Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
«Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Шығыс Қазақстан облысының
Семей аймағында 2013 жылы
аталып өтілетін және еске алынатын
күндер тізбегі
Семей – 2012 ж.
Алғы сөз:
Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана 1999 жылдан бері «Семей аймағында аталып өтілетін және еске алынатын күндер тізбегін» электрондық нұсқада қазақ және орыс тілдерінде дайындап шығарып келеді. Әдебиеттерді насихаттауда және еліміздегі көрнекті оқиғаларды хабарлауда көрсеткіштің алатын орны ерекше. Мұнда туған өлкеміздің тарихы, экономика және мәдениет саласындағы маңызды оқиғалар туралы, мерейтойлары аталатын белгілі жерлес тұлғаларымыздың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпараттар мен әдебиеттер тізімі берілген.
Аталып отырған күндер тізбесі айы бойынша реттеліп, қысқаша анықтамалар мен әдебиеттері берілген даталар жұлдызшамен белгіленген. «Айы мен күні белгісіз даталар» туралы анықтамалар мен әдебиеттері беріліп хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Кеңестер Одағының батырларының тізімі хронология тәртібімен анықтамасыз берілген.
Күнтізбе аталып өтілетін есімдердің әріптік көрсеткішімен жабдықталған. Құралды құрастыру жұмысы 2012 жылдың маусым айында аяқталды.
Күнтізбені құрастырушылар: З.Т.Мағауина – Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының ақпараттық-библиография бөлімінің меңгерушісі, С.К.Титова - ақпараттық-библиография бөлімінің библиографы, Т.О.Түсінбаева – Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының (ҚЗТҚО) бөлім меңгерушісі.
Күнтізбе мұғалімдерге, кітапханашыларға, өлкетанушыларға, өз өлкесін танып білгісі келетін оқырмандарға көмекші құрал ретінде арналған.
Күнтізбе туралы ой-пікірлер туындаса, төмендегі мекен-жайға хабарласуға болады:
071400
Абай көшесі, 86
Абай атындағы әмбебап кітапхана,
Ақпараттық-библиографиялық бөлім
Телефон: 56-10-76
E-mail: semeybib@yandex.ru
071400
Абай көшесі, 84
Тел.: 52-06-07
52-22-63
е-mail: zdnivko-Semey@rambler.ru
Семей аймағы бойынша 2013 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер:
8 қаңтар* Жолан Дәстенов, сазгер, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, туғанына 70 жыл (1943-1991)
10 қаңтар* Болат Сыбанов, әнші, сазгер, туғанына 75 жыл (1938-1998)
28 қаңтар* Мұрат Сұлтанбеков, жазушы, туғанына 75 жыл (1938)
28 ақпан* Балтабек Ерсәлімов, филолог, этнограф, туғанына 75 жыл (1938)
15 наурыз* Невзоровтар отбасы мұражайының ашылғанына 25 жыл (1988)
28-29 сәуір* Семей былғары-мех зауытының іске қосылғанына 85 жыл
(1928 ж)
1 мамыр* Бауыржан Жақып, ақын, туғанына 50 жыл (1963)
25 мамыр* Келденбай Өлмесеков, әнші, Мәдениет қайраткері, туғанына
60 жыл (1953-2011)
8 маусым* «Алтайалтын» комбинатының ірге тасы қаланғанына
80 жыл (1933)
25 маусым* Кешірім Бозтаев, қоғам және мемлекет қайраткері, Семей облысының
бұрынғы бірінші хатшысы, туғанына 80 жыл (1933-1999)
20 шілде* Тыныштықбек Әбдікәкімов, ақын, туғанына 60 жыл (1953)
20 шілде* Мұратбек Жанболатұлы, суретші, туғанына 65 жыл (1948-2006)
24 шілде* Шәкәрім Құдайбердіұлы, ақын, туғанына 155 жыл
(1858-1931)
5 тамыз* Семей қаласының негізі қаланғанына 295 жыл (1718)
5 тамыз* Төлеубай Ыдырысұлы Аманов, ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, туғанына 90 жыл (1923-1978)
5 қыркүйек* Семей мемлекеттік медицина университетінің ашылғанына
60 жыл (1953)
11 қыркүйек* Тарихи-өлкетану мұражайының құрылғанына 130 жыл (1883)
8 қыркүйек* Аймұхамбет Бейсембеков, әнші, туғанына 65 жыл (1948)
3 қазан* Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап
кітапханасының ашылғанына 130 жыл (1883)
16 қазан* Ерғазы Рахимов, ақын, туғанына 75 жыл (1938-1994)
20 қазан Сіләмбек Қыдыралин, Халық әртісі, сахнагер, туғанына 105 жыл (1908-1983)
5 қараша Семей цемент зауытының іске қосылғанына 55 жыл (1958)
7 қараша* Ырысхан Мұсаұлы, жазушы, туғанына 80 жыл (1933)
25 қараша «Силикат» АҚ-ның іске қосылғанына 55 жыл (1958)
5 желтоқсан* Жекен Жұмақанов, жазушы, туғанына 100 жыл (1913-1978)
29 желтоқсан Бикен Мұхамеджанова, Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген артисі, сахна тарланы, туғанына 75 жыл (1938-1999)
Айы, күні белгісіз, аталып өтілетін күндер:
Байкөкше Балғынбайұлы, суырып салма ақын, туғанына 200 жыл (1813-1892)
Отыншы Әлжанов, Алаш азаматы, туғанына 140 жыл (1873-1918)
*Уәйіс Шондыбайұлы, ақын, сазгер, туғанына 140 жыл (1873-1923)
В.Белослюдов, өлкетанушы, этнограф, туғанына 130 жыл (1883-1916)
*Әміре Қашаубаев, әнші, туғанына 125 жыл (1888-1934)
*Сапарғали Әлімбетов, халық ақыны, туғанына 125 жыл (1888-1956)
*И.Биназаров, ақын, туғанына 115 жыл (1898-1964)
Орынбек Беков, жазушы, драматург, қоғам қайраткері, туғанына 115 жыл (1898-1937)
Әбусағит Мұсылманқұлұлы Жиреншин, жазушы, туғанына 100 жыл (1913-1975)
***
*Семей облыстық статистикалық комитеттің құрылғанына 135 жыл (1878)
*М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің құрылғанына 110 жыл (1903)
Абыралы ауданының құрылғанына 85 жыл (1928)
Жарма ауданының құрылғанына 85 жыл (1928)
*Семей қаласында билогиялық орталықтың құрылғанына 75 жыл (1938)
*Семей метрологиясына 90 жыл (1923)
Кеңестер Одағының батырлары:
Буторин В.В. -205 жыл (1808)
Елистратов С.А. –95 жыл (1923-1947)
Железняков П.Ф. – 95 жыл (1918-1951)
Середин Ф.Я. – 95 жыл (1918-1943)
Гулькин И.Т.-90 жыл (1923-1945)
Карелин П.Г. –90 жыл (1923-1944)
Косенков И.В. –90 жыл (1923)
Зарудин Ю.Ф. – 90 жыл (1923)
Камололиков Д.Т. –90 жыл (1923)
8 қаңтар Жолан Дәстенов, сазгер, туғанына 70 жыл (1943-1991)
Сазгер Жолан Дәстенов 1943 жылы Бесқарағай ауданы, Өндіріс селосында туған.
Қарапайым жұмысшы отбасында туған талантты жас орта мектепті бітірген соң, Семей саз колледжіне оқуға түсіп, өмірдегі орнын табады. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түсіп, профессор Қ.Қожамияровтың композиция класын бітіреді. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бір жылдай қызмет етіп, Композиторлар Одағына мүшелікке қабылданады. Біраз жылдар қазақ теледидары мен радиосында қызмет етеді.
Жерлесіміздің еңбек еткен жері - өзінің Семейі. Сол кезде Композиторлар Одағының Ертіс бөлімшесі құрылып, оның төралығына Ж.Дәстенов тағайындалады. Кейіннен Алматыға оралып, Композиторлар Одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарады.
Дәстенов қазақ музыкасы мен өнерін насихаттауда аянбай еңбек етті. Оның оркестр мен виолончельге арналған концерті, бірнеше симфониялық поэмалары, хорлары, романстары бар. 1976 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы лауреаты атағын алды.
Шығармашылық өнерде Жолан Дәстенов фольклорға да ден қойды. Сазгердің ең соңғы жазған шығармасы Абайдың аттас поэмасы бойынша жазылған «Ескендір» симфониялық поэмасы.
Әдебиеттер:
Дәстенов Ж. Автодромда: (Бірнеше пьсалары бар) /Құраст. А.Байсақалова.-Алматы, 1986.-Б. 23-26
Дәстенов Ж. Кішкентай машинист: Форт.арналған миниатюралар.
/Құраст.Ә.Бабыкова.-Алматы: 1982.-Б.21-23.
Дәстенов Ж.Семейім: (Өлеңі Қ.Ыдырысовтікі) // Семей таңы.-1977.-5 қараша.
Ж.Дәстенов Қазанама // Егемен Қазақстан.-1991.- 12 қазан
Жанияров О. Ғұмыры қысқа болғанмен // Семей таңы.-1993.-16 қаңтар.
Тұрсынбаев Ж. Сырлы саз сапарында // Қазақ әдебиеті.-1978.-27 қазан.
10 қаңтар Болат Сыбанов, әнші, сазгер, туғанына 75 жыл
(1938-1998)
Әнші, сазгер Болат Сыбанов Жаңасемей ауданы, Изатолла ауылында туған. 1957 жылы Семей облыстық музыкалық драма театрына қызметке алынып, көптеген ірілі-ұсақты рольдерді сомдады.
Б.Сыбановтың сазгер ретінде халыққа кең тараған «Таң самалым», «Жан ана», «Әке туралы», «Отан туралы», «Жауынгер сағынышы» атты әндері халықтың сүйіп орындайтын әндері. Кейіннен тіл туралы, достық, туыстық, ел бірлігі туралы әндер шығарған. Болаттың 30-ға жуық әндері шабытты көңілден туған шынайы әндер еді. Оның орындауындағы Б.Тәжібаевтың "Ақбұлағы" күнде радиодан орындалып жататын. Республика ән әуесқойларының назарына ілігіп, астанадағы үлкен коцерттерге қатыса бастады. Оның дауысын байқаған атақты әнші Ғ.Қүрманғалиев: "Өзіңнің дауысың ешкімге ұқсамайды екен. Әншіге таптырмайтын ең басты қасиет"- деп бағалаған болатын. Болат әр концерттен олжалы оралып, ән тарландарынан тиісті бағасын алып жатты.
Болат Сыбановтың орындауындағы қазақ қауымына кең тарап кеткен «Жұлдызым» әншінің ән табиғатындағы көңіл кернеуін, үн деңгейін, тербеліс ырғағын сәтті сезінгендігін және өзіне лайық әнді талғай алар қабілетті белгісін білдірсе керек. Сонымен қатар «Таң самалы» да сазгердің елеулі табысы.
Музыка мәдениетін танытуда сіңірген зор еңбегі үшін 1987 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі" атағы берілді.Сазгердің әндері Моңғолия, Түркия қазақтарына да таныс. Б.Сыбанов Орта Азия кәсіби әншілері конкурсының лауреаты. Әншінің «Өмірім-өнерім» атты кітабы шықты. Семей өңірінде ғана емес, Қазақстанға танымал белгілі әнші, сазгер Болат Сыбановтың әндерін шет жерде жүрген қандастарымыз да сүйсіне шырқайды.
1990 жылдан бері Семей қаласындағы жалғызбасты зейнеткерлер мен ардагерлерге қызмет көрсететін аумақтық өлеуметтік орталығының рухани демеушісі. 2004 жылы «Хабар» агенттігінің шақыруымен «Алматы - менің бірінші махаббатым» атты VI ретро-фестиваліне қатысып, дипломант атанды.
Әдебиеттер:
Болат Сыбанов // Егемен Қазақстан.-1998.-8 мамыр.
Абай мұражайында Б.Сыбановты еске алу кеші өтті // Үш анық.-1998.-маусым.
Айжарық. Болат Сыбановқа: өлең // Семей таңы. - 2003. - 16 мамыр. - С. 16
Әлімбаев Қ. Өмірін өнерге арнаған: (әншінің 65 жылдық мерейтойына арналған) // Семей таңы.-2003.-10 қаңтар.-12 б.
Ибрагимов Т. Домбыралы ән // Толқын толғау.-Алматы: Өнер.-311-315 б.
Иманбаева А. Сағынды елің үніңді // Мәдениет. - 2011. - №4. - С. 32-33
Кәкімұлы Қ. Аққұдықтан "Ақбұлаққа" дейін...: Болат Сыбанов - 75 // Семей таңы . - 2012. - 17 сәуір. - 5 б7
Рахымов Т. Сөнбейтін шамшырақ: (Әнші-сазгерді еске алу) // Үш анық.-1999.-№8 (мамыр)
Сейсенов Д. "Әнім -бақытым" // Семей таңы. - 1975. -13 август.
Сейсенұлы Д. Әнші-сазгерді еске алды // Егемен Қазақстан.-1999.-25 мамыр
28 қаңтар Мұрат Сұлтанбеков, ақын, аудармашы, туғанына 75 жыл (1938)
Мұрат Сұлтанбеков 1938 жылы 28 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келді. Болашақ қаламгердің балалық шағы қиындықпен өтті. Әкесінен жастай жетім қалған болашақ әдебиетші ерте ойланып, өздігінен шешім қабылдауға тез бейімделді. Мектепті жақсы бітірген Мұрат Рақымжанұлы Тәжікстанның Ленинабад қаласындағы ұшқыштар мектебіне оқуға түседі. Туған жерден жырақта жүрген бозбаланың алыстағы анасына деген сағынышы өлең болып өріліп, қағаз бетіне түсті. Оған қоса өзі дүниеге келген Семейіне, ерке Ертіске, балалық шақты бірге өткізген достарына деген сағынышы күннен-күнге ұлғайып жыр жолдарына айнала берді. Оның ұшқыш болсам деген арманы поэзияға ұласып, жыр әлемі оны ерекше сыйқырлы күшке баурап ала жөнелді.
Сөйтіп, еліне қайтқан Мұрат Сұлтанбеков әдебиетке деген құштарлықпен Семей педагогикалық институтының филология факультетіне түсті. Кітап дегенде ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, ғылым жолына біржола беріледі. Өзіндік әдеби қабілеті, ғылыми көзқарастары қалыптасты.
Болашақ ғалым, журналист, аудармашы М.Сұлтанбековтің биіктерден көрінуіне көптеген тәжірибелі ұстаздардың ықпалы болды. Әсіресе, Абайдың ақындық мектебін зерттеуші, М.Әуезовтің шәкірті, абайтанушы және шәкәрімтанушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхамедханұлы студент М.Рақымжанұлына курстық жұмыс негізінде Ақылбай Құнанбаевтың «Дағыстан» поэмасын орыс тіліне аударуды тапсырады. Абайдың «Қарасөздерін», «Дағыстан» поэмасын шеберлікпен аударған шығармаларын орыс ақыны Я.Смоляков «жоғары деңгейдегі аударма» деп әділ бағасын берді.
1971 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің үлкен залында «Абайдың поэмалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан жас ғалым өзі оқыған пединститутта аға мұғалім, доцент, Талдықорғанның педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет етеді.
Қос тілдің шебері қаламгер Мұрат Рахымжанұлының ұшқыр қаламынан әр жылдары бес кітабы шықты. Абайдың он бір өлеңін, Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» шығармаларын тәржімалап, сондай-ақ Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесалары, Есмағамбет Исмайлов, Кәмен Оразалин шығармалары, Сәду Машақов, Аманжол Шамкенов, Тәңірберген Әміренов, Қашаф Туғанбаев, Ақылбек Манабаев сынды ақындардың өлеңдері, 2005 жылы Ырысхан Мұсаұлының «Саға» романы, 2006 жылы Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықұлының «Мәңгілік махаббат жыры» дастаны, 2007 жылы Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» шығармалары М.Сұлтанбековтың аударуында орыс тілінде сөйлейді.
2007 жылы М.Рақымжанұлының «Поэтическое вдохновение:Абай, Шакарим и Мухтар» атты кітабы шықты. Онда автордың мақалалары, эссе, өлеңдері және поэмалары жинақталған.
М.Сұлтанбеков аудармашылықпен қоса, драматургия саласында жемісті еңбек етті. Көп актілі «Аттила» атты тарихи пьеса жазды және Қайнар университеті мен Патеон Ассос университетінің Седимес институты ұйымдастырған Алматыда өткен Аттиланың 1600 мерейтойына арналған ғылыми конференцияда Аттила жөнінде баяндама жасап, аталған пьесасы үшін Аттила атындағы медальмен марапатталды.
Абай атындағы сазды драма-театры жазушының «Жұлдызды аспан» пьесасын екі тілде сахналады. Журналистика саласында да ұзақ жылдар бойы еңбегі еленіп Құрмет Грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасына ғана емес, кешегі Кеңес Одағының көптеген республикаларына шығармаларымен жақсы таныс ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, бүгінде республикалық «Абай» журналының аға ғылыми қызметкері, алдынан талай шәкірт түлетіп ұшырған ұстаз Мұрат Рахымжанұлының қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар тұлға.
Әдебиеттер:
Сұлтанбеков М. Чайка Прииртышья: Өлеңдер, поэмалар және аудармалары.-Семей, 2011.-446 б.
"СТ"-ақпарат. "Ләйлі-Мәжнүн" орыс тілінде жарыққа шықты: (Жазушы, ақын М.Сұлтанбековтың "Чайки Прииртышья" атты кітабы жарыққа шықты) // Семей таңы . - 2011. - 12 тамыз. - С. 2
28 ақпан Балтабек Ерсәлімов, өлкетанушы, журналист, қаламгер, туғанына 70 жыл (1938)
Балтабек Ерсәлімов өлкетанушы, журналист, қаламгер, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері, Семей қаласының және Абай ауданының құрметті азаматы, «Абай» қорының президенті Балтабек Бәзілұлы Ерсалимов 1938 жылы 28 ақпанда қарапайым отбасында дүниеге келген. Нағашы атасы Ахметбек Ысқақұлы оқыған, көзі ашық сауатты адам болған. Сол кездегі аты шыққан зиялы қауыммен тығыз байланыста болғанын дәлелдейтін тарихи құжаттар, естеліктер кездеседі.
Ысқақтың баласы Ахметбек туралы деректер аз болғандықтан, «Сен осы Абай атамызға қалай жиенсің?» деген сауалды жиі қояды. Балтабек ағамыздың оған жауабы да дайын: «Ысқақтан Ахметбек, Ахметбектен Қапиза туады. Қапизаның соңында қалған жалғыз тұяқ мен Балтабекпін. Сонда мен Абай мен Ысқаққа жиеншар. Ысқақтың баласы Ахметбекке туған жиен боламын», - дейді екен. Балтабек Бәзілұлының анасы Қапиза Ахметбекқызы ұлы Абайдың інісі Ысқақ Құнанбайұлының баласы. Анасы кішкене кезінде аталары Абай мен Ысқақты көзімен көріп, сол кездегі Абай, Ысқақ ауылындағы адамдардың өмірі мен есімін жадына тоқыған аса шежірешіл адам болған. Анасы көп құрсақ көтерсе де артында қалған жалғыз тұяқ Балтабек аға ғана болды. Балалық шақпен ерте қоштасқан Балтабек анасымен бірге отбасы тауқыметін бірге көтерісті. Өмірдің қиындығын татып өскен бозбала өмірдің күрес, оны еңбекпен жеңу керек екенін білді. Әкесінің жоқтығын білдіргісі келмеді. Сөйтіп, облыстық «Прииртышская правда» газетіне курьер (қағаз тасушы) болып түнгі жұмысқа орналасты. Күндіз оқып, түнде жұмыс істеді.
Алматының КазГУ-нің журналистика факультетін сырттай бітіріп, редакцияға журналист болып оралды. Сол бір өткен балалық шағын ойласа, өзін тек анасы ғана емес, сонымен бірге бүкіл мектеп ұжымы, баспахана мен редакция коллективі тәрбиелеген екен. Сондықтан да Балтабек аға бар болмысымен жұмысшы табы қауымына жақын.
Семейдегі Абай қорын алғаш ұйымдастырушылардың бірі. 1992 жылы Республикалық «Абай» журналының қайта шыға бастағанына 10 жыл толу мерейтойына байланысты, «Абайдың, Шәкәрімнің және Мұхтар Әуезовтің рухани мұрасын насихаттауға сіңірген ерекше еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін», «Абай» қорының президенті Балтабек Ерсәлімұлына 2002 жылы «Семей қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әдебиеттер:
Ерсәлімұлы Б. Ұлыларымызды әспеттейік // Қазақ әдебиеті.-2006.-20 қазан.-10-11 б.
Ерсәлімов Б. Қажы тұрғызған қасиетті шаңырақ // Семей таңы.- 2001.- 26 қазан.- Б.2
Ерсәлімұлы Б. Көргенім, көңілдегі : Естелік.- Алматы, Дәуір.- 1997.- 208 б.
Елеуғожин Б. Талабымен танылған // Семей таңы.- 1991.- 6 желтоқсан.
Омаров А. Семейдің Балташы // Семей таңы.- 2003.- 21 ақпан.- 12 б.
Хасенов Р.Б. Ерсәлимовтың кітабы хақында бірер сөз // Өмір өткелдері.-Семей, 2010.-112 б.
15 наурыз Невзоровтар отбасы мұражайының ашылғанына 25 жыл (1988)
Қазақстандағы көркемсурет құндылықтарын жинаған ірі мәдениет орындарының бірі – Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайы 1985 жылы ең алғаш өзінің жұмысын тарихи-өлкетану музейінде ғылыми-көркем бөлімі ретінде бастаған. 1988 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Советінің шешімімен жеке мұражай ретінде таныла бастады.
Мұражайдың бітім болмысын революцияға дейінгі орыс өнері айқындайды.
Мұражай коллекциясы отбасы Невзоровтар атынан сыйлыққа келген 500-ден астам орыс, шетел туындыларынан жинақталды. Оның ішінде ХУІІІ-ХХ ғасыр аралығында дүниеге келген сурет және кескіндеу өнерінің бір топ тамаша туындылары, С.Щедрин, К.Лебедев, К.Брюллов, И.Шишкин сияқты атақты қылқалам шеберлерінің өшпес туындылары бар.
Невзоровтар отбасының коллекциясы өзіндік тарихын тереңнен, сонау ХІХ ғасырдан бастайды. Өнерді терең бағалай білетін отбасы Юлий Владимирович көп жылдарғы жинақтаған мәліметтерін мұражай қорына тапсырды.
1991 жылы мұражайға Невзоровтар отбасы атауы берілді.
Мұражай коллекциясының қатарын қазақстандық Ә.Қастеев, А.Ғалымбаева, Г.Исмаилов, С.Мәмбеев, Е.Сидоркин, М.Айтбаев, Б.Түлкиев сынды қас шеберлердің туындылары толықтыруда. Мұражай қорында 3600 өнер туындылары, соның ішінде 1000 экспонат Қазақстан бейнелеу өнері жайында баяндайды.
Мұражай қызметкерлері де үлкен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде тұңғыш каталог жинағын баспаға әзірледі.
Мұражайдың шығармашылық туындылары тек облыс көлемінде ғана емес, Астана, Алматы, Павлодарда да көрермендер назарына ұсынылуда. Мұражай жанында лекторий, балалардың көркемсурет студиясы жұмыс істейді, классикалық музыка кештері өтеді.
1995 жылы Қазақстан мәдениетін дамытудағы зор еңбегі бағаланып Ю.В.Невзоров Елбасының Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.
Әдебиеттер:
Ескенқызы А. Өнердің ғажап әлемі: (Невзоровтар мұражайы туралы) // Дидар.-2004.-17 қаңтар.-6 б.
Сейсенұлы Д. Әсемдік әлемнің хан сарайы // Егемен Қазақстан.-2001.-30 мамыр.
Шығыс Қазақстан облыстық Семей қаласындағы Невзоровтар атындағы бейнелеу өнері мұражайы: Жолкөрсеткіш.-Семей: «Тенгри», 2003.-203 б
28-29 сәуір Семей былғары-мех зауытының іске
қосылғанына 85 жыл (1928 ж)
Семей қаласында 1928 жылы тері зауыты пайдалануға берілді. Былғары комбинаты қайта құрылды. 1936 жылы былғары комбинаты қайта құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Совет Армиясының қажетін өтеді. 1950-59 жылдары тері зауыты кеңейтілді. 1964 жылы тері комбинатының құрамына № 1 филиалы деп аталатын мех комбинатымен біріктіріліп, Семей былғары-мех өндірістік бірлестігі деп аталды. 1983 жылы қой терісінен жасалатын өндірісі пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта бұрын жабылып қалған өнеркәсіп орындарының ішінде «Семей-тері» былғары комбинатының өнімдері, атап айтқанда – тон бұйымдарын шығара бастады. Комбинаттың әсем бұйымдары шетелге де шығарыла бастады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі үлгідегі бас киімдер мен әскери қызметкерлердің арнаулы киімдері де шығарыла бастады. Бүгінгі күні мұнда жұмыс істейтіндер саны 783 адамға жетіп отыр. Кәсіпорын өндірістік қуатын күн өткен сайын арттыра түсіп келеді.
Әдебиеттер:
Әлханова Ш. Былғары-мех жұмыс істей бастады // Семей таңы.-1997.-28 маусым.
Мұқатай Ж. Түркияның емес, Семейдің тоны // Дидар.-2001.-29 желтоқсан.
Өз тауар өндірушілерімізді тани білейік // Семей таңы.-2004.-17 қыркүйек.-3 б.
Рахымғалиев Ж. Семей сыйы // Егемен Қазақстан.-2001.-30 мамыр.-7
Смайлов Е. Спилоктың құны – 250 млрд. тенге // Ертіс өңірі.-2006.-16 тамыз.
1 мамыр Бауыржан Жақып, ақын, туғанына 50 жыл (1963)
1963 жылы Шығыс Қазақстан облысының, Абай ауданы, Аққора ауылында дүниеге келген. Бауыржан Жақыпов Абай ауданы Архат мектебін алтын медальға бітіргеннен кейін Алматыдағы КазМУ-дің журналистика мамандығын алған соң, еңбек жолын Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар редакциясында редактор ретінде бастаған.
Бүгінде оның өнер өлкесінде ақын Бауыржан Жақыпов деген лайықты орны бар. Жерлес ақынымыз Бауыржан Жақып өлеңдегі өзіне тән аяқ алыспен өз оқырмандарын тауып үлгерген қаламгер. Жыр өлкесіне жастайынан ат шалдырған Бауыржан ақынның бірнеше жыр жинақтары қалың оқырманына 1980 жылдардың ортасынан бері жол тартып келеді. Қаламы қарымды, жырлары жалынды келетін Бауыржанның таяу арада «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Қолтаңба» деп аталатын жинағында кейінгі жылдарда жадына түйген туған жер, өскен өлкеге деген құштарлық сезімі өлең боп өрнек тапқан. Ата-баба, әке, әжеге деген перзенттік пейілден төгілген шырайлы шумақтар сағыныш сазымен үндесе түскен.
1984 жылы өткен жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар Одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан» және «Ақ лақ» атты жеке өлең кітаптары жарық көрген.
Ақынның «Көзімнің нұры» деген кітабы ауыл тақырыбына арналған. Балалық шақ, ауыл, әже тақырыбына келгенде өлеңдері ерекше құлпырып сала береді. Қанық бояу, шебер тіл образы оқырманды еріксіз елең еткізеді. Ақынның «Әке туралы балладасынан» әкесінің өмір жолы елестейді. Қай тақырыпқа өлең жазбасын өзіне тән өрнегі, табиғи мінезінен ауытқымайтын айрықша қолтаңбасы бар.
2009 жылдың 5 қарашасында Семей қаласында жерлесіміз, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қазақстан Журналистер Академиясының академигі, белгілі ақын Бауыржан Жақыптың «Қолтаңба» атты әдеби-музыкалық шығармашылық кеші өткізілді.
Бауыржан Жақып – қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі. М.Мақатаев атындағы сыйлықтың, Македонияның Скопье, Түркияның «Елазығы», Стамбул, Әзірбайжанның Баку шаһарларында өткен Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивальдарының лауреаты. Шыңғыс Айтматов атындағы академияның академигі (2011), «Қазақ энциклопедиясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры (2009), көрнекті ғалым.
Әдебиеттер:
Жақып Б. Тамыздың жиырма тоғызы // Семей таңы. - 2009. - 3 қыркүйек. - С. 3
Жақып Б. Қолтаңба: Әдебиет кеші / Б. Жақып // Семей таңы. - 2009. - 29 қазан. -10 б.
Жақып Б. Атқаратын шаруа ұшан-теңіз /Сұхбаттасқан О.Жақсанов // Мәдениет.-2011.-№ 8.-8-11 б.
Жақып Б. Қолтаңба.-Абайдың Қасқабұлағы.-Абыралы.-Арқат.-Сеңкібай қажы // Семей таңы.-2009.-29 қазан.-10 б.
Жақып Б. Қарашығымда таң атқан // Парасат. - 2007. - №4. - 11 б.
Зекенұлы Қ. Бауыржанның бесінші жинағы жарық көрді // Семей таңы.-2002.-7 маусым.-4 6.
Бауыржан Жақып // Семей таңы.-2009.-5 ақпан.
