деректер.
1. Абдаллах Балхидың, Бабырдың, Өтеміс қажының, Мұхаммед Салихтың тарихи шығармалары.
2. Қадырғали бек Жалайыри және оның «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі.
3. Әбілғазы Баһадүр, Мұхаммед Салық Қашғари және т.б. авторлардың еңбектері.
Жалпы дәстүр мен мәдениет негізінде парсы тілді шығармалармен біріктірілген және негізінен Орта Азия мен Шығыс Түркістанда жазылған түркі тілді әдебиет ескерткіштері соңғы орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы жөніндегі нарративтік деректер арасында маңызды орын алады. Оларда орта ғасырлардағы қазақ халқының құрылуымен, Қазақ хандығының пайда болуымен және дамуымен, XV ғ. – XVIII ғ. басындағы қазақ қоғамы өмірінің көрінісін жаңғыртып көрсетумен байланысты едәуір тарихи мәліметтер бар.
1. Абдаллах Балхидың, Бабырдың, Өтеміс қажының, Мұхаммед Салихтың тарихи шығармалары. Жалпы тарих бойынша «Зубдат әл-асар» («Маңызды жылнамалар») деген шығарманы басқа бір деректер бойынша Абдаллах Балхи (XV ғ. аяғы – XVI ғ. басы) ретінде белгілі Абдаллах бен Мұхаммед жазған. XVI ғ. басында Хорасанды көшпелі өзбектердің ханы Мұхаммед Шайбани біржола жаулап алғанға дейін Темір ұрпақтарына қызмет еткен ол кейін шайбанилерге қызмет етуге көшеді. Абдаллах Балхи өз еңбегін Шахрухияның, кейіннен Ташкенттің билеушісі Келді-Мұхаммед сұлтанның тапсыруымен жазған. Құрастырма хроника болып табылатын шығармада мұсылман әулеттерінің тарихы баяндалады. Оқиғаларды суреттеу 1525-жылға дейін жеткізіледі. Еңбектің XVI ғ. алғашқы ширегі үшін түпнұсқа дерек ретінде маңызы бар. Бұл кезеңнің оқиғаларын автор өз әсерлері және замандастары мен оқиғаларға қатысушылардан алынған мәлімет негізінде берген. «Зубдат әл-асарда» қазақтардың саяси тарихы мен олардың билеушілері жөнінде нақты мәліметтер бар. Мұхаммед Шайбани ханның 1510-жылғы қазақтарға жорығы және өзбектердің жеңіліске ұшырауы туралы айтылады. Басқа деректермен қатар, Қасым ханның Түркістан мен Ташкентке жорығына байланысты мәліметтер де келтіріледі.
Тарихшы, ақын, Үндістанда Ұлы Моғолдар империясының негізін салушы Бабырдың (1483-1530) тарихнамада «Бабыр-наме» («Бабыр жазбалары») деген атпен белгілі еңбегі орта ғасырлардың тамаша тарихи-әдеби ескерткіштерінің бірі болып саналады. Жас кезінде Бабыр Ферғананың мұрагер билеушісі болған. Уақыт өте келе Орта Азияда Темір ұрпақтарының орталықтандырылған мемлекетін құру жолындағы өзара қырқысқан күресіне белсене қатысады. Алайда, Дешті Қыпшақтан келген Мұхаммед Шайбани Темір ұрпақтары әулетінің түбіне жетті. Бұл жағдай Бабырды 1504-жылы Ауғанстанға кетуге мәжбүр етіп, сол жерден ол Орта Азия мен Үндістанға жорықтар жасады. 1526-жылы Бабыр Ұлы Моғолдар әулетінің негізін қалап, онда 1530-жылға дейін билік етті.
Бабыр сол дәуірдегі көптеген оқиғалардың куәгері ғана емес, тікелей қатысушысы да болды. «Бабыр жазбалары» Орта Азия, Ауғанстан және Үндістан тарихы жөніндегі өте құнды дерек болып табылады. Бұл еңбекте сол замандағы ғұрыптың мейлінше толық көрінісі берілген.
Қазақстан тарихы үшін Бабырдың Жетісу моғолдары, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілхайыр мемлекеті туралы, Мұхаммед Шайбанидің саяси іс-қимылдарына қатысу туралы, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың тарихи географиясы, өзбектер сияқты, қазақтардың, қырғыздардың және Орта Азиядағы басқа да түркі тілдес халықтардың этникалық тарихы туралы мәліметтері ерекше маңызды.
XVI ғасырда Хиуа тарихшысы Өтеміс қажы ибн Маулана Мұхаммед Дост «Шыңғыс-наме» деген құнды тарихи шығарма жазды. «Шыңғыс-наме» мәліметтерінің орта ғасырлардағы Қазақстан халқының саяси, этникалық-саяси, шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өмірінің мәселелерін шешу үшін зор маңызы бар. Өтеміс қажының туындысы Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары билік еткен уақытты қамтиды және онда Алтын Орданың хандары туралы мәліметтер бар. Көбіне ауызша айтылған аңыздарға негізделген еңбектің бірегейлігі Алтын Орданы зерттеушілер үшін, атап айтқанда, XIV ғ. Қазақстанды зерделеу үшін ғылыми ынта-ықылас туғызатыны күмәнсіз.
Қашғариядағы белгілі суфылық қайраткер Қожа Мұхаммед Шарифке арналған, авторы беймәлім агиографиялық шығарма «Тазкара-йи Ходжа Мухаммад Шариф» («Қожа Мұхаммед Шарифтің ғұмырнамасы») XVI ғ. 2-ші жартысына жатады. Ол Сырдариядағы Сайрамда туған. Самарқанд медресесінен білім алған. Оқуын бітіргеннен кейін Қашғарға барып, онда Шығыс Түркістанда көшпелі түріктерді ислам дініне кіргізген әулие деп құрметтелген қараханид Сатұқ-Боғра хан мазары жанында өмір сүрген. Тұрмыстық әдебиет жанрына жататын «Тазкираның» бірінші бөлімі аңызға құрылған және суфылық ізгілік рухына толы, нақтылы тарихи мағлұматтар шығарманың екінші бөлімінде айтылады, онда шағатай ұрпағы Абд ар-Рашид ханның ұлы Абд әл-Латифтің қырғыздарға шапқыншылығы туралы және кейіннен оның дүние салуы туралы мағлұмат бар. Осы оқиғаға қатысты мәліметтер айтылатын басқа шығармалардан Абд әл-Латифтің қазақ хандарының басшылығымен аттанған қазақтар мен қырғыздардың қолынан қаза тапқаны мәлім.
Шайбани ханның ресми тарихының авторы Мұхаммед Салихтың «Шайбани-наме» («Шайбани туралы кітап») атты шығармасында Шайбани ханның туғанынан бастап, оның көшпелі өзбектермен бірге Мауараннахр мен Хорезмді жаулап алуына (1500-1509 жж.) дейін Шығыс Дешті Қыпшақ пен Мауараннахр аумағында болған саяси оқиғалар, атап айтқанда, Шайбани ханның Кереймен және Жәнібекпен, Бұрындық ханмен және Қасыммен өзара қатынастары, Сырдария бойының қалалары үшін күресі баяндалады. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәліметтер, көшпелі өзбектердің мемлекеттік құрылысы туралы, әскери құрылыс пен олардың әскерінің жай-күйі туралы деректер бар. Бағалы географиялық мәліметтер зор ынта-ықылас туғызады, олар кейіннен қазақ, өзбек халықтарының этникалық компоненттерінің бірі болған түрік-монғол тайпаларының құрамы туралы пікір айтуға мүмкіндік береді.
«Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихы») деген тарихи еңбектің авторы қазіргі шығыстанушы-медиевистердің есептеуінше, Шайбани ханның өзі болуы әбден ықтимал. Әулеттік тарихта Шыңғыс хан мен оның патшалық еткен ұрпақтарының тарихы, Монғолияда, Дешті Қыпшақта, Орта Азияда билік етуші Шайбани ханның тарихы баяндалады. Бұл шығармада Әбілхайыр хан дүние салғаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақ далаларында қалыптасқан жағдай туралы, Керей мен Жәнібектің сол даладағы іс-қимылдары туралы айтылады. Шайбани ханның Сырдариядағы қалаларды алу жолындағы қазақ және моғол хандарымен күресі егжей-тегжейлі баяндалады. Сонымен бірге, Жәнібек сұлтанның Орта Азиядағы жорығы туралы, көшпелі өзбектердің әскери құрылысы мен тактикасы туралы, олардың әскери-әкімшілік жүйесі туралы, Шайбани ханның еркін билік ету жылдары туралы мәліметтер де құнды.
Сығанақ өлкесіндегі заң құжаттарында (олар небәрі үшеу) бір шаруашылықтың XVI ғ. 2-ші жартысынан басталған үш ғасыр бойындағы жер-су құқықтары көрсетілген. Солардың арқасында Сығанақ, Түркістан өңірлерінде болған дағдылы вакфтық шаруашылықтың жер және су пайдалану эволюциясын біршама байқауға болады. Грамоталарда әр түрлі салықтар мен міндеткерліктерді көрсететін қомақты материал бар. Хандардың тархан атақтары мен пұрсаттарын беруі туралы мағлұматтар құнды. Құжаттарда бірқатар мекендердің осы кезге дейін сақталған географиялық атаулармен айтылуының маңызы зор екені дау туғызбайды.
2. Қадырғали бек Жалайыри және оның «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі. Қазақтың жалайыр тайпасының өкілі Қадырғали бек (1530-1605 жж.) бізге дейін жеткен, шартты түрде «Жамиғ ат-тауарих» («Жылнамалар жинағы») деген тарихи еңбекті жазды. Бұл шығарма ауызша тарихи аңыздар мен Рашид ад-Диннің тарихи жинағы (ХIV ғ.) негізінде жазылған. Белгілі би Қадырғали бек Ондан сұлтанға, кейін оның ұлы Ораз-Мұхаммедке қызмет еткен. Қалмақтардың қолынан Ондан сұлтан қаза тапқаннан кейін Қадырғали Ораз-Мұхаммедпен бірге Көшім ханның қамқорлығымен Сібір хандығына келіп, Сібір хандарына кеңесші болып қызмет еткен. 1588-жылы Сібір воеводасы Д. Чулков Ораз-Мұхаммедті оның барлық туысқандарымен және нөкерлерімен бірге алдап, тұтқынға түсіріп, оларды Қадырғалимен бірге Мәскеуге аманат ретінде жіберді. 1592-жылы орыс патшасы Федор Иванович Ораз-Мұхаммедке Касимов хандығынан жер бөліп берді. Ал 1600-жылы Борис Годунов оны Касимов қаласының билеуші ханы етіп қойды. 1602-жылы Қадырғали өз туындысын сонда жазды, онда Рашид ад-Дин еңбегінің Шыңғыс хан мен оның мирасқорлары тарихымен байланысты жекелеген бөлімдерінің қысқаша мазмұны келтіріледі. Кітаптың қазақ хандары тарихын көп жағынан айқындайтын екінші бөлімінің дербес және өте құнды маңызы бар. XV-XVI ғғ. Қазақ хандығы туралы деректер едәуір ынта-ықылас туғызады, олар қазақ қоғамында ауызша тарихнамалық дәстүр, генеалогияларға және саяси тарих мәселелеріне нақты мүдделілік бар екенін көрсететін сенімді жергілікті деректерге негізделген.
3. Әбілғазы Баһадүр, Мұхаммед Салық Қашғари және т.б. авторлардың еңбектері. «Шаджара-йи түрік» («Түріктердің генеалогиясы») пен «Шаджара-йи таракима» («Түрікмен шежіресі») атты екі тарихи шығарма Арал өзбектерінің ханы Әбілғазының (1603-1664) қаламынан туындаған. «Түріктердің генеалогиясында» Орталық Азия аймағының көптеген өңірлерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы, этнографиясы мен тарихи географиясы туралы едәуір ақпарат бар. Көшпелі өзбектер мемлекетінің тарихы, Қазақстан мен Орта Азиядағы, Маңғыт (Ноғай) Ордасындағы Шайбанилер тарихы жөнінде, Көшім хандығы, тоғыз заттан тұратын сый тарту ғұрпы және оның мәні, т.б. туралы құнды анықтамалық материал бар. Басқа бір шығарма – «Түрікмен шежіресі» маңызды тарихи дерек ғана емес, сонымен қатар көпшілігі орта ғасырлар дәуіріндегі түрік дүниесіне тән көптеген халық әңгімелері, аңыздары, этнонимдердің халықтық этимологиясы, әдет-ғұрыптар, мақал-мәтелдер шеберлікпен баяндалатын елеулі әдеби ескерткіш болып табылады.
XVIII ғасырда тарихшы, ақын, мемлекет қайраткері Мунис (Шер-Мұхаммед Әуз би) шағатай тілінде жазған «Фирдаус әл-икбал» хроникасының XVIII ғ. қатысты оқиғаларды жылдар бойынша баяндайтын бөлігі түпнұсқа болып табылады. «Фирдаус әл-икбалда» Хиуаның ішкі саяси тарихы туралы бай мәліметпен қатар Хиуаның қазақтармен, түрікмендермен және басқалармен саяси әрі басқа да қатынастары туралы ауқымды мағлұматтар келтірілген. Хиуаның тарихи өміріне қазақтың рулық бөлімшелерінің және жергілікті билеуші адамдар мен топтар қолдан қойылған хандар ретінде пайдаланған қазақ хандары мен сұлтандарының қатысуын ашып көрсететін деректер зор ынта-ықылас туғызады.
Авторының есімі белгісіз «Тарих-и Қашғар» («Қашғар тарихы») шығармасы Шығыс Түркістанда XVII ғ. 2-ші ширегінде жазылса керек. Мазмұны және құрылымды жағынан орта ғасырлардағы Шығыс Түркістан мен Орта Азия тарихнамасының үлгілі туындысы болып табылатын. «Тарих-и Қашғарда» Шағатай мен оның ұрпақтарының, Моғолстан мен Моғолияның едәуір егжей-тегжейлі тарихы берілген. 1670-жылдан кейінгі оқиғалардың баяндалуы толық мағынасында алғанда түпнұсқа болып табылады. Неғұрлым ертеректегі нарративтік шығармалардағы моғолдардың қазақтармен шайқастары туралы баяндайтын жазбаша мағлұматтармен салыстырғанда анонимнің дербес нұсқалар хабарлайтыны назар аудартады. «Тарих-и Қашғардағы» қазақтар туралы мағлұмат XVII ғ. басында Даниал қожаның Шығыс Түркістанда Шағатай ұрпақтарының әулеті құртылған аласапыран кезеңде Шыңғыс ұрпағы ретінде қазақ сұлтаны Есімді Жаркент тағына отыруға шақыруы туралы хабар болып табылады.
Мұхаммед Салық Қашғари жазған «Тазкира-йи ходжаган» («Қожаның ғұмырнамасы») деген шығармада Есім ханның Шығыс Түркістандағы іс-қимылдары туралы неғұрлым егжей-тегжейлі мағлұмат бар. Бұл еңбек қазақтардың Жоңғария қалмақтарымен қарым-қатынастарының жекелеген жақтарын, сондай-ақ қазақтар мен моғолдардың арасындағы саяси байланыстарды зерттеу үшін қызмет етеді. Онда Хақназар ханның Абд әл-Латиф сұлтанды өлтіруі және Моғолстан ханы Абд ар-Рашид ханның қарсы жорығы туралы мағлұматтар келтіріледі.
Тарих ғылымы дамуының қазіргі кезеңінде парсы-түркі-араб тобының, әсіресе олардың шетел кітап қоймалары мен кітапханаларында сақтаулы бөлігін орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын сапасы жағынан жаңа деңгейде ой елегінен өткізу және олардың өткендегі тарихи үрдіс аренасында алатын орнын дәлме-дәл анықтау мақсатымен тарту қажеттігі пайда болды.
