ІІ
Көп жылдар бойы жазушы Сапарғали Бегалин Бейбітшілік пен
Жамбыл көшелерінің қиылысқан бұрышындағы үйде, шағын үш
бөлмелі пәтерде тұрды. Жатар бөлме бөлек, ал кабинетке зал арқылы
өтеді. Шағын кабинетте (шамасы он төрт шаршы метрдей болса керек)
көз сүріндірер орасан мол кітап көрінбейді: арнап жасатылған
шкафтардың асты түгел жабық және кілттеулі.
Бір жолы шкафтан Шоқанның 1904 жылы шыққан ең алғашқы бір
томдығын алып, әр жерін ашып, қарап отырғанымды көрген Сапекең:
- Орыс айналайын достыққа тамаша, адал ел ғой. Қарашы, міне,
қандай ілтипат, махаббат, құрметпен шығарған мына кітапты.
Шоқанның өз еңбектері бір төбе, ал енді замынында жазылып қалған
естеліктерге қазір баға жетер ме? Қандай ірі, кесек жандар. Сахара
перзентін бағалаудағы әділдіктерін айтсаңшы, - деп барып, кітапты өзі
қолына алып, көп толғанған. Сәлима шешейдің:
- Шәй ішіңдер, - деген сөзі естілгенде, кілтпен астыңғы шкафтың
бірін ашып, Шоқан кітабын соның ішіне қойды. Бағана тұрған жеріне
басқа бір кітапты сұға салды.
Сапекең бәйбішесі Сәлима шешейді ерекше сыйлап құрметтеп
күтетін еді. Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасымдар жеке-жеке үй болып,
әрқайсысы бөлек тұратын. Әр түрлі шаруаларына көмектесуге ұлдары,
келіндері, немерелері келіп-кетіп жүргенмен, негізінен, бұл үйде
Сапекең, Сәлима шешей екеуі оңаша.
Жиі келе жүріп, екі қарттың мінезіне қанық бола бастаған едім.
Сапекең таңертең ерте тұрады. Дүкеннен әкелетін тамағы: сүт, айран,
қаймақ, кілегей, ірімшік, ақтоқаш. Тоңазытқыш залда тұрады, оның
ішінен жылқының еті, жас қазы үзілмейді. Дастарқанға ақ тоқаш, сары
май, сүт, қаймақ, ақ ірімшік, жұқа кесілген жылқының еті, қазы,
уылдырық, бал әкеп қоятын Сапекең. Бұл үйдің шайы электр тогына
қайнатылады. Бір кезде Сәлима шешей:
-
Боды, - дейді.
Үлкен дөңгелек столдың төрінде қаршығадай қаздиып Сапекең
отырады. Тіп-тік, тап-таза. Үй-ішінің өзінде Сапекең тап-тұйнақтай
болатын еді, аяғына шарқай сүйретпейтін: жұқа жеңіл туфли киіп
жүреді. Үстіндегісі де олпы-солпы бірдеңе емес, салқын кезде
241
қалыңдау матадан тігілген пиджак, көбінесе жеңіл костюм-шалбар киіп
отыратын.
Телефон шылдыр ете түскенде, әдетте, трубканы бірінші көтеріп
Сапекең ұзақтау сөйлесіп қалса, Сәлима шешей қабағын шытып:
- Бұл кім өзі, таңертеңгі шайды дұрыс ішкізбеді ғой, - деп, реніш
білдіретін. – Е, әлгі пері Қалыбек емес пе? – дейтін Сапекең түсін де,
дауысын да өзгертпей, бірқалыпты жауап беріп.
- Шайды асықпай ішу керек, - деп Сәлима шешей аса зор міндет
атқарып отырғандай, байсалды, айбарлы қалыпта ұзақ уақыт самауыр
қасынан кетпейді.
Кітапханалардың
өздерінен
табылмайтын
кейбір
сирек
дүниелерді Сапекеңнен алып оқыдық дегенді әркім айтар еді.
- “Ілиястың көп томдығын басу үшін үкімет арнайы қаулы
шығарып, қуаныш қойынға сыймай кетті ғой. Шығармаларын жедел
қолға алып, қарай бастағанда, “Құлагер” таптырмай масқара болдық
емес пе? Ілиястың көзі тірісінде ол поэма кітап боп шығып үлгермеген,
газетте ғана жарияланған. Алматы, Мәскеу кітапханаларын түгел
іздегенде де, қолға ештеңе ілікпей қойды. Барлық жерден әлдекімдер
қырқып әкеткен. Поэма қолжазбасы және жоқ. Не істерімізді білмей
дағдарайық. Енді табылмайтын-ақ шығар деп, күдерімізді әбден үзген
кезде, мың жасағыр Сапекең, Сапарғали Бегалин жоқты бар қылды.
Жиырма жылдан астам “Құлагер” басылған газеттің номерлерін әкесі
Ысқақтың жастығының ішіне тігіп сақтаған азаматтық ерлігін, ұлы
талантқа деген өшпес сенімін айтсаңшы”, - деп тебіренген Фатима
Ғабитованың (Ілияс Жансүгіровтың әйелі) әңгімесін талай адамдар
естіген. Сол газет қиындылары қазір Талдықорғандағы Ілияс
Жансүгіров музейінің ең қымбат дүниелерінің қатарында тұр.
Менің қипақтап, бір нәрсені айта алмай отырғанымды сезген
Сапекең күлімсіреп:
-
Мерзімің қанша? – деді.
Бұл сөзде астар бар. Жетімсіздеу кезімізде еркелете сыйлайтын
жазушы ағаларымыздың бірінен қарыз алуға тура келді. Сонда оның
айтқаны:
- Қазір бар. Сұрағаныңды берем. Кейде менде де болмай қалады.
Сондайда қысылмас үшін үнемі тоқтамай ағып жатқан бір бұлақты
көрсетейін мен саған. Кім екенін білемісің? Сапекең. О кісі кім
көрінгенге қарыз бермейді. Ал бере қалса, мезгілінде қайтарғанды
ұнатады. Уәдеңде тұрмасаң, келесі жолы жалына қол тигізбейді.
Сол ақылды кісінің үйретуімен қысылған кезде Сапекеңе
баратынның бірі мен едім.
Сасқалақтап отырып:
-
Екі-үш күнге, - деппін. Сөзімді естіп отырған Сәлима шешей:
242
-
Қысылмай ала бер. Қайтарарсың. Бер, Сапеке, қанша сұраса
да бер. Уақытын да қыспа, - деді. Осылай дегенде ғана сөзді жаңсақ
айтқанымды ұқтым.
-
Қарыз емес, кітап сұрай келдім.
Сапекең тіксініп қалды:
-
Қандай кітап? Дүкенде, кітапханада толып тұр емес пе?
Енді төтесінен кетейін:
-
“Қилы заманды” беріңізші, аға.
-
Қайдағы “Қилы заман?”.
-
Мұхтар Әуезовтің “Қилы заманы”.
-
Менде ондай кітап бар деп кім айтты саған?
-
Сізде бар деді ғой.
-
Кім айтты? Ғабит па? Ғабиден бе? Сәбит пе?
-
Ол кісілер менімен сөйлесе ме?
-
Пері Қалыбек пе? Сәйділ ме? Сейітжан ба? Әлжаппар ма?
Әбу ме?
-
Жоқ, бұлар айтқан жоқ.
-
Енді кім айтты? – Сапекеңнің танауы қусырылып өңі қуқыл
тартып тұр екен.
Әлі шайды баппен асықпай ішіп отырған Сәлима шешей
ақсақалына бұрыла қарап:
- Сапеке-ау, баланы сонша тергеудің астына алғаның не? Бұдан
емес, менен сұрасаңшы, - деді күлімсірей сөйлеп. – Балаға оны айтып
жүрген – мен. Өткен жолы келгенінде сөзден-сөз шығып отырып,
“шіркін-ай, жайлауға шығып кетер ме еді қазір. Қаланың у-шуынан
жалықтым. Мұхтар суреттеген Қарқара жайлауына барар ма еді” дедім.
Бұл сұрады: “Апа, қай шығармасында суреттеуші еді?” – деп. Мен
айтайын: “Қилы заманда” суреттейді, қарағым. Қазір көзім нашар
көретін болған соң бірдеңе оқып берші деп Сапекеңе жалынам. Бүгінгі
әлекей-шүлекей емес, бала кезіміздегі ескі ауыл суретін сағынам.
Содан, Сапекең “Қилы замандағы” жайлау суретін оқысын. Екеуіміздің
көзімізге жас келсін”.
Сапекең енді ғана сабасына түсіп, көңілі жайланғандай болды.
-
Бұрынғылардың сөзі рас: “Астыңдағы атыңа...” – деп күлді.
Сәлима шешей шайды әлі ішіп отыр.
- Сен, сенбе, өзің біл. “Қилы заманның” осы үйде бар екенін
айтқан – мен.
Аз үнсіздіктен кейін барып, өңі жыли бастаған Сапекең.
- Ал, ол кітап менде бар дейік. Сонда оны сен не қылмақсың?
Арабша ғой. Оқи алмайсыңдар сендер, - деп орнынан тұра бастады.
- Көрсетіңізші. Тексеріп көріңіз, оқи ма екем, оқымас па екем, -
деп мен де бұлтаққа салдым.
Кеселерді шая бастаған Сәлима шешей:
243
- Көрсет. Несі кетеді кітаптың? Баланың мәселдесін қайтарма, -
деп қалды. Сол сөз қамшы болды ма, өзі де бергісі келді ме, кім білсін,
әйтеуір Сапекең босағаға таяу тұрған қызыл қоңыр шкафты кілтпен
ашып, ақ қағазбен тысталған, ұзынша форматты кітапты шығарып,
қолыма беріп:
- Ал, кәне, университет бітірген мырза, сіздің сауатыңыз қай
дәрежеде екен, көрейік, хат танисың ба, танымайсың ба? – деп
кекесінмен күліп, өзі креслоға отырды. Мұхтар Әуезовтің қырық жыл
бұрын жарияланған ең аты шулы шығармасы қолымда. Баспадан күні
кеше шыққандай судырап тұр, қылау түскен жері жоқ, сызылған,
жыртылған, сарғайған беттері де көрінбейді. Сәлима шешей де
кабинетке келіп, екінші креслоға жайғасты. Сапекең екеуі бір-біріне
қарап, ыммен белгі беріп, жымиысып қояды. Сірә, мен оқи алмай,
соған ұялып тұр деп ойласа керек. Оқи бастадым:
- “Қилы заман”. Тарихи повесть. Қызылорда. “Қазақстан”
баспасы. 1928 жыл”.
- Біледі екен-ау, - деді Сапекең таңырқағандай әуенмен, бейнебір
шумер жазбасын яки қытай иероглифін ажыратқан адамды көргендей.
-
Әкесі үйреткен болды, - деді Сәлима шешей өзі болжам жасап.
Қостаған сөздер жел беріп, еркінси бастадым:
- Екі күнге берсеңіз болады. Екі-ақ күнде оқып, әкеп берем,
уәдеме сеніңіз, - дегенімде, Сапекең қолымдағы кітапты қайтарып
алып:
- Бұдан басқа да кітап көп қой дүниеде, соларды оқып
тауыссаңдар жетпей ме? Керексіз қатарында қалып қойған шығармада
не шаруаң бар? – деді.
- Олай емес, аға. Осы кітапты оқу мен үшін өте қажет. Әуезов
еңбектері жайлы жазып жүрген зерттеуімде бұл шығармаға тоқталып,
пікір айтпасам болмайды, аға. Шыңғыстауға барып, Жидебайды көрмей
кетсе не болар еді, айтыңызшы?
Сапекең мен Сәлима шешей екеуі бірдей мырс етіп күліп жіберді.
- Көп білгіштің пікірін ала салмайсың ба? “Қателікті, кемшілікті
шығарма” деп жүр ғой. Соған қосылдым деп, сілейтіп тұрып сілтеме
бер. Болды. Әйтпесе Мұхтардың басқа шығармасы да кандидат болу
үшін сөз қозғауға жетіп жатыр, қайтесің, “Қилы заманды” қозғама, -
деп Сапекең тағы теріс айналды.
- Өйтуге болмайды аға. Оқуым керек. Тым болмаса бір күнге
беріңізші, - дедім жалынғандай болып.
Дауысымдағы қобалжуды сезген Сәлима шешей сөзге араласты:
- Қой, Сапеке, қой енді, жетті. Оқысын, бер, - деп кітапты өзі
алып, маған ұсынды. Сапекең бәйбішесінің қолын қаққан жоқ, бірақ
шарт қоя сөйледі.
244
- Біріншіден, бұл кітапты менен алып оқығаныңды жан баласына
айтпайсың? Көнесің бе осыған?
-
Көнем, - дедім.
-
Екіншіден, неше күн оқысаң да, осы кабинеттен шықпай
отырып оқисың. Көнесің бе осыған?
-
Көнем, - дедім.
Достарыңызбен бөлісу: |