Үйге тапсырма беру: Ермексаздан үй құстарын мүсінде. Бірнеше құстардың мүсінін қозғалыста, балапандарымен серуенге шыққан түрде бейнеле.
Сабақ: №15
Сабақтың тақырыбы:
Алғашқы қар. Ақша қар.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Алтын күз айынан кейінгі қысқы көріністерді әсерлі
бейнелеуге үйрету.
ә) Дамытушылық: Алғашқы жауған қар әсемдігін көріп, бақылап, қағаз бетіне
түсіруге, алған әсерлерін қысқаша әңгіме құрастырып айтып
бере алуға баулу.
б) Тәрбиелілік: Оқушыларды кішіпейілдікке, жекелеп жұмыс жасауға,
ұйымшылдыққа, сабақта өзін-өзі басқаруға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Қыс көріністерін бейнелеген суретшілер шығармалары. фотосуреттер, оқушылар салған суреттер, қалам, өшіргіш, қағаз, бояу түрлері, қылқалам және т.б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Оқушыларға қыс туралы әңгімелеймін, көрнекі құралдарды көрсете отырып, оқушыларды әсердендіру мақсатында ақын-жазушылардың өлең-жырларын оқып беремін.
Сабақтың барысында оқушылардан:
- Сендер қар жауып тұрғанда қар түйіршіктеріне зер салып, қарап көрдіңдер ме? Олар қандай пішінде? – деген сұрақтар арқылы оқушылар назарын ақ мамық қардың жеке бөлшектеріне аударып, байқағыштық, көргіштік қабілетін жетілдіремін.
Ауа-райы тыныш, бір қалыпты аяз болып тұрғанда, ақша қар жерге баяу қалқып, әсем өрнектері жарыққа шағылысып түседі. Боранды күні желге ұшқан ақша қар гүлдер мен жұлдыздар сияқты топ-топ болып, қар боранға айналады.
Көрнекіліктерді көре отырып, оқушылар ақша қардың пішіні әр түрлі дөңгелек, төртбұрыш, үшбұрышты нәзік сызықшалармен айқыштап тасталған ақша қарларды көріп байқайды. Ақша қар жалпы қарағанда бір-біріне ұқсас болғанымен жекелей қарасақ екі ақша қар бір-біріне ұқсамайды. Ақша қардың құрылысын анықтап қарайтын болсақ, әрқайсысында алты жебе сияқты бірдей сызықшалары бар, олар бір-бірімен жіңішке сияқты сызықшалармен торланып, біріктірілген.
Ақша қардың суретін, қағаздардан қиылып жасалынған үлгілерден көріп, зерделеп болғаннан кейін, ақша қарды қағаздан қиып алу тәсілдерін оқушыларға көрсетемін. Төртбұрышты жұқа ақ қағазды екі бүктейді. Пайда болған тік төртбұрыш бүктеу сызығы жағынанұш тең бөліктерге бөлінеді. Әрбір жебенің ұштары бірдей екендігін ескеріп, қағазды тең бөліктерге бөліп қияды. Қию жұмыстарын оқушылармен бірге орындаймын, қателіктерін түзетемін.
Дайын болған ақша қарларды түсті қағаз беттеріне жапсырып, өздері қарап шығады. Сонымен қатар, сынып ішін безендіруге болады.
Үйге тапсырма беру: Ақша қардың бірнеше түрін қағаздан қиып, түсті қағаз бетіне жапсыр, ақша қар түрлерін бояумен орында.
Сабақ: №16
Сабақтың тақырыбы:
Жаңа жыл ойыншықтарын жасау.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Бейнелеу, безендіру, құрастыру іс-әрекеттері арқылы
ойыншықтар жасауға үйрету.
ә) Дамытушылық: Жаңа жыл мерекесіне дайындық жұмыстары – табиғи
материалдардан, түсті қағаздардан әр түрлі зат формаларын
жасауға баулу.
б) Тәрбиелілік: Оқушыларды кішіпейілдікке, жекелеп жұмыс жасауға,
ұйымшылдыққа, сабақта өзін-өзі басқаруға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Жаңа жыл шыршасы бейнеленген иллюстрациялар, фотосуреттер, шырша бұтақшасы, ойыншықтар (шар, балық, түлкі қоян т. б.).
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Келе жатқан жаңа жыл мерекесі жайында, шыршаны қандай ойыншықтармен қандай материалдан қалай жасалатынын әңгіме-сабақ түрінде баяндаймын. Бірнеше ойыншықтарды тақтаға іліп қойып, оның пішіні мен көлеміне, бояу түстеріне оқушылар назарын аударамын. Бірнеше шырша ойыншықтармен бұтақшаны безендіріп көрсетемін.
Көз жауын алатын нәзік те әсем ойыншықтар жасау – оңай еңбек емес. Әйтсе де оқушылардың өз қолымен жасаған ойыншықтарының қымбат екенін айтып түсіндіремін. Еңбек сабағында немесе бейнелеу өнері сабақтарында жоғары сынып оқушылары жасаған шырша ойыншықтарын оқушыларға көрсетемін. Жаңа жыл мерекесіне арналып жазылған өлең-жырлар оқылады.
Жаңа жыл ойыншықтарын жасау.
Ақ қырауға малынған.
Ақша қардай сақалы,
Көптен күтіп сағынған
Көрдік Аязатаны.
Базарлықты баршаға
Әкеліпті ол тағы.
Қарасын деп тамсана
Безендірдік шыршаны.
Тақпақтарды жаттадық,
Би де үйрендік көрсін деп.
Аязата шаттанып,
Бізге риза болсын деп.
Ф. Оңғарсынова.
Жаңа жыл шыршасын безендіру үшін жасалатын ойыншықтар түрлі түсті және жылтыр (фольга) қағаздардан қайшымен қию, бүктеу арқылы орындалады. Ойыншықтар жеңіл, әсем, түрлі түсті болуы шарт, себебі шырша бұтақшаларына ілуге қолайлы болуы керек.
Әрине, дайын үлгілері дүкендерде сатылған ойыншықтар да әдемі, бірақ олар бір формада, түстері бірыңғай болып келеді.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін ұштау үшін оқушыларға әркім өз бетінше қалаған ойыншықтарын жасауына еркіндік беремін.
Мысалы, кәдімгі түнгі көшелерді жарықтандырып тұратын шамның «түнгі шырақ» үлгісін жасау жолдары мынадай: тік төртбұрышты қағаз алынып, ортасынан бүктеледі. Бүктелу сызығынан көлденең орта шенінен кесіледі. Сонымен бірге бірінші және соңғы кесінділер қағаз шетінен 2 см-ден жақын болмауы керек.
Бүктелген қағаз ашылып, түтікше сияқты оралады, ал кесінділер шырақ сияқты қалыпты береді. Оралған қағаздың екі шеті желімделеді. Дайын болған шырақты безендіріп, жіпке байлап іледі.
Үйге тапсырма беру: Жаңа жыл шыршасына арнап ойыншықтар жаса, Жаңа жыл мерекесі кезеңін бейнеле.
Сабақ: №17
Сабақтың тақырыбы:
Қысқы демалыс.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Қысқы табиғат әсемдігін көре білуге баулу. Қыс
айларындағы табиғат өзгерістерін, құбылыстарын бейнелеуге
үйрету.
ә) Дамытушылық: Оқушылардың еске сақтау қабілетін, көру қабілетін,
логикалық ойлау қабілетін дамыту.
б) Тәрбиелілік: Оқушыларды өзін-өзі бақылауға, бірлікке,
ұйымшылдыққа тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Қыс көрінісі туралы суреттер, суретшілердің еңбегі,
фотосуреттер, қалам, өшіргіш, түрлі түсті бояулар және т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Оқушыларды қызықтыру мақстаында қыс көріністері бейнеленген шығармалар мен фоттосуреттерді тақтаға іліп қойып көрсетемін, әңгімелеймін. Шығармалардағы, фотосуреттегі қыс көріністеріне және ондағы бояу реңктеріне, қандай бояумен орындалғандығына көңіл бөлуіміз қажет. Қыс көрінісін, қыстағы қар, күн, ағаштарды бейнелегенде көгілдір қағазды фон ретінде алсақ, ақ қар мен қарайған ағаштар айқын, әсем көрінеді. Қыс жайындағы әсерлі ойларын толықтыру, байыту мақсатында ақын-жазушылардың өлең-жырларын оқытып, жұмбақтар мен халық мақал-мәтелдері айтқызамын. Мысалы, қыс қызықтарына арналған Қосжан Мүсіреповтың «Қыс» деп аталатын өлеңі:
Қыс.
Бір топ бала сырғанап,
Барады, әне жарысып.
Қалды артында қыр, алап,
Іздерінен қар ұшып.
Қырау қашып жағаға,
Аяз беттен өбеді.
Бірі мініп шанаға,
Бірі шаңғы тебеді.
Осы өлең оқылып болғаннан кейін, оқушылардың бейнелі ойлау қабілеттерін қалыптастыру мақсатында сұрақ қойып, жауап аламын.
– Балалар, ақын қай жыл мезгілін айтып тұр?
- Өлең шумақтарында бір топ баланың қандай ойындар ойнап жүргені айтылған?
- Балалар қандай жерде шана, шаңғы теуіп жүр?
Әрбір оқушыдан қайда, қалай демалғандығы жайлы қысқаша, әсерлі әңгімелеп беруін сұраймын. Қыс жайындағы әңгімеден кейін сурет салуға кіріседі. Салынатын сурет тақырыбын олардың өздері таңдап алуға мүмкіндіктері бар. Қыс көрінісін жоғарыда айтқандай көгілдір және сұр қағаз бетіне орындаған дұрыс. Табиғат көрінісін бейнелеуде алыс, жақын, астында, үстінде, жанында ұғымдарын қалыптастыратын перспектива заңдылықтарын міндетті түрде оқушылардың білуі қажет. Бірінші зат бізден неғұрлым алыс тұрса, ол соғұрлым кішкентай болып көрінеді. «Перспектива» латынның «тасадан көру» деген сөзінен шыққан. Қазақша ұғымы «көрініс» дегенге келеді. «Перспектива» ұғымын дұрыс білмесек, алыстағы, жақындағы заттар бірдей салынған болып шығады. Оқушылар салған суреттеріне қарап, өз пікірлерін айтады. Дұрыс-бұрыс жақтарын көрсетіп, түсіндіремін.
Үйге тапсырма беру: Қыс тақырыбына арнап суреттер сал, өздерің салған шығармаларға тақырып қой.
Сабақ: №18
Сабақтың тақырыбы:
Халық шеберлерінің ісімен танысайық.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушыларды халық шеберлерінің шығармаларымен
таныстыру. Ұлттық қолөнер шығармаларының түрлерімен
(зергерлік, ағаш ұсталығы, текемет, сырмақ, түскиіз, кілем)
таныстыру.
ә) Дамытушылық: Сәндік-қолданбалы өнері түрлерінің кейбіреуінің жасалу
жолдарының қарапайым, қолайлы жақтарын қарастырып,
оқушыларға үйрету, дамыту.
б) Тәрбиелілік: Белсенділігін арттыра отырып, бір-біріне көмектесу
мақсатымен оқушыларды ұйымшыл болуға тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Халық шеберлері және олардың шығармалары бейнеленген кестелер, плакаттар, фотосуреттер, сәндік қолданбалы өнер саласындағы бұйымдар үлгілері және т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Оқушылар сабаққа қажетті халық шеберлерінің жасаған бұйымдар үлгісін, фотосуреттерді, иллюстрацияларды қарап шығады. Шеберлер жасаған бұйымдардың әсем формасына жарасымды бояу түстеріне, ойнақы өрнектер арқылы безендірілгеніне оқушылардың көңіл аударғаны жөн. Оқушыларға сұрақтар бере отырып әңгіме-сабақты одан әрі жалғастырамын.
Сендер халық шеберлері жөнінде не білесіңдер?
Халық шеберлері деп кімдерді атаймыз?
Шеберлер орындаған ою-өрнектердің бәрі де табиғаттан алынған. Мысалы, гүл, жапырақ, бүршік, ағаш, ай, күн, жұлдыз т. б. Халық өнерінің өмірдегі алар орнын және қазіргі жаңа заман талабына сай жасалынатын бұйым үлгілерін көрсетіп айтамын. Музыкалық аспаптар, өрнекті ыдыс-аяқтар, үй мүліктері т. б. жайында да айтамын. Фотосуреттерден халық шеберлері қолынан шыққан текемет, алаша, басқұр, кілем өрнектерін, олардың орналасу ретін, формасын, түс жарасымдылығын қарап шығамыз.Тақтаға бірнеше өрнек түрлерінің элементтерін сызып көрсетемін. Оқушылар өрнек элементтерінің атын атап, қай жерде қолданылатынын өткен сабақтарды еске түсіре отырып әңгімелейді. Сабақтың тәжірибелік бөлімінде оқушылар өрнек элементтерін қағаз бетіне түсіре бастайды. Оқушылар өрнек салудың екі тәсілімен де жұмыс жасау мүмкіндіктеріне ие. Алғаш өрнектерді қарындашпен сызып алып, кейіннен бояу. Немесе бірден қылқаламмен суретін, яғни, өрнегін салуды бастау. Өрнектерді дұрыс орналастыру үшін қағаз бетін белгілеп алулары қажет. Мысалы, жолақ ішіндегі, үшбұрыш, дөңгелек ішіндегі өрнектердің орналасу тәртібін меңгеру. Сонан соң безендірілетін бұйым немесе заттың қандай формада екендігін айқындап, сол формаға лайық өрнек элементтерін орындайды. Өрнектермен жұмысты күрделендіру мақсатында оқушылар өрнектерден композиция құрайды.
Үйге тапсырма беру: Халық шеберлернің қолынан шыққан бұйымдардың үлгісіне қарап сурет салу.
Сабақ: №19
Сабақтың тақырыбы:
Үй жануарларын мүсіндейік.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушыларды үй жануарларын мүсіндеу әдіс-тәсілдерімен
таныстыру, жануарлардың дене мүшелерін, қозғалыстағы
қалпын бере алуға үйрету.
ә) Дамытушылық: Жұмыс кезіндегі жетістіктері мен кемшіліктерін аныықтай
отырып оқушылардың ой-өрісін, щығармашылық қабілетін
дамыту.
б) Тәрбиелілік: Оқушыларды ұқыптылыққа, шыдамдылыққа,
еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Үй жануарлары бейнеленген фотосуреттер, плакаттар, иллюстрациялар, шағын мүсіндер. және т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Оқушылар жануарлар бейнеленген фотосуреттер мен шығармаларды мұқият қарап шығады. Мүсіншілер жасаған шағын мүсіндерді қолымен ұстап көреді.
Өткен сабақтарды естеріне түсіріп, төрт түлік малды атайды: жылқы, сиыр, түйе, ешкі. Оқушылардың бейнелі ойлау қабілетін дамытатын бірнеше жұмбақтарды айта кетуге болады. Мысалы:
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
(Түйе.)
Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоын бар.
(Қой.)
Төрт түлік жайында ақын-жазушылар жазған өлең, жырларды әсерлендіру мақсатында оқып беремін. Мысалы, төрт түлік малдың ең жүйрігі жылқы төлі құлын жайында М. Әлімбаев былай жырлайды:
Құлыншық.
Бұлшық етің бұлтылдап,
Қолды-аяққа тұрмайсың.
Құндыз түгің жылтылдап,
Желден оза зарлайсың.
Асыр салып көп ойнап,
Ақсап қалдың, құлыншақ.
Жүрмейсің бе абайлап,
Болмасаңшы ұрыншақ.
Сөйтіп, төрт түлік малмен таныстыра келіп, оқушылардың көңілін басқа да үй жануарларының түріне аударуға болады. Мысалы, итті үй жануарларының күзетшісі, сақшысы деп атаймыз. Балалардың ең сүйкімді, төрт аяқты досы ит екендігін ескере отырып, «Менің күшігім» деген тақырыпта жұмыс жасауды тапсырамын. Адамның сенімді досы ит жайында оқушылардың өздеріне таныс тақырыптарға байланысты сұрақтар беремін:
Ит адамға қандай қызмет көрсетеді?
Иттің қандай түрлерін білесіңдер?
Олар қалай аталады, дене бітімі қандай?
Оқушылар сұрақтарға жауап бере отырып, ермексазды жұмсартып, тұтас бөліктен созу арқылы ит мүсінін жасауға кіріседі.Оқушылармен бірге созу, жалпақтау, жұмырлау әдіс-тәсілдерін атқарамын. Ит туралы мүсіндеу барысында қиындық болмау үшін жануарлар бейнеленген суретші шығармалары, мүсіншілер тақтада, стол бетінде, оқушыларға көрінетін жерде тұруы қажет.Ақын
Б. Серікбаевтың «Ақ күшік» өлеңін дауыстап оқып беремін:
Ақ күшік.
Итаяқтан ақ күшік
Жуындыны жатты ішіп.
Мысық келіп жанына:
- Бар ма? – деді, тағы да.
- Баррр, беррр-меймінн біррр-ақта! –
Деді күшік ұнатпай.
«Дос болыппын текке!» - деп,
Қалды мысық өкпелеп.
Итті мүсіндеуде оның қозғалысын, ерекше тұрған қалпын беру үшін, оны бақылап, суретін салып жаттығу қажет. Итті дұрыс мүсіндеу үшін, оның дене қүрылысын, бас, аяқ т. б. бөліктердің орналасуын, қозғалған кезде өзгеруін білу маңызды. Итті мүсіндегенде ең бірінші оның денесін жасап алған жөн. Содан кейін бас формасының көлемін белгілеп, денеге жапсыру қажет. Сирақтардың шығыңқы жерлерін белгілеп, тепе-теңдігін, көлемін анықтау керек. Денедегі негізгі бөліктерді дайындап болған соң, құлақ, құйрық, сияқты бөліктерді жасауға болады.
Әрине оның алдында, иттің әр түрлі қозғалыс қалпындағы кезін көріп, бақылау шарт. Содан кейін іске кіріскен жөн.
Үйге тапсырма беру: Иттің қозғалыстағы қалпын мүсінде. Мысалы, аң аулауға ұмтылған иттің қимыл-қозғалысын көрсет.
Сабақ: №20
Сабақтың тақырыбы:
Досымның келбетін бейнелеймін.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Оқушыларға портрет (келбет) жанры туралы түсінік беру,
портрет салу жолының техникасымен таныстыру, салынған
суреттің шын бейнеге ұқсауын мақсат ету.
ә) Дамытушылық: Білімдерін кеңейту, дүниетанымды қалыптастыру,
оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эмоциялық
сезімдерін, танымдық күштерін, ой-өрісін, қиялын, оқуға,
өнерге қызығушылықтарын дамыту.
б) Тәрбиелілік: Білімге, өнерге деген қызығушылықтарын оятып, оқушы
бойында асыл қасиеттерді тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Фотосуреттер, суретші шығармалары, иллюстрациялар, және т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Тақтаға белгілі суретшілердің салған адам келбеттерін ілемін. Оларды оқушылар асықпай байыппен қарап алуға тиіс. Живопись өнеріндегі басқа жанрларды еске түсіріп (табиғат, натюрморт т. б., портрет жанрының ерекшелігін аңғаруға көңіл бөлуін қамтамасыз ету пайдалы. Адамның суретін салатын суретшіні портрет (келбет) салатын суретші деп, атайтынын оқушыларға түсіндіремін. Әңгіме барысында оқушыларға суретшілер портрет салғанда адамның тек өзіне-өзі ұқсауын ғана емес, сонымен қатар, адамның мінезін, көңіл күйін көрсетіп беретінін түсіндіремін. Әңгіме барысында оқушыларға көрнекіліктерді көрсете отырып, сұрақтарға жауап беруін талап етемін:
Суретте кім бейнеленген?
Оның көңіл күйі қандай?
Бұл кісі қандай мамандық иесі?
Қандай белгілермен айқындадыңдар?
Оқушы жауаптарын құптай отырып, әрбір портретке қысқаша сипаттама беремін. Өткен сабақтарда осы аталған суретшілердің қандай шығармаларын көріп, таныс болғандықтарын естеріне түсіремін. Портрет жанрының күрделілігін ескерте отырып, оқушыларға адамның бет әлпетін, көңіл күйге байланысты өзгеруін бақылап, қадағалаудың қажеттігін айтып түсіндіремін. Ең алдымен, адамның бет бейнесін мұқият зер салып қарап шығу, бас формасының қандай екендігін аңғару, шашының түсіне көңіл бөлу, сонымен қатар көз, мұрын, ауыз құрылысына да назар аудару әрекеттерін іске асырамын. Оқушыларға сурет салуды адамның бас формасын салудан бастау керектігін, айтып түсіндіремін. Адамның бет пішінінің әрбір мүшесі жеңіл сызықтармен орындалуы тиіс, себебі, сурет салу барысында қателіктер болса түзетуге немесе алып тастауға болады. Адамның басын салуға симметриялық ерекшелікті қолдануға болады, сондықтан адамның оң жақ беті мен сол жақ бетін немесе керісінше, салыстырып отырған жөн. Ең алдымен бет пішінінің негізгі сызықтары белгіленеді. Қасты, кірпікті, көз қарашығын, бет пішінінің негізгі бөлшектерінің орналасуын анықтамай тұрып сурет салуға болмайды. Адамның көзі бет пішінінің орта шенінде орналасқан. Бастың маңдай жағы беттің тең жартысын алады. Бұл жайында оқушыларға ескертіп отыру қажет, себебі, олар портрет салғанда осыдан қате жіберіп жатады. Жалпы бас формасын тауып қағаз бетіне түсіргеннен кейін шашты салуға болады. Оқушыларды өздері салған суретте адамның ең бір ерекше қасиетін (мінезін, күлкісін, көз қарасын) дұрыс бере білуге баулу өте маңызды. Мысалы, адамның көңіл күйін дұрыс беру үшін мына жайды ұмытпау қажет: күлген кісінің езуі ептеп созылады, көзі қысылыңқырайды; ал қайғырған кезде кісінің қасы төмен түсіп кетеді. Көбінше оқушылар өз жолдастарын бейнелеуге қызығады. Бұл олардың сурет салу барысында ұқсастықты салыстыруға мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Сабақтың соңында оқушылар салған суреттерден көрме ұйымдастырып, өз жұмыстарына сын, пікір айтуға еркіндік бермін.
