Шет тілін оқытуда жаңа ақпараттық технологияларды қолдану ерекшеліктері
Қазіргі кезде жаңа ақпараттық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдар тек ғылыми зерттеулер мен əр түрлі əлеуметтік, экономикалық жəне саяси процестерді басқаруда ғана емес, білім жүйесінде де кең қолданыла бастады. Ақпараттық технологиялар мен компьютерлік желілерді пайдалану арқылы жүргізілетін оқытудың жаңа формаларының ауқымы кеңейіп келеді. «Ақпараттық жəне коммуникациялық технологиялардың қазіргі оқыту жүйесінде кеңінен пайдалану кезеңінде білім мекемелері негізінде білікті мамандардан, ақпараттық құралдар кешенінен, құжаттар айналымынан, мəліметтер базасынан жəне басқа да ақпараттық қамтамасыз ету элементтерінен тұратын біртұтас жүйе құру қажеттілігі туындайды. Осындай жүйе құру кезінде, бір жағынан, ол уақыт барысында тұрақты өзгеріп отыратын объект екенін, екінші жағынан, мұндай жүйе білім мекемесінің барлық жұмыс түрлерін (оқу үрдісі, басқару, ғылыми, зерттеу) сүйемелдеуді қамтамасыз ете алатынын есепке алып отыру керек».
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005–2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «Экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті жəне бəсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын арттыру жəне кəсіби міндеттерін дербес əрі шығармашылық, тұрғыдан шешуге, кəсіби қызметтің тұлғалық жəне қоғамдық маңызын түсінуге, оның нəтижелері үшін жауап беруге қабілетті кəсіби құзыретті жеке тұлғаны, бəсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады...» — деп атап көрсетілген.
Қазақстан Республикасында білім жүйесін реформалауда, оны ұлттық модель құруға бағыттау барысында парадигмалардың ауысуы орындалады. Жоғары мектептердің əлемдік білім кеңістігіне ену процесі педагогикалық технологияның жаңару қажеттілігін тудырады. Интеграциялық процестердің интенсивті дамуы, кəсіби жəне академиялық тəжірибелердің өсуі оқыту əдістерінің тиімділігін арттырады.
Соңғы жылдары оқу ағарту жүйесінде жаңа ақпараттық технологияны қолдану мəселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл тек ғана жаңа техникалық құралдарды ғана қолдану емес, сонымен қатар оқыту үрдісінде жаңа формалар мен оқытудың жаңа интерактивті əдістерін қолдану деген сөз.
Жоғары білім берудің қазіргі жүйесі ақпараттық технологияларды жəне компьютерлік телекоммуникацияларды өте белсенді қолдануда. Қазіргі жаһандану заманында Интернет жүйесінің пайда болуымен байланысты қашықтықтан білім беру жүйесі динамикалық түрде дамуда, ол өз кезегінде білім беру мекемелерінің қуатты компьютерлік технологиялармен қамтамасыз етілуін талап етеді. Оқытудың компьютерлік технологиясы дегеніміз — оқушыға компьютердің көмегімен ақпаратты даярлау жəне беру процесі. Компьютерлік технологияға оқытудың əр түрлі əдістерін енгізуге болады: программалық оқыту, интеллектуалдық (проблемалық) оқыту, эксперттік жүйелер жəне т.с.с.
Жаңа компьютерлік технологиялардың дидактикалық мүмкіндіктері (дыбысты қосу-өшіру, жауапты дискіге микрофон арқылы жазу, эталонмен салыстыру, мəтінді жоғары-төмен, оңға-солға жылжыту, СD негізінде мультимедиалық құралдар арқылы мəтінді, дыбысты, графиканы, мультипликация мен бейнені біріктіру жəне т.б.) мəдениаралық қатынастардың тиімділігін анағұрлым артырары сөзсіз.
2015 жылға дейінгі Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамыту концепциясын жүзеге асыру аясында білім берудің ұлттық жүйесін реформалау жəне оның жаңа шарттарда əлемдік білім беру кеңістігінде интеграциялануы Қазақстан оқу мекемелерінің оқыту процесіне жаңа инновациялық білім беру технологияларын енгізуге негіз болады. Бүкіл əлемде болып жатқан құрылымдық өзгерістер білім беруді ұсынудың дəстүрлі жүйесін трансформациялаудың катализаторы болып табылады. Білім беру жүйесі қызметінде инновациялық педагогикалық əдістемелердің пайда болуымен бірге ақпараттық, компьютерлік технологиялардың қолданылуын да белсенді түрде ақсаңдатып отырған мемлекеттік емес білім беру мекемелері көптеп пайда болуда. Көрсетілген мəселелер ТМД елдерінің жоғары мектептеріндегі сияқты ҚР-сы үшін де тəн болып келеді.
Білім берудің дəстүрлі моделінің балама формаларының бірі қашықтықтан оқыту технологиясы болып табылады. Бұл оқыту технологиясы Қазақстан Республикасының географиялық жағдайында — алыста орналасқан жергілікті пунктердегі білім беру мəселесін шешу жолында ерекше маңызға ие. Осыған байланысты қашықтықтан оқытудың негізгі мақсаты — азаматтардың өздері тұрып жатқан жерлерінде жəне кəсіби қызметінде ешқайда бармай кез келген деңгейдегі білім алу құқығын қамтамасыз ету.
Қашықтықтан оқыту — ақпараттық-коммуникациялық технологиялық құралдар жəне негізделген тəсілдер арқылы білім алу формасы. Бүгінгі таңда қашықтықтан оқыту формасы өте кең тараған, ол əсіресе жоғары оқу орындарында, сырттай оқу жүйесінде қосымша роль атқарып келеді. Оқытудың бұл формасы күндізгі жəне басқа сырттан оқыту формасына қарағанда ең тиімді форма екені бұрыннан белгілі, өйткені кез келген адам аз шығын шығарып өзінің біліктілігін жоғарылатып, кəсіби мамандық ала алады. Қашықтықтан оқыту əдісінде студенттердің өз беттерімен жұмыс жасау белсенділіктері жоғары болуы қажет, өйткені олар білімді жаңа ақпарат технологиялар мен телекоммуникациялар жүйелері, электронды пошта, теледидар жəне Интернет жүйелері арқылы алады.
Жоғары білім беру жүйесінде енгізілуіне жəне қалыптасуына қазақстандық жоғары оқу орындары (жоо) белсене қатысып отырған қашықтықтан оқытудың бүгінгі таңдағы қалыптасып келе жатқан моделі сырттан оқудың бір түрі, нақтырақ айтқанда, тек қана компьютерлік телекоммуникацияны қолданатын сыртай оқытудың формасы болып табылады. Қашықтықтан оқыту курсының мұндай моделдерінде өз бетімен оқуы үшін жекелеп немесе тұтасымен қолдануға жіберілетін дəрістер жиынтығы ұсынылады. Оқу материалын алған соң, қолданушы (студент) онымен үйінде, жұмыс орнында немесе компьютерлік сыныпта жұмыс жасайды. Сонымен бірге қолданушының жеке қабілеттері жəне қажеттіліктері ескеріледі. Ол оқу курсын кез келген режимде, тез немесе баяу орындай алады. Осындай курстар студенттердің орындайтын тапсырмаларды электронды пошта бойынша мезгілімен жіберуді, кейін оқытушы-куратор оны рецензиялап (пікірін білдіріп), студентке ескертулер жəне нұсқаулар жасап қайтаруды қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |