Дислалия сөйлеу тіліндегі бұзылған дыбыстардың санына қарай қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Егер баланың сөйлеу тілінде мүкістердің саны төрт дыбысқа дейін байқалатын болса – оны қарапайым дислалия деп атайды, ал егер бесеу және одан да көп болса – оны күрделі дислалия деп атайды.
Сөйлеу тіліндегі дыбыстардың мүкістік ерекшеліктеріне қарай бөлінетін дислалияның түрлері:
Сигматизм – ызың дыбыстардың («с», «з», «ц», «ж», «ч», «ш», «щ») айтылуындағы мүкістіктер. Бұлар сөйлеу тіліндегі кемістіктердің ішіндегі ең көп тараған түрі;
Ротацизм – «р» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
Ламбдацизм – «л» дыбысының айтылуындағы мүкістік;
Таңдай дыбыстарының айтылуындағы мүкістіктер;
Каппацизм – «к» дыбысы;
Гаммацизм – «г» дыбысы;
Хитизм – «х» дыбысы;
Йотацизм – «й» дыбысы;
Алалия грек сөзі, «қолдануға жарамайтын болымсыз тіл» деген мағынаны білдіреді. Демек алалия деген ұғымға баланың құрсақтағы немесе тілі шыққан нәрестелік даму кезеңінде бас миы қабыршағының сөйлеу тілін қалыптастырып жетілдіретін аймағының органикалық зақымдануынан сөйлеу тілінің жүйелі түрде дамымауы немесе мүлде болмауы жатады. Сөйлеу тілінің мұншалықты бұзылуына негізінен орталық жүйке жүйесінің зақымдануы себеп болады. Органикалық зақымдануға мидың қабынып ісінуі, сырттан болатын қатты соққыдан зақымдануы, босанған кезде миға қан кетуі және нәрестенің құрсақтағы дамуы кезеңінде және толғақ кезінде, сондай-ақ дүниеге келгеннен кейінгі бір айлығынан бір жас аралығындағы дамуында ағзадағы зат алмасу процесінің бұзылуы жатады. Сонымен қатар, алалияның пайда болуына менинго-энцефалит, рахит және қызылшаның асқынған түрі тыныс алу жолдарының қатты сырқаттануы және нәрестенің алғашқы айларындағы ұйқысы мен тәбетінің бұзылуы себеп болуы мүмкін. Бас миының үлкен сыңарының сөйлеу тілі аймағындағы жинақталған зақымдардың өздеріне тән ерекшеліктеріне байланысты алалия моторлы және сенсорлы болып бөлінеді.
Моторлы алалияда сөйлеу тілін қимылдатып қозғалысқа келтіріп тұратын анализатордың қызметі бұзылады. Моторлы алалик балаларда назар аудару, көңіл қою, зер салу, ықыласпен қарау немесе бір нәрсені елеу, ілтипатқа алу, ескеру және есінде сақтау сияқты жоғарғы психикалық функциясының даму деңгейінің төмен екендігі байқалады. Баланың психофизикалық жағдайының әлсіздігінен оның жұмысқа қабілеттілігі төмендейді және болдырып тез шаршайды. Сонымен қатар мұндай балалардың дене түзілістері және соған орай олардың қимыл-қозғалыстары да бұзылған. Олар ебетейсіз жүреді және жиі-жиі сүрініп кетіп құлай береді, музыканың ырғағымен қимыл жасап жүруді білмейді. Артикуляциялық аппаратының қимыл-қозғалыстарының дамуы айтарлықтай дәрежеде жетілмеген. Мысалы, бала тілін жоғары көтеріп және сол қалпында ұстап тұру, үстіңгі ернін жағалата жалау, таңдайын тақылдатып қағу, тілін екі жағынан қусырып сүйірлеу және т.б. сияқты артикуляциялық аппараттың қарапайым қимылдарын орындай алмайды. Моторлы алалияға шалдыққан балалардың өздеріне қарасты қарап айтылған сөздерді түсінуі біршама сақталған. Олар ересек адамдардың сөйлеген сөздерін ықыласпен тыңдай алады, қарапайым жай тапсырмаларды, өтініштерді орындайды. Қорыта келгенде, олар сөздерді жақсы түсінеді, бірақ сөйлей алмайды.
Сенсорлы алалия. Сөйлеу тілін түсініп ұғынудың және сезіп түсінуінің бұзылуы сенсорлы алалияның ең басты сипаты болып саналады. Алайда сенсорлы алалияда есту қабілеті толық сақталады. Демек, сенсорлы алалия бас миының сол жақ жарты шарының самай аймағының зақымдануынан пайда болады. Мұндай балалар өздеріне қарата айтылған сөздерді мүлде түсінбейді немесе өте нашар түсінеді. Олар дыбыстардың ерекшеліктерін ажырата алмайды, яғни оларға айналасындағы құбылыстардың қимыл қозғалыстарынан шығып жататын әр түрлі дыбыстардың барлығы да бірдей сияқты болып көрінеді.
Тұтығу – ең ауыр кесел. Оның себептері:
Қорқу;
Баланың түрлі инфекциялық аурулармен жиі ауруы;
Ата-анасының тұтығуы;
Шамадан тыс жазалау әдістерін қолдану.
Бұл әдетте, 2-5 жас арасында кездесетін құбылыс. Алдын-ала оларға шара қолданбаса, ол асқынып, кей уақытта бой бермей кетуі мүмкін. Тұтығудың пайда болу себептері көп. Кейде олар жұқпалы аурулардан кейін, дене әбден әлсірегенде пайда болады. Баланың қоршаған ортаның оған көзқарасы, ол туралы әділетсіз баға да, жалтақ сөйлеуге, қорқып сөйлеуге әкеп соғады. Осындай фактілердің жиіленіп қайталануы – баланың тұтығуына әкеп соғады.
Мысалы, кейбір ата-аналар балаларының қабілетін жұртқа мақтаныш ретінде көрсеткісі келгендей, миы әлі қатып үлгермеген жас балаға көлемді өлең, тақпақтар, ертегілер, өлеңдер оқытқызады. Осының өзі баланың орталық нерв жүйесін шаршатып, тілдік сөйлеу анализаторын бұзып, тұтығуға жол береді.
Жасы жетпеген балаға кітапты көп оқуға болмайды. Әсіресе түнге қарай қорқынышты ертегілерді оқу зиянды. Өйткені бала қатты қорқып, түсінде түрлі қорқынышты нәрселерді көруі мүмкін. Бала түсінде қорқып, шошып оянады, ал бұл, орталық нерв жүйесіне әсер етеді, осының өзі тұтығуға әкеледі.
Баланы жазалау мақсатында қорқыту әдісі де көп қолданылады. Бірақ, қорқытудың да жөні бар. Шамадан тыс қорқыту, үйде жалғыз қалдырып кету, осының бәрі баланың үрейленгіш болып өсуіне септігін тигізеді.
Тұтығатын бала күдікшіл болады, өзінің құрдастарының алдында сөйлеуге ұялады. Тұтыққан баланы өзге балалардың мазақтауынан сақтау керек. Мүмкіндігнше, дұрыс күтім жасап, баланың ойнауына, оқуына ыңғайлы жағдай туғызу керек.
Тұтығу асқынбастан арнайы мамандарға көрсетіп, уақытылы кеңесіп отыруы қажет, ал оның зардабынан дауыстың реңі мен әуезділігі және дыбыстардың айтылуы бұзылуы мүмкін.
Дисфония – дауыс шығаратын аппараттың патологиялық кінәратқа шалдығуынан дыбыстың мүлдем болмай қалуын немесе әуезділік үннің бұзылуын сипаттайды.
Брадилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің қимыл-қозғалыстарының патологиялық сылбырынан дыбыстар созылып шұбалаңқы айтылады.
Тахилалия – сөйлеу тілі мүшелерінің бірқалыпты жылдамдық қимылдарының патологиялық ауытқуынан дыбыстардың қарқындық ырғағы бұзылып, быдықтанып айтылуы.
Афазия – мидың белгілі бір жерінің жинақталып зақымдануынан бұған дейін қалыптасып, дұрыс жетіліп келе жатқан сөйлеу тілінің толық немесе ішін-ара жойылып кетуін сипаттайды. Афазия көбінесе ересек адамдарда кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |