АЛТЫ ІНІНІҢ АҒАСЫ
Ақтас Қадамбайұлы Дәнекенов туралы сөз
Қостанай ауданының Ақсу ауылында біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жатқан Қадамбай мен Зейнептің шаңырағында бұдан сексен жыл бұрын туған тұңғышы Ақтас тірі болса биылғы мамыр айында сексен жасқа келеді екен. Жастайынан еңбекке араласқан ол бертін келе тың төсінің айтулы азаматтарының бірі болды. Техниканы жетік меңгеріп, трактор тізгінін қолға алды. Басқа да машиналарда істеді. Таран ауданындағы “Красносельский” және Вачасов атындағы кеңшарларда Ақтас Қадамбайұлы Дәнекенов ізі күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Ол туралы осы ауылдардың тұрғындары ерекше ілтипатпен әңгімелеп, қимас көңілмен еске алады.
Тіпті бала күнгі досы және аталас туысы Мүсілімжан Досұлы Ақтастың соғыс жылдары және одан кейінгі ауыр уақытта сиыр да баққанын, жылқы да баққанын, шөп шауып, мая салғанын – қандай да жұмыс болмасын тындырымды атқарғанын жыр қылып айтады.
Шаңырақта Ақтастан кейін туған інісі Сәлімжанды әжесі Айғаным бауырына салады да, өзімен бірге Таран ауданына алып кетеді. Бұл Ұлы Отан соғысының аса бір ауыр кезеңі – 1943 жыл еді. Кейін 1956 жылы оң-солын таныған сол Сәлімжан Ақсудағы бауырларын да өзі тұрып жатқан Таран ауданындағы “Ақтөбе” колхозына көшуге көндіреді.
Бұл кезде Ақтас пен Сәлімжанның Баязид, Елубай, Тоқтарбай, Серікбай, Әскербек сынды інілері де оң-солын танып қалған еді. Сол бауырлардың бүгіндер, құдайға шүкір, төртеуі бар, бәрі де елдің ықыласына бөленген, текті жерден шыққан тұлғалар. Сәлімжан болса өмір бойы автомобиль көлігі саласында жұмыс істеді, бүгіндер Қостанайда тұрады. Баязид пен Елубай ауыл шаруашылығы өндірісінің бел ортасында жүрді, қандай да болмасын жұмыстан бас тартқан кездері жоқ, әттең, олар дүниеден ертерек өтті. Ал Тоқтарбайды облыс жұртшылығы да, бүкіл еліміз де жақсы біледі. Жастайынан партия, кеңес жұмыстарында болып ысылған ол кезінде облыс әкімі болды. Өлара шақта туындаған экономикалық қиыншылықтарды еңсеруде Тоқаң атқарған іс ұшан-теңіз. Сол азамат бүгіндер Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, ал Серікбай болса нарықтық экономика өмірге дендеп енгенде уақыт талабын дәл басып, іскерлік танытқан кәсіпкер азаматтарымыздың бірі. Таран ауданындағы ол басқаратын “Ақтас” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы белгілі ұжымдардың бірі. Оған “Ақтас” деп ағасының есімін берген де осы Серікбай. Ал баланың кенжесі Әскербек болса ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында жемісті еңбек етті. Аудандық ішкі істер бөлімін басқарды, полковник.
Алты бірдей інісіне қамқор болып, олардың қатарларынан кем болмай, өз шаңырақтарын құрып, аяқтарынан қаз тұруға көмектескен де осы Ақтас ағалары екен.
– Біздің бәріміз де Ақтас ағамызды көке деп құрметтеп өттік. Ал Сәлімжан ағамызды осы күнге дейін тәтелеп жүреміз, – дейді Серікбай.
– Ата-ананың берген тәрбиесі шығар, осы жеті ағайынды азаматтар ешқашан бір-бірімізге қатты сөз айтып, көңіл қалдырып көрмеген-ақ шығармыз, ал қамқорлығы жөнінен Ақтастың орны тым ерекше еді, – дейді Сәлімжан Қадамбайұлы.
Иә, сол Ақтас ағамыз 1954 жылы Би-ағаңның ауылы Жалшыда еңбек етіп жүргенде Қаншайым атты қас сұлуға үйленеді. Ол ауыл шаруашылығы өндірісінің білгір ұйымдастырушысы, кезінде Вачасов атындағы кеңшардың директоры болып жемісті еңбек еткен Сапар Ерғалиев ағамыздың жақын қарындасы екен. Әттең, жас отаудың тұңғышы Сәлима атты бөбегі 8 айға толар-толмастан ана дүние салады. Сол Сәлима бүгіндер екі қыз, бір ұл өсіріп отырған абзал ана, ауыл шаруашылық институтын бітірген, Алматыда тұрады.
Ақтастың екінші жұбайы Жаңыл да қайныларының бәрін де бөліп-жармай алақанына салып, еркелеткен абзал жан екен. Ұлы Әділбек, қызы Сәния қатар-құрбыларының алды, ата-ана атына кір келтірмей, келісті тіршілік құрып отырған жандар.
Ақтас Дәнекенов Еңбек Қызыл Ту орденімен, ІІІ және ІІ дәрежелі Еңбек Даңқы, “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапатталған еңбеккер екен. Егер бұдан дәл жиырма жыл бұрын автокөлік апатында қаза болмаса, кім біледі, жастайынан еңбекте шыңдалған аға сол Еңбек Даңқы орденінің І дәрежесін де алып, нағыз Еңбек ері де атанар ма еді, ең бастысы өзі ақыл-кеңес беріп, азамат еткен інілерінің, олардан туған ұрпағының ортасында мәз-мейрам болып, өзінің моп-момақан қалпында, тіршілігіне тоба айтып жүрер еді-ау жарықтық...
Осынау абзал аға туралы баянды қазақтың тамаша ақыны Серікбай Оспанұлының мына өлеңімен аяқтағым келіп тұр:
Көріне алмай кеттіңіз ел
көгінен,
Елің үшін аянбай тер
төгіп ең.
Бір атадан жігіт ек жеті
ағайын,
Бәріміздің жанашыр
көкеміз ең.
Жүректе бұл қалайша
болмас арман,
Тым қысқалау бұйырды
жол да саған.
Алтаумызды өзің ең
асыраған,
Ешкім саған болған жоқ
қолдаса алған.
Өзің едің бастауы өнегенің
Үй болып керілуі керегенің.
Амал бар ма тағдырға,
алып кетті,
Тірі болсаң сексенге
келер едің.
Ақтас десе, еңбекте
Ақтас едің,
Мақтағандай ісің бар
мақтаса елің.
Үбірлі-шүбірлі боп
отыр ұлың,
Қолың сәл-сәл жетпесе
баққа сенің
Еске алады өзіңді бүгін елің,
Ізетті де ең, ортада ірі де
едің!
Топырағың торқа болсын,
дұға оқып,
Бас иеді көке деп інілерің!
ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУ
немесе «халық жауы» кейіпін киіп, бір емес екі рет азап отында күйсе де
сағы сынбаған Заеке Мұхамедиев туралы сыр
1. Ойранды 1937
Тағдырдың талай тәлкегін көрген Заеке Мұхамедиев отызыншы жылдардың ортасында Семиозер аудандық қаржы бөлімінде бухгалтер болып еңбек етіп жүрген. 37 жылы жаппай «халық жауларын» әшекерелеу басталғанда осынау шағын ұжымның өзінен «қырағы сақшылар» үш бірдей «халық жауын» тауып, оларды тар қапасқа қамап үлгірген еді. Енді олардың сыбайластарын жарық күнде май шаммен іздеу басталды. Мусин және Оспанов сияқты бұрынғы осы қаржы бөлімінің қызметкерлері ұлтшыл ұйым мүшелері ретінде айыпталып, жазаға кесілген. Олардың бірі аудандық қаржы бөлімінің бюджет бойынша инспекторы, екіншісі төлем бойынша инспекторы болатын. Әрине, қызмет бабында Заеке олармен күнделікті кездесіп, әңгіме-дүкен құрып жүргені рас. «Халық жауларымен» ауыз жаласқан бұл төбет неге еркіндікте жүреді? Міне, «қырағы сақшылардың» оны тұтқындағандағы басшылыққа алған уәжі осы.
Заеке ағамыз көзі тірісінде өз қолымен жазған бір мақаласында былай дейді: 1937 жылдың 25 қыркүйегін ешқашан ұмытпаймын. Жолдасым екеуіміз қонақтан түнде келген едік, араға көп уақыт салмай есік қағылды. Келген өзіме таныс милиционер екен. Қолындағы ордерін көрсетіп, тұтқынға алатынын айтты. Мен еш нәрсені түсініп тұрған жоқпын. Келгендер көрпе-жастықты лақтырып, үйді тінте бастады. Әй-шайға қаратпастан қолыма кісен салып, аудандық НКВД-ның ғимаратына алып келіп, қараңғы да суық камераға итеріп жіберді. Көп уақыт өтпей тергеуші жігіт сұрақтың астына алды. Қашаннан бері ұлтшыл ұйымның мүшесісің? Халық жаулары Мусинмен, Оспановпен бірге қашаннан бері жауыздық әрекетті жүзеге асырып жүрсің? Және басқа осындай еш ақылға қонбайтын сұрақтар. Менің уәжімді еске алып жатқан тірі жан жоқ. Олар алдын ала мәселені шешіп қойған. Қаралаушылар пікірінше, Заеке Мұхамедиев те «халық жауы».
Міне, сүйтіп өзінің туған елінде қарапайым ғана қызмет атқарып келген азамат бір-ақ күнде «Совет үкіметінің қас жауы» деп айыпталып, он жылды арқалап кете барды.
Жазықсыз жапа шеккен ағамыз он жылды артқа тастап, 1947 жылы туған Семиозер ауданына оралып, «Көктал» кеңшарында үйреншікті бухгалтерлік кәсібін жалғастырып жатады.
Бірақ тыңшылар оған тыныштық бермейді. 1950 жылы баяғы жалған қылмыс отын қайта үрлеп қоздырады да тағы да адал азаматты тар қапасқа қамайды. Норильскінің абақтысында жатып, көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің адал, еш кінәсі жоқ екенін айтып жоғары органдарға арыз жазады. Оның бұл арызы тек 1955 жылы ғана, Сталин өлгеннен соң, қаралып жазықсыз жан ақталады.
2. Өмір соқпақтары
Екінші рет лагерьден келісімен «Қарасу» кеңшарының бас бухгалтері болады. 1961 жылы Алматы политехникалық техникумына түсіп, оны 1965 жылы бухгалтерлік мамандық бойынша ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы ол Аманкелді ауданы «Тасты» кеңшарының бас бухгалтері болып орналасады. Кейін Арқалық ауданындағы «Родина» совхоз-техникумында бас бухгалтер болып істеп, осы қызметтен 1973 жылы зейнеткерлікке шығады.
Он бес жыл ғұмыры қамауда өтсе де Заеке өмірге құштарлығын жоғалтпаған нағыз жасампаз жан екен. Ол 1966 жылы партия қатарына өтеді, абырой-беделге ие болады. Еліміздің талай азаматтарымен аралас-құралас, сырлас-ниеттес болады. Өйткені ол кісіге жуық, бауырмал, әр адам бойынан тек жақсылықты ғана көретін жан екен. Мұны оны жақсы білетіндер жыр қылып айтады.
Осы арада облысымызға белгілі бір азаматтың естелігін келтіре кетейікші. Ол – академик Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университеттің профессоры Есмұқан Махметов, кезінде Әулиекөл ауданының әкімі қызметін атқарып, өңірдің өрге басуына көп еңбек сіңірген кісі. Ол былай деп жазады: «Мен бірде қызмет бабымен Арқалық қаласына бардым. «Сәлемнің де сәті бар» деген емес пе, әкемнің көзін көрген кісіге амандасып шығуды ойладым. Заекеңді сырттай жақсы білгенмен өзімен сұхбаттас болған жоқ едім. Ол кісі әкеммен қатынасып, ауылға келіп жүргенде біз жас болдық, оқуда, қызметте сыртта жүрдік және бала кезде қазақы тәрбиемен үлкендердің әңгімесіне араласа бермейтінбіз. Ал жүйрік уақыт ешнәрсеге қаратпайды екен. Заекеңнің қартайған шағында кездесуге тура келді. Мен үлкен кісіге сәлем берген соң баяғы «ат үстінде жүргеннен бе» тез кетуге бет алдым. Сонда ағамыз қазанға ас салып жатқанын айтып, асықпай, қонып кетуімді өтінді. Мен алған беттен қайтпадым. Сонда Заекең қоңыр даусымен: «Әй, мұның болмайды ғой..» деп басын шайқады. Оның сабырлығы, орнымен сөйлей білетін, өзін орнықты ұстайтын мәдениеттілігі мені «орныма қойды». «Ағай, болды, түсіндім, ел көшіп кетсе де ешқайда бармаймын, қасыңызға қонып кетемін» дедім. Түнімен дастарқан басында көпті көрген, «тар жол, тайғақ кешкен», жақсылармен жанасқан ағаның кітап боларлық әңгімесін тыңдадым. Көкірегі алтын садық адамның әңгімесі мені рухани байытып, өсіріп жібергендей болды. Оның айтқандарынан адамгершілік, кісілік, достық туралы дастан тыңдағандай әсер алдым...»
Міне, осы тақылеттес әңгімелерді Заеке ақсақалды көзі көрген, жақсы білетін талай жандар айтқан екен. Оны мен жақында ғана баспадан шыққан «Қанаты қайырылмаған қыран» атты деректі хикаяттан оқып білдім. Оның авторы, өзімнің қаламдас інім, бұдан бұрын да бірнеше кітап жазған Абдрахмен Бекмағанбет асыл аға бейнесін жақсы ашады. Заекеңнің туған-туыстары, жолдас-достары жазған естеліктерді ұтымды кірістіре отырып, азап отында күйген ағаның иілмеген қайсарлығын, сенімі мен жалын- жігерін, отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерін паш етеді.
Осы кітаптағы естелігін жоғарыда айтқан Есмұқан Махметов ағамыз былай деп аяқтайды: «Ғұмыр бойы көптің арасында келеміз, бірақ жаныңа жаздың таңғы шығындай тазалық беретін мұндай кездесу жиі бола бермейді»!
Бұл, әрине, Заекең сияқты көшелі жанға берілген дәл де әділ баға еді.
3. Достары оның көп еді
Солардың бәрі шын мәніндегі нағыз достар еді. Қарапайым ғана ауыл есепшісі қызметін атқарған Заекеңді басшы да, қосшы да оның табиғи болмысына, ақыл-парасатына, мінез-бітіміне байланысты қалтқысыз құрметтеп, сыйға бөледі. Оны ел басқарған Сақан Құсайынов, Мақтай Сағадиев, Қабиболла Тұрғынбаев, Сартай Омаров сияқты тарихи тұлғалар іш тартты, онымен ақылдасты, сырласты. Оны Сәндібек Есқожин, Сапар Нұртай, Есмұқан Баянов, Жақсылық Құрманәліұлы сияқты ғалымдар мен қайраткер азаматтар тұлға санап, пір тұтты. Ағайын-туған оның алдында қоғадай жапырылды.
Осы арада азаматтың өмір жолына қайта оралып соғу қажет сияқты. Заекеңнің әкесі Мұқамеди бай болған кісі. Ол осы баласы тумай жатып қайтыс болады. Анасы Жәзипа баласын оқып білім алуы үшін жанын салады. 1923 жылы Қостанайдағы Казкоммуна 8 жылдық мектебіне береді. 1931 жылы оқуын аяқтап жұмысқа жегіледі. 1932 жылдың желтоқсанында ашаршылық заман зобалаңы жас жігітті Татарстаннан бірақ шығарады. Елге оралғаннан кейін 37-нің ойранына ілігеді. Қамауда жүрген кезінде екі баласы шетінеп, әйелі «байтал түгіл бас қайғымен» бас сауғалап, ел кезіп кетеді. Қайда жүргенінен ешкім де хабарсыз еді, ол сол кеткеннен мол кетеді.
1948 жылы Заеке Зақира Жүнісқызына үйленіп, үбірлі-шүбірлі болады. Құдайға шүкір, тар жол, тайғақ кешуден өткен қайсар қыранның артында Рая, Болат, Қарлығаш, Мұрат, Дәулет, Қайрат, Сәуле атты ұл-қыздары қалды. Олардың бәрі де өмірден өз орнын тапқан, елге сыйлы, әке өсиетіне адал өрендер. Ал балалардың анасы болса бүгіндер Мұрат атты ұлының қолында тәуелсіз еліміздің ел ордасы – Астанада тұрып жатыр. Заеке ағамыз 1992 жылы 81 жасында дүниеден озды.
ҰЛЫ АХАҢНЫҢ БІР ҰРПАҒЫ
ұлағатты ұстаз Қазымбек Жақыпбекұлы туралы сөз
Қазымбек ағаның әкесі Жақыпбек Спанұлы Баршын немересі 1898 жылы туған, руы Үмбетей, халқымыздың рухани көсемі, біртуар азамат, елінің егемендігін көксеген Ахмет Байтұрсынұлының інісі. Үмбетейден Таңбай, Таңбайдан 10 бала туады. Біреуі Шошақ, Шошақтан Байтұрсын, Байтұрсыннан Ахмет.
Екіншісі Баршын, Баршыннан Спан, Спаннан Жақыпбек, Аймағанбет туады. Аймағанбет немерелері Қостанайда, Астанада тұрады. Ахмет Байтұрсынұлы 28 қаңтар 1873 жылы туған. Ахмет пен Жақыпбек немере туыс.
Патшалық Ресей, одан кейін Қызыл империя қазақ зиялыларын ауыздықтап, бодандықтан шығармау хақында сол замандағы жандайшаптардың зұлымдығын пайдаланып, түкірігін жерге түсірмей, Ахметтің жақын туыстарына қолдан келгенін аямай, зорлықпен де, өсекпен де тұқыртып, жер басып жүруге қиын заман туғызғанда, Торғайдан жылжи-жылжи Жақыпбек, Аймағанбет Қостанайға келген ғой. Олар татар кемпірінің үйіне бәйбішелерімен паналайды. Жақыпбектің бұрынғы туған балалары жол азабын көтере алмай көз жұмған.
1930 жылы 23 қазанда Жақыпбектің әйелі босанып, ұл туады. Оның атын Қазымбек қояды. Қазымбектің аяғын жер басуға да жеткізбей, әкесін түрлі себептерді жаудыртып, халық жауының жақынысың, туысысың, үмбетейсің деп Итжеккенге айдатады. Ол жақта талай қиындықтарды көреді.
Қазымбектің анасы Кәкен, руы – Сүгір, Жәменке. Жақыпбектен 2 жас үлкен апасы Дыбыс және Кәкен баласы Қазымбек үшеуі Федоровка (Жаркөл) жаққа жаяулап, жалпылап босқын болып келе жатқанда соңғы титтей нанын баласына беріп, баласының тілеуін тілеп, бірінші Аллаға, екінші жалғыз жүрегімді бір өзіңе тапсырдым деп Кәкен Дыбыс апасының алдында жан тапсырады. Қай жерде мәңгілікке көз жұмғанын Дыбыс та, ешкім де білмейді.
Балалар үйіндегі Қазымбекті Жақыпбектің інісі Аймағанбет алып, тәрбиелейді. Аймағанбет 1902 жылы туған, Қостанайдың байырғы тұрғыны.
Бейістің Қабдолласы – Қостанайда прокурор болып тұрған кезінде халық жауы, Ахметтің сыбайласы деп ұсталып, 1937 жылы атылды. Қабдолланың баласы Мұхаметқан 1928 жылы туған, Науырзым ауданы, Өлеңді деген жерде тұрады. Баласы Болат Қостанай ауданында прокурор.
Сол Мұхаметқан оқуға барған 1936 жылы Аймағанбет Қазымбекті де оқуға, қаладағы Жамбыл мектебіне апарады. Жасың толмайды деп мектепке алмай, кері қайтарады. 1937 жылы көп өтініштен кейін Қазымбекті оқуға алады. Қазымбек оқу оқығанына 2-3 ай болған кезде 1937 жылы айдаудан әкесі оралады. Кейін жеке үй болып, үйленіп, қазіргі Қостанай қаласы, Островский көшесі, №37 үйде ғұмыр кешкен.
Қазіргі Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балалар (ертеде Жамбыл атындағы орта мектеп болатын) мектебінде оқып, оны ойдағыдай аяқтап, 1946 жылы Алматы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне түсіп, оны 1950 жылы бітіреді. Жолдамамен сол жылы Қостанай облысы Торғай ауданы орталығындағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде 1952 жылға дейін 8-10 сынып оқушыларына дәріс береді. Ол жылдары мектептерде мұғалім кадрлары тапшы, сол жылдары Қосқолов Халық (балалары Қостанайда қызметте) екеуі 1200 балалық мектепте сабақ береді. Жұмыс ауыр, әрқайсысына үш мұғалімнің жүктемесін көтеруге тура келеді. Қосқолов Халық ақсақал Торғайда, былтыр дүние салған екен. 1952-1955 оқу жылдары арасында Пресногорьков ауданы Жаңажол орта мектебінде (даналарымыз Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқановтың туып өскен ауылы) мұғалім, мектеп директоры қызметін атқарады.
1955-1997 жылдар аралығында Әулиекөл ауданы орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, аға инспекторы, мектеп директоры қызметтерін атқарады.
Педагогикалық жемісті еңбегі үшін Қазымбек "Оқу ісінің озаты" белгісімен, "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталады.
1953 жылы Алматыда өткен республикалық мұғалімдер съезіне делегат болып қатысқан. Оның алдынан дәріс алған Шаяхметов Шайсұлтан алтын медальмен мектепті тәмамдап, Москваның Ломоносов атындағы университетін бітіріп, Қазақстан оқу министрлігіне дейін көтерілген.
Қазекең бүгіндер қосағы Зәкен Шәйкенқызымен 6 бала тәрбиелеп, солардан 14 немере, бір шөбере көріп, үрім-бұтағының ортасында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Балаларының барлығы да жоғары дәрежелі білім алып, олар да егемен Қазақстанымызды гүлдендіруге өз үлестерін қосуда. Бір баласы Талғатбек Ленинградтың теміржол инженерлік институтын қызыл дипломмен аяқтаса, оның балалары Әсет Қостанайдағы өз бабасы Ахмет Байтұрсынов атындағы мемлекеттік университетін құқықтану саласы бойынша бітіріп, қазір Жітіқара аудандық прокуратурасында еңбек етеді.
Асқар мен Абзал Астанадағы жол қатынастары институтын үздік бітіріп, Атбасар, Қостанай қалаларында электр жүйесі саласында еңбектерін жалғастыруда.
75 жасқа толғалы отырған Қазымбек Жақыпбекұлы Зәкен Шәйкенқызымең жарты ғасырдан астам жарасымды өмір кешуде.
Ұлы Ахмет Байтұрсыновтай біртуар тұлғаның бір ұрпағы, ұлағатты ұстаз, үлкен шаңырақтың мәуелі бәйтерегі Қазымбек Спановтың өнегелі өмір жолы осындай.
ӨМІРДІҢ МӘНІН ҰҚҚАН
офицер, ұстаз, қаламгер Ғалихан Мәулетов туралы сөз
1. Орман іші тып-тыныш
Аты-шулы 1937 жылдың көктемінде жапандағы жалғыз үйдің іші жаңа туған сәбидің іңгалаған дауысына бөленді. Семиозер ауданы Қазанбасы орманшылығында орманшы болып істейтін Нұржанның келіншегі Қалампыр аман-есен босанып, ұл туды. Қуанышты ата-ана оған Ғалихан деп ат қойып, өбектеді.
Кардондағы жалғыз үйде тұрып жатқан ерлі-зайыптылар өміріне осы сәби ерекше бір леп әкелді. Орманшының жұмысы белгілі, күндіз-түні орманын тілсіз жау – өрттен сақтайды. Ана болса үй шаруасынан артылмайды, қолдағы бірер малдың тауқыметі де сонда, оның үстіне кішкентай сәби...
Бірақ ата-ана бақытты еді. Ғалихандары өсіп келеді, ел аман, жұрт тыныш, табыс та көл-көсір болмағанмен тіршілікке жетеді. Және қанағатшыл жандар барды місе тұтуға үйренген.
Бірақ сол жарасты ғұмыр, тәубелі тіршіліктің бір-ақ күнде ойраны шықты. Қанқұйлы соғыс басталды. Әке 1942 жылы соғысқа аттанды, сол кеткеннен мол кетті. Харьков түбіндегі кескілескен ұрыстардың бірінде хабарсыз кетті. Әке бейнесі Ғалиханның еміс-еміс есінде...
Енді бүкіл тіршілік қамы, тағдырдың ауыр жүгі Қалампырға түсті. Соғыстың ауыр жылдары ет жақын туыстар бір шаңырақ астына тоғысқан еді. Ғалиханның атасы, нағашы әжесі, әкесінің інісі және өзінен кейін 1941 жылы туған қарындасы – барлығы алты жан бас көтерер жалғыз жан Қалампырға қарап қалды.
Қайран, қазақтың қайсар қыздары-ай. Қалампыр тас-түйін буынып, түйініп, отағасының жұмысын – орманшылықты жалғастырды. Ғалихан болса, анасының жанынан қалмай орман ішін аралайтын. Ондағы әрбір қарағай, қайыңды жақсы біліп алғандай еді. Тып-тыныш орман ішін аралауды жақсы көретін, сол тыныштық сәбидің ойына қанат беріп, асқан армандарға жетелегендей еді.
2. Жетім бала намысшыл
Әке соғыстан оралмады. Мектеп жасына жеткен Ғалихан Ұлы Жеңіс туы желбіреген 1945 жылы Қарақалпақ жетіжылдық мектебінің есігін ашты. 1950 жылы Қостанайдағы Жамбыл атындағы орта мектепке ауысып, интернатта жатты. Сол бір жылдар қиыншылығын тарта жүріп, ерте есейді. Мектепті жақсы бітірген ол құрбы-құрдастары сияқты оқу іздеп, алысқа кеткен жоқ Оған шама да жоқ еді. Қолына кәмелеттік аттестат алысымен сол кезде «Коммунизм жолы» деп аталатын (бүгінгі «Қостанай таңы») газетіне корректордың көмекшісі болып жұмысқа орналасты. Осынау жұмысты екі жыл бойы мінсіз атқарып, редакцияның өз адамына айналды. «Алып кел, шауып келге» ыңғайлы еді. Редакция басшылығы қайда жұмсаса да тындырымдылығымен көзге түсті. Осында жүріп талай жазушы, журналист ағаларының қолқанаты болды, оларға қызмет жасады. Омар Шипин, Нұрқан Ахметбеков сынды халық ақындарының сөзін тыңдады, Ғабит пен Сәбит ағаларын көрді. Сырбай ағасының қолына су құйды, кейін белгілі қаламгерлер болған туыстарымен, ағаларымен қатар жүрді.
Бірақ жас жігіт оқысам, жоғары білім алып, заңгер болсам деп армандайтын. Азын-аулақ қаржы жинап, Алматыға тартты. Жолы болып, Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Содан кейін бүкіл еңбек жолы мемлекеттік қауіпсіздік органында өтті. Облыстық басқармадағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі арқасында әріптестерінің үлкен сый-құрметіне бөленді. Аса маңызды істер бойынша аға тергеуші қызметін жемісті атқарып, 1984 жылы подполковник шенінде отставкаға шықты. Сегіз медальмен, бірнеше грамоталармен марапатталған.
Намысшыл жігіт студент кезінде де, қызметте де өз қатарының алды болды. МҚК органында ол кездері қазақ азаматтары санаулы ғана болатын. Оларға кейде сенімсіздікпен қарайтын тұстар да аз болған жоқ. Бірақ подполковник Ғалихан Мәулетов болса, адал жолдан тайған жоқ, біреуге жалтақтап, жағынған жоқ, қандай болмасын мәселені талқылағанда турасына көшетін. Сол үшін де оның абырой-беделі жоғары еді...
3. Ақтаңдақтар ақиқатын кім ашады?
Ғалихан Нұржанұлы өзінің еңбек жолын мектеп бітірісімен газет редакциясынан тегіннен тегін бастамаса керек. Тіпті бастауыш сыныпта оқып жүргеннің өзінде-ақ «Қазақстан пионері» газетінде оның «Барлық сабақтан – 5» атты шағын мақаласы жарық көріпті. Содан бері қолынан қаламын тастамай газет-журналдарға өзін толғандырған мәселелер жөнінде мақала жазатыны бар. Подполковник ағамыздың туындыларын өзіміздің «Қостанай таңы» газеті де талай жариялады.
Ғалекеңнің таңдап алған тақырыбы да өзінің мамандығына байланысты. Ақтаңдақтар ақиқаты. Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақжарма сыр. Оның қаламынан туындаған ұлы Ахаң мен Жақаңның өмірінің соңғы кездерінің сырын ашатын, оларға жабылған жала мен істі тергеу барысын көрсететін «Қос арыс», Би-ағаң тағдыры туралы жазылған «Қайран, Би-аға» эсселерін тебіренбей оқу мүмкін емес. Ғалихан Нұржанұлы мұрағат мұраларын ақтара отырып, әрбір сөз, әрбір сөйлемін нақтылы құжаттармен дәлелдейді. Авторлық пайым пен шегіністер, тұжырымдар қисынды, дәл. Оның қаламынан жүздеген очерк-мақалалар туындаса солардың бәрі де қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры. 1937-38 жылдары ұсталып, атылып кеткен облыс басшылары, газет редакторлары, бір ауылдың боздақтары туралы мөлдірете жазған Мәулетов туындылары әркімді де толқытып, тебірентері хақ.
Осындай ізденіс нәтижесінде оның «Жадымызда сақталсын» атты екі кітабы, «Үрей мен Үміт» атты кітабы жарық көрді. Сол туындыларды ақтарып отырсаңыз жүздеген, тіпті мыңдаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының аянышты тағдырына тап боласыз. Солардың есімдерін қайта жаңғыртып, халқы, елі алдында ақтап, аяулы бейнелерін жадымызда сақтауға өлшеусіз тер төккен Ғалихан аға еңбегі ерекше ерлік.
Бүгіндер Ғалекең Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Құқық институты студенттеріне дәріс оқиды. Көргені мен түйгені мол ағаның жастарға айтары да, үйретері де мол. Қиын да жауапты істі қолға алған заңгер Мәулетов мұнда да құр қалқиып жүргендер санатына жатпайды, қайта бар күш-жігерін салып, орысша да, қазақша да сабақ жүргізіп, «Криминалистика» оқулығын жазып, тыным таппай жүр. Өйткені жастайынан жетім қалып, өзгеге емес, тек өзіне ғана сенген жан тәртіп пен жауапкершілікті, парасаттылық пен әділдікті бүкіл ғұмыр бойы ту етіп ұстап келеді. Бұл ретте ол сол Құқық институтының директоры, генерал-майор, профессор Михаил Дәуеновтен үлгі алатынын, оның біліктілігі мен біліміне, іскерлігіне тәнті екенін де жасырмайды.
4. Авторлық шегініс, ақжарма сыр
Ойлап отырсам, Ғалекең екеуіміздің өткен өмір жолымыз да сабақтасып жатыр екен. Екеуіміз де бір мектептің түлегіміз, екеуіміз де Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдадық. Ең бастысы, 1971 жылы қызметке орналасып, Қостанайдан үй алғанда құдайы көршіміз осы Ғалекең болды. Қалампыр анамызды көзіміз көрді, өз анамыздай болған асыл жан еді жарықтық. Той-домалақтан қалдырмай дастарқанға шақыратын. Ғалекеңнің жары Бақыт та кісіге жуық, сыпайы жеңгеміз еді. Ерлан, Сайран, Нұрлан атты балалары, Айман атты қызы көз алдымызда өсті. Қатарларының алды, болашақтары зор азаматтар еді ұлдары. Әттең, қатал тағдыр сол үш бірдей азамат болған ұлдарынан айырды, қайғы жұтты.
Бірақ жаратылыстары мықты жандар ғой, қабырғалары қайыссса да иілмеді, сынбады, өмірге деген құштарлықты, адамдарға деген сенімді жоғалтқан жоқ. Кішкене ұлдары Ерғалиды бауырларына басып, тәубеге келді.
Өзіміз-өз болып, ең алғаш алған үйімізде жетпістен асқан, ғұмыр бойы бала оқытып, ұстаз болған әкем марқұм да бірге тұрды. Сол кездергі жап-жас капитан Мәулетовтың біздің шалға да ықыласы ерекше еді. Әкем де Ғалиханды іні тұтты, оның ұстамдылығын, мақсаткерлігін баласы ретінде маған талай үлгі еткені бар.
– Ғалихан ағаңа жақын жүр, текті жігіт, – деген сөзі күні бүгінгідей құлағымда сайрап тұр.
Енді өмірдің мына қызығын қараңыз. Қала шетіндегі пәтерімізді сатып, орталықтан үй алғанда да Ғалекеңмен тағы да көршілес қоныстандық. Көшенің ар жағындағы Ғалекеңнің балалары салып берген еңселі үйі біздің пәтердің терезесінен көрініп-ақ тұр. Той-домалақ, мерекеде өткен-кеткенді айтып, сырласып жатамыз. Кішкентай Ерғали да көре қалса:
– Ассалаумағаликум, аға, – деп қолын ұсынып жатады.
Бақыт жеңгеміз бүгіндер мектепте қазақ тілінен сабақ берді, білім беру ісінің үздігі, оның үстіне қазіргі үрдістен қалмай, өз бизнесін өрге сүйреп жүрген кәсіпкер.
Ғалихан ағамыз соңғы жылдары зерттеушілік, жазушылық жұмысқа мықтап ден қойды. Талай очерктерді бірлесіп жаздық, кейбіреулерін редакциялап, жарық көруіне азды-көпті қоғабысым тигені де бар. Оны Ғалекең де үнемі айта жүреді. Ол да болса оның кісілігі мен кішілігінің бір белгісі деп түсінемін өзім.
Достарыңызбен бөлісу: |