25 мамыр Келденбай Өлмесеков, әнші, туғанына 60 жыл (1953-2011)
Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының Құйған селосында 1953 жылы 25 мамырда туған. 1988 жылдан бастап Шәкәрім шығармасына бет бұрған Келденбай лекция-концертті бірге жүргізе білді. Бала күннен әнге әуес әнші Алматыдағы эстрада студиясын 1977 жылы бітірген. Атақты әншілер Жүсіпбек Елебеков пен Бекен Жылысбаевтардан дәріс алған әнші еңбек жолын Өскемен филармониясынан бастап, 1978 жылы Әміре Қашаубаев атындағы Семей филармониясында жалғайды. Мәдениет Ешекеевтей, Болат Сыбановтардай әншілердің көшіне ерген Келденбай репертуарында 300-ге жуық халық композиторларының әндері бар.
1980 жылдардың соңында Төкен Ибрагимовтей арналы ағалардың ақылымен Шәкәрімдей шалқар теңіз тамшысының дәмін татты. Кәусар бұлақтан сіміріп, бойына сіңіре білген Келденбай көп ізденуді де білді. Шәкір Әбенов, Ахат Құдайбердиев, Ниязбек Алдажаров, Қабыш Керімқұловтай ақсақалдардың алдын көрді.
Келденбай ұғымында өнерге қиянат жасамау, жалтармау ерекшелігі қалыптасқан. Өзінің тек өнерді шын пейілімен сүйгендігімен, жеке басын күйттемей бір ұстаныммен ғана жүрген Келденбай Қазақстанның төртбұрышын жаяу аралады.
2003 жылы республикалық Абай мұражайында әншінің "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" деген шығармашылық кеші өтті. Әншінің Қазақстанды шарлай жүріп берген лекция-концертінің саны 15 жылдың ішінде әлдеқайда көп екені белгілі. Келденбай Раузаұлы тек әнші ғана емес, шәкәрімтанушы. Шәкәрімнің 20-дай әнін әнші талмай жүріп ізденіп, репертуарына енгізді. Ол өзінің әнге де бай, әңгімеге де жетік екенін көпшілік алдында тағы да бір дәлелдеп берді. Өнерден өз жолын тапқан Ә.Қашаубаев атындағы филармония әншісі Келденбай Өлмесековтың 2001 жылы "Мәдениет қайраткері" белгісімен марапатталуы әншінің талай істі тындыра алғандығының белгісі.
Құрмет грамотасының иегері, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың лауреаты әнші Келденбай Өлмесековтің орындауында «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…» дискісі 2007 жылы жарыққа шықты.
Әдебиеттер:
Өлмесеков К. «Кейде мен де «Халық әндері өліп кете ме» деп қорқамын...» / Р.Рақымқызы // Ертіс өңірі.-2010.-28 шілде.-13 б.
Ибрагимов Т. Толқын толғау. - Алматы: Өнер, 2000. - 343-347 6.
Иманбаева А. Шәкәрім мұрагері // Ертіс өңірі.-2011.-12 қазан.-10 б.
Келденбай Өлмесеков // Шәкәрім.-2012.- № 1.-95 б.
Оспанов М. Өрісін тапқан өнерпаз // Абай .-2003.-№ 2.-11 б.
8 маусым «Алтайалтын» комбинатының ірге тасы
қаланғанына 80 жыл (1933)
Семей өңірінде алтын өндіретін ежелгі кәсіпорындардың бірі «Алтайалтын» кен-байыту комбинатына 80 жыл толады. Еліміздегі ең ірі алтын кәсіпорнының даму тарихына келсек, 1933 жылы маусым айында бұрынғы КСРО өнеркәсіп наркомы С.Орджоникидзенің бұйрығымен кен-байыту комбинатын құру туралы қаулы қабылданды. Міне, содан бері Семей өңірінде бірқатар алтын кеніштері ашылды. Алғашқы кезде жер қойнауынан 25-30 метрлік, кейіннен 100 метрлік тереңдіктен алтын алынды. Кейінгі жылдары 300-500 метрлік тереңдіктен алтын өндірілді. 1950 жылдары Бақыршық, Еспе кеніштері ашылса, 70-80 жылдары Құсмұрын мен Семейтаудан және Абыралы, Шұбартау, Жаңасемей аудандарынан алтын өндіріле бастады.
1985 жылы «Алтайалтын» кен-байыту комбинатынан Бақыршық және Ақбақай кен-байыту комбинаттары бөлініп шықты. 2000 жылы «Алел» фирмасы сульфид кенінен алғашқы таза алтын өндіруге қол жеткізді. Онда кен байыту фабрикасының жүйелері бар зауыт, сарбция цехы, қоймалар және «Алтын бөлме» ыңғайына қарай орналастырылған. Барлауға қарағанда жер астында 40 тонна алтын бар екені анықталып отыр. Семейдің іргесінен алтын-кені концентратын өңдеумен айналысатын жаңа зауыт іске қосылды.
Әдебиеттер:
Бегімбетов С. Алтай алтыны // Семей таңы.-2003.-17 қаңтар.-12 б.
Қазақстанның алтынды аймағы // Ертіс өңірі.-2003.-10 шілде.-7 б.
Сейсенов Д. Семейде де алтын бар // Егемен Қазақстан.-2001.-11 шілде.
Тастағанов М. «Алелдің» алтыны // Ертіс өңірі.-2005.-23 маусым.-3 б.
25 маусым Кешірім Бозтаев, қоғам және мемлекет қайраткері, Семей облысының бұрынғы бірінші хатшысы, туғанына 80 жыл (1933-1999)
Кешірім Бозбаев - 1933 жылдың 25 шілдесінде бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келген. К.Бозтаев Шығыс Қазақстан және Семей облыстары өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосты. 1989 жылы 20 ақпанда СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтің атына шифрограмма жолдап, Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың тоқтатылуын талап еткен тұңғыш азамат. КСРО әскери - өнеркәсіптік кешенінің қарсылығына қарамастан, полигонды жабу жолында 1991 жылға дейін үздіксіз күрес жүргізді. Өзі Қазақстан Компартиясы Семей обкомының бірінші хатшысы бола отырып, 80 – жылдардың соңында құрылған «Семей – Невада» қозғалысына қолдау көрсетті. КСРО Қорғаныс министрлігінен ядролық сынақтардың радиациялық салдарлары туралы материалдарды жариялауын және бұл ақпараттарды Қазақстанға беруін, Семей полигонының маңайында орналасқан елді мекендерге қаржылық көмек көрсетілуін, тұрғындардың әлеуметтік – экономикалық жағдайының жақсартылуын, сондай-ақ өнердегі радиоэкологиялық жағдай мен тұрғындардың денсаулығын тексеретін комиссияның құрылуын талап етті.
Кешірім Бозтаев – Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсанда қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау» туралы Заңының, ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұрғындарды медициналық оңалту бағдарламасының авторы.
1996 жылы Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлерімен бірге Халықаралық «Полигон – 29 тамыз» қоғамдық қайырымдылық қорын құрды. 2002 жылы бұл қор БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінде консультативтік статусқа ие болды.
К.Бозтаев -үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен, көптеген Құрмет Грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері. 1997 жылдан Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу академиясының (Мәскеу) толық академик – мүшесі, «Экология» халықтық академиясының академигі, Семей мемлекеттік медициналық академиясының Құрметті профессоры, Семей қаласының Құрметті азаматы.
Әдебиеттер:
Қабышұлы Ғ. Ақиқат - анық айтылса ғана ақиқат // Қазақ әдебиеті. - 2011. - 8 сәуір. – 10 б.
Пигаваев В. Есімі еске алуға әбден лайық // Егемен Қазақстан. - 2011. - 23 тамыз. - 2 б.
Сейсенұлы Д. Полигон кімге зардап...: К.Бозтаевтың"Қайнар синдромы" атты кітабы туралы // Егемен Қазақстан. - 1995. - 22 қыркүйек.
Сәрсеке М. Шығыс елі риза саған, Кешірім // Семей таңы. - 2009. - 20 тамыз. - 4 б.; Семей таңы. - 2009.; 13 тамыз – 4 б.
20 шілде Тыныштықбек Әбдікәкімов, ақын, туғанына 60 жыл (1953)
Тыныштықбек Әбдікәкімов 1953 жылы 20 шілдеде Абай ауданының Қарауыл селосында туған. 1970 жылы орта мектепті бітірген соң әртүрлі жұмыстарда істеді.
1989 жылы Семейде ғылыми-әдістемелік орталықта бас редактор болып қызмет етті. 1990-1993 жылы Абай қорық-мұражайында ғылыми қызметкер болды. Онан соң Семей педагогикалық институтына түсіп, оны 1993 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. 1993-1996 жылдары Қазақстан жазушылар одағының Семей бөлімшесінің жауапты қызметшісі болып қызмет атқарады. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан жазушылар Одағы ұйымдастырған ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. «Ақшам хаттары» (1990 ж), «Ырауан» (2000 ж) жыр жинақтарының авторы.
Жазушы Әбіш Кекілбаев ақын туралы былай деп жылы лебізін білдіреді: «Бұл менің бұрын-соңды көрмеген де, естімеген де қаламгерім. Ешкімді қайталамайтын, қазақ өлеңдерінде ара-тұра ұшырасып қалып жүрген талай-талай соны соқпақтарды соңына дейін жеткізген айбынды ақын. Бұрын-соңды болмаған ақын…», - деп бағасын берген болатын.
Әдебиеттер:
Әбдікәкімұлы Т. Күндерде күн аққулар ән салғанда сызылтып: поэзия // Ақ Ертіс. - 2011. - №1. - С. 11
Әбдікәкімов Т. Қас сақ аңқымасы.-Астана: «Елорда», 2001.-192 б.
Әбдікәкімов Т. Мерей. Қара дала. Шемен шер: (Өлеңдер) //Егемен Қазақстан.-2002.-25 сєуір.
Әбдікәкімов Т. Ақшам хаттары: Өлеңдер, балладалар, толғаулар) // Алматы: «Жалын», 1993.-125 б.
Ақсұңқарұлы С. Соңғы серпіні қалған ұлттың соры қайнағаны // Жас алаш.-2001.-11 қыркүйек.-5 б.
Ердембеков Б. Тыныш ақынның тылсымы // Семей таңы . - 2011. - 23 тамыз. – 4 б.
Мәмет С. Бір лек келе жатыр аңғарғанға: (Тыныштықбек ақын туралы бар) // Егемен Қазақстан.-2003.-19 наурыз.-4 б.
Нұржан С. Бір түрлі ақын…бұрын соңды болмаған ақын // Семей таңы.-2003.-26 қыркүйек.-4 б.
Омарбаева Д. Тәкаппарлық өзіне ғана жарасқан // Семей таңы.-2003.-26 қыркүйек.-4 б.
Рамазанова С. «Ақ өлеңнің аңқымасы. Ол сіз бе? // Ертіс өңірі.-2003.-16 қазан.-5 б.
Сапышев А. Ақын // Ертіс өңірі.-2003.-25 қыркүйек.-16 б.
20 шілде Мұратбек Жанболатұлы, суретші, туғанына 65 жыл (1948-2006 ж.)
Мұратбек Жанболатұлының есімі еліміздің өнерсүйер қауымына жақсы таныс. Оның қылқаламынан шыққан әсем графикалық мүсіндері көрерменнің жүрегіне бірден жол тартады.
Мұратбек Жанболатов Абай ауданы, Қарауыл ауылында 1948 жылы 20 шілдеде туған. 1966 жылы Абай орта мектебін тәмамдаған ол Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 1970 жылы оны сәтті аяқтайды. Сонан кейін Абай атындағы драма театрында жұмыс істеген ол Мәскеудің Суриков атындағы сурет институтына түсіп, онда алты жыл оқиды. Сол жылдары Ресейдің небір тума дарындарынан дәріс алып, Италияның қайта өрлеу дәуірінің суретшілерінің, шеберлерінің шығармаларымен кеңірек танысады.
«Қазақстанның бір талантты жасы Мәскеуде тәлім алып жатыр» дегенді естіп, сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Н.Морозов Мұратбекті Семейге қайта шақырады. Осылайша ол туған жеріне қайта оралып, шығармашылық еңбегін жалғастырады. Мұратбек Жанболатов сол жылдары Лермонтов, Абай мүсіндерін сомдап, композияциялық туындылардан Бөрілідегі М.О.Әуезовтың, Семей қаржы-экономикалық колледжіне Рымбек Байсейітовтың ескерткішін жасаған. Семей мемлекеттік университетіне Шәкәрім аты берілген кезде Шәкәрім тұлғасын сомдаған Мұратбектің еңбегіне жиналған жұрт ризашылық білдірген еді. Әрі, Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш тақтаның да авторы өзі.
Мүсінші, өзінің ең алғашқы туындысы деп, Қарауыл ауылындағы «Үндестік» деген тақырыппен жасалған Гете, Лермонтов, Абай атамыздың қоладан құйылған барельефтері қойылған монументтік тақтаны атады.
Ол әлемдік мәртебеде өткен ұлы Абайдың, М.Әуезовтың мерейтойларын көркемдеу-безендіру ісін абыроймен атқарды.
Мұратбек Жанболатовтың соңғы жасаған туындысы – Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш. Мұратбек Жанболатов 1981 жылдан Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Суретшілер қоғамының басқарма мүшесі болған Мұратбектің еңбектері республикалық одақтық көрмелерге қойылған, республикалық Қастеев атындағы мұражайда сақтаулы.
Оның мәрмардан шапқан М.Әуезов бюсті Бөрілідегі мұражайда, Абай орта мектебінде, Гете, Лермонтов, Абай бейнелері қойылған монументі Қарауыл селосындағы «Достық» аллеясында, Шәкәрім ескерткіші Семей педагогика институты бас корпусының алдындағы алаңда, Кеңес Одағының Батыры Әйтікеш Ибраев бюсті оның туған жері Баженово селосындағы Жеңіс алаңына қойылған.Ұзақ жылдар еңбектеніп, Би атаның (Кеңгірбай бидің) творчестволық портретін жасаған М. Жанболатов Семей қаласындағы Қайрат Рысқұлбековтің бюстінің және Ауған соғысына қатысқандарға арналып Семей қаласында қойылған монументтің авторы.
Ондаған бейне, портреттер жасап, Семей облысындағы бірнеше мәдени, оқу-ағарту орындарын көркем безендіруді ұйымдастырған мүсінші, ҚР мәдениет қайраткері – Мұратбек Жанболатовқа 2003 жылы «Қолданбалы өнер» номинациясы бойынша мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлағының лауреаты атағы беріліп, арнайы дипломмен марапатталды.
Әдебиеттер:
Бәшей К. "Тобықты - Шыңғыстау шежіресі" Ертіс өңірі. - 2005. - 27 қаңтар. - 16 б.
Мейрамбек Жанболатұлы // Семей таңы . - 2012. - 13 қаңтар. - 7 б.
Нұғманбекова Р. Мүсіншінің сырлы әлемі // Дидар .- 2003 .- 1 мамыр.- Б.4
Нұрбаев С. Мүсінші Мұратбек мұрасы біздерге мирас болмақ // Семей таңы . - 2010. - 17 қараша. - 9 б.
Қамбаров Ж. Қара тастан үндестік іздеген // Семей таңы .- 2003.- 14 ақпан.- Б.13
Мұратбек Жанболатұлы // Семей таңы .- 2006.- 23 қараша .- Б. 9
24 шілде Шәкәрім Құдайбердіұлы, ақын, философ ойшыл,
туғанына 155 жыл (1858-1931)
Шәкәрім Құдайбердіұлы, ақын, ғұлама ойшыл - 1858 жылы Семей облысының Абай ауданынының Шыңғыстау бөктерінде туған. Әкесінен жеті жасынан жетім қалды десек те, атақты Құнанбай қажының ерке немересі, ақылы мен білімі дария Абайдай ағасы бар бала Шәкәрім материалдық жағынан да, рухани жағынан жоқшылық пен жетімдік көрмейді. Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды.
Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым-білім жолында бар өмірін сарп етті.
Жеті жасынан өлең шығара бастаған дарынды бала жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастайды, ғылым жолына қарай ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.
Түрік, араб, парсы, шағатай және орыс тілдерін жетік меңгерген ақынның бойынан әлем мәдениетінің озық үлгілерінің көбін оқығанын байқауға болады.
«Шәкәрімнің өмірі - өлеңінде» деп ғалым абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, «Мұтылғанның өмірі» деген ғұмырбаяндық дастанына шолу жасасақ, оның бар-өмірін танып білеміз.
Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің, одан қалды орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл. Абайдың ақыл-кеңесімен ақын шежіре жазды. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген. Түркі халықтарының тарихын терең білетін, діни, тарихи тақырыптарға «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханылар шежіресі», «Үш анық» еңбектер жазған.
Көп тілді білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған. Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907 ж.), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908 ж.) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936 ж.) өлең түрінде аударды. Орыс жазушысы Лев Толстойды ерекше бағалап, құрмет тұтқан.Оның бірнеше шығармаларын аударды: «Асархадон патша», «Үш сауал» әңгімелерін аударды.
Абайдан бастау алған Шәкәрім - әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыбы сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін шашуда елеулі еңбек етті. Сондықтан Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.
Әдебиеттер:
Бекбосынов М. Шәкәрім мұраларының тағылымдық мәні // Шәкәрім. - 2009. - № 1. -21-27 б
Бекбосынов, М. Екі өмірдің азығы-ұждан // Түркістан. - 2011. - 17- наурыз. – 6 б.
Иманбаева А. Шәкәрім мұрагері // Мәдениет. - 2012. - №1. - С. 12-15
Мағауин, М. Шәкәрімге қатысты үш дерек // Жұлдыз. - 2011. - №4. - С. 130 - 144 :
Жұртбай Т.Шәкәрім мұрасы қалай ақталды? // Түркістан. - 2012. - 15 наурыз. -9 б.
Ибрагимов Т. "Сөз сынап, өлең өлшемек" // Семей таңы. - 2012. - 24 сәуір. - С. 4
Смағұлова А. Ақыл мен ғибрат өрнегі: (ақынның тұңғыш өлеңдер жинағына 100 жыл) // Шәкәрім.-2012.-№ 1.-88 б.
5 тамыз Семей қаласының ірге тасы қаланғанына
295 жыл (1718 жыл)
Семей қаласы 1718 жылы Ямышев көлі жанынан салынған бекінісі бой көтерген уақыттан бастап, Семей қаласының дүниеге келген күні болып есептеледі. ХІХ ғасырда Семей қаласын зерттеуші ғалымдар Миллер, Н.Абрамовтар «Семь палат», «Жеті шатыр» атануына назар аударып, өздеріне дейін жазылған деректерді іздестірді. Оларды оқып, зерттей отырып, бұл өзі қалмақтардың тастан қаланған жеті құрылысы екенін, 1660-1670 жылдары жергілікті феодалдардың өзара шайқасы кезінде бұл құрылыстардың бүліншілікке ұшырағандарын айтып жазған жазған еңбектері бар. Тобыл қаласының архив мекемелерінен әкелінген Семей қаласы туралы құнды мәліметтер Абай мұражайында сақтаулы. «Тобольская губернская ведомости» газетінің 1861 жылғы 11-санында Н.Абрамовтың «Князь Матвей Петрович Гагарин» деген зерттеу еңбегінде Семей қорғанына «Семь палат», «Жеті шатыр» деген аттың берілуін, оны қалмақтар өз тілінде «Зордшинкинд» деп атағанын жазады. Олай аталуы туралы зерттеуші Миллер Тюменнің ескі архивтерінің ішінен 1616 жылы 25 қазанда патшаға жазылған Грамотада жеті шатыр туралы айтылады.
1783 жылдан Семей бекінісі уездік қала дәрежесіне көтеріледі. 1796-1822 жылдардың арасында Семей уезі Тобыл губерниясы, Омбы облыстарына бағынған кезеңдерді басынан өткізді.
1852 жылы түйенің, айдың, бес жұлдыздың белгісі салынған Семейдің гербі белгіленді.
1854 жылдан Семей жеке облыс болып құрылды. Осы жылы Семейде 1-гильдиялы –1 көпес, 2-гильдиялы –9 көпес, 3-гильдиялы –97 көпес болды.
Жан-жақты сауданың дамуына байланысты «Таможня» мекемесі құрылды. Осыған орай 1755 жылы қалада полиция басқармасы ашылды.
1855 жылы қалада 2 жәрмеңке ашылды, олар 25 мамыр – 10 маусым аралығында және 15 желтоқсан-1 қаңтар аралығында өтіп тұрды.
Семей қаласы – орыс елінің қазақ даласымен, Орта Азиямен, Батыс Қытаймен саяси, экономикалық, мәдени байланыс қатынастарының өзекті орталық қаласына айналды.
Сол кездегі қаланың негізгі өнеркәсібі – былғары тері илеу зауыттары, сабын қайнататын зауыттар, ұн-диірмен, сыра зауыты т.б. жеңіл өнеркәсіп түрлері болды.
Семей – сауда-саттықтың ірі орталығы болды. Бұл туралы Омбы қаласында көлемді архив томдары бар. Онда Семей саудагерлерінің әрқайсысына анықтамалар жазылған. Солардың ең бастылары: Плещщев, Арафьев, Мусиндер, Баймұратов, Каукенов т.б. туралы жазылған.
1760 жылы Семейде азиялық көпестермен және шекаралық шептерге таяу көшіп-қонып жүрген қазақтармен сауда байланыстарын ұлғайту үшін айырбас, сауда сарайы салынды. (1778 жылы ол Ертістің оң жағалауына көшірілді). Семейде айырбас сарайының ашылуына тек орыс саудагерлері ғана ықпал еткен жоқ, айырбас сауданың дамуына Әбілмәмбет ханның баласы Орта жүздің сұлтаны Әбілфайз да ықыласты болды.
Семейдің сауда орталығы ретіндегі маңызы әсіресе 1804 жылдан бастап Батыс Қытаймен арадағы сауданың жандауына байланысты өсе түскенін көруге болады.
Профессор Ж.Қ. Қасымбаевтың деректері бойынша 1891 жылы Шығыс Қазақстанда 14 жәрмеңке жұмыс істеген, олардың жалпы түсірген жалпы табысы 1736800 сомды құраған. Олардың ең ірісі Қоянды жәрмеңкесі болған.
Семей қаласында баспахана үйі де болды. «Яржам» атты баспаханадан ақын Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», Шәкәрім ақынның кітаптары жарық көрді.
1883 жылы «Сибирская газетінің» 47-санында «Семейден хабар» деген айдармен Семейде тұңғыш рет ашылған қоғамдық кітапхана мен музей туралы хабарлар беріп тұрды. Сонымен қатар, Семейде қазақтың ұл-қыздарына арналған интернат ашылды. Міне, осындай Семей қаласының Октябрь революциясына дейін өсіп өркендеу жолындағы тарихын баяндайтын архив жазбалары еліміздің көптеген қалаларынан кездесіп отырды.
Ұлы Отан соғысы семейліктер үшін де ерекше сын болды. Семейде 1941 жылы бірнеше дивизиялар жасақталды. Семейліктер майданда Отан қорғау жолында ерлікпен шайқасты, сөйтіп 44 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Қала кәсіпорындары өз жұмысын майдан мүддесіне сай құра білді. Эвакуациямен келген тектес кәсіпорындар жергілікті кәсіпорындармен бірікті. Семейге Осташков былғары заводы орналастырылды. Үш фабрика (Киев, Азов және Артем ) негізінде Семей аяқ киім фабрикасы құрылды. Клинцов жұқа шұға комбинаты мен П.Алексеев атындағы шұға фабрикасының жабдықтары Семей шұға комбинатына берілді.
Қала еңбекшілері Ұлы Отан соғысының алғашқы үш жылында ғана майданға 71 вагон азық-түлік , 150 мың дана жылы киім, 35 мың пар пима, 11 мың посылкалар жіберді. Осынау сын кезеңде сол кездегі М.И.Калинин атындағы ет-консерві комбинатының коллективі ерекше еңбек үлгісін танытты.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Семей қаласы көп өзгерді. Ертіс жағалауындағы көп қабатты үйлер, соңғы жобамен салынған аэропорт, темір жол, өзен вокзалы, театр үйі, кинотеатрлар, неке сарайы, «Рахат» тұрмыс қажетін өтеу үйі, орталық мейманхана т.б. құрылыстар сол кездегі Семей қаласының ажарын аша түсті.
2007 жылдың 16 маусымда Семей қаласына іс сапармен келген Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңын басшылыққа ала отырып, қалалық мәслихат пен қала әкімдігінің бірлескен шешімімен “Семипалатинск” атауының транскрипциясы “Семей” деп өзгертілді.
Бүгінгі Семей қаласы Республикамыздың ірі мәдениет орталығы. Қалада Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайы, Ф.Достоевскийдің әдеби мемориалдық музейі, Абай атындағы қазақ музыкалы драма театры, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры, Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана тағы басқа да мәдени орындары бар.
Әдебиеттер:
Асылжан Пе Елбасы қаланың «Семипалатинск» атауын «Семей» деп өзгертуді ұсынды // Семей таңы.-2007.-21 маусым.-1 б
Ахметұлы Т. Көпес Мусиндер көне Семей байларының алды болған // Семей таңы.-2001.-8 маусым.-9 б.
Зұлхаров Ғ. Тануға тұрарлық тұлға: (Қ.Үкібаев туралы) // Семей таңы.-2003.-14 ақпан.
Игембаев Б. Көне қалада түйе болған ба? // Ертіс өңірі.-2006.-27 қыркүйек.-14 б.
Кенемолдин М. Қаражан Үкібаев кім?: (Семейдің атақты бай-көпесі Қ.Үкібаев туралы мұрағат құжаттары) // Абай.-2010.-№ 4.-23-26 б.
Қазбалинов Т. Ең алғашқы баспахана // Семей таңы.-2004.-3 қыркүйек.-14 б.
Қазбалинов Т. Тарихы бай шаһар // Семей таңы.-2006.-12 қазан.-3 б.
Қазбалинов Т. Семейді дамытушылар // Семей таңы.-2006.-10 тамыз.-6 б.
Мүфтиұлы М. Семейдің тұңғыш қазақ топографы // Ертіс өңірі.-2004.-2 желтоқсан.-2 б.
5 тамыз Төлеубай Ыдырысұлы Аманов, ғалым, физика-матеатика ғылымдарының докторы, профессор туғанына 90 жыл (1923-1978)
Аманов Төлеубай Ыдырысұлы 1923 жылы 28 тамызда Жаңасемей ауданы, Құрманқожа ауылында дүниеге келді. Семей қаласындағы №16 мектепте білім алып, 1939 жылы ҚазМУ-нің физика-математика факультетіне түседі. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы қатарына алынып елін қорғауға қатысады. 1944 жылы ауыр жарақаттан соң еліне қатйтарылып, Семейдегі Н.К.Крупская атындағы мұғалімдер институтында оқуын бітірген соң ұстаздық қызмет атқарады. 1953 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, 1967 жылы докторлық диссертациясын қорғайды.
Семей педагогика интситутының проректоры, ҚазССР ҒА-ның математика және механика институтының директоры қызметін атқарды. 1969 жылы Қазақстан ҒА-ның Математика және механика институының директорының орынбасары және ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі, 1970 жылдан Математика және механика институның директоры қызметін атқарды. 1972 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті атанды. Ғалым математика ғылымы саласында өзінің ғылыми-әлемдік маңызы зор еңбегін қорғады. Математика ғылымында «Аманов теориясы» деген үлкен бір ғылыми жаңалығын, өшпес ізін қалдырды. Аманов Төлеубай Ыдырысұлының ғылыми-зерттеу еңбектерінде функционалдық кластарды іштестіру теориясы және оның қолданылатын мәселелері қарастырылған. Докторлық диссертациясында функциялардың SB класының тұйық теориясын құрып, кейін сол класқа байланысты мәселелер туралы монография жазды. Амановтың жетекшілігімен 10 ғылыми кандидаты әзірленді. 50 жылдан астам ғылыми еңбектің авторы. Семей қаласының орталық көшелерінің бірі және ондағы № 16 мектеп, және туған ауылындағы орта мектеп және бір көше Т. Ы Амановтың есімімен аталады.
Әдебиеттер:
Берікханова Г. Қазақстан математикасын әлем таныды // Семей таңы. - 2009. - 16 шілде. - С. 3
ТүгісУ. Аманов теориясы: [Семейлік жерлесіміз, қазақтың әйгілі математик-ғалымы Т.Ы.Аманов туралы] // Семей таңы.- 1998.-27 тамыз-2 қыркүйек(N30).-Б.9
Мадрахимова Г. Ғалым тағылымы: [Семей өңірінен шыққан, аты әлемге әйгілі болған математик, ғалым Төлеубай Ыдырысұлы Аманов туралы] // Дидар.- 2002.-18 мамыр.-Б.4
1 қыркүйек Семей мемлекеттік медицина университетінің
ашылғанына 60 жыл (1953)
Семей мемлекеттік медицина университетінің іргесітасы 1953 жылы 1 қыркүйекте қаланды. Семей мемлекеттік медицина университетін ең алғашқы жылдары 320 жас қыздар мен жігіттер емдеу мамандығы бойынша бітіріп шыққан болатын. Онан кейін 1963 жылы педиаторлық, 1991 жылы стоматологиялық, 2003 жылы фармацепт факультеттері ашылды.
СММУ бүгінгі күні - қарқынды даму үстіндегі жоғары оқу орны. 5 мамандық бойынша дайындық жүргізіп келеді. Алыс-жақын шетелден, өз елімізден 3500-ден аса студент білім алады. 400-ден аса оқытушы, 43 кафедрада ғылыми-педагогикалық және ғылыми-диагностикалық қызмет атқарады. Оның ішінде 10 академик, 50 докторлар мен профессорлар, 200 медицина ғылымының кандидаттары қызмет жасайды.
СММУ-ті бәсекелестік қабілетін инфраструктураның дауымен үйлестіреді. Студенттер үшін арнайы клиникалық дайындық сапасын жақсарту үшін жеке клиникалық базасы бар: медициналық орталық, стоматологиялық емхана, тренингтік жанұялық-дәрігерлік амбулатория, жаңа класс-муляждармен оқу-клиникалық орталық. Университет заман талабына сай клиникалық базалармен, зертханалармен, кітап қоры үлкен кітапханамен, компьютерлік кластермен, лингафон кабинетпен жабдықталған.
Әдебиеттер:
Бапанова Ә. "Әлем азаматы" - академик Шарманов: бастамасымен салауатты тамақтану орталығы ашылды // Семей таңы . - 2011. - 19 сәуір. - С. 2
Жоғары оқу орындарында // Семей таңы . - 2012. - 3 сәуір. - С. 3
Рақыпбеков Т. Шындықты айтпасам ауырып қаламын // Семей таңы . - 2011. - 26 қаңтар. - 4 б.
Семей мемлекеттік медицина академиясы.-Семей, 2008.-356 б.
Шарапиева Л. Пәкістандық жастар жан жадыратты // Семей таңы . - 2011. - 30 қыркүйек. - 2 б.
Қожаев Қ. "Саламатты Қазақстан" Семейде де серпінді // Семей таңы . - 2011. - 29 қараша. 2 б.
11 қыркүйек Тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына
130 жыл (1883)
Тарихи-өлкетану музейі – Қазақстан және Батыс Сібір музейлерінің ішіндегі ең ірі ғылыми және мәдениет орталығы болып табылады. Оның негізі 1883 жылы 11 қыркүйекте (ескіше) қаланған.
Оның алғашқы ұйымдастырушылары болып белгілі зерттеуші ғалым Е.П.Михаэлис, П.Е Маковецкий, Н.И.Долгополов, А.А.Леонтьев, П.Д.Лобановский т.б. жер ауып келген зиялылар музей ісін дамытуда жарқын істердің ұйтқысы болған. Комитет мүшелері өлкеде географиялық, этнографиялық және экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, көптеген мәліметтер жинастырды.
Батыс-Сібір Географиялық қоғамының Семей бөлімшесі шығарып тұрған құнды басылым «Записки…» бүгінгі күнде таптырмайтын асыл қазынаның деректеріне сүйене отырып қала тарихында елеулі орны бар түп нұсқалармен танысуға болады.
Сонымен бірге, ұлы ақын Абай Құнанбаев та осы алғаш құрылған тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастырушылардың бірі болған. Сол мұражайға ақын атамыз 60-қа таяу экспонаттар өткізгенін деректер растайды. Оның көбі этнографиялық бұйымдар. Үлкен ас салатын табақ, қымыз құятын құтылар, қобыз, асатаяқ, шоқпар, айбалта, қамшы, кебеже т.б. – мұның бәрі Абайдың өзі тұтынған, қолымен ұстаған заттар.
Американдық саяхатшы, журналист Дж.Кеннан осы өлкетану мұражайына ерекше көңіл бөлген. Көп жылдар бойы музейде География қоғамының мүшелері Б.Г.Герасимов, А.Баландин, И.Власов, Г.Корнилов, жергілікті өлкетанушылар ағайынды Болослюдовтар еңбек еткен.
Музей қаланың ортасында бұрынғы Губернатордың үйінде орналасқан. Бұл ХІХ ғасырдың аяғындағы архитектуралық ескерткіш өзінің тарихи әсемдігімен көз тартады.
Музей экспозициялары алғашқы бесжылдықтар кезіндегі өңіріміздің халық шаруашылығы салаларының құрылып қалыптасуын және даму барысынан сыр шертеді. Стахановтық қозғалыстың алғашқы қолдаушылары Түрксиб темір жолы, ет-консерві комбинаты, кеме жөндеу заводы сияқты алып құрылыстардың салыну тарихымен, еңбек ерлерімен таныстырады.
Мұнда соғыс жылдарының қасиетті ескерткіштері де көптеп кездеседі. Жерлес батырларымыздың жеке заттары, киім-кешектері, қару-жарақтары, сирек кездесетін фотосуреттері мен басқадай документтер кімді болсын толғандырмай қоймайды.
Музей экспозицияларында соғыстар кейінгі бесжылдықтар кезеңін, алға қойған міндеттерді орындау жөніндегі облыс еңбекшілерінің еңбек жетістіктерін баяндайтын мәліметтер мол. Өңіріміздің ғылымы мен мәдениетінің кешегісі мен бүгіні жайында да құжаттар тың деректер береді. Музей тақырыптық экспозицияны жетілдіру, музей қорын толықтыру, кештер, кездесулер өткізу, түрлі тақырыптарда лекциялар оқу тәрізді шаралар жүргізеді.
.
Әдебиеттер:
Исин А. "Семейге тарих мұражайы керек" // Ертіс өңірі . - 2010. - 8 қыркүйек. -8 б.
Мұхаметқалиқызы А. Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі // Семей таңы. - 2003. - 10 қазан. – 4 б.
Нұрабаева А. Кеш ажарын кіргізді // Семей таңы. - 2006. - 28 қыркүйек. -5 б.
Оспанов Д. Зергерлік өнер көрмесі // Семей таңы.-2004.-23 сәуір.-6 б.
Ыбыраева А.Семей мұражайы тарихынан // Қазақ тарихы.-1999.-№ 2.-27-32 б.
18 қыркүйек Аймұхамбет Бейсембеков, әнші, туғанына 65 жыл (1948)
Әнші Қытай Халық Республикасында Боротола қаласында 1948 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келді. Аймұхамбеттің ата-анасы бала кезінде тағдыр тәлкегімен 1932 жылы аштық жайлаған Алакөл бойынан Қытай жеріне барып паналаған. 1959 жылы ғана ата-мекендері Үшаралға қайта оралған. Әкесі Тұрсынбек суырып салма ақын болған екен, көптеген қисса-дастандарды жатқа айтатын, сөзге шебер өнерпаз жан болған.
Аймұханбет өнерге ерте әуестенеді. Мектеп қабырғасынан-ақ көзге түсіп әнші бала атанған. 1966 жылы орта мектепті бітіріп, аудандық халық театрында еңбек жолын бастады. 1967 жылы Бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері атанып, сол жылы Семейдің М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің әншілер бөліміне оқуға түседі.
1971 жылы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген соң 1971-1976 жылдары Республикалық Жамбыл атындағы филармонияда, Абай атындағы академиялық опера және балет театрында еңбек етті. 1988 жылдан бері Семей филармониясында еңбек етіп келеді. Онда Қазақ халық аспаптар оркестрін, 1991 жылы аспаптық Брасквинтет, 1993 жылы үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастырып, классикалық музыка мен халықтық музыканы насихаттауға зор күш-жігерін жұмсады.
Әншінің дауысы толық диапозанды лирикалық тенор. Әншінің репертуары әр жанрлы, кең ауқымды. Ол қазақтың, орыстың, украин халық әндері мен әлемдік классиктер: Глюк, Гайдн Шуберт, Шуман Верди, Пуччини, Бизе, Чайковский, Глинка, Римский-Корсаков, Рахманинов т.б. композиторлардың шығармаларын, Қазақстан композиторларының ән, романстарын шебер орындайды.
Әнші Абайдың музыкалық мұраларын насихаттауда зор еңбек сіңірді. 1993 жылы республикалық лектор-музыка зерттеушілер конкурсында «Абай жөне музыка», «Классикалық музыканың құдіреті» лекция концерттері жеңімпазы атанды. Бейсембеков лектор-музыкант ретінде Семей қаласында көптеген Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Е.Рахмадиев, Б.Жылысбаев, Р.Рымбаева сияқты өнер саңлақтарының кештерін еткізді.
Бейсембеков әнші ғана емес, сазгер. «Қазақстан - Отаным менің», «Отан», «Анаңнан асыл бар ма екен» «Махаббат серенадасы» т.б. ән-романстардың авторы. Аймұханбет өнер және мәдениет туралы көптеген шығармалар мен зерттеулер жазып, баспасөз арқылы өз ойларын ортаға салады. Ол сонымен қатар қоғамдық өмірге белсене қатысып өзіндік үнін қосып келеді. Оның педагогтық және өнердегі еңбегі бағаланып Қазақ ССР-нің Білім және Мәдениет министрлігінің грамоталарымен марапатталды. Бейсембеков - Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Республикалық «Жаңа ғасырға - жаңа ән» байқауының Гран-При жүлдегері, Республикалық музыкатанушылар конкурсының жүлдегері.
Әдебиеттер:
Бейсембеков А. Сүйген ерім. Бір ән айтам // Парасат. - 2006. - №9. - 26 б.
Бейісбай С. Жаңа ғасырға жаңа ән // Егемен Қазақстан. -2000.- 26 желтоқсан.-8 б.
Тілеухан А. Махаббат құдіреті: (Астанада өткен "Жаңа ғасырға - жаңа ән" Республикалық ән байқауының Гран-при бас жүлдесін жеңіп алған әнші, сазгер туралы) // Семей таңы. - 2000. - 29 желтоқсан.-10 б.
3 қазан Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың ашылғанына 130 жыл (1883)
Кітапхана - 1883 жылдың 3 қазанында (ескіше 20 қыркүйек) Семей өңірінде облыстық санақ комитеті үйінде ашылған тұңғыш кітапхана. Алғашқы ашылған жылы қоғамдық кітапхананың 130 оқырманы, 274 дана кітап қоры болған.
Қоғамдық кітапхананың ашылуына себепкер болған саяси жер аударылушылар, қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың сырлас досы, сыйлас ұстазы Евгений Петрович Михаэлис бастаған, А.А. Леонтьев, П.Д.Лобановский, С.С.Гросс, Н.И.Долгополов сияқты орыс интеллигенттері еді. Олар жер ауып келсе де кітапхана, музей ашып сәулелі істердің ұйтқысы болған.
Білім-ілім іздеген адамдар мұнда жиі келіп, білім бесігінде бас қосатын, ғылым, білім жайлы пікірлер алысатын.
1885 жылы Сібірді зерттеу, жер аударылушылар тұрған даланы көру мақсатымен Семейге келген белгілі американ журналисі Дж.Кеннан «Сібір және айдау» («Сибирь и ссылка») деген кітабында былай деп жазады: «Мен Спенсердің, Бокльдің, Гекслидің, Миллдің, Дарвиннің шығармаларын…, В.Спойттың, С.Диккенстің, Ж.Эмоштың, Ж.Мак-Дональдтың және басқаларының романдары мен повестерін таңқаларлық сезіммен көрдім. Әсіресе, ғылыми шығармалар және саяси экономия бойынша әдебиеттер көп болды. Кітапты бұлайша іріктеу оны жинаушылар мен пайдаланушылардың мәдениеттілігі мен талғамын танытады».
Міне, осы бір шағын үзіндіден-ақ сол кездегі ғылымға құштар адамдардың кітапханаға қаншалықты ықыласпен, қамқор сезіммен қарағанын аңғаруға болады.
Сол кездегі өлкетанушылардың, қоғам қайраткерлерінің естеліктеріне қарағанда, бұл кітапхана ең прогресшіл бағыттағы адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Қалың жұртшылық арасына білім нәрін таратуда елеулі роль атқарған.
Кітапхананың жұртшылық арасында қаншалық беделі жоғары болса да, патша өкіметі тарапынан қаржы бөлінбеді. Ол негізінде қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдардың көмегімен жарна есебінен өмір сүрді.
1902 жылы желтоқсан айында Семей қаласында тегін пайдаланатын оқу залы ашылып, оған қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты орыстың ұлы жазушысы Н.В.Гогольдің есімі берілді.
1906 жылы ақысыз оқу үйі мен қоғамдық кітапхана біріктіріліп, Н.В.Гоголь атындағы қоғамдық кітапхана болып аталды.
1902-1911 жылға дейін кітапхана жұмысын басқарған, өлке мәдениетінің дамуына үлес қосқан, кітапхананың дамуына елеулі үлес қосқан алғашқы кітапханашылардың бірі, Батыс Сібір Географиялық қоғамының мүшесі Н.Я.Коншин Семей қаласының тарихын, археологиясын, этнографиясын, табиғат байлықтарын зерттеуде елеулі еңбек сіңірген.
Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхананың өмірге келуі, алғашқы қалыптасу жылдары қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев есімімен тығыз байланысты. Ол кітапхана ісіне белсене араласып, өзі де кітаптар алып тұрақты оқырманы болғанын деректер дәлелдейді.
Орыс зиялыларымен рухани қатынаста болған Абай өзі де бас болып, кітапхананың тұрақты оқырманы бола жүріп, қатар ашылған өлкетану музейіне Долгополов екеуі 50-ден астам экспонат тапсырғаны тарихтан мәлім және бұл ақынның әлем әдебиетінен білімін тереңдеткен мектепке айналып еді.
1991 жылы Кеңестер Одағы ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1992 жылының 8 желтоқсандағы № 1035 шешіміне орай, бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы облыстық кітапхана Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана атына ие болды.
Көп жылдар өтсе де кітапхана өзінің сирек кітаптар қорын ерекше күтіммен сақтап, келешек ұрпаққа жеткізуде.
Кітапхана қоры Кеңестік дәуірге дейін орыс тілінде шыққан сөздіктердің ең бай қорымен: «Брокгауз бен Эфронның энциклопедиялық сөздіктері» (1890 және 1894 жж.), «Толық орыс-француз-неміс сөздігі» (1826 ж.), «Орыс-қырғыз азбукасы» (1914), «Грек-орыс сөздігі» (1848 ж.) т.б. анықтамалармен де бағалы.
Кітапханада өлкеміздің шежіресін шертетін: «Обзоръ Семипалатинской области» (1898), «Советская степь» (1929 ж.), «Екпінді», (1935-1951 жж.) «Еңбекші қазақ» (1931 ж.), Прииртышский коммунар» (1936 ж.), «Социалистік майдан» (1931 ж.), «Прииртышская правда» (1929-1962 жж.) т.б. аймақтық басылымдар шыққан кезінен бастап қорда сақтаулы.
1996 жылы «Сорос-Қазақстан» қорының байқауына қатысып, жеңіске жеткен ұжым бүкіләлемдік Интернет жүйесінің желісіне қосылды.
2000 жылдың қазан айынан бастап оқырмандарға дәстүрлі каталог жүйесімен қатар электронды каталог арқылы қызмет көрсетіле бастады.
2002 жылдың қыркүйегінен бастап кітапхана жанынан Интернет орталығы ашылды. Дәлірек айтқанда, Интернет желісі көмегімен электрондық почтамен хабар алып, хабар беру, басқа компьютерлердегі ақпаратпен танысу шалғайдағы телеконференцияларға қатынасу мүмкіндіктері қамтамасыз етілді.
Кітапхана әлемдік үлгідегі осындай озық технология жүйесіне қосылғалы кітапхана оқырмандары үшін құнды деректер жинақталып қалды.
Кітапхана Турция, Норвегия, Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық кітапханашылар конференцияларына белсене қатысты.
Абай кітапханасы заман талабына сай жаңа технологиялардың барлық мүмкіндіктерін пайдалана, меңгере отырып, үздіксіз даму үстінде.
Әдебиеттер:
Аязбаева Г. "Ақбілек" оқиғасын оқысаңыз // Семей таңы. - 2011. - 21 маусым. – 4 б.
Аязбаева Г. Білім мен парасаттылықтың ордасы // Арна. - 2011. - 27 қазан -4 б.
Аязбаева Г. Елтанымдық басылым // Семей таңы . - 2011. - 1 шілде. - С. 2
Аязбаева Г. Семейдегі Абай кітапханасы // Қазақ әдебиеті. - 2009. - 3 шілде. – 7 б.
Зүкенұлы М. Тарихта тек шындық қана айтылуға тиіс: Жазушы М.Сәрсекемен кездесу Өскемен облыстық кітапханасында өтті. // Семей таңы . - 2012. - 15 мамыр.- Б.2
Мағауина З. "Қазақстан - бейбітшілік елі": деректі фильмнің тұсаукесері: кітапханада өтті. // Семей таңы . - 2011. - 23 қыркүйек. – 7 б.; Семей таңы.- 2011.; 7 қазан. -1 б.
Мағауина З. Қазыналы қаламгер оқырмандармен жүздесті: (жазушы Ғ.Сапаевпен кездесу туралы) // Семей таңы . - 2011. - 29 қараша. – 4 б.
Чушекова Ж. Семейдегі 20 жарқын іс // Семей таңы - 2011. - 16 желтоқсан. - С. 6
Әділбекқызы Ж. Кітап - ғасырлар мұрасы // Семей таңы - 2012. 8 мамыр.-7 б.
16 қазан Ерғазы Рахимов, ақын, туғанына 70 жыл (1938-1994)
Семей өңірінде сөз зергерлерінің ізін жалғастырушылардың бірі, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі Ерғазы Рахимов 1938 жылы Қытайдың Дөрбілжің ауданы, Қорымсу ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Үрімжідегі Ұлттар институтына оқуға түсіп, оны толық бітірмей Қазақстанға біржола қоныс аударды. Сөйтіп Қазақ Мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет бөлімін тәмамдады. Е.Рахимов өзінің жазушылық өнерін ең әуелі жыр жазудан бастады. Бала кезінен-ақ ауыз әдебиетінен нәр алып, сөз өнерінің кәусарынан еркін сусындаған Ерғазы поэзия саласында жақсы шығармалар туғызды. Талай-талай айтыстарда алдыңғы орындарда жүрді. 1985 жылы шыққан «Жырлайды жүрек» деген жинағында екі поэмасы, төрт балладасы, бірнеше өлеңдері басылды.
Поэзия саласында жарық көрген «Зейнел күйі» поэмасы өнер құдыретіне арналған дастан. Бұнда революцияға дейінгі үстем таптар мен еңбекші бұқараның бітіспес күресін шебер бейнелеген.
Жазушының творчестволық еңбектерінде прозалық шығармаларының да үлес салмағы жоғары. 1979 және 1983 жылдары «Жалын» баспасынан «Сүрі қар», «Тентек келін» атты повестері мен әңгімелері жарық көрді.
«Сүрі қарға» енген «Момын», «Тас жарған» повестері күн тақырыбына жазылған туындылар. Екеуінде де өндіріс тақырыбы, оның ішінде бүгінгі күннің көкейтесті мәселелері сөз болады. Жазушының «Тентек келін» деп аталатын кітабына енген повесінде алған бетінен қайтпайтын өр мінезді қазақ әйелінің образы жасалған. Е.Рахимовтың журналистика саласында жазған атақты шопандар Т.Тасболатов және Б.Жақанов туралы жазған «Мұңсызбайдың мұрагерлері», «Теріс айырық» (1976,1978ж) деп аталатын кітап-очерктері жарық көрді.
Әдебиеттер:
Рахимов Е. Бел-Белес; Жазушы, 1979 -207 б.
Рахимов Е. Дәуір-дастан: Поэмалар -Алматы:Жазушы, 1990.-360 6.
Рахимов Е.Жаңғырық: Роман, повестер мен әңгімелер -Алматы: Жазушы, 1993.- 288 б.
Рахимов Е. Зейнел күйі: Поэма.-Алматы: Жалын, 1977.-22 6.
Рахимов Е. Өкпеті ұланы.-Алматы: Қайнар, 1980.- 883
РахимовЕ. Өнербаян : Өлеңдер, цикл -жырлар, балладалар (1966-1982)- Алматы: Жазушы, 1993-332 б.
Рахимов Е. Суылдақ: (Сықақ, әзіл-оспақтар).- Алматы: Қазақстан, 1990.- 368 6.
Рахимов Е. Тентек келін: (Повестер мен әңгімелер): Алматы: Жалын,1983.-176
Рахимов Е. Егеменді елім бар //Ертіс өңірі.-2004.-8 қаңтар.-6 б.
Рахимов Е. (дүниеден озды) // Қазақ әдебиеті.-1994.-28 қазан.
ҚалымовД. Жерлес жазушымен кездесу: (Аягөзде) // Семей таңы.-1991.- 14 ақпан.
Қалымов Д. Ердің жасы-екі елу: Жазушы -50 жаста // Семей таңы.- 1988.-14 октябрь.
Қалымов Д. «Зейнел күйі»: (Поэмасына сын) // Семей таңы.-1978.- 13 январъ.
7 қараша Ырысхан Мұсаұлы, жазушы, туғанына 80 жыл (1933)
Қаламгер Ырысхан Мұсаұлы Абай ауданының Құндызды ауылында 1933 жылы дүниеге келген. Он жылдық білім алғаннан кейін 1953-58 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің журналистік факультетінде білім алған. Сол студенттік қызықты шақтық өзінде «Ағасұлтан» деген роман жазуға кірісіпті.
Ырысхан Мұсаұлы еңбек жолын 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде бастайды. Онда бірнеше әңгіме, очерктер жазды. 1965 жылы облыстық «Семей таңы» газетіне ауысып, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. Сонда қызмет ете жүріп Мәскеудегі Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Сол кезде жүріп те жазады. Оны бітірген соң Маңғыстау облысына қызметке жіберіледі. «Коммунистік жол» деген газеттің іргетасын қалайды. Баспасөзде істеген жылдары жер-жерді аралап, мақала, очерктерді көп жазды.
1977 жылы Семейге қайтып, «Семей таңы» газетіне бас редактор қызметіне кіріседі. Бас редакторлық қызметте жүріп Семей сынды рухани орталықтың рухын көтеріп, халықтың санасын, болмыс-келбетін көтеруде айтарлықтай еңбек сіңірді.
Көп жылдардан кейін 1992 жылы республикалық «Абай» журналына бас редактор болып тағайындалады. 1994 жылғы сандарында «Ағасұлтан» романының бір бөлімі жарық көрді. Мұнда XIX ғасырдың орта шеніндегі Қарқаралы дуанында болған қат-қабат оқиғалар суреттеледі. Мұнда оқырмандар Құнанбай, Алшынбай, Тәттімбет, Мұсалармен кезедеседі.
Ырысхан Мұсаүлы «Құрмет орденінің», «Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер» атағының иегері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Қасиетті Шыңғыстау топырағынан өніп шыққан жазушы Ырысхан Мұсаұлының шығармашылығындағы негізгі тақырып - XX ғасырдағы қазақ халқының тағдыры.
2000 жылы жазушының жарық көрген қос томдық прозалық кітаптары этнографиясы мен тілінің байлығы жағынан оқырмандарға үлкен рухани күш берері сөзсіз. Бірінші кітаптағы «Ағасұлтан» романы тарихи деректерге негізделген. Мұнда Құнанбай қажының күрделі бейнесі берілген. Жазушының соңғы үш томына «Саға» трилогиясы енген. Бұл еңбектерінде Кеңес дәуірінің XX ғасырдағы келбетін көрсетеді. «Саға» трилогиясының үш бөлімі - «Бейуақ», «Құлқынсәрі», «Қызыл іңір» журнал бетінде, сонан соң жазушының үш томында жарық көрді. «Саға» романы автордың өзі туып өскен өңірдің дауылды жылдарын, колхоздастыру кезеңіндегі заман ағымын суреттейді. Колхоздастыру кезеңі (ақ пен қызылдың салған қырғыны) мен ашаршылықты (1931-32 жылғы) суреттеген «Құлқынсәрі» - алдыңғы «Бейуақтың» жалғасы іспетті. Ал «Қызыл іңір» - 1937 жылғы әлемді тітіренткен саяси қуғын-сүргін туралы.
Жазушы трилогиясының кейіпкерлері Санияз, Ғаббас, Доғал, Ешкей, Құлпынай, Лағыл, Дүр т.б. Әсіресе Мәкі мен Санияз кесек тұлғалы кейіпкерлері арқылы адамгершілік болмысты, халық болмысындағы қастерлі қасиеттерді ашуға ден қояды.
Қара дауылы қазақ түңлігін ұшыра соққан сұрапыл XX ғасыр ұлт жадында ешқашан ұмтылмайтын қатал сабағын қалдырды. Жазушының тарихи романдары, оларға әңгіме, очерктері мен абайтану мәселесіне арналған зерттеулері қосылып бес том кітапқа жүк болды. Жарты ғасырдай мерзімде баспасөзде істеген алаш азаматының осындай шығармашылық биікке жетуі үлкен бақыт.
Әдебиеттер:
Мұсаұлы Ы. Шығармалар жинағы: Бірінші кітап: Ағасұлтан.- Семей,2003.-352 6.
Мұсаұлы Ы. Шығармалар жинағы: Екінші кітап: Саға. Бейуақ.-Новосибирск: «Советская Сибиръ»,2000-422 6.
Мұсаұлы Р. Шығармалар жинағы: Үшінші кітап: Саға. Құлқынсәрі. - Семей, 2003.-352 б.
Мұсаұлы Р. Шығармалар жинағы. Саға. Қызыл іңір: 4- кітап.- Семей, 2003.-351 б.
Мұсаұлы Ы. Ұлы ақын еліндегі ұлағатты басылым: («Абай»журналының 10 жылдығына орай өткен саптанатты жиналыстан) // Абай .- 2002.- №З.-З-б б.
Мұсаұлы Ы. "Семей таңы" - ұшқан ұям: Газет не туралы не жазып еді? // Семей таңы. - 2009. - 3 желтоқсан. - 4 б.
Бәшей К. Атамекен азаматы //Ертіс өңірі.-2003.-б қараша.-3 б.
Кемелбаева А. Бұл аға басынан не кешпеген //Дидар.-2003.-4 қараша.-3 6.
Тайжігіт Б. Елге оралған «Аға сұлтан» //Семей таңы.-2005.- 20 мамыр.- 3 6.
Аға сұлтан романының тұсаукесері: жаңа кітап // Үш анық. - 2001. - 12 наурыз
Сапаев, Ғ. Асыл кездік қын түбінде жатпайды // Қазақ әдебиеті. - 2003. - 14 қараша. - 14 б.
5 желтоқсан Жекен Жұмаханов, жазушы, туғанына 95 жыл (1913-1978)
Жазушы Жекен Жұмаханов 1913 жылы 5 желтоқсанда Абай ауданы Жүрекадыр ауылында кедей шаруа семьясында дүниеге келген (1978 жылы дүниеден өтті). Жекен жастайынан өлең жырға үйір болып, аңыз-ертегілерді жақсы білген. Жас кезінен «бақташы бала» атанып, ауылда қой, сиыр баққан. 1925 жылдан бастап оқыған, қаладағы 19-шы орта мектепті, педагогика техникумын, 1935 жылы Алматыда жаңадан ашылған Қазақ коммунистік журналистер институтына түсіп, оны айрықша дипломмен бітірді. Бұдан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында ұзақ жылдар меншікті тілші, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Бекен Жұмаханов жас кезінен өлең жаза бастаған. 1905 жылғы орыс революциясына қазақ жазушыларының қатысуы туралы естіген, жинаған материалдар негізінде «Ақ бидай» поэмасын жазды. Поэманың үзіндісі 1939 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды. Ж.Жұмаханов соғыс жылдарында, одан кейінгі уақыттарда да барлық шығармашылық қабілетін прозалық шығармалар жазуға жұмсады. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында әуелі Калинин, кейіннен 11-Прибалтика майдандарында «Жауға қарсы аттан» газетінің тілшісі, ротаның саяси жетекшісі болып қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары да Әлия, Мәншүк туралы повестер, әңгімелер жазып, жеке кітап етіп бастырды.
Армия қатарынан 1946 жылдың мартында босаған соң, қайтадан журналистика, әдеби өмірге араласты. Жекен жазушы ретінде «Солдат жолы» (1958), «Жазылмаған кітап» (1959), «Келін» (1960), «Қаракөз қарындасым» (1962), «Үш бәйтерек» (1965), «Соқпақ соңы» (1967), «Адам тау қопарады» (1967), «Мен - жұмысшымын» (1972) т.б. көптеген кітаптардың авторы. Бұларда жұмысшы, малшы, жастар өмірінен алынған ауыл тұрмысы шынайы суреттелген. Жазушы драматургиямен де шұғылданды. «Махаббат пен мансап», «Ленинге хат» т.б. пьесалар жазды. Осы елеулі еңбектер қазақ әдебиетінің қажырлы қаламгерлерінің бірі - Жекен Жұмахановтың тіршілігінде тындырғаи игілікті ісі, көзі тірісінде жасап кеткен ескерткіші іспетті. Жекен Жүмақанов Н.Гогольдің «Рим» деген әңгімесін, В.Орловтың «Митра Кокорь» деген повесін қазақшалады. Ж.Жұмахановтың жеке әңгімелері орыс, өзбек, қырғыз, украин, латыш, поляк тілдерінде жарық көрді.
Әдебиеттер:
Жұмаханов Ж. Делегат:Әңгімелер/ Құраст. Ә. Бөпебаев.- Алматы: «Жалын», 1983.- 72 б.
Жұмақанов Ж. Қарагөз қарындасым: Әңгімелер .- Алматы: «Жазушы», 1979.-304 6.
Жұмақанов Ж. Махаббат пен мансап: Повестер.- Алматы: Жазушы,1970.- 191 6.
ЖұмақановЖ. Мен жұмысшымын:Повестер.-Алматы: «Жазушы»,1972.- 125 6.
Жұмақанов Ж. Шұбартау таңы: Повестер мен әңгімелер.- Алматы, «Жазушы»,-1975.-150 6.
Нұршайықов Ә. Жекен Жұмаханов // Семей таңы.-2004.-9, 16 қаңтар.
Айы, күні белгісіз, аталып өтілетін күндер
Уәйіс Шондыбайұлы, ақын, сазгер туғанына 140 жыл (1873-1923)
Шондыбаев Уәйіс -бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданының Баршатас ауылында туған. Уәйіс жасынан әнші, қиссаларды жатқа айтатын және дарынды ақын болған, әрі сазгер. Көрші Тобықты елімен, Қосай, Нұралы ауылдарымен, Найман руының сол кездегі алдыңғы катарлы адамдарымен жиі араласқан, тату-тәтті жолдас болған. Кезінде Абай шәкірттерінің бірі болған. Оның халық арасында кеңінен тараған «Перуайым», «Шұбартау», «Шыңғыстау» т,б. әндері бар. 1894 жылдан бастап Көкбай, Акылбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, ұлы Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Ақын шығармаларының ел аузында, көшірме қолжазбаларда және архив қорында сақталып жеткендері: орыс ақыны П.П.Ершовтың (1815-1869) әйгілі ертегі-дастаны «Конек-Горбунок» оқиғасын пайдаланып жазған «Иванушка-дурачок» поэмасы, «Жошы-Алаша хан» дастаны, «Қырық уәзір» әңгімесінен алынып жазылған «Бір қыздың оқиғасы» атты дастаны мен бірнеше өлеңдері.
Керей Уәйіс ақынның шығармаларын жинап, алғысөз, түсініктерін жазып, екі кітабын баспадан шығарған («Уақыт өрнегі», Алматы, «Жазушы»,1988ж. «Абайдың акын шәкірттері», Алматы,1994 ж. 6-том) Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым Қ.Мұхаметханов ағамыз.
Уәйіс ақынның 1916-1921 жылдары жазған өлең-жырлары түгелдей саяси-әлеуметтік лирика жанрында, революцияшыл рухта жазылған. «Кеңшілік кедейлерге заман бар ма?» (1916), «Дүние байқағанға бір кең сарай» атты өлеңдерінде халықты азаттық күреске үндеп, ел қамқоры болған жастарды жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады. Ақынның алғашқы өлеңдері Ресейдегі төңкеріс, дүрбелең, азамат соғысы күндеріндегі күпті көңіл, қатерлі қауіптен елес берсе, кейінгі өлеңдері - Қазақстанда большевиктер үстемдігі жаңа орнай бастаған, ел бүлініп, дүние құбыла бастаған кезеңге сәйкес келеді. Ақынның замана ызғырығын айқын сезініп, нақты баға беруі, осы орайдағы күмән мен үрей - XX ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ қоғамының көңіл-күйін айқын аңғартады. Ақынның шығармалары 1987 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шықты.
Әдебиеттер:
Шондыбайұлы У. (1873-1925) Тәуке –Жәкібай: Поэма // Қазақ әдебиеті.- 1992.-18 желтоқсан.
Абайдың ақын шәкірттері: (Уәйіс ақын туралы бар) // Қ. Мұхаметханов.- Алматы: Дәуір, 994.-336 б.
Мұқашев , Еркебұлан. Уәйіс ақын "Иванушка-дурачекты" қалай жазған // Семей таңы. - 2010. - 18 наурыз
Сәменбекұлы Н. Керей Уәйіс ақын //Дидар.-2002.-8 маусым.
Әміре Қашаубаев, әнші, туғанына 125 жыл (1888-1934)
Әміре Қашаубаев - 1888 жылы (кейбір деректерде 1886 жылы) Семей облысы, Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының етегінде туды. Әкесі Қашаубай кедей адам болған. Әміре тұрмыстың үлкен ауыртпалығын бастан кешкен. Қандай ауыр жалшылық жұмыста жүрсе де Әміре мойыған жоқ. Жастайынан әнге үйір болып, ыңылдап ән салатын. Әрі-бері өтетін қала жұрты керемет дауысты естіп тыңдап тұрып қалады екен. Кейіннен қаладағы болатын ойын сауық Әміресіз өтпейтін болды. Тұрмыс тауқыметі қаншалықты қиын болса да мейірімді әке-шеше өнерлі баланың маңдайын қақпады. Сөйтіп, әке-шешенің батасын алған өнерлі бала жалшылықтан босап, Арқа әншілерінің Меккесі болған Қояндыға жол тартады. Бұл Әміренің ән сапарына, музыкаға жол тартқан кезі болды. Онда жаяу Мұса сияқты әншілермен кездесіп, үйреніп, репертуарын байытады. Әншілерден үйрене жүріп өзінің ән айту стилін байытуға күш салады. Сөйтіп, он үш жасынан ән салып, Жаңа Семейдің шала қазақ, татарлар арасында "әнші бала" атанып, жасы он сегізге таянған Әміре үшін үлкен жаңалықтар болды.
Әнге байып Семейге қайтқан Әмірені қалалықтар қызу қарсы алды. 1921-1924 жылдары Семейде құрылған "Ес-аймақ" ұйымына кіріп, әншілігін шыңдай түседі. Онда ол әнші Майрамен кездесіп домбырамен, гармонға қосылып Семейдің жәрмеңкесін қыздыра түсті. Әміре дауысы Мәскеуге дейін жетіп:
"Қазақ өншісі Әміре Қашаубаев Парижде болатын жержүзілік көрмеде қойылатын этнографиялық концертке қатысуға келісім бере ме екен? Соның хабарын тез білдіруіңізді сұраймыз. Жол қаражаты, гонорары төленеді. Мерзімі - июнь, июль айлары. РСФСР Халық Ағарту Комиссары - Луначарский" деген Семейдің губерниялық ағарту бөліміне телеграмма келеді.
Әміре Мәскеуге жол тартады. Парижде болатын концертке қатысу үшін астанаға басқа ұлт республикаларынан белгілі өнерпаздар келеді. Париж концертіне дайындық есебінде өткен Үлкен театрдағы концерт табысты етті. Ол туралы: "Керемет концерт. Керек болса - башқұрттың қурайшысы Исенбаев, қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев, өзбектің бишісі және әншісі Тамара Ханум. олардың өнерлері еуропалықтардың нөмірлерінен кем түспейді, ал қолдарындағы қандай жұпыны құрал десеңізші- деп жазады "Правданың" 1925 жылғы 26 июнь күнгі номерінде.
Әміре этнографиялық ансамбльмен Парижге барып қайтады. Парижде 11 концерт береді. Сол коцерттерде Әміре өзінің сүйікті әндері "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екі жирен", "Дудар", "Қос барабан", "Қызыл бидай" тағы басқаларын айтады.
Ансамбльдің концерті бұрын-соңды ондай музыканы тыңдамаған Париж халқына қатты ұнайды. Ол туралы "Қазақтың әншісі Әміре Қашаубаев өзінің халықтық манерада айтылатын емін-еркін даусына ұлт аспабы домбырасының сүйемелін қосып өз елінің жаныңды толқытатын әндерін орындады", - деп жазады.
Француздың белгілі музыка зерттеуші ғалымы "Лемюзикаль" журналында Әміренің дауысы сирек кездесетін музыкалық көрініс екенін жазады. Әміре Қызылордадағы театр труппасына жұмысқа кіріп, 1926 жылы январьдың 13-күні М.Әуезовтің "Еңлік-Кебек" пьесасы мен қазақ тарихында бірінші рет қойшы Жапалдың ролін сомдайды. Сөйтіп, Әміре әрі әнші, әрі актер ретінде де таныла бастайды.
1927 жылы сәуір айында Әміре тағы Мәскеуге шақырылып, советтер съезінде концертке шығып, тағы бір үлкен табысқа ие болады. Сол жылдың жазында әнші Германияның Майнадағы Франкфурт қаласында болатын Жержүзілік музыкалық кермесіне жіберіледі. Мұнда Әміре тоғыз концерке қатысып, көрермендердің үлкен сүйіспеншілігіне бөленеді. Сөйтіп, шетелге екінші рет өнер көрсетуге шыққан әнші өнер қайраткерлерінің ішінде ерекше табысқа ие болады.
Әміре қайтып, Қызылордадағы театрына келеді. 1928 жылы театр Алматыға көшкенде де бірге жүреді. Концерттерде басты артист болып белгіленеді. 1933 жылы драма театрының жанына құрылған "Музыкалық студияның" ішінде бірінші болып жүреді. Ол студия келесі 1934 жылдың 13 қаңтарында "Музыкалық театр" болып, М.Әуезовтің "Айман-Шолпан" атты музыкалық пьесасымен ашылды. Онда Әміре басты рольдің бірін атқарады. Бірақ өмірі ұзақ болмай сол жылдың күзінде қайтыс болады.
Сөйтіп, замана көшінде аққан жұлдыздай із қалдырған өнер саңлақтарының бірі- Әміре Қашаубайұлы болды. Оның есімі қазақ өнері тарихында алтын әріппен жазылды. Әміренің керемет қайталанбас даусын шетелдіктер өте жоғары бағалады. Франция ойшылдары Анри Барбюс: "Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім"-десе, Ромен Роллан Әміре даусына қайран қалып: "Мен Шығыста әншіні бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім"-деп жазады. Ал, Мұхтар Әуезов 1920 жылдарда "Ес-аймақ" ұйымында жүргенде-ақ: "Сен, Әміре, Семей өңірінің ғана емес, бұған қоса Ұлы жүз бен Кіші жүз өндерін, романс сияқты ырғағы мол, сезімі зор Мұхит әндерін үйренуің керек. Сонда ғана сен жалпы қазақ әншісі атанасың. Ал қазақ атынан ән айтсаң есімің әлемге танылады"- деп сол кезде-ақ көрегендік танытқан.
Ал, Әміре туралы жазушы, өнер зерттеуші Жарқын Шәкерімов: "Әміре ғасыр кешіндегі замана тудырған дара тұлға. Халқымызда әйгілі әншілер жүздеп саналады, өсіп келеді, әлі де туар. Ал, Әміре жалғыз. Ол халқымыздың мәңгілік тарихында солай сақталуы тиіс", - деп бағалайды.
Әдебиеттер:
Аққуға әнін қосқан: (Әміренің туғанына 110 жыл толуына орай) // Егемен Қазақстан.-1998.-27 қазан.-4 б.
Ахметов С. Жазмыш: (Әншінің соңғы күндерінен) // Мәдениет.- 1992. - 16-30 қыркүйек.
Иманбаева А. Ән атасы Әміре // Мәдениет.-2010.-№ 2.-43-45 б.
Кәріпжанқызы Қ. Әміре туралы ашық әңгіме // Заман-Қазақстан.-1999.-14 мамыр. -6
Сапарғали Әлімбетов, Халық ақыны, туғанына 120 жыл (1888-1956)
Сапарғали Әлімбетов 1888 жылы Семей облысы, Жарма ауданында дүниеге келген – айтыскер ақын. Ежелден құтты мекен Жарма өңірінен атағы көпке тараған дарынды ақын- жазушылар көп шыққан. Солардың, ішінде «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Құрмет грамотасын екі мәрте алған халық ақьшы, белгілі айтыскер - С. Әлімбетов.
Ақынның әкесі де өткір тілді шешен болған. Ол жастайынан жазып, ақын бала атанады. Оның шығармашылық жолына бағыт берген ақын - I. Жангүгіров. Сол кісінің қамқорлығы арқасында Алматыға келіп, жұмысқа тұрады. Жазушылар одағынынң жанындағы төрт айлық курсты бітіреді. Ілияс Жансүгіров Сапарғалидың халық мақсатына сай өлең-жыр жазуына кеңес беріп, ақыл айтып, жөн сілтеп жол көрсетеді. Ақын революциядан бұрын қазақ өміріне арналған көптеген өлеңдер жазады. 1914-1915 жылы жазған «Төрткісен» деген термесі Сапарғалидың өз ағайындары тарапынан қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болады. Жас кезінде ақын зәбір-жапаны көп көрсе де жауыздыққа деген өшпенділігі жойылмайды. Бертін келе сауатын ашқаннан кейін Абай өлеңдерін құмарлана оқи бастайды. Оны жаттап алып ел арасына таратады. Кейінірек Абай үлгісімен «Татьяна» поэмасын және байларға арналған бірнеше өлеңдер жазады.
1936-1937 жылдары ақын Аягөз ауданына көшіп келіп, Жарма ауданындағы Ақжал руднигіне орналасады. Ұлы Отан соғысы жылдары жалғыз баласы Маманды майданға аттандырып, ақын осы Ақжалда тұрып көп өлеңдер жазады. 1939 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы қарт ақынның еңбегін зор бағалап, Құрмет грамотасын береді.
Сапарғали ақын талай- талай айтыстарда Жарма ауданының намысын қорғап алда жүрді. Қазақ әдебиетінің үздік үлгілері И. Байзақов, Т. Көбдіков, Н. Баймұратов сияқты ақындармен айтысқа түскен. 1936 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына, 1943 жылы Семей-Қарағанды облыстары ақындары айтысына, 1945 жылы Абайдың 100 жылдық тойына, 1946 жылы Талдықорған каласында Жамбылдың 100 жылдық мерейтойына қатысып көзге түседі.
Ақынның жекелеген өлеңдері мен толғау, дастандары зор тебіреніспен жазылған, оның «Алтай», «Тарбағатай», «Жарма», «Қалбадағы айқас» туралы жазғандарында бақытты елдің ұлан-байтақ қоныс мекенін, асқар тау, сай-саланы тамаша көрікті табиғатын көркем бейнеде асқақтата жырлайды. Қаламгер «Ақтардың әрекеті», «Қойкелді батыр»,«Бекбосын», «Молдабай палуан» поэмаларын жазды. Соңғы аталған дастаны 1997 жылы «Қазақ палуандары» деген кұрама жинақка шықты. 1962 жылы өлеңдер мен поэмалар жинағы шықты.
Ақын тілге шебер, сөзге бай, алғыр ойлы ақын. Ол халықтың рухани асыл қазынасы - ауыз әдебиетін көп біліп, өзінің ақындық өнеріне үлгі етумен бірге, жазба әдебиетін де жақсы білді. Қандай тақырыптарды жырласа да, акын жалаң сөзге бой үрмай, жанды суретпен көркем бейнелеп беруге, нанымды образды дұрыс қолданып, өлеңнің адамға әсерлі болуына зер салды. Сапарғали ақынның өмірі де, ақындық өнері де халық өмірімен біте кайнасып, тығыз байланысқан. Ол қолына домбыра алғаннан бері, халық жырын жырлаудан бір тынбаған, халқының қайғысын, қуанышын қуат еткен.
100 жылдық мерейтойын жармалықтар 1988 жылы атап етті. Жарманың орталығы Георгиевка селосының бір көшесі ақын есімімен аталады. Есімі қазақ-совет энциклопедиясына, «Ақын жыраулар», «Қазақстан ақындары» кітаптарына енгізілді.
Әдебиеттер:
Серікбаев Н. «Төгемін сөз маржанын сауылдатып,..»: (Ақынның туғанына 110 жыл толуына орай) //Дидар.- 1998.- 7 тамыз.
Зүкенов М. Ақынның туғанына - 110 жыл // Сарыарқа.-1998,- 8 шілде
Алтынбаев Қ. Ақын талантына бас ию // Семей таңы.- 1988.- 24 август
Алтынбаев Қ. Туған жерден шабыт алған // Семей таңы.- 1988.- 12 август.
Ерменбаев Т. Сапағали ақын // Қазақ әдебиеті.-1989.- 19 август.
Иса Биназаров, ақын, туғанына 110 жыл (1898-1964)
Иса Биназаров - ақын, әрі күйші, Абай ауданының Абыралы совхозында 1898 жылы дүниеге келді. Арғы атасы Байжан да, өз әкесі Биназар да кезінде елге мәлім, дәулетті адамдар болған. Иса жастайынан-ақ аңыз, қиссаларды жатқа айтатын болған. Бертін келе Абайдың және оның төңірегіндегі ақындардың өлеңіне ден қойып, жаттап, өзі де өлең шығара бастайды.
Ескіше білім алса да, оқығанынан тоқығаны көп Иса кейінірек тағы да бір үлкен өмір мектебіне тап болады. Бұл Иса 1917-1919 жылдары екі жылдық педкурста оқиды. Көкірек көзі ояу, өнердің дөстүрлі мектебінен тәлім алып келген ол, озық ойлы, танымы мол замандастарымен танысып, оларға жақын жүруге ұмтылады. Әртүрлі үйірмелерге қатысып, халық алдына шығып өнер көрсете бастайды. Жаңа заман, жаңа дәуір ықпалына орай енді оның өлеңдерінде де жаңа тақырып, тың ойлар бой көрсетеді.Осында өткен екі жылда ол қазақтың тарлан ұлдары Қ.Сәтбаевпен, Ж.Аймауытовпен, Ә.Қашаубаевпен танысып, араласады. Сол кездегі қазақ жастарының зиялылары атанған осы адамдардың касына еріп, жаңа өмір идеяларын насихаттауға бейімделеді.
Ақынның замандастарының айтуына қарағанда ол әсіресе Ж.Аймауытовпен жақсы қарым-қатынаста болған екен. Аз ғана бірге болғанмен олардың өмірге деген көзқарастары, жалпы ой-пікірлері тоғысқан тәрізді. Сол кісінің ақылымен Иса сол кезде шығып түратын «Қазақ тілі» газетіне ел өмірі туралы хабарлар жіберіп тұрды.
Иса Биназаров ғұмырының негізгі арқауын әділдікті қорғауға, қараңғылық жайлаған ел көкірегін оятуға бағыштаған адам. Өзінің шеберлігімен, тапқырлығымен, ұшқырлығымен айтыс ақыны атанған сөз зергері, Иса мұрасымен таныс жанашыр қауым оның бірнеше айтыс-сайыстарын біледі. Ол Қазак ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет жөне өнер институтының ұйымдастыруымен 1961 жылы тамыздың 3-5-күндері Алматыда өткен ақындардың республикалық мәслихатына қатысты. Өлеңді өмірлік серік еткен Иса оның әртүрлі жанрларына қалам тербеген. Акынның «Ақылға бағынышты», «Қарқаралы-Қазыбек» тәрізді бірнеше поэмалары бар. Өкінішке орай бұл өлеңдер баспа бетін көрген жоқ..
Иса өнерінің сабақтас тағы бір саласы - оның күйшілігі. Абай, Абыралы өңірінің жұртшылығы оны Толеуғожа күйшінің ізбасары, дәстүрлі Тоқа күйлерінің насихатшысы ретінде жаксы біледі.
Иса Биназаров-ақындығымен, күйшілігімен ел аузына іліккен өнерпаз ғана емес, ұйымдастырушылық қасиеті мол, ел басқарған қадірменділердің бірі. Ол кісінің өмірбаянында мұғалім, мектеп директоры, қызыл отау басшысы, сот қызметкері болғандығын көрсетеді. Оның осындай қоғамдық өмірі мен қызметі туралы белгілі жазушы С.Бегалиннің «Замана белестері» деген романында жан-жақты ашып көрсетеді.
Әдебиеттер:
Асабаев З. Иса ақынның ұлы Амантай ғалым // Мәдениет. - 2012. - №1. - 44-45 б. ; Парасат. - 2011.; № 11. - 10-11 б.
Әлімбек Қ. Атадан ұл туса игі еді //Қазақ әдебиеті.-2005.-20 мамыр.-І2 б.
Биназаров И. Ақылға бағынышты // Семей таңы.-2003.-14 паурыз, 21 ақпан.-14 б.
Дүйсембаев М. Иса Байназаров: Естен кетпес есімдер // Семей таңы.- 1990.-18 тамыз.
Елдің елдігі мен берекесін жырлаған: Ақын Иса Биназарұлының туғанына 100 жыл // Үш анық. -1998.-1 тамыз
Семей облыстық статистикалық комитеттің құрылғанына 135 жыл (1878)
Семей облыстық статистикалық комитет 1878 жылы Абайдың рухани досы Е.П.Михаэлистің бастамасымен құрылған. Ол Семейдің мәдени өміріне зор ықпал еткен ғылыми орталық болды.1886 жылы Михаэлистің ұсынысымен Абай осы комитеттің толық мүшесі болып сайланды. Ақын осы комитеттің жұмысына белсене араласып, қоғамдық ұйымдастыру ісіне атсалысумен бірге ғылыми-зерттеу жұмысымен де айналысқан.
Архив деректерінен тек 1883-1905 жылдар арасында ғана Семейдің өзінде жүзден астам саяси жер аударылғандар тұрғанын оқып, білеміз. Бір ғажабы сол, олар тағдырын тәңірден күтіп, қол қусырып қарап жатпапты. Қалаға келген бетте қызметке кіруге талпыныс жасады. Ал, ондай оқыған азаматтарға ол жылдарда Семейдің әкімшілік орындары мейлінше мұқтаж еді. Өйткені, қаланың өз халқы арасында тапсырылған қызмет түрлерін жүргізе қоятындай сауатты адамдар аз болатын. Міне, бұдан бір ғасырдан аса қалада облыстық Статистикалық комитеттің құрылу тарихы осылай басталған - ды.
Статистикалық комитетті бөле-жара сөз етіп отырған себебіміз, ол – осы өлкедегі тұнғыш мәдени әрі алғашқы ғылыми орталық болды. Оның сан – салалы қызметін жүргізуге тұрғылықты адамдар мен бірге қаладағы жер ауып келгендер де қатыстырылады. Солардың бірі – кезінде ұлы Абаймен достасқан орыс оқымыстысы Е.П. Михаэлис болатын. Евгений Петрович – облыстық Статистикалық комитетті құрушылардың бірі болды және оның секретары қызметін атқарды.
Е.П.Михаэлистің кім екенін және қаламыздың мәдени өміріне қандайлық үлес қосқанын бүгінгі семейліктер білмейді емес. Өйткені, ұлы Абайдың досы ретінде ол туралы облыстық баспасөз беттерінде көп жазылған.
Михаэлис – Семейде 1869 жылда бастап ұзақ уақыт тұрып, қызмет істейді. Оның Ертіс өңірі қазақтарының өмірі жайлы зерттеу еңбектерін жазатыны да, оның ұсынысымен Абайдың облыстық Статистикалық комитетке құрметті мүше болатыны да осы жылдар. Ал, кейін Комитеттің тапсыруымен Абай қазіргі «Қара сөздерінің» ішінде ең бір ерекшесі, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» зертеу еңбегін жазады.
XIX ғасырдың сексенінші жылының басы саяси жер аударылғандардың Семейге ерекше көп келген кезеңі болады. Солардың бір тобы өз ұстаздары Е.П. Михаэлис арқылы танысудан бастап, кейін Абайға достық қолын ұсынатын орыс оқымыстылары: А.Л. Блек, С.С. Гросс, Н.И. Долгополов, А.А. Леонтьев, П.Д. Лобоновский, Н.Я. Коншин және басқалар еді.
Облыстық Статистикалық комитет басшылары оған қазақтың әдет – ғұрпын, салт – дәстүрлерін зерттеумен шұғылдануды жүктейді. Соның ақыры – С.С. Гросс, А.Л. Блек және А.А. Леонтьев «Материалы для изучения юридических обычаев киргизов» деп аталатын көлемді де құнды еңбек жазды. Облыстық Статистикалық комитеттің Семей қаласының мәдени өміріне қосқан келелі үлестерінің екінші бір елеулісі ретінде 1883 жылы қалада облыстық музей мен облыстық қоғамдық кітапхана ашылды.
Әдебиеттер:
Семей облыстық статистикалық комиеті // Абай.-Алматы: «Атамұра», 1995.-514 б.
Семей кеше және бүгін : библиографиялық құрал. / Құрастырған З.Мағауина.- Семей: Талант, 2010.- 78 б.
Төлеуғазықызы З. Туған жер тұнған шежіре // Семей таңы. - 2007. - 24 мамыр. - С. 3
М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің құрылғанына
110 жыл (1903)
Іргетасы сонау 1903 жылы қаланған, 110 жылдық тарихы бар білім шаңырағында ұлтымыздың ұлылары М.О. Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Ш. Айманов білім алған. Оқу орнының жарқын бір беті Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, геология ғылымының 20 ғасырдағы аса көрнекті ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Қазіргі уақытта колледжде М. Әуезовтың мұражай-класы ашылған. Бұл мұражайда суреттер мен құжаттар, автографы бар кітаптар, ақындар мен жазушылардың портреттері жиналған. М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжі күндізгі бөлімге 9 және 11 сынып, сырттай бөлімге 11 сынып негізінде қазақ және орыс тілдерінде 11 мамандық бойынша даярлық жүргізеді. Колледжде оқу 6 компьютер сыныбында, оқу және әдістемелік құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген 60 кабинетте жүргізіледі. Осы жылдар ішінде 60 мыңнан астам мұғалімдер даярлап шығарған. Колледжде әртүрлі қызықты үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді. Колледж студенттерінің арасында «Оратор», «Шешен» клубы кең танымал, КТК (КВН) командасы қала және облыс жастарының сүйікті командасына айналған.
Колледждің оқу-материалдық базасы жақсы жолға қойылған. 72 пәндік кабинет, мамандандырылған 6 компьютерлік класс, 2 спорт зал, ритмикалық, тренаржерлік зал, 30 орынды жатахана, Кітапхана, оқу залы, асхана жұмыс істейді.
Колледж жылнамасы:
1903 жылы 1 шілде – мұғалімдер семинариясы 3 негізгі сынып және 1 дайындық сынып ретінде құрылды.
1904 жылы – 5 сыныптық жүйеге ауысып, 4 сынып негізгі, 1 сынып дайындық тобы болады.
1920 жыл – халыққа білім беру институты болып өзгереді.
1922 жыл – оқу орнының негізінде екі педтехникум (қазақ, орыс) ашылған.
1937 жыл – педтехникум базасында екі педучилище құрылады.
1953 жыл – екі педучилище біріктіріліп, К.Д. Ушинский атындағы педагогикалық училище аталады.
1957 жыл – оқу орны жабылып қалады.
1963 жыл – оқу орны қайта ашылады.
1968 жылы – оқу орнына М.О.Әуезов есімі беріледі.
1992 жыл 22 мамыр – Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бұйрығының негізінде педучилище педагогикалық колледж болып құрылады.
Әдебиеттер:
Мұқанова Б.Ж. Тағылымы терең, дәстүрі кемел// Білім.- 2003.- №4.- б.47
Мұхамедханов Қ. Тамаша тарихы бар техникум: Семей қазақ педтехникумына 70 жыл // Семей таңы.- 1992.- 2 маусым.- б.2
Мұхамеджанов М. «Ұлылардың рухани бесігіне айналған оқу орнын мақтан етемін» // Семей таңы.- 2006.- 15 маусым.- б.5
Мұхамеджанов М. Түлектері ірі тұлғаға айналған // Семей таңы .- 2003.- 22 тамыз.- б.4
Семейдің М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі // Семей таңы.- 2007.- 26 маусым.- б.11
Нұғманбекова Р. Ұлт болашағы – кемел білімінде // Дидар.- 2008.- 4 қараша.- б.2
Семей қаласында биологиялық орталықтың құрылғанына 70 жыл (1978)
Биологиялық орталық – Семей қаласының биология орталығы Шығыс Қазақстандағы балаларды экологиялық, эстетикалық бағытта тәрбиелеп, оларды еңбекке баулу мен білімдерін ұштауда еңбек етіп келе жатқан ұжым.
1983 жылдан бері Ертістің ортасындағы табиғаты әсем аралда орналасқан осы мекеме 2,06 гектар жерді алып жатыр. Бұл кешеннің оқыту базасы жақсы жолға қойылған. Өзінің құрылған күнінен бастап табиғат төлінің 80 түрінен 400-ге тарта аң-құс бар болса, осылардың 17 түрі Халықаралық және Қазақстанның Қызыл Кітабына енген. Оқыту –тәрбие барысында 3 сатылы оқу жүйесінде 56 салалық үйірме, оның ішінде 10 үйірме қазақ тілінде өз жұмыстарын жүргізіп келеді.
Екі бағыты үйірме жұмыстары болса, үшіншісі билогиялық ғылыми жұмыстарын тереңдете зерттеу болып табылады.
Биологиялық орталық негізінде жазғы экологиялық «Отан» лагерінде 500 оқушы демалып қана қоймай, түрлі аң-құстармен танысып, оқу жоспарлары негізінде өз таным, білімдерін толықтырады. Мұнда АҚШ-тан, Германия, Қытай, Түрік елдерінен арнайы қонақтар келіп, орталықтың жұмысын тамашалады.
Әдебиеттер:
Жоламанова П. Биологиялық орталық – балалар қуанышы // Семей таңы.-1998.-20 тамыз.
Қира Ө. Хайуанаттарға қамқорлық // Ертіс өңірі.-2003.-9 мамыр.-3 б.
Аталып өтілетін есімдердің әріптік көрсеткіші:
Әлімбетов С. -
Әбдікәкімов Т. -
Беков О. -
Бейсембеков А. -
Биназаров И. -
Дәстенов Ж. -
Ерсәлімұлы Б. -
Жанболатов М. -
Жиреншин Ә. -
Жұмаханов Ж. -
Қашаубаев Ә. -
Құдайбердіұлы Ш. -
Қыдыралин С. -
Мұсаұлы Ы. -
Омарбаева Д. -
Өлмесеков К. -
Рахимов Е. -
Сыбанов Б. -
Сұлтанбеков М. -
Шондыбайұлы У. -
Достарыңызбен бөлісу: |