7) Кері байланыс.
Студенттердің үйрену көрсеткіштерін зерттеу және оларды өз жұмысын жақсарту үшін қолдану, оқу жоспарларын құруда оқудың/оқытудың нәтижелерін ескеру:
- «Бағалаудан кейін оқу процесіне қандай өзгерістер енгізу керек? Бағалау нәтижелері қашан қажетті болады және оларды қалайша пайдалануға болады? Бағалаудан кейін оқу процесіне қандай өзгерістер енгізу керек?»
Студенттер оқуының сапасын үнемі жетілдіру мақсатында кері байланысты оқу жоспарлары мен бағалауға өзгертулер енгізу үшін қолдану керек, өйткені бағалау студенттің оқу әрекеттерінің аяққы нәтижесі болмауы қажет. Бағалау білім игерудің белгілі бір кезеңіндегі студент жұмысының сапасын анықтайды, ал студент оның нәтижелерін өзгерту мүмкіндігіне ие болады.
2. Бағалаудың мағыналары. С.Мирсейітова (С.Мирсеитова. Словарь RWCT.- Алматы: Верена, 2005.- 144 с.) «бағалау» терминінің ағылшын тіліндегі үш мағынасын келтіреді:
1. Бағалау (Evaluation). Мұнда бағалау - талдау ретінде қарастырылады.
2. Мониторинг (Assessment). Бағалау - құрал ретінде танылады.
3. Баға (Grade немесе Mark). Бағалау - сандық (мөлшерлік) құрал ретінде қарастырылады (С.Мирсеитова, 2005, 58-59).
Бірінші мағынада «бағалау» үйренушілердің жетістіктерін жан-жақты қарастырып, «білімді сандық және сапалық тұрғыдан анықтау» (С.Мирсеитова, 2005, 58) деп келтіріледі. Бұл тұрғыда бағалау - үйренушілердің оқу жетістіктерін белгілі бір талаптармен (критерийлер, стандарттар, үлгілер, эталондар, идеалдар) салыстыру, сол тұрғыдан нақты өлшемдер (балл, процент) көмегімен оларды сипаттап және тексеріп, соңынан қорытынды шығару. Мұндай түсініктегі бағалау «сыртқа», яғни қоғамға, социумға бағытталады.
Екінші түсінікте «бағалау» үйренушілердің жоспарланған нәтижелерге жету көрсеткіштері ретінде қарастырылады (мәселен, курстық бірлік немесе модуль аумағында); мұнда студенттердің дамуы мен өзгерістері олардың әрекеттері (нақты құралдар) арқылы көрсетіледі: тест, эссе және басқа да жазба жұмыстары, жоба, интервью, портфолио, т.б. Мұндай өлшеу (мониторинг) студенттердің өз жетістіктерін бағалау немесе ЖОО-ның оқу нәтижелерін жоспарланған нәтижелермен салыстыру үшін қажет. Өз жетістіктерін басқалардың білімі немесе өзінің кешегі білгенімен салыстыра отырып, үйренуші өзінің қаншалықты дәрежеде дамығандығын айқындап (жетістіктері мен кемшіліктері), өз білімін әрі қарай қалайша дамыта түсу керектігін анықтайды. Мұнда бағалау «ішке», яғни үйренушінің тұлғасына немесе оқу орнына бағытталады.
Үшінші вариантта «бағалау» біздің қолданысымыздағы «баға», «баға қою» ұғымымен байланыстырылады: емтихан, тест, жазба жұмысы, жобаның орындалуы немесе семестр нәтижесі бойынша рейтингтік жүйе, балл мөлшері (мәселен, жүз балдық) немесе сандық жүйе (дәстүрлі бес балдық), әріптік жүйе (A,B,C,D,F) негізінде студенттің жұмысына қойылатын баға.
Интербелсенді оқу/оқыту бағалауды үйренушінің өсуі мен дамуының көрсеткіші деп есептеп, оларды үйренушінің оқу әрекеттері арқылы анықтайды. Бұл жерде бағаланатын нәрсе - оқу процесінің өзі, сол арқылы үйренуші өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалайша даму керектігін түсінеді, яғни үйренушінің қалайша жұмыс жасағандығы, оның қалайша ойлайтындығы бағаланады.
Интербелсенді оқу/оқыту практикасында «бағалау» термині келесідей мағынада қолданады:
Бағалау - студенттердің (ЖОО-ның) оқу процесінде қаншалықты табысты (немесе, керісінше) болғандығын, білім игерудегі олардың жетістіктерін, өсуі мен дамуын анықтау.
Достарыңызбен бөлісу: |