Ќўрметті ўстаздар



Дата27.12.2019
өлшемі88 Kb.
#25093

Аудан әкімі Ж.Байсабыровтың

Аудан мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз мәслихатында сөйлеген сөзі

29 тамыз 2019 жыл
Ардақты ағайын!

Сіздерді аудан мұғалімдерінің дәстүрлі Тамыз мәслихатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі алдағы жұмыстарыңызға шығармашылық табыс тілеймін.

Білім – ешбір өлшеммен өлшенбейтін, тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым. Ол күнделікті назарды талап етеді. Өйткені, баланың білімі мен тәрбиесі – тек ата-ананы ғана толғандыратын мәселе емес, ұлт пен ұлыстың ертеңі, болашақтың кепілі.


Аяулы ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері!

Бүгінгі тамыз кеңесінің басты мақсаты – ауданымыздағы ілім мен білім мәселесі турасында алқа құрып, ақыл қосу. Өткен жылдағы істелген жұмыстарды бағамдап, жаңа оқу жылындағы міндеттерді айқындау.

Міндет біреу – ол ұлылар мекені, Абай елі ұрпақтарының білімді, өнерлі, тәрбиелі болып өсуін қамтамасыз ету, сол жолда аянбай еңбек ету.

Бұл төңіректе ауданның білім саласына, ұстаздар қауымына деген ел сенімін Сіздер жақсы білесіздер.

Өз тараптарыңыздан бұл сенімді маңдай тер – еңбектеріңізбен ақтап та келесіздер.

Десе де, мәселеміз жоқ, көңіліміз тоқ дей алмаймыз. Оны осындай жиында айтуымыз керек. Сіздерді сынау үшін емес, ұл-қыздарымыздың білгені мен білмегеніне сын көзбен қарау үшін, оқушы мен оқытушыны емес, оқып отырған кітабымыз бен құралымызды, амалымыз бен әдісімізді түзеу үшін айтамыз.

Осы орайда, білім беру жүйесіне қойылатын талаптарды түбегейлі өзгерту ең басты міндеттеріміздің бірі болып табылады.

Бұл тұрғыда биылғы жылғы республикалық Тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып, білім беру саласының өзектілігіне, мұғалімдер мәртебесі, директорлардың құзыреттілігі, оқушылардың білім беру деңгейін бағалау жүйесіне ерекше тоқталды.

Білім саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін біз білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіруіміз, жастардың заман талабына сай бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз, қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды кеңінен енгізуіміз және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтамасыз етуіміз қажет.

Бұл орайда ауданның оқу ағарту саласына мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын өсуде.



2018 жылы қаржыландыру 1 млрд. 704 млн. теңге болса, 2019 жылы қаржыландыру 2 млрд. 3 млн теңгені құрады.

Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының шеңберінде Абай ауданының білім бөліміне қарасты мектептеріне жиыны 121 млн. 938,0 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстар жүргізілді.

Атап айтсақ, Қарауыл гимназиясы ғимаратының күрделі жөндеуіне 69,6 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Абай мектеп-лицейінің шатыры 26 млн. 209 мың теңгеге, санузелі 3 млн. 400 мың теңгеге, Молдағалиев атындағы орта мектебінің шатыры 12 млн. 880 мың теңгеге жөнделді.

Жергілікті бюджет есебінен Ш.Әбенов, Көкбай орта мектебінің шатырларын ағымдағы жөндеуге жиыны 8 млн 234 мың теңге бөлініп, жөндеуден өтті.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жиыны 5 млн 915,2 мың теңгеге екі мектептің (Әбенов, Әуезов) жылу қазандықтары ауыстырылды.

Бағдарлама бойынша үнемделген қаржы есебінен Абай мектеп-лицейі, Молдағалиев және Әбенов мектептерінің ішкі әрлеу жұмыстарына 4 млн. 937 мың теңге қаржы қарастырылды.

Аудан орталығындағы «Абай колледжі» ғимаратына облыстық бюджеттен 55,9 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Биылғы жылы Ш.Әбенов, Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектептің шатырын жөндеуге 14,2 млн теңге, Абай атындағы мектеп-лицейдің және Қарауыл гимназиясының жылу жүйесін ағымдағы жөндеуге 11,7млн теңге, Б.Байғожина атындағы ясли-бақшасының электр жүйесіне 9,7 млн теңге бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа оқу жылына оқулықтар алуға облыстық бюджеттен 27,9 млн. теңге қаржы бөлінді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен Шәкәрім, Мамай, Бекбосынов, Молдағалиев, Медеу мектептеріне IT сыныптар орнатылды. Абай мектеп-лицейі мен Бекбосынов орта мектебіне қосымша актив панельдер алынды. Бұл сыныптарды ашу үшін облыстық бюджеттен 15,8 млн. теңге, аудандық бюджеттен 15,3 млн. теңге қаражат бөлінді.

Сонымен бірге Абай мектеп-лицейі, Тоқжігітов, Көкбай, Әбенов, Әуезов, Бекбосынов, Шәкәрім, Мамай мектептері демеушілер арқылы интерактивті тақта қойылды және Тоқжігітов, Әбенов, Көкбай орта мектептерінде атаулы кабинеттер ашылды.

Күні кеше ғана өткен облыстық Тамыз мәслихатында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен 2022 жылға дейін Қарауыл ауылында жаңа мектеп салынатыны туралы айтылды. Бұл да болса ұлылар мекенінің ұрпақтары үшін облыс басшылығының жанды қолдауы, білім саласына деген оң көзқарас деп білуіміз қажет.



Аудан бойынша оқушылар 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылған. Арендаторлар есебінен 140 балаға тамақ берілді.

2019 жылы оқушыларды табиғи таза сүтпен қамтамасыз ету үшін 6 млн 700 мың теңге қаралды. Нәтижесінде бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушыларға табиғи таза сүт берілді.

Ағымдағы жылға ауданда алғаш рет жағдайы төмен отбасының балаларына аптасына екі рет бал берілді. Оған жергілікті бюджеттен 1 млн 977 мың теңге қаржы бөлінді.

Облыс әкімі Д.Ахметовтың тапсырмасына сәйкес, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларын қолдау үшін аудан бойынша 869 оқушы тегін мектеп формасымен қамтамтылды.

Білім сапасына келсек,

2018-2019 оқу жылында мектептер бойынша оқушылар білімінің сапалық көрсеткіштерінің мониторингі жасалынды. Нәтижесінде оқушылардың білім сапасы 76,6 пайызды құрап отырған анықталды.

Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушы саны 66-ға азайса, сапа көрсеткіші 0,1-ге; білім сапасы +2 пайызға жоғарлап отыр.

Аудан бойынша мемлекеттік грантқа 28 (19,3%) түлек, облыс әкімінің грантына-4 (3%) түлек, ректордың гранты – 2 (1,3%) түлек иеленді. Жалпы грантқа түскен 34 (23,6%) оқушы.

Өткен оқу жылында аудандық олимпиадаға аудан мектептерінен 189 оқушы қатысып, оның 105-сі жүлдегер атанса, облыстық пән олимпиадасына 23 оқушы қатысып, оның 7-уі жүлделі орындарды еншілеп қайтты.

Жыл ішінде халықаралық, республикалық, облыстық зияткерлік олимпиадаларға жиыны 1525 оқушы қатысып, 728-і жеңімпаз атанды.

«Зияткер» мектепалды дайындық сынып оқушылары арасында өткен облыстық «Тілашар» олимпиадасына 11 оқушы қатысып, 6 оқушы жүлдегер атанып, арнайы сыйлықтарға ие болды.

Өздеріңізге белгілі, оқушылардың нағыз білімі мен оқытушылардың біліктілігін анықтайтын сайыс – облыстық пәндік олимпиада десек, бұл біздің ұстаздардың білім саласындағы еңбегі.

Көптеген шәкірттер білімі, өнерімен түрлі деңгейдегі жарыстарда биіктерден көрінді. Дарынды оқушыларымыз Республикалық Абай, Мұқағали оқуларына қатысып, жүлдегер атанды.

Сөзсіз, бұл жетістіктер ұстаздар қауымының еселі еңбегінің арқасында жүзеге асып жатыр. Бұл да болса, ұлағатты ұстаздарымыздың жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі еселі еңбектерінің жемісі деп білеміз.

Абай ауданында талантты шәкірттер өте көп. Біз тек, тетігін тауып сол талант көзін аша білуіміз қажет.

Қымбатты мәслихатқа қатысушылар!