Түркі, парсы және араб тілді ескерткіштерді бүкіл алуан түрлі және толық күйінде тікелей зерттеу, сондай-ақ тарихи-деректану мәселелеріне жүйелі көзқарас қазақ халқы тарихының жеке мәселелері бойынша маңызды қорытындылар жасауға мүмкіндік береді.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) «Зубдат әл-асар», «Бабыр-наме», «Шайбани-наме» тарихи еңбектерінің түпнұсқа деректер ретінде сипатталу себебі неде?
2) Қадырғали бек Жалайыридың «Жами-ат тауарих» еңбегінің XV-XVI ғғ. Қазақстанның саяси, этникалық тарихы мен қазақ хандарының генеалогиясын зерттеудегі маңыздылығына тоқталу.
3) Қандай деректерді «нарративтік деректер» деп атайды? Түркі тілінде жазылған тарихи шығармалардың нарративтік деректер қатарынан орын алуын қалай түсіндіресіз.
ІХ тақырып: Қазақстан тарихы жөніндегі орыс және батыс
деректері.
1. XVII ғасырдағы Сібір жылнамалары.
2. Қазақ-орыс елшілік байланыстарының құжаттары.
3. XIV-XVII ғғ. батыс дипломаттарының еңбектеріндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер.
1. XVII ғасырдағы Сібір жылнамалары. Кейінгі орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуде XIV-XVII ғғ. орыс құжаттары мен мұрағат материалдарының зор маңызы бар. Орыс жерлері Алтын Ордаға бағынған кезең жылнамаларында орыс князьдарының Орданың билік орындарымен қарым-қатынастарының көптеген жақтары көрсетілген. Оларда Орданың ішкі қоғамдық-саяси жағдайы туралы, атап айтқанда, XIV ғ. 60-70 жылдарындағы Орда шонжарларының түрлі топтарының өзара қырқысқан күресі туралы айтылады («И бысть в Орде замятня велика»). Мамай, Тоқтамыс, әмір Темір, әмір Едіге сияқты билеушілердің ыдырап бара жатқан Алтын Орданың тағдырына ықпал етуге және сол арқылы Мәскеу Русіне, Литваға, Польшаға, олардың мемлекеттік орталықтану жолындағы күресіне кедергі жасауға тырысқан әрекеттерін алуан түрлі материалдар сипаттайды. Жылнамаға шаруашылық, халық туралы мәліметтер енгізілген, мысалы, кангиттер (хвалисстер) жерінің Батый иеліктерінен әрі орналасқаны көрсетілген. Жошы ұлысының батыс бөлігі үшін неғұрлым дәл, шығыс бөлігі үшін жанама географиялық деректер хабарланған. Мысалы, Үлкен немесе Алтын Орданың астанасы Сарай қаласы болғаны, сонымен бірге Жайықтың арғы жағындағы барлық жер – орталығы Самарқандта болған «Көк Орда» деп аталғаны жөнінде айтылған. Көк Орда деп «Ақсақ Темір басып алған жерлер мен патшалықтар» арасындағы өлкелер аталған, олардың ішінде Қытай да көрсетілген, бірақ шынына келгенде бұл олай емес болатын.
Қазақстанның солтүстік бөлігінің тарихы жөніндегі маңызды деректер Сібір жылнамалары: Строганов жылнамасы (XVII ғ. ортасы), С. Есиповтың «Сібір жылнамасы» (1687 ж.) және «Ремезов жылнамасы» (XVII ғ. аяғы – XVIII ғ. басы) болып табылады. Оларда бұл аумақтағы және Сібірдегі тайпалардың, соның ішінде керейіттердің орналасуы туралы, Сібір жұртында керейден шыққан Тайбұғы әулетінің, содан соң Сібір хандығындағы Шайбани әулетінің билік етуі туралы мәліметтер бар. Ресейдің орталық (ЦГАДА, АВПР), сондай-ақ жергілікті мұрағаттарында сақтаулы материалдар мен құжаттарда Ноғай Ордасы, Сібір хандығы, Жоңғария, Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы хандықтар жөніндегі Ресей саясаты ғана көрсетіліп қоймайды, сонымен қатар бұл мемлекеттердің ішкі өмірі, олардың қарым-қатынастары туралы да мол ақпарат келтіріледі. Жарияланған және жарияланбаған бұл материалдар арасында хандар мен патшалардың грамоталары мен жолдаулары, дипломатиялық миссиялар басшыларының есептері, жазбалар, күнделіктер, қолтаңбалар және т. б. бар.
2. Қазақ-орыс елшілік байланыстарының құжаттары. Орыс князьдары мен патшаларының Ноғай билеушісі Ибақ Мәскеуге елшілік жіберген 1489-жылдан бастап, XVIII ғ. ортасына дейін ноғай билерімен және мырзаларымен дипломатиялық хат алысулары мейлінше ауқымды. Ноғай Ордасына 1534-1535 жж. Данила Губиннің (ол былай деп хабарлаған: «...қазақтар ноғаймен соғысуды өте қалайды... қазақтар күшті, оларға қалмақтар да берілген»), 1569-жылғы Семен Мальцевтің, 1577-жылғы Борис Доможировтың елшілік сапармен барғандары мәлім.
XVI ғ. аяғында қазақ-орыс елшілік байланыстары туралы мағлұматтар пайда болды. 1594-жылы Мәскеуге достық қатынастар жасасу және Бұхара ханына қарсы күресте көмек алу мақсатымен Тәуекел ханның елшісі Құл-Мұхаммед жіберілді. 1595-жылы Тәуекел ханның Сырдариядағы ордасына Вельямин Степанов жауап грамота алып келді. XVII ғ. қазақ даласы арқылы Бұхара мен Хиуадан Ресейге қырықтан астам және Орта Азияға тоғыз орыс елшілігі жүріп өтті. Сібір приказының материалдарында Тәуке хан тұсындағы қазақ-орыс келіссөздері туралы мәліметтер бар. «Тобольскіден Түркістанға дейінгі Қазақ Ордасы қалашықтарының тізімі...» және «Сұрап алынған сөздер» тапсырған 1696-1697 жж. Федор Скибин экспедициясының мәліметтері зор ынта туғызады.
Елшіліктердің есептері, сауда миссияларының, экспедицияларының материалдары өлкедегі саяси оқиғаларды, экономикалық шындықтарды көрсетіп, Қазақстан аумағында ноғайлардың, башқұрттардың, қарақалпақтардың орналасуы туралы этнографиялық мәліметтер берген. XVII ғ. аяғына қарай қазақ жүздері солтүстігінде Тобыл мен Есілден, оңтүстігінде Сырдария мен Ташкентке дейінгі, шығысында Ертіс өзенінен, батысында Жайыққа дейінгі кең-байтақ аумақты алып жатты, олардың билеушілері саны отыздан асатын қалашықтарды иеленді. Мұның бәрі XVII-XVII ғғ. шебінде жинақталған бай картографиялық материалда көрсетілген.
Елшілік, сауда миссияларының және экспедициялардың сызбалары мен жазбалары алуан түрлі географиялық шындықтармен бірге XVI ғ. аяғында жасалған орыстың тұңғыш ресми жиынтық картасы «Үлкен Сызбаның» негізіне алынды. «Үлкен Сызба» жоғалып кеткен, бірақ «Үлкен Сызбаға Кітап» сақталған, онда қазақ жерлері туралы мәліметтер тұтас тарауға жетеді деуге болады. Сызбаны жасаудың алдында XVI ғ. Ресейде зор көлемде картографиялық жұмыстар жүргізілді.
Егер ертедегі шетел карталарында – Петр Висконтидің картасында (1320 ж.), Каталон картасында (1375 ж.), Фра Мауроның картасында (1459 ж.) – Қазақстан жері мүлде дерлік айтылмай, Төменгі Еділ бойы мен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауын бойлай жатқан жерлер ғана көрсетілсе, С. Герберштейн (1546 ж.) мен А. Видтің (1555 ж.) орыстың картографиялық материалдары пайдаланылған карталарында Жайыққа дейінгі аумақ көрсетілген. 1558-жылы ағылшынның «Мәскеу компаниясының» тапсыруымен сауда мақсатын көздеп, Орта Азияға аттанған А. Дженкинсонның картасы Қазақстан туралы географиялық мәліметтерді еселей түсті. Оның саяхатының суреттемесінде қазақтар мен ноғайлар туралы мәліметтер бар. Картада ол қазақтарды Сырдария өзенінде көрсеткен де, ноғайларды Жайыққа орналастырған.
«Үлкен Сызба» қазақ даласы мен Сырдариядағы қалалардың географиялық нақтылығын көрсетуі мен мәліметтерінің көптігі жағынан өзінің алдында жасалған карталардан артық. Сызбаны құрастырушылар онымен жұмыс істеген кезде негізінен XVI ғ. орыс картографиялық материалдарын пайдаланған. «Үлкен Сызба» мен оның суреттемесін XVII ғ. орыс картографтары пайдаланды.
XVII ғ. аяғында Қазақстан мен Орта Азия туралы барлық картографиялық материалдарды орыстың көрнекті ғалымы С. Ремезов қорытты. Оған болуы мүмкін барлық географиялық объектілерді – тауларды, өзендерді, шатқалдарды, өткелдерді, құдықтарды, сондай-ақ елді мекендерді, олардың арасындағы қашықтықты көрсете отырып, «Тобылдан Қазақ Ордасына дейінгі, Үлкен Бұхарияға дейінгі, Хиуаға дейінгі, Жайыққа дейінгі, Астраханьға дейінгі даланы жазу» тапсырылған болатын.
С. Ремезов жұмысының қорытындысы Қазақстан аумағы жөнінде тарихи-географиялық мәліметтер бар «Сібірдің Сызба кітабы» болды. Бұл картада Арал теңізі тұңғыш рет өз атымен аталып, жеке бассейн ретінде көрсетілген.
XVII ғ. Қазақстан және Орталық Азияның шектес аумақтары халықтарының тарихын зерттеудегі орыстың деректі материалдарының маңызы арта түседі. Сол ғасырдың аяғына қарай бұл халықтардың өздері де орыстарға бұрынғысынан гөрі неғұрлым белгілі бола бастады.
3. XIV-XVII ғғ. батыс дипломаттарының еңбектеріндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер. XIV-XVII ғғ. дипломаттардың, саудагерлердің, миссионерлердің (Г. Клавихо, С. Герберштейн, И. Барбаро, А. Контарини, А. Дженкинсон, Ф. Авриль, А. Олеарий) және арасында соғыс тұтқындары (Г. Шильтбергер) болған басқа да адамдардың Азия елдері мен Московияға саяхаттары мен сапарлары жаңа нарративтік деректердің жасалуына негіз болды. Оларда қазіргі Қазақстан аумағындағы этникалық-саяси бірлестіктер, әмір Темір билік еткен кезеңдегі әскери-саяси оқиғалар, оның Тоқтамыспен және Едігемен қарым-қатынастары, ноғайлар мен қазақтардың одақтастық қатынастары туралы тарихи-этнографиялық мәліметтер бар.
Венеция дипломаты И. Барбароның «Тан мен Персияға саяхат» деген кітабында «татарлар» деген жалпы атаумен дала тұрғындары елеулі орын алады. Діни нанымдарды, сот ісін жүргізуді, әскер ісін, сауданы, қолөнер мен егіншілікті суреттеумен қоса, ол Алтын Орда билеушісі Жәнібек хан (1342-1357), әмір Едіге және оның ұлы Мұртаза, Ұлық-Мұхаммед, Кіші-Мұхаммед хандар билік еткен кезеңнің кейбір тарихи оқиғаларын да жазады. Әмір Темірдің Сырдария өңірі қалалары тұрғындарының зердесінде сақталып қалған 1395-1396 жж. жойқын жорықтарын айтып өтеді, бұл жерге И. Барбаро XV ғ. 50-ші жылдарында келген болатын. Парсы елінде 1474-1477 жж. болған А. Контарини «татарлардың» түрлі топтарын, соның ішінде «Еділдің арғы жағында тұратын, солтүстік-шығыс және шығыс жағына көшіп жүретіндерді» бөліп көрсетеді.
