ЖАЛПЫ РЕСЕЙЛІК МҰСЫЛМАН СЪЕЗДЕРІ
Жалпы ресейлік мұсылман съездерінде қаралған мәселелер және қазақ зиялыларының мұсылман съездеріне қатысуы. Жалпы ресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесін қарастырған мәжіліс 1905 жылы 8 сәуірде Петербор қаласында өтті. Оған И.Гаспринкий, А.Топчибашев, Ж.Акчурин секілді қайраткерлермен бірге Петербор қаласындағы «Мұсылмандық қайырымдылық қоғамы» мүшелері де қатысты. Мәжілісте болашақ съездің өткізілетін орны мен мерзімі белгіленді. Мәжілістің ұйғарымы бойынша Жалпы ресейлік мұсылман съезі Нижний-Новгород қаласында тамыз айында өтетін болды. Съездің тура осы мерзімге қойылуында төмендегідей себептер ескерілді: біріншіден, Нижний Новгородта тамыз айында түрлі елді мекендерінен саудагерлер ағылып келетін жәрмеңке өтетін, екіншіден, жәрмеңке кезінде съезд жасау патша тыңшыларының, үкімет орындарының назарын көп аудартпайтын еді. Мәжілістің бұл шешімі Чистопель қаласында (Қазан губерниясы) мамырда өткен мұсылмандар жиналысында да қаралды. Бұл жиналысқа негізінен татар-башқұрт зиялылары қатысқан еді. Міне осындай әзірлік жұмыстарынан кейін «Тәржіман», «Каспий» газеттерінің бетінде Жалпы ресейлік мұсылман съездін өткізу жайлы мақалалар жарияланып, мұсылман елді мекендеріне, соның ішінде қазақ облыстарында да жеделхаттар жөнелтіле бастады. Жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу жайлы Петербор қаласына петициялар тапсыруға келген делегациялар арқылы да тарады.
Жалпы ресейлік мұсылман съезін өткізу туралы хабарлар империядағы мұсылман елді мекендеріне жетісімен 1905 жылы тамыз айына қарай Нижний Новгород қаласына Түркістаннан, Сібірден, қазақ даласынан, Қырымнан, Кавказдан жіберілген өкілдер жинала бастады. Нижний-Новгород қаласында осы кезде өтіп жатқан жәрмеңке негізінен 1500 мұсылман жиналған еді.
Съездің ашылу қарсаңында, 13 тамызда, делегаттардың А.Ибрагимов, И.Гаспринский, А.Топчибашев секілді белсенді өкілдері алдын-ала бас қосқан съездің бағдарламасын жасады. Онда Ресей мұсылмандарын өзара байланыстыратын ұйым құру мәселесі ең басты мәселе етіліп қойылды. Бұдан соң съезді өткізуге рұқсат алу үшін бірнеше делегаттар Нижний-Новгородтың губернаторына жіберілді. Бірақ губернатор қаланың әскери жағдайда екенін желеу етіп, съезге рұқсат етпеді. Әйтсе де делегаттар алған беттерінен қайтпай, 15 тамыз күні жасырын түрде Оқа өзеніндегі «Гыстав Струве» кемесінде тұңғыш жалпы ресейлік мұсылман съезін өткізді. Съезге қатысушылардың жалпы саны 150-ге жуық болды. Оның ішінде қазақ өкілдерінен көкшетаулық молда Ш.Қосшығұлов та бар еді.
Ресей мұсылмандарының тұңғыш съезінің төрағасы И.Гаспринский болды. Съез азербайжан халқының өкілі А.Топчибашевтың: Уа, дінге берік бауырлар! Осы күн мәңгі есімізден шықпас. Бұл күн бұдан соң да Ресей мұсылмандарының жыл сайынғы ұлттық мейрамдарының бірі болатынын шүбә келтірмеймін. Біз тегіміз, дініміз, тағдырымыз бір түрік балаларымыз», - деп, мұсылман халықтарын бірлікке шақырған сөзімен ашылды.
Өзі бас аяғы бір-ақ күнге (дәлірек айтсақ 13 сағатқа) созылған съезде сөйлеушілер мұсылман халықтарының отаршылдықтан ғана емес, шоқындыру саясатынан көрген жәбірін, тұрмысының ауырлығын, азаматтық құқығының бұрмаланып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, жынысына, ұлтына қарамай тең құқықта болу қажеттігін баса көрсетті.
Делегаттар бұл съезді Ресей мұсылмандарының өміріндегі тарихи оқиға деп бағалап, әр жыл 15 тамыз күні мұсылман елді мекендерінде мейрам ретінде аталып өтсін деген қаулы шығарды.
Мұсылман съезіне жиналған делегаттардың барлығы Ресей мұсылмандарын өзара байланыстырып, іс-әрекетін бір ізге түсіріп отыратын саяси ұйым құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Бұл ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу А.Топчибашев пен А.Ибрагимовке тапсырылды. Съездің қабылдаған қарарында:
«1. Ресейдің барлық облыстарындағы мұсылмандарды қазіргі орыс өмірінің қоғамдық-мәдени және саяси сұраныстары мен міндеттері негізінде жақындастыра түсу қажет.
2. Бұл міндетке қол жеткізіп, оны жүзеге асыруда мұсылмандардың прогрессивті тобы алдыңғы қатарлы орыс қоғамының идеяларын бөлісе отырып, елде құқықтық тәртіптің орнығуы жолында іс-әрекет етеді.
3. Алға қойылған мақсатқа мұсылмандар орыс тұрғындарымен бірдей құқықта болғанда ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан мұсылмандардың прогрессивті тобы осы күнгі ережелер, үкімет орындарының нұсқаулары негізінде мұсылмандарға жасалатын шектеушіліктер мен кемсітушіліктерді алып тастауда барлық заңды шараларды қолданып, мұсылмандарды орыс тұрғындарымен саяси, азаматтық және діни құқықтары жағынан толық теңестіру жолында іс-әрекет етеді.
4. Мұсылмандар өз қызметін жалпы мемлекеттік мүдделер мен сұраныстарға сай бағыттайды. ...Мұсылмандардың қажетіне сай әртүрлі мектептер ашуға талпыну керек. Бүгінгі өмірді кітап, газет-журналдар арқылы.... кітапхана, оқу залдары секілді мәдени ағартушылық бағыттағы ұйымдар арқылы кең насихаттау керек.
5. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін мерзімді түрде өтіп отыратын мұсылман съездерінің басшылығына негізделген жергілікті жерлерде ұйымдар (меджлистер) құрылсын», - деп көрсетілді.
Кезекті жалпыресейлік мұсылман съезін шақыруды мұсылмандардың саяси ұйымының бағдарламасын әзірлеуді мойнына алған А.Ибрагимов пен А.Топчибашев Қазандағы Ж.Акчурин төңірегінде топтасқан зиялы азаматтарға тапсырған еді. Олар съездің 1906 жыл қаңтардың 12-інде Петербор қаласында өтетінін хабарлаған жеделхаттарды барлық мұсылман елді мекендеріне жөнелтті. Мұның артынша үкімет орындарының съезд өткізуге рұқсат бермеуіне байланысты, съезд үш күнге кешіктірілетін болды деген хабар да жіберілді.
Съезге 100-ден астам делегат жиналды. Олардың тізімі «Үлфәт» газетінде жарияланды. Онда Бөкей Ордасынан У.Танашев, М.Исмағұлов, Семейден З.Құлаев, Сырдариядан И.Абуов, М.Оразаев, Уфадан С.Жантөрин келгендігі көрсетілген. Бұл съезге өзбек халқының өкілдерінен Х.Ғафуров пен Қ.Таһиров қатысты.
Мұсылман съезіне келген қазақ өкілдері алдымен Петербордағы оставкадағы генерал Шыңғысханмен жолығып, елдің ахуалын білдуді жөн көрді. Осы кездесу барысында сұлтан Шыңғысхан қазақ өкілдеріне «татарлармен қосылмаңдар, бүгіннен қалмай Петербордан кетіңдер» - деген қоқан лоққы танытты. Бірақ қазақ өкілдері оған мойын бұрмастан, қаңтардың 15-і мен 23-і аралығында өткен жалпыресейлік мұсылман съезіне қатысты.
Бұл съездің өткізілуіне де үкімет орындары рұқсат бермеген еді. Сондықтан да съезді жасырын түрде мейманханалар мен пәтерлерде өткізуге тура келді. Съезге жиналған делегаттар үкімет орындарының съезге рұқсат бермеуін әділетсіздік, 17 қазан манифесі жариялаған бостандық негіздерін аяқ асты етушілік деп бағалады. Съездердің жұмысы барысында әлі де болса ресми рұқсат алу мәселесі көтеріліп, 18 қаңтар күні Ішкі істер министріне арнайы делегация жіберілді. Ол делегацияның құрамында С.Жантөрин де бар еді. Бірақ бұл делегацияны Ішкі істер министрі қабылдамады. Үкімет орындарының мұндай қырын қарауына ашынған делегаттардың біраз бөлігі съезді Финляндия жеріне барып өткізуді ұсынды. Алайда, делегаттардың басым бөлігі мұндай ұсынысты уақыт көтермейді деп, съезді Петерборда жалғастыра беруді жөн көрді.
Съезде қаралған басты мәселенің бірі жеке мұсылман партиясын құру болды. Делегаттар А.Ибрагимов пен А.Топчибашев әзірлеген партия бағдарламасы мен жарғысын талқылауға көп уақыт бөлді. Олар мұсылман партиясының қалай аталу қажеттігіне де ерекше мән берді. Көпшіліктің ұсынысымен мұсылман партиясы «Ресей мұсылмандарының одағы» деп аталатын болды. Осы жерде «Ресей мұсылмандары одағының» ғылыми әдебиеттерде «Иттифак» ұйымы деп аталып жүргендігін айта кеткен жөн.
Съезде «Ресей мұсылмандары одағының» 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Ресей мұсылмандарының мүддесіне сай бір саяси партияға бірігуге үндейтін жарғыда Ресейдің 16 қаласында оның ішінде Орынборда, Астраханьда, Оралда, Омбыда, Қызылжарда, Семейде, Верныйда (Алматы), Ташкентте, Ашхабадта «Ресей мұсылмандары одағының» бөлімшелері құрылатындығы; мұндай аудандық ұйымдар жергілікті жиналыста құрылу керектігі; ұйым мүшелерінің 50 тиыннан 5 сомға дейін жарна төлейтіндігі; ұйымға мүше болып енгендердің жалпы және аудандық жиналыстың шешімдерін орындауға міндетті екендігі және т.с.с. ұйымдастыру мәселелері көрсетілді.
Съездің шешімі бойынша «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдау келесі мұсылман съезінің қарауына қалдырылды.
Съезде Мемлекеттік думаға сайлау мәселесі арнайы қаралды. Бұл мәселе төңірегінде сөйлеушілер 1905 жылы 11 желтоқсанда шыққан сайлау заңының мұсылмандарды кемсітіп отырғандығын айтты. Бұл заң жобасы бойынша шеткері ұлттық аймақтардың тұрғындары Ресейдің басқа тұрғындарымен бірдей сайлауға қатысты алмайтын. Олар үшін ерекше ережелер шығарылатын еді.
Жарысөзде сөйлеген кейбір делегаттар Думаға байкот жариялау керек деген ұсыныс та жасады. Мұндай ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау таппады. И.Гаспринский, Ж.Акчурин және А.Ибрагимов өз сөздерінде Думаға байкот жариялау мұсылмандар үшін зиянды екені, мұсылмандар мүддесін қорғауда Дума өздерінің бірден-бір мүмкіндіктері болып отырғандығын айтты. Міне осындай пікірталастардан кейін съез «мемлекеттік думаға мұсылман өкілдері халықтың санына қарай пропорциональды түрде жіберілсін» деген қаулы шығарды.
Съездің соңғы күні мәжілісінде миссионер В.Череванскийдің іс-әрекеті жөнінде мәселе көтерілді. В.Череванский қазақтарды мұсылман емес, шариғатпен өмір сүрмейді, олар шамандар деп үкіметті нандыруға тырысып баққандығымен көпшілікке танымал еді. Съезд жұмысы барысында В.Череванскийдің Мемлекеттік кеңеске мұсылмандардың дін істері жөнінде «записка» тапсырғаны және ол бойынша заң жобасы әзірленетіндігі туралы хабар келіп түскен болатын. Міне, осы мәселені анықтау үшін делегаттар Министрлер кеңесінің төрағасы Виттеге делегация жіберу қажет деп тапты. Съездің шешімі бойынша бұл делегацияның құрамы 8 адам болып белгіленді. Делегация құрамында И.Гаспринский мен А.Топчибашев та болды. есейРеролллдлоль
Бұл делегация съезд жұмысы аяқталғаннан кейін, 29 қаңтарда Витте қабылдауында болды. Делегация өкілдері граф Виттеге мұсылмандарға қатысты ешқандай заң жобасының мұсылмандардың ризалығынсыз, Мемлекеттік думаның қарауынсыз заң болып қабылданбаса екен деген өтініш білдірді. Бұл делегацияны граф Витте: «Мұсылмандарға ешқандай да қысымшылық жасалайын деп жатқан жоқ, бұл жайлы барлық мұсылмандарды хабардар етіңіздер. Череванский үкімет емес. Барлық заң жобалары Мемлекеттік Думада қаралады», - деген жылы сөзбен шығарып салды.
Мұның артынша барлық мұсылман халықтары зор үміт артқан Мемлекеттік дума 1906 жылы 9 шілдеде Николай ІІ жарлығымен таратылды.
1906 жылы 16-21 тамыз аралығында Нижний Новгород қаласында жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезі шақырылды. Үкімет орындарының ресми рұқсатымен ашылған съезге 800-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында Ш.Қосшығұлов (Ақмола), Ж.Алдаоңғаров (Семей), А.Қойбағаров (Жетісу), Н.Дауылбаев (Жетісу), Н.Жапаров (Сырдария) секілді қазақ облыстарының өкілдері болды. Съезд делегаттары ішінде С.Жантөрин, С.Алкин, А.Топчибашев, Қ.Тевкелев, Ш.Сыртланов секілді Мемлекеттік думаның мүшелері де бар еді.
Съездің күн тәртібінде оқу ісі, діни басқарма және «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы туралы мәселелер қойылды. Съездің алғашқы күні төралқа құрамы сайланды. Төрағалыққа А.Топчибашев, оның орынбасары болып И.Гаспринский сайланып, төралқа құрамына қазақ өкілдерінен С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов енді. Күн тәртібінде қойылған мәселелер бойынша арнайы комиссиялар құрылды. 15 адамнан тұратын оқу ісі комиссиясының құрамына қызылжарлық Нияз Сүлейменов, Түркістандық Нияз Жапаров кірді. Діни басқарма мәселесін қараған комиссия құрамында Семейлік Жаңғали Аллаоңғаров, Жаркенттік Ғабдолрахман Мұхамедиев қызмет етті. Съездің көкейтесті мәселесі – «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауға әзірлеу комиссиясы құрамында Ш.Қосшығұлов болды.
Оқу мәселесі бойынша съезде 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде бастауыш және орта мектептер ашылсын, оқу араб графикасы негізінде ана тілінде өткізілсін, балалар 8 жастан оқуға барсын деп көрсетілді. Тек оқу ғана емес, оқыту мәселесі, оқытушылар мәселесі де съезд делегаттары назарынан тыс қалмады. Ресейдің мұсылман мектептерінде бірдей оқу бағдарламасы болу қажет, ол үшін 1907 жылдың мамыр айында Қазан, Қызылжар, Ташкент, Бақшысарай қалаларында мұғалімдер съезі шақырылсын делінді. Мұсылмандар біолігін арттыра түсу мақсатында съезд «ортақ түркі тілін» барлық мектептерде арнайы пән ретінде оқытылсын деп шешті.
Съездің оқу мәселесі жөнінде қабылданған қарарлары Халық ағарту министрлігі бекіткен «31 наурыз» ережесіне мүлдем қайшы келетін. Сондықтан да съезд делегаттары «31 наурыз ережесін» тез арада өзгерту жөнінде үкімет орындарынан өтініш жасау керек деген шешімге келді.
Барлық Ресей мұсылмандарын толғантқан дін ісі мәселесі бойынша да съезде маңызды қарарлар қабылданды. Съезде Ресейде барлық муфтилер сайланбалы болсын, әрі бес жылға сайлансын, діни басқарма «Махкама-и-исламия», ал муфти «Шейх-ул-ислам» аталсын деп шешті.
Қазақ ауылдарындағы діни жағдайдың тоқыраушылығын, ондағы орыс әкімшілігінің ислам дініне қарсы жүгенсіздігін ескер отырып, съезд барлық қазақ ауылдарында мешіттер ашылсын деп көрсетті.
Мұсылмандардың діни істеріне әкімшілік орындарының қол сұқпауы, вакуфтардың ұлғайтылуы, дін иелерінің міндеттері съездің қарарларында арнайы көрсетілді.
«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы осы съезде біржола бекітілді. Бағдарлама 72 тармақтан тұрды. Бағдарлама жобасын талқылау барысында съезд делегаттарының солшыл топтары («Таң» газеті төңірегінде топтасқан Г.Исхаки мен Ф.Туктаров секілді татар зиялылары) барлық мұсылмандар бір партияға біріге алмайды деген пікірді алға тартты. Олар мұсылмандар арасында таптық жіктелу болғандықтан, мұндай партияның құрылу мүмкін еместігін айтты.
Жалпы ресейлік ІІІ мұсылман съезі «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауымен қатар, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлады. Олардың ішінде А.Топчибашев, И.Гаспринский, А.Ибрагимов, М.Бигиев секілді қайраткерлермен бірге С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов сияқты қазақ азаматтары да болды. Съезде Орталық комитетке сайланған 15 мүшеден басқа тағы да 5 мүше сайлау жөнінде шешім қабылданған еді. Бұл бес мүшенің үшеуі Кавказдан, қалған екеуі Орынбор өңірі мен Түркістан өлкесінен сайланып жіберілуі тиіс болды.
Съезд келесі кезекті жалпы ресейлік төртінші мұсылман съезін 1907 жылы 10 тамызда Нижний Новгород қаласында өткізуді ұйғарды.Кавказ өңірінде етек алған ұлттық жанжалға байланысты армян және азербайжан халықтарын бейбіт өмір сүруге шақырды.
Қазақ қоғамындағы әлеуметтік тегі әркелкі зиялы қауым өкілдері бірінші орыс революциясы кезінде саяси күрес аренасына шыққан либералдық-демократиялық партиялар мен топтардың жағында болумен қатар сол уақытта өрлеу алған мұсылмандық қозғалысқа де тікелей атсалысты. С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов секілді қазақ азаматтары осы қозғалыстың бел ортасында болып, қазақ халықының талап-тілектерін білдіріп, мүддесін қорғауды басшылыққа алды.
Достарыңызбен бөлісу: |