Өздеріңізге белгілі, ауданның білім сапасын бағалайтын, мұғалімдердің білімі мен біліктілігін саралайтын бүгінгі уақыттағы тәсіл – Ұлттық Біріңғай Тестілеу.

Биылғы жылы тесті қорытындысы бойынша 59,8 балл болып, былтырғы жылмен салыстарғанда 38 баллға төмендеген.

Түлектердің 74 пайызы ғана тестілеу сынағына қатысып отыр. Бұл дегеніміз түлектеріміздің қалған 26 пайызы, немесе 38 бала өз білімділігіне сеніміздік танытқаны деген сөз.

Бұл бізді, аудан мұғалімдерін алаңдатарлық жағдай.

Ал енді іріктеп апарған 74 пайыз оқушының 28-і қажетті 50 баллға жетпей қалды. Бұл әрине мектеп басшыларының, пән мұғалімдерінің өз жұмыстарына деген салғырттығы деп түсінеміз. Әсіресе, жекелеме пәндерден түлектеріміздің төменгі көрсеткіш көрсетуі осы пән мұғалімдеріне ауыр сын, тағылған мін деп қабылдауы қажет.

Неліктен бұлай болды? Себебі неде? Осы жағдай аудан мұғалімдер қауымын, мектеп басшыларын, аудандық білім бөлімі басшылығын, оның әдіскерлерін (методистерді) ойландыруы керек. Білім сапасының осыншама төмендеуі өткен жылдардағы өтірік пен көзбояушылықтың бұл салада әбден дендеп, жайылып кеткендігінен болып отыр.

Балалардың ұяты, ауыр болса да айтамыз, барлық мектеп директорлары мен пән мұғалімдеріне келеді. Бұл балалардың ұстаздары, мектеп директорлары өздерінің жұмыстарына сын көзбен қарағаны жөн болар. Білім көрсеткішінің төмендеуі ата-аналар комитетінің де жұмысын жандандыруды талап етеді.

Ал «Алтын белгі» алуға үміткер 18 оқушының ішінде 49 балл алған оқушыны қалай түсінуге болады? Білім берген ұстаздары, мектеп директоры шәкірт пен ата-ана, жалпы ел бетіне қалай қарайды? «Алтын белгіге» ұсынуда осыншама көзбояушылыққа қалайша жол берілген.

Жалпы, осы ҰБТ-ның қорытындысы мен оқу саласының ахуалы біздерді қатты алаңдатады.

Осы жолғы өткен Республикалық Тамыз маслихатында Мемлекет басшысының айтқан сөздеріне барлықтарыңыз куә болдыңыздар. Ұлттық біріңғай тестілеу алдағы уақытта электронды форматта өткізіліп, оқушылардың 11 жыл бойы алған білімін ешқандай көзбояусыз анықталатан болады. Бүгінгі таңдағы тестілеу әдісі заман талабына сай жаңғырып, әлемдік стандарттарға сәйкестеледі.

Осының бастауы биылғы тестінің ашық түрде өтуі және бізді күрделі өзгерістер күтіп тұр деген сөз.

Шынын айту керек, жарайды оқушы ҰБТ-дан «шпаргалкамен», телефонмен, тағы да басқа қулық айла тәсілдермен өтті делік:


  1. Оқуға түсіп, институтта ақша беріп оқиды.

  2. Бітірген соң, жұмысқа түсуге ақша төлеп орналасады. Әке-шешесінің арқасында.

  3. Орналасқан соң бейімі, білімі жоқ бала жалтақ болып, жұмыстан шығып қалам ба деп қорқып жүргені...

Мынандай жаһандану заманында, тек өз күші мен біліміне сенген уақытта сол түлектердің болашағы не болмақ?

Ауданның ертеңі – сіздердің орындарыңызды басатын ұрпақты осылай тәрбиелеп жатырмыз.



2018-2019 оқу жылында жалпы білім жетілдіру курстарынан 230 педагог өтті. Оның 15-і білім беру саласындағы жетекші мамандар мен мектеп басшылары. Бұл барлық мұғалімдердің 53 пайызын құрап отыр.

Тренерлік курстан 36 мұғалім курстан өтті. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа ережесі бойынша 81 мұғалім аттестациядан өтті.

Ағылшын тілі бойынша информатика, физика, химия, биология пәндерінің 16 мұғалімі білімін жетілдіріп келсе, 14 мұғалім бүгінгі күні курстан өтуде.

Осы мұғалімдерге мемлекеттен қаншама қаржы бөлініп, еңбекақылары еселенеді. Ал білім сапасы, Ұлттық біріңғай тестілеу қорытындысы төмен.

Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, оқушылары тестіден жоғары балл жинаған, облыстық, республикалық байқауларда үздік атанған ұстаздар қауымы жетерлік.

Оқушылармен жекелеме жұмыс жасаған, озық іс-тәжірибесі арқылы талмай еңбек еткен білікті ұстаздардың беті жарық, абыройы биік.

Алайда көптің арасында жүріп, ұзақ күн уақытын құр өткізбекке әуестенген, «ұстаз» деген киелі мамандыққа кір келтіріп жүрген мұғалімдерден де мектептеріміз тазармай отыр. Бұл мектеп директорларының, оның орынбасарларының мойнындағы шешуге тиісті мәселе.

Абай елі кен өндірмейді, мұнай өндемейді, ірі кәсіпорын жоқ. Біздің басты байлығымыз – мәдениетіміз бен өнеріміз, парасатты адамдар және БІЛІМДІ ұрпақ.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңдағы денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер, тұрғындар санына қарап қаражат бөлу мәселесі, осыған орай оңтайландыру – білім саласына да келетіні анық.

Яғни, ауыл мектептеріне қанша бала тәрбиелеп отырғанына байланысты бюджеттен қаржы бөлінеді деген сөз. Алдындағы аз ғана балаға мектеп директоры, мұғалімдер қауымы болып сапалы білім, саналы тәрбие бере алмасақ, «ұстаз» деген ұлы есімге дақ түсіргеніміз. Бір ғана мұғалімнің немесе мектептің емес, күллі Абай ауданының білім саласының абыройы екендігін естен шығармауымыз қажет.



Тәрбие саласындағы істеліп жатқан іс-шаралардың барлығына жаңашылдық, жасалған жұмыстарға жоғары талғаммен қарау қажеттілік етеді. Мектептердегі барлық шараларға оқушылар жән-тәнімен қатысып, әр өткен шарадан өзіне тәлім-тәрбие алуы керек, жақсыны үйренуі қажет.

Бізде көптеген іс-шаралар бірізділікке салынып жатқаны жасырын емес. Сынып жетекшілері, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар, әдіскерлер, Сіздердің назарларыңызға.

Ежелден қазақ халқы ұлдың ұлықтылығына, қыздың қылықтылығына ерекше мән берген. Бүгінгі таңда аудан мектептерінде ұлдармен, қыздармен, олардың психологиясына сай жұмыстар өз мәнінде жүргізілу қажет.

Шығыс ойшылы Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың жауы» - деген екен. Сондықтан, барша білім саласы қызметкерлерін, Сіздерді бала тәрбиесіне баса назар аударуға шақырамын.


Ауданның спорт саласы бойынша.

Өздеріңізге белгілі, аудан командасы облыстық спартакиадада 3 орынға ие болып, аудан спортшылары көптеген аудандан-қалалардың алдына шықты. Ендігі мақсат, осы жетістікті жоғалтпай, жаңа биіктерге қарай ұмтылу керек.

Ол үшін барлық дене тәрбиесі мұғалімдері өз істеріне адал қарап, спортты жан-тәнімен сүюі керек. Ауылдарда қаншама балалар жаттығу залына бармайды. Оны қызықтыратын, спортқа баулитын денешынықтыру пәнінің мұғалімдері талмай еңбек етуі керек. Оқушылардың психологиясын түсінуі қажет.

Қымбатты қауым!

Тамыз маслихаты – мұғалімдердің алқалы жиыны. Біз бүгін барлық істелген істерді саралай отырып, алдағы міндеттерді айқындап отырғанымыздың себебін білесіздер. Бұл мәслихатта өткен оқу жылындағы оқу-тәрбие жұмысының қорытындысына талдау жасалынып, алдағы мақсаттар қойылатыны белгілі.

Ауданның білім саласын он саусағындай жазбай танитын, білім саласындағы кемшіліктерге жүрегі ауырып, жеткен жетістіктерге балаша қуанатын ардагер ұстаздарымыз ортамызда отыр.

Қадірлі білім саласының ардагерлері!

Сіздердің арқаларыңызда талай шәкірттер білім ордасы - мектеп табалдырығын аттап, онда қызықты да, терең білім алды. Оқушыларға білім тұңғиығынан нәр алдырып, парасаттылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баулып, табандылықпен еңбек етіп, биік мақсаттар қоюды үйреттіңіздер.

Ардагер ұстаздарымызға алғысымызды айта отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, ұрпақ қызығын тілейміз.

Құрметті педагогтар!

Өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстарды саралай келе, келесі міндеттерді орындауға тиіспіз:



  1. Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысының Жарлығымен келер жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығы мемлекеттік деңгейде, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ аясында мерекеленетін болады. Осы орайда Абай ауданы барлық сала бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуі қажет. Ұлттық біріңғай тестілеудің жаңа форматы бойынша оқушылардың білім сапасы биылғы жылғыдан әлдеқайда жоғары болуға жұмыс жасауымыз қажет.

  2. Білім бөліміндегі әдістемелік кабинеттің жұмысын жандандыру керек. «Методист – ол мұғалімнің мұғалімі». Әр тоқсан аяқталған сайын әдіскерлер сараптама жасап, аудандағы барлық мектептердің рейтингтік бағалауын шығарып отырады. Осы арқылы мектептегі білім сапасы, ұжымдардың жұмысы бағаланатын болады.

  3. Білім бөлімі ұстаздардың біліктілігін арттыруды күшейту керек. Мұғалімдер біліктілігін арттыру курстарынан жүйелі түрде өтуді жалғастыру қажет.

  4. Аудан мектептерінде келесі жылы болатын тестілеу форматына сәйкес, бақылау тестін тиісті деңгейде ұйымдастырып, мектеп түлектерінің алдағы сынаққа дайындағына мектеп мұғалімдеріне ата-аналардың атсалысуы керек.

  5. Аудан мектептерінде спорт пен денешынықтыруды жандандарып, орталық бассейн, Спорт залдары бос болмауы тиіс. Олар оқушыларға, жастарға қолжетімді болуы керек.

  6. Қысқа дайындық, мектептердің есік-терезелерінің қымталуы, жылу қазандықтарының дайындығы, отынның жеткізілуі басты назарда болуы тиіс.

  7. Мектептің айналасын абаттандыру, безендіру, көркейту уақыт талабына сай жүргізілуі тиіс.

  8. Оқушыларды өнерге баулу, олардың бойындағы талапты, дарынды жан-жақты дамыту өзекті мәселе.

  9. Мектептегі тәрбие, тәртіп мәселесі басты назарды болуы керек.

  10. Мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге байланысты жобалау-сметалық құжаттары дер кезінде дайындауымыз керек. Дайын жобалық-сметалық құжаттарды уақытында өткізіп, оны қорғау бағытындағы жұмыстарға табандылық қажет.


Абай ауданы – руханият пен мәдениеттің қайнар бұлағы, ойшылдар мекені. Бұл елдің ұрпағы оқуда да, тәрбиеде де озат болуға тиіс. Оны жүзеге асыру – біздің міндетіміз.

Білім игеру – айтуға оңай болғанмен, жай шаруа емес. Оны Өздеріңізден артық ешкім білмейді. Сондықтан да жоғарыда айтылған мәселелердің төркіні Сіздерге жақсы таныс.

Ертеңгі күннің еншісі осы бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Ертеңгі күн үшін жауапкершілік біздің мойнымызда. Басқасын былай қойғанда осы күні ауданымызда тәлім-тәрбие алып жатқан 2485 баланың басындағы орайы да, обалы да, тағдырының бермегі де, кермегі де Сіз бен бізге байланысты.

Болашақта бұл ұрпақ қандай болады?! Оның туған еліне, ана тіліне деген, дархан даласы мен өскен ауылына деген махаббаты қандай болады?!

Бұған жауапты сіз бен бізден басқа ешкім бере алмайды. Өйткені, осы ұрпаққа біз жауаптымыз. Осы ұрпақтың отансүйгіш, еңбекқор, тәрбиелі, озат болып өскені – бізге керек.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы» болса, ұлылар мекені атанған Абай елінде мұғалімдік қызмет ету, тәлім-тәрбие беру – үлкен жауапкершілік.

Өскелең ұрпақты оқытуда және тәрбиелеуде сіздерге мықты денсаулық, құт-береке, бақыт және еңбекте жаңа жетістіктер тілеймін!



Мерекелеріңіз құтты болсын!




Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау