Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкiн нелер құрайды?
Кәсiпорынның мүлкiн құны кәсiпорынның дербес балансында көрсетiлетiн кәсiпорынның барлық активтерi құрайды.
Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, пайлар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
Мемлекеттiк кәсiпорынның мүлкi:
1) оған меншiк иесi берген мүлiктiң
2) өз қызметiнiң нәтижесiнде сатып алынған мүлiктiң (ақшалай табыстарды қосқанда);
3) заңдармен тыйым салынбаған өзге де қаражат негiздерiнiң есебiнен қалыптастырылады.
Мемлекеттiк кәсiпорындардың негiзгi құралдарға жататын, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында бекiтiлген мүлiкке, сондай-ақ оларға тиесiлi акцияларға қатысты сатуға және сыйға беру мәмiлелерiн жасасуға құқығы жоқ.
Шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығындағы мүлiктi алып қою туралы шешiмде уәкiлеттi орган мемлекеттiк кәсiпорынға кейiннен мүлiктi баланстан шығара отырып, оны өзге тұлғаға бергенге дейiн ұстаудың және сақталуын қамтамасыз етудiң мерзiмдерiн белгiлеуге құқылы.
Мемлекеттiк меншiк түрi не ведомстволық бағыныстылығы ауысқан кезде кәсiпорынның мүлiктiк құқықтары қалай сақталады?
Заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк кәсiпорынды республикалық иелiктен коммуналдық иелiкке бергенде немесе керiсiнше iстегенде, не мемлекеттiк басқарудың бiр органының бағынысынан басқа бiр органның бағынысына берген кезде ондай кәсiпорын өзiне тиiстi мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығын (жедел басқару құқығын) сақтап қалады.
Мүлiктiк кешен ретiндегi мемлекеттiк кәсiпорын қалай жүзеге асырылады?
Мемлекеттiк кәсiпорын тұтас алғанда мүлiк кешенi ретiнде жылжымайтын мүлiк болып танылады және мемлекеттiк меншiк құқығының объектiсi болып табылады.
Мүлiктiк меншiк ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, оның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқығы, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атауы, тауар белгiлерi) және басқа да айрықша құқықтар енедi.
Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын жөнiнде ол бiртұтас мүлiктiк кешен ретiнде болғанда мәмiлелер (кепiлге беру, жалдау және басқалары) жасауы - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша, ал коммуналдық кәсiпорын жөнiнде - жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
Мемлекеттiң тапсырысы дегеніміз не?
Мемлекеттiк кәсiпорын үшiн мемлекеттiң тапсырысын орындау мiндеттi болып табылады.
Егер бұл шарттар мемлекеттiң тапсырысында көзделген болса, кәсiпорынның тауарларды (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) сатып алушы немесе сатушы ретiнде шарттар жасаудан бас тартуға құқығы жоқ.
Мемлекеттiң тапсырысы, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ұсыну нысандары мен түрлер бойынша медициналық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарын қоспағанда, кәсiпорынға мемлекеттiк басқару органы арқылы жеткiзiледi.
Мемлекеттiң тапсырысында қамтылмаған өнiмдердi (жұмыстар атқаруды, қызметтер көрсетудi) кәсiпорын өз бетiмен сатады.
Заңсыз келген табыстарды кәсiпорыннан алып қою қалай жүзеге асырылады?
Заңдарда тыйым салынған, оның жарғысында көзделмеген, қызметтi жүзеге асырудан кәсiпорынға түскен табыс, сондай-ақ сатылатын тауарлардың (жұмыстар атқарудың, қызметтер көрсетудiң) бағасын көтеру нәтижесiнде түскен табыс Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджетке алып қойылады.
Мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне кәсiпорынның шағым жасауы?
Кәсiпорын мемлекеттiк органдардың заңсыз iс-әрекеттерiне, оған қоса ол уәкiлдi органның кәсiпорын пайдасын алып қоюға, мүлiктi қайта бөлуге, мемлекеттiң тапсырысын беруге, кәсiпорын шығаратын тауарларға (жұмыстар атқаруға, қызметтер көрсетуге) баға қоюға байланысты жасаған, сондай-ақ кәсiпорынның құқығы бұзылатын басқадай iс-әрекеттерiне белгiленген тәртiп бойынша сотқа шағым жасауға құқылы.
Мемлекеттiк кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және тарату қалай жүзеге асырылады?
Республикалық мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен, ал коммуналдық кәсiпорын - жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен қайта ұйымдастырылады және таратылады.
Кәсiпорын азаматтық заңдарда көзделген басқа негiздемелер бойынша да таратылуы мүмкiн.
Кәсiпорынды қайта ұйымдастыру және таратуды, егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша мемлекеттiк басқару органы жүзеге асырады.
Таратылған кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлкiн уәкiлдi орган қайта бөледi.
Таратылған кәсiпорынның ақшасы осы кәсiпорынның кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалатын мүлкiн сату нәтижесiнде түскен ақша қаражатымен қоса тиiстi бюджеттiң табысына есептеледi.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның қандай мiндет-мақсаттары бар?
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорын мынадай қызметтер аясында құрылуы (бұрын құрылғандарды iс-әрекет жасауы) мүмкiн:
қару-жарақты және оның оқ-дәрiсiн, қорғаныс құралдарын, әскеритехникасын, қосалқы бөлшектердi, санатталатын элементтер мен оның приборларын әзiрлеу, өндiру, жөндеу және сату; босатылған әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму);
уранды және басқа бөлшектенетiн материалдарды, сондай-ақ одан жасалатын бұйымдарды алу, өндiру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын нормадан асатын мөлшерде радиоактивтi заттары бар өнiм шығару және сату;
дәрi-дәрмектер, дәрiлiк заттар мен емдеу препараттарын, медициналық жабдықтар мен құрал-сайман жасау және сату;
энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау, желiлiк көлiк, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергiлiктi инфрақұрылымда тiршiлiкте қамтамасыз ететiн басқа жүйелерде өзiнiң табиғи монополия жағдай мен әлеуметтiк экономикалық маңыздылығы жағынан тiкелей мемлекеттiк басқаруын қажет ететiн шаруашылық қызметiн жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң өзiне жүктелген мiндеттерiн жүзеге асыруына жәрдемдесетiн және (немесе) қаржы рыногы инфрақұрылымының бiр бөлiгi болып табылатын;
заңдарда қаржыландырудың арнайы тәртiбi белгiленген мемлекеттiк автомобиль жолдарының және басқа инфрақұрылым объектiлерiнiң желiсiн ұстау мен дамыту;
почта байланысы мен телекоммуникация, жалпыреспубликалық және халықаралық байланыс желiлерiн пайдалану;
денсаулық сақтау, ветеринария, табиғатты қорғау, бiлiм беру, әлеуметтiк қорғау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметi саласындағы өндiрiстiк-шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
қылмыстық-атқару жүйесi саласындағы өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру;
жер кадастрларын, Қазақстан Pecпубликасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудi қамтамасыз ететiн қызметтi жүзеге асыру;
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк материалдық резервiн қалыптастыру және сақтау саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, бiрегей және сирек кездесетiн ландшафтарды, тарихи-мәдени мұра объектiлерiн қорғау және пайдалану саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру.
Мемлекеттiк органдардың қызметтiк ғимараттарын пайдалануды, оларға көлiк қызметiн көрсетудi және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру мақсатында шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар құруға тыйым салынады.
Шаруашылық жүргiзу құқығындағы кәсiпорынның мазмұны қандай?
Шаруашылық жүргiзу құқығы мүлiктi мемлекеттен меншiк иесi ретiнде алған және осы мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқықтарын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, және өзге де заң құжаттарында белгiленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттiк кәсiпорынның заттық құқығы болып табылады.
Шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi не?
Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлiк шаруашылық жүргiзу құқығының объектiсi бола алады.
Кәсiпорынның қарамағында тек өзiнiң жарғылық мақсаттарында көзделген қызметтi қамтамасыз ету үшiн қажеттi, не осы қызметтiң өнiмi ретiнде алынған мүлiк қана бола алады.
Кәсiпорынның жарғылық және резервтiк капиталдары?
Кәсiпорынның жарғылық капиталының мөлшерiн оның құрылтайшысы белгiлейдi, бiрақ оның мөлшерi кәсiпорынға берiлген мүлiктiң жалпы құнынан аспауы керек және кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өткiзген күннен бастап белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң 10.000 кем болмайды.
Жарғылық капиталдың мөлшерi кәсiпорынның жарғысында көрсетiледi.
Жарғылық капиталды меншiк иесi (құрылтайшы) кәсiпорынды мемлекеттiк тiркеуден өту қарсаңында толық құруға тиiс.
Жарғыда көрсетiлгендей кәсiпорын резерв капиталын қалыптастыруға мiндеттi және ол жарғылық капиталдың 10 процентiнен кем болмауы керек және резерв қорының белгiленген дәрежесiне жеткенге дейiн өз билiгiнде қалған таза кiрiстiң кем дегенде 5 процентiн осы мақсатқа жұмсауы керек.
Резерв капиталының қаржысы тек қана шығынды жабуға, бюджет алдындағы мiндеттемелердi орындауға, мемлекеттiк кредиттердi өтеуге және кәсiпорынның басқадай қаражаты жеткiлiксiз болған жағдайда сыйақы (мүдде) өтем төлеуге жұмсалады.
Егер кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде жарғылық және резервтiк капиталдардың өзге тәртiптерiн қалыптастыру мен мөлшерлерi белгiленген болса, онда кәсiпорындар оларды осы актiлерде көзделген мөлшерлерде құрады, бiрақ ол осы баптың 1-тармағында көрсетiлгеннен кем болмауы керек.
Шаруашылықты жүргiзу құқығына ие болу және тоқтату?
Мүлiктi құрылып қойған мемлекеттiк кәсiпорынға бекiту туралы меншiк иесi (уәкiлдi орган) шешiм қабылдаған мүлiкке қатысты шаруашылық жүргiзу құқығы, егер заңдарда немесе меншiк иесiнiң (уәкiлдiк органның) шешiмiнде өзгеше белгiленбесе, бұл кәсiпорында мүлiктi кәсiпорынның дербес балансына бекiтiп берген сәттен бастап пайда болады.
Шаруашылық жүргiзудегi мүлiктi пайдаланудың жемiсi, өнiмi мен кiрiсi, сондай-ақ кәсiпорын шарттар немесе өзге де негiздер бойынша алған мүлiк меншiк құқығына ие болуға арналған заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен кәсiпорынның шаруашылық жүргiзуiне келiп түседi.
Мүлiкке шаруашылық жүргiзу құқығы меншiк құқығын тоқтатуға арналған заңдарда көзделген негiздер мен тәртiп бойынша, сондай-ақ меншiк иесiнiң (уәкiлдi органның) шешiмiмен кәсiпорыннан мүлiк заңды жолмен қайтарып алынған жағдайларда тоқтатылады.
Заңды жолмен қайтарып алу реттерiне, атап айтқанда:
1) кәсiпорынның жарғылық қызметiнiң мақсатына сай келмеген мүлiктi қайтарып алу;
2) артылып қалған, пайдаланылмайтын не өз мақсатында пайдаланылмайтын мүлiктi қайтарып алу жатады.
Кәсiпорынның мүлiктiк құқықтарын жүзеге асыру шарттары қандай?
Қызметiн шаруашылық жүргiзу құқығы негiзiнде жүзеге асыратын кәсiпорынның уәкiлеттi органның жазбаша келiсiмiнсiз:
1) өзiне тиесiлi үйлердi, ғимараттарды, жабдықтарды және кәсiпорынның басқа да негiзгi құралдарын иелiктен айыруға немесе өзге де әдiспен оларға билiк етуге, ұзақ мерзiмдi (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегiн пайдалануға беруге;
2) филиалдар, өкiлдiктер мен еншiлес кәсiпорындар құруға жеке кәсiпкерлермен бiрге кәсiпорындар мен бiрлескен өндiрiстер құруға, оларға өзiнiң өндiрiстiк және ақшалай капиталын салуға;
3) заемдар беруге құқы жоқ.
