Есмағанбетов Қарымсақ Арыстанұлы
Алға ауданы, Маржанбұлақ орта мектебі
директордың ҒӘЖ жөніндегі орынбасары
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБЫЛЕТТЕРДІ ДАМЫТУДАҒЫ
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МЕНЕДЖМЕНТ (физика пәні негізінде)
Бүгінгі таңда оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту білім саласының өзекті мәселесі. Маржанбұлақ орта мектебіндегі оқушылардың ғылыми қоғамының физика бөлімінің алға қойған негізгі мақсаттары:
Оқушылардың ғылыми зерттеулерге қызығушылығын қалыптастыру;
Шығармашылық қабілеттерді анықтау және дамыту;
Ғылыми ізденіс әдістеріне дағдыландыру;
Еңбекке творчествалық көзқарасты қалыптастыру;
Болашақ мамандық таңдауды ұйымдастыру.
Осы негізгі мақсаттарды жүзеге асыру қажетті құрал – жабдықтармен қамтылған физика кабинеті негізінде ғана мүмкін. Себебі физика бақылаулар мен тәжірибелерге негізделген ғылым. Педагогика классигі Я.А.Коменскийдің қағидаларына жүгінсек құбылыстарды, заңдылықтарды барлық сезім мүшелерімізбен зерделеп ой – елегінен өткізсек, табиғат құбылыстары туралы дұрыс және терең ұғым қалыптасады.
Сондықтан бірінші кезекте физика кабинетін қажетті құралдармен жабдықтау, приборларды жетілдіру, құрастыру, орналастыру жұмыстары қолға алынды.
Приборлар жасау үйірмесінде отыздан аса жаңа приборлар жасалды. Кабинетте мұғалім мен оқушылардың жұмыс орны қажетті электр кернеулерімен жеткілікті тоқ күшімен қамтамасыз етілді. Қуатты галоген шамдарын, лазерлерді қолдану негізінде геометриялық, толқындық оптиканың күрделі тәжірибелерін қарапайым және көрнекі орындауға қол жеткізілді. Облыстық кадрлар білімін жетілдіру және қайта даярлау институтының физика кабинетінің меңгерушісі Мукашев Мараттың жетекшілігімен мектептің осы бағыттағы іс – тәжрибесі қортындыланып аталған институттың ғылыми кеңесінің шешімімен 2002 жылы «Физиканы оқытудың тәжірибе – эксперименттік, практикалық бағыты» деген шағын еңбегіміз жарық көрді.
Приборлар жасау үйірмесінде оқушылардың дағдылары шыңдалып, стандартты емес ойлау, шешімдер қабылдау қабілеттері дамыды. Өз беттерімен ғылыми – техникалық әдебиеттерді талдауға, білімдерін іс жүзінде қолдана білуге машықтандырылды. Яғни үйірме мүшелерінің жұмыстары ғылыми зерттеулермен ұштасып жатты деуге толық негіз бар.
Маржанбұлақ орта мектебінде 2001 жылы қазан айында «Мектеп базасында қажетті физикалық приборларды жасау» деген тақырыпта облыстық физика пәні мұғалімдерінің семинары болды. Осы семинарда оқушылар дайындаған бірнеше приборлардың ішінде механикалық тербелістерді зерттеуге арналған «Горизонталь серіппелі маятник» ерекше қарапайымдылығымен, көрнекілігімен көзге түсті. Семинарға қатынасушылардың ұсынысымен осы приборды Кіші Ғылым Академиясының облыстық ғылыми проектілер сайысына дайындадық.
Енді оқушылардың /Жакешов Асхат, Айзбаев Руслан – 9 сынып/ ғылыми проектылар сайысына дайындау барысындағы ізденушілік жұмыстарына тоқталсақ. Оқушыларға қысқа мерзімде ғылыми проектінің мәтінін дайындау оңай шаруа болған жоқ. Яғни проектінің тақырыбын айқындап, міндеттерін, проблемасын, гипотезасын нақтылап, парактикалық маңызы мен жаңалық деңгейін пайымдау қажет болды. Жұмыс барысында проектінің тақырыбы бірнеше рет өзгерді: «Горизонталь серіппелі маятник», «Әмбебап маятник», соңында «Механикалық тербелістерді зерттеуге арналған қондырғы» деп қабылданды. Бұл орайда айтарымыз тақырып жұмыс барысында құрақ көрпе тәрізді «пішіліп, тігіліп» жинақталады, нақтыланады. Тақырып зерттеуші мүмкіндігімен, мектеп қажеттілігімен ұштастырылуы тиісті. Осылай болғанда зерттеу тақырыбы зерттеу барысында жинақталған мағлұматтар негізінде нақтыланып, ұшталып өзгеріп отыруы заңды құбылыс.
Зерттеу гипотезасын айқындау, нақтылау зерттеу жұмысының өзегі, алдағы жұмыстың бағыт – бағдарын анықтайды десек артық болмас.
Зерттеу барысында бірнеше гипотеза қарастырылды:
1.Механикалық тербелістерді горизонталь серіппелі маятник негізінде зерделеу терең, сапалы ұғымдарды қалыптастырады;
2.Горизонталь серіппелі маятник тербелістерді зерттеудің әмбебап құралы;
3.Мектеп базасы негізінде физикалық приборларға қойылатын сапалық, көрнекілік, қарапайымдылық талаптарына сай өндірістік негізде шығарылмайтын физикалық құбылыстарды зерттеуге арналған қажетті приборларды жасау мүмкіндігі.
Бірінші гипотезаны зерттеп, дәлелдеуге оқушылардың мүмкіншілігі келмеді, себебі салыстырмалы эксперемент жүргізу керек болды. Параллель екі сыныптың біреуінде маятниктің қолданылуымен, екіншісінде маятникті қолданбай сабақтар өткізіп, білім сапалары сарапталуы тиісті. Екінші гипотезаны шешу оқушыларға оңай еместігі көрініп тұр, себебі өнеркәсіп негізінде шығарылған тербелістерді демонстрацияланатын приборларды сараптай отырып өзіміз дайындаған прибордың әмбебап екенін дәлелдеу керек. Сондықтан жұмыстың зерттеу өзегі ретінде үшінші гипотеза қабылданды.
Осы айтқандардан әр гипотезаның өзіндік, ерекше зерттеу, дәлелдеу әдістері бар екендігі көрінеді. Жалпы алғанда гипотеза зерттеушінің мүмкіндігіне, мектеп базасына негізделуі тиісті.
Зерттеу жұмысы тақырып таңдап, гипотезаны айқындаумен шектелмейтіні белгілі. Зерттеушілер ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасай білуі, конспект, реферат жаза білуі, яғни зерттеу технологиясын меңгеруі қажет. Бұл оқушыларды зерттеу жұмысына арнайы дайындауды, машықтандыруды талап етеді және де мұғалімдер де зерттеу технологиясын меңгеруге міндетті. Сондықтан мектебіміз қазақша – орысша аралас болғандықтан мұғалімдермен «От исследовательской культуры учителя к исследовательской культуре учащихся» деген тақырыпта семинар – тренинг өткіздік.
Дегенмен бұл орайда «суда жүзіп үйрену үшін суға түсу керек» деген қағиданы айта кеткен орынды. Яғни зерттеу технологиясын меңгерту үшін зерттеу жұмыстарымен шұғылдану керек.
Үстіміздегі оқу жылында оқушыларымыз «Механикаға арналған жеңіл арбашалар» тақырыбында зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Осы тақырыппен облыстық «Дарын» бөлімінің ғылыми проектілер сайысына қатынасуға дайындалудамыз. Проект бойынша қажетті приборлар жасалды, сынақтан өткізілді. Қазіргі кезде бұл проектінің тақырыбы, проблемасы, мақсаттары, гипотезасы «пішіліп, тігілуде» яғни ғылыми проектінің мәтіні дайындалуда.
Зерттеу жұмыстарымен айналысу оқушылардың болашағына қалай әсер етеді деген сұрақты қарастырсақ: 2002 жылы «Механикалық тербелістерді зерттеуге арналған қондырғы» тақырыбымен айналысқан 9 – шы сыныптың екі оқушысы (Жакешов Асхат, Аизбаев Руслан) КҒА – ның облыстық ғылыми проектылар сайысында екінші орынға ие болды. Сол кезде олар тоқсан қортындылары бойынша нобайы «жақсы» деген бағамен оқып жүрсе, 2004 жылы орта мектепті барлық пәндерден «өте жақсы» деген қортынды бағалармен бітірді. Физика саласы бойынша мамандық таңдап Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетке қабыолданды.
Оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда жоғары оқу орындарымен байланыс жасау оң нәтижелерін беретінін айтқымыз келеді. Жұбанов университетінің кафедра меңгерушісі физика – математика ғылымдарының кандидаты Шукуров Жәрдемғали оқушылардың жұмыстарын жетілдіруге ұсыныстарын айтты, жетекшілік жасады.
Ойымызды қорыта келе, егер оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстары обстрактылы тақырыптарға негізделмей, мектеп өмірімен ұштасып жатса, физика кабинетін дамытуға бағытталып, зерттеу технологиясын меңгертуге негізделсе оңды нәтижелерін береді демекпіз. Зерттеу техникасын меңгеру кезкелген жұмысқа творчестволық көзқарас қалыптастыруға, жұмыстан қанағат табуға, жұмыстың тиімді әдістерін іздеуге баулиды.
Достарыңызбен бөлісу: |