Дипломат С. Герберштейннің мағлұматтары да «әр түрлі татар ордаларына» қатысты, ол солардың арасында қазақтарды (Cassaki) да көрсетеді. Ал 1562-жылы ағылшын көпесі А. Дженкинсон жасаған «Ресей, Московия, Татария» картасында ноғайлар мекендейтін Еділ мен Жайық арасындағы жерлерден шығысқа қарайғы өлке «Қазақия» (Cassakiа) жері деп көрсетілген. А. Дженкинсон саяхатының күнделігі – Қазақ хандығының қалыптасу кезеңінің оқиғалары, соның ішінде Хақназар ханның Сырдария өңірі қалалары үшін соғыстары көрсетілген ең алғашқы еуропалық еңбек болып есептеледі.
XVII ғ. голланд географы Н.К. Витсеннің «Солтүстік және шығыс Татария туралы» атты, Орта Азия мен Қазақстан туралы мағлұматтар бар құнды кітабы географиялық, этнографиялық және лингвистикалық мәліметтердің үлкен жинағы болып табылады. Онда сол кезде «Татария» деген жалпы атаумен белгілі болған, Каспий теңізінің, Еділдің, Каманың жағалауларынан шығысында Тынық мұхит жағалауына дейінгі барлық елдерді қамтиды. Қазақтар, қырғыздар және басқа да түркі тілдес халықтар туралы жекелеген мәліметтер еуропалықтардың жарияланбаған күнделіктерінен, сондай-ақ араб деректерінен және голландықтың айтуынша, «барлық рулардағы татарлардан» сұрастыру жолымен алынған.
XVII ғ. нарративтік әдебиетті голландықтар Я. Стрейстің, К. Бруиннің, швед дәрігері әрі дипломат Э. Кемпфердің, француздар Ж.Б. Таверньенің, А. Мотрэнің, ағылшындар С. Коллинздің, Д. Перридің және басқаларының Қытайға, Үндістан мен Иранға сапарлары нәтижесінде жазылған еңбектері байытты. Қазақ халқының тарихы мен этнографиясының белгілі бір жақтарын көрсететін бұл еңбектердің ақпараттық дәрежесі бірдей емес. Бұл жағынан шведтің соғыс тұтқыны Ф. И. Страленбергтің «Еуропа мен Азияның солтүстік және шығыс бөліктерінің тарихи-географиялық сипаттамасы» деген кітабы ерекше, онда өзбектердан, түрікмендерден, қырғыздардан, қарақалпақтар мен Қазақ Ордасынан (Kosachi Hordae) тұратын Сібір мен «Ұлы Татария» туралы XVIII ғ. басына дейін белгілі материалдарды жүйеге келтіру ісіне көбірек көңіл бөлінген. Ол Тобольскіде алғаш рет «бұхарлықтардан» Әбілғазының «Түріктер шежіресі» қолжазбасын қолына түсіріп, оны «татар» тілінен орыс тіліне және орыс тілінен неміс тіліне аударуды ұйымдастырудың сәтін түсірді, сөйтіп жергілікті деректерді ғылыми айналымға енгізудің негізін қалады.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:
1) Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер кездесетін орыс жазба ескерткіштерін қандай түрлерге бөліп қарастыруға болады?
2) Орыс жазба ескерткіштерінде Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Сібір хандығы тарихы бойынша мәліметтердің сақталғанын немен түсіндіруге болады?
3) Ағылшын көпесі А. Дженкинсон саяхатының күнделігінде Қазақстан тарихына қатысты қандай маңызды деректер бар?
Х тақырып: Шежіре – қазақ халқының тарихы бойынша маңызды
Достарыңызбен бөлісу: |