Баланы еркелету және жазалау
Тәрбиеші: Нурмагамбетова М.С.
Қостанай қаласы
Шектен шықпауға тиісті біздің данагөй халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін болашақ тәрбиесі деп түсінген. Сол себепті, жаман мінез, қылықтан сақтандыруда «ұлға – отыз үйден, қызға - қырық үйден тыю» салған. Бұл және де біздің қазақ ұлтында бала тәрбиесінің бүкіл әулеттің, бүкіл ауылдың асыл парызы болғанын, оған отбасы, туған-туыс, көрші-көлем, ағайын болып ат салысқанын танытады. Өйткені, ол бай іс-тәжірибені, жоғары адамгершілік қасиеттер мен ақыл-парасатты, білімділік пен даналықты талап етеді. Мұны терең түсінген Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. ... бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы», - деп айтып кеткен ғой. Бүгінгі әңгіме: бала тәрбиесіндегі еркелету мен жазалау хақында.
Жүрек жылуына бөлеу
Адам табиғатын зерттеушілердің, жұлдызнамашылардың пайымдауынша, «әрбір жан иесінің мына жарық дүние есігін ашуы ғарыш – адам – кеңістік – жер үндестігінің жемісі. Шыр етіп сәби туғанында ғаламшарлардың, жұлдыздардың дәл сол сәттегі орналасу тәртібі оның бүкіл тағдырына үнемі өз ықпалын жасайды». Алайда тәлім-тәрбие, ыстық ықылас, аялы қамқорлық арқылы адамның өмірін жақсы жолға салып, оқыс оқиғаларды, күтпейтін қиындықтарды алдын-ала сезінуге, оны болдырмауға тосқауыл қоюға да болады.
Ең бастысы, жаңа туған нәрестенің өзіне ата-анасының, туған-туыстарының күле қарауынан, жылы-жылы сөйлеп, жақсы көруінен, иіскеп, аялауынан бақытты сезінетіні, олардың қарым-қатынасты түсіну қабілетінің артатыны есіңізде болсын. Жыламайтын, мазасызданбайтын, ауырмайтын сәби жоқ. Әсіресе, жас нәресте жылаған кезде қолыңызға алып, құшағыңызға қыспасаңыз да, жанында отырып уатуға тырысыңыз. Мұндайда сәби ата-ана ықыласынан, назарынан тыс қалмасын. Сонда оның бойында сенімділік сезімі қалыптаса бастайды, жалғыздық, керексіздіктен туындайтын үрей, қорқыныш, жалтақтық бойын билемейді. Өмір тәжірибесі көрсеткеніндей, бала көбінесе, тісі өскенде, жүре бастағанында, сөйлеуге талпынғанында ерекше жылауық болып келеді. Бұл денелік, рухани қажеттіліктің салдары. Одан қорықпаңыз.
Кішкентай кезінде балалар қолына не болса, соны алады, бәрін де ұстап көргісі келіп, қызығады. Ұстауға болмайтын заттарды (өткір, қатты, иісті, кір нәрселерді, асыл бұйымдарды, қасиетті кітаптарды және тағы да басқаларды) қолынан аларда ата-анасы ашуланбай, ұрыспай, жылы сөзбен оны беруге көндіріп, жылатпауға, ренжітпеуге тырысқаны жөн. Тек мұндай заттарды баланың алуға болмайтынын кесімді түрде ескерткен де дұрыс. Мысалы: «мұны балаларға ұстауға болмайды», - дегендей.
Психолог-дәрігер жас балаға ата-анасы бір нәрсе айтарда тізерлеп отырып, онымен бойы бірдей жағдай да сөйлескен жақсы әсер етеді дейді. Иә, әрбір жас бала ата-анасымен, туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болғанды, олардың алдында еркін жүріп, тұрғанды қалайды. Егерде ата-анасы жас сәбиімен үнемі жоғары отырып, түрегеліп тұрып «биіктен» сөйлесетін болса, бала «жоғары жаққа қарағыш» болып өседі, кемістік, әлсіздік сезімдеріне беріледі. Сәби де, ата-анасы да бір-біріне тура қарап сөйлессе, екеуі де әдемі қуатқа бөленеді.
Еркелетіп, әлпештеу
Барлық ата-ана баласын еркелетіп өсіреді. Тек, осы еркелету шектен тыс болса, оның зияны өте зор. Керісінше, біздің көптеген ата-аналарымыз баласының қалаған барлық тағамын ішкізіп, қалаған барлық киімін үстіне жапсырып, қалаған барлық заттарын сатып алып береді. Мұны ұл-қызының мұқтажсыз өмір сүруіне жағдай жасау деп түсінеді. Содан бала ешнәрсенің нарқын да, парқын да білмей өседі. Ержете бастасымен-ақ ата-анасына өтініш көбейіп, «аспандағы айды алып бер», - деуден де тайынбайды. Тіпті, өсе келе баланың өтініш, тілегі бұлжытпай орындалуға тиісті талапқа, бұйрыққа да айналады.
Еркелетіп, әлпештеудің күшейетін бір кезі бала ауырып қалғанында. Көп ата-ана баласы сәл сырқаттанып қалса да оған айрықша көңіл бөліп, асты-үстіне түсіп өбектейді, айтқан тілегінің бәрін орындауға жанталасады. Ал, психолог-дәрігер бала ауырғанда оған өте айрықша көңіл бөлмеуге кеңес береді. Себебі, кейбір балалар өздері ауырғанында ата-анасының ерекше назар аударатынын байқап, қалаған затын алдырту үшін өтірік ауыратын да болады. Және де баланы ойнатып отырып тамақтандырмаңыз. Бұлай жасасаңыз, балаңыз тамақ ішерде Сіздің өзіне ерекше ықыласыңыздың ауғанын, өзімен ойнағаныңызды күтетін, соған әдеттенетін болады. Егерде сондай жағдай қалыптасқанда балаңызға көңіл бөлмесеңіз, ол жабырқап қалады, қыңыр, қырсықтыққа салынады, тамаққа тәбеті тартпайды.
Кейбір балалар «қорқып жатырмын», - деп анасын жанынан шығарғысы келмейді. Мұндайда оның «қулығын» біле тұра, оған қарсы шықпай, ұрыспай, құшаққа алып, неден қорқып жатқанын білуге тырысқан жөн. Қорыққаны қулық болса, оны өзіңнің сезетініңді білдіріп, әке-шешесін бұлай алдауға болмайтынын жайлап түсіндірген де абзал-ақ.
Ата-анасының баласына шектен тыс көңіл бөлуі отбасындағы тыныштықты да бұзады, баланың дұрыс жетіліп өсуіне кесірін тигізеді. Баланы шектен тыс қорғаштау да қауіпті. Өйткені, мұндай балалар үшін бәрін де ата-анасы жасап, жаман үйреткені үшін олар өмірге жеткілікті мөлшерде дайын болмай, ата-анасынан жәрдем күтеді. Сөйтіп, әке-шешесіне өмірбақи масыл болады. Шектен тыс әлпештеуге үйреніп, оны өз пайдасына жаратып, әдеттенген бала ешкімнен жылы сөз естімейтін ортаға тап болса, депрессияға ұрынуы да әбден мүмкін. Ата-анасы өміріне көп араласқан бала ержетсе де бір нәрсені бүлдіріп алатындай, өз бетінше іс-әрекет жасай алмайды. Мінеки, мұның бәрі шектен тыс еркелетуден, әлпештеп өсіруден.
Баланы жалғызсыратпау
Қазіргі өмір қат-қабат шаруаға толы. Көп балалардың ата-әжесі жок, әке-шешелері таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Сол себепті өте жастары күндіз балабақшада, мектеп жасындағылар сабақтан соң үйде жалғыз қалып, өмір сүруде. Жасыратыны жоқ, жұмысбасты ата-аналардың кешкі, түнгі демалысында да баласына тиісінше назар аударуларына уақыты, мұршасы жетпейді. Содан көп бала өз бөлмесінде өзімен өзі ойнайды, жалғыз отырады. Олардың ас дайындап, кір жуып, үй жинап жатқан анасынан сұраған сауалына да алып жатқан жауабы мардымсыз. Яғни, көп ата-ана жұмыстан кейін де жас баласымен отырып әңгімелеспейді, оларды ешнәрсеге үйретпейді, ойнатпайды, ертегі айтып бермейді. Жас баланың жүрегі таза айна тәрізді. Ол алдында тұрған, өзі көрген нәрсені, жағдайды тез қабылдайды, жақсы, жаманның не екенін өз бетінше айыра алмайды. Осындай уақытта ата-анасы оларды лас, жаман әдеттерден аулақ ұстауға, жаман балалардан бөлектетуге тиісті.
Бала тәрбиелеу тәжірибесінен
Әр елде бала тәрбиелеудің, оның тентектігі, жағымсыз қылықтары үшін жазалаудың әртүрлі тәсілдері, жолдары бар.
Жапонияда: сәбилерге 5-6 жасқа дейін барынша ерік беріледі. Олардың сындырғанына, бүлдіргеніне, артық та орынсыз айтқан сөздеріне ешқандай назар аударылмайды. Сол сағатында тәрбиелейміз, жөнге саламыз деп шаршап, шалдықпайда, жүйкесін жұқартпайды.
Тек әрбір бала 5-6 жастан асқан соң оларға басқаша талаптар қойылады. Себебі, ақыл-есі бар балалар ол талаптың керектігін, мән-маңызын түсіне алады.
Қытайда: біздің жыл санауымыздан бұрын қытайлық данагөйлерден қалған бір өсиет: «Бір жылдық ғұмырың қалса, дәнді дақыл себіңіз, он жылдық ғұмырың болса, жеміс ағаштарын отырғыз, ал егерде бір ғасырлық өмірің болса, онда оны бала мен жастарды тәрбиелеуге арна».
Римде: осындағы психология институттарының бірінде жасалған тәжірибе қорытындысы: «Баланың болашақтағы қызмет мансабы 2-3 жасынан-ақ қалыптасады». Яғни, дүние есігін ашқан сәттен бастап сәбиіне еркіндікті, мейірім мен махаббатты мейлінше көп берген отбасының балалары қызметтік өсу жолында кедергілерге аз кезігеді. Өзіне деген сенімділігі мықты бала кез-келген қиындықты мойымай көтеріп, алға қарай ұмтыла түседі. Керісінше, қатал тәрбие мен шектеулерді отбасында көп көрген баланың өмірлік жолы ауыр болады, тіпті, олар кейде ішімдікке салынып, қаңғыбасқа да айналып кетеді. Рим психологтары осы орайда әрбір баланың сенімділігін арттыру арқылы оның болашағына үлкен үлес қосуға болатынын айтады.
Қазақ даналығы: «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан кейін досыңдай сыйла».
А.С.Макаренконың пайымдауынша: ол халық алдында бала тәрбиесі туралы лекция оқып тұрғанында үш жасар баласы бар бір келіншек оған:
- Антон Семенович, айтыңызшы, баланы қай жастан бастан тәрбиелеу қажет?, – деп сұрақ қояды. Танымал педагог:
- Балаңыз неше жаста?, - дейді.
- Үш жаста.
Осы сөзді естігенінде А.С.Макаренко былай дейді:
- Балаңыз үш жаста болса, Сіз шындығында бұл баланы тәрбиелеуде үш жыл кейін қалып қойдыңыз...
Баланы жазалаған дұрыс па?
Бірқатар ата-аналар баласын жөнге салу үшін оларды әлі күнге дейін ұрады, оларға ұрсады, әртүрлі тиымдар салады. Этнограф Жағда Бабалықұлының айтуынша, дүниеде адамды ұрып-соғу тәрізді жазалардың жүз жиырма түрі бар. Ал баланы жазалау дегеніміз оны міндетті түрде таяққа жығу емес. Ата-ана тарапынан бір нәрсеге рұқсат бермеу, шектеу қою, өкпелеу, сөйлеспей қою да жаза түрлеріне жатады. Негізінде, жазалаудың тәрбиелік ықпалы болатын да жақтары баршылық. Мысалы, Сіз балаңыздың жеңіл-желпі бұзықтығына мән бермей, кешіре салсаңыз, ол өзінің осындай іс-әрекеттерінің елеусіз, жазалаусыз қалатынына сеніп, оны қайталай беретін болады. Сонан жеңіл-желпі бұзақылық үлкен тентектікке де ұласады. Алайда есте болатын бір жағдай, баланы үнемі қатал тәрбиелеп, оның әрбір әрекетіне жөнсіз ескерту жасай бермеңіз. Мұндай бала жасқаншақ болып өседі. Және де орынсыз айтылған сын-ескертулер баланың өзін-өзі бағалауын, өзіне деген сенімділігін де төмендетеді. Олар өскенде өз бетімен әрекет жасауға қорқады. Ата-анасы үнемі кемшілігін көріп, ұрсу ести берген баланың көп іске деген ынта-ықыласы мен құштарлығы да жойылады.
Шығыс ойшылдары балалардың қателік жасауларына рұхсат ету керек, - дейді. Себебі, қателескен сайын балалардың тәжірибесі арта түсетін көрінеді. Қателесу, оны түзету үстінде балалар өздерінің қолынан қандай істердің келетінін де түсініп, басқалардың көмегіне мұқтаж болмай өседі. Тек, баланың қате қылығын тыйған кезде оның орнына басқа бір дұрыс қылықты көрсету, үйрету қажет. Ойнағанда да, бір нәрсемен шұғылданғанда да осы қағида ата-анасының есінде болса, нұр үстіне нұр жауады. Балалық қызығушылық көп қателіктерге ұрындыратындықтан, ол үшін жазаламай, керісінше, оған талдау жасалып, дұрыс бағасы беріліп отырса, қажет кезінде қателігін қайталай бермеуі үшін баланы жазалап қойса да артық емес. Алайда кешірім өте жиі жазалау шектен болмасын.
Үйретіп, ұқтырудың үлгілері
Елінің сүйікті перзенті етіп ұл-қызын өсіргісі келген ата-ана ең әуелі балаларын еңбекке баулуға, қалаған ісін үйретуге, түсінбеген мәселелерін ұқтыруға тиісті. Ол үлкен төзімділікті талап етеді. Еңбекке баулу балалардың жас шағынан басталатын болғандықтан, оларға берілетін тапсырмалар: қоқысты шығару, дүкеннен нан әкелу тәрізді бірсарынды болмасын. Жасөспірім үйдегі бір жұмыста көмектесуге ниет танытса, қолынан қақпаңыз, тиым салмаңыз. Жеткіншек атқаратын шаруа, жұмыс әртүрлі, қызықты болса, оның еңбекке баулуда пайдасы зор. Әсіресе, әрбір оқушының күн тәртібінің кестесі болуға тиіс. Бұл баланы жауапкершілік пен тәртіпке үйретеді, жақсы тынығуына жәрдемдеседі.
Эмоционалдық бұзылыстарға жол бермеу
Бұл бала тәрбиесіндегі ең басты талаптардың қатарында. 8-10 жастағы балалар өмірдің мәнін, мағынасын бағалай білмейді, түсінбейді. Сол себепті өлімнен қорықпайды. Бала психикасы өте осал. Олар өлуге (суицид) әрекет жасағанында, өзгелердің бұл үшін өкінетінін, жылайтынын еске алып, өздеріне назар аудартуды ғана ойлайды. Өзіне-өзі қол салған балалардың 75 пайызы ата-аналары ажырасқан отбасылардан болатындықтан, психолог-мамандар отбасылық мәселелерді айтып, салмақ салмауға, ондай балаларға шамадан тыс талап қоймауға, қатыгездік жасамауға, оларды түсінуге, күнделікті ой бөлісуге, әңгімелесуге, санасуға, ұрыспауға, ұрмауға ақыл-кеңес береді.
Негізінен, эмоционалдық бұзылыстардың басты-басты белгілері мынандай:
- Тәбеттің жоғалуы немесе ашқарақтық;
- Ұйқысыздық немесе ұзарған ұйқышылдық;
- Ішінің, басының ауыра беруі, тұрақты түрде шаршап-шалдығу;
- Өзінің сыртқы келбетіне менсенбеушілік;
- Жалғызсырау, өзін кінәлі санау, қайғыру;
- Достары мен отбасынан оқшаулану;
- Болашағы туралы ойланбау, оны жоспарламау;
- Ұсақ-түйекке орынсыз ашулану, ызақорлық.
Бала – біздің бауыр етіміз, бақытты болашағымыз. Халқымыз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», - демекші, бала тәрбиесіне отбасында өмірге келген күнінен бастап айрықша мән берейік, ағайын.
№ 7 бөбекжай бақшасы.
Ата — аналармен бірлесе ..........
“Баланың жақсысы-қызық,
жаманы — күйік”
(ата — аналармен дөңгелек үстел)
Тәрбиеші: Нурмагамбетова М.С.
Қостанай қаласы
Бөлме ішінде дөңгелек үстел жасаулы
Тақтада: «Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады» атты ұлағатты сөз жазылған.
Жүргізуші:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата — аналар!
Бүгін біз сендермен бала тәриесә жөнінде ой бөлісу мақсатында бүлдіршіндерімізді ортаға алып,жиналып отырмыз.
«Ағаштан ағаш рең алады,адамнан адам тәлім алады» демекші әрбір ата ана өз баласының тәрбиелі де рухани азығы мол азамат болып өсуін тілейді.Балаға тәрбиені кім береді.Әрине біз үлкендер береді.Кім өз баласын жамандыққа қияды. «Өзіміз өмірге не қосақ, өмірден соны ғана табамыз» деп текке айтылмаған ғой.
Ал енді, рұқсат етіңіздер,мына сахыналау көрінісіне назар аударайық.
Сахыналау. «Мейірбан»
Үйге апасы кіріп, Мақсатқа:
дүкенде алма сатылып жатыр екен,барып кезекке тұра берші,мен қазір барамын , дейді.
Мақсат велосипедімен зымырап отырып,дүкенге тез жетті.Алушылар көп екен.Мақсаи кезекке тұрады.
Мақсаттың кезегі жете бергенде, кенет сатушы кезекте тұрған жұртқа:
жолдастар, алма бітті.Мына балалардан кейінгілеріңіз тұрмай ақ қойыңыздар! - деді.Кезектегілер өкініш сөздерін айтып, тарай бастайды.Қолында дорбасы бар кемпір алға ұмтылып:
Шырағым, алмаң бітіп қалды ма?Қаладан немерелерім келуші еді, соған біраз тауып берші, сатушыға қинала қарайды.
Жоқ шешей бітіп қалды. Деді сатушы қалған алманы Мақсатқа өлшеп жатты.Мақсат таразыдағы алмаға бір қарап, кемпірге бір қарап қояды.Кенет ол:
Әже мына таразыдағы алманы сіз ала қойыңыз,мен апама бәрін түсіндіріп беремін, ол ұрыспайды алыңыз деді.
Ой, өркенің өссін.Көп жаса, не деген мейрімді едің...... Рахмет айналайын! Деп алғысын жаудырды.Мақсат кетуге ыңғайлана беріп, артына бұрылса, апасы тұр екен.Бала сасқалақтап қалды да
Білесің бе, апа ............. дей бергенде апасы оның сөзін бөліп:
Білем, білем балам айтпай ақ қой.Тек, әрқашан да осындай бол! Дейді күлімсіреп.
Ой бөлісу сәті
Ата аналарға сұрақ:
Әңгімеден не түсіндіңіздер?
Бұл әңгіменің қандай тәрбиелік мәні бар деп ойлайсыз.
Жүргізуші:
«Өнерлі бала өрге жүзеді» дегендей,балаларымыздың өнерін тамашалайық.
Ән: Бақытты баламыз.
Тақпақтар.
Мейірімді, сымбатты,
Қадірменді, қымбатты.
Ең жақын жан балаға, кім десеңдер.
Ол ана
Асыр саласа немерелер
Азан,қазан тайраңдап кеп.
Әжелері еміненер,
Құдай бере салғандар деп.
Әлпештеген анам қымбат,
Еркелеткен анам қымбат.
Еркелеткен інім қымбат,
Көңілімдегі көкем қымбат.
Ойын: Танып ата.
Ойын шарты:Ата- аналармен балалар бір -бірлеріне қарама - қарсы тұрады.Бір ата- ана көзі жұмулы күйінде сипалау арқылы өз баласын тауып алу қажет.
Жүргізуші:
Ал енді құрметті қонақтар,мына сахыналауға назар аударыңдар.
Сахыналау: Қымбат машина
Бірде әкесі Аманға жаңа ойыншық сатып әкеліп береді де. «Сындырушы болма қымбатқа алдым » дейді.Қандай ойыншық десеңші.Қара бояуы жылтыраған әдемі машина.Келесі күні Аман жаңа ойыншығын ұстап алаңға шықты.
Сыртта оны Рахат,Қанат,Қали,Мұса қоршап алды.
Қараңдаршы папам әперді.Аман машинасын құшағынан шығармай мақтана сөйледі.
Әкелші көрейік......
Бере тұршы, жүреме екен.
Қандай әдемі, кел ойнайық
Аман ойыншығын қапсыра құшақтап, оларға бермей қояды.Әрі беріден соң Рахат,Қанат,Қали,Мұса да өз беттерімен ойнап кетті.Аман үйге келіп ойыншығын төсегенің астына қойды да, сыртқа шықты. Қараса, балалар өздерінше арық қазып ойнап жүр екен.Аман қызығып, жүгіріп келді.
Мен де ойнайыншы!
Ал балалар болса үндемей ойындарын жалғастыра берді.
Ой бөлісу сәті.
Ата аналарға сұрақ.
Көріністен не түсіндіңіздер.
Кім қателік жіберді деп ойлайсыздар.
Аман кінәлі ма.
Аманның әкесінің орнына сіздер қайтер едіңіздер.
Ата- аналарға арналған тест. Сіз қандай ата- анасыз?
Балалармен шығармашылық тапсырма: Ең жақын туысыма сыйлық.
Баяу әуен арқылы балалар ең жақын туысына деген сыйлықтарын қағаз бетіне түсіріп,сыйға тартады.
Дөңгелек үстел соңы ата аналармен балаларға інмен аяқталды.
№7 бөбекжай-балабақшасы
Ақпарат
«Тәй - тәй» бағдарламасы
Тәрбиеші: Нурмагамбетова М.С.
Қостанай қаласы
Отбасы және балабақша мектепке дейінгі бала өмірінде ең құнды әлеуметтік институты болып табылады. Тек қана балабақшада және отбасында балалар қоршаған орта туралы мәліметтер алады, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытады, сүйіспеншілікке, қасындағы жолдастарына көмектесуге үйренеді. Сондықтан да отбасы мен балабақшаның қызметтерін бөлуге болмайды. Өйткені балабақша және отбасы тығыз байланысты. Сондықтан да ата- аналар отбасындағы педагогтар қызметін, ал тәрбиешілер балалабақшадағы ата- ананың рөлін атқаруы қажет. «Тәй – тәй» бағдарламасы осы күрделі мәселені кеңінен қарастырады. Менің жұмысымның мазмұны осы мәселеге тікелей байланысты. Соның айғағы ретінде ата- аналармен жүргізілетін жұмыстың алға шарттарын ұсынамын.
Ата-аналармен жұмыс жүргізудің негізгі алғы шарттары
Әрбір адам жақсы ата-ана болғысы келеді.
Барлық отбасы көмекті қажет етеді. Көмек түрі отбасының нақты қажеттіліктеріне байланысты болады.
Әрбір отбасының мықты жақтары болады.
Қолдау көрсету отбасын тәуелді етуді емес, оның қиыншылықтарды жеңу мүмкіндігін нығайтуды көздейді.
Баланың дамуы туралы ақпарат ата-аналарға бала тәрбиелеуде өз рөлін жүзеге асыруға ықпал етеді.
Әлеуметтік қорғау, өзара көмек және құрбылар арасындағы көмек желісінің болуы отбасының бала дамуына жағдай туғызатын орта ретіндегі мүмкіндігін арттыруда маңызы зор.
Отбасы қоғамның құрамдас бөлігі болып табылады; Сондықтан оған көрсетілетін көмек қоғамның мүмкіндіктеріне тікелей байланысты.
Қоғам тарапынан көрсетілетін қолдау ата-аналар өміріндегі тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті нығайтуға ықпал етеді.
Әрбір отбасы көрсетілетін көмектің тиімділігіне көзі жеткенде ғана, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.
Әр топтарда балабақшадағы болып жатқан іс – шаралар туралы мәліметтерді беру үшін «Ата – аналар бұрышы» жасалынған. Сонымен қатар «Денсаулық бұрыштары» бар. Осы аталған бұрыштарда ата-аналарға арналған мамандардың ақыл – кеңестері бар.
Ата - аналар тәрбиешілермен қарым – қатынасқа бар ынталарымен және мерекелік ертеңгіліктерге қуана қатысып отырады. Және де ата – аналар арасында жүйелі түрде әртүрлі тақырыпта сауалнамалар жүргізіліп отырады.
Балалардың оқыту тәрбие жұмысының жоғары деңгейде болуына, балабақша мен отбасы арасындағы жүйелі қарым – қатынасы ықпал етеді.
Жоғарыда айтылған іс – әрекеттердің барлығы «Тәй - тәй» технологиясының терең философиялық аспектісі болып табылады. Әр баланың білімді, білікті, мәдениетті, тәрбиелі ортада тәрбиеленуі ата – аналар үшін ең маңызды мәселе. Сондықтан да балабақша мен отбасы арасындағы қарым – қатынас әр уақытта жоғары деңгейде болуы тиіс.
№7 бөбекжай-балабақшасы
Баяндама
Достарыңызбен бөлісу: |