Егер меншiк иесi (уәкiлдi орган) өзгеше белгiлемесе, көрсетiлген мүлiкпен мәмiле жасаудан алынған ақшаны кәсiпорын өздiгiнен пайдаланады.
Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, кәсiпорын өзiне шаруашылық жүргiзу құқығына бекiтiлiп берiлген негiзгi құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлiкке дербес билiк етедi.
Кәсiпорын өндiрген тауарлардың бағасы ?
Кәсiпорын өндiрген тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасы кәсiпорынның оларды өндiруге, атқаруға, көрсетуге кеткен шығынды толық өтеуге, оның жұмысын шығынсыз етуге және өз кiрiсi есебiнен қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиiс.
Мемлекеттiң тапсырысын орындау есебiне кәсiпорын өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқарылған жұмыстардың, көрсетiлген қызметтердiң) бағасын мемлекеттiк басқару органының келiсуi бойынша кәсiпорын белгiлейдi.
Кәсiпорын мемлекеттiң тапсырысынан тыс өндiретiн және өткiзетiн тауарлардың (атқаратын жұмыстардың, көрсететiн қызметтердiң) бағасын кәсiпорын дербес белгiлейдi.
Кәсiпорынның қызметiн қаржыландыру қалай жүзеге асырылады?
Кәсiпорын өз қызметiнен алған меншiктi табысы есебiнен ұсталады.
Мемлекеттiк кәсiпорынға қаражат заңдарда көзделген тәртiппен берiледi.
Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындардың (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк кәсiпорындарын қоспағанда) таза табысының бiр бөлiгiн аудару нормативiн мемлекеттiк басқару органы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң келiсiмiмен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiн белгiлейдi.
Коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысының бiр бөлiгiн аудару нормативiн мемлекеттiк басқару органы жергiлiктi қаржы органдарының келiсiмiмен жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiн белгiлейдi.
Мемлекеттiк кәсiпорындардың таза табысының бiр бөлiгi белгiленген нормативтер бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджетке есептелуге тиiс.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарының таза табысының бiр бөлiгi өздерi белгiлейтiн мерзiмде, мөлшерде және тәртiппен оның бюджетiне есептелуге тиiс.
Кәсiпорын қызметкерлерi еңбегiне ақы төлеу қалай жүзеге асырылады?
Кәсiпорынның еңбекке ақы төлеу қорының мөлшерiн жыл сайын мемлекеттiк басқару органы белгiлеп отырады.
Еңбекке ақы төлеу нысандары, штат кестесiн лауазымдық жалақының мөлшерiн, сыйлық беру және өзге сыйақы жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде кәсiпорын дербес анықтайды.
Кәсiпорын басшысының, оның орынбасарының, бас (аға) бухгалтерiнiң лауазымдық жалақысының мөлшерiн, оларға сыйлық беру және өзге де сыйақы жүйесiн мемлекеттiк басқару органы белгiлейдi.
Кәсiпорынның жауапкершiлiгi қандай?
Кәсiпорын өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi мүлiктiң бәрiмен жауап бередi.
Кәсiпорын өз мүлкiн иеленушiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Құрылтайшының (уәкiлеттi органның) немесе мемлекеттiк басқару органының iс-әрекетiнен банкротқа ұшырағаннан басқа жағдайда мемлекет кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Мұндай жағдайда мемлекет кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға кәсiпорынның қаржысы жетiспеген ретте оның мiндеттемелерi бойынша жауап бередi.
Заң актiлерiнде кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша мемлекеттiң жауапкершiлiгiнiң өзге де жағдайлары белгiленуi мүмкiн.
Тақырып 6. Кәсіпкерлік қызмет саласында шаруашылық байланыстарды ұйымдастыру ерекшеліктері
Сабақтың мақсаты: ҚР кәсіпкерлік құқығының оқу пәні ретінде туралы білімдерді қалыптастыру, оның құқықтық білімдер жүйесіндегі орнын анықтау.
Жоспар:
1 Шарт шаруашылық байланыстардың пайда болу негізі ретінде.
2 Шарттардың түрлері. Шаруашылық шарттардың ерекшеліктері.
3 Шарт жасасу, оны өзгерту және бұзу.
1 Шарт шаруашылық байланыстардың пайда болу негізі ретінде.
Шарт ұғымын ашып көрсетіңіз?
Екі немесе одан көп адамның азаматтық құқықтар мен міндеттемелерді белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі шарт деп танылады (АК-ның 378-бабының 1-тармағы).
«Шарт» термині азаматтық заңнамада әртүрлі мәнде қолданылады: өзінен міндеттеме туындайтын заңдық факты; сол шарттық міндеттеменің өзі; шарттық міндеттемені ресімдеген кұжат.
Шарт - құқықтық қатынастың туындауына, өзгеруіне немесе тоқтауына негіз болатын зандық факт. Сондықтан да, шарт азаматтық, соның ішінде шаруашылық, құқықтар мен міндеттемелерді туындататын негіздердің бірі болып саналады (ҚР АК 7-бабы).
148-баптың 1-тармағына сәйкес мәмілелер бір жақты және екі немесе көп жақты (шарттар) болуы мүмкін. Сол себепті, шарт мәміле болып табылады және шартқа екі және көп жақты мәмілелер туралы (373-баптың 2-тармағы), атап айтқанда, мәміленің формасы және оны тіркеу туралы, мәмілені заңсыз деп тану туралы және т.б. ережелер қолданылады. «Бір жақты және көп жақты мәмілелер» ұғымын «бір жақты және өзара шарттар» ұғымынан ажырату керек. Бір жақты мәміле шартқа жатпайды, себебі мәмілені жасау үшін тараптардың келісімі керек емес, бір жақтың ерік білдіруі жеткілікті. Шарттың басқа мәмілелерден және басқа заңдық фактылардан айырмашылығы сол, шарт дегеніміз тараптардың келісімі. Сондықтан, 148-баптың 3-тармағына сәйкес, шарт жасасу үшін екі тараптын (екі жақты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көп жақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет.
Шарттардың басым көпшілігі қандай болады?
Шарттардың басым көпшілігі екі жақты мәміле болып табылады, себебі шарттан, әдетте, міндеттемелік құқық қатынастары туындайды, ал міндеттеме үшін мүдделері қарама қарсы екі тарап болуы керек: біреуінде талап ету құқығы (несие беруші), екіншісінде - сол құқыққа икемделген міндет (борышкер) болады. Бірлескен қызмет туралы шарт көп жақты мәмілеге мысал бола алады (АК-ның 228-бабы).
Бұл шарттың ерекшелігі сонда, оның тараптары ортақ шаруашылық мақсатқа қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет жасауға келіседі және осы қызметтің нәтижесінде ортақ меншік пайда болады. Бірлескен қызмет (жай серіктестік) туралы шарттың «Міндеттемелік құқық» туралы бөлімде емес, меншік құқығына арналған бөлімде, ортақ меншік туралы тараудан кейін орналасуы бекерден бекер емес (АК-ның 228-бабы).
Көп жақты шарттарға, әдетте, шарт туралы жалпы ережені қолдануға болады. Дегенмен, көп жақты шарттардың жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне байланысты кейбір нормаларды қолдануға болмайды. Атап айтқанда, жария шарт туралы (387-бап), үшінші жақтың пайдасына шарт туралы (391-бап) ережелерді көп жақты шартқа қолдануға болады ма екен, шарт жасасу туралы нормаларды қолдануда да қандай да бір ерекшелік болуға тиіс. Шарттан авторлық қатынастар (бірлескен авторлар арасында), өнертапқыштық қатынастар (бірлескен өнертапқыштар арасында) және т.б. туындаған жағдайда осылай бағалауға болады.
Азаматтар мен заңды тұлғаларға шарт жасасуда еркіндік берілген. АК-да, заң құжаттарында немесе өз еркімен қабылдаған міндеттемеде, шарт жасасу міндеті көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді (АК-ның 380-бабының 1-тармағы).
Шарт еркіндігі туралы норма 8-баптың азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне берілген азаматтық құқықтарды өз қалауынша пайдаланады деген ережесіне негізделген. Шарт еркіндігі АК-да бекімін тапқан кәсіпкерлік қызмет еркіндігімен және тұтынушылардың тауарлар иеленуге, жұмыстар мен қызметтер пайдалануға шарт жасасу еркіндігіне құқығымен үйлестікте болады (10-бап).
Қазір шарт жасауға мәжбүрлеу айрықша жағдайларда ғана болады. Міндетті түрде шарт жасасу туралы ережелер АК-ның арнайы бабында жинақталған (АК-ның 399-бабы). Шарт жасасу міндеті АК-да, егер мұңдай шарт жария шарт болса, коммерциялық ұйым үшін көзделген (387-бап).
Шарт еркіндігі принципі тараптардың заңдарда көзделген шартты да, көзделмеген шартты да жасаса алатындығынан көрініс табады (380-баптың 2-тармағы). АК-ның Ерекше бөлімі баптарының басым көшпілігі , заңнамада көзделген шарттарға арналған. Айта кететін бір жағдай - 380-баптың 2-тармағында әңгіме заң актілері жайында емес, заңнама жайында, сондықтан шарттардың жаңа түрлерін ҚР Үкіметінің қаулылары және ондай құқық берілген мемлекеттік органдар белгілей алады. Ондай шарттардың мысалы ретінде толлинг операцияларын жүргізу туралы шартты алуға болады.
Тараптар заңда көзделмеген шарттарды да жасаса алады. Бұл ереже туындайтын жалпы ережеде «азаматтық құқықтар мен міндеттер заңнамада көзделген негіздерден, сондай-ақ, азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерінен пайда болады, өйткені ол әрекеттер азаматтық заңнамада көрсетілмегенімен, олардың жалпы негіздері мен мәні азаматтық құқықтар мен міндеттерді тудырады» делінген (7-бап).
Бұл ереже азаматтық құқықтың жалпы бастауына негізделген, ол жаратылысынан диспозитивті және бар қатынастарды да, болашақта болуы мүмкін қатынастарды да реттеуді көздейді.
Заңдық факт деп саналатын шарттың мазмұнын оны жасасқан кезде тараптар құрастырған ережелер жиынтығы құрайды. Шарт ережелерін, егер тиісті ереженің мазмұны заңнамамен міндеттелген болмаса, тараптар өз қалауларымен анықтайды. Шарт ережелерін анықтаудың жалпы принципі шарт еркіндігінен туындайды. Тараптар шарттың заңнамада тікелей тыйым салынғанынан басқа кез келген ережені анықтауға құқылы.
АК-ның 382-бабының 1-тармағында императивтік және диспозитивтік нормалар арасындағы айырмашылық көрсетілген. Тиісті ереженің мазмұны заңда тікелей міндеттелген болса (императивтік норма), тараптар оны өзгертуге құқылы емес. Олар ол нормаларды шартта қарастыруы да, қарастырмауы да мүмкін, бірақ оған қарамастан олар оны заңда көрсетілген қалпында орындауға міндетті (383-бап). Мысалы, 282-бапта ақша міндеттемесі Қазақстан аумағында теңгемен көрсетілуге тиіс делінген. Немесе, 304-бапта ортақ меншік болып табылатын мүлік кепілге тек барлық меншік иелерінің келісімімен ғана берілуі мүмкін деп көрсетілген. Сондықтан да, шарттың тараптары (заңда көзделмегеннен басқа реттерде) есеп-қисапты доллармен жасау туралы немесе мүлікті кепілге басқа меншік иелерінің келісімінсіз беру туралы ережені шартта көрсете алмайды.
Егер шарт ережелерінде диспозитивтік норма көзделген болса тараптар оны қолданбауға немесе одан өзгеше ереже белгілеуге құқылы. Мысалы, АК-ның 285-бабына сәйкес екі немесе бірнеше әрекеттің бірін жасауға міндетті борышкерге, егер заңнамадан немесе міндеттеменің шарттарынан өзгеше туындамаса, тандау құқығы беріледі. Сондықтан тараптар балама міндеттемені орындаудың өзге тәртібін қарастыра алады. Егер тараптар шартта осы ережеге қатысты ешнәрсе қарастырмаған болса, онда заңмен белгіленген норма қолданылады.
Азаматтық заңнамада императивтік нормалар көп емес. Олардың басым көпшілігі диспозитивтік нормалар. Ол шарт еркіндігіне сүйене отырып тараптардың оның барлық ережелерін өздері анықтай алатындығымен байланысты. Тараптар шартта кез келген жағдайды қарастыруға құқылы, егер олар оны істемесе (білместіктен немесе көңіл аудармай), оңда диспозитивтік нормалар қолданылады. Қандай да бір ережені тараптардың өздері де, диспозитивтік нормалар да қарастырмаған жағдайлар кездесуі мүмкін. Ондай, іскерлік айналым дағдысы бар болып, оны дәлелдеу мүмкін болса, сол жағдайда дағды басшылыққа алынады. Дегенмен, мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі және әрқашанда дау туғызады. Бұған байланысты дауларды сот шешеді.
Шарттың қандай ережелері бар?
Шарт дегеніміз екі немесе бірнеше адамның келісілмі, екі немесе бірнеше адамның келісіп ерік білдіруі. Қандай да шарттың екі түрлі ережелері болады: елеулі және кездейсоқ.
Әр шартта көптеген ережелер болуы мүмкін, олардың ішінен, егер келісілмесе шарт жасалды деп саналмайтындарын бөліп алу қажет. Бұл - шарттың елеулі ережесі. АК-ның 393-бабына сәйкес, тараптар арасында шарттың барлық елеулі ережелері бойынша тиісті жағдайларда талап етілетін формада келісімге қол жеткен кезде шарт жасалынды деп есептелінеді.
393-бап елеулі ережелердің тізбесін бермейді, тек жалпы тәртіпте олардың нышандарын атап өтеді.
Шарттардың елеулі ережелері қандай?
Ережелердің елеулі болып табылатын төрт тобын бөліп алуға болады, олар:
1) шарт нысаны туралы ережелер; шарт нысаны анықталмайынша бірде бір шарт жасалған болып саналмайды;
заңнамада елеулі деп танылған ережелер; мысалы, брокер-диллермен оның клиенті арасында жасалған брокерлік шартта мыналар болуға тиіс: а) шарт нысаны: номиналдық ұстаушы ретіндегі клиенттің тапсырмасы бойынша брокер-диллердің өз қызметін жүзеге асыруы; б)тараптардың, оның ішінде брокер-диллердің, клиенттің есепшоты туралы коммерциялық құпияны сақтау міндетемесін қоса алғандағы, қүқықтары мен міндеттері; в)брокер-диллердің қызметін төлеудің мөлшері мен тәртібі; г)брокер-диллердің клиент алдында есеп беруінің формасы мен кезеңділігі; д)тараптардың шарт ережелерін бұзғандық үшін жауаптылығы; е) бағалы қағаздар бойынша табыс алудың, және оны клиенттің есешпотына аударудың, сондай-ақ ақша қаражатын клиенттің бұйрығы бойынша төлеудің шарттары мен тәртібі;
3) шарттардың осы түрі үшін қажетті ережелер, мысалы, мүлікті жалдау шартындағы жалдау ақысының мөлшері;
4) тараптардың біреуінiң арызы бойынша оған қатысты келісім болуға тиіс ереже. Мысалы, жүк алушы шартта жүкті темір жолмен емес су көлігімен жеткізу туралы ереже болуын талап етеді.
Ондай елеулі ережелер болмағандықтан немесе ондағы ережелер бойынша келісімге келмегендіктен шарттың заңсыз деп танылуы мәмілені заңсыз деп танығандағыдай салдарларға әкеледі (АК-ның 157-бабы).
Елеуліден басқа шарттың дағдылы және кездейсоқ ережелерін бөліп алуға болады. Олардың ерекшелігі сонда, бұл ережелердің болған-болмағандығы шарттың заңдық күшіне әсер етпейді. Дағдылы ережелер Заңнамада шарттардың осы түрі үшін дағдылы деп көзделгендіктен қолданылады, және олар шартта бар-жоғына қарамастан қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |