УДК 340.17: 340.137
С.Ж. Айдарбаев, Ж.С. Жунисов
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Халықаралық қатынастар факультеті, Алматы, Қазақстан
e-mail: zhassulan.78@mail.ru
Мемлекеттер заңнамаларын жақындастырудың құралдары (әдістері): Еуропалық Одақ тәжірибесі
Аңдатпа: Аталған мақала Еуропалық Экономикалық Қауымдастық, кейін Еуропалық Одақ шеңберіндегі мүше-мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын жақындастыру (унификациялау және гармонизациялау) тәжірибесіне арналған. Мақалада Еуропалық Одақ шеңберінде заңнамаларды унификациялау және гармонизациялау мәселелерін қарастыру барысында құқықтық жақындастыру әдістеріне де көңіл бөлінген. Осы тақырыпты зерттеу барысында заңнамаларды жақындастыру әдістері ретінде «аяқталған», «шеңберлі», «сілтемелі» құқықтық унификациялау мен гармонизациялау әдістері талқыланғанын байқауға болады. Сонымен қатар, унификациялау мен гармонизациялау кезінде регламенттер, директивалар мен шешімдердің алатын орындарының ерекше екенін де атап өту керек. Оның дәлелі ретінде мақалада Еуропалық қауымдастық пен Еуропалық Одақ шеңберінде қабылданған дерективалар да қарастырылған.
Түйін сөздер: унификация, гармонизация, мүше-мемлекеттер, Еуропалық Одақ, Еуропалық қауымдастық Кеңесі, Еуропалық Парламент, регламент, деректива.
S.Zh. Aidarbaev, Zh.Zh. Zhunissov
Methods of legislation convergence of states: experience of the European Union
Abstract: This article is devoted to the practice of unification and harmonization of the national legislation of the member States of the European Economic Community, the European Union. The author paid special attention to the various legal methods of harmonization. In particular, the analysis of methods of legal convergence, such as the «final» method, «the circular» method and «reference» method. In addition, emphasized the value in the implementation of the unification of regulations, directives and decisions of the EU and EC. As an example, considers the Directive adopted by the European community and the European Union.
Key words: unification, harmonization, member States, the European Union, the Council of the European communities, the European Parliament, the regulations, directive.
Айдарбаев С.Ж., Жунисов Ж.С.
Средства (методы) сближения законодательств государств: опыт Европейского Союза
Аннотация: Данная статья посвящена практике унификации и гармонизации национального законодательства государств-членов Европейского Экономического Сообщества, Европейского Союза. Автором уделено особое внимание различным правовым методам гармонизации. В частности проведен анализ методов правового сближения, таких как «конечный» метод, «круговой» метод, «отсылочный» метод. Кроме этого, особо отмечено значение в осуществлении унификации регламентов, директив и решений ЕС и ЕЭС. В качестве примера рассматриваются директивы, принимаемые Европейским сообществом и Европейским Союзом.
Ключевые слова: унификация, гармонизация, государства-члены, Европейский Союз, Совет Европейского сообщества, Европейский Парламент, регламент, директива.
Еуропалық мемлекеттердің заңнамаларын жақындастыру процесінің, атап айтқанда экономикалық және саяси интеграцияның дамуының алғы шарты ретінде 1957 жылғы Рим шартының қабылдануын атап өткен жөн. Аталған Шарттың негізгі талабы - «ортақ нарықтың» тиімді әрекет етуі үшін Шарт қатысушылары өз заңнамаларын унификациялау мен гармонизациялау арқылы Еуропалық Экономикалық Қауымдастықты құру және оның қызметін тиімді түрде жүзеге асыру болды. Еуропалық мемлекеттердің интеграциялануының нәтижесі ретінде 1992 жылғы Маастрихт шартына сәйкес құрылған, интеграциялану аясында нақты реттелген ережелері бар Еуропа Одағын атап өткен жөн.
Еуропалық Одаққа (ЕО) мүше-мемлекеттердің ұстанымдарын, мүдделерін жақындастыруда Еуропалық Одақ Кеңесі (ЕО Кеңесі) мен Еуропалық Одақ Сотының (ЕО Соты) орны ерекше. Сондықтан Еуропалық Одаққа мүше-мемлекеттердің заңнамаларын унификациялау мен гармонизациялау мәселелерін жеке қарастырған жөн. Оның басты себебі – Еуропалық Одақ аясындағы заңнамаларды унификациялау мен гармонизациялаудағы жетістіктердің нәтижелі болуында.
ЕО құқығын қалыптастыру, мүше-мемлекеттердің құқықтық жүйелерін жақындастыру унификация және гармонизация әдістері арқылы жүзеге асырылады.
Унификация әдісі - ЕО аумағында қоғамдық қатынастарды реттейтін бірыңғай тәртіп ережелерін бекіту. ЕО шеңберінде унификация құралдары ретінде «регламенттер» қолданылады.
Гармонизация әдісі - ЕО мүше-мемлекеттерінің ішкі заңдары мен заңға тәуелді актілерін сәйкестендіретін заңнама негіздерін жасап шығару процесі. Гармонизация құралының көмегімен ЕО-қа мүше-мемлекеттердің заңнамалары жақындастырылады, бірақ толықтай бірыңғайлық енгізілмейді. Гармонизация құралы ретінде «директивалар» мен «шеңберлік шешімдер» (қылмыстық іс жүргізу аясында) әрекет етеді.
Мұндай сипаттағы актілер ЕО-на мүше мемлекеттер құқығының қайнар көздерінің бірі болып табылады. ЕО туралы шартқа сәйкес, еуропалық қоғамдастықтардың қүқықтық актілері келесілер бола алады:
- регламенттер – ЕО-ның «заңы» ретінде әрекет ететін нормативтік актілер;
- директивалар – «заңнамалар негізі» ретінде әрекет ететін нормативтік актілер;
- шешімдер – қоғамдастық аясында жеке акт қызметін атқарады және өзі бағытталып тұрған мемлекет пен тұлға үшін барлық элементтері бойынша міндетті болып табылады;
- ұсыныстар – міндетті күші жоқ актілер. Олар мүше-мемлекеттерге, жеке және заңды тұлғаларға ұсыныстар жасау, кеңес беру нысанында шығарылады;
- қорытындылар – нақты сұраққа байланысты, ЕО институтының немесе органының қызығушылығы туралы ресми ұстанымын білдіретін акт болып табылады [1, С.7-8].
Мұндай актілердің ішінде регламенттер мен директивалардың орны ерекше екенін атап өту керек.
Сонымен қатар ЕО шеңберінде мүше-мемлекеттердің заңнамаларын унификациялау және гармонизациялау кезінде келесідей әдістер де қолданылады.
«Аяқталған» түрдегі әдіс. Атап айтқанда оның тәжірибедегі көрінісі әртүрлі болады [2, С.132-146]:
1) Ортақ құқықтық ұғымдарды орнату. Мысал ретінде Еуропалық Қауымдастық Кеңесінің (ЕҚ Кеңесі) 1986 жылғы 22 желтоқсандағы №87/102 Директивасын келтіруге болады. Бұл Директива ЕО Еуропалық Парламенті мен ЕО Кеңесінің №2008/48 Директивасымен ауыстырылды [3]. Бұл директивада бірқатар ұғымдардың, оның ішінде несие шарты, несие беруші, тұтынушы ұғымдарының бірыңғай түсініктері берілген. Мәселен, несие шартының анықтамасы былайша келтірілген: «несие шарты бойынша несие беруші тұтынушыға төлемді шегеру, ссуда немесе өзге де осындай қаржыландыру нысанында несие береді немесе беруге міндеттеледі».
2) Нысаны бойынша аяқталған болып табылатын жекелеген нормаларды орнату. Мұның мысалы ЕҚ Кеңесінің 1988 жылғы 22 маусымдағы №88/357 (2-ші) Директивасы. Бұл директива бойынша барлық елдерге ортақ байлау формуласы белгіленген: «Сақтандыру шарттарына қолданылатын құқық келесі тәртіп бойынша анықталады:
а) егер сақтандырушы сақтандыру жағдайы орын алған мемлекетте тұрса немесе оның орталық басқаруы осы жерде орналасса, сақтандыру шартына тиісті мүше-мемлекеттің құқығы қолданылады. Егер тиісті мемлекеттің құқығы жол берсе, тараптар басқа мемлекеттің құқығын таңдай алады» (7 баптың 1 тармағы) [4].
3) Мазмұны бойынша аяқталған болып табылған нормалар кешенін орнату. ЕҚ Кеңесінің 1985 жылғы 25 шілдедегі №85/374 Директивасы келтірілген зиян үшін жауапты тұлғаларды анықтау, тауардың кемшілігін айқындау, зиян орнын толтырудың тәсілдері мен мерзімдерін және т.б. қоса алғанда, барлық негізгі мәселелерді реттейді.
4) Техникалық стандарттар мен өзге де көрсеткіштерді нақтылаудың жоғары деңгейі, мысалы, азық-түлік немесе фармацевтикалық тауарлар үшін.
Жалпы алғанда ЕҚ-ның құқықтық актілерін «аяқталған» деп дәрежелеу олардың таңдалған нақтылық дәрежесіне байланысты болады.
«Аяқталған» құқықтық унификациялау мен гармонизациялау мәселесі күтілетін нәтижесінің міндеттілігімен сипатталатын директиваларға қатысты ерекше көрініс табады. ЕО Сотымен қалыптастырылған «тікелей әрекет» тұжырымдамасы да құқықтық нормалардың «аяқталған» сипатына қатысы бар, өйткені ЕО Соты белгілі бір ереженің тікелей әрекет етуін мойындау оның табиғаты мен мазмұнына байланысты деп санайды. Мұндай жағдайда норманың мазмұны «нақты, анық және қайшылықсыз» болуы тиіс. Демек, ЕО Соты «аяқталған» түрдегі құқықтық нормаларды жоққа шығармайды [2, С.201].
ЕҚ Комиссиясының 1985 жылғы 14 маусымында бекітілген гармонизацияның «жаңа тұжырымдамасы» «аяқталған» түрдегі құқықтық жақындасу әдісінен бас тартты. Еуропалық қауымдастықтың аталған әдіске деген көзқарасы Маастрихт шартында тепе-теңдік қағидасы бекітілгеннен кейін өзгерді. Яғни, егер белгіленген мақсатқа терең емес реттеу арқылы қол жеткізуге болатын болса, «аяқталған» түрдегі құқықтық актілер енді бұл қағидаға қайшы келетін болды. Нәтижесінде 1992 жылға дейін ұсынылған ЕҚ құқықтық актілерінің көптеген жобалары не кері қайтарылды, не қараусыз қалдырылды, не «шеңберлі» ережелерге өзгертілді.
Әрине, кейбір жағдайларда «аяқталған» әдісті қолданудан бас тарту мүмкін емес. Мысал ретінде, 2002 жылы 6 маусымда Еуропалық Парламентпен және ЕО Кеңесімен бірігіп қабылданған және бірыңғай ортақ коллизиялық ережелерді орнататын «Міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету туралы» №2002/47 Директиваны келтіруге болады.
«Шеңберлі» құқықтық унификацияу мен гармонизациялау әдісін ЕҚ Комиссиясының «жаңа тұжырымдамасы» тұсында қарастыру қажет [5, С.287-309]. Тұжырымдамаға сәйкес, ЕҚ Комиссиясы мүше-мемлекеттердің денсаулықты сақтау, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы құқықтық реттеумен белгіленген мақсаттар өздерінің негізі бойынша құндылығы тең болып табылды. Комиссияның пікірі бойынша ұлттық реттеудің теңдігі мойындалса жеткілікті болады. Іс жүзінде «жаңа тұжырымдама» Еуропалық қауымдастық туралы Шарттың 30-бабы мағынасындағы негізгі «бостандықтарды» немесе ЕҚ Сотымен тұжырымдалған «міндетті талаптарды» заңды түрде шектеу болып табылатын ұлттық реттеу жағдайларымен құқықтық жақындасуды шектейді. Бұл жағдайда құқықтық унификация мен гармонизация бойынша шаралар негізгі (шеңберлі) белгілерден тыс шықпауы керек. Мұндай белгілер, өз кезегінде, құқықтық унификация мен гармонизацияның ең төменгі және ең жоғарғы деңгейін де бекітуі мүмкін.
Ең төменгі деңгей талабы құрылтай шарттардың ережелерінде белгіленуі мүмкін. Мысалы, Еуропалық қауымдастық туралы Шарттың 137-бабы (2 тармақ) әлеуметтік саясат саласындағы гармонизация бойынша директивалар ең төменгі талаптарды орнатуы тиіс деп бекіткен. Содан кейін, белгілі бір ереженің ең төменгі стандарты деп танылуы құқықтық актіден немесе оны түсіндіруден туындауы мүмкін. Сондай ақ ЕҚ Кеңесінің 1976 жылғы 13 желтоқсандағы №77/91 Директивасының 2-бабына сәйкес «Қоғамды құру туралы актіде немесе Жарғыда кем дегенде келесі мәліметтер болуы тиіс...» [6].
Сонымен қатар, «шеңберлі» белгілер ең жоғары талаптарды да қоюы мүмкін. Ең жоғары деңгейді белгілейтін «шеңберлі» унификациялау мен гармонизациялау тауарлар қозғалысының бостандығын қамтамасыз ету мақсатында қабылданған (ЕҚ Кеңесінің 1989 жылғы 14 маусымдағы №89/392 Директивасы) немесе экономика салаларына қаржылық ауыртпалық салу шегін белгілейтін кезінде (ЕҚ Кеңесінің 1992 жылғы 19 қазандағы №92/77 Директивасы) директиваларда орын алды.
Еуропалық заңнамалардың гармонизациясы негізінде жатқан процесс Еуропалық Комиссияның әрекет етуіне тәуелді. Комиссия өз кезегінде заңнамалардың, Еуропалық Парламент пен Кеңестің шешімдерінің орындалуына жауапты болады. Нақтырақ айтқанда, Комиссия «бастамашылық құқығын» иеленеді. Өйткені ол жаңа еуропалық заңнамалардың қабылдануына жауапты.
Егер «субсидиарлық қағидасы» қанағатандырылса, онда Комиссия ұсыныстар дайындайды. Бұндай ұсыныстар кең көлемде талқылауға түседі. Сонымен қатар Комиссия еуропалық заңдардың қолданылуына бақылауды жүзеге асырады. Комисссия соттағы «құқықбұзушылықтар» қатарына жататын айыптау шараларын да қолдана алады [7, p.208-209].
Бұл мәселенің шешілуі интеграциялық құқық шығармашылыққа қойылатын талаптарды белгілеу арқылы шешімін таппақ, өйткені денсаулық сақтау, қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және тұтынушылар құқықтарын қорғау салаларында Еуропалық комиссия «қорғаудың жоғары деңгейіне» сүйенуі тиіс.
«Шеңберлі» унификациялау мен гармонизациялау директивалардың құқықтық табиғатына тән екендігі дау туғызбайды және осыған орай кейбір заңгерлер директиваны құқықтық табиғаты жағынан шеңберлі ұлттық заңнамаға жақындатады [8, С. 174].
Бұл көзқарасты ЕО Конституциясының жобасы да қабылдаған болатын, өйткені оның мәтінінде «еуропалық шеңберлі заң» ұғымы бар еді (1-32 баптар).
Сонымен қатар, «шеңберлі» құқықтық унификациялау мен гармонизациялаудың басқа да кемшілігі бар. Мәселен, тепе-теңдік қағидасы жағынан Еуропалық комиссия кейде көзделген нәтижесінің өзі анық емес тұжырымдалған директиваларды қабылдайды. Мұндайдың салдарынан имплементацияның мен әртүрлі мүше-елдердегі гармонизацияланған ережелерді қолданудың сәйкессіздігі пайда болады. Бұдан кез келген имплементацияны сәйкес деп тануға мүмкіндік беретін құқықтық жақындастыруға «фикциялық сипат» беріледі деген күдіктің туындауына алып келді.
Жалпы алғанда, қазіргі интеграция сатысында мүше-мемлекеттердің саяси ұмтылыстарына бұл әдістің сәйкес келетінін байқауға болады.
«Сілтемелі» түрдегі құқықтық унификациялау мен гармонизациялау әдісі. Ғылыми-техникалық прогресстің тез өзгеріп отыратын жайттарына интеграциялық реттеуді жақындастырудың ең тиімді әдісі осы екендігі Еуропалық қауымдастықта бірден қалыптасқан жоқ. Еуропалық стандартқа сілтеме жасау ЕҚ Кеңесі 1983 жылы 28 наурызда қабылдаған №83/189 Директивасы арқылы жалғастырды. Бұл директива бойынша еуропалық стандарттарды дайындау жұмысы мүшелері стандартизация бойынша ұлттық ұйымдар болып табылатын Стандартизация бойынша Еуропалық комитетке және Электртехникадағы стандартизация жөніндегі Еуропалық комитетке жүктелді. Бұл органдар өз қызметін ЕҚ Комиссиясымен жасалған екі бөліктен тұратын келісімдер негізінде атқарады:
1) ынтымақтастықтың жалпы қағидалары (тараптардың негізгі құқықтары мен міндеттері);
2) еуропалық стандарттарды дайындаудың шеңберлі шарттары (мерзімдер, қаржыландыру тәртібі және т.б.).
ЕҚ Кеңесінің 1985 жылғы 7 мамырдағы «Техникалық гармонизация мен стандартизация саласындағы жаңа тұжырымдама туралы» қарарында (резолюциясында) бұл мәселе нақтырақ реттеуін тапты. Бұл қарарға сәйкес өнеркәсіп өнімдерінің шығарылуы мен айналымын ретейтін ұлттық ережелерді жақындастыру «негізгі» белгілерді орнату арқылы жасалуы тиіс еді.
Сол сияқты осы қарар техникалық гармонизация саласындағы директивалардың үлгілі құрылымын бекітті (стандарттарды дайындалуы тапсырылған еуропалық ұйымның көрсетілуі; сертификаттың түрі мен оны беру тәртібі; ұлттық ведомстволардың бақылау мақсатындағы тексерулерін жүргізу негіздері; ЕҚ мүше-мемлекетінің өзінің мемлекеттік аумағында белгілі бір өнімнің айналымына тыйым немесе шектеу салу жөніндегі қорғау ескертпесін қолдану тәртібі және т.б.) [9, С.20-22].
Кейінгі жылдары Еуропалық парламент пен ЕО Кеңесінің 1998 жылы 22 маусымда қабылданған №98/34 Директивасы және Еуропалық парламент пен ЕО Кеңесінің 1998 жылы 20 шілдеде қабылданған «№98/34 Директиваға өзгерістер енгізу туралы» Директивасы шықты.
Бірінші директива он бес жыл ішінде қабылданған ЕО-тың құқықтық актілерін кодифициялап, бірқатар жаңалықтар енгізді, оның ішінде «de facto техникалық қаулы» ұғымы анықталды, мүше-мемлекеттердің ұлттық техникалық нормалары мен ережелерін дайындау, енгізу және өзгерту туралы хабарламаларды Еуропалық комиссияға жеткізу мерзімдерін өзгертті, сондай-ақ техникалық гармонизация мәселелері жөніндегі тұрақты комитет құрылды.
Екінші директива «жаңа тұжырымдаманы» қызметтердің жекелеген түрлеріне таратты, атап айтқанда, электронды режимде қашықтықтан ұсынылатын және алушының жеке сұранысы негізіндегі қызметтерге қатысты.
Қазіргі кезде техникалық гармонизация саласында келесі мәселелерді көрсетуге болады.
Біріншіден, соңғы жылдары қабылданған шараларға қарамастан техникалық нормалар мен ережелерді дайындау процесіне әртүрлі мүдделі топтарды тартуға қатысты белгілі бір қиындықтар орын алуда, ал бұл болса техникалық гармонизацияның тәжірибелік тиімділігіне тікелей нұқсан келтіруде.
Екіншіден, «жаңа тұжырымдама» шегіндегі ЕҚ-тың құқықтық актілері кемшіліксіз емес. Мәселен, әртүрлі директиваларда ұғымдар мен терминдер арасында, сертификациялау тәртібі жағынан және т.с.с. жағынан қайшылықтар бар.
Үшіншіден, стандартизация бойынша еуропалық ұйымдардың қызметі білдірілген сенімді ақтай бермейді; олардың арасындағы кооперация деңгейі де жеткіліксіз.
Төртіншіден, күн тәртібінде ЕО мен мүше-мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа механизмдерін дайындау мәселесі тұр.
Ең қиын мәселе, бұрынғыша, тиісті органдардың қызметін сертификациялау және унификациялауға дейін бірыңғай аккредитациялау тәртібін орнату, сондай-ақ ұлттық деңгейдегі қадағалауды гармонизациялау және құзыретті ұлттық ведомстволар арасында жүйелі ақпарат алмасуды енгізу болып отыр.
Соңында, «ex ante» және «ex post» унификацияу мен гармонизациялауды да атап өту керек. Бірінші әдіс бойынша құқықтық жақындасу ұлттық ережелердің болмауы жағыдайында жүзеге асырылады.
Мысалы, ЕҚ Кеңесінің 1986 жылғы 18 желтоқсанындағы №86/653 Директивасы коммерциялық өкілдің тапсырылған тапсырманы орындау барысында шыққан шығындар орнын толтырылуын талап ету құқығын қарастырады. Бұдан бұрын мұндай мүмкіндік ағылшын, бельгиялық, даниялық, испандық және гректік ұлттық құқықта қарастырылмаған.
«Еx post» унификациялауы мен гармонизациялауы ұлттық реттеуде орын алып отырған қайшылықтарды жоюға бағытталады.
Сонымен, бүгінгі күні Еуропалық қауымдастықтың құқықтық саясатының басты міндеттерінің бірі құқықтық жақындасудың ең тиімді үлгісін іздестіріп табу болып отыр. Бұл болса, өз кезегінде ортақ бірыңғай ережелердің қажеттілігі мен ұлттық реттеу «плюрализмі» арасындағы дилеммамен түсіндіріледі [10].
Зерттеу нәтижелерін қорытындылайтын болсақ, қазіргі құқықтық жақындасу тұжырымдамасының келесі жайларын атап өтуге болар еді деп ойлаймыз:
- таңдау мүмкіндігі берілген жағдайда ұсыныстық сипаты бар директивалар мен шаралар қабылдануы тиіс;
- белгілі бір қарым-қатынастарға қатысты ЕО-тың құқықтық актілері мүше-мемлекеттердің тиісті шараларымен бірге қолданылатын болса, басымдық «шеңберлі» шараларға берілуі тиіс;
- бірінші орынға ең төменгі талаптардың орнатылуы шығып отыр;
- құқықтық унификация мен гармонизацияның басты мақсаты «заңдастырылған» ұлттық протекционизмді жою болып табылады;
- жалпы тәртіп бойынша құқықтық унификациялау мен гармонизациялау трансшекаралық қарым-қатынастармен ғана шектеледі.
Әдебиеттер:
Кудачкин А. Сближение и гармонизация законодательств: понятие и международно-правовая характеристика // Право и жизнь. - М., 2006.- № 99 (9).-С. 1-10.
Дейвис Г. Право внутреннего рынка Европейского Союза: Учебное пособие: Пер. с англ. – Киев: Знання-Прес, 2004.- 422 с.
Директива Европейского Парламента и Совета 2008/48/EC от 23 апреля 2008 о кредитных договорах для потребителей и отмен директивы Совета 87/102/EEC. Материалы для адвокатов, 2009-04-20 //Электронный ресурс: http://www.selat.ru/story.php?story=610
Вторая Директива Совета Европы от 22 июня 1988 г. о координации законодательных, нормативных и административных актов в отношении прямого страхования, иного, чем страхование жизни, о положениях, направленных на упрощение фактического осуществления свободы оказания услуг, и об изменении Директивы 73/239/EEC (88/357/EEC)// Электронный ресурс: http://www.znay.ru/law/eec/eec88-357.shtml
Хартли Т.К. Основы права Европейского сообщества: Пер. с англ. – М.: Закон и право, ЮНИТИ, 1998. – 703 с.
Вторая Директива 77/91/ЕЭС Совета от 13 декабря 1976 г. о координации гарантий, которые требуются в государствах-членах от хозяйственных обществ в значении второго абзаца статьи 58 Договора[1] для защиты интересов их участников и третьих лиц, с целью сделать эти гарантии эквивалентными применительно к учреждению акционерных обществ, а также поддержанию и изменениям их капитала // Электронный ресурс: http://eulaw.edu.ru/documents/ legislation/corporate/second.htm
Bertrand Crettez, Regis Deloche. Оn the unification of legal rules in the European Union // Eeuropean journal of law and economics, may 2006, volume 21, issue 3, 203-214 р.
Топорнин Б.Н. Европейские сообщества: право и институты. Динамика развития. - М.: Изд-во ИГиП РАН, 1992. - 183 c.
Европейское право: Учеб. для вузов / Рук. авт. кол. и отв. ред. Л. М. Энтин. - М.: НОРМА-ИНФРА, 2000. - 705 с.
Кейбір еуропалық ғалымдардың пікірі бойынша 10 жылдан кейін экономикалық өмірдің реттелуінің 80%, тіпті салық салу мен әлеуметтік саладағы реттеудің де, еуропалық қайнар көздер арқылы жүзеге асырылатын болады.
Kudashkin А. Sblizhhenie I garmonizasya zakonodatelstv: ponyatie i mezhdunarodno-pravovaya kharakteristika // Pravo i zhizn. - М., 2006.- № 99 (9).-S. 1-10.
DEvis G. Pravo vnutrennego rynka Evropeyskogo Soyuza: Ushebnoe posobye: Per. S angl. – Kiev: Znania-Press, 2004.- 422 s.
Direktiva Evropeyskogo Parlaventa i Soveta 2008/48/EC ot 23 aprelya 2008 o kreditnyh dogovorov dlya potrebiteley b otmenu direktivy Soveta 87/102/EEC. Materialy dlya advokatov, 2009-04-20 // Elektronnyi resurs: http://www.selat. ru/ story.php?story=610
Vtoraya Direkniva Soveta Evropy ot 22 iynya 1988 г. O kordinasyy zakonodatelnyh, normatyvnyh i administratyvnyh aktov v otnoshenyy pryamogo strahovanya, inogo, shem strahovanye zhizni, o polozhenyah, napravlennyh na uproshenye faktisheskogo osushestvlenya svobody okazanya uslug, i ob izmenenyy Direknivy 73/239/EES (88/357/EES)// Elektronnyi resurs: http://www.znay.ru/ law/eec/eec88-357.shtml
Hartli Т.К. Osnovy prava Evropeyskogo soobshestva: Perр. s angl. – М.: Zakon i pravo, UNITI, 1998. – 703 s.
Vtoraya Direktiva 77/91/EES Soveta ot 13 dekabrya 1976 g. J kordinasyy garantyy, kotorye trebuytsya v gosudarstvah-shlenah ot hozyastvennyh obshestv v znashenyy vtorogo abzassa statyy 58 Dogovora dlya zashyty interesov ih ushastnikov i tretih lis, s selyu sdelat eti garantyy ekvivalentnymy primenitelyu k ushrezhdenyu aksionernyh obshestv, a takshe podderzhanyu i izmenenyam ih kapitala // Elektronnyi resurs: http://eulaw.edu.ru/documents/legislation/corporate/second.htm
Bertrand Crettez, Regis Deloche. Оn the unification of legal rules in the European Union // Eeuropean journal of law and economics, may 2006, volume 21, issue 3, 203-214 р.
Topornin B.N. Evropeyskye soobshestva: pravo i instituty. Dinamika razvytya. - М.: Izd-vo IGiP RAN, 1992. - 183 s.
Evropeyskoe pravo: Ushebnik dlya vuzov / Ruk. avt. kol. i otv. red. L. M. Entin. - M.: NORMA-INFRA, 2000. - 705 s.
Keibir europalyk galymdar pikiri boynsha 10 zhyldan keyn ekonomykalyh omyrdyn rettelyinin 80%, tipti slyk salu men aleumettyk sladagy retteudin de, europalyk kainar kozder arkyly zhyzege asyrylatyn bolady.
Авторлар туралы мәліметтер:
Айдарбаев С.Ж. - з.ғ.д., халықаралық құқық кафедрасы профессоры
Жунисов Ж.С. - халықаралық құқық кафедрасының PhD докторанты
Достарыңызбен бөлісу: |