Ұстазға құрмет - шәкіртке міндет.
Ұстазымды мәңгі өлмейтін үлгі дер ем,
Өйткені орны бөлек өзгелерден.
Ұстазым еш жалықпай білім беріп
Көңілге нұр, өмірлік азық берген.
Шәкіртіңе бір өзің үміт арттың,
Үйреттің өнер менен ұлттың салтын.
Мерейің әрқашан да үстем болсын.
Орның бар жүрегімде сақталатын.
Мен өзім шәкірт емес балаңдаймын.
Көре алмасам Сізді іздеп алаңдаймын.
Жаһанды жаяу жүріп араласам,
Сіздей жанды ешқашан таба алмаймын(авторы белгісіз), — деп Савельева Светлана Владимирқызы жүрегімді жарып шыққан жыр жолдарымды арнаймын.
Әр адам есі кіре бастағаннан дүниені танып-білуге, үйренуге талпынады. Бір қызығы, бұл дүниеден хабарсыз жаңа туған сәбиден есейе келе, әлемді аузына қаратқан дана да, ойшыл да шығады. Осынау ақыл толыстырып, білімін шыңдау сапарында ол бір адамға ерекше қарыздар екенін сезінеді. Ол - ұстаз.
Ислам дінінде ілім үйретуші ұстаздың орны жоғары бағаланған. Ілім үйрету - ең сауапты әрі қадірлі іс болып есептелген. Қасиетті Құранда: «Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят), - делініп, көзі ашық, білімді адамның тұғыры қашанда биік тұратындығы айтылса, хадистерде де ілім үйретушіні әрдайым сыйлап, құрметтеу керектігі ескертілген.
Анығында «ұстаз» деген кім? Ұстаз - шәкіртін өмірге баулушы, оған өмірлік азық боларлық пайдалы білім мен жанына ізгіліктің нәрін егуші, жақсы мен жаманды, обал мен сауапты үйретіп, адамгершілік қасиеттерді сіңіруші, өзінің тәжірибесімен бөлісетін жанашыры әрі ақылшысы. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы.
«Адамның адамшылығы жақсы ұстаз-дан» (Абай) демекші, тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым сондай бір ізетпен еске алған. Айталық, Ескендір Зұлқарнайын - Аристотельді, Абылай хан - Төле биді, Шәкәрім - Абайды, Жамбыл - Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, олар өздерінің өмірде бағындырған зор асуларына ұстаздарының сіңірген еңбегі көп екенін жақсы түсінген.
Ұстаздық ғылымы қаншалықты терең болса, оның мазмұны да, көтерер жүгі де соншалықты терең әрі ауқымды. Осындай қиын да күрделі салада қызмет атқару, зейінді шәкірттер даярлай жүріп, сүбелі еңбектер жазу – елдің даму болашағына қосылған зор үлес. Бұл орайда мен бүгінде ардақты жан, білікті физик-математик, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Бадам ауылы Сакен Сейфуллин aтындaғы коммуналдық жалпы орта мектебі физика және математика пәні оқытушысы, менің сынып жетекшім мерейлі алпыстың асқарына жетіп отырған Савельева Светлана Владимирқызы жайында ой қозғауды жөн көрдім. Себебі жақсының жақсылығын айту қашанда парыз.
***
Светлана Владимирқызы бала күнінен болмыс-бітіміне ұстаздық қасиет қонған, қолынан кітабы түспеген жан. Өз бойындағы бар асыл қасиеті мен қажыр-қайратын, білімі мен білігін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған алпыс жылдық ғұмыр жолы өзінше бір тарихи шежіре десе де болғандай. Қадірлі ұстаздың өмірбаянына зер салсақ, бүгінгі дәрежеге дейін көптеген өмірлік баспалдақтардан өткенін байқаймыз. 1962жылы 4 қазанда тарихы терең Тараз(Жамбыл) қаласында көпбалалы қарапайым жұмысшылардың отбасында дүниеге келген. Светлана-көпбалалы отбасының тұңғышы, өзінен кейін 4 іні-сіңлісі бар. Үйдің үлкені болғандықтан төртінші сыныпқа дейн әжесінің тәрбиесінде болған. Светлана Владимировқызының айтуынша ол әже тәрбиесі арқылы жақсы-жаманды ажыратып,үлкен кішіні тани бастаған. Мінез-құлық, өмірлік ұстанымы қалыптасып, ол үй шаруасына бейім, елгезек тілалғыш,мейірімді,өзінен кейінгі бауырларына жауапты екенін сезініп өсті. Әже тәрбиесі көбіне «олай істеме былай істе», «бүйтсең жаман, өйтсең жақсы» деген вербалды сипатта,ақылгөйлік мазмұнда болып, әженің мейрімі мен жүрек жылуына бөленіп өсті. Бала шақтағы күндердің ерекше естеліктерін есіне алып, балғын шақтың бал шақтарын айтып тауыса алмады. Өте қызықты күндердің зымырап өтіп кеткенін айтып біраз қынжылып та қалды. Светлана Владимирқызы мектептің құдіретіне, мұғалімнің мәртебесіне мойынұсынып, білім алудың талабы – үздіксіз іздену, талмай еңбек ету екенін жақсы білген, жастайынан ұстаз болуды мұрат еткен бүлдіршін қыз балалық шақтың жалынды кезеңдерін бірге кешкен жан құрбысы Луиза Геккельді былай еске алады:
Менің ойымша, достың орны бөлек, қасыңда қиналғанда сырыңды айтып, ал қуанғанда қуанышыңды бірге бөлісетін жақын досыңның болғанына не жетсін, шіркін! Менің ең жақын құрбым болған. Оның есімі – Луиза. Луиза ұстаздарды түсінбейтін тұстары көп болатын, мен оның жанын түсінуге,оны естуге тырысатынмын. Ол менің әпкемдей болып кеткен жан. Мен оған түсінбеген сабақтарды түсіндіретін едім.
Светлана Владимирқызы Жамбыл қаласындағы В. Ленин атындағы № 1 орта мектепті үздік медальмен бітірді.
Мектепті бітіргеннен кейін ол Жамбыл педагогикалық университетіне түсіп оны қызыл дипломмен бітірді. Маман болып қалыптасу кезеңіндегі, мені шабыттандырып, педагогикалық біліммен қаруландырып, ұстаздықтың ұлы үлгісін көрсеткен ұстаздарымның алдында басымды иіп алғысымды білдіремін дейді Светлана Владимирқызы.
Светлана Владимирқызы 1985 жылы отбасылық жағдайға байланысты Бадам стансасына қоныс аударады. Светлана Владимирқызы өзінің еңбек жолын Бадам стансасында №5 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болудан бастады. 1986 жыл директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1987 жылы отбасылық жағдайына байланысты С.Сейфуллин жалпы орта мектебіне,физика және математика пән мұғалімі қызметіне ауысуына тұра келді, күні бүгінге дейін осында тынымсыз еңбек етіп келеді.
Мен С.Сейфуллин жалпы орта мектебіне 1992 жылы, №5 орта мектебінен орыс сыныбына ауысып келдім. Біз білетін Светлана Владимирқызы ойы терең, интеллектуалдық потенциалы мол, адал, талапшыл, шығармашыл, ұйымдастырушылық қабелеті және педагогикалық шеберлігі жоғары деңгейдегі ұстаз. Бұл ретте Светлана Владимирқызы білім сапасына келгенде қоятын талабы биік. Сабаққа дайындығы осал болған оқушы әділетті бағадан айналып өте алмайды. Өйткені талап барлығына бірдей. «Бармақ бастылық, көз қыстылыққа» жол бермейтін принципшіл ұстаз қашанда турашылдық жолын ұстанады. Өз пәні бойынша сабақтардың өз деңгейінде берумен қатар, өз бойындағы бар білімді оқушы жүрегіне ұялата алар шеберлігінің арқасында, оқу-тәрбие жұмысын жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін байқай алатын кәсіпқойлығымен ерекшеленеді. Тапсырылған жұмысты мүлтіксіз орындап, әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Ауыз толтырып айтарлық мақсаттарын сөзбен емес, іспен көрсете білгендіктен әріптестерінің зор құрметіне, оқушылар мен ата-аналардың алдында үлкен беделге ие. Сабырлы, парасатты, мінезге бай, сұраған адамға көмегі дайын адам ретінде көпке үлгі. Кейіпкеріміз – сүйікті жар, ардақты ана екенін айта кеткеніміз жөн. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол кісінің біз секілді шәкірттерінің қатары күннен-күнге өсіп келе жатқаны осы айтқанымыздың тағы бір дәлелі іспеттес. Өз кәсіби деңгейін ұдайы арттырып отыратын ұстанымы ерекше. Елеулі жетістіктерін айтар болсақ, оның өзі бір төбе. Облыс, аудан,республика көлемінде Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен бірнеше мәрте марапатталды.
Халық даналығында: «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» демей ме? Света апайдың тәлімін алған оқушылар мектептің бәсекеге қабілетті білім ордасына айналуына өз үлестерін қосады деп білемін. Демек, мектептің құлаш сермеп биіктерден көрінуі, қоғам дамуының себепшісі болары сөзсіз.
Светлана Владимировнаның орны ерекше екені рас.
Ол – ешкімге ұқсамайтын мейірімді жан, ерекше үлгі тұтарлық тұлға. Бәрімізді өз баласындай көріп, асқақ армандарға жетелеген, білмегенімізді үйретіп жүретін осы ардақты жанның орны мен үшін қашан да ерекше.
Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алғаныма қуанамын. Өмір майданында мойымай күресуді үйреткен, бағытымнан таймай жүруді үйреткен ұстазым-Светлана Владимировна. Ұстазым, Сізге мың алғыс!
Достарыңызбен бөлісу: |