4. Топпен немесе жеке оқушылармен қосымша жұмыс істеудің, тәсілдері мен әдістерін таңдау. Мұндай әдістер жеке пән әдістемелерінде жазылған.
5. Оқушылардың үлгермеу себептерін анықтау. Технологияның бұл бөлігі өлі толық зерттелмеген. Шет тілі, әдебиет, физика, химия пәндері бойынша жекелеген сыныптар үшін тестілер жасалған. Тапсырмалар арқылы оқушылардың біліміндегі кемшіліктер анықталады, оны жойғанда ғана келесі бөлікке өтуге болады.
6. Сыныптың барлық оқушыларының білімі мен тәрбиесіндегі кемшіліктерді жоятын әдістемелерді таңдау.
Бұл бөлікте барлық сынып оқушыларының меңгермеген тақырыптарын түсіндіру үшін мұғалім сабақ жоспарларының алуан түрлі варианттарын қолданады. Мұғалім бұрынғы сыныптарда оқылған, бірақ қазір ұмытылған материалдарды жаңа тақырыптармен байланыстырады.
Сонымен технология әдістемеден өзге, себебі ол оқушылардың материалды меңгеру іс-әрекетін басқарады, олардың үлгермеу себептерін анықтауға ерекше назар аударады. Технологияға білімді сапалы түрде меңгеру процесін басқару және білім сапасын тексеру блоктары, кері байланыс жүйесі енеді. Кері байланысты мұқият түрде жан-жақты жасау керек. Ең бастысы, оқу материалын оқушының меңгеруі. Педагогика ғылымында білім сапасы бірінші орынға шығады. Оны көтеру педагогика мен психология ғылымдары алдында тұрған маңызды міндет.
Оқу материалын меңгеру заңдылықтары. Оқушы кез келген оқу тапсырмаларын бұрынғы меңгерген ақпараттарына сүйеніп орындайды. Бала оқу іс-әрекетінің тиімділігі оның жеке тәжірибесіне байланысты. Баланың өз біліміне сүйеніп жасайтын іс-әрекетін репродуктивтік, өткен тәжірибеге сүйеніп жаңа онімдер жасауын продуктивтік іс-әрекет дейді.
Іс-әрекетке үйрену репродуктивтік іс-әрекеттен басталады. Бала ереже, алгоритмдерді қолданып жаттығулар жазады, есептер шығарады, мәтіннен түсінгенін айтады, бірсөзбен айтқанда, дайын білімдерге ештеңе қоспайды.
Өз бетімен ізденіп, біліміне білім қосса, оқушының репродуктивтік іс-әрекеті продуктивтік (өнімді) іс-әрекетке айналады. Оқушылар білетіндерін бір-бірімен салыстырып өздері үшін жаңалық ашады. Осы аталған екі іс-әрекет түрлері оқушының материалды түсінуіне мүмкіндік жасайды. Түсініктің 4 деңгейін В.П.Беспалько зерттеген. Енді оларға тоқталайық.
I деңгей (оқушылық) - репродуктивтік іс-әрекеттің ең қарапайым деңгейі. Оқушы бұрынғы білімдеріне сүйеніп, түрлі тапсырмалар орындайды, бұрынғы тақырыптың мазмұнын өзгертпей пысықтайды. Оқушы үлгі бойынша есептер шығарып, жаттығулар жазады.
II деңгей (алгоритмдік) - репродуктивтік іс-әрекеттің күрделі түрі. Оқушылар алгоритм бойынша түрлі тапсырмалар орындайды. Мысалы, мұғалім құбылыстарды оқушылардың қалай түсінгенін мынадай жоспармен анықтайды:
• Құбылыстың сыртқы белгілері.
• Ол өткен кездегі жағдай.
• Құбылыс мәні, оның өту механизімі (құбылысты ғылыми теорияларға сүйеніп талдау).
• Осы құбылыстың басқа құбылыспен байланысы.
• Құбылысқа сандық тұрғыдан сипаттама беру.
• Құбылыстың зиянды ықпалдарының алдын алу тәсілдері.
Достарыңызбен бөлісу: |