “Қызылжар орталық мешіті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері ханзада Сұлтан бен Абдель Азиз бөлген қаражатқа салынды. Қараша. 2005 жыл” деген жазу бар.
2008 жылғы 21 тамызда Қызылжарда бүкіл еліміздің тарихындағы айтулы мәдени оқиға болды. Осы күні Нұрсұлтан Әбішұлы облысымызға қызмет бабындағы сапармен келіп, өзінің тікелей тапсырмасымен республикалық “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша қыруар қаржы бөлгізіп, қалпына келтірткен “Абылайдың ақ үйі” мұражай кешенін ашып, жиналған жұртшылық алдында тебірене сөз сөйледі. “Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз. Қызылжардың тамаша жерінде орналасқан мұражай кешені тұрғындардың көзайымына айналары сөзсіз”, деді Елбасымыз. Қазір Абылайдың ақ үйі тек қызылжарлықтар ғана емес, республикамыздың барлық аймақтарынан, сондай-ақ таяу және алыс шетелдерден ағылып келіп жататын қадірлі қонақтар да іздеп барып, тағзым ететін киелі орын саналады.
Елбасымыз белгілеген квота бойынша өңір тұрғындарының санын ұлғайту мақсатында шетелдерден атажұртқа оралған ағайындарды көбірек қабылдап, жайлы қоныстарға орналастыруға барынша күш салудамыз. Алайда, табиғаты көркем, жері шұрайлы болғанымен, қысы ұзақ та суық өлкемізді жерсінген бауырлар саны көңілдегідей емес. Соған орай оралмандарды қабылдаудың өңірлік бағдарламасын жасап, оларға қажетті тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен салуды қолға алдық. Мұндай баспанаға ие болған отандастарымыз квота бойынша алған қаржыларын басқа мұқтаждықтарына жұмсайды. Облыс орталығына жақын жерде алыстан келген ағайындарға арналған жаңа Бәйтерек ауылы бой көтерді. Мұнда Президентіміз бекіткен “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша биылғы жылы 140 тұрғын үй салып, атамекенге бет бұрған отандастар игілігіне бермекпіз. Осы ретте биылдан бастап, біздің тұрғындар сирек қоныстанған солтүстік өңірге шетелдерден көшіп келетін ағайындарға Президент квотасы бойынша төленетін көтермеақы мөлшері екі есе ұлғайтылғандығы өте орынды шешім екендігін айта кеткен абзал. Көшінің басын Қызылжарға бұратын оралмандар қатары енді қалыңдай түсер деген үміттеміз.
Өз басым, Елбасымыздың таңдауы маған түсіп, зор сенім артып, облыс әкімдігіне тағайындағанын өмірімдегі жұлдызым ең биік жарқырай жанған, бақытты сәтім деп санаймын. 2007 жылғы күзде мені осы қызметке қабылдарда Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Қызылжар өңірінен шыққан азаматтардың ішінен сені бірінші рет өз облысыңның әкімі етіп тағайындағалы отырмын. Туған жеріңе сенің жаның ашымаса, кімнің жаны ашиды? Осыны ұмытпа! – деген еді. Президентіміздің осы аманатын күнбе-күнгі қызметімде еш жадымнан шығармай, туып-өскен өңірімнің, барша жерлестерімнің ең өзекті проблемаларын бірінші кезекте шешуге бар күш-жігерімді салып келемін. Әрине, атқарған істерімнің бағасын облыс тұрғындарының өздері берері хақ.
Түйіндей айтқанда, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап-аңсаған тәуелсіз мемлекетімізді өз қолымен құрып, дүние жүзіне кеңінен танытқан ұлтымыздың көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміздің сеніміне ие болу – ерекше бақыт, ал оны ақтап, қазіргі тарихи кезеңде Елбасымыз мойнымызға жүктеген аса жауапты міндеттерді бұлжытпай жүзеге асыру – қасиетті парызымыз және азаматтығымызға серт деп білемін.
Серік БІЛӘЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Достарыңызбен бөлісу: |