Үйге тапсырма беру: Автопортрет немесе өздерің жақсы көретін әдеби, кино кейіпкерлерін бейнеле.
Сабақ: №21
Сабақтың тақырыбы:
Анамызға сыйлық жасаймыз.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Мерекелік құттықтау құснихатын сәнді безендіру әдіс-
тәсілдерінің қарапайым жолдарын үйрету. 8-Наурыз
мерекесіне дайындық жасау арқылы көркем еңбекке баулу.
ә) Дамытушылық: Оқушылардың өзіндік шығармашылық іс-әрекетін, түрлі түсті
реңктерді сезіну қабілеттерін дамыту.
б) Тәрбиелілік: Ізгілікке, имандылыққа, қоғамдағы жат қылықтардан аулақ
болуға, адамгершілік пен адалдық қасиетіне тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Көркемсуретті фотоальбомдар, әр түрлі қағаздан жасалған құснихат үлгілері, иллюстрациялар, түрлі түсті қағаздар, қайшы, желім, қарындаш, және т. б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Оқушыларға көрнекіліктерді көрсетемін. Аналар мерекесіне арналған өлең, тақпақтар оқылады. Мысалы, ақын С. Оспановтың мына өлең жолдарын оқып көруге болады:
Сегізінші Наурыз күні.
Үлкенмін ғой мен енді,
Жудым бүгін еденді,
Аналарға арналған
Жаттап алдым өлеңді.
Өлең айтып беремін,
Нан да алып келемін,
Өйткені мен мамамды
Өте жақсы көремін.
Бүгін бестік баға алдым,
Тағы, тағы алармын.
Үздік оқу – тартуым
Мейрамына мамамның.
Өлеңді оқып болғаннан кейін сұрақтар қоямын:
Балалар, бұл өлеңде кім жайында айтылып отыр?
Өлеңде мамаларына ұл-қыздары қандай сыйлық жасапты?
Сендер қандай сыйлық дайындайсыңдар?
Ана туралы әсерлі әңгімелеп беремін:
- Балалар, сендер бір сәтке көздеріңді жұмып, мамаларыңды көзалдарыңда елестетіп көріңдерші. Сендер мамаларыңның аяулы бейнесін, жұмсақ үнін, мейірімді көзқарасын сезінесіңдер. Бәлкім, мамаларың сыйлық ретінде оның бейнесін қағаз бетіне түсіретін шығарсыңдар, - деп оқушыларға ой тастайды. – мамаңды 8-Наурыз мерекесімен құттықтау үшін құснихатты сатып алуға да болады, бірақ өздерің өз қолдарыңмен жасап бергендерің мамаларыңды ерекше қуанышқа бөлейді. Оқушылар шығармашылық іс-әрекеттер жасауға кіріседі. Бірі портрет салса, бірі гүл шоқтарынан натюрморт жасап, табиғат тамашаларын бейнелейді. Әрбір оқушының жанына келіп, жеке-жеке кеңестер беремін. Натюрморт салғанда, мысалы, гүл шоқтарын аласа, шағын ыдыстарға, ал ұзын көлемді гүл шоқтарын биік құмыраға салу қажеттігі ескеріледі. Сонымен қатар, гүл шоқтары бір-бірімен түс жағынан жарасымдылықта болуына да көңіл бөлген жөн.
Сабақ соңында, жасалған жұмыстарды реттеп, қатты картон қағазға жапсырып, сыныпта көрме ұйымдастырып, оқушылар шығармаларын талдап, әңгімелейміз. Оқушылар бір-бірінің жұмыстарына сын пікірлер айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |