Сабақтың тақырыбы: Excel кестелік процессорында диаграммаларды құру.
Сабақтың мақсаты:
Оқушылардың Excel кестелік процессорында диаграмма құру, редакциялау және пішімдеу туралы білімдерін қалыптастыру.
Білімділік: Excel кестелік процессорында диаграмма құруды, редакциялауды және безендіруді қарастыру.
Дамытушылық: диаграмма құру, безендіру дағдыларын қалыптастыру.
Тәрбиелік: оқушылардың компьютерлік сауаттылықтарын арттыру.
Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.
Сабақтың әдісі: практика элементтері бар түсіндірмелі баяндау сабағы.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту сабағы.
Жабдықтар: компьютер, мультимедиялық проектор, экран.
Әдістемелік және бағдарламалық қамсыздандыру: Microsoft Excel, Microsoft Power Point, «Excel-де диаграммаларды құру» презентациясы, практикалық тапсырма.
Пәнаралық байланыс: география.
Сабақтың өтілу барысы
1. Ұйымдастыру кезеңі.
2. Үй тапсырмасын тексеруге арналған сұрақтар:
«Кестелік мәліметтерді сұрыптау және іздеу».
1) Excel мәліметтер базасында сұрыптау қалай жүргізіледі?
2) Мәліметтерге қандай сұрыптаулар жасауға болады?
3) Іздеу амалы қалай орындалады?
3. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Excel кестелік процессорының маңызды мүмкіншіліктерінің бірі – диаграмма тұрғызу.
Берілген кестедегі көпірлердің ұзындығын салыстыру ыңғайлы болу үшін диаграмма құрамыз. Диаграмма сандық мәліметтердің өзгеруін айқындап көрсетуге мүмкіндік береді.
Excel-де 14 түрлі екі және үш өлшемді диаграмма түрлері бар:
Бағандық
Жолақты
Графиктік
Дөңгелек
Нүктелік
Аумақты
Сақиналы
Жапырақты
Беттік
Көпіршіген
Биржалық
Цилиндрлік
Конустық
Пирамидалық
Диаграмма құру үшін:
1. диаграмма тұрғызуға қажет мәліметтерді жұмыс парағында белгілеп (мәліметтерді Диаграмма шеберінің жұмыс барысында да енгізуге болады),
2. Кірістіру мәзіріндегі Диаграмма командасын таңдау немесе Стандартты құралдар үстелінде орналасқан Диаграммалар шебері батырмасын шерту қажет;
Excel-дің бұл функциясы төрт қадам арқылы диаграмма тұрғызады.
Шебердің 1-қадамында диаграмма түрі таңдалып алынады.
Стандартты қыстырмасындағы Тип тізімінде диаграмманың қолда бар түрлері көрсетілген. Таңдап алынған тип үшін терезенің оң жағында мәліметтердің көрсетілуінің түрлі нұсқалары бейнеленген. Соның ішінде өзімізге қолайлысын таңдауымыз қажет. Стандартты емес қыстырмасында пішімделген, толығымен қалыптасқан диаграмма түрлері бейнеленеді.
2-қадамда деректер көзінің ауқымын өзгертуге болады
Егер мәліметтер ауқымы алдын-ала берілген болса, Диаграмма шебері терезесінің жоғарғы бөлігінде орналасқан алдын-ала қарап шығу аймағында тұрғызылатын диаграмманың жуық бейнесі пайда болады.
Мәліметтер көрсетілмеген жағдайда Ауқым өрісінде көрсету қажет.
Жұмыстың 3-қадамында диаграмма параметрлерін баптауға болады.
Диаграмма шебері жұмысының үшінші сатысы диаграмманы безендіруден тұрады. Диаграмма шебері терезесінің қыстырмаларына төмендегі параметрлер енгізіледі:
• диаграмманың аты, осьтерінің атаулары (Тақырыптары (Заголовки) қыстырмасында);
• координаттық осьтердің кескінделуі мен белгіленуі (Осьтер қыстырмасында);
• координата осьтеріне параллель тор сызықтардың кескінделуі (Тор сызықтар (Линии сетки) қыстырмасында);
• тұрғызылған осьтердің сипаттамасы (Атаунама (Легенда) қыстырмасында);
• графиктегі мәліметтердің жеке элементтеріне сәйкес келетін атауларды бейнелеу (Мәліметтер қолтаңбасы (Подписи данных) қыстырмасында);
• графикті тұрғызуда пайдаланылған мәліметтерді кесте түрінде көрсету (Мәліметтер кестесі (Таблица данных) қыстырмасында).
4-қадамда диаграмманы орналастыру орны таңдалады.
Диаграмма шебері жұмысының соңғы сатысында диаграмманы жаңа параққа немесе бұрынғы жұмыс парақтарының біреуіне орналастыратынымыз жайлы сәйкес өрістердің біреуіне жауап беруіміз керек.
Диаграмманы редакциялау.
Дайын болған диаграмманы түзетуге болады. Ол келесідей элементтердің жиынтығынан тұрады: тақырып, координаттық осьтер, тор сызықтары, тұрғызу аймағы, маркерлері, сандық мәліметтері және т.б.
Диаграмма элементтері
Диаграмманың кез-келген элементін тышқанның көмегімен ерекшелеп алып, параметрлерін өзгертуге болады. Пішім командасының көмегімен ашылған терезеде диаграмманы пішімдеуге болады. Диаграмманы өшіру үшін Delete пернесін басамыз.
Диаграмма тұрғызылған мәліметтер жаңартылатын болса, диаграмма да автоматты түрде соған сәйкес өзгереді.
4. Бекіту тапсырмасы.
1) Үлгі бойынша кестені құр.
2) Кестенің мәліметтерін пайдаланып, диаграмма тұрғыз.
5. Сабақты бекітуге арналған сұрақтар:
1. Диаграмма деген не?
2. Диаграмманың қандай түрлері бар?
3. Диаграмма қандай элементтерден тұрады?
4. Аңыз деген не?
5. Диаграмма құру неше қадамнан тұрады?
6. Оқушылардың білімін бағалау.
7. Үйге тапсырма беру.
|